Студенттердің өздік жұмысын жетілдіру қағидалары: Білім алушының өз бетінше іс-әрекеті шығармашылық сипатында және белсенді болуы керек. Дәл осында бұл іс-әрекеттің негізгі белгісі білінеді. Бұл іс-әрекет болашақ маманды өз білімін үздіксіз толықтырып және жетілдіру тәжірибесін меңгеруге талпындырады. Ол қазіргі жоғары оқу орнында оқыту мен тәрбиелеудің жоғары деңгейіне өтудің маңызды буыны болып табылады. Әсіресе бұл жәйт оқу-зерттеу және ғылыми-зерттеу жұмысы жүйесінде курстық жұмыстарға және шығармашылық тапсырмаларға жетекшілік етуде білінеді.
Өз бетінше істелетін жұмыс жүйесі жоғары оқу орнында оқыту мен тәрбиелеудің жалпы идеологиясына сәйкес құрылады. Білім алушының өздігінше жұмысы оқыту үдерісінің формасы бойынша да, мәні бойынша да, көлемі бойынша да үйлесіп тұруы керек. Сонда ғана білім алушыны оқыту мен оның өзін-өзі білімдендіруі, өзін-өзі тәрбиелеуі жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл жерде мына ерекшеліктерді атап өткен жөн:
білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысы оқыту үдерісінің жалпы динамикасына сәйкес болуы (атап айтқанда, оның әртүрлі деңгейлерде үйлесімді болуы: оқыту жылдарына қарай, оқыту формаларына қарай, оқыту әдістеріне қарай және т.т);
білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысын оқу пәндері арасында дұрыс үлестіру.
3. Білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысының жүйесі өзінің барлық деңгейлерінде басқаруға оңай, анық жоспарланған және ұйымдастырылған бақылаумен қамтамасыз етілген болуы керек. Осыған байланысты ол жүйелілікпен, қарқындылықпен және үздіксіздікпен сипатталуы тиіс. Білім беру үдерісін басқару оқу іс-әрекеті нәтижелерін өзін-өзі бақылау және өзін-өзі бағалау негізінде өзін-өзі басқаруға ауысады.
Білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысының жүйесін жеке оқу бірліктерін (курстарды, топтарды, топшаларды) және жеке студенттерді есепке алып жүзеге асыру керек.
Білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысын ұйымдастыру кезінде ғылымилық, ақпараттық, педагогикалық, әлеуметтік және физиологиялық талаптарға сәйкестігі қамтамасыз етілуі керек. Осы айтылғанмен көптеген факторлар, мысалы болашақ мамандардың білімге құштарлығы, ынтасы, еңбеккорлығы, іскерлігі, табандылығы және т.т. байланысты.
Білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысының міндеттері жоғары мектептің жалпы мақсатына, яғни жоғары білікті, үздіксіз білім алуға дайын мамандарды даярлауға сай болуы керек.
Өз бетінше істелетін жұмыс рөліне сәйкес оған бағынатын оқу түрлерінің: семинарлардың, лабораториялық сабақтардың, есеп шығару үшін өткізілетін практикумдардың, консультациялардың рөлі анықталады. Білім алушылардың өз бетінше орындайтын жұмысын ұйымдастыру және оны басқару әдістемесін оқытушылар оқу пәні мазмұнына, болашақ маманның кәсіби іс-әрекеті бағытына сәйкес түзеді.