Оқу материалын сапалы меңгертуге, оқушыларды әдеби тіл өлшемдеріне жаттықтыруда, жазу мәдениеті мен сауаттылығын жетілдіруде, тілін дамытуда жазба жұмыстарының да елеулі мәні бар. Жазба жұмыстары сыныптан-сыныпқа өткен сайын бірте-бірте күрделеніп, жүйелі тәртіппен жүргізілуі тиіс. Жазба жұмыстар әдеби материалды оқып-үйренуге бөлінген уақыттың ішінде және оқушылардың ауызша, жазбаша тілін дамыту үшін ана тілі мен әдебиет сабағына бөлінген сағаттың есебінен жүргізіледі.
Әдебиеттен жүргізілетін жазба жұмыстары – мазмұндама мен шығарма. Мазмұндама мен шығарманың қарапайым түрі бастауыш сыныптардан бастап үйретіліп, жүргізіледі. Ал жүйелі түрде Ү-ҮІІІ сыныптарда мазмұндама, ІХ-ХІ сыныптарда шығарма жаздырылады.
Мазмұндама мәтіндері бойынша байланыстыра сөйлей білу және түсінігін шебер, айқын баяндау дағдыларын дамыту мақсатында әдебиет бағдарламаларындағы шығармалардан және бағдарламадан тыс мәтіндерден алынады. Мазмұндама мәтіндері оқытудың білімдік, тәрбиелік міндеттеріне сәйкес, мазмұны мен тілі оқушыларға түсінікті болуы керек. Мазмұндаманы мұғалім әуелі бір-екі рет дұрыс мәнерлеп оқып шығады, бір оқушы түсінгенін айтады, сосын балалар жазады. Кейде мұғалім көркем әңгімелеп беруі орынды болады. Оқушылардың көмегімен жоспар құрғызуға да болады. Жоспар мәтінді жүйелі баяндауға, оқушылар ойының шашыраңқы болмауына септігін тигізеді.
Оқушылар шығарманың қарапайым түрін бастауыш сыныптарда жаза бастайды. Көбінесе 5-8 сынып оқушылары мазмұндама, суреттеме, еркін тақырыпқа шығармалар жазады. Ал шығарманың нағыз жазылатын кезі – ІХ-ХІ сыныптар. Бұл кезде оқушылар шығарма жұмысына қойылатын талаптардан толық хабардар болуы керек. Шығарма жазғанда оқушының ойы жүйелі, тілі құнарлы, шұрайлы болуы керек. Бала тақырыпқа тереңдей еніп, көркем туындыны, автор ойларын терең түсініп, көркемдікпен терең талдай білу керек. Бастапқы кезеңде оқушыларды шығарма жазудың өзіндік табиғатымен және жақсы жазылған шығарманың 1-2 үлгісімен таныстырған артық болмайды. Әрбір жазылған шығарманың сапасы туралы келесі сабақта талданғаны дұрыс. Әуелі шығарманың жоспарын құруды үйрету керек. Жоспар ой жүйелілігін сақтау үшін қажет. Эпиграфты да дұрыс таба білсе, ол шығарма мазмұнын аша түседі. Эпиграфы мен жоспары жоқтығы шығарма сапасына нұсқан келтірмесе, оқушының бағасын кемітуге болмайды.
Сыныпта жазылатын шығарма көлемі жұмысты орындауға берілетін уақытқа байланысты болады. Көбінесе, шығарма үйден жазып келуге тапсырылады. Әдебиетті оқытуға байланысты мұғалімнің негізгі міндеті – оқушыны ой топшылауға, қорытынды жасауға үйрету болатындықтан, шығарма жаздыру жұмысы бірден-бір толастамайтын жұмыс түріне айналуы керек. Шығарма жазуды ерте бастан, бірте-бірте үйреткен жөн. Әсіресе жазбаша тіл дамыту жұмыстарының маңызы ерекше. Үлестірмелі карточкаларға жазбаша жауап жаздыру жұмыстары да осындай ізденістерді толықтыра түседі. Сюжетті шығармаларды ауызша мазмұндату арқылы оқушы өз ойын, пікірін әрі жүйелі, әрі көркем баяндауға үйренсе, шығарма, мазмұндамада оны сауатты түрде жазып шығу дағдыларын үйренеді. Оқушыларға эссе жаздырып үйрету де ерте жастан, 5-сыныптан басталғаны жөн.
Оқу жылы ішінде жазылатын шығарма тақырыптары күнібұрын жоспарға енгізілгені жөн. Оқушылармен жүргізілетін дағдылы жазу жұмыстары соған сәйкестендіріле орындалады. Көркем мәтінді негізгі бөлімдерге бөліп, олардың әрқайсысына лайықты тақырып қойып, қажетіне қарай жай және күрделі жоспар жасау сияқты жұмыс түрлерін орындаған дұрыс. Ал тақырып таңдауда, ең алдымен, оның білімдік-тәрбиелік жағына мән берумен бірге, оқушының жасы мен білім әрекеттілігі берілген тақырыпты аша алатындай болуын ескеру керек. 5-8 сыныптарда бағдарлама материалдарынан тыс оқушылардың логикалық ойын, қиялын дамыту мақсатын көздеп, еркін тақырыпқа да шығарма жаздырып отыру керек.
Шығарма – творчестволық жұмыс. Шынайы да шымыр шығарма көп ізденіс пен үлкен тебіреністен туады. Ол адамнан білімділікті, сауаттылықты, талғампаздықты, сөз қолдану шеберлігін талап етеді. Мектеп тәжірибесінде шығарма екі түрлі бағытта жазылады:
1) Әдеби талдау шығармасы. Мұндай шығарма белгілі бір әдеби шығарманы талдауға арналады.
2) Творчестволық шығарма. Бұлар – еркін тақырыпқа арналған шығармалар. Еркін тақырыптың ауқымы кең. Онда өмір-тұрмыстағы, қоғамдағы кез-келген құбылыстар тақырып бола алады. Еркін тақырып ұсынудағы мақсат – оқушының белгілі бір мәселе бойынша білім-білігін, аналитикалық ойлау, пікірін дәлелдей алу, көзқарасын тұжырымдай білу машығын тексеру.
«Жоспар – шығарманың қазығы» деп бекерге айтылмаған. Шығарма жаздыруда оның жоспарын жасаудан бастаймыз. Тақырыпқа сай жоспар жасату – тақырыпты терең түсінуге, қарастырылатын мәселені терең шешуге көмектеседі. Сонда шәкірт жүйелі жоспар жасауға ұмтылып, ойын еркін баяндай алады. Сосын күрделі жоспар жасалады. Жоспар оқушының ойын реттеп жазуына, келтірген пікірлері құрғақ болмай, оны дәлелдеп отыруына, жоспар бөліктерінің арасында алшақтық болмай, бір-бірімен жымдасып, ой бүтіндігін сақтап отыруға көмектеседі. Оқушының жазбаша сауатын көтеруде, тіл мәдениетін арттыруда шығарма жаздырудың маңызы зор.