Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар 42. Білім беру мазмұнын жоспарлау, оқу процесін ұйымдастыру мен жүргізу тәсілін жоғары оқу орны кредиттік оқыту технологиясы негізінде өз бетінше жүзеге асырады.
43. Кредиттік оқыту технологиясында студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстарының - тестілер, бақылау жұмыстары, коллоквиумдар, рефераттар, шығармалар, есептер және т.б. түрінде тексерілетін, оқу-әдістемелік әдебиетпен және нұсқаулықтармен қамтамасыз етілген белгіленген тақырыптар тізбесі бойынша жұмыстардың (оның ішінде өзі бетінше оқып меңгеруге бөлінген) көлемі артады.
44. Өзіндік жұмыс екі түрге бөлінеді: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысы (ОСӨЖ) және студенттің толығымен өзі орындайтын жұмысы (СӨЖ).
45. ОСӨЖ жеке график бойынша оқытушымен байланыста орындалатын студенттің аудиториядан тыс жұмыс түрі болып табылады, ол жалпы оқу сабақтарының кестесіне енбейді.
46. ОСӨЖ бен СӨЖ-нің өзіндік жұмыстың жалпы көлеміндегі арақатынасын жоғары оқу орны өзі айқындайды.
ОСӨЖ барысында оқу бағдарламасындағы анағұрлым қиын сұрақтар, үй тапсырмалары, курстық жобалар (жұмыстар) бойынша консультациялар және семестрлік жұмыстардың, есептер мен басқа да СӨЖ тапсырмаларының орындалуына бақылау жүргізіледі.
47. Кредиттік оқыту технологиясының міндеті - студенттердің өзін-өзі ұйымдастыру және өзіндік білім алу қабілеттерін дамыту. Тиісінше, оқытушылар мен студенттер жұмыстарының мынадай үлгілік циклдері іске асырылады.
1) Оқытушының студенттермен жұмысының (ОСЖ) үлгілік бірлік циклі үш негізгі функцияны қамтиды.
Оқытушының бірінші функциясы - бағыттаушы-бағдарлаушылық (тақырыпқа кіріспе, мақсат, міндеттерді қою, практикалық тиімділігін, материал мазмұнының негізгі бөлімдерінің мәні мен өзара байланысын сипаттау, оқу-әдістемелік құралдармен жұмыс жөнінде ұсынымдар т.б.). Бұл студенттің алдағы өзіндік жұмысы үшін жеткілікті болуы тиіс.
Оқытушының екінші функциясы - консультативтік-түзетушілік. Бұл - студенттің өзіндік жұмысында оқу әрекетін жүзеге асыруда консультативтік көмек беру, жеке консультация жүргізу және тиісті түзету жұмыстарын жүзеге асыру. Білім беру процесінде бұл функцияны тьюторлар атқарады.
Оқытушының үшінші функциясы - бақылаушылық-бағалаушылық. Бұл студенттердің білімін, шеберлігін және дағдысын бағалауды әртүрлі нысанда жүргізу (жазбаша немесе ауызша емтихан, тестілеу және т.б.), оларға кездесетін негізгі қиындықтарды анықтау бойынша диалог ұйымдастыру, оқытушының сарапшы немесе бақылаушы ретінде «дұрыс» әрекеттерді, өзара әрекеттестікті, эталондық тәсілдерді көрсетуін қарастырады.
2) Оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өзіндік жұмысының (ОСӨЖ) үлгілік бірлік цикліне мынадай төрт негізгі функция кіреді:
Бірінші функция - оқу пәні бойынша бағыттау-бағдарлау сабақтары кезінде оқытушы берген ақпаратты студенттердің белсенді қабылдауын іске асыруды көздейді.
Екінші функция оқытушының ұсынымы негізінде студенттердің өздігінен оқу-әдістемелік құралдарды, әдебиеттерді оқуын, үй тапсырмаларын, бақылау, курстық жұмыстарды және т.б. орындауын көздейді.
Бұл кезеңде студенттерден жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін білу, қиындықтарды анықтау, өзін-өзі ұйымдастыру және өзіндік тәртіп талап етіледі.
Студенттердің үшінші функциясы - өздерінде қиындық тудырған жағдайларды талдау мен жүйелеу, оқу материалын түсіну мен меңгерудегі қиындықтар себебін анықтау, басқа оқу әрекетін орындау. Студенттер шешімі табылмаған қиыншылықтарды оқытушыларға арналған сұрақтар жүйесіне айналдырады (оларды саралайды, реттейді, ресімдейді), бұл сұрақтарға өз жауаптарының нұсқаларын дайындайды.
Студенттердің төртінші функциясы түсініктеме, ақыл-кеңес, консультация алу үшін оқытушымен сұхбаттасуын білдіреді.
48. Жоғары оқу орны оқу процесін барлық қажетті ақпарат көздерімен, атап айтқанда, оқулықтармен, оқу құралдарымен, оқу пәндері бойынша әдістемелік құралдармен, нұсқаулықтармен, өзіндік жұмыс бойынша белсенді үлестірмелі материалдармен және нұсқаулықтармен, электронды оқулықтармен, желілік білім беру ресурстарының қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Әрбір студент оқудың барлық кезеңінде анықтамалық-жолсілтегіштермен қамтамасыз етіледі.