Райх бойынша терапия Райх бойынша терапия, көз, ауыз, мойын, кеуде, диафрагма, іш және бөксе деңгейінде пайда болатын жеті негізгі қорғану сегменттерінің сауыттарын босатудан тұрады. Босату жоғарыдан төменге қарай жүргізіледі (көбіне кушеткада жүзеге асады).
Денеге бағытталған терапияда мынадай тәсілдер қолданылады:
арнайы дене жаттығулары;
созылмалы бұлшықет қысымдарына тікелей әсер ету (ысқылау (массаж), басу, шымшылау, бұлшықеттерді созу және т.б.);
терең тыныс алу арқылы денені қуатқа толтыру;
келушімен бірге бұлшықет қысымдарының үдеуіне немесе босаңсуына ықпал ететін себептерді талдау жүргізу.
В.Райхтың ілімін жалғастырушылардың денеге бағытталған терапиясының ерекшеліктері
Биоэнергетика. Бұл бағытты құрастырушы Райхтың шәкірті – Александр Лоуэн (АҚШ). Биоэнергияны ол барлық психикалық үрдістерге қосылған өмірлік қуат ретінде түсінеді.
Шектелген дене бөліктерін қуаттандыру үшін Лоуэн қысымды дене қалпын қолданады.
Мысалы, еденге жеткенге дейін иілу, белге жұдырығын тіреп артқа шалқаю, жұмсақ орындық арқылы артқа шалқаю. Бұл дене қалыптары тартылған дене бөліктерінің қысымын арттыра түседі; әрбір жаттығу сайын ол өсе түсіп, шектен асады, тек осы кезде ғана дене бұлшықеттері босатылады.
Құрылымдық кірігу немесе рольфинг. Бұл бағыт оның негізін қалаушы Ида Рольф (АҚШ) есімімен аталған.
Оның негізгі тұжырымдары:
дене қысымның ықпалына ыңғайлануы және фасция аймағында – бұлшықетті жауып тұрған жалғастырушы қабыршақ қисаюы мүмкін;
маңайындағы тіндер (ткань) дұрыс қалыпқа келу үшін, фасцияны ырыққа көндіру және босаңсыту құрылымдық кірігудің мақсаты болып табылады;
терапия үрдісі саусақтар, саусақ пен шынтақ буындарының көмегімен ысқылаудан (массаж) тұрады (ысқылауды келуші қатты ауырсынуы мүмкін). Қысым неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қатты ауырсынады және ырыққа көндіру де аса қажет болады;
дененің бір бөлігіндегі қысым дененің басқа бөліктеріне компенсаторлық ықпал етеді.
Терапиялық цикл 10 сабақтан тұрады. Ол кеуде жасушасының қысымын азайту жаттығуларынан басталады. Жаттығу барысында бөксеге аса мән беріледі.