Әдебиет пәнін мектепте әрі өнер, әрі ғылым негізі деп қарастырып, оның осы ерекшелігін үнемі ескеріп отыру керек. Осы ерекшелігіне орай эстетикалық табиғатын терең танытатуға көмектесетін жаңа әдіс-тәсілдер қолданып отыру – мұғалімге байланысты. Қазіргі дидактика дамыта оқытуды басты нысана деп қарайды. Мұғалім әр сабақта дамыта оқыту мақсаттарын көздеуге тиіс. Оның мақсаты – оқушыны ізденту, ойланта білу. Сондықтан мұғалім сабақты негізгі проблема төңірегіне құрады. Ал ондай проблеманы қоя білу, соған орай сұрақ дайындау оңай жұмыс емес. Ол көп уақыт пен ізденуді қажет етеді.
Шығармалардағы өзекті проблеманы таныта, оның тәрбиелік жағын аша отырып, білімдік-тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асыра аламыз. Проблеманың тосындығы, өткірлігі, күрделілігі – оқушыны оны шешуге ынталандырып, жетелеп отырады. Бұл үшін өтілетін шығарманы оқулықтан ғана біліп қоймай, көркем мәтіннің өзін оқу керек.
Оқулықта материал бірде индукция, бірде дедукция, бірде анализ, бірде синтез жолымен баяндалады. Мұғалім сабақ мақсатына, оқу материалының мазмұнына, шығарманың жанрлық, көркемдік ерекшелігіне, оқушылардың танымдық қабілетіне орай баяндау тәсілін де түрлендіріп отырса, сабақ сапасы да арта түседі. Жоғары сыныптарда әдебиетті оқытуда қолданылатын негізгі әдіс – репродуктивті (түсіндіру) әдіс. Ол мұғалім әңгімесі немесе лекция түрінде өтеді. Мұғалім жаңа сабақты түсіндіргенде дидактикалық принциптерге сүйенеді: материалдарды дұрыс іріктеу, жүйелілік, басты мәселелерге назар аудару, баяндау шеберлігі, көрнекіліктердің орынды қолданылуы, т.б.
Репродуктивтік әдіспен қатар, эвристикалық, ізденіс-зерттеу, проблемалы баяндау әдістері де қолданылады. Әрине, ІХ сыныпта шығармашылық оқу әдісінен де, оның әр түрлі тәсілдерінен де (мәнерлеп оқу, сөздік жұмыс, ауызша мазмұндау, жаттау, күйтабақтан тыңдау) қол үзуге болмайды. Сондықтан оларды түрлендіре отырып, 10-11 сыныптарда әдебиеттанымдық әдістерге бірыңғай көшуге болады.
Сабақтың дидактикалық, әдістемелік негізін құрайтын факторлардың бірі – сұрақ пен тапсырма. Өйткені, тек шығармаға талдау жасап, баяндау ғана жеткіліксіз. Оқушыларға өздігінен жұмыс істету, мәтінге үңілту, шығарманың идеялық-эстетикалық табиғатын таныту, тәрбиелік мақсаттарды жүзеге асыру, ізденуге, ойлауға баулу сияқты жұмыстарда сұрақ, тапсырмалардың ролі ерекше. Сұрақ-тапсырмалардың дұрыс, нақты болуы – оқушының білімін жүйелейді, мұғалімнің жүгін жеңілдетеді, уақытты үнемдейді. Сұрақ-тапсырмасыз білімді оқушыға меңгерте алмаймыз. Онсыз проблемалық оқуды жүзеге асыра алмаймыз.
Жоғары сыныптарда әдеби шығармаларды өткен кезде мұғалім тарихилық принципті ұстану керек. Өйткені жазушы белгілі бір кезеңде өмір сүреді. Оның шығармасы – өз дәуірінің шындық көрінісі. Ол – халық өмірінің көркем шежіресі. Әдебиеттің осы ерекшелігі ескеріліп отырылуы керек.
Жоғары сыныптардағы әдебиет тараулары шолу тақырыптардан басталады. Шолу тақырыптарда сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік жағдайы әдебиеттің дамуы қоғам өмірімен, халық тұрмысымен байланыста түсіндіріледі. Сол кезең әдебиетіне жалпы сипаттама беріліп, тақырыптары, ерекшеліктері сөз болады. Жеке жазушыларды өткенде, олардың өмір жолы мен шығармашылығына сипаттама беріледі. Әдеби-қоғамдық еңбегі, шығармаларының басты тақырыптары айтылады. Хронологиялық таблица жасатып, дәптерлеріне жаздыру да орынды. Қаламгер шығармаларына берілген әйгілі адамдардың бағасын, басты шығармаларының аты мен жазылған жылдарын жаздырып қою керек. Келесі сабақтарда жекелеген шығармаларға немесе белгілі бір тақырыптар бойынша шығармаларға талдау жасалады.
Шығарманың идеялық-эстетикалық макзмұнын ашу үшін ондағы қажетті детальды, тарауларды іріктеп алу, соларды талдай білу, әр түрлі салыстырулар жасау, кейіпкерлер психологиясын ашу, ондағы табиғат суреттерінің қызметін анықтау, сөз бедерлеріне, тіл өрнектеріне іштей ену, сол секілді көркем шығарма негізінде жасалған драмалық шығармалармен, олардың экранға түсірілген нұсқасымен салыстыру, басқа ұқсас шығармалармен салыстыру, т.б. жұмыстарды жүргізу әдебиеттанымдық тәсілдерді қолдану арқылы іске асады.
Жоғары сыныптарда оқушылардың ізденіс-зерттеушілік жұмыстарына бағыт беріп отыру керек. Жекелеген оқушыларға реферат жаздыру, баяндама жасату, т.б. шығармашылық жұмыс түрлерін жүргізу ұтымды болмақ. Мұғалім шәкірттерді үнемі зерттеуші ретінде ұстап, олардың алдына проблема қойып отыруы керек. Сондай жағдайда балар белсенділігі артады.