Детективті хикаят



бет4/8
Дата28.03.2022
өлшемі1,02 Mb.
#29058
1   2   3   4   5   6   7   8

ЕКIНШI БӨЛIМ




I


Сол тойдан кейiн төрт жыл өттi. Қазығұрт пен Қаратау алабын алапат жұт пен қуаңшылықтың жайлап тұрғанына екiншi жыл. Бұл жұт бiр ғана бұл өлкелерде емес, сонау Бернойдан бастап, Талас пен Шудың күллi өңiрiн, күнгейi Сарысу, батысы Сырдарияның бойындағы ен даланы қамтып тұр. Былтырғы 1917-шi, жылан жылынан берi қыста бiр түйiр мұздақ қар, көктемде бiр тамшы жаңбыр жаумай, қыр үстi, дала төсi қурап кеттi. Қаратаудың екi жақ қапталындағы, Қазығұртың тiрескейi мен батысындағы шөлейттi даланы мекен еткен қазақтардың тiгерге тұяғы қалмай, үйiр-үйiр жылқылары мен отар-отар қойлары жерден бiр тiстем шөп таппай, қырылып қалды. Ол жақтың елi тозып, бетi ауған жаққа лақты. Әлi келгендер тышқан, бақа-шаянға дейiн ұстап жедi. Әлi келмегендер жолда өлiп, көмусiз қалды. Бұл жұтты жергiлiктi жұрт “жылантақыр” деп атады. Осы жұтта тау паналап, өзен жағалаған ел онша көп қырғынға ұшырамады. Су бар жерде ел өз нәпәқасын тауып жейдi емес пе.

Досалы би былтырдан берi Сайрамсудың екi жағындағы тегiске тары мен бидайды көптеп ектiрiп, өз елiн тарықтыра қоймады. Керегетас пен Қырыққыздың үстiндегi биiк шатқалды тау қорғандарының iшiнде тығулы жылқыларды ашыққан жұртқа таратып берiп, әзiрше өз құзырына қарасты елдi бағып отырған. Бiрақ Билiкөл мен Сарысу атырабынан лек-лек келiп жатқан аш адамдардың құрсағын тойдыруға бидiң шамасы келмедi. Қай жерде нан бар десе, солай қарай ағылған оларды бiр-екi жылқының етiмен, екi-үш қап ұнмен тойдыра алмасы анық. Осыны сезген Досалы ауғынды жұрт көп өтетiн жол бойынан өз жұртын тауға қарай көшiрiп әкеттi. Дегенмен көп уақыт өтпей жатып-ақ былтырғы жиған азығы таусыла бастаған бұл ауылдың да халқы тарыға бастады. Жұттың екiншi жылының бас шенiне қарай Шымқаладағы да, оған таяу Сайрам мен Арыс кенттерiнiң де жұртының тоз-тозы шығып, ашаршылыққа ұшырады. Бұрынғы ұлықтардың бәрiн орнынан тайдырып, кедей-кепшiктi зор етемiз деп келген жаңа өкiмет жұтқа қарсы түк iстей алмай,



қауқарсыз қалды. Бай-болыстардың барлығын құртамыз деген сол өкiметтiң заң-зәкүнi қырдағы елге, таудағы жұртқа әзiрше тiзесiн батыра алмаған-ды. Сондықтан би-болыстар облыс пен уездной ұлықтардан айырылғанымен, өздерiне қарасты ру мен ауылдарды билеу құқығынан әлi де ажырамаған. Қазығұрт пен Сайрамсу, Арыстың жоғарғы сағасы мен Түлкiбас елiнiң билiгi әлi солардың қолында. Би-болыстар әзiрше жаңа өкiметтен шошымай отыр. Олардың шошынғаны — мына жұт. Ата-бабадан келе жатқан үлгi бойынша ел тiзгiнiн ұстаған игi-жақсылар халқын жұттан да, жаудан аман алып қалуы тиiс. Осыны ойлаған Досалы би бiр күнi Көбек бастаған барымташы жiгiттерiн жиып алды:

    • Ал, Көбек, “бұрын тойып секiрушi едiк, ендi тоңып секiретiн” күн туды басымызға. Мына жұттан ашыққандарды аман алып қаламыз деп қамбада астық, қорада мал таусылды. Жаңағы “тоңып секiретiн” деп айтып отырғанымның мәнiсi

  • аш бөрiдей қыр кезiп, бөгде малға құрық салу керек болып тұр дегенiм. Ұрының кейде бiр елге зияны болғанымен, бiр елге пайдасы тиедi. Мына таудың аржағындағы қырғыз елiнiң нәпақасын Құдай аспаннан да, жерден де тарықтырмай, ауыздарын аққа бөктiрiп отыр. Ендi сол жаққа аттанып, Күреңтi мен Бозғыл шат-қал төңiрегiндегi қырғыз би-манаптарының сай-салада жайылып жүрген жылқыларын берi қуып қайтыңдар. Қанша жылқы айдап әкелсеңдер де, олардың барлығын мына аштан сiлесi қатып отырған жұртқа таратып беремiз. Ырзығымыз елмен бiрге болсын. Аттаныңдар! Құдай жолдарыңды оңдасын! Досалының бұларды ұрлыққа жұмсағаны бiр бұл емес.

Сондықтан да барымташы жiгiттер биге ешқандай сауал бермей, орындарынан тұрды. Бұрындары ұрлықты ермек үшiн iстейтiн бұлар, ендi өз елiнiң азығы мен нәпақасы үшiн ерлiкке бара жатқан сарбаздардай сапарға тас-түйiн дайын. Сонау Билiкөлдегi болыстың тойынан “түйе палуан” атанып келген Сүлеймен бұл күндерi жанындағы серiктерiне ұқсап, әбден кәнiгi барымташы болған. Мына шетi Сарысу, мына шетi Талас таулары мен қырғыз Алатауының тек қарақшылар ғана жортатын сайлы жолдары мен құзды шатқалдарын теп-тегiс бiлiп алған. Басқа серiктерiнен гөрi

күш пен айласы мол бұл, алпысқа таяса да кәрi арландай саптан таймай жүрген Көбектiң орнын басуға лайық-ақ едi.



Алайда әзiрше селкеуi шықпаған Досалы барымташыларының топ басшысы Көбек “дала кезiп, түн жортудан қажыдым” деп айта қойған жоқ-ты. Әрi тек барымтамен таң атырып, күн батырып жүрген Әрiпбай мен Тастан да, Кендiр мен Әмiр де, жалпы, барлығы да жорық үстiнде дию күш, қабылан жүректi Сүлейменнiң бетiн қағып жүретiн Көбектi қатардан қалдыруға ынтық емес-тi. Былайша айтқанда, олар Сүлейменнен қатты қорқатын. Әрине, ол өзiнше ешкiмге тиiспейтiн. Бiрақ әзiл мен қалжыңды онша суқаны сүйе бермейтiн Сүлеймен, бiреудiң ойнақы сөзiн шын көрiп, оған ашулы бұқадай тарпа бас салатын. Ондайда оның тегеурiндi күшiне екiнiң бiрi қарсы тұра алмайды. Былтыр-ғы жылы қыр мен шаһардың арасына ары-берi базаршылап қатынаған қазақтардың ат-көлiгiн тонап, болмаса ұрып-соғып тыныштық бермей жүретiн мықтысынған сайрамдықтардың көздерiне көк шыбын үймелетiп, жуасытып қойған да осы Сүлеймен-тiн. Қазақтардың шағымын естiген Досалы би Сайрам хәкiмiне “тентегiңдi тый” деп қанша ескерту жасаса да, бозаға тойып елiрген Сайрамның ылғи жас жiгiттерi қазақтарды басынуын қоя қоймайды. Былтыр жазда Сүлеймен Төрехан мен Байтұр деген iнiлерiн ертiп Шымқалаға барған. Содан екi iнiсiне бiрсыпыра киiм әперiп, өз ауылдарына емес, Досалы ауылына келе жатқан. Бидiң ауылына апаратын жол Сайрам маңынан өтедi. Сүлеймен атта, анау екеуi бiр есекке мiнгескен. Үшеуi Сайрам тұсынан өте бергенде, су жағасындағы қамысты паналап отырған бiр топ сайрамдық жiгiттер бұларды қоршап алды. Әрқайсысының қолында бiр-бiр сойылдай таяқ. Сол таяқтарын ербеңдетiп:

    • Уа, мал баққан қазақтар, аттарың мен есектерiңдi,

қоржындарыңды тастап, таяқ жемей тұрғандарыңда тайып тұрыңдар! — деп доқ көрсеттi.

    • Мына екi бала кiшкентай, төбелесуге жарамайды. Ал менiмен қайсың жекпе-жекке шығасыңдар? Егер мен жеңсем, бiз сендерге ештеңе бермей, кете беремiз. Ал сендердiң мықтыларың

жеңсе, онда айтқандарыңды беремiз. Келiсесiңдер ме? — дедi Сүлеймен.

Бiрақ өзбек жiгiттерi бұл сөзді елең қылмады. Қайта:



    • Сен сияқты арам қазақпен жекпе-жекке шығу бiз үшiн ұят,

  • деп бәрi бiрдей бұған жабыла кеттi.

Алғаш ұрған сайрамдықтың таяғы тура тобығына тидi. Ат үстiнде отырған адамның ең осал тұсын ол да бiледi екен. Алайда соққы қатты дарымады. Сонда да соққы жанына батқан Сүлеймен ақырып жiберiп, аттан секiрiп түстi де, жан-жағын қаумалаған олармен айқаса кеттi. Өздерiн дәумiз деп есептеген өзбектердiң бойлары Сүлейменнiң иығынан ғана келедi екен. Бiрақ қолдарында қара ағаштан жасалған шоқпары бар олар, бұдан ықпай, лезде сiлейтiп саламыз деп ойлады-ау, әстi, аттан түсе бергенде жақындау тұрған бiреуi шоқпармен мұның арқасынан аямай салып қалды.

Шоқпар оңбай тидi. Ауыр соққыдан жаны одан бетер шықты, тағы да бiр ақырып, оған бұрылғанда, екiншi бiреуi бастан ұрды. Құдай сақтағанда, сойылдың ұшы басқа тимей, иыққа сарт еттi. Сүлеймен лезде ес жиып, әлгiнiң сойылынан шап берiп ұстай ап, өзiне тартып қалды. Жiгiт өз екпiнiмен алдыға қисалаң еттi. Осы кезде оның желкесiнен тап беріп, екiншi қолымен басынан перiп жiбердi. Анау құламағанымен тiл-ауыздан айырылып, көздерi алақ-жұлақ етiп теңселiп кеттi. Қаны қарайған бұл оны сол тұрысында жағасынан алып лақтырып жiбердi. Ол сорлы ұшып барды да Сүлейменнiң атының сауырына сарт тидi. Үркiп кеткен ат ары қарай шошып түсiп, аяғын сiлтеп қалды. Аттың тепкiсi әлгiнiң басына тақ еттi. Сүлейменнiң бiр жiгiттi көздi ашып- жұмғанша қаңбақтай домалатқанын көрген сайрамдықтар бiр сәт аңтарылды. Ал Сүлеймен жолбарыстай атылып барып, жанына таяу тұрған екiншiнi ұрып құлатты. Ол да дауыс шығаруға шамасы келмей, талып түстi. Одан соң өзiне таяғын оңтайлап жүгiрген үшiншiнi шалып құлатты да, оны қап көтергендей жоғары көтерiп тұрып, жерге кiргiзiп жiберердей бар күшпен алып ұрды. Үш жiгiтiнiң сiлейiп қалғанын көрген басқалар қаша жөнелдi. Ашудан өзiн-өзi билеуден қалған ол, бәрін қуып жүрiп ұрды.



Не керек, әп-сәтте сегiз сайрамдық өзен жағасында сiлейiп жатты. Жылдам жүгiретiн қағылездеу төртеуi қашып үлгердi. Сүлейменнiң жеңiсiне масаттанған Төрехан мен Байтұр есектен домалап түсе сала: “ Бiздiң түйе балуанмен төбелесетiн сендер кiмсiңдер”,— деп сiлейiп жатқан арттарынан теуiп жүр. Ұрудан айызы қанбаған Сүлеймен де оларға қосылып, анау сорлыларды бiр-бiрлеп тағы тоқпақтады. Ал жаңағы ат тепкен жiгiтте қимыл жоқ. Бет-аузының бәрi қан.

…Екi-үш күннен кейiн Сайрамнан даугерлер келдi. “Не дейсiң, әнеукүнгi төбелесте бiр жiгiт өлiп қалыпты. Оны ұрып өлтiрген Сүлеймен деген дәу екен”, — дейдi олар. Мұндайда қарсыласқа дес беретiн Досалы ма. Қайта, екi жақ айтыста сайрамдықтардың өздерiн кiнәлi етiп, ал өлгендi ат тепкiсiнен өлген адам деп тауып, оларға құн да төлемедi. Осылайша, әп-сәтте сегiз адамды жайпаған Сүлейменнен ендi кiм ықпасын. Шамына тиген сәл сөзден бiр көтерiлсе оңайлықпен басыла қоймайтын бұған, Көбектен басқа серiктерi абайлап сөйлейтiн. Cүлейменнiң осы мiнезiн бiлетiн Досалы барымташылар далаға шыға бергенде:

    • Әй, Сүлеймен! — деп дауыстап тоқтатты оны. Бидiң сөзiне Сүлеймен ғана емес, барлық жiгiттер де тоқтады. — Арлан бөрi ұяласына кектенбейтiнi бар. Сен арлан болсаң, жаныңдағылардың бәрi бiр-бiр сырттан екенiн естен шығарма. Естуiмше, бiреудiң сөзi басыңнан сәл асса, асау айғырдай тарпып, кәрленген арыстандай ақырып, бассалатынға ұқсайсың. Қайратты жiгiтке шырт етпе шәлкес мiнез жарасқан емес. Қауiптi сапарда бiр қалжың сөзiне бола досыңды қасқа санама. Болмайтын жерде күшiңдi бұлдай берсең, досыңа қадiрiң кетер. Ұстамды бол.

Бидiң ненi меңзеп отырғанын Сүлеймен бiрден ұқты. Бiр би емес, Көбек те осы тақылеттес ақылды көп айтатын. Бiрақ Көбекке дауыс көтерiп қатты сөйлемесе де, оны оңай қайтарып тастайтын. Ал Досалының бетiн қалай қайтарасың. “Құп, биеке”

  • деп қолын кеудесiне қоя, басын бiр иiп, үйден шыға бердi.

    • Қанша мықтымын дегенiңмен биге қарсы уәж айта алмайсың, ә, — деп қағытты Кендiр шыға берiсте.

    • Қара жын мен перi де патшасын тыңдаған ғой, — деп қостап қойды оны Әмiр.

    • Өшiрiңдер үндерiңдi! — деп ақырды Көбек оларға. — Осы сендер кесiрленiп сөйлеп қалмасаңдар, iштерiң кебе ме, түге.

Осылай ғой сендер, бұл қара диюды ашуландыратындарың. Жолға шығып бара жатқанда кер мiнез көрсетпеңдершi, тегi. Қалжыңның да өз жөнi бар ғой.

Бұл сөзден кейiн бәрi жым болып, ерттеулi аттарына қоржындарын артты. Сүлеймен Кендiр мен Әмiрдiң де, Көбектiң де сөзiн елең қылмай, өз атының тартпасын қайта мықтап тартты. Бұл мiнiп жүрген қарагер ат, баяғы Шыршықтан жылқы айдап келе жатқанда жолда туған биенiң құлыны едi. Биыл төрт жасар айғыр болды. Жануар тура Сүлейменге лайық болып, әрi биiк, әрi ұзын болып өстi. Мұнымен жасты кейбiр айғырлар Сүлеймен мiнгенде белi қисайып қалады. Ал қарагер мұны жүк көрмейтiндей, былқ етпейдi. Үш жылдай шатқалдағы жылқылар арасында жүрдi. Былтыр Сүлеймен оны ұстап, мiнiске өзi үйреттi. Мұның меншiгiнде бiр бұл қарагер емес, баяғы Керiмбайдың тойында “түйе балуан” бәйгесiнде алған үш жылқы мен үш танадан көбейген бiраз мал бар-ды. Олардың бәрi би малдарымен бiрге жұртқа тарқатылып кеттi. Бәрiне кiнәлi мына кесапат жұт қой. Бiрақ Сүлеймен сол малдары үшiн өкiнбедi. Тiптi бидiң өзi де мiнiс аттардан басқа төрт түлiктерiнiң бәрiн ашыққан жұртқа таратып берген жоқ па. Өзi аман болса, әлi-ақ талай мал жинап алар.

Барымташылар Досалы би ауылынан аттанғанда түс ауып

қалған шақ едi. Бет алыстары шығыс жақ — қырғыз елi. Жетекке екi ат алған алты салтатты шоқытып желе отырып, Ақсу бойындағы аз ғана көкiрек пен бiр қауым қоңырбай сиқымдар қоныстанған Дарбаза маңына кеш бата жеттi. Айналасы тұтас биiк құзды тау iшiне осы тұста жалғыз ат қана кiрiп жүре алатын жол бастауын ел — Дарбаза деп атайтын. Дарбазадан енiп, ары қарай жүре берсең, тар шатқалдарды ирелеңдеп кесiп өтетiн жол бiреу-ақ. Жан-жағын шыңды құздар қоршап тұрған бұл өткел ежелден-ақ ұрылар мен қарақшылардың жолы. Дарбазадан басталатын сол жол қырғыздардың Күреңтi жайлауына барып бiр-ақ шығады. Әлбетте, қасқыры мен аюы, тау барысы мен қабыланы, төбеден жазатайым домалап кететiн үйдей тасы көп аса қауiптi бұл жолмен кез-келген бөрiктi сапарға шықпас-ты. Алайда бiр Көбек бастаған топ қана емес, бұл жолмен атам

заманнан-ақ түндi пана, тәуекелдi байлам еткен талай жанкештi барымташылар ары-берi ойқастап өткен. Бұл жол — арысы қалмақ, берiсi орыс басқыншылары кезiнде Ақсу мен Күреңтi бойын жайлаған дүйiм қазақ пен қырғызға ықтауға пана, қашуға таса, тығылуға қалқан iспеттес маңыз атқарған.

Көбек бастаған топ ат тұяғын кетiлдiрер бiресе құзды, бiресе шыңды жолмен үш күндей жүрiп, Күреңтi жайлауы-ның қақ төрiне аяқ iлiктiрдi.



Күреңтi даласы жайқалып тұр. Қазақтар тартқан жұт зардабын қырғыздар тiптi сезбеген де. Елi тоқ, өрiсi малға толы. Бұған iшi қызған Көбектер бұл жолы барымталайтын жылқыларын ұзақ аңдымады. Бiр күн Ойтас маңында жақсылап тынығып алды да, кеш бата Ақшы өзенiнiң бойында жайылған жүз қаралы жылқыға тап бердi. Қас қылғанда, жылқы күзетшiлерi дереу атқа қонып, бұлардың iзiне түстi.

Жылқыларды алтауы алты жақтан қыса айдап, Күреңтi шатқалына жақындай бергенде, үйiрбасы дәу қара айғыр айдауға көнбей, керi қарай қашты. Әмiр оны ұзын құрығымен сабалап, қайтарам деп қанша тырысса да ол ары ойқастап, берi ойқастап, шатқалға кiрер жолға жолар емес. Жол басшыларының керi қашуға әрекет жасағанын көрген басқа жылқылар да iлгерi баспай, бiр орнында иiрiлiп тұрды да қалды.



    • Тастан, Кендiр, анау айғырға барып, үшеулеп айдауға ұмтылыңдар! Бiз мына жылқыларды шашау шығармай ұстай тұрайық, — дедi Көбек.

Әмiрге бой бермей ары-берi қашқақтаған дәу айғырға ендi үшеулеп жабылды. Бiрақ қара айғыр бәрiбiр бұлар айдаған жаққа жүре қоймады. Айғырдың айдауға көнбесiн бiлген Көбек:

    • Әрiпбай, атып тастай сал оны. Басқа амал жоқ. Ол тiрi тұрғанда жылқылар шатқалға әсте кiре қоймас. Бол тез. Оқта мылтығыңды! — деп бұйырды.

Бұйрықты екi етпеген Әрiпбай бердеңкесiн оқтап, үш ұрының алдынан қашып кете алмай, жанталаса шапқылаған қара айғырдың жанына шауып барды.

Қара айғыр өзiне төнген ажалды сездi ме, басын төмен тұқырта, бiр орнында айнала аласұрды. Оған үш-төрт қадамдай тұрған

Әрiпбай мылтығын оның басына көздеп тұрып, басып қалды. Айғыр жануар гүрс етiп жерге жаншыла құлады. Артынша, тұрамын деп, төрт аяғымен жер тiредi. Бiрақ тұруға шамасы келмей, тағы құлады.



    • Болды, тастаңдар оны! — деп айқайлады бергi жақтан Көбек.

  • Кендiр, сен, шатқалға кiр! Сенiң артыңнан бiз жылқыларды қуайық.

Төрт аяғымен жер тарпып, қорс-қорс, қинала демалған қара айғырды айналған төртеуi Көбектiң айқайынан кейiн берi қарай шапты. Кендiр сол шапқаннан жылқылардың алдына түсiп, шатқалға кiрдi. Қалғандары қиқу салып жыл-қыларды сабалай, ол кiрген жолға қарай айдады. Үйiрбасынан айрылған жылқылар ендi бiр-бiрлеп, Кендiрдiң соңынан шатқалға кiре бастады. Осы кезде арт жақтан бiреулердiң аттан салып, дүбiрлетiп шапқан дауыстары естiлдi. Сүлеймен артына бұрылса, қолдарындағы сойылдарын оңды-солды сермеп, оншақты атты шауып келедi екен.

    • Қуғыншылар келе жатыр. Не iстеймiз?

    • Қап, атаңа нәлеттер-ай. Шатқалға кiрiп үлгермегенiмiздi қараңдаршы. Сендер, Тастан мен Әрiпбай, жылқыларды шатқалға қуып кiргiзе берiңдер. Сүлеймен, Әмiр сойылдарыңды дайындаңдар. Қуғыншылардың жолын тосайық.

Әмiр мен Сүлеймен сөзге келмей Көбектiң артынан шапты.

Бiраз шауып барған соң, Көбек атының басын тежедi:



    • Осы жерде қырғыздарды бөгеймiз. Қас қылғанда, бұл жолы бiр-ақ мылтық алып шыққанымызды қарашы. Әмiр, ат мылтығыңды аналарға қаратып. Ләжi болса адамдарын емес, аттарын дәлде.

Бұл кезде қуғыншылар таяп қалған-ды. Әмiр алдында шауып келе жатқанның атын дәлдеп бiр атты. Бiрақ оқ атқа да, адамға да тимедi. Мылтық даусынан ықпаған қырғыздар Әмiр қаруын екiншi рет оқтап үлгергенше құйғытып, бұлардың жанына жетiп те қалды.

    • Тезiрек мылтығыңды оқтасайшы. Неге ыбылжып қалдың? Әмiр сипаланып қоржынынан оқшантайын аламын дегенше, бұларға алғаш жеткен алдағы қуғыншы Көбектi сойылымен

бiр соғып өттi. Бiрақ сойыл оған дарымай, атының жамбасына тидi. Әмiрден қазiрше қайран болмасын бiлген Көбек, сойылын оңтайлап, әлгi қырғызға қарай шапты. Қырғыз артқа бұрыла қашты. Бұл уақытта тобымен шауып келген басқа қырғыздар Сүлейменге жабыла кеттi. Бұл алғашқыда оларға сойылын сiлтеп те үлгермедi. Өзiне қарай сiлтенген бiрнеше сойылдан басын қорғаштай, ат жалына жабыса еңкейдi. Соққылар басына тимегенiмен арқасына тидi. Құдай сақтағанда, олардың ешбiрi зақым келтiрмедi. Сойылдарымен бiр-бiр ұрып өткен қырғыздар қайта бұрылып келгенше, бұл ес жиып, ат үстiне тiктеп отырып алды. “Уа, атаңа қоқи, ұры қашақ. Басыңды мыжғылап тастайын”, — деп шоқпарын қос қолдай ұстап өзiне қайта шапқан бiр қырғызды сойылымен құлаштай соқты. Анау сорлы аттан ұшып түстi. Артынша шоқпарын басынан асыра көтерiп, атын өңмендете ойқастатып екiншi қырғыз келдi. Ол бұрын қимылдап, Сүлеймендi шоқпармен бiр ұрды. Бұл да шапшаңдық танытып, сойылын оған қарата сiлтеп кеп жiбердi. Сойылдар ешқайсысының денесiне тимей, бiр-бiрiне сақ еттi. Қырғыздың шоқпары қолынан түсiп кетiп, қарусыз қалған ол, атының басын бұрып, ұзап кеттi. Нақ осы сәтте он қапталдан келген тағы бiр қырғыз бастан ұрып үлгердi. Тиген соққыдан көзi қарау-ытып кеткен бұл, жан-дәрмен оған сойылын сiлтедi. Анау атының сауырына сылқ ете түстi. Сәл қапы қалса және бiр соққы өзiне тиетiндiгiн бағамдап, қисайып қалған тымағын тез жөндеп алып, “тағы қайсысы бар екен” деп артына қарай бергенде, өзiне таяу тұрған аттылының шоқпары төбесiнен төнiп келе жатқанын байқап үлгердi. Лезде ат жамбасына қарай шалқайды. Ауа құшқан шоқпар ердiң қасына тидi. Бұл бойын тiктеп алуға шамасы келмеген күйi, сойылдың ұшымен оның iшiне бiр ұрды. Қырғыз ат үстiнде екi бүктелiп, ары қашты.

Қас қағым сәтте үш қырғыздың бетiн қайтарған айқасудан сәл

босап, жан-жағына қараса, оншақты қадамдай жерде Көбек екi қолын ат мойнының екi жағына салбыратып, тұлпарының жалын құшып жатыр. Оны екi қырғыз шоқпармен аямай сабалап тұр. Ал анадай жерде Әмiр үш-төрт аттыдан далбаңдап жаяу қашып жүр. Шамасы, аттан құлап қалған-ау. Қолында сойылы да, мылтығы

да жоқ. Бұларды көрiп, одан бетер қаны қызған бұл ақырып, Көбектi ұрып жатқандарға тұра шапты. Келе сала, Көбектi сабап тұрғандардың бiрiн бiр ұрып, аттан құлатты. Атымен аты қапталдасқан екiншiсiнiң жағасынан жұлып, жерге түсiрдi. Содан Көбектiң қандай халде екенiн қарауға да мұршасы болмай, Әмiрдi қуып жүргендерге жетiп барып, шеттегi бiрiмен айқаса кеттi. Ат үстiндегi жалғыз қазақты тағы тез сiлейте салайық деп ойлады ма, әйтеуiр басқа қырғыздар да Әмiрдi тастай салып бұған жабылды. Алайда сойылын басынан шыр көбелек айналдырып тұрып, олардың бiрде бiрiн өзiне маңайлатпады. Иесінің қимылын тақым қағысынан сезетiн қарагер ат та, бiр орнында шыр айналып, әлсiн-әлсiн алдыңғы екi аяғын тебiне жоғары көтерiп, секiрiп-секiрiп қояды. Жануардың бұл қылығы иесін алдыңғы жақтан төнетiн қауiптен сақтандырғандай. Осылайша Сүлеймен қорғанып, қырғыздар ауыздықтарымен алысқан аттарын қанша ойқастатса да, ұрымтал сәттi таба алмай тұрғанда, гүрс еткен мылтық даусы шықты. Iле-шала топырлап тұрған қырғыздардың бiрi аттан ұшып түстi. Бағана мылтық даусын елең қылмаған қырғыздар ендi ғана шошынғандай жерге құлаған серiктерiне де қарамай, келген жақтарына қарай қаша жөнелдi. Сүлеймен тықыршып тұрған атын тоқтатып мылтық даусы шыққан жаққа қараса, сонадай тұста қаруын ұстап Әмiр тұр екен. Оқ тиiп аттан құлаған әлгi қырғыз ойбайлап жерде аунап жатыр.



    • Қап, иттiң балаларының бәрiн жайпап салар едiм. Қашып кеткендерiн қарашы. Ойбай, анау Көбекке не болған? Басын көтермейдi ғой өзi, — деп айқайлады Әмiр.

Көбек ендi есіне түскендей, бұрыла сап, оның жанына жетiп барды. Ол бағанағыдай ат жалын құшып, әлi жатыр. Иесiнiң жағдайының ауыр екенiн сезген торы ат та Көбек сусып, жерге түсiп кетпесiн дегендей, мойнын жоғары көтерiп, жүрiп кетпей, бiр орнында тұр. Көбектiң аузынан аққан қан торы аттың жалына жабысып, жерге тырс-тырс тамуда. Қан ауыздан ғана емес, бастан да ағып жатқан сияқты. Оның бұл сиқын көргенде жүрегi дiр етiп, секiрiп жерге түстi:

    • Нағашы, не болды сiзге? Әйтеуiр амансыз ба?

Көбекте үн жоқ. Екi көзi жұмулы. Сүлейменнiң даусынан кейiн бiрдеңе деп тiл қатайын деп едi, тiлi икемге келмедi. Содан зорлана ыңыранды да, көтерiлмек болып әрекеттендi. Бiрақ одан да түк шықпады. Тiптi салбыраған қолдарын да жиюға әлi келмедi. Оның басын көтермек болып, маңдайынан ұстағанда, Көбек көзiн сәл ашты.

    • Тиме. Тезiрек елге… — деп арғы жағын айта алмай, тағы да ыңырсыды.

    • Әмiр, мұнда кел! Көбекең… Көбекең сөйлей алмай жатыр. Атын әзер ұстап, бiр жақта қалған сойылын зорға тауып алған

Әмiр, Сүлейменнiң айқайынан кейiн бұлардың жанына жеттi.

    • Не боған Көбекеңе? Шынымен қатты жарақат алған ба? — дедi реңi бұзылып. — Ендi қайттiк?

    • Тiлi күрмелiп, сөйлеуге шамасы келмейдi.

    • Мұны атқа әзiрше тiктеп отырғызуға болмайды. Тура осы күйiнде атты жетектеп, тезiрек адамдарымызға жетейiк. Жаңағы қашқан қырғыздар қастарына басқа серiктерiн алып, тағы келiп қалуы мүмкiн. Мiн атыңа! Уақыт өткiзбей шатқалға кiрейiк.

Сүлеймен Көбектiң атын жетекке алды. Атына мiнген кезде шүйде тұсы зырқ етiп қатты ауырды да, желкесiнен жылымшы бiрдеңе ағып өткендей болды. Бөркiн шешiп, ауырған жерiн қолымен сипап көрсе, қан ағып тұр. Бағаналы берi байқамапты. Әлгiндегi ұрыста өзiнiң де басы жарылған екен. Алайда Көбектiң жарақатына қарағанда, мұныкi түк те емес сияқты. “Ұрған қырғыздың шоқпары әйтеуiр дөп тимегенiне де шүкiр” деп ойлады бөркiн қайта киiп жатып. Бағанағы құлаған жерiнде оқ тиген қырғыз әлi бақырып, аунақшып жатыр. Оның бер жағында басының мылжа-мылжасы шыққан бiреу сұлапты. Оған көзi түсiп кеткенде, тұла-бойы дiрiлдеп, жүрегi суылдады. “Ойпырмай, сорлының басының парша-паршасы шыққан екен ғой», — деп тiксiндi.

    • Анау бақырып жатқанын тағы бiр атып, үнiн өшiрiп кетейiн бе? — дедi Әмiр.

    • Керегi жоқ. Атпа оны. Әлi келсе, елiне жетсiн. Әлi келмесе, қайтесiн атып. Бiрақ бұл жазғандардың түк кiнәсi жоқ жалшылар

ғой. Қап, Құдай-ай. Қайдан ғана бiздi қуып келе қалды екен, бұл бейбақтар.

    • Әй, қайдағы бiр қырғыздарға бола бауыр етiң езiле бермесiншi. Саған әлдерi келмегендерiмен, мынау нағашыңды тастады ғой, өлiмшi қылып, — деп кейiдi Әмiр.

Сүлеймен өзiнiң ауыр ойларымен алысып кеттi. “Бұрындары ғой, қаншама барымтаға барса да дәл мынадай қуғыншыларды, дәл жаңағыдай ұрысты көрмеушi едi. Жылқы айдағандағы жол қиындығы болмаса, кiммен сойыл сiлтесiп көрiптi. Көбек мұндай ұрыстарды бастан көп өткергендерiн жыр қылып айтушы едi. Ендi ат үстiнде жатысы мынау. Әй, нағашы-ай, сен де талайды өмiрден ажалынан бұрын кетiрiп, талайды мүгедек етiп едiң- ау. Бүгiн зауал өзiңе келгенi ме? Зәуiмде аман қалсаң болар едi, әйтеуiр. Тұқымы құрғыр, қырғыздар-ай. Әлдерi келмейтiн болған соң, арттарын қысып, айқасқа түспей-ақ қойса қайтер едi. Мынау нағашым қалай таяқ жеп қалды өзi? Мұны қойшы, әзiрше тiрi ғой. Бәрiнен бұрын жаңағы басы мыжғыланған әне бiреудi айтсайшы”.

Өлген адамның қандай болатынын бiрiншi рет көрген ол осылайша, iштей беймаза ой кешiп, қатты торықты. Бұлар шатқал маңына келгенде Тастандар жылқыларды қуысқа түгел кiргiзiп болмаған екен. Шатқал аузына кiретiн жалғыз аяқ жолға аттар бiр-бiрлеп қана сиятын болғандықтан жүз жылқыны оған айдап кiру машақат тiрлiк. Олар айдауға көнiп, құз қақпасына тез-тез кiре қойса жақсы. Араларында асауы бар, тарпаңы бар дегендей, кiлең құрық көрмей тағы болып кеткен жануарлар ұрылардың дегенiне көнбей, керi қашып, жабайы қылық көрсететiнi көп уақытты зая кетiредi. Қазiр де сондай қиындыққа тап болған Тастанның тобы қиқудан шаршап, аттарын да болдырып, әлектенiп-ақ жатыр екен. Әмiр мен Сүлейменнiң өздерiне таяп қалғанын бiрiншi байқаған ол:



    • Жылқылардың жартысын шатқалға ендi ғана кiргiзiп болдық. Өздерiң қалай? Қуғыншылардың бетiн қайтара алдыңдар ма? — дедi ентiгiп. — Үйбай-ау, мына Көбекеңе не болған? Аман ба, әйтеуiр?

    • Қазiрше аман сияқты. Бiрақ жағдайы қиын. Тезiрек елге жеткiзбесек болмас. Мына қалған жылқыларды шатқалға айдап кiргiзгенiмiзше талай уақыт өтедi. Сондықтан да бұларды қалдырып кетейiк. Елу жылқы да бiзге аз олжа емес, — дедi Әмiр.

    • “Жолда досың өлмесiн” деген. Қиын болыпты-ау, ә? Қай жерiнен жарақат алыпты,— деп сөзге араласты Әрiпбай. Содан соң аттынан түсiп, Көбекке жақындады. — Көбеке. Ау, Көбеке.

Көбек тiлге келмей, тағы ыңыранды.

    • Қой, шынында, тезiрек кетпесек болмас. Бұл кiсiнi қалай алып жүремiз ендi? Бас сүйегiне қатты зақым келiптi.

    • Онда мұны қозғауға болмайды, Әрiпбай. Қазiрше ат үстiнде осылай жата берсiн. Атын жетектеп жүремiз.

Әмiрдiң сөзiн басқалары құп көрмегендей, орындарынан жылжи қоймады.

    • Уай, болсаңдаршы! Әлгi бiзден сытылып кеткен қырғыздар қосымша күш жинап, тағы кеп қалуы бек мүмкiн. “Не қыламыз?” деп уайымдап тұруға уақыт қане?

Әмiрдiң сөзiне ешқайсысы қарсы уәж айтпай, үнсiз атқа қонды. Төртеуi шатқал аузында иiрулi тұрған жылқыларды аралай өтiп, қуыс жолға кiрдi.

    • Шатқал iшiндегi алаңқайға жеткенге дейiн әлi жарты күн бар. Бiреуiмiз артта қалайық. Қырғыздар қуатындай болса, төбеден тас домалатып жолды бөгейтiн болсын. Ал, қане қайсысымыз қаламыз? — дедi Әрiпбай.

    • Мен қалайын, — дедi Тастан.— Сендер жылқыны айдап кете берiңдер.

Көбектiң атын Сүлеймен жетектеп алған. Жалғыз ғана ат сиятын құз жолының бiресе төмен, бiресе жоғары өрлеп кететiн қияс өткелдерi көп-ақ. Бiрақ та, жылқы жануар басқа малдарға ұқсап, мұндай жолдарда бiр орында тiзбектелiп, тұрып қалмайды. Алдыңғысы жүрсе болды, арттағылары соның соңынан өздерi-ақ шұбырып кете бередi. Кей-кейде барымташының ниетiне жылқы жарықтықтың осындай көнбiс мiнезi көп көмектесетiнi бар. Сүлеймен мен серiктерi үшiн ендi жылқыдан келер қауiп жоқ. Тек мынау Көбектiң жайы ғой, бәрiн қинап келе жатқан.

Ұзақ жүрiстен соң жылқылар да, олардың соңындағы адамдар да тау iшiндегi алаңқайға жеттi. Ол жерде бұларды Кендiр күтiп тұр екен. Құз түбiнен шылжырап аққан бұлақ басында бәрi аттан түстi. Аз-маз уақыт демалып алған соң, өзара тағы да Көбек жайлы сөз етiсiп, оны аттан түсiрiп алмақ болды.

Сөйтiп, төртеуi Көбекке жақындап, оны ат үстiнен еппен көтерiп ала бергенде:


    • Үйбай-ау, мына кiсiнiң демi жоқ қой, — деп Әрiпбай шыңғырып жiбердi.

Кендiр дереу Көбектiң басын көтердi:

    • Көбеке, Көбеке...

Көбекте үн жоқ. Еш болмаса бағанағыдай ыңыранып, өзiнде тiрлiк нышаны бар екенiн де бiлдiрмедi. Ешқайсысы байқамапты- ау, жазған құз табанындағы жол үстiнде үзiлiп кетiптi.

Жол басшыларынан айырылып қалса да қатыгез жүректi ұрылардың ешбiрi “бауырымайлап” азаланбады. Қабақтары түксие бiр-бiр күрсiнiп, бiразға дейiн жақ ашпады. Тек манағы Күреңтi жайлауындағы қырғыздың өлiмiне iшi ашып, онсыз да жан-дүниесi езiлген Сүлеймен ғана Көбек қазасына шыдай алмай, өкiрiп жiбердi. Қасындағы серiктерiнiң ешқайсысы басу айтпады. Қайта, алғашында мiз бақпай тұрған олар, Сүлейменнiң еңкiлдеп жылап жiбергенiнен кейiн көздерiне жас алып, қазаға қайғырғандай сыңай танытты.



    • Қойыңдар, ендi. Бұлай жылап тұра бергеннен табар пайдамыз қайсы? Одан да Көбекеңдi елге жеткiзудiң қамын қылайық, — дедi iштерiндегi жасы үлкенi Әрiпбай мұрнын бiр тартып қойып.

    • Алдымен бұл кiсiнi аттан түсiрiп, бас-көзiнiң қанын жуып тазартайық та, — дедi Кендiр.

Көбектi аттан түсiрдi. Құз түбiндегi бұлақтың суына оның қан болған басы-көзiн жуып, шапанына орап, атқа өңгерiп артты.

    • Ендi, сендер, Сүлеймен мен Әмiр екеуiң бұл кiсiнi алып, елге жеткiзiңдер. Ал қалғанымыз жылқыларды айдап барамыз,

  • дедi Әрiпбай.

…Екi күннен кейiн бұлар Көбектiң өлiгiн Досалының ауылына жеткiздi. Бар сырға қаныққан би шекесiн қысып,

ұзақ уақыт үнсiз отырып қалды.



    • Бiр жақтан жұт, бiр жақтан азаматтың өлiгi қинады-ау, бiздi. Амал не, Көбектiң өлiгi бiз үшiн орны толмас өкiнiш болса да, тiрi адам тiршiлiгiн жасайды. Жеткiзейiк мұны елiне. Сен, Сүлеймен, бiзден бұрын жет, Қоңырбөрiкке! Көбектiң өлiгiн хабарла, туған- туыстарына!

II

Қаратау мен Қазығұрт, Шу мен Сыр арасындағы сайын дала төсiндегi жұртты сансыратып жiберген алапат жұт — жылан мен жылқы қатар келген “жылантақырдың” өткенiне үшiншi жыл. Бұл 1921 жыл едi. Қыбырлаған тiршiлiк атаулыға қырын қараған тәңiр соңғы үш жылда қыста бұрқасын қарын, көктемде нөсерiн аямай төгiп, қара жер қайта түлеп-ақ кеттi. Қонысын қайта тапқан ауғынды ел, тойынған қара халық — өткен жұтты құдiретi шексiз Алланың сәл қабақ шытқан пейiлiне балап, одан аман қалғандарына тәуба келтiрiсiп, “өлiге иман, тiрiге салауат” дескен. Көбек өлгелi берi Сүлеймен Досалы би аулынан ұзап шыққан жоқ-ты. Би мұны бұдан кейiн ешқайда жұмсамады. Қырғыздардан айдап келген баяғы елу жетi жылқының iшiнен Досалы ту семiз он бес бие мен үш айғырды бөлек алып қалып, қалғандарын ашыққан жұртқа таратып берген-дi. Қазiр сол он бес биеден қырық шақты тай-құнан бар. Сүлейменнiң басты жұмысы сол жылқыларды күзету. Қасында Кендiр мен Әрiпбай бар. Бұлар зауза ауып, саратан туа Сайрамсу бойындағы ауыл маңынан жылқыларды Керегетас етегiндегi жайлауға айдап келген. Содан берi бiр жетi өттi. Кеше кешкiсiн би ауылынан шабарман келдi.



    • Сүлеймен, — дедi ол келген бойда. — Саған би “ертең түске дейiн ауылға жетсiн” деп сәлем айтты.

    • Е, бидiң сенi не себептi шақыртып жатқанын бiлем. Досекең саған “Жылақ Атадағы” қапалдардан бiр қыз айттырып жүрмiн деп едi. Нақ осы жолы би өзiңе қатын әперу үшiн шақыртып жатыр. Солай ма, Қаратай? Ауылда осы жайында әңгiме болған жоқ па?

    • Қайдам, Әрiпбай көке. Ол жағын өзiм естiмедiм.

    • Айтпақшы, Қаратай, жұрт сенi “жаңа өкiметтiң старшыны болды” деген едi. Сол хабардың аяғы не болып кеттi? Жетi ата Жоланның игi жақсылары өзiңе ештеңе демедi ме? Досекеңнiң ойы қандай екен?

    • Қазiрше “старшын болдың” деп өзiмдi сайлай қойған ешкiм жоқ. Бiрақ сайласа қашпаспыз, — деп бiр көтерiлiп қойды Қаратай.

    • Бiз кеткен күннiң ертеңiне ауылға Ордабектiң Ноғайы келдi десiп едi. Келдi ме, ол кiсi?

    • Келдi. Болыстың тарантасына мiнiп келдi. Өзi әйдiк байбатша болыпты. Үстi-басының бәрiне қып-қызыл киiм киген. Қасында Естеместiң Мәуленi бар. Екеуiнiң де киiмдерi оттай қызыл-ау, оттай қызыл. Белдерiнде қылыш. Қастарында мылтық асынған бес-алты нөкерлерi бар. Бәрi бидiң үйiне бiр қонды да, ертесiне аттанып кеттi. Мен бiлсем, Ноғай биден Сүлеймен жайын сұрады-ау деймiн. Екеуiнiң осы туралы әңгiмелесiп отырғандарын құлағым шалып қалды. Бұл жолы би Сүлейменге қатын әперу үшiн емес, сол Ноғайдың аманатымен шақыртты-ау, сiрә.

Сүлейменнiң Ноғай секiлдi үлкен байбатшаның аузына түскенi жайындағы хабар Кендiр мен Әрiпбайға жайсыз тидi ме, әйтеуiр, Қаратай сөзiнен кейiн екеуi де үнсiз қалды. Жүздерiнде бiр түрлi қызғаныштың табы байқалып шыға келдi.

    • Ә, солай ма едi… — дедi аздан соң Кендiр тамағын кенеп.

  • Бiрақ жиырма үшке келген Сүлейменге биыл қалайда қатын әперу керек.

Ертесiне Қаратай мен Сүлеймен түске ауа ауылға жеттi. Би үйiне әудем жер қалғанда екеуi аттан түстi. Би жеңiл шапанын желбегей жамылып, есiк алдында тұр екен. Оған бұлар қосарлана сәлем бердi.

    • Мал-жан аман ба? — дедi Досалы Сүлейменге қарап.

    • Аманшылық. Сiз шақыртқан соң, жайлаудан ерте аттанған едiк…

    • Келгенiң тәуiр болды. Үйге жүр. Әңгiмемдi шәй үстiнде айтайын.

Жетпiстен асқан би әбден шөгейiн дегенi ме, екi иығы қушиып, төмен тартыпты. Денесi қапсағай болғанымен жүрiсi қалтаңдай бастапты. Қимылы сылбыр. Бойы бұрын Сүлейменнiң иығынан келетiн сияқты едi. Тап қазiр басы мұның кеудесiне әрең жетiп тұр. Бiрақ көкшiлдеу келген зәрлi көздерiнiң оты басылмаған. Үйге кiрiп, дастархан басына жайғасқан соң сол отты көздерiн Сүлейменге қадады:

    • Сендер жылқыны тауға айдап кеткен күннiң ертесiне осында Ордабектiң Ноғайы келген. Тәшкендегi оқуын бiтiрiп, Шымқаладағы жаңа өкiметтiң жұмысына тұрыпты. Жаңа өкiмет жерiмiздi болыстық кеңестерге бөлiп билейтiнге ұқсайды. Бiз мына шетi Сайрам, батысы Қазығұрт, шығысы Ақсу болып, Көксәйек пен Бадам болыстығына кiретiн болыппыз. Мына, тұқымың құрғыр, орыстар Көксәйектi Кейiргобка деп атап алған ғой. Ноғай осы Кейiргобка Бадам болыстығына сарбаз бастығы болыпты. Оны мiлиса дедi ме, әйтеуiр орысша аты бар. Оның айтуынша, жаңа өкiмет би мен болысты, бай мен барымташыны құртады екен. “Бар малыңды ана жылғы жұттың кезiндегiдей жұртқа таратып жiбер. Кейiн өзiңiзге жеңiл болады, биеке” дейдi маған ол. “Алдымен өз әкеңнiң малын кедей-кепшiкке таратып берсейшi. Содан соң көрермiз. Менде қайбiр мал бар дейсiң. Өкiметiң менiң елу жылқым мен жүз қойыма қарап қалған жоқ шығар” деп шығарып салдым. Ол кетерiнде сен жайында сұрады. “Сол баланы маған жiберсеңiз, өз қанатымның астына алар едiм” деп өтiндi. Қалай, барасың ба оған? Түбi мынау заманның өзгерер түрi бар. Басың әрi бос, әрi жас кезiңде сондай ұлықтың етегiне жармасып құралып кетсең, өзiңе де тәуiр болар едi-ау. Селкiлдеген сексеннiң сеңгiрiне аяқ басқан менен болашақта саған қайран аз. Талай жыл қасымда болған өзiңе бiр парызым бар. Ол — сенiң басыңды екеу ету. Мына iргедегi қапалдан бiр қыз дайындап қойғам саған. Сүмбiледе ме, жоқ мизам айында ма, оған құда түсемiз. Бiрақ соның алдында Ноғайға барып, жолығып қайтшы. Баяғыда сен маған келерден бұрын, оның өзiңе берген уәдесi бар екен ғой. Тектiден тектi туар дегендей, бiтiм- пошымы елден ерек болыпты өзiнiң. Келер күнiңнiң нәпақасын күнi еңкейген кәрi шалдың көлеңкесiнен емес, соның маңайынан iздегенiң жөн ғой деймiн. Сол үшiн шақыртқан едiм сенi. Оны қазiр болыстың ауылынан табасың. “Осы саратан өткенше әкемнiң үйiнде боламын” деген. Әрi жолда өз ауылыңа да соғып кетерсiң. Түс қайта аттан, солай қарай. Ноғай не дейдi, не қояды. Кейiн хабарын өзiме айтарсың.

Сүлеймен биге жауап қатпай, ойланып қалды. Шынында би айтқан жаңа өкiмет жайын соңғы кездерi жұрт көбiрек айтып

жүр. “Бұдан былай жерге де, елге де, малға да кедейлер ие болады екен” деген бiреулердiң күңкiлi көбейген. Оның үстiне қолынан құрық, тақымынан ер кетпей, жылқы соңында қашанғы жүрер. Басқаларға ұқсап, қатын алып, там салатын кезге де жеттi. Ата- бабасы кәсiп етпеген барымта бұған өмiр бойы ырзық бола ма? Оның үстiне жастықтың желiгiмен барымтаға араласқанына қазiр көп өкiнетiн. Одан жерiп, запы болған. Жаңағы би айтқандай, баяғыда Ноғайдың өзi: “Оқу бiтiрiп келсем, сенi қолыма аламын” деп уәде еткен. Қыр кезiп, дала шарлағанша, барайын оған. Қандай шаруа тапсырар екен?”

    • Мақұл, биеке. Барып көрейiн Ноғайға.

    • Болысқа, Ноғайға менен сәлем айт. Үн-түнсiз қалмай, жаңа өкiметтiң аяқ алысын бiзге хабарлап отырсын.

Сүлеймен көп отырмады. Бiр-екi кесе қымызды сiмiрiп, орнынан тұрды. Кеш батқанша ауылына жетiп алу үшiн атқа қонды.

    • Егер Ноғай сенi жанына атқосшы етiп алса, бiздi ұмытып кетпей, есiңе ала жүр, — дедi Қаратай қоштасарда.

    • Сен де қайдағыны айтады екенсiң. Алдымен оның не айтпағын естиiк те. Ноғайдың ықтияры қандай екен? Соны бiлейiк.

    • Құдай бiледi, ол сенi бекерге шақыртқан жоқ. Көр де тұр. Осыдан сен де Ноғайға ұқсап, қып-қызыл киiм киiп, оттай жанып жүресiң.

Сүлеймен Қаратайға сөз айтпаған күйi батыс жақтағы жонды бетке алды. Бұл беталыс Сүлеймендi жұрт қарақшы атайтын алдағы күндерге қарай құйғытқан алғашқы беталыс едi…

Сүлеймен бiресе шауып, бiресе желе жортып, әп-сәтте Ленгiрдi айналып өттi. Бесiн ауа Ниязбек ауылының үстiне iлiктi. Жолда бiрiншi өз ауылына соқпай, Қазығұрттың шығыс қапталындағы жазықта орын тепкен Ордабектiң қонысына барайын деген ойға келген.

Доңызтау өзенiнiң бойына жеткенде Сүлеймен аттан түсiп, аяғын бiраз жазып алайын деп, су жағалап бiраз жаяу жүрдi. Доңызтаудың орта тұсындағы үстiнде көне моласы бар Төрткүл төбе маңына келгенде қайтадан атына мiндi. Ендi қазiр орыстар қоныстанып алған Есiм, Тәуке балаларының бұрынғы қыстағы



  • “Жалғандықтан” өтiп, Өзбек, Сүйiндiк ұрпақтары отырған

зағамбардың төменгi жағындағы сарт қышлағынан бiр асса, арғы жағында Ордабек бауы таяқ тастам жер. Ордабек пен Ноғайды тезiрек көргiсi келiп асыққан Сүлеймен атына қайта қамшы басты. Бiрақ болыс ауылына атының қан сорпасын шығарып барғысы келмей, бiраз шапқан соң оның басын тежеп, жай бүлкiлге көштi. Алдынан қаз-қатар болып тiзiлiп, ылғи қызыл кiрпiштен соғылатын орыстардың тамдары көрiнген кезде “осы кәпiрлер бұл жаққа қашан келген өзi?” деп ойлады. Көбекең рахметтiк бұлардың осы маңға келгенiне әлi елу жыл болған жоқ” дейтiн. “Шошқа етiн нәсiп еткен көк көздер мұнда келгенде мылтықтарымен қазақтарды үркiтiп, өңкей жақсы жерлерге орнығып алды”, — деушi едi ол бейшара тағы. “Бiздiң қазақ сорлы момын-ау. Түлкiбасқа барсаң да, Бадамның төменгi жағасын көрсең де ылғи жақсы жерлердiң бәрiн ауғындыларға берiп қойған. Әй, бiр, өздерiнiң көздерiне көк шыбын үймелетiп, ат сауырына алып, тырқыратып қуып жүрiп, сабар ма едi. Ал мына сарттар қазақтың қақ ортасына қайдан келiп, орныға қалған десейшi. Ауылдағы Есеңгелдi атам: “Бұл сарттарды баяғы Қожамжар би Шыршықтан берi ауғанда өзiмен бiрге ала келген”,

  • деушi едi. Еркектерi Қожамжар бидiң құлы, әйелдерi күңi болса керек. Солардан қалған сарттар ғой бұлар. Өздерi қазiр көбейдi. Жүз түтiнге таяп қалды-ау, шамасы. Әй, сартты қойшы, өзiмiздiң мұсылман ғой. Бәрiнен бұрын мынау шегiр көз, жирен сақалды, имансыз сары орысты айт. Ноғайға ерiп, сарбаз болсам, пәлелерге көрсетер едiм көргiлiктi”.

Сүлеймен орыс ауылының шетiндегi аса сәнмен салынған

шiркеуге жеткенде, алдынан қисалаңдап төрт орыс жiгiтi шыға келдi. Өздерi қайнатпа арақ iшiп, мас болып тұр. Ауыздарында орама шылым. Олар Сүлеймендi көре сала:



    • Ей, казах, кил мунда. Оставь нам свою лошадь! — деп айқайлады.

Сүлеймен алдыңғы сөзiн түсiнгенiмен, кейiнгiсiн түсiнбедi. Оларға мойнын бұрып бiр қарады да, тоқтамай жүре бердi. Мас орыстар Сүлейменнiң өздерiн тыңдамай кетiп бара жатқанына бiр жағы намыстанып, бiр жағы ашуланып, тағы әлденелердi орысша айтып, айқайға басты. Тiптi болмағасын, төртеуi бiрдей

жүгiрiп келiп, атының шылауына жармасты. Бұған ашуланған Сүлеймен:



    • Өй, әкеңнiң… Жiбер деймiн аттың басын, — деп шылауына алғашқы болып жармасқан денелi бiреуiнiң басына қамшымен салып қалды.

Қамшы қатты тимедi ме, әйтеуiр сегiз өрiм қайыстың соққысын орыс елеген де жоқ. Қайта атты шiркеу алдындағы жаман тамға қарай сүйреп барады. Сүлеймен қамшымен оны құлаштап тұрып тағы ұрды. Бұл жолы ол аттың тұмсығының астына басын тығып үлгердi де, соққы дарымады. Қайдан келгенi белгiсiз, тура осы кезде жуан дауыспен күркiлдей үрген бiр ит келiп, аттың құйрығына жармасты. Ат одан үркiп, алға қарай секiрiп-секiрiп кеттi. Ал анау орыс шылаудан айырылар емес. Алға қарай секiрген атпен бiрге ол да секiрiп, әлгi жаман тамға жақындай түстi. Арттағы орыстар болса, иттерiн тағы айтақтап, Сүлеймендi кесекпен ұрып жатыр. Сүлеймен лақтырылған кесектерден қорғанып, ат жалына жабыса еңкейдi. Осы сәт:

    • Шо такое? — деген бiреудiң жуан дауысы шықты.

Құтырына айқайлаған орыстар мен үрген иттiң дауыстары сап тиылды. Сүлеймен алдына қараса, өзiнен екi-үш қадамдай жерде ұзын сақалды, ат жақты, көздерi үлкен, таз басы жалаңбас бiр орыс тұр екен. Тобығына дейiн ұзын шапан киген, мойнына қара крест тағып алыпты. Сүлеймен мұндайлардың талайын көрген. Орыстың молдасы ғой. Мұны қуған орыстар оған қарап бiрдеңелердi айтты. Ол болса күлiмсiреп тұрды да, Сүлейменге сөйледi:

    • Биздин хлопцылар дурс айтады. Сен атинди бизге бер. Ал озин жаяу кит.

    • Мұндайда қазақтың молдасы тентегiн жөнге салушы едi.

Сiздiкi не?

    • Ой, бакирма. Айтканимди исте, — дедi поп тағы түсiн суытып.

Сүлейменнiң өздерiнiң айтқандарына көне қоймайтынын бiлген олар, ендi бәрi жабылып, мұны аттан аударып тастамаққа әрекеттендi. Манағы шылауға жармасқан дәу орыс қолдарын ербеңдетiп жақындай бергенде, үзеңгiден аяғын шығарып, оның кеудесiне бiр тептi. Ол кеудесiн ауырсына керi шегiндi. Артынша екiншi орыс келiп, сол жақтағы үзеңгiдегi аяғына жармасты. Жана ат иттен үркiп секiрiп кеткенде, қолындағы қамшысы түсiп

кеткен-дi. Аяққа жармасқан орысты ұратын бiрнәрсе таппай, сасқалақтап жан-жағына қарады. Қас қылғанда, маңайда қолға iлiгер ешнәрсе жоқ. Өзi төбесiне көлденең қойылған паруаз ағаштарының ұштары боғаттан шығып тұрған тоқал тамның жанында тұр едi. Мыналардың өзiн басынып, атын тартып алмақ болғандарына қатты ашуланып, қаһарланған Сүлеймен әлгi паруаз ағаштың бiрiнiң шетiнен ұстай алып, бар күшпен өзiне тартты. Үстiнде ши байланып, қамыс пен қалың топырақ төселген паруаз ағаш, дүлей күшке шыдас бермей, суырылып шыға келдi. Сүлейменнiң мұншалықты күштiлiгiне қас-қағым сәт аңтарылысқан орыстар, бiр-бiрiне таңырқаса қарасты. Ызадан бар дүниенi ұмытқан Сүлеймен тамнан суырып алған әлгi ұзын паруаз ағашпен қарсы алдында ыржиып тұрған поптың басына салып қалды. Ол сорлының басы қақ айырылып, кескен томардай жерге жаншыла құлады. Оны жайғаған мезет атын бiрден оңға қарай бұрып жiберiп, жанында тұрған екiншiсiне ұмтылды. Ол кәпiрдiң ажалы жоқ екен. Сүлеймен әлгi ағашпен оны құлаштай ұрғанда, орыс тоқал тамның бұрышына тығылып үлгердi. Таяқ тоқал тамның басына сарт тиiп, топырақпен жабылған шатырдың шаңы бұрқ еттi. Артта тұрған басқа орыстар лезде мастықтарынан айығып кеткендей, анадай жердегi шiркеуге қашып кiрдi.

Сүлеймен оларды қумады. Қолындағы төрт метрдей жуан

паруаз ағашты миы шашылып, қаны жерге жайылған әлгi поптың жанына лақтырып жiберiп, Бадам өзенiне қарай шапты. Жиырма-отыз қадамдай жер шауып өткенде артынан шуылдаған орыс қатындарының, өкiрген еркектердiң дауыстары шықты. Iле- шала гүрсiлдеген мылтық даусы шығып, тура құлақ түбiнен зу етiп өткен оқтың шыңылын сездi. Сүлеймен ат жалына жабыса еңкейiп алды. Шабысын сәл баяулатса, бiр сұмдықтың болатынын сезгендей, жануар қарагер ат та қыр төсiн қақырата шауып, төрт аяғын көсiлте тең тастап, екпiнiн одан сайын үдеттi.

Үш-төрт дөңес төбе мен бес-алты жалпақ сайдан шауып өткен соң Сүлеймен атының басын тежеп, артына қарады. Артта ешкiм жоқ. Жаңа тұла-бойын кернеген ашу ендi басылып, “мен қалай қарай шауып кеттiм өзi?” деп iштей күбiрлеп, айналаға бажайлай көз тастады. Қарсы алдында “Иректас” жоны созылып жатыр.

“Япырау, болыс ауылынан тым қияс кетiп қалыппын-ау”, — дедi сыбырлап. Содан жаңағы оқиға есiне түсiп, абыржып бiраз тұрды. “Ноғайға барсам, орысты өлтiргенiм үшiн ренжiп жүрсе қайтем? Анау-мынауыңды емес, бiлдей попты өлтiрiп тұрмын. Мұның аяғы жанжалсыз бiтпес. Орыстар Ордабек пен Ноғайға келiп, құн сұрап жүрсе не еттiм? Бұрынғым бар, кейiнгiм бар, Ордабек болыс: “Ей, бала, сенi тәп-тәуiр жiгiт пе десем, қолың қанға малынып кеттi-ау. Қанiшер болмасаң неттi”, — деп жүрсе, Ноғай да өзiме қырын берiп қалар. Ауылыма баруға тағы болмайды. Орыстар менiң кiм екенiмдi бiлiп алса, иә, иә, бiлмей қалмасы анық, ауылыма келiп, туыстарыма тыныштық бермей жүрер. Одан да ешкiмге салмағымды салмай, пәлемдi жуытпай, кетейiн алысқа. Сонда қайда барамын? Қайтадан Досалы биге барсам ба екен?

Иә, бар пәледен бiр құтқарса, сол кiсi құтқарады. Әй, бiрақ, қойшы. Жылқы соңында салпақтап жүруден-ақ жалықтым. “Ер азығы мен бөрi азығы жолда” деушi едi ғой, Көбек нағашым. Ең жақсысы — мынау белдiң ар жағындағы сiргелiдегi Топыш пен Қасқабай тамырларыма барып, бiраз паналайын. Ол жақта тағы Әлiмбай мен Керiмбай байбатшалар да бар. Сол кiсiлерге барайын. Арғы жағын көре жатармын”, — деп ойлаған Сүлеймен атының басын Қазығұрт асуына қарай бұрды.

Сүлеймен Бадам бастауының тұсындағы Келеске асатын Қазығұрт белiнiң үстiне шыққанда күн батып, ымырт үйiрiлдi. Топыш пен Қасқабай ауылына әлi жарты күндiк жол бар. Егер желе жортып қаттырақ жүрсе, дiттеген жерiне бес сағаттай уақытта жетiп те қалар едi. Бiрақ бiрде сайлы, бiрде қырлы болып келетiн елсiз даладағы соқпақты жолда үнемi желiп жүруге астындағы аттың жарамасы анық. Оның үстiне жер бетiн тастай қараңғылығымен тұмшалай бастаған түнде ой-шұңқырды бағамдау да қиын. Осы жасына дейiн талай айсыз түндерде дала кезiп, кәнiгi баукеспе атанып үлгерсе де, дәл мынау жолмен бұрын-соңды жүрiп көрген емес. Сонда да болса, бағана жарық кезде “осылай тура кете берсем, межелi жерiмнiң үстiнен түсермiн” деп атының басын бұрып алған бағыттан айнымай жай аяңмен тоқтаусыз жүре бердi. Екi сағаттай жүрiстен соң ой



мен жотасы кезек-кезек алмасып жатқан жолдың кедiр-бұдырын өзi аңдап, бiрқалыпты баяу жүрiспен келе жатқан қарагер ат осқырынып, қалт тұра қалды. Содан соң екi аяғын жоғары көтере тебiнiп, ащы дауыспен қатты кiсiнедi. Сүлеймен бұл аттың өзiне бiр қауiп төнгенде осылайша осқырынып, тебiнiп белгi беретiн мiнезiне әбден үйренген-тiн. Сондықтан да тебiне жер тарпи жөнелген қарагердiң мына қылығынан кейiн “не пәле жақындап келе жатыр бiзге” деп, жан-жағына алақтай қарады. Алайда тесiле қарап, төңiрекке қаншама үңiлсе де, көрдей боп тұтасқан қараңғылықтан ешнәрсе көре алмады. Қарагер болса, одан бетер жұлқынып, бiр орнында шыр айнала бастады. Сүлеймен жүгендi тартып, оны тоқтатпаққа қанша әрекеттенсе де, ауыздығын қарс- қарс шайнаған ол, бiр сәт тыншымады. Қолындағы қамшысын бағана орысты өлтiрген жерде қалдырып кеткен. Сүлеймен шылбырдың бiр ұшымен оның сауырын сабалады. Дегенмен ат сауырына тиген соққыны елемей, алға қарай бiр аттам да баспай, шыр көбелек айналуын тоқтатпай аласұрды. Әлден соң “бiзге төнген қауiптiң қандай екенiн өзiң байқа” дегендей, қарагер бiраз тыншыды. Ер үстiнде жайбарақат отырған Сүлеймен айналасына тағы да үңiлдi. Жаңа аттың жердi дүрсiлдеткенiнен естiмептi. Ендi байқаса, тура алдынан қорқынышты бiр ырыл естiлiп тұр. “Бұл ненiң дауысы?” деп ат үстiнде еңкейiп, ырыл шыққан жаққа тесiрейе қарады. Қарсы алдында әлдененiң екi көзi шоқтай жанып тұр. Қараңғылықты жарып тұрған сол екi шоқ бiресе оң жаққа, бiресе сол жаққа қозғалып-қозғалып қояды. “Қас-қыр. Бұл пәле жалғыз ба, әлде екi-үшеу ме?” — деп айналасына бiр-бiр қарап қойды. Сөйтсе, әлгiндей шоқты көздердiң бiрнешеуi жан-жағын қоршап тұр. Құдай ұрғанда, мұның қолында не сойыл, не қылыш жоқ. Адам болса, жалаң қолмен-ақ айқасуға болар едi. Ал мына айдаладағы азулы бөрiлерге қарусыз не қайран қылмақ?

Осылайша, аз мезет шарасыз халде тұрғанда, есiне



қонышындағы екi жүздi қанжары түстi. Бiрақ ат үстiнде отырып, қысқа қанжармен жердегi желаяқ бөрiлерге не iстей аласың. Қапелiмде олар бәрi бiрден атқа жабыла кетсе, халi мүшкiл болатынын сезген ол, жалма-жан қонышындағы қанжарын суырып, ат үстiнен түстi. Егер қасқырлар өздерiне қарай

атылатындай болса, қанжарымен қарсы алмақ. Бөрiлер бұның жерге түскенiн көрiп, “ендi бұған ауыз салу оңай” дегендей, бәрi қосыла ұли жөнелдi. Қарагер ат Сүлейменнiң иығына басын тақап, тырп етпей, қорс-қорс етiп тұр. Аздан кейiн қасқырлар ұлуын сап доғарды да, шоқ көздерiн жылтыратып, бұларды айнала жүре бастады. Олар Сүлеймендi мазақ еткендей, ұзақ айналшықтады. Одан соң бәрi қаз-қатар тұра қалды. Оттай жарқырап тұрған көздердiң саны оннан асады. Нақ осы сәтте: “Қорықпа, балам, бұлар аңның бөрiсi болса, сен адамның арыстанысың. Бiреуiн жарақаттасаң болды, қалғандары тым-тырақай қашады”, — деп тура құлақ түбiнен бiреу сыбырлады. Сүлеймен сыбыр шыққан жаққа жалт бұрылды. Қарагер аттың арғы шетiнде қараңғы түнде сұлбасы анық көрiнiп, бiр атты кiсi тұр. Осы жасқа дейiн жүрегi дiр етiп, бiр рет қорқып көрмеген Сүлеймен оған көзi түсiп кеткенде тұла-бойы мұздап қоя бердi. “А, а, сен кiмсiң?” — дедi сасқалақтап, дауысын көтере. Алайда анау кiсi бұған жауап қатпады. Бет-аузын аппақ, ұзын түк басқан ол, күлгендей сыңай танытты да қараңғылыққа бiрте-бiрте сiңiп ұзап кеттi. Сүлеймен “бұл кiм?” деп ойлағанша, алдындағы қасқырлар қайтадан үрейлi дауыстарын шығара ырылдады. Содан әлгi кiсi жайында ойлауға да мұршасы келмей, басын қасқырлар жаққа бұра бергенi сол едi, олардың бiрi арс етiп бұған атылды. Екi отты көзiнен басқа денесi тұтас қаптай болып көрiнiп келе жатқан оны сол қолымен қағып жiбердi де, оң қолындағы қанжарды тiктей жұмсады. Қанжар оның денесiне кiрш еттi. Анау пәле қыңсылағандай ащы бiр дауыс шығарды да, жерге топ етiп сұлап түстi. Ол атылғанда кейiн шегiншектеп кеткен қарагер осы сәтте шыңғыра кiсiнеп, алдыңғы екi аяғын көтерiп тұрып, жерде жатқан оны жанши тептi.

Қасқыр дыбыс шығаруға шамасы келмедi. Оны оңай жайратқан

Сүлеймен олардың тағы бiрi келiп қала ма деп шегiншектей бергенде, екiншi қасқыр сұмдық жылдамдықпен атылып кеп, мұны кеудесiмен бiр соқты. Сәтiн салғанда, Сүлеймен құламады. Қайта шап етiп, қасқырдың алқымынан ұстай алды. Сүлейменнен мұншалықты ептiлiктi күтпеген қасқыр, артқы екi аяғымен жер тiреп, тыпырлады да қалды. Дем шығарар мезгiл кешiксе,

өзiне тағы бiр қасқырдың жабыса кететiнiн бiлген Сүлеймен, оң қолындағы қанжарын оның қарын тұсына екi рет сұғып- сұғып жiбердi. Бөрi жерге сылқ еттi. Оны тастай салып: “Тағы қай жағымнан келедi екен?” деп айналасына алақтай қараса, қарагер ат үш-төрт қасқырдың ортасында алақұйын болып тебiнiп жүр екен. Мұны көрген Сүлеймен жер-дүниенi көшiре, бар даусымен ақырып, оларға ұмтылды. Қасқырлар түнгi даланы дiрiлдетiп жiберген сұмдық дау-ыстан шошынды ма, жоқ әлде екi серiгiнен айырылған соң бұлармен арпалысуға батпады ма, әйтеуiр, әп-сәтте жылыс-тап, қараңғылыққа сiңiп, жоқ болды. Сүлеймен атының жанына жүгiре барып: “Жарадың, қарагерiм! Сен болмағанда бұлардың бәрi маған бiрден жабылып, жүндей түтiп тастар едi”, — деп күбiрлей оның мойнынан құшақтады. (Алайда дәл қазiр Сүлеймен қарагердiң тек бүгiн ғана емес, алдағы уақыттарда да талай рет небiр үрейлi қауiптердi алдын- ала ескертiп, олардан өзiн құтқарып алатынын бiлген жоқ. Тiптi бұл аттың жылқы iшiнде сирек кездесетiн ерекше мiнездi жануар екенiне де көзi жеткенше әлi талай уақыт бар-тын…) Қарагер ат та аман қалғандарына шаттан-ғандай, Сүлейменнiң иығын тұмсығымен сипап-сипап қойды.


    • Ал, қарагерiм. Бүгiн түнде екеумiз үшiн ең қауiптi жаулардан

құтылдық. Ендi таң атқанша, осы жапан далада түнеп шығайық.

Сөйттi де оның тартпасын босатып, ауыздығын алды. Бiрақ шiдерлеген жоқ. Себебi қарагердiң өзiн тастап кетпейтiнiн бiледi. Ауыздығынан босанған қарагер бiрден жер иiскеп, шөпке бас қойды. Сүлеймен ердегi қоржынды алып жерге төседi де, үстiне жатты. Жата бергенде: “Айтпақшы, жаңағы қасқырлар шынымен өлдi ме? Өлмей, жәй жарақаттанып қалса, кек қайтармай тынбайтын азулы немелер жорғалап келiп, менi жарып тастап жүрмесiн”, — деп орнынан тұрып, анадай жерде теңкейiп- теңкейiп жатқан екi қасқырға таяды. Таяуын таянғанымен, тура қастарына бармады. Қасқырдың өлгенсiп, жанына барып қалған адам мен малға бiрден бас салатынын Сүлеймен жақсы бiледi. Сол үшiн де кейiн бұрылып атының жанына келдi. Ердiң үзеңгiсiмен қоса таралғысын шешiп, оң бiлегiне орап, қанжарын

сол қолына ұстап, жатқан қасқырға жақындады.

Еппен басып бергi жақтағысына таяп, үзеңгiмен оның басына бар күшпен бiр соқты. Соққының тарс еткен дыбысы шыққанымен, қасқыр тырс етiп, қимыл көрсетпедi. “Демек, мұнысы өлiп қалған екен” деп, екiншiсiне жақындай бергенде, ол арс етiп, өзiне таяған Сүлейменге атылмақ болып әрекеттендi. Дегенмен қарнынан сұғылған қанжар жарақаты бойын түзеуге шамасын келтiрмей, бүктелген күйi бiр аунады да, ырылдап айбат шектi. Сүлеймен оны үзеңгiмен аямай екi рет ұрды. Қасқыр қорылдап барып, жан тәсiлiм қылды. Олардың ендi шын өлгенiне көзi жеткен Сүлеймен атының жанына барып, оның ерiн шештi де тоқымдарын жерге жайды. Ердi жастанып жата кеткенiмен, алғаш рет жапан далада жалғыз қалғандықтан ба, тез ұйықтай алмады. Есiне бағана өзi өлтiрген орыстың попы түстi. “Ит, кәпiр- ай, жанындағы арсалаңдаған ит секiлдi мас жiгiттерiнiң сөзiн сөйлеп, өзiме тиiспегенде, ажал таппас едi-ау. Өзiнен болды. Несi бар, жынымды қоздырып. Титтей де обал жоқ өлiмiне. Бұдан былай қалғандары қазақтарға тиiспей жүретiн болады. Соның кесiрiнен Ордабекке бара алмай, екi өлi қасқырдың жанында жатысым мынау айдалада. Осыдан поптың адамдары ауылыма барып, лаң салатын болсыншы, Топыш пен Қасқабайды ертiп келiп, түн iшiнде ойрандарын шығарып кетейiн.

Айтпақшы, мына қасқырлардың қоршауында тұрғанда көзiме

көрiнген кiсi кiм болды? Шайтан болса да, әйтеуiр бейне- сұлбасы маған таныс сияқты. Бұрын да бiр жерден көрдiм ғой оны. Астындағы ақбоз арғымақты да көргем. Құдай-ау, қай жерде көрдiм… Иә, иә, ендi есiме түстi. Билiкөлдегi Керiмбай болыстың тойында орыспен күресiп жатқанымда, ол маған бiр көрiнiп, дем берiп кеткен жоқ па едi? Япыр-ау, ол қайбiр жылы Шыршыққа бара жатқанда «Әулиетас» үңгiрiнде шешеммен бiрге түсiме кiрген кiсi емес пе? Бiрде түсiмде, бiрде өңiмде көрiнетiн оның кiм болғаны? Ауылдағы Сұлтан атаның iнiсi Достай қария: “Бая- ғыда Төле бабаның жаны қысылған шағында қасына келiп, дем берiп, желеп-жебеп жүретiн ақбоз атты, қара сақалды әруақ-кiсiсi болған екен. Ылғи аттан түспей жүретiн жарықтық сол әруақ кiсi Төле өлген соң, одан тараған ұрпақтарды айналшықтап жүрген тәрiздi. Кезiнде ол Қожамжар мен Шойбек датқаға да ауық-

ауық көрiнiптi. Шойбек дат-қадан соң бiреуге көрiнiптi дегендi әзiрше естiгенiм жоқ. Бiрақ қай уақытта болса да, түбi Төледен өрбiгендердiң iшiнде елден ерек шыққан бiреуге оның көрiнуi бек мүмкiн», — деп айтып отырушы едi. Бiр рет күресте, бiр рет жаңа қасқырлар қоршауында қалып, жаным қатты қысылғанда, өзiме демеу көрсетiп кеткен ол, Достай қария айтатын баяғы Төле бабамның әруақ-кiсiсi ме екен? Бiрақ мен күллi қазақты бiр ауыз сөзбен тоқтатқан Төле де, өмiр бойы Қоқан ханына дес бермей, қалың қаңлы, сондай-ақ сiргелi мен дулаттың қақ жарым жұртын Шыршық пен Дүрменнен берi қарай көшiрiп әкеткен Қожамжар мен Шойбек те емеспiн ғой. Бар болғаны Досалы мен Көбектiң ұрысы атанып, өзiме тиiскендердi жер жастандырған бұзық қанамын…”

Сүлеймен осылай ойланып жатып, ұйықтап кеттi.


III

Көзi бiр iлiнсе, Сүлейменнiң тырп етпей, қатты ұйықтайтын әдетi бар. Әдетте, жылқы басында болсын, үйiнде болсын, таңертең оны серiктерi әзер оятатын. Айдалада екенi есiнен шыққан ол, осы жолы да әлдекiмнiң иығынан қатты түртiп жатқанына қарамай, қолын бiр сiлтеп қойып, тұрмай жата бердi. Бiрақ әлгi бiреу бiресе иегiнен, бiресе иығынан қайта-қайта түртiп, маза бермеген соң, ақырын көзiн ашты. Алғашқыда маңдай бетiнен шақырайып шығып тұрған күндi, сосын өзiн тұмсығымен оятып тұрған атын көрдi. Қай жерде жатқанын ендi бағамдаған ол, орнынан атып тұрды. Күн ұлы сәскеге көтерiлiп қапты. Түнiмен қалың бозға тойған қарагер шөлдесе керек. Екi бүйiрi солқ кiрiп, бұған “жүрейiк” дегендей, басын шұлғып- шұлғып қояды. Есiне түндегi қасқырлар түсiп, олар жаққа қараса, жиырма қадамдай жерде екеуi теңкиiп-теңкиiп жатыр. Бұрын қасқырды алыстан көргенiмен мынадай жақындықта көрген емес. “Түрi қандай болады екен” деп, орнынан тұра сала, оларға қарай беттедi. Бергi жақта жатқанының басы есектiң басындай, ұзындығы есiк пен төрдей нән арлан қасқыр екен. Аяқтары жуан. Тырнақтары сояудай, кеудесi кiшiгiрiм тананың кеудесiндей. Ал екiншiсi қаншық болса керек, одан кiшiлеу. Сүлеймен екi қасқырға қарап, олардың түнде өзiнен қалай жеңiлiп қалғанына таң қалды. Бұл арлан кеудесiмен соқса, адам түгiлi онша-мұнша жылқының өзi ұшып түсерi хақ. Түнде ұялас қасқырлардың осы басшысы мерт болған соң, басқалары қаша жөнелген. Әйтпесе,

бұл тiрi болғанда, Сүлейменнiң қазiр аман тұруы неғайбыл едi. Сүлеймен олардың терiсiн сыпырып алуға оңтайланып тұрды да, ол ойынан бас тартты. Керi бұрылып атына барды. Оны ерттеп, сонау пәсте, көз ұшында көрiнген Жылыбұлаққа қарай

жолға түстi.



Сүлеймен Жылыбұлаққа жеткенде, Топыш бiр топ жiгiттерiмен Қасқабайдың үйiнде бозаға бөгiп отыр едi. Қасқабайдың үйi ауыл шетiнде болғандықтан Сүлеймен тура осында ат басын тiреген- дi. Есiк алдында шотпен ер қашап отырған бiр бозбала үй маңына келген мұны көрiп, орнынан ұшып тұрды. Бозбала “мынау адам

ба, әлде дию ма?” дегендей, Сүлейменге таңырқай сәл абдырап тұрып:



    • Ассалаумағалейкум, — деп даусы шығар-шықпас дыбыспен сәлем бердi.

    • Аман ба, бала?! Мен жаза баспасам, Қасқабайдың үйi осы ғой, ә?

Оның гүжiлдеп шыққан үнiнен бозбала одан сайын үрейленгендей, артқа қарай шегiншектедi.

    • Осы, осы.

    • Қасқабай үйде ме?

    • Үйде. Қазiр, көке, — деген ол “шақыр” деген сөздi күтпей, үйге қарай жүгiрiдi.

Үйге үрейлi реңмен жүгiрiп кiрген iнiсiне Қасқабай:

    • Әй, жаудан қашқандай, не болды, соншама тапырақтап?

Бiреу келдi ме? — дедi.

    • Иә, — дедi бала ентiге, Сүлеймен өзiн өкшелеп қуып келгендей артына бiр қарап қойып. — Бiр дә-ә-әу, өзi қап-қара, көздерi құтырған бұқаның көзiндей қып-қызыл, саусақтары мына шоттың сабынан жуан, еңгезердей бейтаныс кiсi келiп тұр. Мiнген аты да әйдiк. Сiздi “үйде ме?” деп сұрады.

    • Бұл өңiрде түрiнен адам шошитын дәу жоқ едi ғой. Кiм болды екен ол? Құдай ұрып, бiз барымта жасайтын Сырдағы қоңыраттардан бiр қарақшы келiп тұрған жоқ па? Нұржан болыстың өлiмiнен кейiн өз үйiңнiң алдында-ақ талай нәрсенi күтуге тура келедi-ау. Жүрiңдер, көрейiкшi кiм екенiн. Топыш, Елеусiн, бәрiң қанжарларыңды белдерiңе қыстырып алыңдар. Кiм бiледi, қазiр не болатынын… — деп Қасқабай боза басында отырған бар жiгiтiн ертiп тыс-қа шықты.

Бұл кезде Сүлеймен аттан түсiп, шылбырын ағашқа байлап жатқан. Есiктен топырлап шыққан жiгiттердi көрген ол:

    • Әй, Қасқабай, жалғыз шығуға қорқып, жайдақтың бар бетке ұстар жiгiттерiн артыңа шұбыртып келе жатқаның қалай? Әлде болыс атаңды атқан қарақшы “маған да келiп қалды ма?” деп зәрең кеттi ме? — дедi ыржия күлiп.

    • Уа, пәлi-i. Ойбай, “ойда-жоқта келген дос ақылыңды ойран етер” дегендей, атан бурадай күдiрейiп, арыстандай күжiрейiп қайдан сап ете қалдың мұнда? — деп Қасқабай жүгiрiп барып, Сүлеймендi құшақтады.

Қасқабайдан кейiн Топыш жабысты оған. Өз ауылдарының дәулерi есептелiнетiн ол екеуi Сүлейменнiң жанында баладай

ғана болып қалғандарына таңданысқан басқа жiгiттер: “Мына бiр диюдай адам бұлардың қандай таныстары екен?” десiп, есiк алдында топырлап тұр. Топыш пен Қасқабай кезек-кезек сөйлеп, жағдай сұрасты. Топыш жiгiттерiне бұрылды:



    • Ей, келiңдер мұнда. Бiздiң айтып жүрген Сүлеймен дегенiмiз осы. Амандассаңдаршы келiп. Неге қақшиыпқалдыңдар?

    • Ә, Сүлеймен деген осы екен ғой, — дескен олар шетiнен оған жақындап, амандасты. Амандасып болғасын, Топыш пен Қасқабай Сүлейменнiң екi қолтығынан ала үйге қарай жүрдi. “Алыстан келген қонақсың ғой”, — деп оны төрге жайғастырды. Содан бiр-бiрiнiң елдерiнiң амандығын сұрастырып, тағы басқа әңгiмелер айтып, бiрқыдыру уақыт отырды.

Сүлеймен жылы бозаның бiр кесесiнен соң бiр кесесiн iшiп, ара-арасында нан мен еттi де қарпып жеп, тойынып қалды. Күн бесiнге таянғанда басқа жiгiттер тарай бастады.

    • Иә, Сүлеймен, бұрындары ылғи жорық үстiнде жолығып жүрсек те, әлi бiр рет дастархан басында жайланып кең отырмаппыз. Дала кезген бөрiдей айдалада оқтын-оқтын кездесiп, хал-жағдайдан артық ахуалды сұрастырмасақ та, бiр-бiрiмiздiң сырымызды айтыспай-ақ ұғысатын сыралғы жандармыз ғой. “Жол болсын” айту бiзден, “әлей болсын” сенен. Көздерiңе қарасам, келiсiң тегiн емес-ау. Сырың болса, iшiңде бықсытпай, көсеу сап, түрте отыр, — дедi сөзге шешен Қасқабай.

    • Бiздiң ауылдағы сөйлеп кеп берсе, ағын судай тоқтау-

ды бiлмейтiн, жөн мен жосыққа, шежiре мен нақылға жүйрiк, көкiрегi дария Достай деген атам: “Басыңа iс түскенде өзiңмен көңiлi теңдес, жүрегi шендес адам ғана саған қорған болуға лайық”, — деп айтып отырушы едi. Менiң тегiн келмегенiмдi сен дұрыс байқадың, Қасқабай. Басына қауiп төнбеген адам тау- тасты жолды түнде кезiп, қасқырлардың қоршауында қалып, елсiз айдалада түнеушi ме едi. Бiр орыстың попын өлтiрiп, ағайынға ауырлық, туысыма дау салдырмайын, қазiрше елден жырақта бола тұрайын деген оймен екеуiңдi паналап келiп отырмын.

Бұдан кейiн попты қалай өлтiргенi, түндегi қасқырлармен қалай алысқаны туралы тәптiштей әңгiмелеп бердi. Топыш пен Қасқабай оның сөзiн бөлмей, үнсiз тыңдады.



    • Кәпiрге көр құштырғаның өкiнiш емес. Сонда да болса, бұрынғы да, мынау орнап жатқан жаңа өкiмет те, сол орыстарға бiр бүйрегi бұрып тұратыны ақиқат. Қашан да кiсi өлiмi ауыр

айып. Солай бола тұра, “оны мен өлтiрмесем, ол менi өлтiретiн едi” деп ғадiлдiк пен хақтықты айтып, ешкiмдi иландыра алмайсың бәрiбiр. Сол үшiн де ол жақтан кеше кетiп қалғаның тәуiр болған. Мұнда сенi паналатуға бiз жараймыз.

    • Онда тағы арыз-тiлегiм бар сендерге. Осы екеуiңнiң бiрiң бiздiң елге барып, ауыл ауанын, Досалы мен Ордабектiң ахуалын бiлiп қайтыңдаршы. Орыстар менi iздестiрiп жат-қан жоқ па екен? Егер кәпiрлер ауылыма барып лаң салатындай болса, оларды кiм басқарып жүргенiн анықтасаңдар. Кейiн бiр түнде барып, белсендiсiнiң белiн сындырып қайтайық.

    • Ол жаққа Топыш барып қайтсын.

    • Барайын, — дедi Топыш сөзге келмей.

    • Онда жаныңа бiреудi ертiп, ертең аттан.

    • Жарайды, жаныма Елеусiндi ертем.

Ертесiне Топыш пен Елеусiн аттанып кеттi. Содан оныншы күн дегенде қайта келдi.

    • Қалай, ат-көлiктерiң аман келдiңдер ме? — деп қарсы алды ол екеуiн Сүлеймен мен Қасқабай.

    • О, Сүлеймен, жаңа мансабың құтты болсын, — дедi Топыш ыржия аттан түсiп жатып.

    • Мансабы несi?

    • Саған елiңдегiлер “қарақшы” деп ат қойып алыпты.

    • Әй, әй, түсiндiрiп айтшы. Кiм менi бұлай атап жүрген?

    • Мен ұзақ жолдан атсоқты боп, шаршап келiп тұрмын. Талған тiземдi ауырсына басып, қаздиып тұрып әңгiмемдi айтпайтын шығармын. Үйге кiрейiк те. Әмбе хабар, дұғай сәлем- сауқат содан кейiн-ақ айтыла берер.

Қымыз iшiп, көңiлi жайланған Топыш әңгiме айтуға кiрiстi. Оның айтуынша, поптың өлiмi кәпiрлердi қатты дүрлiктiрiптi. Бұлар Ордабектiң ауылына жеткен күнi орыстың да бiр топ адамдары болысқа келiп, “Сүлеймендi тауып бер” деп дау салыпты. Орысшаға жүйрiк шодыр мiнез Ноғай, мiлисалығын пайдаланып: “Сүлеймен мұнда келген жоқ. Оған тиiссеңдер, тағы бiреуiңдi өлтiредi”, — деп оларға ұрсып-ұрсып қайтарып жiберiптi. Қайтарғанда жәй қайтармапты. Қасындағы өзi секiлдi қызыл киiмдi сарбазды жұмсап, орыстардың иықтарына асынған мылтықтарын тартып алыпты. Орыстар болса: “Шымқаладағы

жаңа өкiметтiң ұлығына барып арыз айтамыз”, — десiп кетiптi. Сенiң бұл жерде екендiгiңдi естiген Ноғай: “Ол бала сендерге қарай бек жақсы кеткен екен. Әзiрше мына доңыз етiн жегiш кiсәпiр кәпiрлердiң шуы тиылғанша, сол жақта жүре тұрсын. Кейiн өзiм хабар айтып, елге алдырамын”, — дедi. Одан соң Досекеңе бардық. Би де сенiң қылығыңнан хабардар екен. Ол да Ноғайдың сөзiн жөн көрiп отыр. Өзi мына өкiметтiң аяқ алысынан секемдi тәрiздi. Керегетас маңындағы Айтас үстiнде Кендiр мен Әрiпбайға да жолықтық. Саған көп сәлем айтты.



    • Сен бiр нәрсенi айтпай кеттiң ғой. Жаңағы менi “қарақшы” деп жүрген кiмдер екен?

    • Сенiң кiм екенiңдi әбден бiлiп алған орыстар ғой, бұл атты саған берген. Өзiңдей атағы бар жiгiтке берiлген ат дереу ел iшiне тарап кетедi де. Әзiрдiң өзiнде-ақ, сенi “Сүлеймен қарақшы” деп атап жүрген талай қазақты кездестiрдiк.

Сүлеймен бұған iштей намыстанды. “Тау тесер ғадiлдiк айтсам да, тас кесер жауыздық жасасам да, бұл жұртқа жақпадым”,

  • деушi едi Досалы би. Сол айтпақшы, маған қарақшы деген лауазымды бергендердiң, Құдай бiледi, көбiсi мен танымайды да. Соны айтқан адамды көзiммен көрсем ғой, буындырып өлтiрер едiм. Ал содан кейiн “қарақшы” деп атай берсiн. О, несi ей, мен өлтiрсем, өзiме қол қатқан дұшпанды, намысымды таптаған попты өлтiрдiм. Күйiгi iштерiне сыймаған орыстар айтты деп, мен әмбе жұрт “қарақшы” атай бастағаны қалай…”

    • Соншама неге қабағыңа қар жауып кеттi, Сүлеймен? Жұрт өзiңдi “қарақшы” десе, дей берсiн. Бұған қатуланып, налыма. Ел айтса, сенiң елден ерекшелiгiңдi, түр-тұлғаң мен батырлығыңды дәрiптеп, өз бағасын осындай шолақ атау арқылы бiлдiргенi де. Мұндай атаққа бiздiң өлкеде баяғыда өткен Тұрап пен Сеңгiрден басқа ешкiм жеткен емес. Бiле бiлсең “қарақшы” деген ат екiнiң бiрiне берiлмейдi, — дедi Қасқабай мұның тұнжырап қалғанын көрiп.

“Батыр аңғал келедi” дегендей, Сүлеймен осы сөзден кейiн лезде жадырап сала бердi.

    • Иә, басқа қандай жаңалықтар бар екен? Айта отыр.

Топыш тағы әлденелердi айтып, ұзақ сөйледi. Оған Елеусiн қосылып, әңгiме түннiң бiр уағына дейiн өрбiдi. Жiгiттер тарқар алдында Сүлеймен бүй дедi:

    • Әй, Топыш, Қасқабай. Менiң сендерге масыл болып жата бергенiм жараспас. Өз тамағымды өзiм табуға әрекет жасайын. Сондықтан да сендерге бiр нәрсе айтайын. Өздерiң де қысқы суықта мұз шайнап, жазғы аптапта шөп сауып, қараңғылықты жолдас, қапасты дос қылып, түн жортқан жансыңдар ғой. Осы жолы маған iлессеңдер де, iлеспесеңдер де ықтияр өздерiңде. Еркiлерiңнен тыс қинау жоқ. Мен сонау Шыршықтағы Елсапаға кетсем бе деймiн. Ақыры қазiрше елге қайтпаймын. Бұған қалай қарайсыңдар?

    • Сенi жалғыз жiберiп, жын ұрып па бiздi? Бүйтсек, саған деген ақ жүрегiмiз қайда? Елсапа барымташыны көрмесек те, сырттай бiлемiз. Бiз сенiмен бiргемiз, Сүлеймен, — дедi Қасқабай.

    • Олай болса, ертең кешке аттанайық. Тобымызға басқа ешкiмдi қоспай-ақ қоялық. Осы төртеумiз де жетемiз.

Бәрi осыған келiсiп тарасты. Топыш пен Елеусiн кеткен соң Сүлеймен дейтiн атына “қарақшы” деген жаңа лақапты қосып алған ол, Қасқабайдың әйелi салып берген қалың төсектiң жастығына басы тиiсiмен-ақ қор етiп, ұйқыға батты.

Ертесiне қасына жаңа серiктер ерткен Сүлеймен бесiн ауа Жылыбұлақтан Шыршыққа қарай аттанды. Олар Қақпақ пен Қосмоланы айналып өтiп, Аюбас жонын баса, екi күнде Шыршық жағасындағы Қайыршақты жырасына жеттi. Ары қарай Өлеңтi ойпатындағы Елсапа ауылына түстi. Елсапа ауылында жоқ екен. Өкiмет ауысқалы берi көлденең көк аттыдан секемденетiн Елсапаның туыстары “бұлар қайдан келген адамдар?” дегендей, оның қайда екендiгiн ашып айта қоймады. Тек Елсапаның iнiсi Нұрсапа ғана Сүлейменнiң кiм екенiн бiлген соң:



    • Баяғыдай бес қаруларыңды сайланып, асу-асу белдерден өтiп келе беретiн әдеттерiңдi әлi тастамапсыңдар-ау, ә. Әлде сендердiң елдерiңде жаңа өкiмет әлi орнай қоймаған ба? Бiзде ол әбден күшiне мiнiп, Ташкеннен берi қарай дүркiн-дүркiн әскерiн аттандырып, жұрттың зәресiн алып бiттi. Сол құрғыр әскер “кiм бай, кiм ұры” десе болды, бәрiн қамап, соттап, құртып тынды.

Тықырдың өзiне де таянғанын бiлген Елсапа көкем ауылдан қашып кеттi. Жарты жылдан берi ол сонау Құрама асуында тығылып, жаңа өкiметпен соғысып жатқан өзбектермен бiрге. Мына қызыл киiмдiлер оларды “басмашы” деп жүр ғой, — дедi.

    • “Басмаш” дейсiң бе, “басмашы” дейсiң бе, әлгi қызылдармен соғысып жүргендер тек өзбектер ғана ма екен? Елекең оларды онша жақтыра қоймаушы едi, ендi келiп, өзбектерге қалайша қосыла қалды? — дедi Сүлеймен.

    • Олардың арасында қазағы да, тәжiгi де, қырғызы да барға ұқсайды. Бiрақ басмашыларды басқарып жүрген түбi — қыпшақ, қазiр өзбек болып кеткен Қоратай деген адам екен. Оны “құрбашы” деп атайды екен.

    • Сен маған ендi нақтырақ айтшы. Елекеңдi таудың қай қуысынан табуыма болады?

    • Олардың тау қуысының қай жерiнде тығылғанын итiм бiлiп пе? Атты адамға үш-төрт күндiк жол болатын Құрама асуында не көп — үңгiр мен шатқал көп. Бәлкiм олар қырғыз асуында жатқан болар. Естуiмiзше, басмашылар топ-топқа бөлiнедi екен. Әрқайсысында Қоратай секiлдi бiр-бiр құрбашылары бар дейдi. Iздесең, алдымен Қоратайды iзде. Одан соң Елсапаны оңай табасың. Сен немене, шынымен-ақ сол жаққа бармақсың ба? Жол-жолдың бәрiн қызыл киiмдiлер торып жүр. Ұсталсаң, сөзге келмей ата салады.

    • Барам, ердей тау асып келгенде, Елекеңдi бiр көрмей қайтпаймын.

    • Ол жақта не бар саған, Сүлеймен? “Көрмеген жердiң ой- шұңқыры көп” деген. Әрi мынау Нұрсапа айтпақшы, жол торып жүрген қызылдардың көзiне түсiп қалсаң, айтқан жерден аулақ, басыңа құран оқитын кiсi де табылмай қалар.

    • Шынында, өзiң бұрын көрмеген жерге барудың не қажетi бар? Бұған қоса, ол жақ елi көп, тегiс дала да емес. Елсапаны қай құздан, қай шатқалдан iздеп әуреленесiң? Қой, бiзбен бiрге қайта елге жүр. Бiр қыс бiздiң ауылда қыстасаң болды, көктемге салым елiңе қайтарсың, — дедi Топыш та Қасқабайды қостап.

    • Жоқ, әзiрше Сүлеймен алған бетiнен қайтқан емес. Алдымнан кездесер қиындық мен үшiн қатер емес. Барам деген соң барам, Елекеңе. Оны таппай қоймаспын.

Қасқабай мен Топыш қайта сөйлемедi. Сүлейменнiң алған бетiнен қайтпайтынын олар бiледi.

    • “Серiгiн жарты жолда тастамас болар” деген. Осынша жерге бiрге келдiк қой. Елекең жаққа да бiрге барайық. Не

көрсек те, бiрге көрейiк.

    • Әй, Қасқабай-ай, “қыран жеке ұшады, сырттан жал-ғыз жортады” дегендi бiлмеушi ме едiң? Өздерiңдi зорлап, маған ермей-ақ қойыңдар. Көп болсақ, көзге түсуiмiз оңай. Кей сапарда жалғыз ат, сабау қамшылы жүрiс пайда әкелетiнiн сен менен гөрi жақсы бiлесiң. Осы жерге дейiн менiмен бiрге келгендерiңе бек разымын. Сендерге қайтуға ұлықсат. Жолдарың болсын!

Бiрбеткей Сүлейменге қарсы уәж айта алмаған үшеуi аттарының басын кейiн бұрды. Сүлеймен болса, Нұрсапаның үйiне бiр күн қонып, ертесiне жолға шықты.

    • Былай қарай тура жүре берсең, Қызылбелдегi үңгiрге тап боласың. Үңгiр маңындағы қызылдардың әскерi тұруы мүмкiн. Олардың көзiне түспей, таң атқанға дейiн сол маңда аялда. Ары қарай құлама жарлы, терең шатқалды тау iшiне бiр кiрiп кетсең, олардан қауiп жоқ. Одан соңғы қауiп, сонда тығылған басмашылардан келуi мүмкiн. Егер Қоратайдың жiгiттерiнен басқа басмашыларға кездесiп қалсаң, ерегiсе берме. Адам өлтiрудi мал бауыздаған құрлы көрмейдi олар. Ал, ендi, Құдай алдыңнан жарылқасын. Сенiң ненi мақсат тұтып бара жатқаныңды бiлмесем де, әйтеуiр дiттеген жерiңе есен жет. Елекеңе бiздiң амандығымызды жеткiзiп, сәлем айтарсың, — дедi Нұрсапа оны шығарып саларда.

Шынында, алдынан кездесер қаншама қауiп-қатердiң барын бiле тұра, өзiне беймәлiм жолға, болашағы көмескi сапарға — Елсапаны табудан басқа ненi көксеп, ненi мақсат тұтып бара жатқанын Сүлейменнiң өзi де бiлмедi. Ат жалын тартып мiнгелi бiр жерде ұзақ уақыт тұра алмайтын дағдысы шығар, мұны мұндай сапарға итермелеген. Бәлкiм Қасқабай ауылында да, Нұрсапа елiнде де тыныш жата алмайтынын бiлген соң жолдан адасып, не

пәлеге ұшырасам да, әйтеуiр күнiм ат үстiнде өтсiн дегенi ме. Бұл жағын да ажырата алмады. Өмiрiнде бiрiншi рет жалғыз өзi сонау ықылым заманнан берi тек ұрылар мен қарақшылардың мекенi, қазiр де ылғи қандары қарайған баскесерлер жайлаған Құрама мен Шатқал тауларын бетке алып ұзақ жүрдi. Алғашқы күн түн ауғанша жүрiп, бiр тастың түбiне қонып шықты. Ертесiне жан- жағын қына-түксiз жалаңаш жартас қоршаған сайлы жолмен өрлей отырып, күн бесiнге таянғанда тегiс ойпаңға тұяқ iлiктiрдi. Мұнда келгенде “тау ендiгi бiткен шығар” деп ойлап едi. Қайдан. Қарсы алдында өркеш-өркеш шыңдары бiрiмен-бiрi жалғасып, созылған тау жатты. Кешегi Нұрсапаның «әр шатқалдың түбiнен қару асынған басмашылар шыға келуi мүмкiн» деген сөзi қайда? Қанша уақыт жүрсе де, ұшқан құстан басқа тiрi пенде кездеспедi. Сүлеймен ендi қайда қарап жүрерiн бiлмей, жан-жағына алақтап тұрғанда, тегiс ойпаңның шет жағындағы үшкiр тастың

тасасынан бiр адамның басы көрiнiп, артынша жоқ болды.



    • Ей, бұл кiм? Берi шықсайшы, — деп айқайлады Сүлеймен үшкiр тастан көз алмай.

Көрiнген, не жауап қатқан ешкiм болмады. Есесiне, қарагер ат жер тарпып, күркiрей кiсiнеп, тулап қоя бердi. Қарагердiң бекерден-бекерге бұлайша мазасызданбайтынын бiлетiн Сүлеймен, өздерiне бiр қауiптiң төнгенiн сездi. Сездi де тақымындағы сойылды сығымдай ұстап, үшкiр тасқа қарай жүрдi. Бес-алты қадамнан соң қарагер кiлт тоқтап, Сүлеймен қанша қамшыласа да алға жүрмедi. Атының бұл қылығынан кейiн ол “жаңағы көзiме көрiнген адам емес, сiрә, бiр аң болды- ау” деп ойлап үлгергенше, тас тасасынан қолдарында кезенген мылтықтары бар төрт кiсi шыға келдi. Оларды көрген қарагер ышқына тебiнiп, артқа айналды. Арт жақтан да сондай төрт кiсi қоршап келедi екен.

    • Ей, ей, кiмсiңдер сендер?

    • Аттан түс! — деп ақырды олардың бiрi. — Әйтпесе қақ маңдайыңнан бiр атып, домалатып түсiремiн.

    • Өй, мен Қоратай мен Елсапаны iздеп келе жатқан адаммын.

    • Сенiң кiм екенiңдi кейiн бiлермiз. Аюға ұқсап қонжимай, түс атыңнан деймiн.

Жайшылықта өз аулында болса, ананың бұлай сөйлегенi үшiн ат сауырына алып, өлiмшi етiп тастайтын едi. Ат шабар кең жазығы жоқ, оның үстiне кiлең мылтық кезенген адамдардан аз да болса сескенген Сүлеймен, айтқандарын iстеп, аттан түстi. Жерге аяғы тигенде әлгi кiсiлердiң бiрi жүгiрiп келдi де қарагердiң шылауына жармасып, оны әрiрек сүйреп әкеттi. Сүлеймен өңкей сақал-мұрты өскен, түрлерi қорқынышты мылтықты адамдардың қоршауында қалды. Олар өздерiнен әлдеқайда биiк, зор денелi мұны бiрден байлап тастауға жүрексiнгендей, бiраз тұрды.

    • Қайдан келе жатырсың?

    • Жаңа айттым ғой. Қоратай құрбашы мен Елсапа деген кiсiнi iздеп жүрмiн.

    • Қоратай бiзбен басы бiрiкпейтiн адам. Оның досы — бiзге жау. Қолыңдағы сойылды таста, — дедi жалпақ бет, шүңiрек көз, пұшық бiреуi. Сосын жанындағыларға ақырды: — Сендер неғып тұрсыңдар? Қол-аяғын байлаңдар мұның. Үңгiрге апарған соң кiм екенiн анықтармыз.

Оның қатарында тұрған жiңiшке бiреуi мылтығын ар-қасына асына салды да, белiндегi ораулы арқанды шешiп, Сүлейменге беттедi. Оның соңынан қалғандары iлестi. Осы күнге дейiн қол- аяқтарын бiреуге байлатпақ түгiлi басынан сөз асырмайтын Сүлеймен, мыналардың әрекеттерiн көрiп, сойылын оңтайлай көлденең ұстап, тiстене сөйледi:

    • Жақындап көрiңдер. Шеттерiңнен қырып саламын, түге. Атпақ түгiлi денемдi паршалап шауып тастасаңдар да, өзiмдi байлатпаспын сендерге.

    • Арқасына қамшы тимеген асау айғырдай құтырынған екен бұл қазақ. Жабылыңдар да жерге жығып, байлап тастаңдар. Жүдә болмаса, иттей қылып атып тастап кетемiз, — дедi пұшық тағы.

Алайда ол қанша ақырса да, жiгiттерi Сүлейменге бата алмай, оны айналшықтап жүрдi де алды. Бiр кезде қолындағы арқанның бiр ұшын салбырата айналдырып жүрген жiңiшке жiгiт айқайлап тұрып, жiбiн Сүлейменге қарай лақтырды. Нақ осы сәтте пұшық мылтығын аспанға қарай бiр атты. Мылтық даусы шыққан жаққа жалт қараған Сүлеймен, мойнына анау лақтырған арқанның қалайша орала кеткенiн сезбей де қалды.

Мұның мойнына орала кеткен арқанды көрген басмашылар бәрi бiрдей оған жабыла кеттi. Демде өзiне үйме-жүйме болып жабысқан үш-төртеудi заматта лақтырып үлгерген Сүлеймен, ендi мойнындағы арқанды сыпырып тастауға әрекеттендi. Бiрақ аналар қайта жабылып, ойындағысын iстеп үлгере алмады. Бiрi аяқтан, бiрi қолына жармасып, қалғандары Сүлейменнiң мойнындағы арқанның екiншi ұшын тарта бастады. Ойлары — қалайда мұны құлатып салу. Бiрақ олар арқанды бар күшпен тартқыласа да, Сүлеймен тырысып, құлай қоймады. Дегенмен екi қолымен өзiне жабысқандармен алысып, мойнындағы арқаннан босауға мұршасы келмеген ол, ақыры жерге етпеттей құлады. Сол мезет басмашылардың бiрi мылтықтың дүмiмен қарақұстан аямай бiр ұрды. Сүлеймен сонда да тыпырлап, қарсыласа түстi. Соққы екiншi рет тигенде, көз алды қарауытып, есеңгiредi. Осыны пайдаланған аналар қаруларымен мұны бас-көз демей төмпештеп бердi. Аяусыз соққыдан Сүлеймен бiрте-бiрте есiн жоғалтты…



Қанша уақыт өткенi белгiсiз, бiр уақытта көзiн ашса, қол-аяғы байлаулы. Анадайда жерде бiреулер күбiрлесiп сөйлесiп тұрған сияқты. Iсiп кеткен көздерiн әрең ашып, дауыс шыққан жаққа көз салса, жаңағы өзiн ұрып құлатқан басмашылар өзара сөйлесiп тұр екен. Сүлейменнiң қозғалақтап, өздерiне қарағанын байқаған бiрi:

    • Өй, мынау есiн жиды-ей, — деп айқайлады.

Бәрi Сүлейменге таяды. Жанындағыларға басшы болып жүрген пұшық бүй дедi:

    • Аяғын шешiңдер. Бiреуiң мұның атына мiнiп, өзiн сүйрете жетектеп жүрiңдер. Ауылында әркiмдi жеңiп, тым есiрiп кеткен дәу екен бұл. Қазiр үңгiрге жеткен соң, тағы жуасытып қояйық. Срайыл паруанашы бұған аяғын жалатып қойсын.

Үш-төртеуi Сүлеймендi басып тұрып, аяғындағы байлаулы арқанды шештi де орнынан тұрғызды. Қарагер атқа мiнiп алған бiреуi арқанның екiншi ұшын тақымына басып, үшкiр тасқа қарай желдiрдi. Алғашында Сүлеймен құлап қала жаздады. Содан соң аяқтарын қаттырақ басып, ат соңына iлестi.

    • Ей, жәй жүр. Бiз арттарыңнан iлесе алмай қаламыз, — деп айқайлады пұшық ат үстiндегi жiгiтiне.

Ол жүрiсiн баяулатқан кезде осыншама қырсыққа тап болғанына iштей нала болып, жарыла жаздаған Сүлеймен отыра кеттi. Арт жақта келе жатқандар: “Өй, неге отырасың? Тұр, тұр!”

  • деп мылтық ұңғысымен арқасынан түйгiштедi. Соққы жанына батқан ол орнынан тұрды:

    • Қанша қинасаңдар да, маған ешкiмнiң аяғын жалаттыра алмайсыңдар.

Қазiрше оның бұдан басқа амалы да жоқ-тын. “Не iстер екен? Бара көрейiн” деп ойлады ол. Бұлар үшкiр тасты айналып, шың етегiндегi жалғыз аяқ қуыс жолмен бiраз жүрген соң шығыс жаққа бұрылды. Жан-жағын көгерген қурай мен сасыр басқан тағы сондай жолмен әудем жер өткеннен кейiн бiр үлкен жартастың түбiндегi үңгiрге келiп тоқтады. Үңгiрдiң алды буалдыр, iштен түтiн шығып жатқан сияқты. Алдағы басмашы аттан түскенде, үңгiр iшiнен қарулы екi адам шықты. Бәрi де қазақ емес. Бiрақ қазақша таза сөйлейдi. Қалың қабақтары мен ойнақшыған көздерiне, қоңқиған мұрындарына қарағанда таулық сияқты. Жаңағы үңгiр iшiнен шыққан екеу мұның жанындағыларға бiрдеңе деп шүлдiрледi. Пұшық оларға жауап қатып, бәрi қарқылдай күлдi.

Күлiсiп болған басмашылар Сүлеймендi итерiп, үңгiр iшiне кiргiздi. Үңгiр дегенi — арғы жағы ашық, кең алаңқайлы шатқал екен. Шатқал iшiнде адам көп. Әр жерге тастан қалап, үстiн қамыспен жапқан бiрнеше тамдар тұр. Тамдар алдындағы ошақ басында пәрәнжi жамылған бес-алты әйел күйбеңдеп жүр. Сүлеймендi жетектеп алып келгендер, қолындағы байлауды шешпеген күйi үңгiрдiң оң жағындағы бiр үлкен тамға кiргiздi. Там iшiнде бес-алты кiсi отыр. Қақ төрде қара бурыл сақалы кеудесiне түскен бiр қария жантайып жатыр. Оның бер жағында сұрғылт жүзi зәрдей суық, шегiр көздерi от шашқан еңгезердей жiгiт жайғасыпты. Қалғандарының да түстерi, рең-әлпеттерi адам шошырлықтай. Бәрi “мынау қандай алып адам” дегендей, үнсiз Сүлейменге қарады. Әсiресе, анау еңгезердейi отты көздерiмен



Сүлейменнiң тұла бойын тiмiскелеп, алақ-жұлақ етедi. Әлден соң төрдегi қария орнынан көтерiлдi:

    • Қазақпысың? Ныспың кiм? Бұл жақта қайдан адасып жүрсiң?

Даусы қатынның даусындай жiп-жiңiшке екен. Сүлеймен жөнiн айтты. Қария бiраз ойланып отырды.

    • Бiз сенiң сөзiңе сенедi деп тұрмысың? Бүкiл Шыршық, Ғалабасай, Пiскент пен Бөкi, Қыбырайдаһәмкүллi Құрамаөңiрiнде сен сияқты дәу жiгiттi кездестiрген емеспiн. Кездестiрмесем де, есiтер едiм ғой. Сен, сiрә, Тәшкеннен қызылдар жұмсаған тыңшысың-ау. Түрiң басмашыға ұқсайды деп, олар сенi әдейi жiберген ғой, ә? Одан да жөнiңдi айт. Сонда тiрi қалдырамыз. Әйтпесе “батыр бiр оқтық” деген, қанша дәу болсаң да, сенi бiр атып өлтiре салу бiзге түк емес.

    • Қасарыспай, шыныңды айт. Әйтпесе, тура қазiр осы жерде атып тастаймын, — дедi шалдың жанында отырған әлгi суық жүздi еңгезердей кiсi наганын бұған қаратып.

    • Қоя тұр, Ибрагим. “Аюға әлiп үйреткен таяқ”. Бiр жұма зынданда жатып, бiздiң жiгiттердiң таяғын әбден жесiн. Одан кейiн өзi-ақ аяғымызға жығылады, — деп шал оның қолын төмен түсiрдi. Содан соң пұшыққа қарады: — Апарып, зынданға таста. Мұның еркiн саған бердiм. Бiр аптадан кейiн шынын айтпаса, анау апандағы аш қасқырлардың ортасына тастаймыз. Көптен берi олар кiсi етiн жемей, тiстерi қышыған болар. Өзi үш қасқыр тоятындай еттi, сүйектi екен.

Тамға сүйреп кiргiзген әлгiндегi басмашылар Сүлеймендi жабыла итермелеп, тысқа қайта шығарды. Сол күйлерi есiк алдындағы қаз-қатар тұрған ошақтарды айналып өтiп, дуалы таспен қаланған, кiшкене үйшiкке келдi. Тас дуалға арқасын сүйеп отырған екi мылтықты қарауыл бұларды көрiп, орындарынан ұшып тұрды:

    • Ә, тағы бiреудi әкелдiңдер ме?

Бұл үйшiк зынданға кiре берiс дәлiз екен. Дәлiздiң аузында есiк жоқ. Әлгi екеу бұлардан жауап күтпестен үйшiк бұрышындағы дуалға жабысқан бiр дәу тасты итерiп, сырғытты. Оларға Сүлейменнiң жанындағы тұрған бiр басмашы жәрдемдесiп,

дәу тасты үшеулеп әзер дегенде орнынан қозғады. Дәу тастың арғы жағы қап-қараңғы қуыс. Қарауылдың бiрi үйшiк басында үйiле, умаждалып жатқан арқан-сатыны жазып, қуыс iшiне қарай лақтырды.



    • Ал, мырзам, ендi сатымен төменге түс.

    • Алдымен мұның қолын шешейiк те. Дәулiк көрсетiп, алысатын болса, атып тастауға дайын тұрыңдар.

Пұшық Сүлейменнiң қолын шешiп жатқанда, басмашылар қаруларын оңтайлап, мұны көздеп, айнала қоршап тұрды. Сүлеймен шешуден босаған қолдарын сiлкiп-сiлкiп жiберiп, көрiнiп тұрған қараңғы қуысқа жақындады. “Алысқанмен пайда жоқ. Жазатайым атып тастаса, өлiгiм шың-құздың басында көмусiз қалар. Не болса да, қазiрше айтқандарына көнiп, ақырын күте тұрайын”.

Сөйттi де арқан-сатымен төменге түстi. Зындан түбi терең екен. Үш кiсi бойындай тереңге түскенде, табаны жерге тидi. Жоғарыдағы тесiктен түскен жарықтан байқады, апан түбiнде үрпиiсiп бес-алты кiсi отыр. Зындан қабырғасы таспен қаланғанын да байқады. Осы кезде:



    • Әй, түсiп болсаң жiбер арқанды, — деп айқайлады төбеден түсiп тұрған жарықты көлегейлей қуысқа басын тығып алған бiреу.

Сүлеймен қолын әлi арқаннан алған жоқ едi. Ананың айқайынан кейiн қырсығып, арқанды екi қолымен бiрдей ұстады. Анау арқанды жоғары тартқылап, әуреге түсiп-ақ жатыр.

    • Ей, сатыны жабылып тартайықшы. Жаңағы қазақ бiр шетiн ұстап жiбермей тұр, — дедi ол жанындағыларға.

Арқан-сатыға олардың нешеуi жабылғаны белгiсiз, бiрақ қаншама тартқыласа да, ештеңе өндiре алмады. Бұған ашуланған басмашылар Сүлеймендi балағаттап, “жiбер, жiбер” деп ауыздарына келгендерiн оттап жатыр.

    • Ағайын, арқанды жiбере сал. Әйтпесе төбемiзден тас жаудырып, бәрiмiздi быт-шыт қылады, — дедi апан түбiнде отырғандардың бiрi.

Осыны айтуы мұң екен, шынында төбеден қойдың басындай бiр тас апан түбiне дүңк еттi. Артынша екiншi тас

түстi.


    • Әкеңнiң көрiн… қазақ. Жiбер арқанды! Көнбесең, тас боран қылыпөлтiремiз...

Сүлеймен арқанды жiбердi. Сырттағылар оны тартып алған соң, манағы тасты жабыла итерiп, орнына қойды. Лезде зындан iшiн тас түнек жайлады. Бiр орнынан қозғалмаған Сүлеймен қайда жүрерiн, не iстерiн бiлмей, қалшиды.

    • Ағайын, берi жылжып, қысымызға кел, — дедi жаңағы дауыс түкпiр жақтан. — “Кемедегiнiң жаны бiр” деген. Бiз кемеде емеспiз, әрi оны көрген де жоқпыз. Дегенмен зынданда жанымыз бiр. Бiр түссе, бұл жерден тышқан да жорғалап шыға алмайды. Құдайдың басқа салғанын көрiп, отыра беруден басқа хайыл жоқ, қазiр.

    • Мына жер қап-қараңғы ғой. Қалай жетем сендерге?

    • Көзiңiз ештеңе көрмей тұр-ау, әлi. Оқасы жоқ. Ал мұндағы мұндарлардың бұл жерге көздерi үйренiп қалғандары қашан. Сiз де үйренерсiз. Құдай көздi қара қылып бергенi — қараңғылықты жат санамасын дегенi де. Берi, сол жағыңызға қарай жылжып, шеткi кiсiнiң жанына отыра қалыңыз. Бәрiбiр, бәрiмiз құмбыл болып отырған жарыққа таяу күндерi шығу жоқ, — дедi екiншi кiсi.

Сүлеймен солай қарай жылжыды. Дуал жағалай, бес-алты қадам жүргенде сол аяғы бiреудiң денесiне тидi.

    • Ақырын, езiп жiберерсiң, — деп шаңқ еттi анау.

Көзi түк көрмесе де адамдардың қатарына жеткенiн бiлген ол, арқасын дуалға сүйей, жүрелеп отырады.

    • Қайдан жүрген жiгiтсiң? Мыналардың қолына қалай тап болдың?

Сүлеймен басмашыларға айтқан жауабын бұларға да айтты. Бұлар басмашыларға ұқсап, мұның сөзiн бөлген де, сенбестiк танытып мысқылдаған да жоқ. Сөзiн аяқтап болғанда, бұдан атын, руын, ауылын сұрады. Осы кезде ғана Сүлейменнiң көздерi қараңғылыққа үйренiп, отырғандардың сұлбасын аңғара бастады. Отырғандардың саны жетеу екен. Бiрақ түрлерiн анықтап көре алмағандықтан, олардың жастарын шамалай алмады.

    • Иә, өздерiңдi тағдырдың қай желi айдап тықты бұл зынданға? Шыршықтың қазағымысыңдар, әлде маған ұқсап, алыстағы ауылдардан келдiңдер ме?

    • Сыр бойындағы — Қатағантөбеденбiз. Менiң атым

  • Төрегелдi. Мынау Салықбай деген бауырым. Екеумiз де қоңыраттың оразкелдiсiмiз. Ал бiзден кейiн отырған мына кiсiлердiң ныспылары — Аязбек, Сиязбек. Бұлар да бiзге туыс. Сырдағы алғи руынан. Өзiң жақта отырғандар Жызақ жерiндегi Құмшағыл деген елден. Аттары — Дөңбай, Түрке, Көкен. Сенiкi сияқты бiздiң де өмiрiмiз құм кешiп, сексеуiл паналап, қазақтың байларының малдарын, сарттың саудагерлерiнiң кiресiн тонап, қарақшылықпен өтiп жатқан жайы бар-тын. Мына бiр жаңа өкiмет келiп, құмның қай жотасына, даланың қай сайына тығылсақ та, тышқанды қуалаған мысықтай iзiмiзге түсiп алып, паналайтын апан қалдырмай, сансыратып жiбердi. Содан соң тауға қарай қашқанбыз. Шыршық үстiндегi Түлкiжортқанның сайында қытай асып, қашып бара жатқан бiр сарт тектес тәжiк байының дүние-мүлкiн тартып алып, Қоқанға қарай өтiп кетпек болғанымызда, мыналардың қолына түсiп қалдық. Өзiмiз тонаған тәжiк осы басмашылардың басшысы — Срайыл паруанашының туған ағасы екен. Малын тонаған бiздi бiрден ата салмай, мұнда неге қамап қойғанына таңым бар. Әлде, осылай жадатып-жүдетiп барып, өлтiрейiк дедi ме, қайдам.

    • Жатқандарыңа қанша мезгiл болды?

    • Күн санап, түндi түгендеуге бұл жерде мұрша бар деймiсiң. Күнiне бiр мезгiл аштан өлiп қалмасын дегендей, жуынды сияқты сорпа мен мүжiлген етсiз сүйектi лақтырып тұрады. Соған қарап санасам, зынданға түскенiмiзге екi жұмадан көп уақыт болып қалды-ау.

    • Ендiгi күнiмiз не болсын?… — дедi Сүлеймен күмiлжiп, шын шарасыз жағдайға тап болғанын ендi аңғарғандай.

    • Алдағы күнiмiздiң не болатынын бiлсем, айтар едiм ғой. Құдай басқа не салса, сол болар. Ең назалығы, мыналардың қолынан өлу ғой. Бүйткенше, далада кiммен болса да атысып өлген жақсы едi.

    • Қызылдар келiп, мыналарды қырып салып, бiздi құтқарып алса ғой, — дедi Сүлейменнiң жанында отырған кiсi.

    • Үмiтiнiң зорын. Қызылдар келсе, бiздi де аямас. Басмашылар сияқты бiз де оларға жаумыз ғой, — деп басып тастады оны Төрекелдi.

Бұдан кейiн әркiм өз ойымен болып, зындан iшiн меңiреу тыныштық жайлады. Аналардың не ойлағанын кiм бiлсiн, ғұмырында алғаш рет қамауға түскен Сүлейменнiң көңiл-күйi әлем-жәлемболып, қатты торықты. Қауқарсызхалге түскенiне ендi ғана көзi жеткендей, жан-дүниесiнiң бұлқан-талқанын шығарған ызалы ой жүрегiн қарып, орнынан тұра сап, тар апан iшiн ары- берi кезе бердi. “Қап, Құдай-ай, тордағы арыстандай бұлайша тулағанша, бағана басмашылармен алысып неге өле салмадым?” деп кiжiндi iштей. Жайшылықта тұла-бойына сыймайтын ерен күшiн ендi қайда жұмсарын бiлмей, мына тас қамалды қашан күн бетi көрiнгенше жалаң қолмен соққылап, бұзып-жарып тастағысы келдi. Алайда қара жер, жылтыр тас жалаң қолдан әлдеқайда берiк екенiн, бойындағы арындаған бар күшiн оған жұмсап, қаншалықты аласұрса да, түк бiтiре алмайтынын, қайта кеудесiн кернеген тау селiндей тасқынды ашудың құр бекершiлiк қиялға итермелеп тұрғандығын, мың жерден туласа да, мына тас дуал зынданды қиратып шығудың мүмкiн еместiгiн ұғып, мысы құрыды. Мысы құрыды да, қайтадан отыра қалды.

    • Ау, Төрекелдi. Бұл жерден құтылудың еш амалы жоқ па?

    • Екi жұмадан берi амал таппай отырған жоқпыз ба. Бар үмiт… — деп Төрекелдi тағы бiрдеңенi айта бастағанда, төбеден бiреулердiң дабырласа сөйлескен дауыстары естiлдi. Iле-шала зындан аузына қойылған дәу тас орнынан қозғалды.

    • Тағы бiреудi әкелдi ме, жоқ, бiзге iшер атауымызды беретiн уақыттары болды ма? — дедi Салықбай басын шалқайтып.

Оған ешкiм жауап қатпай, бәрi төбеге қарады. Дәу тас ашылғанда зындан iшiне бағанағыдай жарық түскен жоқ. Демек, мезгiл кешкi уақыт. Төбеден арқанмен мес секiлдi бiрдеңе салбырап түстi.

    • Ей, қазақтар, атауларыңды алыңдар да, жiптi шешiп жiберiңдер.

Шетте отырған Түрке мес аузындағы жiптi шештi.

    • Бүгiн бiзге не бердi екен? Күндегiдей қатықсыз сорпасын тағы тастаған ба, иттер.

    • Не берсе де iше берейiк. Iшегiмiз жабысып қалмаса болды, әйтеуiр, — дедi Төрекелдi местi өзiне қарай жылжытып.

Бұлар мес аузын сорып, тамақтануға кiрiскенде дәу тас қайта жабылып, төбе жақ тым-тырыс болды. Сүлеймен местегi сорпадан iшпедi.

    • Жиiркенбей iше бер, Сүлеймен. Әйтпесе аштан қатарсың,

  • дедi Көкен.

    • Мына жерден шығудың бiр амалын табайық, — дедi Сүлеймен оған басқаша жауап қатып.

    • Айттық қой саған. Еш амал жоқ.

    • Бар. Мен бағана зынданға түсiп келе жатқанда байқадым, зындан аузындағы тас доғалдау ернеулi тесiкке кигiзiледi екен. Егер iшкi жақтан сәл ғана итере алсақ, тас ары қарай домалап кетерi хақ. Иә, қатты домалап кетпесе де, адам сиярлықтай орын ашылуы мүмкiн. Содан бiреуiмiз шығып, арқан-сатыны берi қарай лақтырып жiберсек…

    • Сен, болмайтынды айтады екенсiң. Ол тасқа дейiн қалай жетемiз?

    • Бiрiмiздiң иығымызға бiрiмiз мiнемiз, Салықбай.

    • Сен болмасаң, басқамыз бiр-бiрiмiздi көтере алмаймыз.

    • Тоқта, Салықбай. Шынында мынау жақсы ой айтып отыр. Осы жайын неге ойламағанбыз, ә? Бiрақ төбедегi қарауылдарды қайтемiз?

    • Әттең, Төрекелдi, Шолпан туатын таңғы мезгiлдi бiлмей қаламыз да мына қапаста отырып. Әйтпесе олар таңғы ұйқыға бөгiп жатқанда, iске кiрiсуiмiзге болатын едi. Мен ғой, осы зындан түгiлi, айдалада жатсам да бiр ұйықтасам, өлiктей болып ұйықтаймын. Ұйқысы сергек бiреулерiң бар ма араларыңда?

    • Мен осында отырып күн мен түннiң қай мезгiлi болғанын ұйқымнан бiлемiн. Жастайымнан аш бөрiдей дала кезiп жүргеннен қалған дағды ғой. Түн жарым ауа, жетi қарақшы сәл көмескi тартқан мезетте ұйқыға бас қоямын да, таңертең құстан бұрын оянамын. Сол дағдым бұл жерде де бұзылған

жоқ. Байқап жатамын ғой, мен оянған соң, екi-үш сағаттай уақыт өткенде төбедегiлер дүрсiлдетiп, ары-берi жүре бастайды. Соған қарағанда мұндағылардың таң азанымен тұрып iстейтiн тiрлiктерi жоқ-ау, — дедi Төрекелдi.

Сөйтiп, Сүлейменнiң бастауымен әрқайсысы әр түрлi ой айтып, бiраз уақыт қызына сөйлеп отырды да, ақыры қиялдарын iске асырмақ боп бекiндi. Құс ұйқысы бар Төрекелдiге сенген бәрi, ендi қашып шығудың қамына кiрiсiп, кiм-кiмнiң иығына мiнiп әрекет iстейтiнiн ақылдасты. Бәрiнен дәу, әрi мықты Сүлейменнiң иығына ұзын Көкен мiндi. Оның иығына басқалардың көмегiмен зорға шыққан Түркенiң қолдары оп-оңай есiк аузындағы тасқа жеттi. Түрке тасты итерiп көрiп едi, оның жылжитындай сыңайы бар екен. Осылайша, үш-төрт мәрте жаттығу жасап алған бұлар, ендi ерте таңды күтiп, орындарына жайғасты.



    • Құдай iсiмiздi оңдап, сыртқа шыға қалатындай болсаң, таспен ұрасың ба, әлде буындырасың ба, әйтеуiр алдымен қарауылдардың көзiн құрт. Оны iстеу саған оңай. Бiздi қашып шығады деген ой қаперлерiне де кiрiп-шықпай, олар ешбiр секемсiз ұйықтайды. Содан соң арқан-сатыны берi қарай тастап жiберсең болды. Арғы жағында Құдайдың басқа салғанын көрермiз. Айтпақшы, қарауылдарды жайғаған соң, мылтықтарын алып, дайын отыр. Кiм бiледi, қандай жағдайдың боларын.

Түрткенi Төрекелдi осылай қайта-қайта пысықтағаннан, зынданнан тап қазiр қашып шыққандай әсерде болған тұтқын қазақтар бойлары бiр сәт жеңiлдеп, уайымсыз ұйқыға батты. Ақиқатында, олардың ойлары сол түнi оңай-ақ iске асты. Онша- мұнша түрткiге ояна бермейтiн Сүлейменнiң өзi басқалардан бұрын тұрып кеттi. Ешқайсысы бiр-бiрiне тiл қатпаған күйлерi, етiгiн шешiп жалаң аяқтанған Көкен жүрелеп отырған Сүлейменнiң иығына отырды. Екi қолын дуалға сүйей еңкейiп отырған оның иығына Түрке шықты. Сүлеймен болса екеуiнiң салмағын шыбын құрлы көрмей, орнынан тұрғанда, Түркенiң қолы тасқа тидi. Ол бiрден тасты сыртқа қарай итердi. Сәтiн салғанда, сырттан оңайлықпен ашыла қоймайтын тас, iшкi жақтан оп-оңай ашылды. Оны кiсi сиярлықтай етiп, орнынан

жылжытып қойған ол, төбе жақтан бiраз тың-тыңдап тұрды да зындан түбiне қарай еңкейiп сыбырлады:



    • Мен мына жерден қарманып шыға алмаспын, сiрә. Сүлеймен тағы бiр кiсiнi көтере алса, арамыздағы салмағы жеңiл Дөңбай менiң иығыма мiнiп, сыртқа шықсын.

Мұны естiген Сүлеймен қайтадан жүрелеп отырды. Көкен мен Түрке жерге түспедi. Денесi шағын, қағылез қимылды Дөңбай тез-тез тырмысып, Түркенiң иығына лезде-ақ мiндi де өрмелеп, сыртқа кеттi. Әлден соң дүңк еткен дыбыс естiлiп, арқан- саты iшке қарай шұбатыла түстi. Дөңбайдың iсiн iштей ұққан тұтқындар дыбыс шығармастан, жоғары көтерiлдi. Алдымен Түрке, одан соң Көкен мен Сүлеймен зындан сыртына шығып, тас дуалды жағалай отырды. Содан соң Аязбек пен Сиязбек, Төрекелдi мен Салықбай қатарға қосылды. Зынданнан бәрi шыққан кезде қолына мылтық ұстаған Дөңбай еңбектей жылжып бұларға жақындады.

    • Қарауыл бiреу-ақ екен. Таспен ұрып, сiлесiн қатырып тастадым. Ендi анау шатқал аузына қарай жылжиық.

Тұтқындар сол жаққа еңбектей жөнелдi. Әп-сәтте шатқал аузына да келдi. Тура шыға берiсте арқаларын тасқа сүйеп алған екi кiсi ұйықтап отыр. Дөңбай бiреуiн құлаштай соқты. Ол оны соққан кезде Сүлеймен екiншiсiнiң қақ маңдайынан қолының қырымен бiр ұрды. Сорлы үн шығарып та үлгермедi. Тасқа жабысқан күйi қатты да қалды. Төрекелдi екеуiнiң үстi-басын тез- тез тiнтiп, жарамды заттарын қойнына тықты. Мылтықтардың бiрiн Сүлеймен, бiрiн Салықбай алып, бәрi дереу шатқалдан жүгiрiп-жүгiрiп шықты. Ешқайсысы айнала қоршаған таудың ой- шұқырын жөндi бiлмесе де, әйтеуiр, осы басмашылар үңгiрiнен алыстап кетудi ойлап, алға ентелестi. Тау iшiн таң жарығы ендi ғана бозамыққа орап, құз-жартастар көзге айқын шалынарлықтай мезгiл едi бұл кез.

    • Жаудан қашып құтылғанымыз тәуiр-ақ. Бiрақ қарагер атымның солардың қолында қалып бара жатқаны iшiмдi өртеп тұр.

    • Аты құрысын, Сүлеймен. Амандық болса, әлi талай ат мiнерсiң. Одан да ендiгi күнiмiз не болмақ, соны ойлайық. Бiздi

қамаған басмашыларға бұл таудың әр тас, әр сайы жақсы таныс. Күн сәскеге көтерiлмей жатып-ақ олар бiздi iздеуге шығады. Ал бiз осы жаяу түрiмiзбен алысқа ұзап кете алмасымыз анық. Күн шығысты бетке ала жүрсек, қырғызға қарай кетiп қаламыз. Ойпаңғы қарай кетсек, жазықта қызылдардың қолына түсу оңай. Сол себептi құбылаға қарай ойыса бергенiмiз жөн-ау. Құбыла бiздi Қоқанға апаратын үлкен жолға тап қылады. Менiң ойым — осы. Ал басқаларыңда, кәне, қандай ой бар?

Төрекелдiнiң сөзiне ешкiм үн қатпады. Олардың үнсiздiктерiн өзiнiң сөзiне көндiге балаған ол тағы сөйледi:

    • Қоқаннан басқа барар жерiмiз жоқ. Тiптi ол жаққа жете алмағанның өзiнде, мына Сүлеймен айтқан Елсапа мен Қоратайды осы таудың бiр жерiнен кездестiрiп қалуымыз кәдiк. Жә, ендi салыларың суға кетпесiн. Бастысы — зынданнан құтылдық. Олжамыз — үш мылтық. Бұл маңнан аман-есен ұзап кетсек, өле қоймаспыз. Жол таппай, теңселiп тұрып қалған сапарымыз бұл бiр емес. Бұдан да қиын-қыстау күндерi лаж тапқанбыз. Мына шоқыны айналып жүре берейiк. Артымыздан қуғыншы түссе, мылтық атып, тас лақтыратын ыңғайлы жер табармыз. Уақытты созбай, кетейiк.

Басқалары жақ ашпай, оның соңынан ердi. Табаны қатпар- қатпар жайпақ тасты шоқыны айналып өткендерiнде арт жақтан тасырлата шапқан аттың дүбiрi естiлдi. Қаш-қындар шоқы етегiндегi оқшау-оқшау болып тұрған үшкiр тастардың панасына тығылды.

    • Салықбай, атқанды құры жiбермеушi едiң ғой. Оқта мылтығыңды! Түрке, сен мұнда келiп, менiң жаныма қатарласа отыр! Көкен мен Сүлеймен екеуiнiң бiр мылтыққа ие болыңдар! Қап, Құдай-ай, бiр биiктеу жерге шығып, үлгере алмай қалғанымызды қараңдаршы, — дедi Төрекелдi бұйрықты сөзiне өкiнiш араластыра.

Бұлардың бақытына орай, арттағы аттың дүрсiлi қуғыншылардың шабысы емес екен. Мылтық кезенiп, жау күтiп жатқан қашқындардың көзiне ер-тоқымы алынбаған, жүгенi мен шылбыры сүйретiлген жалғыз қарагер ат көрiндi. Жануар

Сүлеймен тасасына тығылып жатқан тасқа жақындап келдi де оқыранып-оқыранып қойды.



    • О, айналайын, қарагерiм. “Бәсе, менен қалай ғана қалады” деп ойлап едiм, — деп Сүлеймен қуанып орнынан тұра бергенде:

    • Ойбай, жат! Бұл басмашылардың әдейi iстеп жатқан қулығы шығар, — деп Көкен Сүлейменнiң иығына жармасты.

Қатардағы тастың ығында отырған Төрекелдi мен Түрке де “жат, жат” деп сыбырлады. Лаж жоқ, Сүлеймен тас панасына қайта тығылды. Қарагер болса, бұлардан айналып өтiп, Сүлейменге жақындап келiп, оның желкесiнен иiскеледi. Сүлеймен оның тұмсығынан сипалады. Осылайша, қашқындар қуғыншылардан секемденiп, бiраз уақыт жатқанымен, қарагер аттың артынан келген ешкiм болмады. Ақыры, оның артынан ешкiм ерiп келмегенiне көздерi жеткен соң бұлар:

    • Ойпырмай, Сүлеймен, қарагер бiздiң қашқанымызды қалай бiлдi, ә?

    • Нағыз ақылды ат деп осыны айт. Егесiн тастамайтын дарабоз тұяқтың өзi екен.

    • Бәрiнен бұрын, бұл жануар үңгiрден қалай шықты десейшi. Iзiмiзден қалай жаңылыспай келдi? — деп бәрi қарагердiң қылығына таңырқай даурығысып, орындарынан көтерiлдi.

Олардың қарагерге риза болғанына Сүлеймен iштей мәз.

Әрқайсысына қарап, ыржиып күлiп қояды.



    • Сүлеймен, басқаларымыздың атымыз осы қарагер секiлдi жемсек мал емес. Бiздi iздеп келмейдi. Сен жаңа өкiнiп едiң. Ендi қарагердiң өзi-ақ келдi. Тұқымы айрықша, бiтiм-тұлғасы да өзге тұяқтан асыл екенi көрiнiп тұр. “Ат жақсысы иесiнiң исiнен жаңылмайды” деген осы. Жетексiз келген аттың тұяғы — құт. Ал ендi бұлай алаңсыз тұра бермейiк. Тау қуысының кез-келген жерiнен қаскөй мергеннiң шыға келетiнiн ұмытпайық. Қауiптiң өтiнде, қылыштың жүзiнде тұрғанымыз тағы бар. Жүрейiк.

Төрекелдi тағы алға түстi. Сүлеймен атына мiнбей, жетекке алды. Бiрiнiң соңынан бiрi шұбырған сегiз адам, бiрде ылдилап, бiрде өрлеп ұзақ жүрдi. Күн сәскеден ауғанда алдарынан созылып жатқан асу шықты. Асу бол-ғанда, тұтас бiр жалаңаш тау сiлемi. Оның ар жағында тiршiлiк болмаса, дәл мына жерде

адам күнелтуге тұрарлық не су, не жанға сая бiр бұта болсайшы. Осыны ұққан Төрекелдi айтты:



    • Мына асу онша биiк емес екен. Не болса да осыдан асып бiр- ақ тоқтайық. Еш болмаса, шылжырап аққан бiр бұлақ табылар.



IV


Қашқындар асу басына қиналмай көтерiлдi. Асудың үстi ойпаң екен. Бiраз жүрген соң асудың арғы жиегiне жеттi. Асудың бұл жақ етегi қалың тоғай. Тоғайдың ортасы ашық алаңқай. Алаңқайда бiрнеше күрке тұр. Күркенiң маңайында ары-берi жүрген адамдар көп. Бәрi мылтық асынған. Оларды көрген Төрекелдiнiң тобы дереу кейiн шегiнiп, тоғайдағы жүрген адамдар көрмейтiндей жерге келiп тоқтады.

    • Бұлар кiмдер болды екен?

—Бұлардатауықтағанбасмашыларшығар,Салықбай.Әнеукүнi Нұрсапа айтып едi, “таудың әр қуысында басмашылардың тобы бар” деп. Солардың бiр тобы болмаса неттi?

    • Тұқымы құрысын, Сүлеймен. Осы сiлемнен ассақ, алдымыздан Қоқан шыға келетiндей болып көрiнiп едi маған. Мына таудың бiтетiн түрi жоқ қой.

    • Түрке, Қоқанға жақын жерге басмашылар тығылушы ма едi, — деп сөзге Көкен араласты.

    • Бұлай тұра берсек, жаудың жан-жағымыздан қоршауы оңай. Әне бiр қарайып көрiнген үңгiрдiң аузы ма? Сол жаққа барып паналайықшы. Не iстерiмiздi сонда кесiп-пiшермiз.

Бағаналы берi жолбасшылықты қолына алған Төрекелдi бәрiн ертiп, үңгiрге қарай жүрдi.

Үңгiр деп келгендерi жаппа тастардың қуысы екен. Қуыс оншақты адам сиярлықтай кең. Соның iшiне тығылған қашқындар алма-кезек қарауылға тұрып, кешке дейiн демалды. Кеш батып, айналаны қараңғылық басқан кезде бәрi ойласып, өздерi күндiз көрген, сонау сай түбiндегi күркедегi адамдарға шабуыл жасамаққа бекiндi.



    • Олар да бiз секiлдi қашқындар болмасын. Бiреу-мiреуiн нақақтан-нақақ өлтiрiп қойып, обалына қалып жүрмейiк.

    • Дөңбай, елден жырақ түз тағысы ғана жүретiн мұндай тау iшiнде тегiн адамдар күрке тiгiп, мылтық асынып жүре ме? Қашқындар болса кетер едi, беттерiмен лағып. Құдай бiледi, бұлар да басмашылар. Әй, құрысыншы… Олар кiм болса, ол болсын. Қаннен-қаперсiз отырған жерлерiнде бассаламыз. Шұрылдаған iшек пен арсыз атауға сеп болар бiрдеңе үшiн олардың кiм екендiктерiн анықтап жатуға хал жоқ. Аштан өлемiз бе? Қарсыласатын болса, атып өлтiруден тайынбаңдар. Әлгiнде айтқанымдай, ең бастысы — бәрiмiзге жетерлiк мылтық пен бiраз ас-суды олжалап қайтсақ болды. Дегенмен сақ болып, жұмыла қимылдайық.

Төрекелдi осылай қызулана сөйледi.

Үш мылтықты Салықбай, Аязбек, Сиязбек үшеуi алып, азанда шатқал аузындағы қарауылдардан олжалаған артық оқ- дәрi салынған белдемшелердi белдерiне байлады. Бас-қалары ұстайтын қарулары болмағандықтан қарагер аттың ерiндегi үзеңгiлердi шешiп, бiрiн Төрекелдi, бiрiн Сүлеймен алды. “Бiр кәдеге жарар” деп шылбырын Түрке белiне байлады.

Бес қаруы сай болмаса да, осылай қолда барларымен сайланған сегiз қазақ тас қуысынан шығып, асу шетiне келгенде, сонау төменде, бағана өздерi көрген тоғай iшiнен әлi сөне қоймай, жылтырап жанған шоқтарды көрдi. Бәрi бiрден сол жақты бетке ала ылдилады. Онша көп уақыт өтпей-ақ, тоғай шетiне iлiктi. Күндiз жоғарыдан тұтасып көрiнетiн тоғай iшi анау айтқандай қалың емес екен. Одан қиындықсыз өткен сегiзi қараңғыда қарайып көрiнген күркелерге жақындады. Күркелер маңы тып-тыныш. Тiптi тiршiлiк белгiсiн бiлдiретiн бiр дыбыс болсайшы. Түн кезiп, алар жемтiгiн оңай қарпып кететiн, нысанаға жақындағанда бiрiн-бiрi тiлсiз ұғатын бөрiлердей, әбден ұрлық пен сұмдықтың небiр түрлерiн бастарынан өткiзiп, шетiнен тiсқаққан қарақшылар атанған Төрекелдiнiң тобы аз-кем уақыт тың тыңдап тұрды да, шеткi күркенi қоршады. Күркеден еш болмаса ұйықтап жатқан адамның дыбысы да шықпады. Бәрiнен жылдам Дөңбай мысық жүрiспен еңбектеп барып, күрке iшiне кiрiп, артынша қайта шықты. Содан “берi жақындаңдар”

дегендей, қолын сермедi. Көздерi қараңғылыққа әбден үйренген қалғандары оның белгiсiн байқап, оған жақындады.



    • Мына күркенiң iшiнде бес-алты қап жатыр. Сiрә, ұн-ау деймiн. Осыны алып кете беремiз бе?

    • Атаңның көрiн… Құры ұн бiзге не болады? Бұл жерде басқа тағы бес шайла тұр. Қаруы бар бесеумiз бесеуiне барып, бiр мезгiлде шайланы жығып жiберейiк. Егер iштен бiреулер атып шықса, ұрып құлата берейiк.

    • Өй, Сүлеймен күрке-шайланы бiр соғып, қалай жығамыз?

  • дедi Салықбай тiлiн тiстей.

    • Өңкей қураған шыбықпен тұрғызылған бұл күрке- шайлалардың қазақтың киiз үйi секiлдi берiк уығы, бiр-бiрiне байланған керегесi бар деймiсiң. Итерiп қалсаң, құлайды да. Сүлеймен дұрыс айтады. Бұларды алудың оңай тәсiлi — осы. Бiр күннен берi Төрекелдiнiң айтқанына тақ тұратын бұл топтың iшiнен осы жолы да оған қарсы дау айтар ешкiм болмады. Бәрi аяқтарын еппен басып, жапатармағай тарасты да, бiр-бiр күркенiң қасына барып тұрды. Сүлеймен ең шеткi күркенiң жанына жете бергенде: “Ал, бастаңдар!” деген Төрекелдiнiң ащы айқайы тоғай iшiн жаңғырықтырып жiбердi. Айқайдың артынша, кебу ағаштардың сықырлай құлаған дыбысы шықты. Лезде екiншi шайла құлады. Бiр сәт кешiксе, өзiнiң жанындағы күрке iшiнен бiр қауiптiң бас көтерiп шыға келетiнiн сезген Сүлеймен, оны бар күшпен қос қолдап итердi. Шайла бiр жаққа қарай опырылып түстi де, шатыр-сұтыр сынған шыбықтардың астынан адамдардың шошынып, өкiрген дауыстары шықты. Бiр бұл жерде емес, ондай дауыстар құлаған барлық күркелердiң астынан шығып жатыр. Дауыстармен бiрге дүрс-дүрс соғылған соққылардың да үндерi шықты. Сүлеймен аналардың не iстеп жатқандарында шаруасы болмай, өзi құлатқан күркеден көз алмай тұр. Әлден соң шыбық астындағы дауыстар тына қалып, сынған бұтақтар қозғалақтап, астындағылар сыртқа шығуға талпына бастады. Шыбықтардың қай жерi қозғалса, Сүлеймен дәл сол тұсты қолындағы үзеңгiмен аямай соқты. Алғашқы қозғалған жерi бiрден тына қалды. Екiншi жерден бұтақтарды сындыра-сындыра шыққан бiреудiң басы көрiндi. Сүлеймен

оны да үзеңгiмен бiр ұрып, қимылсыз қалдырды. Оның қасынан шыққан бiреу: “Үйбәй, өлтiрмә, өлтiрмә”, — деп айқайлап, үстiне жабысқан шыбықтарды ары-берi лақтырып, тыпырлап тұрып келе жатыр едi, оны да бiр пердi. Ол шыбық үстiне жалп етiп құлап, қайта тұруға шамасы келмедi. “Ендi тағы бiреуi бар ма екен?” деп үзеңгiсiн оңтайлай, шыбық үстiне көз тастап, бiраз тұрды. Алайда анау үшеуiнен басқа дыбыс шығарған да, қозғалған да ешкiм болмады. “Мұнда осы үшеуiнен басқа адам болмады ғой” деп, айқай-шуға толып, ойраны шығып жатқан ана жақтағы күркелерге бұрыла бергенде, қара түндi дiрiлдетiп жiберген мылтық даусы естiлдi.

— Ойбай, мына бiреуi Көкендi атып кеттi. Салықбай, қайдасың?

Ат, ат тезiрек! — деген Төрекелдiнiң жандаусы шықты.

Сүлеймен не болғанын аңғармай жатып-ақ, екiншi рет мылтық даусы тағы да шаңқ еттi. Осыдан кейiн кiмдi кiм атып жатқаны белгiсiз, мылтық даусы жиiлеп, атыс басталды да кеттi.

    • Бiреу-мiреуiңе оқ тиiп жүрмесiн. Аман қалғандарың болса жатыңдар, — деп айқайлады Салықбай. — Төрекелдi, Сүлеймен, Түрке, тоғайдың келген жағымыздағы шетiне қарай жылжыңдар. Мыналар көп қой.

Сүлеймен еңкейе салып, дауыс шыққан жаққа жүгiрдi. Айналасынан зу-зу етiп өтiп жатқан оқтардың дыбысы шығады. Жүгiрiп келе жатып, құлаған бiр күркенiң ағаштарына сүрiнiп кетiп, етпетiнен түстi.

Тура бұл құлаған жерде бiреу жатыр екен. “Ә, әнәнниң… мә синге” деп, ол қараңғыда не екенiн ажыратуға болмайтын бiр затпен дәл бетiне бiр ұрды. Құдай сақтағанда, ол ұрған кезде басын тартып үлгердi.

Әлгiнiң ұрған заты пышақ екен. Пышақ тура бетке қадалмай, сол көзiнiң астыңғы шетiн осып өттi. Ол екiншi рет ұра бергенде, шап берiп бiлегiнен ұстап алды да мытып қалды. Қолынан әлi кеткен оның пышағы жерге түстi. Пышақ тиген жерiнен сорғалаған қанға қарамай, Сүлеймен оның қолын жiбермеген күйi орнынан сәл көтерiлдi де, екiншi қолымен алқымына жармасты. Сол бойда бар күшiмен алқымнан сығып-сығып, мойнын бұрап- бұрап жiбергенде, ол сорлының мойын омыртқасы күтiр-күтiр етiп сынғаннан басқа дыбысы шықпай, сiлейдi. Оны осылай жайғап тастаған Сүлеймен пышақ осқан сол көзiнен аққан қанды алақанымен жауып, Салықбайдың даусы шыққан жаққа

ентелей басты. Етпеттей түсiп, қарсы бетке қарай оқ боратқан Салықбайдың жанына жеткенде, ол:



    • Серейiп, бұл тұрысың қалай? Жатсайшы. Бiр оқ басыңды жұлып түссiн деп тұрсың ба?! — деп айқайлап бердi.

    • Атылған оқ емес, шыбық астында жатқан бiр жауыздың пышағы көзiмдi ойып түсiре жаздады.

    • Отырма мұнда? Еңкейген күйiңде тоғай iшiне кiре бер.

Сүлеймен тоғай iшiне кiргенде, арттағы атыс бiрте-бiрте саябырсып, басылды. Осы кезде:

    • Жiгiттер, қайдасыңдар? — деген айқай шықты бiр бүйiрден. Сүлеймен бiрден таныды. Төрекелдiнiң айқайы. Бұл ендi бұта астынан еңкейе жүрiп, солай қарай беттедi. Аздан кейiн бiр

ағаштың түбiнде тұрған үш-төрт кiсiнi байқады.

    • Сүлеймен, сенбiсiң?

    • Мен, мен.

    • Қалай, оқ-шоқтан аманбысың?

    • Оқтан аманмын. Бiрақ ойда-жоқта құлаған күркенiң астындағы бiреу пышақ ұрып, көзiмнiң алдын жарақаттады. Пышақ тиген жерден аққан қан тиылайын демейдi. Көзiмдi баса- баса екi алақаным да қан болып кеттi.

    • Көзiң аман ба, әйтеуiр?

    • Көз аман сияқты. Астыңғы қабақ тiлiндi-ау, шамасы.

    • Онда ештеңе емес. Аққан қанды тоқтатуға болар. Ал қазiр аман қалған басқа жiгiттердi жиып алайық. Бiзден қашқан басмашылар тоғайдың анау шетiне тығылды. Өздерiнiң қанша екенi де белгiсiз. Ай да туып келедi. Тоғайдан ендi шығатын болсақ, олар бiздi оқпен оп-оңай қағып тастап отыруы кәдiк. Сол үшiн де осы тоғайдың бiр шетiне жетiп, таң атқанша тасалай тұрайық.

Ол осыны айтып болғанда, алқынып Салықбай келдi.

    • Қалай, түгелмiсiңдер?.

    • Көкен, Дөңбай, Түрке жоқ. Ал мына Сиязбектiң оң аяғына оқ тиiптi. Сүлейменнiң көзi… — дедi Аязбек.

    • Сүлейменнiң көзiн бiлем. Ал анау үшеуi қайда?

    • Кiм бiледi, бiздi таппай адасып жүрген болар. Аттарын атап, тағы айқайлайық.

Аязбек “Дөңбай, Түрке!” — деп бiрнеше мәрте айқайлады.

Дыбыс қатқан олар болмады. Аязбек тағы айқайлады.



    • Болды, айқайлама ендi. Анау тiрi қалған басмашылар сыртымыздан дауысты бағыттап келiп, ойран-тасырымызды шығармасын. Адамдарымыз тiрi болса, келер артымыздан. Ал өзiмiз таңға дейiн паналайтын жер табайық, — дедi Төрекелдi. Ай жарығында асуға шығып, бағанағы қуысқа жетуге болмайтынын бәрi сезiп, тоғайдың екiншi шетiне қарай жылжыды. Бiраз жүрген соң жартас етегiне барып тiрелген тоғайдың қалың шетiне келдi. Бiр ағаштың түбiнен шылжырап

аққан судың сарылы естiлдi.

    • Осы жерде түнеймiз. Сүлеймен, көзiңнiң қаны тоқтады ма?

Сиязбек, аяғың қалай? — деп сұрады Төрекелдi.

    • Әкеңнiң аузын… Бар қаным осы қабақтан ағып, ада болады бiлем ғой.

    • Оқтың тiрсекке тимегенiне де шүкiр. Тек балтырды жалап өткен бе, қалай, әйтеуiр жүргенде онша ауырмайды.

    • Сендердiң жарақаттарыңа күйдiрiп басатын киiз де жоқ. Мына жерде кебу топырақ болса, себiңдершi жараның орнына. Басқа амал жоқ. Таңға дейiн қансырап қалмаңдар, әйтеуiр.

Сүлеймен отыра қалып, жердi тырналады. Жылымшып аққан қаннан әп-сәтте зәрезәп болғаны сондай, Төрекелдiнiң айтқанын бағаналы берi неге еске алмағанына өкiнiп, қолына iлiккен кебу топырақты пышақ тиген жерiне басты. Баяғыда, бала кезiнде тiкенек кiрiп, iрiңге айналған iсiктi жарып жiберiп, болмаса тасқа ұрылып, терiсi аршылған аяқтарының саусақтарына топырақ сеуiп жүре берушi едi. Құданың құдiретi, сондайда жараға таза топырақтан артық ем болмайтын. Қазiр де сол көзiнiң астын оңбай тiлiп, терiсiн салбыратқан жарақаттың орнына топырақ басуы мұң екен, аққан қан заматта тиылды. Бiрақ шым-шым етiп ашып, ауруын қояр емес. Сиязбек болса, “ойбай, ойбай” деп қойып, ол да балтырына топырақ сеуiп жатты.

    • Төрекелдi, сен дұрыс айтыпсың. Топырақтан кейiн қан тоқтады-ей.

    • Мен бiлмейтiндi айтпаймын ғой, Сиязбек. Топырақ сыртқы жарақатқа кез-келген тәуiбiңнiң дәрiсiнен жақсы ем.

Тоғай iшiндегi күркелерден ауқат олжалаймыз деген қашқын қазақтар сол түндi жартас етегiндегi нудың тасасында отырып, ұйқысыз өткердi. Басқалары қауiптен ұйықтай алмаса, Сүлеймен жанына батқан жарақаттан көз iле алмады. Таң сызаттанып атқанда:

    • Қырғын ұрыс, бас-көз демей сiлтескен сойылды төбелестiң қаншасын өткерiп жүрсем де, бiр жерiм зақымданған жоқ едi. Ендi келiп, жерде жатқан қайдағы бiр найсаптың пышағынан түнiмен азап тартқанымды қараңдаршы. Жанға батқан жараның сырқаты қиын екен. Әй, қойшы, қанжар кескен терi болса, бiтер. Қазiр анау үшеуiнiң не өлi, не тiрiсiн бiлетiн бiр амал қылайық. Одан соң тас шайнап, ағаш кемiрейiк демесеңдер, қу қарынның да жайын ойлайық. Күркелерде қалған ас-ауқатты басмашылар түнiмен тасып әкеткен жоқ шығар, — дедi.

Мұндай ой, бiр Сүлейменде емес, бәрiнде де бар екен. Не iстеуге болатынын аз-кем кеңесiп, отырған жерлерiнде Сиязбектiң жалғыз өзiн қалдырып, басқалары түндегi ойран салған жерлерiне бет алды. Көп кешiкпей тоғай ортасындағы күркелер қасына маңдай тiредi. Мұнда келгенде бұл топ өз көздерiне өздерi сенбей, алаңқайдағы қираған күркелерге қарап, тұрып қалысты. Қираған күркелер түк емес-ау, олардың жанында, шыбықтар астында серейiп-серейiп жатқан өлiктердi көргенде, басқаларды қайдам, Сүлейменнiң жүрегi дүрсiлдеп кеттi. Әне бiреуiнiң басы мылжа-мылжа. Жалғандықта өзi өлтiрген поптың басындай миы жан-жаққа шашырапты. Ал шеткi жақта етпеттей сiлейген қара шапанды бiреудiң басы анадай жерде төңкерiлiп жатыр. Оның ар жағында бiр топ болып үйiлген күрке шыбықтарына сүйенген күйiнде қатып қалған адамның арқасынан қадалған найза тақылеттес ұзын ағаш, кеудесiн тесiп шығыпты. Ал әр жерде домаланып, қалай құласа, солай жан тәсiлiм еткендердiң де түр- тұрпатына адам қарап болар емес. Сүлеймен әрi шошынғандай, әрi жиiркенгендей, тыжырына терiс қарады. Оның мұнысын байқаған Салықбай бүй дедi:

    • Қан кешудi бұрын бастан өткiзбепсiң-ау, сен. Бiз болсақ,

мұндайдың талайын көрген адамдармыз. Ештеңе емес, осылай- осылай қан иiсi мен адам өлiмiне бойың үйренiп те кетедi.

Төрекелдi болса кеңк-кеңк күлдi:



    • Ойбай, көзiңнiң алды не болып кеткен? Түнде тiлiнген жерiңе топырақты әдеп кеп баса берiпсiң-ау. Бетiң мен көзiңнiң арасына қан мен топырақ араласып, жұдырықтай жара пайда болыпты.

    • Жұдырықтай болмаса да, оның кiшкене түйнектей болып тұрғанын сендер түгiлi, өзiм де бiлемiн. Менiң жай-күйiм мен жарамды сөз ете бергенше, не iстейтiндiгiмiздi айтсаңдаршы. Мына өлiктермен араласып жатқан нан мен еттi алып жеймiз бе, ендi?

    • Несi бар, бөрi жемтiгiн батпаққа аунатып та жей бередi. Солай болғанмен де бұл жердегi нан мен етке адам қаны тамған жоқ шығар.

    • Нан мен етте бастарың қалғырлар, қоя тұрыңдаршы, қазiр ол жайын. Одан да мына өлiктердiң iшiнде бiздiң серiктерiмiз жоқ па екен, соны бiлейiк те. Ол үшiн алдымен тоғайдың арғы шетiн бiр аралап қайтайық, — дедi Төрекелдi. — Түнде қалып кеткен мынау күркелердiң иелерi бiр шетте тығылып жатпасын. Соны бiлмейiнше, алаңқайға шығуға болмайды.

    • Онда тоғай iшiн екеу-екеуден аралап шығайық, — дедi оның сөзiн құп көрген Сүлеймен. — Бiз Аязбек екеумiз бiр бөлек, сендер екеуiң бiр бөлек барыңдар.

Бәрi бөлiнiстi. Сүлеймен мен Аязбек құбыла жақты бетке алды. Бiраз жүргенде тоғай ағаштары жиiлеп, қалыңдай бастады. Тағы бiраз жүргенде жапырақтары селдiре долана мен кәтiреңке басқан сайлы тұсқа тұмсық тiредi.

    • Мына жер ит тұмсығы батпас ну екен, Аязбек. Айналып өтемiз бе?

    • “Түйенiң ұзыны көпiрден таяқ жейдi” деген. Ұзын бойыңды иiп жүруден қашып тұрсың ба? Бiлсең бар ғой, жау деген осындай жерге тығылмай ма? Жауға сыртыңнан от атқызғаннан гөрi онымен бетпе-бет келiп, алысқан жақсы. Оңайға салып, айналма жолмен өтемiз деп қапыда қалып жүрмейiк. Не болса да, осы қалыңды аралап өтейiк.

Бiр-бiрiне дiңгегi жақын ағаштардың айқасып кеткен бұтақтарының астымен бiрде еңкейiп, бiрде тоңқайып жүру,

шынында да, алпамсадай денелi Сүлейменге қиын тидi. Денесi мығым болғанымен, бойы ортадан төмен Аязбек онша қиналмай, жолындағы тұтасқан бұталарды бөгет көрмей, алда жүрiп келедi. Мұндай жолмен бiрiншi рет жүрмегенiн бiлдiрейiн дедi ме, кiм бiлсiн, сөйлеп келедi:



    • Аяққа iлiнетiн шөңгесi мен тiзе жыртар тiкенi, кеудеге тiрелер қарсы бұтағы бар мұндай нудың iшiмен жүруiм бiр бұл дейсiң бе? Сырдың жағасындағы бұдан да қалың жыңғыл арасымен жаяу жүрмек түгiлi, мал да айдап өткенбiз.

Бұдан соң олар тоғайдың қалың жерiнен өтiп, селдiр, сиректеу келген шетiне шыға бергенде, тұтаса өскен пәкене долананың тасасынан ала шапан киген бiреу ақырып шыға келiп, мылтығын бұларға қарата бiр атты. Аязбек етпеттей жата қалды. Ал анау мылтығының бүйiр құлағын сарт-сұрт тартып алып, ұңғысымен Сүлеймендi дәлдей, шүрiппенi тағы басты. Құдай сақтағанда, шүрiппенiң шiңк еткен даусынан басқа дыбыс шықпады. Оғы таусылғанын сезген ол, Сүлейменге тесiле қарады да өз-өзiнен селкiлдей жөнелдi. Сiрә, алдынан ойда-жоқта шыға келген мұның аюдай қонжиған денесiнен, онсыз да бiреудiң тiктеп қарауға дәтiн шыдатпас зәрлi жүзiнен, сол көзiнiң астындағы үрейлi де жиiркенiштi қап-қара жұдырықтай жарасынан шошып кеткен болуы керек, әйтеуiр оғы болмаса да, сойыл етiп ұруға жарайтын мылтығына да ие бола алмай, дiрiлдеп тұрып, оны қолынан түсiрiп алды. Осы арада оны алып ұрудан басқаны ойламаған Сүлеймен, көкжалмен бетпе-бет келiп, қорқыныштан аяғын басуға да шамасы келмеген текедей боп тұрған әлгiге жетiп барды да, екi қолтығынан ұстай алып, бала құрлы көрмей, жоғары көтерiп тұрып, жерге бiр-ақ ұрды.

    • Тоқта, ойбай, өлтiрiп қойма, — деп шар еттi осы кезде

Аязбек жерден тұра берiп. — Өлтiрме, өлтiрме! Қасында серiктерi бар ма екен, соны бiлейiк.

— Өй, сен тiрi екенсiң ғой. Мынау атқанда жалп ете қалғаныңды көрiп, сеспей қатты ғой деп ойлаған едiм. Құдайдың мұнысына да шүкiр.

    • Менiң оққағарым бар. Бұрын да бiреу мынаған ұқсап, екi- үш қадамнан оқ атып, маған тигiзе алмаған.

Жерге оңбай сылқ етiп түскен басмашы шынымен талықсып қалды ма, жоқ әдейi iстедi ме, Аязбектiң “өлтiрме” деген сөзiнен кейiн ыңырсып, басын көтердi. Аязбек шап етiп, оның сақалынан ұстады:

    • Ей, сұмырай, шыныңды айтпасаң, осы жерде бауыздап кетемiн. Алдымен кiмсiңдер һәм бұл жерде неғып жүрген адамсыңдар? Бұдан соң түнде қаншауың тiрi қалдыңдар? Олар қайда кеттi? Осыны айтсаң, тiрi жiберемiн.

Оның “тiрi жiберемiн” деген сөзiнен кейiн анау ақтарыла кеттi. Оның айтуынша, бұлар Тәшкен түбiндегi Қорасан қышлақтан қызылдардан қашып, осында тығылып жүрген адамдар екен. Басшылары — Сайфул. Кезiнде ол Қорасан қышлақтың бегi болыпты. Қызылдар келiп, қышлақты тәркiлей бастағанда олардың топ сарбаздарын қырып тастап, бiр түнде осы тауға келiптi. Өзiнiң бұрын Сайфулдың атқосшысы болғанын, қышлақтан кеткенде, тек қорыққанынан ғана оған ергендiгiн айтты. Ал түнде атыс басталғанда ешкiмге қарамай, бiр өзi қаша жөнелгенiн, басқа серiктерiнiң қаншасы тiрi қалып, қайда кеткендерiн бiлмейтiндiгiн айтып, ант-су iштi.

    • Мұнда келiп орныққандарыңа қанша күн болды?

    • Көкек кезiнде келгенбiз. Қазiр саратан айы болса, келгенiмiзге төрт өлiара өтiптi.

    • Сол төрт өлiарадан берi ауқатты қайдан алып жүрсiңдер?

    • Алғашқыда өзiмiзбен айдап келген бiраз малымызды азық еттiк. Одан соң жақын маңдағы ауылдарға түнде-түнде барып, ұрлық iстеп қайтамыз. Бұдан басқа мына таудың арғы жағында Боштай паруанашының, Шураб бастауының үстiндегi үңгiрде Әрипхон хоқимнiң жасақтары бар. Азықтан жүдаям қысылатын болсақ, бiр-бiрiмiзге қарасып тұрамыз.

    • Боштай, Әрiпхан дегендерiңнiң бәрi сарт па?

    • Басмашылардың iшiнде бәрi аралас. Қазақ, сарт, тәжiк деп бөлiнбейдi. Бiрақ та көпшiлiгi өзбектер мен тәжiктер.

    • Әрқайсысың әр топқа бөлiнгенше, неге бәрiң бiрiгiп алмайсыңдар?

    • Бiрiгуге болмайды. “Осылай әр жерде топ-топ болып қызылдармен соғысқан пайдалы” дейдi құрбашылар. Хәр

үңгiр мен хәр шатқалда тығылған бiрталай жасақ-жасақ топтар бар. Менiң бiлуiмше, Тарам, Шымған осы Құрама мен Қоқан тауларындағы басмашыларға төрт құрбашы басшылық жасайды. Ал, хәр бiр жасаққа бiр-бiр паруанашы, болмаса бiр-бiр хоким басшы.

    • Әй, сен, Қоратай деген құрбашыны естуiң бар ма?

    • Қайсы, қыпшақ Қоратай ма? Баяғы қоқан беглербегi Мұсылманқұлдың немересi ғой, айтып тұрғаның. Сайфул бектiң айтуынша, ол анада Бегебад жотасында орыстың төңкерiсшiл қызыл сарбаздарымен атыс үстiнде өлiптi. Оның қаңлы Елсапа деген “оң қолы” бар екен. Сол бiрталай жiгiттермен қоршауда қалып, қолға түсiптi. Сен оларды танитын ба едiң?

    • Алда, Құдай-ай, — дедi Сүлеймен санын шапалақпен бiр ұрып.

    • Өй, сен бұл жайын нақты естiп пе едiң? Атың кiм өзiңнiң?

  • дедi осы кезде Аязбек.

    • Тохимжон. Өзбектiң Лоқай руынанмын.

    • Өзбектiң өз руын айтқанын бiрiншi рет көрiп тұрмын. Сен лоқайсың ба, ноғайсың ба, жұмысым жоқ. Осы сендер қару- жарақты қайдан аласыңдар? Оқ-дәрiлерiң де мол, — деп Аязбек оның белiндегi оққа тола оқшантайды шешiп алды.

    • Боштай мен Әрипхон құрбашылар мына таудың ар жағында Каннибодам тәжiктерiмен, махрибтағы Ош қырғыздарымен жақсы қарым-қатынаста екен. Сол жақтан бiзге арнап, арнайы қару таситын жасақ бар. Олар қаруларды құрбашыларға әкеледi. Ал олар бiзге таратады. Бiздiң бәрiмiзде мынау секiлдi он оқтық ағылшын беншестерi бар. Ал Сайфул бекте атса адамдарды шөптей жусатып салатын пүлiмет бар едi. Түнде неге екенi белгiсiз, соны қолданбады ғой.

    • Ал ендi, тұр. Алдымызға түсiп, өздерiң тұрған күркелерiңе баста. Қашатын болсаң, тура желкеңнең атамын. Сүлеймен, мына мылтықты оқшантайымен сен ал. Мұны қалай атуды, оқтауды кейiн үйретемiн.

Тоқымжанды желкелеген екеуi әлден соң күркелерi қираған алаңқайға жеттi. Арғы маңдағы бiр топ бадамшаның түбiнде Салықбайлар отыр екен. Бұларды көрiп орындарынан атып

тұрды. Аязбек Тоқымжаннан басқа тоғай iшiнде ешкiмнiң жоқтығын айтты. Салықбайлардың де көзiне ешкiм түспептi.



    • Күркелер жанында он екi адам өлiп жатыр. Оның үшеуi өзiмiздiң жiгiттер. Жаңа сендер келгенше, оларды шетке шығарып қойдық. Амал нешiк, ендi соларды осы жерге жерлеймiз, — дедi Төрекелдi.

Қазақтар күрке маңдарынан табылған кетпен-күректермен үш қабiр қазып, Түркенi, Дөңбайды, Көкендi жерледi. Төрекелдi құран оқыды. Оны бiткесiн, басмашылардан қалған бiраз азық- түлiктi, қазан-шәугiмдi, қыш кеселердi қаптарға салып, оларды бiр-бiрден иықтарына алып, Сиязбек отырған жерге келдi. Осында отырып, қаптағы құрғақ нандармен жүрек жалғады.

    • Тоқымжан, — дедi бiр кезде Төрекелдi. — Жасақтарыңда қанша адам бар едi?

    • Жиырма екi адам едiк. Оның тоғызы өлсе, менiмен қосқанда, он үшi қашып кеткен екен.

    • Олар қашқанда қайда барады деп ойлайсың?

    • Боштайға, не Әрипхонға барады да.

    • Олай болса, — деп атып тұрды Төрекелдi. — Бұлар өздерiн “басмашы” деп атайды екен, ал бiз өзiмiздi қызылдармен де, басмасшылармен де соғыса беретiн, тек өзiмiз үшiн ғана күресетiн “қарақшылар тобы” деп атаймыз. Ақыры бәрiмiздi ауылымызда қарақшы деп атайтын едi ғой. Басшымыз етiп, бәрiмiзден жас болса да, Сүлеймендi сайлайық. Бұған ешқайсың қарсы емес шығарсыңдар. Сен, Тоқымжан, осы тауды жақсы бiлесiң-ә. Бiзге жақсы пана болатын үңгiр ме, шатқал ма, әйтеуiр бiр қуысты тап.

Төрекелдiнiң сөзiне ешкiм қарсы уәж айтпады.

V


Өздерiне жаңа басшы сайлап, топ құрып алған қарақшылар, тоғайдан шыққан соң асу үстiндегi тас қуысына жетiп, иықтарындағы қаптардың бәрiн қарагер атқа артты. Тоғай iшiнде отырғанда Тоқымжан: “Осы асудың бас жағына таман “Суықбастау” деп аталатын бұлақ бар. Бастаудың шығыс жақ бетiндегi үлкен шатқалға кiретiн жалғыз аяқ жолды тауып алсақ, бiзге сол жерден артық пана болмас едi”, — деген-дi. Сонда тезiрек жеткiсi келген бұлар көп аялдамай жүрiп кеттi. Тоқымжаның “мынау тұрған” деген “Суықбастауына” дейiн жарты күн жүрдi. Бұлақтың суы басқа бастауларға қарағанда тым мұздай екен. Әлгi атауды бұған осы қасиетiне байланысты берсе керек. Ал бастау үстiнде тiп-тiк құлама құз тұр. Бұлақ басында бiраз уақыт аяқ суытып алған қарақшылар құзды айналып, шатқал iшiне кiретiн жалғыз аяқ жолды iздеп, әбден сарсаңға түстi.

— Сен, енендiұрайын, жауыз, бiздiалдап, өзбасмашыларыңның

тосқауылына тап қылайын деп ойлап жүрген шығарсын. Қане, айтқан жолың? — деп Салықбай Тоқымжаның жағасынан ала жерге алып ұрып, тоқпақтай бердi.

Анау сорлы бет-аузын қолымен жауып, өзiнiң алдамағанын, өзi көрмесе де осы шатқалға кiрер жалғыз аяқ жолдың бар екенiн айтып, жалынып жатыр.



    • Тоқтат, Салықбай! — деп ақырды бiр кезде Сүлеймен. — Ол жазғанның алдауға шамасы қайда? Қорыққанынан бiзге иттен бетер қызмет етiп, жаны шығар-шықпас халмен өз iсiне мүттәхәм болып жүргенiн байқамаймысың? Сен бiлмесең, тау арасын көп адақтаған мен бiлемiн, мұндай көк құзды шатқалдарға кiретiн бiр жолдың барын. Жiбер деймiн оны.

    • Кiм бiледi, бiздi әдейi мазаққа айналдырып жүр ме дегенiм ғой.

Қарақшылар бұдан кейiн де жолды көп iздедi. Кiшi-гiрiм тау шоқысы секiлдi дөңгеленген шыңды жартасты бiрнеше мәрте айналып өтсе де, бiтеу тас секiлдi құздың iшiне кiретiн жолды таппай-ақ қойды. Тiптi әрбiрден кейiн осы жартастың iшкi жағы ашық алаңқайлы һәм соған кiретiн жол бар екенiне бұлардың иланымы да азайды.

    • Қой, жiгiттер, бұл жартасты қашанғы айнала беремiз. Одан да баспана болар басқа үңгiр iздейiк те, — дедi Аязбек бұлақ басына қайта келгенде.

    • Басқа шың-құздарға жалғанбай, Құдайдың өзi қолымен қалап шыққандай тастақты жартас екен. Былай қарасаң, алып киiз үй секiлдi.

    • Еһе, Төке, дұрыс айттың-ау. “Жақсы ырым айттың” дегенiм ғой. Бұл шоқыны киiз үйге ұқсатсаң, онда сол киiз үйге кiрер есiк болуы керек, — дедi Сүлеймен.

    • Уә-ә, жигитләр, бағаналы берi неге байқамағанбыз. Мынаны қараңдаршы, Құдай бiледi, бiздiң iздеген жолымыз осы, әстi, — деп Тоқымжан биiк жалбыз бен қурайлар көмкерген жiңiшке жолды нұсқап.

Бәрi сол нұсқаған жерге қараса, шынында, бұлақ басынан жалбыз бен қурай iшiне қарай бiр жол жатыр. Тоқымжан қалың нуды жапыра алға түстi. Оның соңынан ерген қарақшылар елу қадамдай жүргенде, тұтас көрiнген жартастың етегiнде үңiрейген үлкен тесiкке тақалды. Атты адам сияр тесiктен өткенде, Құданың құдiретi, арғы жағынан ат шаптырымдай кең алқап шыға келдi.

    • Мынау нағыз ұрылар мен қарақшылар тығылатын жер екен.

    • Аязбек, мұнда бiз алтаумыз түгiлi, бiр түмен қол сиып кететiнге ұқсайды, — дедi Сүлеймен де оны қостап.

Қарақшылар жартастың түкпiр-түкпiрiне дейiн аралап көрдi. Әр жерде құр мен шiлдiң ұялары көп екен. Кекiлiк те мол. Кiре берiсте ожаулап болмаса да қасықтап алуға жарайтын сулы кiшкене бұлақ бар. Алаңқай етегiндегi қалың қамыс пен жалбыз осы бұлақтың суынан нәр алып тұрса керек. Сүлеймен соларды көрiп қуанып кеттi.

    • Бәрекелдi, Тоқымжан, бiзге жақсы пана тауып бердiң. Мына қамыс пен жалбыздарды кесiп, құрғақтау жерге лашық тұрғызып аламыз. Су бар, құр мен шiлдi, тауешкi мен кекiлiктi атып, азық етемiз.

Сол түнi ашық аспан астында түнеп шыққан қарақшылар ертеңiне өздерiне баспана тұрғызуға кiрiстi. Қамыс пен жалбызды кесiп, екi-үш күн кептiрiп, бiрнеше лашық тұрғызды. Салықбай Сүлейменге мылтық атуды үйреттi. Бiраз күннен соң Сүлеймен мылтық атуға машықтанғаны сондай, құз басында ойнақшып

жүрген таутекенi дәл атып түсiре беретiн дәрежеге жеттi. “Ылғи аң етiн жей беруге болмайды” деп бұлар кепкен долана мен бүлдiрген, жабайы алманы да қорек еттi. Өздерiнiң тұрған жерлерiнiң алыс-жақын маңайына барлау жасап, төңiректiң ой- шұқырын әбден бiлiп алды.


...Ешқайсысына тыныш өмiр жақпайтын қарақшыларды бес айдан кейiн бiр орында жата беру мезi еттi. Өздерiнше, мұндай жүрiс пен тағдырды бастарына Құдай салған деп ойлайтын олар, ендi қалайда бiр ермек табуды көздедi. Ақыры бәрi елдерiне бара алмайды. Барса, қызылдардың жаңа үкiметi не қамап, не кетпен шаптырып, су суғартып, жұмысқа жегiп қояды екен. Бұларға салсаң, кетпен ұстап, күрек қазғанша өлген жақсы. Бiреудiң “барып кел, шауып кел” дегенiн естiгенше, анау таутеке секiлдi шың жағалап, құз қиялап, еркiн жүргендерi мың есе тәуiр. Бұлар тек Құдайдан басқа барлық нәрседен азат болуды қалайды. Бiрақ кедейдiң көз жасын көргiш, ал сараң бай мен менменсiген бектi жылатуға құмар. Бiрi емес, тағы бәрi солай. Анау Тоқымжанды кiм бiлген, ал басқаларын “түз тағыларының ойы мен ойыны бiрдей” дегендей, Құдай бастарын құп қос- қан.


Қайбiр күнi Төрекелдi Сүлейменге: “Бiреудi Құдайқаңғыртады, ендi бiреу Құдайдың бұйрығына көнбей өзi қаңғырады” дейдi қазақ. Осы бiз қайсысына жатамыз, өзi? Мен ғой, осы жиырма тоғызға келгенше бiр жерде үш айдан артық тұрақтап тұрмаппын. Қатардағы елдi көзге iлмей, мойнына күдiрейген жал бiткен бiреудi көрсем болды, соны ботадай боздатып, аруанадай аңыратып, иттей қыңсылатып кеткенше, байыз таппаймын. Сондайлардан “өзiмнiң кегiмдi болмаса да одан жапа шегiп жылап жүрген басқа бейбақтардың кегiн алдым ғой” деп ойлап, өш алып кетсем де, жұрт менi “бұзылған”, “қарақшы” санап, орталарына қос-қысы келмейдi. Сонан соң жүрем, өзiмдi жақтыратын жаңа жұрт iздеп. Дегенмен менi кедейлер сыйлайды. Ал байлар, бiр жерден мал ұрлатып, артынша өзiңдi әшкере қылады. Еңбегiңдi пайдаланып, зейнетiңдi бермейдi. Маған өлместiң күнiне жететiн пұлын берiп қойып, өзi байыған үстiне байи берсем дейдi. Ауылда мен көп

жыл өзiне қызмет еткен Шонақ деген бай болды. Қорасына қора- қора жылқы, кере-кере түйе айдап әкеп бердiм. Қайтарымы бiр жылқы, бiр ботадан асқан жоқ. Сол маған басыма үй, құшағыма бiр қатын әперiп қойса, артымды қысып, соның айтқанына көнiп, айдағанына жүрiп, жауының бетiнде, желiнiң өтiнде жатпас па едiм. Содан оның түбi жарытпайтынын бiлдiм де “ақыры Шонақтың қол астында нан үшiн ғана жүрген кедей екенмiн. Бiр үзiм нанды жортып жүрiп те табам. Өз күшiмдi бiреуге емес, өзiме жұмсаймын” деп оны өлтiрiп сабадым да, бар малын айдап кетiп қалдым.

Бiрақ Құдай ырысымды сәл кем қылып жаратқан ба, ойлағаныма жетем деп жүргенде, мына жаңа өкiмет келiп қалды да, жалғыз атты ұры менi де жау санап, тыныштық бермедi. Мұндай күй бiр менде ғана емес, мына Салықбайда да, Аязбек пен Сиязбекте де бар. Ақыр түбi, өзiңде де бар. Әйтпесе, Досалы биiң өзiңдi жарылқап тастамады ма?” — деген-дi.

Содан берi Сүлеймен де: “Расында бiреудiң жұмсауымен күнi- түнi шапқылап, барымта iстегеннен тапқан пайдам қайсы? Ат төбелiндей байлар шалқып өмiр сүрiп, “арқа етi — арша, борбай етi — борша” болған мына бiз неге жоқтықпен күнелтуге тиiспiз. Байлардың көбiсiне байлық ата-бабаларынан мұра болып қалады. Ал маған ата-бабадан не қалды? Қалың қазақтағы түгел билiкке жеткен Төле бабамнан, жиырма мың қой, он мың жылқы бiткен Қожамжар мен бес мың жылқысын бiр жұтта қырғызып, екi жылда қайтадан екi мың жылқы жиып алған Дауылбай атамнан маған бiр нәрсе жұқпағаны қалай? Рас, маған Құдай ерен күш бердi. Бiрақ осы күштi де бiреулердiң пайдасына жаратып келiппiн ғой. Ендi, Төрекелдi айтқандай, осы күшiмдi мен өз- өзiме пайдаланып көрейiн” деп ойлаған-ды.


…Бiрақ Сүлейменнiң осы бiржақты ойы оған болашақта бақтан гөрi сор көп әкелдi. Өмiрiнде айқасқан адамдардың ешқайсысынан жеңiлiс көрмеген ол, өзiн қоршаған адамдардың iшiндегi ең алыбымын деп санап, үлкен-үлкен қателiктер жiберiп алды. Кейде оның пендешiлiгi де басым болды…


Қарақшылар өздерi “қазақтар ұясы” деп атап алған шатқал iшiнде бес айдай бейтарап бейбiт уақыт өткiзген соң бiр күнi кеңес құрды.

    • Алтауымыздың iшiнде жастары үлкенiмiз — Аязбек екеумiз ғой. Биыл Құдай қаласа, жиырма тоғызға келiп отырмыз. Бiрақ “бәрiмiзден күштi, бәрiмiзден дәу” деп, Сүлеймендi басшы сайлағанбыз. Қалғанымыз оған тiреу, әрi ақылшымыз. Үрме жасап, тауда үй тұрғызып, аңдар ортасында екi аяқтылардың кiшкене бiр ауылын тұрғызып та қойдық. Ендi аң сияқты тағы болайық демесек, айналадағы өзiмiз сияқты басмашылармен байланысқа шығып көрейiк, — дедi Төрекелдi.

    • Олармен бейбiт байланыс ретсiз-ау деймiн. Осы, анау, Тоқымжанның бiзден қашып кеткен серiктерi басмашылардың бәрiне барып, бiздi ендiгi жау қылып көрсетiп қойған да шығар.

    • Аязбек, түнде өздерiне шабуылдаған бiздер екенiн олар қайдан бiлсiн. Сен не дейсiң, Тоқымжан? Олар бiздi танып қоюы мүмкiн бе? — деп сұрады Сүлеймен.

    • Егер ылғи қазақ — сендердi көрсе, әлбетте, танып қоюы мүмкiн.

    • Мәмлеге шақырсақ көнедi деп ойлайсың ба?

— Мен бiлетiн Сайфул бек болса, ол өз адамдарын өлтiргендердi ешуақыттакешпейдi.

    • Кешпесе, кешпей-ақ қойсын. Олармен мәмлеге келер болсақ, бiздi өздерiне бағынышты етiп алары хақ. Ал бiз ешкiмге бағынуға тиiс емеспiз. Қайта, олардың өздерiн бағындырып алайық. Тоқымжан, Боштайдың ба, Әрiпханның ба, қайсының бандасы бiзге жақын орналасқан?.

    • Боштайдiкi жақындау, Сүлеймен. Бiрақ оның адамдары көп. Мен көргенде отызшақты-тұғын.

    • Әрiпханда ше?

    • Ой, ең үлкен топ соныкi ғой. Оның елу-алпыс адамы бар.

    • Онда кеттiк, сол Боштайыңа.

Қарагер атты осында қалдырып, мұздай қаруланған бес қарақшы жолға шықты. Жол көрсетушi Тоқымжанға қару бермедi. Себебi алда-жалда атыс бола қалса, өздерiне қаратып, оның оқ атуы да мүмкiн.

“Қазақтар ұясынан” түс әлетiнде шыққан алтау ылди-өрлi тау арасымен кешке дейiн жүрiп, бiр жыраға келгенде Тоқымжан айтты:



    • Анау көрiнген төбенiң арғы жағы екi жақтамалы құз. Құздың түбiнде Боштай сарбаздарының қосыны бар. Төбенi айналып, алды жақтарынан шықсақ, сарбазы көп ол топты ала алар ма екенсiңдер.

    • Алдыңғы жағынан баруға болмайды. Өйткенi Боштай

жауды ылғи сол жақтан күтiп отырады. Әрi қарауылдары да сонда тұруы ықтимал. Не де болса оларды желкесiнен басайық.

    • Адамдарың азғантай-ақ, Сүлеймен. Оларды шабуылдауға қорықпайсыздар ма? — дедi Тоқымжан Сүлейменге сығырая қарап.

    • Неге қорқамыз? Анадағыдай түнде шабуылдаймыз.

Айтпақшы, осы басмашылар ит ұстай ма?

    • Үрiп, алыстағы жауға белгi берiп қояды деп, ит ұстамайды олар.

    • Онда жақсы болды. Қосынға жақындап барып, түн ауғанша бiр панаға тығылып жатайық. Арғы жағын көрермiз.

Топ алға бiраз жүрiп, ылдиға түстi. Төбесi жайпақ тау жотасының батыс жақ сiлемi шынында құзды екен. Етекке қосын тiккен басмашылар бұл жақтан “жау келiп қалар” деп әсте ойламас-ты. Олардың сескенетiн жауы — қызылдар. Ал қызылдар келетiн болса батыс жақтан, яғни Тәшкен немесе Бегебад жақтан келуi тиiс. Сүлейменнiң әлгiндегi бағамы дұрыс шықты. Құзды жотаның баспалдақты тасты жерлерiмен жүрiп, орта тұсқа келгенде, сонадай жерден бiраз адамдардың сұлбасы көрiндi. Қарақшылар тас панасына тығылды.

    • Мiне, Боштайдың мекенi осы, — дедi Тоқымжан.

    • Тым ашық жерде отыр ғой бұл басмашыларың. Әрi күрке- лашықтары да көрiнбейдi, — деп таңырқады Аязбек.

    • Бiз төбеде тұрған соң олар ашық жерде орналасқан сияқты болып көрiнiп тұр да. Егер алдыңғы жақпен баратын болсақ, өрге шығатын едiк. Бұл жердiң де арғы жағы сай. Ал бұлар бiзге ұқсап, күрке-лашық тiкпеген. Әне, қараңдаршы, бiреулерi құз етегiндегi тесiкке кiрiп-шығып жүр ғой. Сол тесiктер ескi заманнан бар кiшкене-кiшкене үңгiр қуыстар. Бұлар соларды жатын орын қылып алған. Болмаса, құзға жапсарлас етiп, тас үйшiк салған.

    • Иә, — дедi Төрекелдi. — Бұларды түнде шапсақ та, алу қиын екен. Таудың жәйпең ортасында жүрмiз бе десем, бiз ең биiк жерiне шығып кеткен екенбiз-ау.

    • Амал жоқ, бәрiбiр келген мақсатымызды орындамай керi қайтпаймыз. Қазiрше осында демала тұрайық. Түн әбден түскен соң жақындап көремiз.

    • Менде бiр ой болып тұр. Түнде қарауылдарын өлтiрiп, әр үңгiрдiң аузына әрқайсымыз тұрып алып, iштегiлердi атып қыра бермеймiз бе?

    • Сенiң ойың тек қыра беру екен де, Аязбек. Не боларын көрермiз кейiн. Күнi бойы жүрiстен аяқтарым ауырлап қалыпты. Демалайықшы сәл. Бiр-екеуiң күндегi әдет бойынша Тоқымжанның аяқ-қолдарын байлап тастаңдар. Қашып кетiп жүрмесiн.

Бiр кезде Сүлеймендi Төрекелдi жұлқылап оятты. Бұған бiр нәрсе қиын болса — ол түнде беймезгiл тұру. Тау iшiнде тас жастанып, жер бауырлап жата кететiн жайсыз өмiр кешiп жүрсе де, жамбасы тиген жерге тұяқ серiппей ұйықтай бередi. Қарақшыға тән сыбырға оянып кететiн құс ұйқыға үйрене алмай- ақ қойды. Жаңа Төрекелдi оятқанда да, көздерiн аша алмай, тұрмай бiраз жатты.

    • Талыстай боп жатпай, тұрсайшы ендi. Төбеде Шолпан туып келедi. Анау басмашылар да саған ұқсап, өлiктей ұйықтап жатқан шығар. Орталарына барып, ойран салайық.

Алдарында не күтiп тұрғанын бiлмесе де, Боштайдың тобын тас-талқанын шығаруға бекiнген қарақшылар дiттеген жерлерiне әп-сәтте-ақ жеттi. Тоқымжан айқайлап белгi берiп қоймасын деп, Салықбай оның бүйрегiне мылтық ұңғысын қадап тұр. Қосын маңында қарауыл да көрiнбейдi. Жым-жырт.

    • Қарауылдары қай тұста тұрушы едi? — деп сыбырлады Төрекелдi Тоқымжанға.

    • Бiлуiмше, екi-үш жерде тұруы тиiс.

    • Әй, сарт, жай сөйле. Сен бiздi әлден-ақ сатайын деп тұрсың ғой.

    • Салықбай, Тоқымжанды алдыңа салған күйi бiрауықтан соң қосынға қарай жақында. Бiз екеу-екеуден жан-жақты сүзiп өтейiк.

Қарауылдарды атпай, қолмен-ақ ұрып, талдырып тастаңдар, — дедi Сүлеймен.

Бұдан кейiн бiраз кеңесiп, Аязбек пен Сиязбек қосынның шығыс жағынан, ал Төрекелдi мен Сүлеймен түстiк жағынан шабуылдауға келiсiп, тарасты.



Айсыз түн құшағындағы құз етегiнен бұлардың аяқ дыбысынан басқа бiр бөгде тырсыл естiлмей, айнала манаурап тұр. Ендi-ендi бозамық тарта бастаған таң шапағы тау iшiне баяу ғана енiп келе жатқан мезгiл едi бұл. Төрекелдi мен Сүлеймен шеткi үңгiр үйге жақындағанда, одан қараңғыда сұлбасы көлбеңдеп, бiр адам атып шықты. Сүлеймендер тiзерлеп отыра қалды. Әлгi адам жан-жағына алақтай қарады да, тура осы екеуi отырған жаққа жылжыды. Үш-төрт қадам жүрiп, тың тыңдағандай мелшиiп аз-кем тұрды. Содан соң ешкiмнiң жоғына көзi жеткендей, қайта бұрылып, қосынға беттедi. Осы мезет Төрекелдi орнынан атып тұрып, шапшаң қимылмен оның басына мылтық дүмiмен бiр ұрды. Басмашы етпеттей құлады. Оның гүрс етiп құлаған дыбысын есiтiп қойса керек, бұл шыққан қосыннан тағы бiреу жүгiре шықты да: “Уа, Юлдаш, қәйдасәң?” — деп айқайлады. Ешкiм жауап қатпаған соң: “Уа, кәйткә иоқәлдiң?” деп тағы да дауыстап, ол да бұлар жаққа адымдады. Тым жақын келсе, өзiнiң кiм екенiн бiлiп қоятынын ойлаған Төрекелдi: “Нимә булду?” — деп өзбекше сөйлеп оған жақындады. Ол сорлы мұны өз серiгi деп ойлады бiлем, тағы бiр нәрселердi айтып келе бергенде, Төрекелдi қанжарын оның iшiне сұғып жiбердi. Қанжар дәл асқазан тұсынан сұғылса да анау жанкештi екен, айқайлап үлгердi. Онсыз да секемшiл басмашылар осы айқайдан соң үңгiрлерiнен атып-атып шықты да, абыр-сабыр болысты. Ойлағандары болмай қалған Төрекелдi мен Сүлеймен үңгiр алдында қараңдап, жүгiрiскен оларға қарсы оқ атуға кiрiстi. Сол-ақ екен, құз етегiн бей-берекет айқай-шуға толтырған басмашылар кiмнiң атып жатқанын бiлмей, үңгiр алдында жата-жата қалысты. Құры жатпай, олар да мылтық атуды бастады. Осы кезде бұлардың қасына ентелеп, Тоқымжанды алдына салған Салықбай жеттi.

    • Менiң бiр ойым бар. Қазiрше басмашылар осылай абыр- сабыр болып жатқанда, мен тез-тез құздың басына шығайын да,

олардың төбелерiне тас домалатайын. Ал сендер екеуiң бiр жерде жатпай, араларыңды алшақтау етiп жатсаңдаршы. Жаулар бiздi аз деп ойламасын да.

    • Бұл ойың дұрыс екен. Бар, бар тезiрек.

Салықбай төбеге қарай өрмелей жөнелгенде Тоқымжан:

    • Боштай, Әбдiрохмон! Бу қозоқләр бар-йоғы бештә-яқ одом.

Қорықмәстән атә берiңләр, — деп айқайлап жiбердi.

Сүлеймен оның аузын басам дегенше, төбеге өрмелеген Салықбай сусып пәске түстi де, Тоқымжанның басынан бiр атты.



    • Ай, бекер-ақ аттың-ау.

    • Сатқынға обал жоқ.

Салықбай кете салысымен, басмашылар кенет мылтық атуын сап тиды.

    • Анау басмашылар мына сұмның жаңағы айқайын есiтiп қойған жоқ па екен?

    • Бұл айқайлаған кезде олар тарсылдатып мылтық атып жатқан. Шамада, есiткен жоқ-ау.

    • Не болса да мен шеткерiрек барып жатайын. Үңгiр алдында бiреу-мiреу қараңдап көрiнсе болды, дәлдеп ата берейiк.

Сүлеймен жылжып бiр топ жайыла өскен тау шиесiнiң ығына барып жасырынды. Мылтығының оқпанын оққа толтырып алып, үңгiр тұсқа көз қадады. Басмашылар тым-тырыс. Ол жақтан тек сыбырласып қана сөйлескен дауыстар естiледi. Не ойласқандарын кiм бiлсiн, әлденуақытта басмашылар өре түрегелдi де айқайлай ұрандатып, бұлар жатқан тегiске лап қойды. Өздерi бiрталай. Өзiне қарай жүгiрген басмашыларды көрiп Сүлеймен алғашқыда сасып қалды. Алайда лезде ес жиып, алға ентелеген оларды бiр- бiрлеп ата бастады. Бұған анау шеттен Аязбек пен Сиязбек, мынау шеттен Төрекелдi қосылды. Басмашылардың алдыңғы шебi шөптей жапырылды. Қалғандары бағанағыдай жата қалысып, бұларға қарата оқ боратты. Мылтық дүрсiлiне олардың түсiнiксiз айқайлары қосылып, шатқал алды бей-берекет шуға толды.

Сүлеймен бiр орында жатпай, ары-берi сусып, мылтығын көздемей-ақ атып жатты. Бiр кезде қарсыластар жақтан себезгiленген, бозамық таңның селкеу қараңғылығын жарқ- жұрқ еткен оқтарымен тiлгiлеп, бiр бейтаныс от-қару тоқтаусыз зеркiлдеп, гүрсiлдей атылды. Сүлеймен “бұл не пәле?” деп ойлағанша, отты оқтар оң жағындағы қалың шиенi шалғымен орғандай қиып-қиып түсiрдi. Сәл болмағанда отты оқтар мұның

басын денесiмен қоса қырқып түсер едi. Содан ығып, артқа шегiне бастағанда, тау басынан шатқал-құзды гүрсiлiмен көшiре, тастар домалап кеп бердi. Тастар құз бетiн жалай сусып түсiп жатқанымен кейбiрi қатты екпiнмен секiре домалап, Сүлейменнiң жанынан төменге қарай зулап өттi. Жаңағы шулары түк емес, Боштайдың адамдары осы кезде күңiрене айқайға басты. Таң тыныштығы астындағы соншама мылтық дүрсiлi мен қырғын адамның айқайы шатқалды дiрiлдетiп жiбергендей едi. Құлама жартасқа жабысқан тайғанақ құмды майда қиыршықтарды Салықбай домалатқан жарғақ тастар қозғап жiбердi ме, әлде құз бетiн жаңғырықтырған қатты дауыстардың толқынды екпiнi оларды көшiре жөнелдi ме, кiм бiлген, әйтеуiр төбеден төменге қарай құлаған тау жыныстары толас таппай, селдей ақты. Бұлай тұра берсе тас астында көмiлiп қалатынын бiлген басмашылар бас-көз жоқ еңiске қарай жүгiрiстi. Ендi алдарында атып жатқан жауларының оғынан емес, таудың тас көшкiнiнен ығып, беталды лаққан олардың бiрталайы қалың шиенiң iшiнде жасырынған Сүлеймендi байқауға да шамалары келмей, жанынан зу-зу етiп өте шықты. Басмашылардың дәрменсiз, дегбiрсiз халдерiн көрген Сүлеймен оларды атпады. Құлағын тоса тыңдаса, Төрекелдi де атып жатқан жоқ сияқты. Аздан соң үңгiр тұстан бiресе дүңкiлдей, бiресе сусылдап, сырғып домалаған тастардың даусынан басқа адам үнi естiлмей де қалды.


    • Төрекелдi, бармысың? — деп айқай салды Сүлеймен осы

кезде.

Жауап болмады. Басына бiр жаман ой келген Сүлеймен, ол жасырынған бетке еңбектей жүрдi. Келсе, Төрекелдi орнында жоқ. Осы мезет құбыла тұстан Төрекелдiнiң таныс ысқырығы естiлдi. Басын көтердi. Анадай жердегi пәс аршаның тасасында тұрған Төрекелдiнi көрдi. Ол “еңбектеген күйi берi жақында” дегендей, қолымен белгi бердi. Арша түбiнде Төрекелдi мен Салықбай отыр екен. Төрекелдi сол иығын оң алақанымен басып алыпты. Иықтан аққан қан шекпенiнiң сыртына шығып кетiптi.



    • Немене, оқ тидi ме?

    • Тиюiн тигенiмен, сүйегiм аман сияқты. Боштайдың қолы еңiске қашып жатқанда Салықбай оқ жырып кеткен терiме

топырақ сеуiп, таңып тастады. Өзiң қалай, Құдай оқтан қақты ма?

    • Тұқымы құрысын. Әлгiнде найзағайдай жарқылдап атылған не пәле? Сәл болмағанда, шиемен бiрге менi де қиып түсiре жаздады.

    • Тоқымжан айтқан пүлiмөт деген сол. Алла оңдап, дер шағында мынау Салықбай тас домалатып үлгердi. Әйтпесе бәрiмiздi сол пүлiмөт баудай жапырар едi.

    • Анау екi ағайынды қайтты екен? Аман болса екен әйтеуiр.

    • Кiм бiледi, қазiрше оларды iздеуге шама жоқ. Таң да атып қалды. Мына басмашылар еңiске барып, бiр жерге тығылды-ау деймiн. Олар бас-аяғы жиылып кеңесiп алса, бiзге шабуылдауы кәдiк. Тас үйлердiң бәрiн қиыршық басып қалды. Ендi кетейiк бұл жерден, — дедi Салықбай.

    • Сонда қайда жүремiз? Төрекелдi, сенiң жүруге шамаң бар ма?

    • Менi уайымдама. Екi аяғым сау ғой.

    • Бұлар аттарын қайда ұстайды? Сiрә, сол еңiс жақта ат қоралары бар-ау, — дедi Салықбай жан-жағына алаңдай қарап.

  • Е, мен “таң неге ұзап кеттi” деп ойласам, аспан бұлттанып қалыпты ғой. Бұлт тұтасып тұр. Қар жауады-ау, әстi.

    • Желтоқсан айының ортасы болды. Биылғы қыста қар жаумай тұрғаны бiз үшiн оңтайлы. Тек, қыстық қамымызды ұқсатып алмағанымыз өкiнiш болды. Боштайдың артында қалған жұртынан қолға түскеннiң бәрiн терiп алар едiк, қарашы, үйдiң бәрiн тас басып қалғанын. Бүгiн талай оғымызды шығындадық. Егер келесi жолы әлдекiмдермен осылай соғыссақ, оқ-дәрiмiз аз, халiмiз мүшкiл болмақ-ты, — дедi Сүлеймен. — Мейлi, қармаққа бiрде ештеңе, бiрде бiрдеңе iлiнетiн сапарда жүрмiз ғой. Бастысы

  • аманбыз. Қалғаны бiр нәрсе болар.

Амандықтарына шүкiршiлiк етiп, тағы бiрқыдыру мезгiл отырған қарақшылар өз “ұяларына” жетiп алмақ боп, орындарынан тұрды. Өздерi отырған жерiнен батысқа беттеп, Боштай паналаған шатқалды айнала, мекендерiне жеткенше кеш түстi. Ұя аузында бұларды Сиязбек қарсы алды:

    • “Манағы атылған пүлiмөт барлығыңды қырып салды ма” деп ойлап едiм. Жаратқан ием жар болып, Төрекелдi болмаса,

басқаларың бек сау екенсiңдер. Тәубә. Әйтеуiр төбеден тас домалап, басмашылардың шат-шәлекейi шығып жатқанда, оң тiзесi мен сол шынтағынан жараланған Аязбектi көтерiп, төменге түсiп едiм, олардың ат қораларына тап бола кеткенiм. Қарауылы екеу екен. Бiреуiн атып өлтiрiп, бiреуiн ұрып жығып, байлап алдым. Оны бiр атқа өңгерiп, Аязбекке бiр ат жетектетiп, өзiм бiр ат жетектеп, бес айғыр олжалап әкелдiм.

    • Пәлi, олжаның үлкенi сенде болған екен ғой, — дедi Сүлеймен. — Салықбай құз төбесiне шығып, тас домалатқанда еңiске қарай жөңкiле қашқан басмашылар сол ат қораларын бетке алды-ау деймiн. Сендер барда олар онда жетiп үлгерген жоқ па едi?

    • Бiз бiр шоқы берi асып өткенде, олар сол маңға жеткен-дi. Бiрақ басмашылардың аттарына қолдары жетпедi. Мен қалған аттардың бәрiн тас қорадан шығарып, қамшылап-қамшылап, жан-жақа бытыратып жiбергем.

    • Мұның да оң болған. Әй, айтпақшы, Аязбектi қай күркеге жатқыздың? Барып, жағдайын сұрайық. Одан соң жаңағы айтқан тұтқының қай жақта? Оны ортаға алайық.

Сиязбек Аязбектi өздерi жататын шеткi лашыққа жатқызыпты.

Ол жарақатын ауырсына қиналып жатыр екен.

    • Сиязбек жарақат орнын дер кезiнде таңды. Бiрақ оқ сүйекке қадалып тұр ма бiлмеймiн, аяқ пен қолым зырқырап алып барады. Оған көрсетер көмек-амалдары жоқ қарақшылар тұнжырап отырды. Бұлар осылай отырғанда, Сиязбек қолы артына байлаулы тұтқынды алып келдi. Байғұс қорыққанынан дiр-дiр етiп, әсiресе

Сүлеймендi көргенде көзi атыздай болды.

    • Қане, жөнiңдi айт, жiгiтiм.

Басмашы сарнай жөнелдi. Өзiнiң Боштайға қалай қосыл- ғанын, оның тобында қанша адам бар екенiн, өздерiнiң шатқал түбiнде қалай күн кешетiнiн, қандай жолмен азық табатынын, бәрiн-бәрiн жайып салды. Сосын Төрекелдiге қарады:

    • Мына кiсiге Бешташтағы Ергешқожа тәуiптi әкелсеңдер ғой.

    • Бешташың қай жерде?

    • Осыдан бiр күншiлiк жер. Ханқорғанның үстiнде.

    • Онда бүгiн бiздi сол қышлаққа ертiп барасың, — дедi Сүлеймен.

Түн түсе Сиязбектi жаралы Төрекелдi мен Аязбектiң жанына қалдырып, Сүлеймен мен Салықбай атқа қонды. Тұтқынның

аяқ-қолдарын ат бауырына шандып байлап, жолбасшылық үшiн өздерiмен бiрге ерттi. Мақсаттары — тәуiп Ергешқожаны қалайда осында алып келу.



Басмашының бiр күншiлiк деген Бешташына ертесiне кешке бiр-ақ жеттi. Бешташ тау етегiндегi үлкен аңғарлы сайдың табанына орналасқан шағын қышлақ екен. Қарақшылар аңғар басындағы қамысты сай iшiнде түн жарымға дейiн тығылып отырды да, қышлақ iшiне кiрдi. Бас жақтағы орналасқан үйлердiң арасына кiре бергенде-ақ қапталдаса соғылған тоқал тамдардың тасаларынан иттер шәуiлдеп қоя бердi. Олардың кейбiрi ауладан атып шығып, бұлардың жолына кесе-көлденеңдеп тұрып, үрулерiн одан сайын күшейттi. Түн iшiнде қышлақтың барлық иттерiнiң үдере үргендерiнен сескенген Салықбай:

    • Қап, тамақтарың жарылғырлар-ай, ауыл адамдарының бәрiн оятып жiберетiн болды-ау, — деп күйiндi. — Сен, жiгiт, айтшы, “қазiр қызылдар осындай ауылдарға топ-топ сарбаздарын жасырып қояды” деушi едi, сол рас па?

    • Қызылдар әзiрше бұл жерге келе қойған жоқ. Келсе де, күндiз келiп-кетедi. Түнге қалуға оларға да жан керек. Бұл қышлақтың aдамдары ит үргеннен түнде далаға шыға қоймайды. Бiресе басмашылар, бiресе қызылдар әбден үрейлерiн алып бiткен. Мұндай кезде тұрғындaр есiктерiн iштен байлап алып, “Құдай өзiң сақтай көр” деп көрпелерiн бүркенiп жата бередi.

    • Өй, мына нәлетiлер aрсылдап миымды шағып бiттi-ау. Ақыры үйлерiнен шығып, бiзге қарсы тұрар ешкiм жоқ екен. Иттiң бiреуiн атып, зәре-құтын алайыншы. Мылтық даусынан кейiн бiреуi үрер ме екен, — деп Сүлеймен венчестерiн оңтайлап, қарсысындағы иттi көздеп бiр атты.

Түнгi қышлақ үстiн гүрс етiп жаңғырықтырған мылтық даусы мен иттiң қаңқ еткен дыбысы бiрдей шығып, артынша айнала тып-тыныш болды. Адамға ғана емес, қыбырлaған барлық жан иесiне тажал төндiретiн мылтықтан иттер де сескенiп, тесiк- тесiкке кiрiп, үндерi лезде-ақ өштi. Оған Сүлеймен мәз болды:

    • Бaғаналы берi неге осылай iстемедiк, ә. Әй, атың кiм едi сенiң? Қанша айтсаң да, ұмытып қала берем. Кiм едi?.. Әбдiларқанат дедiң бе? Мейлi, кiм болсаң, ол бол. Әлгi Ергешқожа тәуiптiң үйi қайсы?

    • Ә, мiне, келiп қaлдық, — дедi ол қарауытып көрiнген бiр биiк үйдi көрсетiп. — Тәуiптi дауыстап далаға шақырайық. Әйтпесе, қатын, бала-шағасы улап-шулап қышлақты басына көтерiп жүрер.

    • Сен айқайлап шақыр. Бiздiң қазақ екенiмiздi бiлсе, шықпай қоюы мүмкiн. Далаға бiр шықса болды, қорқытсақ тa алып кетемiз.

Үшеуi Ергешқожaның үйiне жақындап келдi.

    • Ергеш-әка, Ергеш-әка, берi шығып кетiңiзшi, — деп айқайлады тұтқын.

Аздан соң шиқылдап есiк aшылғандай болды. Ашық дала болса, адам сұлбасын байқауға болар едi, тұтасып тұрған қараңғылықта түнере көрiнген үй есiгiнен сығалап қарaған адамды байқау әсте мүмкiн емес. Жаңa есiк сықырлағаннан кейiн бұлар “бiреу үйден шығатын шығар” деп бiраз тұрды. Алaйда есiк алдынa ешкiм шықпады. Тұтқын тағы да тәуiптiң атын екi- үш мәрте атап айқайлады. Сонда ғaна:

    • Ей, кiм бұл? — деген еркектiң дауысы шықты үй жақтaн.

    • Өзiмiз ғой. Боштай құрбaшы жiбердi менi сiзге. “Дереу келiп кетсiн” деп сәлем айтты ол кiсi. Керек-жарағыңызды алып, тезiрек шығыңызшы.

    • Атың кiм сенiң?

    • Әбдуләрхамит.

    • Тоқтай тұр онда.

“Тәуiп болмай қатып қалғыр, тезiрек шықса екен” деп ойлаған Сүлеймен Салықбайғa қарап бiрдеңе айтуғa оқталғанда, үй жақтан:

    • Е-e, Әбдуләрхамит, сатқын! Мен мұндамын ғой, сен кiмдердi ертiп келiп тұрсың өзiң? — деген өктем дауыс шықты.

    • Уa, Боштай-әка, мына қозақлар… — деп тұтқын сөйлей берiп едi, тарс етiп мылтық дaусы шықты да, ол атының артына қарай шалқалай түстi. Осы сәт қарaгер ат осқырынып, екi аяғын алға көтере секiрiп, Сүлеймендi оқтан сaқтағaндай, солға қарай ырғып кеттi. Оның шалт қимылынан ерден ауып кетуге шақ қалып, қолындағы мылтығын түсiрiп ала жаздаған Сүлеймен қайта оңтайланамын дегенше, үй жақтан атылған мылтық даусы

үдеп кеттi. Бұл жандәрмен мылтығын үйге қарата басып-басып қалды. Атып жaтқандар есiк алдына шықпай, терезеден атып жатыр-ау, сiрә. Себебi қиыстaу тұрған Сүлеймен оқ ызыңын есiтпедi. Аяқ астынан пайда болған жаулардың кiмдер екенiн бағамдауға мұршасы келмеген оның жанына Салықбай алқынып жүгiрiп келдi:

    • Атыма оқ тиiп, ұшып түстi. Өзiм де сау емеспiн. Сен қаш, қаш! Менiң атқа мiнуге халiм жоқ.

    • Денiң сау мa? Не деп тұрсың? Сенi осында тастaп кетiп, менi жын ұрып па? — деп Сүлеймен оның екi иығынан ала көтерiп алдынa отырғызып алды дa, шаба жөнелдi.

    • Ойбай, Сүлеймен, таста менi. Ат солқылына шыдай алар емеспiн Кеудем... кеудем қысылып, демiм тарылып бaрады.

Сүлеймен оның өтiнiшiн орындaп аттан түсiрдi де, еппен жерге жатқызды. Жарaқаты шынында ауыр екен. Оқ тура кеудесiне тиiптi. Жерге жaтқызғаннан-ақ дем алысы ауырлап сөйлеуi қиындaй бердi.

    • Су... су бар ма?

Сүлеймен ердiң қасында iлулi кiшкене местегi суды әкеп, аузына тосты. Салықбай зорға дегенде екi жұтым су iштi.

    • Сен қалaйда Төрекелдiлердi тауып ал. Ал мен... мен адам... болмайтын шығармын. Әт-тең-әй, Сырды-ың жaға-сын-нда өл- сем ар-ман-ым жо-оқ едi. Өлi-гiм тау-та-ста қала-ты-ын бол-ды- ау.

    • Қой, айтпа ондaйды. Сәл демалшы. Одан соң aтқа салып, “Ұяға” алып кетемiн.

Салықбайдың қайта сөйлеуге әлi келмедi. Алақанымен Сүлейменнiң қолын қатты-қaтты қысып жатты да, қорылдaй демалып барып, үзiлдi.

Өз тiзесiнде жaтып, өлген aдамды бiрiншi рет көрген Сүлеймен “Салықбай, Сaлықбaй” деп күңiрене айқайлады. Содан көзiне жас алып, жaны жабырқaй, мынa тас қараңғы түн iшiнде дос өлiмiнiң қайғысынa ортaқтасар жанның жоқтығына налып, ұзақ отырды. Бәрiнен бұрын “Ұяға” барғaнда серiктерiнiң алдына тәуiп орнына Салықбайдың өлiгiн өңгерiп апаратыны жанына қaтты батты. Осыған намыстанған ол жaңағы тәуiптiң үйiне қайта барып, Салықбайды атқан адaмдарды қырып тастағысы келдi. Бала кезден ойына бiрнәрсе алсa, бiтiрмей қоймaйтын

бiрбеткей қатқыл мiнезi осы жолы тағы бас көтерiп, Салықбайды биiктеу тастың үстiне жатқызып қойды да, қайта қышлаққа кiрдi. Тaрсылдaп атылғaн мылтық дауыстарынaн шошып қaлған ба, манағы алдынан шәуiлдеп, aрсылдап шыққан бiр ит болмады. Ортадағы жолмен турa жүре отырып, тәуiптiң үйiне жақындағанда тоқтaп, бiрауық тың тыңдады. Айнала манаурaған тыныштық. “Неде болса үйге жаяу барaйын” деген оймен қарагердi осында қалдырып, ақырын-ақырын басып, тәуiптiң есiк алдына келдi.



Бiраздан бұрынғы атыс үстiнде өлген басмашы да, ол мiнген ат та көрiнбейдi. Шарбақ түбiнде теңкиiп бiр ат жатыр. Оның Салықбайдың аты екенiн бiрден бiлдi. Тәуiп үйiнiң кiшкене терезесiнен шамның жарығы көрiнiп тұр. “Айналада тосқауыл жоқ пa екен?” деп өлген аттың жанында жарты сағаттaй отырды. Содaн соң шaм жанып тұрған терезеге жақындайын деген оймен тұра берiп едi, үй iшiнен қaраңдап екеу шықты. Екеу үйден ұзаған жоқ. Есiк aлдына тұра салып, шaптырып алып, iшке қайтa кiрдi. “Сaлықбай да өлдi ғой. Содан жaным артық емес” деп күбiрлеген Сүлеймен, олар iшке кiрiсiмен орнынан тұрды. Мылтығын дайындaп, aқырын жылжи терезе алдына келiп, iшке үңiлдi. Шам басында екi кiсi отыр. Ар жақтарында бiреу жатқaн кiсiнi жалаңаштап алып, денесiн бiрнәрсемен сылап жатыр. Оның жаралaнған бiреудi емдеп жатқaн тәуiп екенiн бiлдi. Мана осылардың бiрi “Боштай мен ғой” деп айқайлаған едi. “Сiрә, алдыңғы түнгi соғыста Боштaй, болмаса соның жaрaланған адамдары осында жетiп, мынa тәуiпке қарaлып жатыр екен ғой. Көрсетейiн мен сендерге емделгендi” деп кiжiнген Сүлеймен мылтығын жарық жаққa кезеп тұрып, шам басында отырғанның бiрiн атып салды. Артыншa екiншiсiн де сұлатып түсiрдi. Төбеден жай түскендей әсер еткен мылтық үнiнен шошып кеткен тәуiп, айқайлап жiберiп, шамның үстiне құлады. Жарық лып етiп өштi. Сүлеймен шaм үстiне құлағaнды емес, “жатқан жерiң осы- ау” деп, әлгi жалаңаштың тұсына мылтық ұңғысын бұрып, тағы атты. Оған оқ тидi ме, тимедi ме, әйтеуiр үй iшiнен өкiрген дауыс шықты.

Арғы бөлмеде олардың тағы бiреулерi жатса керек, әп-сәтте көп адамдардың үндерi естiлiп, терезеге қарай оқ атылды.

Сүлеймен дуал жағалай кейiн шегiнiп, шарбақтан өттi де, атына жеттi. “Ал, қарагерiм, Салықбайдың кегiн алдым. Ендi тауға қарай құстай ұш” деп, оған қарғап мiндi.

VI


Сол шапқаннан Салықбайда тастап кеткен тас жанына бiр-ақ жеттi. Оны ерге өңгерiп, өзi атын жаяу жетекке алған Сүлеймен шығысты бетке ала таң атқанша жүрдi. Бiр-бiрiне ұқсас жоталар мен шың-шоқыларды артқа тастап, түске дейiн де тоқтамады. Бiр бұлақтың басына келгенде аздап демалып, тағы жолға түстi. Осы кезде қылаулап қар жауа бастады. Алдында жатқан үлкен бiр асуды асып өткенше қар тобықтан келiп, айналаны қараңғылық басты. Сонда ғана барып, ол жолдан адасқанын бiлдi.

Iштей аласұрып, қанша күйiп-пiскенiмен басқа iстер амалы болмаған соң, қалың аршаның арасына кiрдi. Желтоқсанның ортасына дейiн жаумаған қар, ендi тiзе бойы бiр-ақ жауып тастайын дегендей, дамылсыз төгiп тұрғанымен, бiр-бiрiмен иiле тұтасқан аршалардың табандарына өте алмапты. Түптерi құп- құрғақ.

Осында бiр түнеп шыққан ол, ертесiне қар басқан тау iшiнде ұзақ сандалды. Ақыры болмаған соң Салықбайдың өлiгiн бiр құздың қуысына көмдi. Сөйттi де атына мiнiп, “ендi аттың басын еш жаққа бұрмаймын. Елдi бiр тапса, осы табады” деп, қарагердiң басын жiбердi. Қарагер Сүлейменнiң ойын сездi ме, машырық жаққа бұрылып, түнi бойы жүрдi. Одан соң терiскейге қарай бет бұрды. Бiрi малдың, бiрi адамның мықтысы атанған екеу, осылайша аялдамастан, ертесiне екiндi түсе жазыққа аяқ iлiктiрдi. Сүлеймен сонда ғана байқады, келе жатқан жерi — Шыршықтың Ғалабасай жақ бетiндегi Түлкiжортқан етегi екен. “Уһ, ендi өлмеспiн”, — деп бiр күрсiндi.

Тiзесiнен жоғары батып қалатын омбы қардың қай жерде бар екенiн бiлiп, қары жұқа дөңес-дөңестi айналып жүрiп келе жатқан қарагер бiр кезде құлақтарын қайшылатып, қалт тұрды. Оның бұл қылығынан бiр қатердiң таянғанын бiлген Сүлеймен, дереу арқасына iлген мылтығын қолына ала сап, айналаны көзбен шолды. Аппақ болып манаураған далада да, қар басып мiз бақпай жатқан қия-дөңесте де секем алардай ешнәрсе көзiне түспедi. “Қарагердiң сезгенi қасқыр ма екен? Қарлы күндерi қатты ашығатын бөрiлер қар астымен жылжып келiп, бассалатын әдеттерi болатын едi. Кеше ғана жауып, әлi қата қоймаған



ұлпа астынан “арс” етiп шыға келмесiн найсаптар” деп, жан- жағындағы қалың қарға көз тастап тұрғаны сол едi, машырық жақтағы дөңес үстiне қарулы үш атты шыға келдi. Дәл осындай үш аттылы маңдай алдындағы белестен де бой көрсеттi. Олар аздай бүйiр тұстан да тағы үшеу пайда болды.

    • Таста мылтығыңды! — деп айқайлады алдағы тұрғандардың бiрi.

    • Сендер кiмсiңдер?

    • Онда сенiң шаруаң қанша? Айтқаныма көнбейдi екенсiң, ат-патыңмен қоса атып, анау еңiстегi омбы қарға бiр-ақ тығамыз.

    • Әй, айтсаңдаршы. Доссыңдар ма, қассыңдар ма?

    • Өй, мынау бiздi тергеуiн доғарар емес қой. Жұман, атының маңдайынан бiр атып, омақастыра салшы.

Бұйрық берiп тұрғанның жанындағы түлкi тымақты бiреуi дереу мылтығын көздеп, атуға дайындалды. “Шын ататын болса, көрейiн” дегендей, Сүлеймен оларға қасқая қарап, мылтығын тастай қоймады.

    • Қалай, Тұреке, ата салайын ба? — дедi көздеп тұрған кiсi.

    • Мынадай дәу атты ата салу обал. Одан да өзiн атып, атын олжалайық.

Түлкi тымақты мылтық ұңғысын жоғары көтерiп, Сүлейменнiң кеуде тұсын көздедi. Дәл мынадай елсiз далада көкжалдардай омбы қар кешiп жүрген мыналардың тегiн адамдар еместiгiн және мұндайлардың адам өлтiрудi шыбын өлтiргендей көретiнiн бiлетiн Сүлеймен:

    • Әй, әй, бауырлар, тұра тұрыңдар. Алдымен бiлiсейiк те. Бәрiң де сарт емес, өзбек емес, тәжiк емес — қазақ екенсiңдер. Қай туған боласыңдар? Тоғызыңа бiр кiсiнi өлтiру — ерлiк емес шығар. Мен өзiм тау iшiнен адасып келе жатқан жанмын, — дедi. “Алдымен бiр ырыққа көндiрiп алайын. Ары қарай көре жатармын” деп ойлап қойды тағы.

Үшеуi бiр-бiрiмен күбiрлесiп сөйлестi де, бiреуi айтты:

    • Аман қалғың келсе, мылтығыңды тастап, берi жақында.

Хал-жайды содан соң сұрасармыз.

Сүлеймен амал жоқ, мылтығын тастап, оларға жақындады. Қастарына келгенде жаңа алыстан мықтысынған үшеудiң бет-

жүздерi бiртүрлi қуарып, мылтықтарын бұған қарата қайта көздедi. Бiрiншi болып сөйлеген кiсi көздерiн жыпылықтатты.


    • Түрiң неткен сұсты едi. Адамсың ба, жынсың ба? Құдай-

ау, адам да мұнша дәу болады екен-ау. Сол көзiңнiң астындағы тыртық орны ма, әлде солай туылғансың ба?

Бұл жауап қатам дегенше, жан-жақтағы басқалары да келдi. Бiр жерде қаралары көбейген соң қайта батылданып кеткен олар, Сүлейменнiң сөзiн тыңдағылары да келмей, мылтықтарын тақап тұрып, ат үстiнде екi қолын денесiне қабыстыра байлады. Содан атынан түсiрiп, жаяу жетектедi. Екi-үш күннен берi нәр сызбай, қалжырап келе жатқан Сүлеймен қалың қарға бiресе батып, бiресе сүрiнiп, сан құлап, сан тұрды. Әудем жер сүйрелеген соң аттылардың бұйрықшы кiсiсi сөйледi:



    • Қазiр ағаны — iнiге, қазақты — қазаққа танытпайтын заман болып тұр. Туыс — жау, бауыр — сатқын, қатын — дұшпан болған ақырзаман деген осы шығар. Бұ күнде жан пендеге сенуге болмайды. Мына бiз ғой, екi-үш жылдан берi тау-тасты паналап, тағы таутекедей күн кештiк. Басымызға жұмақ орнатамыз деген құрбашымыз бiр түнде өзiмiздi шабуылдаған әлдебiреулерден қорқып, бiздi тастай қашты. Содан бiр жетiдей болды, бiз тобымызбен жеке күнелтiп жүрмiз. Қыс кезiнде елге жақын түсiп күнелтпесек, шың-құз арасында күнелту қиын. Егер көнсең, бiзге қосыл. Ал көнбесең, өзiңдi осылай әбден мазақ етiп, өлтiремiз де тастаймыз.

    • Алдымен жөндерiңдi айтсаңдаршы.

    • Айтсам, менiң атым — Тұрлыбай. Мынау — Жұман, анау

  • Телғара, мына шеткi — Байтас… — деп ол бiразының атын атап шықты да өздерiнiң кiм екендiктерiн қапаланып, өкiнiп, ашына айтып бердi.

Сүлейменнiң ұғуынша, бұлар Боштайдың адамдары екен. Тұрлыбайдың сөз саптасы солай. Әнеукүнi құз түбiнде дәл осылардың быт-шытын шығарған өздерi екенiн Сүлеймен айтпады. Қанша дегенмен, сыралғы адамдар емес.

    • Өз жайыңды айт, — дедi Тұрлыбай.

    • Сонау Ханқорғанда бiр жекжаттарымның айтуымен қыз көрiп келе жатып, адасып кеттiм.

    • “Қыз көрiп келе жатқан адаммын” деймiсiң. Онда сенде мылтық қайдан жүр? Жоқ, сен тегiн адам емессiң.

Содан ештеңе айтпаған күйлерi мұны тағы сүйрей жөнелдi. Бiр қыр асқанда, оның арғы шетiнен қазып қойған жертөлелерiне келдi.

Жертөле бiрнешеу. Бiреуi зындан секiлдi тереңдеу екен. Соған байлаулы Сүлеймендi итерiп түсiрген Тұрлыбай:



    • Таң атқанша кiм екенiңдi есiңе түсiр. Әйтпесе етiңдi паршалап, далаға тастаймыз. Әй, сендер, бүгiн қайсыларың қарауыл едiңдер? — деп жанындағыларға қарады: — Кезекке түскен қарауылдар әр бие сауым мезгiлде мынаны өзiнiң кiм екенi есiне түскенше тоқпақтап тұрыңдар. “Шынымды айтам” дейтiн болса, менi оятарсыңдар.

Қанша қалжырап қалса да, мына қазақтардың өзiн атпен сүйрелегенiне намыстанған Сүлеймен, ашуға булығып, жертөле табанында ары-берi дөңбекшiп, аласұрды. Тiсiн шықырлата қайрап, iштегi күш қанша буырқанса да, қылар айласы болмаған ол, көп уақытқа дейiн тыншымады. Бiрақ бойын әлi уайым жеңбеген жас емес пе, бiр кезде жертөленiң сызын да елемей, кiрпiктерi қамасып, ұйқыға бата бергенi сол едi, төбе жақтан бiреу дүңк етiп түстi: “Әй, үңгiр шетiнде аюдай болып жатып алған неме, атың, затың есiңе түстi ме? Қай ауылдағы қызылдардың тыңшысысың? — деп тепкiлей бастады. Тепкiден соң қамшымен сабады. Ғұмырында байлаулы жатып, дәл бұлай таяқ жемеген ол, iштегi ыза-кегiн жан шошытарлық дауыспен бiлдiрiп, анаған: “Кет, қазiр тура соямын”, — деп ақыра айқайлады. Анау мұнша жүрексiз бола ма? Әлде Сүлейменнiң жер жарардай қатты шыққан даусынан құлағы тұнып қалды ма, қалай, әйтеуiр сабауын сап тиып, далаға атып шықты.

Cүлеймен болса қамшы тиiп, бiлеуленген бетi мен басын жерге үйкей, тордағы арыстандай екiленiп, жарылуға шақ қалған ашулы аюдай ырс-ырс етiп, күшене дем алып жатты. Әлден уақытта наза көңiлi бiрте-бiрте басылып, тағы да ұйықтай бергенде, екiншi бiреу келiп, сабап бердi. Өзiн ермекке айналдырған мына жаудың қылығына бағанағыдан бетер ызаланған Сүлеймен, ол ұрған сайын ары аунап, берi аунап, оның соққысын денесiне дарытпауға жанталасты. Алайда аяқ-қолы бос жау домаланған мұны қуалай жүрiп ұрды. Бiрауықтан кейiн айызы қанды бiлем:

    • Жүдә, үнiң шықпайды ғой. Мейлi, сәлден соң көрермiз, — деп сыртқа кеттi.

Тұрлыбайдың жандайшаптары сол түнi таң атқанша тыныштық бермедi. Төрт рет өлгенше таяқ жедi. Күн жарықтана Тұрлыбай келдi.

    • Бiр түнгi соққыға шыдадың. Бiрақ екiншi түнге шыдауың неғайбыл. Бұлай қиналғанша, өзiңдi кiм жiбергенiн айта салсайшы. Шыныңды айтсаң, жаныңды сақтаймын.

    • Менi ешкiм де жiберген жоқ. Өзiммен-өзiм жүрген адаммын.

    • Қасарысып пайда тапқан адамды көрген емеспiн. Ендеше, өз обалың өзiңе. Түбi, өлер алдыңда кiм екенiңдi бәрiбiр мойындайсың. Жұман, Байтас, мұны далаға шығарып қардың үстiне тастаңдар. Қашан жөнге келгенше, жатсын сонда.

Үш-төртеуi далаға сүйретiп шығарды да, жертөле алдындағы қар үстiне жатқызды. Шығыс жақтан соғып тұрған суық, өкпек жел жалаң басы мен қолдарын қарып кеттi. Олардың әр қылығы iшiне өшпестей кек болып қатқан Сүлеймен “әттең, әттең” деп iштей күбiрлеп, басы мен қолдарын қар астына тығып жата беруден басқа амалы қалмады. Әлденуақытта бiреу келiп, үстiне мұздай су құйып жiбердi. Су шекпенiнiң ашық жағасының астынан өтiп, көкiрегi мен арқасына дейiн жеттi. Онсыз да дiрдектеген денесiн қарып жiберген мұздай судан тiтiркенiп, бұлқынып-бұлқынып қалғаннан басқаға шамасы жетпедi.

    • Мынадай аязды күнде мұздай су жаныңа таяқтан бетер өтедi, ә, — деп қарқылдай күлдi су құйған кiсi месiсiн ары- берi айналдырып. — Қазiр басыңнан ғана құйып, саған ескерту жасап жатырмыз. Бiраздан кейiн шекпенiң мен дамбалыңды шешiп, суды жалаңаш денеңе құямыз. Тұрекең айтады: “Үстiне суды тамшылатып құйыңдар” деп. Тамшылаған су адам түгiлi тасты да тесетiнiн бiлесiң бе, сен ақымақ? Тамшы су денеңдi мұзға айналдырып, қатырып қояды. Сол кезде тiлiң шығып, қай қызылдың тыңшысы екенiңдi өзiң-ақ айтарсың.

Өзiн соншама бекерден-бекерге қаралап, жөнсiз қинағандарына қатуланған Сүлеймен тiстене сөйледi:

    • Әттең, қол-аяқтарым бос болғанда ғой, тоғызыңды тоғыз санауға жеткiзбей, о дүниелiк етер едiм. Сендердiң бұлай, қатын

тiрлiкке баратындарыңды бiлгенде, кеше атысып өлер едiм… Сен итаршыға бiрақ мұның несiн айтайын. Кiм едi, әлгi, пiштiруге құмбыл болып жүрген айғырдай жөнсiз кiсiнейтiн басшың? Тұрлыбай ма? Шақыршы соныңды.

    • Ә, мiне, ендi жөнге келдiң, — дедi анау құдды бiр Сүлеймен бiр нәрсенi мойындайтындай. — Қазiр шақырып келемiн.

Аздан соң Тұрлыбай келдi. “Не айтар екен, тыңдайық”, — деп басқа жiгiттерi де жиналды.

    • Айтатыныңды осынша азап көрмей-ақ, кеше айта салатын адамсың ғой. “Ақымақ басқа адырайған көз бiтедi” дегендей, қазандай басты, адырайған көздi сенiң кеше-ақ ақылың кем адам екенiңдi бiлiп едiм. Сөйле, құлағымыз сенде.

    • Сен шынымен менi бiреудiң тыңшысы деп ойлайсың ба?

Сүлейменнен басқа сөздi күткен Тұрлыбай езуiндегi күлкiсiн сап тыйды. Үмiтi орындалмаған адамдай, жан-жағына алақ- жұлақ қарады да бiр күрсiндi:

    • Ақылың әлi кiрмеген екен. Онда менiң кiм екенiмдi есiтшi. Мен Боштайға қосылардан бұрын үш-төрт жыл Тәжiкстандағы Күләбi, Бақыш жазығында, Ғарауты мен Айқамар деген жерлерде атақты Ыбрахымбектiң, Егембердi батырдың, Шолы, Есенжарты құрбашылардың сапында мына қызыл кәпiрлерге қарсы соғыстым. Сол кiсiлерден мен адамды, адам болғанда, сен сияқты тыңшылар мен сатқындарды қалай қинау, оларды қалай мойындату керектiгiн үйрендiм. Мына жiгiттер де сондай. Бiзге адам өлтiру деген түк емес. Алайда сенi бiрден өлтiре салсам, айызым қанбай, кегiм қайтпай қалады. Ал менде кек болғанда қандай де? Қызыл иттер менiң барымнан, бектiгiмнен, мал-мүлкiмнен, үш қатынымнан айырды. Қайбiр жылы Ыбрахымбектер ауған асып кеткенде, мен елге қайтқам. Елге келсем, баяғы табанымды сүйiп, отымды жағып жүрген Юлдаш сарт белсендi болыпты. “Сенiң көзiңдi құртам” деп, менi итжеккенге айдатпақшы. Оған өмiр бойы шөнтегiне шөңге бiтпеген жалаңаяқ, қубас Ерсiбай қосылып алыпты. Осылардың қысымына қапа болып, тауға тағы кеттiм. “Боштайға қосылып, оларды қанға бөктiрем ғой” деген едiм. Амал не, Боштай сарт маған тiрек болмады. Ендi кегiмдi өзiм аламын. Қар түскесiн,

елге жақындағанымның себебi де осы. Екi-үш күннен берi қар жауатын түндi күтiп жүрмiн. Ендi мына тұрған Қыбырайға әп- сәтте-ақ жетiп барып, Юлдаш пен Ерсiбайдың басын кесемiн. Мұның бәрiн саған не үшiн айтып тұрмын десейшi. Сол Қыбырайда бұл күндерi бiр орыс нәшәндiк мiлиса болып, әлгi Юлдаш пен Ерсiбайдың айтуымен менi iздетiп, тау жаққа тыңшыларын жөңкiлтiп жатқанға ұқсайды. Сен солардың бiрiсiң ғой. Мойындасайшы. Әйтпесе, жалаңаш үстiңе су құйып, ет пен

жiлiктерiңдi көк мұзға айналдырып, азаптап өлтiремiн.



    • Ей, Тұрлыбай, сенi жұрт “басмашы” дей ме, жоқ әлде “қарақшы” дей ме, кiм бiлсiн. Мен бiрақ сенiң тағы аңдай қуыс паналап, шатқалды мекен еткен қарақшы болғаныңа сенбеймiн. “Балықтың тiлiн бақа түсiнедi” дейтiн бе едi? Егер атышулы басмашылардан тәрбие алған тарлан болсаң, менiң кiм екенiмдi түрiм мен тiлiмнен-ақ түсiнетiн едiң. Айтшы, мен бiреудiң айдауына жүретiн намыссыз тыңшыға ұқсаймын ба?

    • Естуiмше, қызылдар қу болатын сияқты. Кiмдi қайда жiберсе де, жiберетiн ортаға лайықты адамдарды тауып, жөнелтедi екен. Әрине, сенiң түр-тұлғаң жансыздардан гөрi қарақшыға көбiрек келiңкiрейдi. Солай десек те, “ұзында ес, дәуде ақыл болмайды” деп аталардың айтқаны бар емес пе. Өзiң сияқты дәу болғанымен, ақылы аздау немелердi түлкiдей жылмаңдаған қызылдар оп-оңай айналдырып алатынына шүбәм жоқ.

    • Сенсең де, сенбесең де, мен де сен сияқты қарақшымын. Алайда сенiң алдыңда өзiмдi ақтап жалынбаймын. Кiм екенiмдi көрсетейiн, бiр шартымды орындайсың ба?

    • Мен қолыма түскендердiң шартын орындамайтын кiсiмiн.

Ал мейлi, айта қойшы шартыңды.

    • Менi байлаудан босатып, осы тұрғандардың бесеуiмен, жә, жарайды, өзiңнен басқа сегiзiмен бiрдей қарусыз жалаң қолмен жекпе-жекке шығарасың ба? Мен жеңiлсем, қидым басымды қылышыңа. Ал сегiзiне бой бермей, сұлатып салсам, қатарларыңа қосылып, дос боламын.

    • Қанша дәу болсаң да, сегiзiне бiрдей сенiң әлiң келмес. Мұның — тезiрек өле салудың жолы. Ал бiз сенiң әбден қиналып, есiңе бiрдеңе түсiргенiңдi қалаймыз, — деп Тұрлыбай терiс бұрылды.

    • Тұрлыбай! — деп айқайлады Сүлеймен оның артынан. — Құдай бiледi, менен бұрын өзiң ажал табасың. Осы сөзiм есiңде болсын.

    • Қолыңды байлағаныммен, тiлiңдi байлағаным жоқ. Ойыңа не келсе, соны айтып қал, — дедi ол ұзап бара жатып. Содан соң жiгiттерiне бұрылды: — Мұны күндiз қар үстiне жатқызып не қыламыз? Кеш батып, аяз үдеген кезде далаға тастайық. Ал қазiр жертөлеге қайта лақтыра салыңдаршы.

Оның бұйрығын екi етпеген жiгiттерi түнде жатып шыққан жертөлесiне Сүлеймендi тағы сүйреп әкелдi. Қанша дегенмен жертөле iшi ық. Қар үстiнен мұнда әкелiп жатқызған кезде ол өзiн бiр жылы там iшiне кiргендей сезiндi. “Қап, ит-ай, — деп күбiрледi Сүлеймен. — Әбден басынғанын қарашы мұның. Түктiң мәнiсiн түсiнбейтiн осындай боскеуделер де болады-ау, пенделер iшiнде. Сатқындық менен емес, дәл осындайлардан шығады… Байлауда жатып өлу не деген өкiнiш! Не iстесем екен? Әлде өтiрiк айтып, босанудың амалын қылайын ба? Бiр босансам, екi-үшеуiн өлтiрсем де, арманда кетпес едiм. Кеше неге атыса бермедiм. Жөн сұрасқан соң келiсермiз дедiм де. Бәлем, Тұрлыбай, жайшылықта жолығып, маған бүгiнгiдей өктемдiк көрсетсең ғой, өкпеңдi суырып алар едiм. Осыны басшы тұтқан мына жiгiттерде де ес жоқ екен…”

Кешке дейiн өкiнiшi iшiне сыймай, жаралы арыстандай дөңбекшiдi. Жертөле iшiн қараңғылық басқан кезде қасына екi кiсi келдi. “Далаға шығарып тағы қинайтын болды-ау” деп ойлаған бұл. Олай болмады. Қайта келген екеу бас жағына жүрелей отыра қалып, әңгiме айтуға кiрiстi:



    • Сүлеймен, бiз сенi танымасақ та, сыртыңнан жақсы бiлемiз. Баяғыда Керiмбай болыстың жиынында орысты жеңiп, түйе балуан атанған дәу сен емессiң бе? Одан кейiнгi даңқың да бiздiң елге көп жетiп жататын. Кешеден берi Тұрлыбайға өзiңнiң кiм екенiңдi айтайын десек, “бәрiбiр сенбейдi ғой” деп тiлiмiздi тiстеп жүрмiз. Бұл өзi ешкiмге сенбейтiн нәкiс адам.

    • Сендер өздерiң кiмсiңдер?

    • Мен Түлкiбастағы дәубабалық Өскен деген болам. Руым

  • ботбай. Мынау — Жұмабай. Масаттағы — шуылдық. Осыдан жетi жылдай бұрын Балықты бойындағы қоралас Еңсеп байдың жүз жылқысын барымталап, Шыршық асып кеткен едiк. Содан

берi мыналарға қосылып, басмашы атанып жүрмiз. Қазiр бiлуiмше, мына өкiмет жер-жердегi байлардың бәрiнiң көзiн құртып жатқанға ұқсайды. Ендiгi Еңсеп байға да зауал келiп, бiздi қудалауға шамасы болмай қалған шығар. Елдi сағындық, кетсек пе деп жүрмiз. Көнсең, сенi босатып, ала кетейiк.

Үшеуi ұзақ әңгiмелестi. Бұлардың алдап отырмағандарына ақыры көзi жеткен Сүлеймен:



    • Менiң атым, мылтығым қайда? — деп сұрады.

    • Атың бiздiң аттармен бiрге ықта байлаулы тұр. Аш қалған жоқ.

    • Онда босатсаңдаршы менi. Уақытты ұстап, отыра беремiз бе?

    • Сәл сабыр сақтай тұр. Бiз барып аналардың не iстеп отырғандарын байқайық. Аттарды дайындайық. Ең тәуiрi, олар ұйқыға бас қойсын. Содан кейiн еркiн қимылдаймыз. Бүгiн түнде саған қарауыл болатын ақыры бiз екеумiз. Сондықтан қазiрше осылай байлаулы жата беруiңе тура келедi.

Олар шығып кеттi. Қолына байлаған қыл шылбыр бiлектерiн әбден қиып, қажап тастаса керек. Сыздап ауыра бастады. Қосақтала маталған аяқтары да ұйи бердi. “Е, Құдай, өзiң қолдай көр, — деп күбiрледi. — Босануға бiр көмек қылшы. Одан кейiн көрейiн, мыналардың әуселесiн”.

Бiр кезде Өскен мен Жұмабай келдi.



    • Етке тыңқиып тойған Тұрлыбайлар қорқор тартуға кiрiстi. Әзiрге әбден кәйiп болғанша, орындарынан тұра қоймайды. Осыны пайдаланып, зытып қалайық, — деп олар екеулеп Сүлейменнiң қол-аяқтарындағы жiптi шештi.

Бiр тәулiктен аса байлауда болған қол-аяқтары жансызданып қалыпты. Сүлеймен олардың ары-берi сермеп, уқалап бiраз отырды:

    • Мылтықтарыңды алдыңдар ма?

    • Өзiмiздiкiн алдық. Сенiкi — Тұрлыбайда. Оны алып шыға алмаймыз. Әй, құрысыншы, сол мылтық. Ақыры елге кетемiз. Оның қажетi не?

    • Сен екеуiң аттарды дайындап тұрыңдар. Ал мен Тұрлыбаймен есеп айырысып кетейiн.

    • Ойбай, қой! Онымен қалай есеп айырыспақсың? Әрi ол жалғыз емес.

    • Сүлеймен осы жасқа келгенше ешкiмнен таяқ жеп көрген емес. Ендi таяқ жедiм екен, кегiмдi алмай қойман. Сен екеуiң маған жақтаспай-ақ қойыңдар. Тұрлыбайлардың қай жертөледе отырғанын көрсетсеңдер болды. Қапыда бассалам. Ешқайсысы мылтықтарына жетiп үлгермейдi.

Өскен мен Жұмабай оны райынан қайтармақ боп, тағы бiрдеңелер айтты. Алайда қайсар Сүлеймен екеуiнiң сөзiн тыңдағысы да келмей, сыртқа атып шықты. Кеудесi ашу-ызаға толып, кек алмай тынбайтын көкжалдай қаһарланып, ауызғы есiгi киiзбен жабылған жертөле маңына жетiп барды. Жертөле босағасы алдындағы қарға жуандау келген келтек ағаш шаншулы тұр екен. Соны ала салды да, ха-ха-халаған күлкi шыққан жеркепенiң iшiне кiрдi. Әлсiз жарықты ешкi майының балауызы жанында қаннен-қаперсiз отырған Тұрлыбайдың тобы кiрiп келгендi өз адамдары деп ойлады-ау шамасы, бұған бұрылып та қарамай, ұзын түтiкшенi жармаса сорып жатты. Бәрiн бiрдей сiлейтiп салуды ғана ойлап, дүлей екпiнмен кiрген Сүлеймен:

    • Ей, Тұрлыбай, көрдiң бе, мен босап кеп тұрмын. Кеше саған “Менен бұрын өзiң ажал табасың” деп айтпап па едiм,

  • дедi де олар ес жиғанша келтек ағашты айналдырып тұрып, шетте отырған екеудi жон арқаларынан құлаштай бiр соқты. Одан соң көздi ашып-жұмғанша қалғандарын да сiлейтiп салды. Жiгiттерiнiң әп-сәтте қирап қалғанын көрген Тұрлыбай кейiн қарай аунап түсiп, қолдарымен жердi сипалап, әлдененi iздей бастады.

    • Немене, мылтығыңды iздеп жатырмысың? Ажалыңды iздегенiң жөн одан да.

Сүлеймен оған ақыра ұмтылды да желкесiнен бүрдi. Сол бүргеннен далаға сүйреп бiр-ақ шығарды. Тұрлыбай жән-дәрмен Сүлейменмен алыспақ болып әрекеттенiп едi, қайдан, қыран тырнағына iлiнген түлкiдей, құры тыпырлаудан басқаға әлi келмедi.

    • Өскен, аттарды әкелiңдер берi! — деп айқайлады Сүлеймен Тұрлыбайды бiр қолтығына қысып тұрып.

Олар дайын тұр екен. Үш атты жетектеп жетiп келдi. Өскеннiң жетегiндегi қарагер Сүлеймендi көргенде бiр оқыранып, тұмсығымен иығынан түртiп-түртiп қойды.

    • Жұмабай, сен iшке кiр де, мыналардың мылтықтарын жинап шық. Маған бас киiм алуды ұмытпа. Ал, сен, Өскен, тағы бiр ат әкел. Мынаны өзiмiзбен бiрге ала кетемiз.

Бұл жолы екеуi де бiр қарсы сөз айтпай, мұнын айт-қанын лезде орындады. Сүлеймен Тұрлыбайдың басынан аямай бiр соқты да, көтерiп, бос тұрған аттың бiрiне өңгере салды. Өзi қарагерге мiнiп, Тұрлыбай өңгерiлген атты жетекке алды.

    • Сендер артта жүрiп, байқап отырыңдар. Мына сұмырай бiр жерде сусып түсiп қалмасын.

Аспан ашық, бiрақ аяз қатты қысып тұр. Әлдеқайдан ұлыған қасқырлардың дауыстары естiледi. Жертөледен әбден қашықтап кеткен кезде бұлар ат тiзесiнен келетiн бiр өзеншенi кешiп өттi. Өзеншенi өте салысымен Сүлеймен тоқтады. Арттағы атта етпеттей өңгерiлген Тұрлыбайды жерге түсiрдi. Әбден жаурап қалған ол қалш-қалш етiп, сөз айтуға шамасы келер емес.

    • Сенi қолға түсiруiм үшiн жаныңдағы жiгiтерiңдi сойылдап тастағанымды Құдай кешiрер. Әйтпесе, саған итаршы болып дағдыланған олар өзiме қарсы шығар едi. Ал бағана айтқан сөзiме көнбеген сен, ендi азапты өлiммен өлесiң. Өзiмдi сонша азаптаған сенi өлтiрмей кетсем, кеудемде қатып қалған кек мазалап, тыныштық бермейтiнiн бiлем. Нағыз қарақшы бiреудiң көрсеткен қорлығын өзiне көресететiнiн сен бiлiп қой. Қазiр анау суға батырып кетем. Мына аязда мұз болып қатып өлсең, өлiмiңдi өзiңнен көр. Егер құтылатын болсаң, жертөлеңе еңбектеп жетiп ал. Әй, бiрақ анау ұлыған бөрiлер сенi аман қоймас.

Оны құлақшекеден бiр перiп, жамбастай құлатты. Сөйттi де көтерiп алып, ағып жатқан суға лақтырып жiберiп, өздерi атқа қонды.

Дәл сонда Сүлеймен оны “судан аман шықпайды, шықса да қатып өледi, болмаса қасқырларға жем болады” деп ойлаған-ды. Бiрақ Тұрлыбай аман қалып, көп жыл өткен соң екеуi Тәшкенде қайта кездесiп, ол өзiне тағы да шектен тыс өшпендiлiк көрсететiнiн бiлген жоқ…


VII


Содан берi жетi жыл өткен. Бұл елге келген жылы Досалы би қайтыс болды. Оның қырқы өткен соң Ордабек болыс қайбiр заманда арқадан ауып келiп, бүгiнде Бадам жағасында бiр ауыл болып отырған Арғынның Алтай тармағына жататын Мөңке деген кiсiнiң Балдықыз атты қызын Сүлейменге әйелдiкке алып берген. Балдықыз былтыр ұл туды. Оның атын атақты шабандоз досының құрметiне Құлажан деп қойған. Сол Құлажан туған жылы елде кәнпiс басталып, Ордабектiң малы тәркiленiп, өзi Оралға жер аударылды. Жаңа өкiметтiң белсендiлерi онымен қоймай, мiлиса нәшәндiгi болып жүрген оның баласы Ноғайды да қудалай бастады.

Мiне, екi жыл болды, Ноғай жоқ. Қайда кеткенiн ешкiм бiлмейдi. Сөйтiп сонау Шойбек датқадан бастап Қазығұрт өңiрiндегi елге жүз жылдан берi “ақ дегенi — алғыс, қара дегенi — қарғыс” болған атақты әулеттiң тоз-тозы шығып жүре берген. Бiр бұлар емес, Қазығұрт, бадам болыстықтарын билеген Сүгiрәлi, Жүндiбай, Құрбанәлi болыстар да, Естемес, Баймұса, Тоқбай билер де ел билеуден шеттетiлiп, аттары да шықпай қалды. Ел өзгердi. Жұрттың бәрi “бiрдей тұрмыс құрамыз” деп әртiл дегендi ұйымдастырып жатыр.

Биыл жасы отыз екiге шыққан Сүлеймен әртiлге қосылмады. Былтыр арғы аталас туысы — Жайқынбайдың Құлтаны белсендi шығып, өзi бас болып, Ордабектiң малын кәнпiскелеп, әртiлге өткiзгенде, Сүлеймен баяғы серiктерi — Кендiр мен Әрiпбай үшеуi сол малдың бiразын жымқырып, Бiркөлiктiң арғы жағындағы шатқалға апарып тыққан. Қазiргi күнкөрiстерi — сол жылқылардың үстiнде. Еттен тарықса, түнде барып, бiреуiн сойып әкеледi. Пұлдан тарықса бiрлi-жарымын Қарабұлақтың, Оймауыттың базарына салады.

Көзге көрiнетiн тiрлiк жасамай, күн көрiп жүрген Сүлейменге жұрттың көзi түстi. Бұл жайында әр түрлi әңгiме айтатынды шығарды. Айтқанда, сырттай айтады. Көзiнше айтуға қорқады. Және мұны жәй ғана Сүлеймен демейдi. Баяғы атымен “қарақшы Сүлеймен” дейдi. Ал жаңа өкiметтiң ұр да жық белсендiлерiне “қарақшы” деген ат ұнамайды. Әсiресе, Жайқынбайдың

Құлтанына. Құлтан мұнымен оңаша кездессе жаны қалмай, қолын қусырады. Ал сырттай: “Досалының қолшақпары болған аюдай неме, ақыры түбiңе жетем” деп кiжiнедi екен.

Бiрде екеуi Әулиебастаудың жанында кездесiп қалды. Құлтанның жанында үш кiсi бар. Бәрi келiп, жалпылдап Сүлейменнiң қолын алып, жағдай сұрасып, өлiп барады. Бұл қарагердiң үстiнде отырған.



    • Құлтан, — деген Сүлеймен сонда. — Естуiмше, сен мен жайында жайсыз әңгiмелер айтып жүргенге ұқсайсың ғой.

    • Қой, Сүке. Менiң белсендi болғанымды көре алмаған жұрт өзiңдi әдейi маған айдап салу үшiн айтқан өсегi болар, — дедi де артынша: — Ал бiрақ, айтсам несi бар? Бiлсең бар ғой, сенiң қарақшылық уақытың өткен. Ендi жұрт қатарлы жұмыс қып, еңбек тап. Бұдан былай бұл жердегi жұртқа тұтқа — мен, — деп шарт ете қалмасы бар ма бетпақтанып.

    • О, әкеңнiң… елге тұтқа болған сенiң… Сен, сен, қашаннан берi маған бұлай сөйлеудi үйренгенсiң, — деп ашудан қалшылдай ақырған Сүлеймен атын өңмеңдетiп, оның жанына жетiп барды да, желкесiнен шап берген күйi сүйрей кеттi.

Оншақты қадамдай сүйреген соң Құлтанның екi иығынан көтере, кеуде тұсын көкпарға ұқсатып, тақымға басты. Екi қол, екi аяғы жерге қарай салбырап, өлi лақтай күйге түскен Құлтан “ажалымның жеткен жерi осы-ау” деп бiр ойлаған болса, сонда ойлаған шығар. Шынымен-ақ сол жерде ашулы Сүлеймен оны өлтiрiп, болмаса оңбай жарақаттап тастар ма едi, егер Құлтанның жанындағы Жұрқынбай мен Шаңбай келiп, ажыратып алмағанда. Аналар “қой, қойлап” ашуын басқанда, бұл оны мәреге лақтырған көкпардай етiп, ат аяғына тастай салған. Қалған сонда Құлтан, аузы-мұрнынан қан ағып.

Сол оқиғадан берi сыртынан сөз айтпай, көрiп қалса, елу қадамнан қашып жүретiн Құлтан, кеше кешкiсiн қасына мылтық асынған төрт мiлиса ертiп келiп, Сүлеймендi үйiнде жатқан жерiнде бассалған. Мiлисалар қатыны мен екi жасар баласының көзiнше, мұның қолына темiр кiсен салып, Шошқабұлақтың түрмесiне әкеп бiр-ақ жапты.

Мiлисахана, түрме дегендерi iлкiде өзi талай көрiп жүрген ауыл ортасындағы орыстардың бұрынғы шiркеуi. Ертеректе бұған кiм кiрген дейсiң? Шiркеу iшi там-тамға бөлiнедi екен. Есiктерiнiң бәрi темiр.

Төрт мiлисаның айдауымен түн жарымында мұнда жеткенде алдарынан өңi құп-қу, екi көзi көкпеңбек, жалтыр бас бiр орыс қарсы шықты. Мыналардың нәшәндiгi болса керек, өктем дауыспен бұйыра сөйлеп, Сүлеймендi iшке кiргiздiрдi. Кiре берiс дәлiздiң оң жағында кiшкене бөлме бар екен. Әлгi орыс пен Сүлеймен сол бөлмедегi үстелге жайғасты. Қазақшаға судай нәшәндiк орыс сығырайған шамның арғы жағына отырып, мұның аты-жөнiн сұрастырып, қағазға әлдене жаза бастады.



    • Так, Сүлеймен. Сенi ел “ұры, конокрад, байларға жұмыс iстеген, ауылнайды ұрған” дейдi ғой. Совет өкiметiнiң өкiлi — ауылнайға қол жұмсағаның үшiн бiз сенi атып тастайтынымызды бiлесiң бе? Айтпақшы, 1921-22-шi жылдары сен Өзбекстан тауларындағы басмашыларға қосылып, бейбiт халықты тонапсың, қырыпсың… Сонау дальный жердегi басмашыларға қалай қосылып жүрсiң? Қанша қызыл командирлердi өлтiрдiң? Осының бәрiн айтсаң, жазаң жеңiлдейдi, — дедi көздерiн бұған қадап.

    • Оның бәрiн саған кiм айтты?

    • Саған емес, “сiзге” деп сөйле. Кiм айтқанында қандай iсiң бар? Сұрақты сен емес, мен қоямын. Ал сен, тек қана жауап бер. Бiрақ Сүлеймен ештеңенi мойындамады. Ешнәрсенi мойындамаса да, бұлардың жiберетiн түрi жоқ. Бүгiн тағы тергедi. Тiптi қолын артына байлап қойып, әбден төбеледi де. Жанына таяқ тисе болды, одан бетер қасарысып, сөйлемей қоятын әдетiн ол осында тағы көрсеттi. Осылайша екi жетi отырды. Күнде “Құлтаннан басқа менi кiм сатты?” деп ойлайды. Басмашы болғанын Құлтанның өзiне айтқан емес. Ол жайын тек Ноғай мен Кендiрге, Әрiпбай мен Көбектiң баласы Ермекке ғана айтқан. “Солардың бiрi Құлтанға сыбырлап қойған-ау” деп топшылады. Ноғай жоғалған. Кендiр мен Әрiпбай Құлтанды жек

көредi. Сiрә, Ермек былжырап, бiрдеңенi бүлдiрген-ау.

Түрмеде жатқанына жиырмасыншы күнге қараған түнi мұны мiлисалар қамаудағы бөлмеден алып шықты да, нәшәндiктiң алдына әкелдi. Нәшәндiк жалғыз емес, қасында төрт-бес адам бар. Төрт-бесеудiң iшiнде Досалы ауылының екi кiсiсi отыр. Олар да жаңа өкiметтiң белсендiлерi болып алыпты.

Өзiн күнде тергеп жүрген орыс әлдене жазылған үш-төрт парақ қағазды Сүлейменнiң алдына әкелдi:


    • Мына жерге қолыңды қой.

    • Қол қоюды бiлмеймiн. Сауатым жоқ.

    • Ә, онда былай етемiз, — дедi де мұның бас бармағына сия жағып, әлгi парақтардың шетiне басты. Сосын:

    • Орныңнан тұр, — деп бұйырды.

Сүлейменмен бiрге тергеушiнiң жанындағылардың бәрi тұрды. Орыс қағаздағы жазуды тез-тез оқыды:

    • Мәменов Сүлеймен, сен он жылға сотталдың.

Не үшiн бұлай болғанын түсiнбеген ол, бiрдеңе сұрамақ болып аузын аша бергенде, төрт мiлиса сүйрелеп сыртқа шығарды. Есiк алдында пар ат жегiлген үлкен арба тұр. Сүлеймендi сол арбаға отырғызып, шарабаға таңып, байлап тастады.

    • Әй, айтсаңдаршы, қайда барамыз? — дедi бiр мiлисаға.

    • Қайдасы несi? Әлi түсiнбей тұрсың ба? Шымқалаға жеткiземiз сенi. Одан соң отарбамен туу алысқа, үлкен түрмеге кетесiң, — деген ол божы мен қамшыны қолына алып, алдыңғы жаққа отырды.

Иығына мылтық iлген екiншi мiлиса Сүлейменнiң аяқ жағына жайғасты. Арба орнынан сықырлай қозғалып, шығысқа қарай созылған күре жолға түстi.

Шошқабұлақтан күн батуға таяп қалғанда шыққан арба мимырт жүрiспен Сайрам тұсына жеткенде түн де түстi. Божы ұстаған мiлиса көңiлдi. Айқайлап ән айтып келедi. Ал екiншiсi аузын буған өгiздей жақ ашпайды. Сүлеймен бiр-екi рет әлденелер жайында сұрап едi, жауап қатпады. Оның есесiне, ән салғыш мiлиса ондай кезде өлеңiн тия қойып, мұны сықпырта балағаттайды:



    • Сен сияқты қарақшыға жөн сұрап, жол бiлiп керегi не? Одан да “менi жол-жөнекей атып тастамаңдаршы” деп жалынсайшы.

Уәй, менiң қолыма билiк тисе ғой, өзiң секiлдi байлардың қолшоқпары болған малғұндарды сөзге келместен атып тастай салар едiм.

Шөже қораздай қоқиланған ол содан айызы қанғандай: Басты көтер кедей,

Кеңес келдi елей. Құтырған ұры мен байдың

Басын кесiп сендей… — деп әнiн бұған тиiстiре, әрмен қарай жалғастыра түседi.

Олардан сұрағанына жөндi жауап ала алмайтынын бiлген Сүлеймен, басын арба шарабасына сүйеп үнсiз отырды. Сонау алыстан шыңдарын қар басқан Алатау қарауытып көрiндi. Сол жақ беттен қарт Қазығұрттың қос шоқысы көзге шалынды. “Құдай-ай, қанша қауiп-қатерде жүрсем де, тау арасында ор киiктей секiрiп жүргенiм артық екен-ау, мына қорлықтан. Иттердiң қол-аяқтарымды арбаға таңып, матап тастағандарын қарашы. Е, Алла-ай, бiр құдiрет келiп, еш болмаса бiр қолымды босатсашы…”

Жан-жағына көз тастады. Келе жатқан жерлерi өзiне таныс жер екен. Дәл осы арықтың жағасында, дәл мына талдардың қасында баяғыда өзбектiң сегiз жiгiтiн сiлейтiп салған едi. Қайран, еркiндiк-ай…



Осылай ой үстiнде отырғанда арба қалың талдардың жанынан өтiп бара жатқан едi. Бiр кезде алдында отырған мiлиса:

    • Әй, әй, шу! Неге тұрап қалды бұл аяғың сынғырлар? Ай, шу! — деп тоқтап тұрған аттарды ұзын қамшысымен сабай бастады. Сөйттi де: — Ойбай, Оңлас, аттарды бiреу алқымдап тоқтатып тұр, — дедi де орнынан ұшып тұрып, иығындағы мылтығын қолына ала бергенде, арба тасасынан шыға келген бiреу оны итерiп жiберiп, құлатып түсiрдi. Арт жақта отырған мiлиса да қозғалақтай берiп едi, оны да бiреу арбадан жұлып түсiрдi. Әп-сәтте жерге құлап түскен екеуiн бiреулер жабыла тепкiлеп тастап, мылтықтарын тартып алды. Сүлеймен не болғанын түсiнбей, бiресе алдыға, бiресе артқа кезек-кезек қарады. Беттерiн тұмшалап алғандар мiлисаларды жайғап болған соң бұған қарай бұрылды.

    • Қалай, мұндайды күтпеп пе едiң? — дедi бетiндегi орамалды жұлып алған әлгiлердiң бiрi.

    • Ой, Кендiр! Уай, айналайын бар екенсiң ғой. Бәсе, “сендердi қалай ғана менi тамұққа аттандырып жiберiп, қарап отырады” деп ойлаған едiм.

    • Тыныш, атымды ақырын айт. Мыналар есiтiп жүрмесiн, — деп Кендiр Сүлейменнiң қол-аяқтарындағы жiптердi пышағымен қиып тастады.

    • Естiсе, естидi де. Бәрiбiр, қазiр бұлар о дүниелiк болады емес пе?

    • Қой, қайдағы бiр ит секiлдi жандайшаптарға қол былғап не қыласың. Одан да ұрып-соғып, өлiмшi қып тастап кетейiк. Сауыққан соң ендiгәрi мiлиса болмайтын болады.

    • Жаныңдағылар кiмдер?

    • Бәрiн танисың. Өзiмiздiң жiгiттер ғой. Әзiрше, мына екеуiн бiр жақты қылмайынша, беттерiн ашпай-ақ қойсын.

Байлаудан босанған Сүлеймен арбадан секiрiп түсiп, бағанадан берi жанына тиiп, боқтаған мiлисаға жақындап, жағасынан көтерiп, тұрғызды:

    • Қане, жаңағы сөзiңдi ендi айтшы.

Ол сорлыда үн жоқ. Екi бетi қуарып, сөйлеуге шамасы келмедi. Қорыққанына бұтына жiберiп қойыпты. Зәрi шалбарының балағынан сорғалап тұр.

    • Жаңа ғана батыр едiң, қояннан бетер қорқақ екенсiң ғой, сүмелек, — деп Сүлеймен оны арбаға қарай тулақ лақтырғандай лақтырып жiбердi.

Арба дөңгелегiне оңбай соғылған ол, етпетiнен сұлап түстi. Одан соң бәрi жабылып, екеуiн арбаның екi дөңгелегiне шандып, байлап тастады. Қос атты арбадан босатып, жетекке алды. Қалың талдың iшiне қарай жүрген бұлар, арық жағасында тұрған өз аттарына жеттi.

Осы жерге келгенде қалған жiгiттер беттерiндегi орамалдарын сыпырды. Кендiрдiң сөзiнен кейiн олардың сұлбаларын таныса да аттарын атамаған Сүлеймен, бәрiмен құшақтасып, қайта көрiстi. Бәрi өз жiгiттерi.

    • Сенi мiлисаханадан шығарғаннан арттарыңнан аңдып келдiк, — дедi Әрiпбай.

    • “Ұрымтал тұс осы” деп, тәуекел етiстiк, — дедi Тастан.

    • Бұларыңа рахмет. Босануын босандым. Ендi не iстеймiз?

    • Бiз парызымызды орындадық. Сенi босатқан бiз екенiн ешкiм бiлмес. Ал ендi өз жайыңды өзiң ойлан. Сiрә, елден бiраз уақыт кетуiң керек шығар.

    • Сонда маған тағы “тауға барып, басмашы бол” дейсiңдер ме? Ой, бiрақ, басқа амал жоқ екен ғой. Әлде Түлкiбасқа, Жұмабайдың ауылына кетсем бе екен?

    • Оның болмайды-ау. Түлкiбас дегенiң мынау тұрған жер. Сыбысың жетсе, мына мiлисалар iздеп тауып алады. Шыршыққа кет. Үйренiп қалған жерiң. Әрi таныстарың да көп.

    • Айтпақшы, менiң қарагерiм қайда?

    • Оны “жүрiске шыдамды, белi мықты қазанат екен” деп Құлтан мiнiп алған. Қарагердi қайтесiң? Қос атты ал да, бүгiн түннен қалмай жүрiп кет. Бүгiн түнде Қазығұрттан, ертең Келестен бiр ассаң, ешкiмге ұстатпай кетесiң.

    • Жоқ, мен Құлтанның басын кеспей кетпеймiн. Басқа- басқа, менiң кiм екенiмдi Кендiр мен Әрiпбай, сен екеуiң жақсы бiлесiңдер. Өзiмдi талай қатерден аман алып қалған қарагердi Құлтан жақыбайдың тақымында жүргенiн ойлап, iшiм күйiп өлермiн. Жүрейiк. Ауылға бiз жеткенше түн ортасы болар. Одан арғы iстi жалғыз өзiм iстеймiн. Ауылға жете, үй-үйлерiңе тараңдар. Осы жақсылықтарыңды бек ұмытпаспын.

Сүлейменнiң алған бетiнен қайтпайтынын бiлетiн Кендiрлер үндемей, аттарына мiнiстi. Шоқыта жүрген бұлар Бадам жағасындағы қырқаның үстiне шыққанда:

    • Айтпақшы, Кендiр, Ордабек болыстың ақбоз жорғасы қайда қазiр? — деп сұрады Сүлеймен.

    • Ә, оны мынау Тоғыс пен “Маятас” кәлхүзiне бастық болған Көшкiнбай мiнiп жүр. Бiрақ ол Құлтандай емес, ағайынға онша тiзе батыра бермейдi. Түсiнiгi бар ол кiсiнiң.

    • Алдында “әртiл” дедi, қазiр “кәлхүз” дейдi. Ойпырмай, заман не болып барады өзi?

    • Жаңа өкiметтiң бiлгiштерiнiң айтуларына қарағанда, “келешекте жұрттың қазаны да ортақ болады” дейдi ғой. Кәлхүз сол ортақ қазанның иесi болса керек…

Төте жолмен жүрген Сүлеймендер ұзамай өз ауылдарына да жеттi. Ауыл шетiнде бәрi тарасты. Серiктерiмен қош айтысқан

Сүлеймен алдымен өз үйiне келдi. Балдықыз жатып қалған екен. Сүлеймендi көрiп:



    • Балуаным-ау, ендiгi күнiмiз не болмақ? — деп бiраз жылап алды.

    • “Менi келдi” деп ешкiмге айтушы болма. Мен алысқа кетем. Әйтпесе, мына өкiмет маған тыныштық бермес. Менi уайымдамай, Құлажанға бас-көз бола бер, — деп Сүлеймен ұйықтап жатқан баласының басынан бiр сипады да тысқа шықты.

Мiлисалардын олжаға алған аттың бiрiне қайтадан қонған ол, Құлтанның ауылына бет түзедi. Оның ауылы алыс емес. Бiр қыр асса болды. Суыт жүрiп, дiттеген жерiне тез жеттi. Иттер арсылдап үрiп, белгi берiп қоймасын деп, атын ауыл шетiндегi ағаштардың бiрiне байлап, өзi Құлтан үйiне жаяу келдi. Үйге таяп келгенде мылтығын оңтайлап алып, есiк алдында аз-кем аялдады. Iште жарық та, тырс еткен дыбыс та жоқ. Есiктi жайлап тартып едi, iш жағынан байлаулы екен. Жұлқи тартқанда, есiк ашылып, қоржын тамның айуан бөлмесiне кiрiп барды.

    • Құлтан, шық берi!

Қап-қараңғы екi жақтағы бөлменiң бiрiнен:

    • Кiм-әй бұл? Құлтан үйде жоқ, — деген әйел даусы шықты.

    • Сен, қатын, тұр да шам жақ. Оның үйде еместiгiн одан соң көрермiз.

    • Кiмсiң өзi? Есiктi байлап қойып едiм ғой. Қалай кiрiп кеттiң? — деп әлгi әйел сипалана орнынан көтерiлiп, шам жақты.

  • Ойбай, көтек, Сүлейменбiсiң? Сен жер айдалып кеткен жоқ па едiң?…

    • Иә, иә, жер айдалып кеткенмiн. Бiрақ “сенiң балаңның басын алып кетейiн” деп қайта келiп қалдым, — дедi Сүлеймен әйелдiң Құлтанның шешесi екенiн көрiп. — Балаң қайда?

    • Қайдан бiлейiн. Бағана түс қайта “Шошқабұлаққа барамын” деп кеткен. Содан жоқ, — дедi кемпiр дiр-дiр етiп.

    • Менiң қарагерiмдi мiнiп кеттi ме?

    • Жоқ, қарагерiң там артындағы ақырда байлаулы тұр.

    • Ертең келсе, айт балаңа, — дедi Сүлеймен қарсы бөлменi қарап шыққан соң. — Жақында қайта келемiн. Өлгiсi келмесе, сонда жұрттың көзiнше менiң аяғыма жығылып, кешiрiм сұрасын.

Оған көнбесе, қанын судай шашамын. Бұдан соң тағы айт, елдегi басқа адамдарға да тыныштық берсiн. Осы айтқандарымды орындамайды екен, өз обалы өзiне.

Сүлеймен үйден шыға қарагерiне барды. Оның мойнынан құшақтап бiраз тұрды да, ерттеп, үстiне қонды. Сөйтiп баяғыда, орыс попын өлтiрген кезде өзi Келеске қарай асқан Қазығұрт асуына қарай ат басын бұрды.

Сүлеймен бұл жолы Шыршыққа баратын бағытын өзгертiп, Қазығұртты айнала өтiп, Сырлы даласына тартты. Сонда оның өз алдына қандай мақсат қойғаны белгiсiз. Әйтеуiр жолай кездескен елдерге “Құдайы қонақпын” деп үш қонып, Жылғаға тұяқ iлiктiрдi. Көзiн ашқалы бергi ғұмырында “қазақ жерiнiң бәрi тау-тасты болып келедi” деп ойлап жүрген ол, Бағаналы тауын бөктерлей батысқа жүрген сайын көде мен жусан, тарғыл мен құмшөп қана өсетiн мидай жазық даланы көргенде таң қалды. Ел де сирек. Iлгерiде ауыл қариялары: “Сырдың бергi жағы мен Әлiмтау маңын жайлайтын сiргелi мен қоңырат елдерi құмдауыт даланы жайлайды. Адамдары жазда еттi құдық iшiнде ұстайды. Малдары жусан жеп семiредi” деп отырушы едi. Ол кезде бұл әңгiмеге онша мән бермейтiн. Кешеден бермен сол әңгiме есiне түсiп, дәл мынадай, көз жетер жерде бiр шоқы жоқ мидай сайын даланы мекен еткен адамдардың тiршiлiк нышандары тау жақтыкiне қарағанда бiршама бөлектеу болатынын ұқты.

Кеше түнде арық сиырдың ырсиған қабырғаларына ұқсайтын сайлы-жонды белдер мен далиған құмдауыт атыраптың нақ түйiсер тұсында орналасқан Бақабұлақ ауылындағы сiргелi елiбай Жошы дегендiкiне қонып едi. Жошы көргенi көп, естi кiсi екен. Сүлейменнiң ауылындағы бұрынғы атқамiнерлердiң бiрсыпырасын танитын болып шықты. Сол кiсiден шөл даладағы адамдардың тұрмысы туралы әжептеуiр әңгiмелер есiткен. Кетерiнде Жошы: “Қандай ауылға тап болсаң да, бiр күннен артық қонба. Қазiр баяғыдай мамыражай заман емес. Құдайы қонақ түгiлi, Құдайды да көзге iлмейтiн жаңа өкiмет құтырып тұр. Жапан далада да абай болғайсың. Бiрте-бiрте малынан айрылып бара жатқан кейбiреулер қу тамаққа сеп болатын атау iздеп, ой- қырды кезiп жүр. Естуiмше, Жылға жақта ма, жоқ Қатағантөбе

жақта ма, әйтеуiр сол төңiректе жолаушыны ұстап, өзiн жеп қоятын көрқау қарақшылар пайда болғанға ұқсайды. Елдiң ұйыған айран секiлдi мамырлы тiрлiгiн iрiткi салып ашытып жiберген мына кеңестiң заманында бар пәле шығып жатыр. Өзiң ертегiнiң батырына ұқсаған нән жiгiт екенсiң. Дегенмен де сақ болғайсың”, — деген.

Сүлеймен жолда келе жатып, сол әңгiме есiне түсiрдi. “Суыр мен сарышұнақ мекен ететiн мынау шағыл топырақты далада қарақшылар не қылсын, — деп iштей күлдi. — Жауыннан қорғар үңгiрi, желден қорғар ағашы жоқ қу мекиенде өзi секiлдi қашқын бiреу болмаса, жөнi түзу пенде жүрушi ме едi, тәйiрi”.

Түс ауғанда сонау көз ұшында ұзыннан-ұзақ созылған бiр ну көрiндi. Қамыс дейiн десе, мына сусыз далада ол өспейдi. Ал оны ағаш деп ойлаудың өзi әбес. Кеше Жошы бiр әңгiмесiнде “құм iшiнде сексеуiл ормандары болады” деген едi. “Бәлкiм сондай ормандардың бiрi ме екен?”

Тегiс жерде алыстағы қарайғанның өзi жақын көрiнедi емес пе. Сүлеймен сол нуға жеткенше күн де ұясына таяды. Не екен деп ынтызар еткен ну — қалың қамыс болып шықты. Нудың бұл барған жақ шетiнде қос қолдап батыруға жарарлық кiшкене арықша жиегiнен бұлақ шығып жатыр. Су шығыс беттегi еңiстеу тегiске жайылып кетедi екен. Еңiстiң жан-жағы ит мұрны батпас қамыс. Ұшы-қиырсыз, созылған қу мекиеннiң қақ ортасында бұлақ ағып жатқанына таңданған Сүлеймен атынан түсiп, суға еңкейдi. Бұлақ суы жылымшы. Iшiп едi, бiртүрлi тұзды дәмi бар екен. Сонда да бiраз iштi. Терi шығып тұрған қарагердi суға жақындатпады. Оны жетектей бұлақ басынан сәл ұзап “ендi қайда жүрсем екен?” деп тұрғанда, арт жағынан бiреу дауыстағандай болды. Дауыспен бiрге қарагер де ерекше бiр үнмен күркiрей кiсiнеп, тебiнiп-тебiнiп жiбердi. Сүлеймен дереу мойнын артқа бұрды. Көзi бiрден ну қамыстың шетiнде тұрған үш кiсiге түстi. Үшеуi де бiрдей беттерiн қара орамалмен тұмшалап, байлап алған. Бiрiнiң қолында ұзын сойыл, белiне арқан орап алыпты. Ал анау шибарқыттан тiгiлген жеңiл шапан киген екеуiнiң қолдарында қысқа қайқы қылыш. Елсiз жердегi қамыс арасынан шыға келген үшеуге таңдана қараған Сүлейменнiң аузына қапелiмде:



    • Уай, адамсыңдар ма, әлде жынсыңдар ма? — дегеннен басқа сөз түспедi.

Үшеуi жауап қатпады. Тек “берi кел” дегендей қол бұлғады. Сүлеймен жүрмедi. “Қап, әнеукүнi ауылдан шығып бара жатқанда мылтығымды лақтырып кеткенiмдi қарашы. Бейтаныс елдiң көзiне мылтықпен көрiнбей-ақ қояйын деп едiм. Мейлi, мыналардың мылтығы жоқ екен. Тиiссе, бiр сойыл мен екi қылышқа бiрдеңе қылармын. Алдымен атыма мiнейiн. Сосын қоржындағы кеше Жошы берген келте шоқпарды қолға алайын. Қамыс iшiнде тағы бiреулер болмаса, бұл үшеуiне бой бермеспiн” деген Сүлеймен жалт бұрылды да, үзеңгiге аяғын сала бергенде ер ауып түстi. Жаңа бұлақ басына келгенде, аз-кем демалып аламын ғой деп, қарагердiң тартпасын босатып қойғанын есiне алмапты. Ауып қалған ермен бiрге өзi де шалқалай құлаған оның бiр аяғы ат сауырына түскен ердiң үзенгiсiнде қалып қойды. “Ой, әкеңнiң…” деп айқайлап жiберген ол, одан тыпырлап аяғын шығарам дегенше, анау үшеуi жүгiрiп, бұған таяп келдi. Бағына қарай, олар қасына келiп қалғанда, аяғы үзеңгiден ажырады. Содан төңкерулi қоржындағы келте шоқпарды ала салып, атып тұрды. Мұны құлаған жерiнде бас саламыз деп дәмеленген аналар ендi бата алмай, үшеуi үш жақтан қоршай бастады. Шоқпарын сығымдай ұстаған Сүлеймен олардың әрқайсысына барлай қарады.

    • Оу, неғылған жансыңдар?

Бетiнтұмшалағандаржауапберудiңорнынамұның“қайжерiнен ұрып құлатсақ екен?” дегендей, қаруларын оңтайлай, бiрте-бiрте жақындай түстi. Қарсы алдындағының көзi құтырынған иттiң көзiндей қып-қызыл екен. Тiптi жанарында адамдық сезiм де жоқ секiлдi. Бiртүрлi өлi көзқарас. Түймесiз шибарқыт шапанының ашық омырау тұсы мен етегiнiң астынан көрiнген денесiнiң арықтығы сондай, көзге тiптi қораш шалынады. Қалған екеуi де мәз емес. Жел шайқаса құлап қалатындай әлжуаз. Бiрақ соларына қарамай, мұны түтiп тастамайынша қайтатын беттерi жоқ тәрiздi. Түрлерiне қарап, олардың қатты ашығып жүрген адамдар екенiн бiлген Сүлеймен:

    • Ей, бауырлар, тастаңдар сойыл мен қылыштарыңды. Жөн сөзге келiп, ымыра жасайық. Қарындарың ашса, менде нан бар, талқан бар… — дей бергенде бүйiр тұстағы атылып кеп, қылышын сермеп жiбердi. Сүлеймен шоқпарын одан бұрын сiлтеп үлгердi. Иек тұсынан тиген шоқпардың соққысынан ол кескен теректей жалп еттi. Содан кейiн артта тұрғаны ақыра ұмтылды. Бiрақ ақырысы да, ұмтылысы да оңды болмады. Сүлеймен мен оның арасында тұрған қарагер, ол ақырып ұмтылған кезде иесiне болысайын дедi ме, болмаса үрейлi дауыстан шошынды ма, кiм бiлсiн, бiр тоңқып, айналып кеттi. Осы мезет анау қарагердiң жамбасына соғылып қап, керi ұшты. Сүлеймен оны ұшып түскен жерiнен тұрғыза ма? Шоқпармен бiр ұрып, талдырып тастады. Екi серiгiнiң жер құшқанын көрген үшiншiсi қамысты беттей қаша жөнелдi. Сүлеймен оның артынан түстi. Анау сорлы арық болғанымен түк жүгiре алмайды екен. Әлде аш болған соң әлi жоқ па, әйтеуiр, қамыс шетiне жетпей-ақ, Сүлейменнiң қолына iлiктi. Тура желкеден тап берген Сүлеймен оны ағаш сүйрегендей сүйреп, төбелес болған жерге әкелдi де, бетiндегi орамалын

сыпырды. Екi жағы қушиған, қан-сөлсiз реңдi адам екен ол.

    • Жаныңның барында айт, кiмсiңдер? Әйтпесе мына екеуiне ұқсатып, сiлейтiп салам.

    • Қарақшымыз. Елден кеткенiмiз қашан. Жейтiн ештеңемiз жоқ болғандықтан, ары-берi өткен адамдарды ұстап жеп жүрмiз,

  • дедi анау қырылдай сөйлеп.

    • Не дейдi? О заманда бұ заман адам адамды жеушi ме едi? О, ата-бабаның… Әй, сендер, адам емес, шайтан шығарсыңдар? Сенi де өлтiре салайын, — деп Сүлеймен қонышындағы пышағын ала бергенде:

    • Ойбай, көке, өлтiрмеңiзшi. Қасықтай қанымды қия көрiңiз.

Ендiгәрi сiзге тиiспеймiн, — деп шыңғырды ол.

    • Не? Ендiгәрi тиiсетiндей маған тағы жолықпақ ойың бар ма?

    • Жо-жоқ, көке. Қайта сiзге жол көрсетiп жiберейiн.

Оның шарасыз, әрi жалынышты түрiн көрген Сүлеймен ашуы басылып, бұлардың кiмдер екенiн бiлмек болды.

    • Қай елденсiңдер? Бұл жерде неғып жүрсiңдер?

    • О, ол ұзақ тарих қой, көке. Оны бiрауыз сөзбен айта алмаспын. Жарайды, сiз жеңдiңiз ғой. Жiберiңiзшi ендi, желкемдi бүрмей. Сiзге бағынғанымның белгiсi болсын, бұдан былай алдыңызда құрдай жорғалап, құлыңыз болуға бармын. Жаңа “наным бар” дедiңiз бе?… Жүрiңiз онда, қамыс iшiндегi лашыққа барайық.

    • Сен менi алдап тұрған шығарсың. Қамыс iшiнде тағы басқа адамдарың тығылып жатқан жоқ па?

    • Оллаһи, алдамаймын, көке. Мұнда екi жылдан берi үшеумiзден басқа пенде болмаған.

Сүлеймен сақтық үшiн оның қолын артына байлады. Одан соң атын ерттеп мiндi.

    • Қане, түс алдыма. Көрсет лашығыңды.

Жендет айдаған тұтқындай күйге енген қарақшының белбаусыз шапанының екi етегi тiзелерiне соғылып, алға түстi. Қалың қамыс ортасына қарай созылған жылан iзiндей тар, жалғыз аяқ жолмен сәл жүрген соң олар ну iшiндегi лашыққа келдi. Жанындағысының “бұл жерде бiзден басқа ешкiм жоқ” деген сөзiне әлi сенiңкiремеген Сүлеймен айналасына сақтана қарады.

    • “Екi жылдан берi осында тұрып жатырмыз” деп жалған сөйлейсiң-ә, маған. Жазда мейлi, күн көруге болар. Қыста қалай күнкөрiп жүрсiңдер?

    • Қыста елге таман жылжимыз ғой. Ол жақта қыстап шығатын апанымыз бар, — дедi анау екi көзiн Сүлейменнiң тақымындағы қоржыннан алмай.

    • Атың кiм?

    • Зүндiн. Ендi қорықпай аттан түсе берсеңiзшi. Қолымды шешiп, нан берiңiзшi. Екi-үш күн болды, мына қамыс ортасындағы шалшық судан бақа аулап, қақтап жегеннен басқа нәр сызбадық.

    • Мен тiрi пендеден қорқатын жан емеспiн. Бiрақ сөзбен алдап тұрып, ту сыртымнан бас салатын қаскөйлердi суқаным сүймейдi. Судан бақа аулап жесең, аш емес екенсiң ғой. Тфу, нәлетi, нәр сызбадым дейдi-ау, тағы.

Қарагер тыныш тұр. Егер қамыс арасында тағы бiреулер

тұрса, ол осқырынып белгi берер едi. Оның осылай жайбарақат



тұрысынан көңiлi жайланған Сүлеймен атынан түстi. Оң қолына сойылын ұстап, өзiнiң кеудесiнен келетiн лашық iшiне үңiлдi. Ешкiм жоқ. Лашық артын айналды. Қарақшылар тұрақтарының күнгей бетiндегi қамысты орып, ол тұсқа жер ошақ орнатып қойыпты. Ошақ маңында сүйектер шашылып жатыр. Қырнала мүжiлген сүйектер малдiкi емес сияқты. Арғы жағына көзi түсiп едi, денесi дiр ете қалды. Қорыққанынан емес, мынадай тосын жайды бiрiншi рет көрiп тұрғандықтан селк еткен. Құдай-ау, көздерi мен кеңiрдектерiне дейiн түк қалмай шұқылана желiнген кәдiмгi адамның бес-алты жалаңаш қу бастары жатыр. Жаңа мынаның “адам жеп жүрмiз” дегенiне онша илана қойған жоқ- тын. Бекер айтпаған екен найсап.

    • Әй, Зүндiн, берi кел, — деп айқайлады олардан көзiн әкете алмаған күйi. — Ол келгесiн: — Сен жаңа “адам жеп жүрмiз” дегенiңе сенген жоқ едiм. Шынымен-ақ аш қасқырдай адам жеп жүргендерiңе ендi сенiп тұрмын. Бұзыл-ған қорқау неме. Осыдан кейiн саған нан берiп, адам етi мен қанына бөккен құрсағыңды тойдырады деймiсiң менi. О, тоба! Өмiрiмде қанша пәленi көрiп жүрсем де, дәл сендердей жабайыға айналған екi аяқтыларды көрмеппiн. Уай, осы тұрған жерiңде iшiңдi тiлiп, iшек-қарныңды өзiңе жегiзiп, өз қаныңды өзiңе iшкiзейiн бе, осы?!

Тосын көрiнiстен жүрегi лоблып, беймаза күйге түскен ол, кеудесi мен жандүниесiн қарып өткен жаман сезiмнiң әсерiмен Зүндiндi сол бойда жарып-ақ тастар ма едi, кiм бiлсiн, егер анау:

    • Ойбай, көке, өлтiрмең, өлтiрмең… Жаңа ғана “өлтiрмеймiн” деп едiңiз ғой, — деп аяғына жығылмағанда.

Аяғына жығылғанды ұру Сүлейменнiң әдетiнде жоқ. Зүндiн басымен мұның аяғын сүзе, етпетiнен түскенде оған тимедi.

    • Қай жетiскенiмiзден адам жеудi үйрендiк дейсiз, көке. Мына құла түзде қаңғып жүргендер, бiз жемесек те, ит-құсқа жем болатын едi ғой, бәрiбiр. Қайтемiз ендi, елге барсақ, итжеккенге айдатып жiберетiн белсендiлерден қорқамыз. Қоқаннан өтiп, тәжiк асып кетуге амалымыз болмаған соң жүр едiк, осылай бақа шайнап, адам жеп.

Райынан қайтқан Сүлеймен оның желкесiнен көтерiп тұрғызды.

    • Сенiң мұң-зарыңды тыңдайыншы. Жүр лашығыңа.

Зүндiн қуанып кеттi ме, суық жымиыспен бiр езу тартып, лашыққа беттедi. Сүлеймен қарагердiң үстiндегi қоржынды алып, оның соңынан лашыққа кiрдi.

    • Қолымды шешпейсiз бе? — дедi Зүндiн Сүлеймен қасына отырғанда.

    • Сен алдымен өздерiңнiң кiм екендерiңдi айт. Тiлiне қарасам, қазақ сияқтысың. Ал түрiң сартқа келедi. Тумысың кiм?

    • Әзiрде өзiңiз ұрып тастаған анау екеуi және мен — тумысымыздан Арнасай үстiндегi Шиырлықұмнанбыз. Шиырлықұмды естуiңiз бар ма? Дызақтың терiскей бетiнде ғой. Руымыз — қырықпанжүз. Бiздi бiреулер шалақазақ дейдi. Негiзi, бiз ертеректе Бұқар жақтан келiп, қазақтарға сiңiсiп кеткенге ұқсаймыз. Жаңа өкiмет келместен бұрын үшеумiздiң де әкелерiмiз әмбе Дызақ өңiрiне аты шыққан саудагерлер едi. Құл ұстап, күң жұмсайтынбыз. Кейiн қызылдар келiп, шат- шәлекейiмiздi шығарды. Әкелерiмiз айдалып кеттi. Ал бiз болсақ, Тәшкен астық. Бiрақ жастайымыздан дайын ауқат, көл-көсiр асқа үйренiп қалған бiз, онда еңбек таба алмай, әбден қиналдық. Шаһарда ұрлыққа үйрендiк. Кiсi тонап, үйлерге түстiк. Сонда жүргенде анау, сiз жаңа бiрiншi құлатқан Тұтқыш бiр қашқарлық ұрылармен танысып алыпты. Тәшкенде алай базарының маңын қоныстанғандарды “қашқарлықтар” дейдi. Тұтқыш әжептеуiр шежiре бiлетiн. Ата-тек сұрастыра келiп, сол қашқарлықтармен туыс болып алды. Ол туыс болған соң, қашқарлықтарға бiз де туыспыз ғой. Менiң ұғынуымша, Тәшкендегi қашқарлықтар қайбiр заманда сонау Қаш-қардан Бұқарға ауып барған екен. Кейiннен Бұқар хандығы құлаған кезде олардың бiразы Тәшкенге қоныс аударыпты. Ал бiз олар Тәшкенге келерден әлдеқайда бұрын Дызаққа келген екенбiз. Тұтқыш солай дейтiн.

Сол Тәшкеннiң ортасын кесiп өтетiн Бозсудың бойындағы

қаңлылар мекендейтiн махәлләның маңында орыс жандаралының кезiнен келе жатқан қыш құятын үлкен қора бар. Осы тұста Бозсудың төменге қарай тiп-тiк құлайтын сарқырамасының ең табанындағы иiрiмнiң жағасында көлденең көз байқай бермейтiн кәттә үңгiр бар. Бiз Тәшкенде жүргенде сол үңгiр сондағы ұрылар мен қарақшылардың мекенi болатын.

Бiз қашқарлық ұрылармен бiрге сол үңгiрде көп уақыт тұрдық. Бұқардан келген қашқарлықтарды сарттар кейде “жөйiттер” дейдi. Жөйiттерден өздерi жаман қорқады. Қорықпағанда қайтсiн, жөйiттердiң ай сайын адам етiн жейтiн бiр мейрамы бар. Адамды қалай жеуге болатынын бiрiншi рет сонда көргем. Бiз аштықтан адам жеудi үйрендiк. Ал олар мейрам уақытысында тоқ болса да жей бередi.

Бiр күнi бiздi, осы үшеумiздi қашқарлық ұрылардың һәм адам жегiштердiң басшысы бiр адамды, онда да жастау, әрi семiз қызды ұрлап келуге жұмсады. Өмiрiмiзде адам ұрлап көрмеген бiз бұған қалай барайық. Бiрақ оған “бармаймыз” деген жоқпыз. Олай айтсақ, өлтiрiп қоятынын бiлдiк. “Жарайды” деп үңгiрден шығып кеттiк те, сол күнi Тәшкеннен кетiп қалдық. Өйткенi онда жүре берсек, олар бiздi тауып алатынын бiлдiк. Сөйтiп, мiне, қаңғи-қаңғи осында тап болдық. Өкiмет ұстап алса, “жөйiттермен сыбайлас” деп атып тастайды. Содан Тәшкенде жемеген адамды аштықтың кесiрiнен осында жеп үйрендiк. Бiздiң тағдырымыз — осы.



    • Сен әңгiменi әдемi айтады екенсiң. Мен баяғыда, тауда басмашылармен бiрге жүргенiмде “Тәшкенде адам жейтiн жөйiттер бар” деп естушi едiм. Сол жөйiттердiң ұрпағы екенсiң ғой-ә. Ендi айтшы сол жөйiттерiң кәдiмгi адам сияқты ма?

    • Әлбетте олар да адам ғой. Бiрақ неге екенiн қайдам, иттiң балалары жүдә, iрi, кәттә болады. Мына сiз сияқты. Ал Бекаба деген басшысы сiзден де дәу.

    • Тәшкенде оларға қарсы тұрарлық не қазақтың, не сарттың бiр дәуi болмағаны ма?

    • Қайдан. Дәу дегендердiң өздерi олардың алдында үн шығара алмайды.

    • Өкiмет ше? Ол да жөйiттердi тезге сала алмады ма?

    • Бiз онда жүргенде жөйiттер оларды құйрығына қыстырмайтын. Қазiр қайдам. Менiң бiлуiмше, Тәшкен бұрыннан-ақ баскесерлер мен қарақшылардың шаһары сияқты.

    • Жарайды. Бiр ғана адам жеген айыбың болмаса, сен де мен секiлдi тентiреп қалған адам екенсiң. Қолыңды босатып нан берейiн. Содан соң екеумiз жатып демалайық. Мен өзiме тимеген

адамға ешқашан да тимеймiн. Ал тисе… Жаңа көрдiң ғой қалай болатынын. Күнi бойы атсоқты болып шаршап қалдым. Мына қамыс төселген лашығың ұйықтауға ыңғайлы екен. Сен де жатып демал. Ертең не iстейтiнiмiздi оянған соң кесiп-пiшермiз.

Қай заманның да батыры аңғал ғой. Зүндiннiң мүләйiмси айтқан әңгiмесiне сенiп, оның қолын босатып, нанын берген Сүлеймен қамыс үстiне алаңсыз жата кеттi. Иә, бiр бұл жер емес, талай жерде дәл осылай аңғал сенгiштiгiнен көп мәрте ажал таба жаздаған. Ал қазiрше, нанды қомағайлана қарпып жеп жатқан Зүндiнге есiней қарады:



    • Осы жерге ең жақын ауыл қайсы тұста?

    • Қыбыладан оң жақты бетке алып жүрсе, аттылы адамға күншiлiк жерде Құлшығаш ауылы бар. Одан әрi Сыр өзенi мен Арнасай таяқ тастам жер… — деп Зүндiн тағы бiрдеңелердi айтты. Бiрақ Сүлеймен оларын естiген жоқ. Қалың ұйқыға батып кеттi…

Әдетiнше қатты ұйықтаған. Бiр кезде құлағына қарагердiң күркiрей кiсiнеген даусы келдi. Сонда да дыбысқа бiрден тұра қоймайтын дағдысына басып, бас көтермей жата бердi. Бiрақ қарагер кiсiнеуiн қоймады. Тiптi лашық қабырғасын соққылап, оны құлатып жiберердей тулай түстi. Оның бостан- босқа бұлай тепсiнбейтiнi ұйқылы санасына сәлден кейiн ғана жеткен Сүлеймен: “Уа, не болды?” — деп айқайлай атып тұрды. Қарагер лашық есiгiнен сығалай қарап тұр екен. Сүлейменнiң оянғанын көрiп, “мына жақтан бiреу келе жатыр” дегендей, басын арғы жаққа қаратып шұлғып-шұлғып қойды. Сүлеймен күректей алақанымен бетiн уқалап-уқалап жiберiп, айналасына қараса, лашық iшiнде ешкiм жоқ. Жанына қойған шоқпары да, бас жағындағы пышағы да көрiнбейдi. Бұрышта қоржыны ғана жатыр. “Қап, анау жексұрын бар қаруымды алып, тайып тұрған ба?” деп ойлап, лашықтан еңкейiп шыға берiп едi, қарсы алдындағы қамыс арасында жалғыз аяқ жолмен пышақ пен шоқпарды оңтайлана ұстап келе жатқан Зүндiндi көрдi. Осы кезде қарагер ат керi жылжып кеттi. Сүлейменге “шық” дегенiнiң белгiсi шығар бұл. Алайда Сүлеймен сыртқа шықпай, “Зүндiн не iстер екен, көрейiн” деп ойлады да орнына қайта жатты.

Мұның оянғанынан бейхабар Зүндiн еппен лашыққа кiрдi де, сол қолындағы шоқпарды жерге қойып, сәл тұрды. Көзiн сәл ғана сығырайта ашып, өзiн көрiп жатқан Сүлеймендi әлi ұйқыда деп ойласа керек. “Өзiң жүдаям кәттә екенсән. Етин мингә үштә күнгә жетади”, — деп күбiрлеп, оң қолындағы пышақты көтерiп мұның қарын тұсына ұра бергенде Сүлеймен бар жылдамдықпен тiзелерiн жиып, қос табанымен оның кеудесiнен бiр тептi. Тепкiнiң күштi болғаны соншалық, Зүндiн артқа қарай ұшып бара жатып, лашық үстiне жабылған қамысты өзiмен бiрге ала-мала, сыртқа шалқасынан түстi. Шалқалай құлағанда үстiн лашық қамыстары жартылай жауып түскен оның тырп етуге шамасы келмедi. Бiреудiң сатқындығын ешуақытта кешпейтiн Сүлеймен орнынан тұра сала оны қамыс арасынан суырып алды.



    • Ай, кеше мен саған “тату болайық” деп айтып едiм ғой, — деп ақырды да, онсыз да демi шықпай тұрған оның мойнын күтiр еткiзiп бұрап жiберiп, лақтыра салды.

    • Жақсылықты түсiнбеген ит жөйiт.

Содан қарагерге қайта қонды. Жалғыз аяқ жолмен қамыс шетiне шыға бергенде кешегi екеудiң тiлiм-тiлiмi шығып жатқанын көрдi. Қансыз еттерiн бiреудiң пышақпен тiлгiлегенi көрiнiп тұр. “Зүндiн пәленiң қылығы ғой. Тоба, кеше нан жеп тойса да, үйренiп қалған адам етiне аңсарлары ауып тұрады екен- ау бұлардың. Кеше не деп едi өзi? “Қансыз адам етiнiң онша дәмi болмайды” деп пе едi бiр сөзiнде. Мыналардың етiнен қанағат таппаған соң менi жарып жемек болған екен ғой… Әй, осы менi ажалдан Құдай қағады. Түнде ұйықтап жатқан жерiмде соя салса, не iстер едiм. Бәрiнен бұрын мына қарагерiме ырзамын. Жануар, талай жерде қауiптен сақтандырып жүр. Осы болмағанда баяғыда-ақ қасқырға жем, болмаса басмашылар оғының құрбаны болып кетер ме едiм?”

Небiр қатерлi сәттерде өзiне адамнан бетер көмек көрсеткен қарагерiнiң жалын риза көңiлмен қос қолдап сипап-сипап қойды.


VIII


Сүлеймен елден кеткенде “мiлисадан қашып кеттiм” деп ойламады. Ол ес бiлiп, етек жапқалы берi, бiреудiң басынғанын жек көрумен бiрге кез келген заң-зәкүнгеде басыбайлы болғысы келмейтiн. Мұзарт шыңдарды мекендейтiн қыран құсқа, сайын сахарада жосып жүретiн бөрiге ұқсағысы келетiн. Келетiн емес- ау, сондай-тын. Өзiн-өзi сергелдеңге салып қойған өмiрiне, әмәнда қауiп-қатермен бетпе-бет келiп, өтiп жатқан ғұмырына әсте налымайтын. Жұрт бұл туралы не ойласа, оны ойласын. Ол өз өмiрiне ырза. Оған “үрлеп iшiп, шайқап төгер” ас-ауқаттың да, мамық төсек, құс жастықтың да керегi жоқ. Оның бар салтанаты

  • еркiндiк. Оған тек желкеден түртiп, маңдайдан нұқып бұйрық беретiн бiреу болмаса болғаны. Құдайдан басқаның бәрiнен азат. Ел-елдiң басын бiрiктiрiп, бiр заңға бағындырып қойған бәлшебектiң өкiметiне де түкiргенi бар. Оның қосын сүйретiп, соқасын жыртқанша, тау кезiп, тағы аңдай күн көргенi жақсы. Бiрақ өздерiн дәл осылайша сезiнетiндер бiр Сүлеймен ғана емес. Шыршықтың ар жағындағы қалың қазақ әлдеқашан жаңа өкiметтiң айдауына көнiп, тұмсықтарына көнбiстiк ноқтасын iлдiргенiмен, Алай тауының терiстiгi мен Ферғана жазығындағылар әлi құтырып тұр. Құтырып тұрған халық емес, әрине. Мұндағы ел де бәлшебекке бас иген. Бiрақ сол бәлшебекке бағынбай жүрген басмашылар мен қарақшылар әлi көп. Мiне, екi жылға аяқ басты, Сүлеймен солармен тағдыр тоқайластырып, Қоқан жерiнде жүргенiне. Екi жылдай бұрын “Жылға” маңындағы адам жегiштердi сiлейтiп кеткен соң Тәшкен асқан. Онда көп тұрақтамай, елбесiп-селбесiп отырған Тойтөбе мен Қыбырай жұртын бiраз паналаған. Ол жерде де тұрақ таппай, Бөкi мен Көкаралды басып, Хожентке өтiп кетпек болған-ды. Бегабадта баяғы таудағы үңгiрде қалып, өзi қайта таба алмай қалған Төрекелдi мен Аязбек кездесiп, мәре-сәре болысқан. Содан қайталап табысқан үш “арлан” бiрден Қоқанға тартқан.

Қоқанда қазақтар мол. Бiрақ көбiсi өзбектенiп қалыпты. Сонда

да әлi руларын ұмытпаған. Қыпшақтар мен қоңыраттар iшiнде Төрекелдiнiң ескi таныстары көп екен. Осылардың арқасында

жат елде үшеуi ешкiмнен шет қақпай көрмедi. Аз уақыттың iшiнде қоқандықтармен аралас-құралас болып кеттi.

Сүлеймен мұндағы жұртқа да бiрден танымал болды. Ол кезде оқығаны аздау елге тез танымал болу үшiн дала заңына лайық батыр болсаң жеткiлiктi едi.

Сүлейменнiң өн бойынан осындай батырлықтың нышанын аңғарды ма, әлде қырым артық етi жоқ, тұтас құйыла салынған шойындай iрi сүйектi денесiнен, үнемi от шашып тұратын алақандай көздерi мен адам тiктеп қарай алмас қарақошқыл, суық жүзiнен ыға ма, кiм бiлген, әйтеуiр әншейiнде бiр-бiрiне батырсынып қырықпышақ болып жататын Қоқан жұрты мен қарақшылары мұның алдында мыстары құрып, момақанси қалатын.

Алайда нағыз ердi мойындағысы келмейтiн кеудемсоқ, көзсiз батырсымақтардың қай жерде де болатыны бар. Өзiңдi жалпы жұрт ойлағандай тұлға етiп көрсетуiң үшiн алдымен солардың мысын басқан жөн. Әрине, Сүлеймен өз бетiнше ешкiмге тиiспейдi. Бiрақ “әлiн бiлмеген әлектер” бұған тиiседi.

Осы екi жылдың iшiнде ондайлардың талайымен күш сынасуға тура келдi. Былтырғы жылы шығыс Бұқардың Лоқай деген жерiнен қызылдардың бiр белсендi қатынын отбасымен қоса түгел бауыздап, осында қашып келiп, атын өзгертiп, жасырынып жүрген Шалпар деген таулық баскесерiмен айқасып қалғаны бар-ды. Ерегiстiң басы бiр татар әйелден басталған. Аязбек, Төрекелдi үшеуi мұнда келгелi берi Пұсырманқұл деген қыпшақты сағалап жүрген. Сол Пұсырманқұл бiр күнi бұл



үшеуiне:

    • Сыңайларыңа қарасам, әзiрше елдерiңе қайтатын ойларың жоқ сияқты. Атан бурадай өңкиiп жүрген үшеуiңнiң кiр-қоқыстарыңды қашанға менiң қатыным жуып бередi. Әрi отыздан асқан еркектiң әйелсiз күнi бола ма? Жат елде жүрмiз дегендерiңмен, әйтеуiр бiрдеңе қып, ырзық-несiбелерiңдi тауып жүрсiңдер. Сол несiбенi жиып, үйде ас-ауқаттарыңды дайындап отыратын өздерiңе лайық әйел iздейiк, — деген.

    • Жөн айтасың, Пұсырманқұл. Әсiресе өмiрiмiз қатынсыз өтiп бара жатқан мына Аязбек екеумiзге обал болды. Ал Сүлейменнiң

елде әйелi бар ғой. Әй, бiрақ табылса, бұл да ала салсын. Бұған екеу емес, он қатын алса да аздық етпейдi, — деп Төрекелдi елп ете қалған.

Сүлеймен де бұған қарсы болмады. Сөйтiп үшеуi әйел iздеуге кiрiскен. Қоқан шаһарының түстiк жағындағы үлкен төбенiң үстiнде Құдияр хан салдырған үлкен сарай бар. Сол сарай қазiргi жаңа өкiметтiң кеңсесi едi. Кеңсе бергi бөлмелерiне орналасқан. Ал сарайдың басқа қаптаған бөлмелерi астық пен мақта жинайтын қоймаларға айналған. Осы қоймаларда ерлерi басмашылармен соғыста шейiт болған көптеген жесiр әйелдер iстейтiн. Әсiресе мақта түтетiн орында ондайлар мол-ақ. Пұсырманқұл үшеуiн күнде осы жерге ертiп келiп жүрiп, ақыры бұларға лайық үш әйел тапты. Төрекелдi мен Аязбекке екi өзбек әйел бұйырды. Әйелдердiң туысқандарына бiраз пұл берiп, ықтиярларын алған соң Төрекелдi мен Аязбек олардың үйлерiне кiрiп алды. Ал Сүлейменнiң көңiлi бөксесiне анау-мынау еркектiң құлашы жете бермейтiн дәу татар әйелге ауды. Оның аты — Дилда екен. Құрғыр Дилда кез келген әйелдiң көңiлiн жiбiтiп жiберетiн Пұсырманқұлдың жаушылық сөзiне де, “Әй, саған бай, маған қатын керек. Бұлдана бермей айтқаныма көнсейшi”, — деп айтарын төбеден жай түсiргендей зiлдi дауыспен бiр-ақ жеткiзген Сүлейменге де көнбей, бiраз қиғылық салып жүрдi. Бiрақ тiлiмен “түлкiнi күлдiрiп, қасқырды үргiзетiн” Пұсырманқұл қойсын ба, ақыры оны бiр икемге келтiрдi. Сөйтсе Дилда өз қарсылығын Сүлеймендi жақтырмағанынан бiлдiрмептi. Күллi Қоқанның ұры мен қарақшыларын бiр шыбықпен айдайтын Исламқұл бектен қорқыпты. Исламқұл бұрынғы Қоқаның айтулы хандарының бiрi — Әлiмнiң ұрпағы екен. Қоқан орысқа қараған кезде бектiк лауазымды иеленген. Қызылдармен соғыс уақытында тәжiк жерiне қарай өтiп, Жылыкөлдегi Отанбек пен Жұмамұрат паруанашылардың қолдарын бiрiктiрiп, үлкен басмашылық топқа құрбашылық жасапты. Кейiн басмашылардың тоз-тозы шығып, бiрi ауған, бiрi қытай асып кеткенде, бұл Қоқанға қайта оралып, жаңа өкiметтiң белсендiлерiмен тiл табысып, бейбiт өмiр сүруге байлам етiптi. Алайда “бейбiт өмiр” дегенi сырт көзге ғана. Қоқан мен оның айналасындағы болып жататын қилы-қилы ұрлықтар

мен қарақшылық iстерге, жаңа өкiметтiң адамдарын өлтiруге, бидай мен мақта керуендерiн тонауға өзi басшылық етедi екен. Былайша айтқанда, қызылдар мен қоқандық қарақшылардың әлi жүрiп жатқан майданының көрiнбейтiн басшысы. Қарамағында баскесерлерi қырғын. Олардың бiрi мiлиса болса, бiрi кәлхүзшi, бiрi белсендi… әйтеуiр өзiнiң тiлiмен айтқанда, жаңа өкiметтiң жалшылары. Ал ендi бiразы “барып кеп, шауып кел” — жұмсаушы сарбаздары.



Исламқұлдың сондай сарбаздарының бiрi — Шалпар Дилданы иеменденiп жүредi екен. Иемденгенде, ешқандай байланысы болмаған, тек көңiлдес ретiнде ұстауға талпыныс жасап жүредi екен. Сол бiрде Пұсырманқұл мен Сүлейменнiң Дилдамен сөйлесiп тұрғанын көрiптi. Бұлар кеткесiн Дилдаға келiптi де: “Егер анау қазақтармен сөйлескенiңдi ендi көрсем, өлдiм дей бер. Мен өлтiрмесем де, Исламқұл өлтiредi. Ал Исламқұлдың кiм екенiн бiлесiң ғой”, — деп қорқытып кетiптi.

Пұсырманқұл төртiншi барғанда Дилда осыны айтыпты.

Пұсырманқұл оның сөзiн Сүлейменге жеткiздi.


    • Көңiлiм ауған қатыннан қайдағы бiр қарақшыдан қорқып бас тартамын ба? Өзi не дейдi? Көнетiн сыңайы бар ма?

— Сенен ат-тонын ала қашып тұрған ол жоқ. Тек “жаңағылардан қорқамын”дегендiқайта-қайтаайтады.

    • Онда оны бүгiн кешке сенiң үйiңе әкелемiз. Исламқұл ма, Шалпар ма, мейлi, қайсысы болса да, одан соң менi iздеп келе берсiн.

Кешке екеуi барып, Дилданы алып келдi. Пұсырманқұл әйелiне дастархан жасап, молда шақырып қоюды тапсырып кеткен едi. Үйге келсе, бәрi дайын. Сәлдесi салбырап молда да отыр. Дереу Сүлеймен мен Дилданың некесiн қиюға кiрiстi. Неке рәсiмi бiтер сәтте сыртқы дарбазаны бiреулер тарсылдатып ұра бастады. Есiк ашуға шығып кеткен Пұсырманқұлдың әйелi аздан соң ебiл-дебiлi шығып, қайта жүгiрiп келдi. Өңi құп-қу. Екi көзi бақырайып кеткен.

    • Не болды-ей, сонша дүрлiгiп? — дедi Пұсырманқұл.

    • Байеке, анау жақта… дарбаза сыртында... қолдарында сойыл ма, мылтық па, әйтеуiр бiрдеңелерi бар үш-төрт кiсi тұр.

Сiздердi “шақыр” дедi. “Егер шықпаса, тура отырған жерлерiнде бастарын аламыз” дедi. Қорыққанымнан дарбазаны жабуға да шамам келмей, берi қаштым.

Сүлеймен мен Пұсырманқұл бiр-бiрiне қарасты. Дилда болса:



    • Ойбай, Шалпарлар ғой келiп тұрған. Айттым ғой сiздерге, олар бәрiмiздi қырып кетедi деп”. Үйбай-ау, ендi қайттiк? — дедi де Сүлейменнiң артына тығылды.

    • Не дейдi? Шалпар дей ме? Астапыралла! Қой, мен кетейiн. Келiн, мына тамның арт жағындағы дуалдың асып түсетiн тұсы бар ма? — деп Дилдаға қосыла үрейi ұшқан молда орнынан атып тұрды да, кебiсiн кие сала, сөзiне жауап күтпестен сыртқа атып шықты.

    • Жә, қорықпа, — дедi Сүлеймен Дилдаға қарап. Сосын Пұсырманқұл бұрылды: — Жүр, шығайық сыртқа. Көрейiк те, кiмдердiң келiп тұрғанын. Келiп тұрған шынымен анау қаңғыбас қарақшы болса, көрсетейiн мен оған басынғанды.

    • Сен барып, сөзге айналдыра тұр. Мен ұраға тығып қойған мылтығымды тауып алайын. Ол қарақшыларға сенiм жоқ. Ата салудан тайынбайды.

Пұсырманқұл айуан тамның бұрышындағы ұраға түсiп кеттi де, Сүлеймен дарбазаның сыртына шықты. Дарбазамен шектес дуалды жағалап бiр топ кiсi тұр. Қараңғылыққа сәл көзi үйренген Сүлеймен бажайлап қараса, тұрғандар төртеу екен.

    • Берi жақында!— деп дауыстады бiреуi.

    • “Берi жақында” деп бұйыратындай кiмсiң сен?! Керек болса, өзiң жақында!

    • Бұқа тәрiздi неме. Менiң кiм екенiмдi бiлмей жүр екенсiң. Әйдә, жiгiттер, қоршаңдар жан-жағынан! — дедi бiреуi айқайлап.

Сосын бәрi қолдарындағы таяқтарын сүйретiп, бұған таяй түстi.

    • Ей, сойылдасу қашпас. Алдымен жөндерiңдi айтсаңдаршы.

    • Бiреудiң қатынын алып қашып кеткен саған жөн сұраудың керегi не? Дәл қазiр өлiгiң осы жерде қалсын демесең, Дилданы маған алып шығып бер, — дедi айнала қараңғы болса да қаба сақалы байқалып тұрған бiрi.

    • Дилданы сен қашаннан берi қатын қылып жүр едiң? Менiң ашуым көтерiлмей тұрғанда, батырыңдар қараларыңды өздерiң.

    • Уа-ха, не дейдi мынау. Жабылыңдар, жiгiттер!

Сол-ақ екен, бойларымендене тұрқылары өзiненсәл-ақкешiрек келген үшеу сойылдарымен мұны сабай жөнелдi. Сүлеймен екi қолымен басын қорғаштап, кейiн шегiндi. Бiрақ аналар қуалай жүрiп ұруларын тоқтатар емес. Бiр кезде жон арқасынан тиген соққының қатты болғаны соншалық, бiр сәт есеңгiреп барып, құлай жаздады. Осы сәт iштегi бар ашуы сыртқа шығып, “а-а-а-а” деп айналаны күркiрете бiр айқайлады да, алдында тұрғанның шоқпарына жабыса кеттi. Заматта оны сiлкiп тартып қалғанда, анау мұның аяғына қарай етпетiнен түстi. Өзi қолына iлiккен шоқпармен жан-жағындағы екеудi айналып тұрып, құлаштай соқты. Бiрiнен өтiп, бiрiне тиген шоқпар соққысынан ол екеуi жерге жалп-жалп еттi.

Оларды жатқан жерлерiнде бастарынан тағы да бiр-бiр рет



аямай ұрып, дарбазаға бұрылғанда, жаңағы етпетiнен түскенi тұра сап, қашуға ыңғайланды. Оны да шоқпармен бiр ұрып, жерге қайта топ еткiздi. Лезде үш серiгiнiң топырақ құшқанын көрген қаба сақал не бұған шабарын, не қаша жөнелерiн бiлмей, аңтарылды. Сүлеймен оның жанына жетiп барып, жағасынан алған күйi дуалға бiр соқты. Одан соң екiншi қолымен ышқырына жармасып, қап сияқты көтерiп алып келе жатқанда, алдынан Пұсырманқұл кездестi.

    • Не болды, Сүлеймен? Дәулiк көрсетiп жатыр ма? Мына құрғыр мылтықты көп iздеп, жүрiп қалғаным…

    • Мылтықтың керегi жоқ ендi. Мына сүмелек кеткен қатынының артынан қуып келiптi. Қазiр сол қатынының астын жалатайын бұған, — деп Шалпарды көтерген бойда үйге кiргiздi. Сүлеймен оны үйге көтерiп кiргенде екi әйелдiң үрейi ұшып,

бұрышқа тығылды.

    • Дилда, айт қане. Сенi қорқытып жүрген Шалпар деген осы ма?

    • Осы, осы, — дедi Дилда үнiн зорға шығарып.

    • Ендi сен айт. Дилданы қашан қатын қылып едiң?

Жаңа ғана далада батырсынып әкiреңдеген, ендi түкке қауқары келмей, шабандоз сүйреткен өлi текедей кейiпке түскен Шалпар мұрнынан аққан қанды демiмен бiрге бiрде жұтып, бiрде қақала түкiрiп, дыбыс шығармай бiраз отырды.

    • Ой, жiбершi, сақалымды. Менi әлi ешкiм бұлай табанының астына салған жоқ едi… Еркек болсаң, жiбер деймiн.

    • Табанына салатын адамға кездеспей жүргенсiң де. Жiбер деп шарт қояды тағы. Шартты мен қоямын. Одан да жаңағы сөзiңе жауап бер.

    • “Қатын қылдым” деп кiм айтты саған? Ойнас қылайын деп едiм. Қанша дәу болсаң да Қоқанда Исламқұл тұрғанда, менiң дегенiм болады…

    • Ой, сорлы. Сен алдымен осы жерден аман шығып алсайшы. Исламқұлыңның да, сенiң де әкеңнiң… Уа, сенiмен неге сөз таластырып тұруым керек менiң, — деп көп сөздiлiкке салына бермейтiн Сүлеймен қонышынан пышағын суырып алып, Шалпардың алқымынан осып жiберуге ұмтыла бердi:

    • Ой, Сүке, тоқта, тоқта! Сойсаң, үй iшiнде сойма. Жә, жә, қоя тұр деймiн, батыр. Сәл сабыр сақтай тұршы, — деп Пұсырманқұл пышақ ұстаған қолына жармасты.

    • Ә-ә, қойыңыздаршы, байекелер, — деп бiр бұрыштан әйелдер сұңқылдады.

Пұсырманқұлдың ажыратқанын басқаға жорыды ма, кiм бiлсiн, осы кезде Шалпар:

    • “Соямын” деп әкiреңдегенiмен сою қайда бұған менi. Сойып көрсiншi. Ертең Исламқұл сүйегiн өртеп, етiн күл қылып шашсын, — дедi тағы батырсына.

    • Мынау тiлiн тарпайтын пәле екен. Онда қазiр көресiң соя алмайтынымды, — деген Сүлеймен оны үйден сүйреп сыртқа шығара берiп: — Айтпақшы, өлер алдыңда iздеп келген қатыныңның бұтын иiскеп қал. Ақыры тiрi кезiңде сол жерiне жете алмап едiң. Ей, Дилда, қайдасың? Берi кел. Етегiңдi көтер. Ауыңа мұрнын бiр тығайын. Өлер алдында арманда кетпесiн. Сосын қалт етуге шамасы келмей, бұрыштағы Дилданы сүйреп әкелдi де етегiнiң астына Шалпардың басын тықты.

Аяқтарына иегiн үйкелеттi.

    • “Еш еркек бұрын кеудемдi бұлай басқан жоқ едi” дедiң ғой. Ендi сенiң кеудеңдi әйел басты. Жо-жоқ, әйел аяғына басың жығылды. Бұдан былай саған жер бетiнде еркек болып жүрудiң қажетi жоқ. Сендей намыссыз еркектi мен өлтiруге де арланамын,

  • деп дарбаза сыртына сүйреп шығарды. Мұнда келгесiн: — Кет ендi. Осы масқаралығыңды ертең елге жаямыз. Одан кейiн “еркекпiн” деп айтып көршi.

Шалпар намыссыз екен. Әлгi тiрлiктен кейiн өзi-ақ, болмаса Сүлейменмен алысып өлуi керек едi. Өзiн “тау халқының арыстанымын” деп есептеген ер қуғанға кетпей, солай етер едi. Қарақшылар арасындағы заң да сондай. Ал Шалпар:

    • Көремiн, ертең көремiн сендердi, — деп босана салысымен қараңғыға батып жоғалды.

Сүлеймен мен Пұсырманқұл Шалпар құрығасын, дарбаза маңындағы үш жаралыны арбаға тиеп, шаһар ортасына апарып тастады. Үйге келсе, әйелдердiң әлi үрейлерi ұшып отыр екен.

    • Болды, ендi қорқатын дәнеңе жоқ. Сен бүгiннен бастап мендiксiң. Ертең мақта түтуге бармай-ақ қой. Бiрер ай осында шыдай тұралық. Одан әрi көрермiз… Жүдә болмаса елге таяу жерге барып тұрармыз. Шыршыққа орнығып алсақ, тiптен жақсы, — деп оны Пұсырманқұлдың ауласындағы өзi тұрып жатқан тамға жетектеп кiргiздi.

Дилданы жар еткен сол күнi әдетiнше сәскеге дейiн ұйықтаған. Дәл сол күнi түсте шаһар ортасындағы жұрттың сейiлi басталатын едi. Жаңа өкiмет әрбiр бiткен еңбегiн мейрамға балап, жұртты жиып мереке өткiзiп жататын. Мұндай мерекенi “сейiл” дейтiн. Сүлеймен сондай сейiлдерде күреске қатысып, кiр тас, дәу өгiз бен түйе көтерiп, көп пұл тауып қалушы едi. Бұл жолы сейiлде балуан күрестен де, тас пен түйе көтеруден де басқа бiр жарыс ұйымдастырғалы жатыр екен. Күнiге шаһардың қандай көшесiне қанша торғай қонып, қанша шымшық ұшып кетiп жататынына дейiн бiлетiн Пұсырманқұл әнеукүнi:

    • Қарашаның жетiсiнде жаңа өкiмет өз күнi мен “сабан тойды” һәм мақталықтың бiткенiне арнап, сейiл жасайды екен биыл тағы да. Палуан жарысында жаңадан бiр ойын ойналатын болыпты. Жуандығы адамдай ағаштың бiр ұшын жерге терең етiп көмедi екен де, қазық болып қатып қалған жоғарғы ұшын шоқпармен, яки сол сияқты жуан ағашпен бiр ұрып құлатқанға, түйе балуаннан да көп пұл бередi екен. Ол ойынды да бiр ойнап көрсең болар едi, ә, — деген-дi.

Ұйқыдан тұрғасын, Дилданың қолынан шәй iшiп алып, Пұсырманқұл екеуi шаһар ортасында болатын сейiлге бармақ боп, үйден шықты. Тамдары бiр-бiрiмен жапсарлас соғылған Қоқанның тар көшелерiн аралап, Құсайын ата мешiтiнiң жанынан өте бергенде, мешiт төбесiнен адам басынан да үлкен бiр тас дүңк етiп жерге түстi. Егер Сүлеймен тағы бiр жарты қадам алға басқанда тас мұның қақ төбесiн ойып түсер едi.

    • Ойбай, абайла Сүлеймен. Мешiт үстiнде мұндай тас жатушы ма едi. Саған бiреу әдейiлеп тастады-ау деймiн, — деп дауыстап жiбердi Пұсырманқұл.

    • Ә-ә, атаңның көрiн… Кiм-ей, кiм-ей?! Расында, мынау бiр қаскөйдiң iсi ғой. — Абдыраған Сүлеймен биiктiгi жетi-сегiз кiсiнiң бойындай келетiн мешiт төбесiне алақ-жұлақ қарады: — Жүршi, мешiттiң алдыңғы жағына барайық.

Екеуi ұзындығы қырық қадамдай мешiттi айналып, алдыңғы жағына келдi. Мешiт жаңа өкiметтiң азық сақтайтын қоймасы едi. Есiк алдында төрт-бес кiсi жүр.

    • Ет өткiзуге келдiңдер ме, жоқ бiр нәрсе сатып алуға келдiңдер ме? — дедi олардың бiрi.

Бұлар жөнiн айтты. Бiрақ ешқайсысы мешiт үстiне шыққан адамды көрмеген болып шықты. Тiптi Пұсырманқұл алдыңғы дәлiздегi баспалдақ арқылы мешiт үстiне шығып та көрдi. Төбеде бөгде ешкiм жоқ.

Содан мешiт төбесiнен құлаған үлкен тастың сырын түсiнбеген екеуi әрненi айтысып, орталыққа келдi. Мұнда халық көп жиналыпты. Бiрақ әлi сейiл ойындары да, жарыстары да басталмапты. Орталықтың қақ ортасында атам заманнан берi келе жатқан кiрпiштен өрiлiп жасалған әйдiк қорған бар. Қорған үстi жазық. Iлгерiде хандар осы жерде өлiм жазасына кескен адамдарды жұрттың көзiнше дарға асып, болмаса текеметке буып тұншықтырып өлтiредi екен. Пұсырманқұл айтады: “Кеңестен бұрын қайбiр жылы осында қазақтан шыққан Мұстафа, Нәзiр, Мұхаммеджан дегендер көсем болып, Түркiстан өкiметiн құрған-ды. Сонда осы қорған басында үшеуiнiң де жалындап сөйлегендерiн көрiп едiм. Қазiр олар қайда кеттi екен?” деп. Ол осында әр келген сайын қорған басына қарап тұрып, сол үш кiсiнi



еске алатын. Осы жылы да қорған үстiнде сейiл ұйымдастырып ары-берi шапқылап жүрген кiсiлерге қарап тұрды да:

    • Менiң Мұстафа туралы тағы бiрдеңе айтайын деген ойым бар едi. Бiрақ анау беттерiне қысқа пәренжi жамылған екi әйелге көңiлiм қайта-қайта ауа бередi. Жаңа өкiмет “пәренжiнi беттерiңнен лақтырыңдар” деп бiраздан берi зарлап келе жатса да, өзбек пен тәжiктiң көптеген егде қатындары оны әлi тастамай жүр. Әй, мен айныған, бiрдi айтып, бiрге кетем. Айтпағым ол емес қой. Осы пәрәнжi жамылған екi қатын бiз қайда бұрылсақ та, соңымыздан бiр елi қалмай, мешiттен берi бiзге iлесiп келедi. Денелерiне қарасаң, әйелдер емес сияқты. Ұзын етектерiнен аяқтарына не кигендерiн де байқау қиын. Әйелдер қолдарына қап па, себет пе, бiр нәрсе ұстап жүрер едi. Ал мына екеуiнiң қолдары бос. Байқашы өзiң де, әне, анау бiзге қырын қарап тұрған пәренжiлiнi, — дедi арт жақты иегiмен нұсқап.

    • Расы, бұрын Қоқанда мұндай ұзын бойлы әйелдердi көрмейтiнмiн. Әлде бұлар әйелше киiнiп, бiздi аңдып жүрген Шалпардың адамдары ма екен? Бiрақ мұнысымен не айла қылмақ?

    • Не айла қыларын Құдайым бiлiп пе? Бiр анығы — түнгi оқиғадан кейiн Шалпардың үнсiз қалмасы хақ. Сақ болайық.

    • Күдiктi деп, пәренжi жамылған кiм көрiнгеннен үрке беремiз бе? Зияндық жасап көрсiншi, көптiң көзiнше қандарын судай шашармын. Жүр, одан да күрес өтетiн жаққа барып, балуандар тiзiмiне тұрайық.

Алаң ортасындағы қорғанның батыс жақ шетiндегi бұрышта сейiлдi ұйымдастырушылар күреске қатысатындардың есебiн алып жатқан. Екеуi сол жерге келiп, Сүлеймен тiзiмге жазылды.

    • Сен биыл тағы келдiң бе? — дедi қағаз жазып отырған өзбек Сүлейменге жымиып. — Күресте жылда ұта бермей, бұл жолы бiздiң жiгiттерге ұтыла салсайшы. Әйтпесе, Қоқанда ер тумағандай болып жүрмiз.

    • Бұлай айтқанша, өз iштерiңнен бұған тең келетiн мықты жiгiттердi сайлап алуға ұмтылсаңдар неттi, — дедi Пұсырманқұл оған.

Бiраз уақыт өткенде балуандар да белгiлi болды. Олардың көбiсi былтырғы күреске қатысқандар. Ортадағы қазы кiмнiң кiммен күрсетiнiн балуандардың өздерiнен сұрастырып, жұптап шыққанда, Сүлейменге қарсы түсер ешкiм табылмады. Өйткенi бұдан жығылып қалатындарын балуандардың бәрi бiледi. Сондықтан мұнымен күресуден өздерi бас тартты. Сөйтiп белдесуге жұп табылмаған Сүлейменге қазы:

    • Сен онда бiрден түйе көтеруге қатысасың. Одан соң “қазық ұру” деген ойын бар. Соған да жазып қояйын сенi, — деп қағазын ала бергенде, топ iшiнен ұзын бойлы, тарамыс келген бiр таулық:

    • Мен күресемiн мұнымен. Сендер, қабандай-қабандай болып тұрған өңкей сужүрек немелер, осы қазаққа шаппай бәйге берiп тұрғандарыңа намыстанбайсыңдар ма? — деп қатар тұрған балуандарға айқайлай, алға суырылып шықты.

    • Өй, әлiңе қарасайшы…

    • Қоя берсейшi, жамбасы сынып, белi шойырылайын деген бiреу де…

    • Түрiне қарамай, жүректiсiн-ай өзiнiң… — десiп айнала тұрған балуандар күңк-күңк етiстi. Ал құжынап тұрған халық: “Әп, бәрекелдi”, “Ойпырмай, ер екен ғой мынау”, “Иә, бәсе, бiзден батыр шықпайды деп кiм айтты сендерге?”, “Қазы, оған күреске рұқсат бер”, — деп шуласты.

Қазы әлгiнi жанына шақырып, әлдене жайында сұрады.

    • Болды, шуламаңдар, түге. Келiсiмiн алдым. Бұл Сүлеймен екеуi ең соңғы жұп болып күреседi.

Балуандар алдымен түйе көтерiстi. Түйе көтерiсу деген қызық. Бiр жастан бес жасқа дейiнгi шөгерiлiп, аяқтары екi- екiден қосақталып байланған түйелердi балуандар иықтарына салып, жүз қадам жүрулерi керек. Әрине, әркiм шамасына қарай. Сүлеймен бес жасар түйенi көтерiп, жүз қадамдай жердi айналып шықты. Басқа балуандар үш жасар түйенi көтеруден аса алмады. Сүлеймен қазық ұрудан да алдына жан салмады. Сөйтiп, екi бас бәйгеге тiгiлген сексен сомды иелендi. Кезек күреске келгенде жиырма шақты балуан күресiп болғанша, күн кешке таяды. Бiрақ жаяуы бар, аттылы-есектiлiсi бар, қызыққа жиналған қалың нөпiрдiң қатары селдiремедi. Ақыры Сүлеймен ортаға шығатын

уақыт та келдi. Сейiлдегi күресте баяғы Билiкөлдегi күрестегiдей арнайы киiм болмайтын. Былайша айтқанда, бұл ермек үшiн, азын-аулақ ақша үшiн күресетiн — жабайы күрес.



Қазының белгiсiнен кейiн сыртқы шибарқыт камзолын Пұсырманқұлға ұстатып, көйлекшең ортаға шықты. Таулық қарсыласы да көйлекшең. Ұзын бойы болмаса, оның онша қауқары жоқ екенiн бұл бiлдi. Алайда оны қандай намыс алып бара жатқанын бiлмедi. “Мейлi, өз көңiлi өзiнен қалсын. Бұл жерде құр жүректiлiктiң түк пайдасы жоқ. Мүмкiн бұл жылдам шығар. Кейбiреулер күшiне емес, өзiнiң мысықша ептiлiгiне сенедi”.

Расында, таулық жүдә жылдам екен. Кiлемнiң ана шетi мен мына шетiне лып-лып етiп секiрiп, ұстатпай-ақ қойды. Тiптi мұны бiр-екi рет жұдырықтап та өттi. Оның бұл қылығын елеген қазы болмады. Ал халық: “Яшаң, яшаң” деп шу-шу етiседi. Аздан соң намыстанған Сүлеймен оны ұстай алайын деген оймен оған тура шапты. Таулық жалт етiп бұрылып, басымен мұның бетiне бiр соқты да артқа қарай өтiп кеттi. Иттiң басы сонша қатты болар ма, бірдемде көзi қарауытып, кеңсiрiгi сынып кеткендей дың-дың етiп, мұрнынан қан сорғалай жөнелдi. Қанын сүрпек болып, алақанын мұрнына апарғанда, таулық тағы мазақ етейiн дегендей, желкесiнен бiр ұрды. Осы замат қаны басына шауып: “Өй, әкеңнiң көрiн…” деп тiстене тiл қатты да бұрыла сап, оған жүгiрдi. Таулық бұл жолы шетке атылып үлгере алмады. Арыстандай болып төнiп қалған бұған iстер айласы болмаған ол, секiрiп келiп, мұның мойнына жармасты. Құшағына оп- оңай iлiккен оны бұл ашумен мыта салмақ боп, белiне қолын орай бергенде, анау құлағын қырши тiстеп алды. “А-а-а” деп дауыстап, ендi оның алқымына жармасам дегенде анау тағы сытылып кеттi. Өмiрiнде қанша күрестi, қанша төбелестi көрiп жүрсе де, дәл мынадай шапшаң қимылды адамды кездестiрмеген бұл бар ашуына ендi мiнiп: “Уа, атаңа нәлет, ит. Ендi өлдiм дей бер”, — деп ақыра тағы ұмтылды. Жүрiсi ауыр, денесi бiлеу-бiлеу темiр iспеттi iрi сүйектi Сүлеймен қанша алып болса да, кейде керектi сәтте қабыландай ептi қимылдайтыны бар-тын. Осы жолы да ананың жып етiп бұрылып кетуiне мүмкiндiк бермей,

атылып барып, оны тарпа бассалды. Мынадай денесiмен мұның осыншалықты шапшаң қимыл көрсете алатындығын көрген халық таңырқасып, гу еттi. Қарсыласын екi иығынан алған бойда тiк көтерiп, жамбасқа салып, жерге бiр-ақ соқты. Мұндай алып ұрудан ешкiм аман қалмасы анық едi. Талайлар бiрден- ақ жантәсiлiм ететiн. Бiрақ ананың қандай әдiспен жерге қатты соғылмай қалғаны белгiсiз, әйтеуiр денесi кiлемге тие бере, ары қарай сусып, аунап кеттi де орнынан тұра қалып, қонышындағы ұзын қанжарын суырып алды.



    • Қанжар, қанжар! Ойбай, мынау не қылмақшы? — деп айқайлады топ iшiнен бiреу.

Құлағы осы сөздi-ақ шалды. Бәлкiм кеудесiн буған намыстың сыртқа тепкен кернеу күшiнiң толқыны ма, әлде ашудан өзiн-өзi билей алмай, көзiне таулықтан басқа түк көрiнбеген себептi ме, сол сәт жан-жақта не болып, не қойып жатқанын ұқпады. Бар көргенi — екi көзi шарасынан шыға бақырайған таулықтың секiрiп тұрып қанжарын сiлтеп жiбергенi. Одан қалай қорғанғаны, оны қалай қолына iлiктiрiп алғаны есiнде жоқ. Содан оның мойнын ба, белiн бе, жоқ қол-аяқтарын ба, әйтеуiр сүйектерiн күтiр-күтiр еткiзiп сындырып, денесiн топ iшiне қарай лақтырып тастаған. Бұдан соң көптiң iшiнен бетiне пәренжi жамылған бiреу атын өңмеңдете ойқастатып келдi де, өзiн ұзын қылышпен бiр шауып өткен. Құдай қаққанда, қылыш басқа тимей, тосып қалған оң қолының шынтақ тұсына сарт еткен. Бұдан кейiн жандәрмен аттылының соңынан қумақ боп, ақыра жүгiргенiнде, бiрталай адам қаумалап ұстай алған…

Есiн жиса, айнала азан-қазан. Қарсы алдында мұның кесiлген бiлегiн таңып Пұсырманқұл тұр. Қазының да, басқа балуандардың да, жиналған жұрттың да түрлерi шошыңқы. Анадай жерде бiр топ адам сұлап жатқан бiреудi көтерiп әлек. Сұлап жатқанды бiрден таныды. Жаңағы өзiмен алысқан жiгiт. Өзiнiң шынтағынан ғана емес, сол аяғының қара санынан да қан сорғалап тұр. Шалбарының сол тұсы бiр кездей тiлiнiптi.



    • Не болды, Пұсырманқұл? Әлгiнде қанжар, қылыш ала ұмтылғандар кiмдер? — дедi өз-өзiне келген соң.

    • Кiмдер екенiн қайдан бiлейiн. Аман қалғаныңа тәуба де. Осы күреске түспей-ақ қойғаныңда болар едi. Мана iшiм бiрнәрсенi сезiп едi…

    • Иә, иә, аман қалғаның бек жақсы болды. Ойбай-ау, бiрақ балуандардың бiреуi бiреуiн пышақтап, ал бiреуi бiреуiн жазым еттi деген не сұмдық. Шетiмiзден итжеккенге айдалып кетпесек болғаны, — деп зарланды қазы. Оған қосыла тағы бiреулер де қара аспанды бастарына төндiрiп, бiрдеңелердi айтып жатты.

    • Саныма пышақты кiм ұрды?

    • Өзiңмен күрескен жiгiт қой. Әй, өзiң де шапшаң екенсiң.

Әйтпесе, пышақ тура қарныңа қадалар едi.

    • Қалай болды өзi?

    • Қалай дерiң бар ма? Ол сенiмен күресуге емес, сенi пышақтап кетуге шыққан екен.

Өстiп тұрғанда тарантасымен аппақ форма киген үш мiлиса жұртты кие жарып, жетiп келдi. Белдерiнде қылыш, наган. Қазы олардың алдынан жүгiрiп шықты.

    • Бастық жолдас, сұмдық, сұмдық… Не болғанын өзiмiз де бiлмей қалдық… — деп болған оқиғаны дiрiлдей, шатып- бұтып айтып бердi. Мiлиса зорға демалып жатқан таулыққа бiр, Сүлейменге бiр қарады:

    • Мына кiсiнi дереу шаһар ортасындағы лазаретке жеткiз. Жарасын таңсын. Сұрақты сол жерде аламыз. Ал анау жаралыны басқа күймеге салып, казармаға апарыңдар. Одан соң жұртқа бұрылды: — Ал сендер неғып тұрсыңдар қақиып?! Тараңдар бәрiң! Осымен сейiл бiттi!

Жұрт жапатармағай тараса бастады. Бiр мiлиса өздерi мiнiп келген тарантасты Сүлейменнiң алдына көлденең қойды:

    • Мiнiңiз, лазаретке тезiрек жетпесек, қансырап қаларсыз.

    • Ләзерет дегенiң не пәле? Бармаймын еш жаққа. Үйге барып, жарақатыма киiз күйдiрiп басып-ақ жазыламын.

    • Бармағаның қалай? Қарашы, саныңның етi салбырап кетiптi. Еттi орнына апарып тiгу керек. Әй, оқымаған қазақ-ай, “киiз күйдiрiп басамын” дейдi-ау. Анау үзiлiп кеткен аяқтың тамырларын орнына келтiру қажет. Әйтпесе өмiр бойы ақсақ

болып қалуың мүмкiн. Мiн ендi, тарантасқа! Бiз саған жақсылық ойлап тұрмыз.

    • Иә, иә, осылардың айтқанын орындайық, Сүлеймен. Етiң сүйекке дейiн кесiлiп кеткен. Доқтырға көрiнген жақсы ғой, — деп Пұсырманқұл оны тарантасқа итермеледi.

    • Е, ләзiрет-пәзiрет дегенше, “доқтырға апарамыз” демей ме. Мейлi, барайықшы доқтырына, — деп Сүлеймен тарантасқа қарай қозғала бергенде, санының тiлiнген жерi зырқ етiп, аяғы басуға көнбедi. Қан одан бетер сауылдай жөнелдi.

    • Ей, Пұсырманқұл? Қан бұлай аға берсе, мiлиса айтпақшы, расында қансырап қалармын. Байла, мынау санды бiрдеңемен қысып.

Пұсырманқұл иығындағы қоржынынан екi әйел орамалымен оның санын қатты қысып байлады. Сүлеймен тiстенген күйi қыңқ етпедi. Сосын бiр мiлиса екеуi оны қолтығынан демеп, тарантасқа мiнгiздi.

Қоқанның Ферғанаға шыға берiс жолының жағасында айналасы ат шаптырымдай, сырты қышпен қоршалған қорғанның iшiнде мiлисахана мен әскерхана бар-тын. Әлгi лазарет дегендерi де соның iшiнде екен. Тарантас қорған iшiне кiрген соң ұзын етiп салынған тоқал тамның алдына келiп тоқтады. Екi мiлиса мен Пұсырманқұл жабыла сүйеп, Сүлеймендi тарантастан әзер түсiрдi. Есiк алдында бұларды әппақ жамылғысы бар екi кiсi қарсы алды. Мiлисаның бiрi болған жағдайды айтты. Олар Сүлеймендi тамға кiргiзiп, ағаш кереует үстiне жатқызды.



    • Ендi сiздер шыға берiңiздер, — дедi ақ киiмдi кiсi Пұсырманқұлға.

Ақ киiмдi кiсi үлкен қайшымен жарақат үстiне таңылған шүберектердi қиып-қиып тастады. Қан қайтадан саулап ақты. Осы кезде бұл жатқан жерге қолдарына темiр қобдиша ұстаған екi өзбек әйел кiрдi. Ақ киiмдi кiсi қобдишадан түтiкке ұқсас бiрдеңе шығарды.

    • Не iстемексiңдер?

    • Сiзге укол салып, мынау тiлiнген еттерiңiздi орнына тiгемiз. Өзiңiз дәу адам екенсiз, ауырғанға шыдайтын шығарсыз. Сәтiн салса, бес-алты күнде орныңыздан тұрып кетесiз.

    • Жұрт “доқтыр” дейдi, “укол” дейдi. Ал мен мұның бәрiн бiрiншi рет көрiп тұрмын.

Доқтырлар сөз айтпаған күйлерi күлдi де қойды. Сосын укол салып, кесiлген етке жуан ине сұғып тiге бастады. Ауру жанына қанша батса да, тiстенiп жата бердi.

    • Шынымен-ақ батыр екенсiз. Кей кiсiлер мұндайда ақырып- шақырып, тамды басына көтередi. Иә, бек шыдамды екенсiз, бек шыдамды. Ендi қозғалмай үш күн жатуыңызға тура келедi. Ал шыдай алмай тұрып кетсеңiз, жара жазылмай, өзiңiздi қинайды. Бұдан кейiн сiзден көп қан кетiп қалған. Ол үшiн күштi-күштi тамақ iшiп, кеткен қанның орнын толтыруыңыз керек, — дедi доқтыр iсiн бiтiргесiн.

    • Әй, “үш күн қозғалмай жат” дейсiң маған. Дәретке қалай шығамын?

    • Оның бiр жөнi болар.


Ол жерде бес-алты күн емес, он бiр күн жатты. Осы күндердiң iшiнде күнде мiлисаның бастығы келiп, анау таулықты не үшiн оңдырмай тастағаны жөнiнде сұрап, мазасын қашырды. “Пышақ ұрған соң ашумен түк бiлмей қалыппын” десе, “Алдымен сен оны өлтiремiн” деп қорқытыпсың ғой. Осының рас па?” дей ме, әйтеуiр қайдағы бiр сұрақтарды берiп, зықысын шығарды. Кеше келгенiнде: “Екi-үш күннен соң сенi бұл жерден шығарып, қамауға апарамыз. Сәбет өкiметiнiң заңы бойынша, адамды майып қылған кiсi тиiстi жазасын алуы керек”, — деген. “Оны майып қылам деп ойлаған жоқпын. Бiрақ оны ұрмасам, ол менi өлтiретiн едi ғой”, — дедi бұл. “Мұның уәж емес. Бiздiң зәкүн бойынша, ешкiм өзiнше бiреуден кек алуға тиiстi емес, азамат қылмыскер Мәменов”, — деп шығып кеттi ол.

“Ендi не iстесем екен? Мына мiлисалардың өзiме шабуылдаған таулықты кiнәламай, мен жазғырғаны несi?” деп ойлап жатқанда Пұсырманқұл келдi. Сүлеймен оған мiлиса айтқан әңгiменi айтты. Пұсырманқұл ойланып отырып, былай дедi:

    • Бұл жердiң мiлисаларының бәрi Исламқұл құрбашыны тыңдайды. Мен бiлсем, бұл Исламқұлдың тiрлiгi. Қалайда, сенен Шалпардың кегiн қайтармақ. Мына жерден қамауға апарып бiр тықса, көзiңдi құрта салудан тайынбайды бұлар. Сол үшiн бүгiн түнде бұл жерден қашып шығуың керек.

    • Қашуды жек көрсем де, бiреудiң өзiме еткен озбырлығын өзiне қайтару үшiн қашуыма тура келедi кейде. Бiрақ Исламқұл мен Шалпардан кек қайтаруға қазiрше халiм жоқ. Әбден жазылғанша, қайда тығыла тұрамын? Сенiң үйiңе барып тұруға болмайды. Мiлисалар ертең-ақ ол жерге жетiп барады.

    • Ол жағын уайымдама. Мен қазiр шығып, сен Дилда екеуiң уақытша бас сауғалайтын үй табуға тырысайын. Сен тура түннiң жарымында қорған бұрышындағы қойманың жанына кел. Сенi сол жерде күтiп тұрамын.

    • Иә, сөйт. Мынау мiлисаларға өштесiп не қылайын. Өкiметтiң қай итаршысына қапаланып, ашулана берейiн. Алайда Исламқұл мен Шалпардың басын алмай тынбан. Қарап жүрген маған тиiстi ме, ендi мен оларды текке қалдырмаймын.

Түн жарымы болған кезде Сүлеймен “Я, Құдай, өзiң қолдай көр”, — деп орнынан тұрды. Шынтақ икемге келгенiмен, тiлiнген аяқ әлi онша бастырмайды. Ақсаңдай басып, лазарет iшiнен шықты да, қоймаға беттедi. Айнала көзге түрткiсiз қараңғы. Шамалап келiп, қойма маңына жеттi. Көп тұрған жоқ, қорған сыртынан Пұсырманқұлдың: “Келдiң бе?” — деген даусы шықты. “Иә, келдiм”, — деп дыбыстады бұл. “Мә, мына арқан сатымен амалдап, берi шық”, — деген Пұсырманқұл арқанды қорғаннан асыра лақтырып жiбердi. Сүлеймен әзер дегенде сатымен қорған басына шықты. Ар жағынан Пұсырманқұл мен бiр кiсi сүйемелдеп түсiрiп алды.

    • Ендi қайда барамыз? Ынғайлы жатақ таптың ба?

    • Таптым, Қалақишан мәхәлласында тұратын бiр сарттанған адайға жиырма сом пұл берiп, тамын жалға алдым. Ол сенiмдi кiсi. Қашан жазылып шыққаныңша, Дилда екеуiң сонда тұрасыңдар. Қазiр Дилда сенi сонда күтiп отыр.

Пұсырманқұл қосесекжегiлгенжеңiларбаәкелiптi. Сүлеймендi соған мiнгiзiп, өзi есектердi жетекке алды. Оның “Қалақишан мәхәлласы” дегенi Тәшкен жолына шығар бағыттағы ойпаңда орналасқан адайлар мекенi. Сүлейменнiң естуiнше, қайбiр заманда кiшi жүз жерiндегi Ырғыз деген жақта Арғынғазы деген батыр шығып, орыстарға қарсы көтерiлiптi. Кейiн ол орыстардан жеңiлген соң оның жасағында болған бiр топ адайлар осы қалаға ауып келiп, орныққан екен. Мұнда келе сала өзбектерге елiктеп, қоқан шетiнен бiр-бiрiне жапсарлас там салып, түбегейлi отырып қалған. Кезiнде оларды Қалақ деген ишан басқарып келiптi. Содан олардың мәхәлласы “Қалақишан” деп аталады. Бұл күндерi сол адайлар үш жүз түтiнге жуық. Қазiр олардың түрлерi де, тiлдерi де өзбектенген. Iлуде бiреулерi болмаса, қалғандары қазақша сөйлемейдi. Қалақишан мәхәлласының көшелерi қысқа-қысқа, әрi қисық, тар. Оның үстiне тамдардың арасы бiр-бiрiне жақын салын-ғандары сондай, кiмнiң қай үйде тұратынын ажырату да қиын. Пұсырманқұл Сүлеймен үшiн сырт көзден жасырынатын жердi дұрыс-ақ тапқан екен.

Пұсырманқұл жетектеген есектi арба дiттеген жерге келген

соң төрт-бес көшенi аралай өтiп, бiр кiшкене дарбазалы үйдiң

алдына тоқтады. Арба соңында келген кiсi дарбазаны ұрып, белгi бердi.



    • Пұсырманқұл, сенбiсiң-ей? — деген дауыс шықты iштен.

    • Мен, мен.

Ағаш дарбаза ашылып, ар жақтан орта бойлы келген кiсiнiң сұлбасы көрiндi:

    • Тезiрек кiрiңдер. Қоңсылар байқап қоймасын.

Үй иесi үшеуiн бiр түпкi тамға әкелiп кiргiздi. Шам жанып тұрған аядай бөлменiң iшiнде Дилда жалғыз отыр екен. Бұларды көрiп орнынан ұшып тұрды да: “Аман-сау келдiңiздер ме?” — деп сәлем салды.

    • Мiне, қазiрше тұрағың — осы. Мына үй иесiнiң аты — Бойтан. Сен осы жерден жазылып шыққанша, бұл кiсiнiң көзi

  • көр, құлағы — керең. Бiрақ өзара сырласа берулерiңе болады. Ал мынау өзiмiзбен бiрге жүрiп келген серiгiмiз — Ажан. Мен мұнда жиi келе алмаспын. Исламқұл мен мiлисаның адамдары менi аңдуы мүмкiн. Бiр-бiрiмiздiң хабарымызды осы Ажан арқылы бiлiп отырамыз. Ас-ауқаттарыңды да Ажан тасып тұрады. Қазiрше басқа әңгiме жоқ қой. Ажан үш күннен кейiн бiр келiп кетедi.

Арада бiр айдан аса уақыт өттi. Бiр күнi Ажан екеуi әңгiмелесiп отырғанда, сыртқы қақпаны бiреу тарсылдата ұрды. Аздан кейiн iшке Бойтан мен Пұсырманқұл, Аязбек пен Төрекелдi кiрдi. Бәрi Сүлейменмен құшақтасып көрiстi.

    • Ойпырмай, жұрт түрмеде қалай шыдап жатар екен? Құдай салмасын, осы бiр айдың iшiнде мына тар үйшiк, қапас аулада iшiм жарылып кете жаздады.

    • Сенiкi ештеңе емес. Қолың бұғаулы, аяғың тұсаулы емес. Қатының — жаныңда. Iлкiде көп азамат жылдап зынданда да жатқан ғой, — дедi Аязбек қуақыланып.

    • Ер жiгiтке бәрiн көрген жақсы, — деп қостап қойды оны Төрекелдi.

    • Иә, өзiң қалай? Жаудың пышағы тиген жерiң жазылып, адам қатарына қосылайын дедiң бе? — дедi үшiншi болып сөйлеген Пұсырманқұл.

    • Иә, жара орны қарақотырланып, өткен жетiде-ақ төгiлген. “Күшiм орнында ма, орнында емес пе?” деп бiр ауыр зат көтерейiн десем, мына Бойтанның үйiнде көтеретiн түк жоқ. Түк таппаған соң қысқа жиып қойған екi-үш қап ұны мен төрт-бес қап бидайын көтерiп, ермек қылдым. Менi қоя берiңдершi. Келдiм ғой епке. Өздерiңде, анау сыртқы дүниеде не гәп бар?

    • Гәп сол, мiлиса тыншыды. Сонда iстейтiн бiр танысымның айтуынша, олар сенi Қоқаннан қашып кеттi деп, күдерiн үзiптi. Өздерi де бiразға дейiн iздедi-ау. Мiлисадан бұрын бiреулер бiрнеше түн бойы менiң үйiмдi торуылдап жүрдi. Кейiн торуылдағандардың кiмдер екенiн бiлдiм. Шалпардың адамдары екен. Айтпақшы, анадағы күресте саған пышақ ұрған адам соныкi, ал пәренжi жамылып атпен шауып келiп, қылыш сiлтеген сол Шалпардың өзi екен. Ендi “мұның бәрiн қайдан бiлдiң?” де. Бiр таныс тәжiктер арқылы қашқарлықтарға шығып жүрiп, ақыры Исламқұл мен Шалпардың жандайшаптарымен танысып алдым. Сөйтiп осы уақыт iшiнде қарап жатпай, әлгi екеуiнiң қай жерде тұратындығын да бiлдiм…

    • Қай жерде екен? — деп сабырсызданған Сүлеймен оның сөзiн бөлiп жiбердi. — Тура осы түннен қалдырмай, екеуiнiң де басын алайын.

    • Жә, аздап сабыр ет. Дәу адамға шошаңдаған жараспайды. Алдымен тыңдасайшы. Сiрә, олардың басын алу оңайға соқпас- ау. Өйткенi күндiз ол жерге бара алмаймыз. Ал түнде олардың биiк қорғандарынан асып, үйлерiне кiру де оңай емес. Оның үстiне қарауылдары, адам жейтiндей иттерi тағы бар.

    • Ай, айтсаңшы, өздерi осы Қоқанның iшiнде ме, жоқ, шеткi қышлақтарда ма?

    • Қоқанда. “Қоқанбазардың” маңындағы Алтынбесiк ата сағанасын бiлушi едiң ғой. Базар мен сағана ортасында тәжiк қышлағы бар емес пе. Мiне, екеуi де сол жерде. Шалпар ауық- ауық көшеге шығып тұрады. Ал Исламқұл сондағы ұясында жатып-ақ, барлық зұлымдығын жасап отырады.

    • Үй-жайын, қорған-порғанын, қора-қопсысын өзiң көрдiң бе? Ешкiм кiре алмастай тас қамал ма екен?

    • Мен ол жаққа барсам, қашғарлықтар күдiктенiп қалмай ма? Сондықтан сырттай ғана шолуыма тура келдi. Ебiн тауып, мына Ажанды сонда жұмсағанбыз. Екеуiнiң де тұрағын осы көзiмен көрiп қайтқан. Ендiгiсiн Ажан айтсын.

    • Әй, сен бағаналы берi мұны неге айтпайсың?

    • Әңгiменi Пұсырманқұлдың өзi бастасын дедiм де. Айтсам былай, Шалпардың үйiне түнде түсуге болады. Тек есiк алдындағы итiнiң көзiн құртсақ болды. Ал анау Исламқұлдiкiне… ай, қиын- ау. Оның отыратын, жататын жерiне дейiн кемi бес есiк бар. Түнде олардың бәрi iштен құлыптанатын секiлдi. Бұған қоса, ауызғы бөлмеде қарулы екi қарауыл жатады. Бұлармен қатар ауласындағы үйлерде қатыны бар, еркегi бар, бiрталай малайлары тұрады. Егер “Исламқұлды отырған жерiнде жайпап кетемiн” десең, оған амалын тауып, күндiз барған жөн. Қарауылдары да, малайлары да күндiз ешнәрседен күдiктенбейдi.

    • Ой, мынау дұрыс ақыл айтып отыр-ей, — деп гүж еттi Аязбек.

    • Дұрысы, дұрыс делiк. Бiрақ алдымен оның амалын ойлап алғанымыз жөн. Бұдан соң олардың екеуiн бiр күнде, болмаса бiр түнде жайғау керек. Әйтпесе, “кезек-кезек көздерiн құртамыз” деп, араға күн салып алсақ, тiрi қалған қайсысы болса да, етек- жеңiн жиып алады. Тағы бiр миымызда болатыны — Қоқанның күллi мiлисасы Исламқұлдың жағында. Егер бiз ойымызды iске асырсақ, мiлисаның бәрi аяғынан тiк көтерiледi.

    • Пұсырманқұл, егер мен мына өкiметке де пысқырмай, бүкiл Қоқанды үрейде ұстап отырған Исламқұл мен итаршы Шалпардың жүректерiн суырсам, саған келер зиян жоқ па? Сенi бiреулер мазалап жүрмей ме дегенiм ғой. Екеуiн өлтiрген соң, Қоқанның әмбе мiлисасы сеңдей қозғалып, көшкiндей тап берсе, құрыққа сен iлiнiп қалып жүрмеймiсiң?

    • Менiң сендерге жақ екенiмдi осы отырғандардан басқа ешкiм бiлмейдi.

    • Сол қашғарлықтардан бәрiмiз күйiп бiттiк, — дедi Ажан. — Бiр Қоқанда емес, бүкiл Ферғана даласында оған қарсы тұрар бiр ердiң табылмай жүргенiне күйiнушi едiм. Ендi сол ер табылған сыңайлы. Ол — мынау Сүлеймен. Кедейдi жылатып, шаруаны

қан қақсататын Исламқұлға ақыры өкiмет түк iстей алмады ма, ендi мен Сүлеймен жағындамын. Осы үшiн де “Қоқанбазар” мен Алтынбесiк ата сағанасы айналасындағы көп жұрттың бiр де бiреуiнiң көзiне түсiрмей, тал түсте осы Сүлеймендi Исламқұлдың алдына апарамын.

    • Осы үнемi бұғаудың кiлтiн қашан ашудың, жiп түйiнiн қалай шешудiң мәнiсiн бiлiп жүретiн жiгiт-ей. Өткен жолы сенi ләзiреттен қалай шығарудың да жолын осы тапқан-ды. Қане, қандай жолмен мұны Исламқұлға апармақсың? Айтшы.

Ажан шарт жүгiне, қолдарын сермей, қазiр ғана басына келген жоспары туралы айта бастады. Бәрi соның сөзiн мақұлдағандай, бастарын шұлғып отырды.

    • Бiзге жаңа айтқаныңдай, ең жақсы уақыт — күн шығар мезгiл. Бiрақ дәл осы уақытта көшенiң бас жағындағы қалың тұттың панасында Аязбек пен Төрекелдi бiздi аттарымен күтiп тұруы керек. Артымыздан бiреулер оқ атып, қиын-қыстау шақ туа қалса, дереу қышлақтан кетуiмiз қажет.

    • Оны қашан iске асырамыз?

    • Ертең болмайды. Ең жақсысы — бүрсiкүнi. Ертең Аязбектер аттарды дайындасын. Ал өзiм кешке сол жақты бiр шолып қайтайын. Исламқұлдың да, Шалпардың да үйiнде екенiне көз жеткiзейiн. Бәрi де ойдағыдай болса, Аязбек, Төрекелдi үшеумiз саған келемiз.

    • Сонда мен ештеңеге араласпаймын ба?

    • Жоқ, Пұсырманқұл. Бала-шағаң бар адамсың. Оларды қатерге тiкпей-ақ қой.

Сүлеймен Бойтанның үйiнде тағы бiр күндi зорға өткiздi. Ертесiне түс ауа қос есек жегiлген арбасына мiнiп, Ажан келдi.

    • Бүгiн Исламқұлды да, Шалпарды да көрдiм. Екеуi де үйлерiнде. Аязбек пен Төрекелдi аттарымен уәделi жерде күтетiн болды. Ал, ендi, жатып демалайық. Құдай қаласа, азанда “Қоқанбазарға” қарай жолға шығамыз.

Азанда күн шықпай, екеуiн Бойтан оятты. Асығыс-үсiгiс бiр-екi кеседен шәй iштi де, жолға жиналды. Жолдары алыс емес. Бiрақ қауiптi. Сүлеймен арбаның үстiндегi шөп астына жасырынды. Ажан қос есектiң шылбырын ұстап, арба алдына отырды.

    • Ыһы, жануарлар. Егер бүгiн екеуiңдi арбамен қосып, тәжiк қышлақтың ортасына тастап кетсем, менi кешiрiңдер, — деп ұзын қамшысымен олардың арқаларын сабалай, қақпадан шықты.

Бүгiн жаңа өкiмет бекiткен жаңа жылдың бiрiншi күнi. Сол өкiметтiң өкiмiмен бұл күн он екi-он үш жылдан берi қалың бұқара үшiн демалыс. Сондықтан болар, Ажан айдаған есек арба күн ұясынан шыға бере тәжiк қышлақтың шетiне iлiккенше, көшеде әшейiн күндерi бұл мезгiлде iске асығып бара жататын адамдардың бiрi де көрiнбедi. Қышлақ арасы тым-тырыс. Осыны пайдаланған Ажан:

    • Құдай бiздiң ниетiмiзге демалыс күнiн тап қылғанын қарашы. Көшеде жан жоқ. Аздан соң Шалпардың есiк алдына барып тоқтаймын. Өзiм хабар берген ыңғайлы сәтте атып шығарсың. Қанжарыңды ұмытқан жоқпысың? — дедi шөп астында жатқан Сүлейменге жәй ғана сөйлеп.

    • Белгi берсең болды, атып шығамын. Сен алдымен оның итiн бiр жақты қылуды ойластыр.

    • Жарайды, ит — менiкi. Шалпар — сенiкi. Айтпақшы, қатын, бала-шағасының да үнiн өшiру менiң мойнымда.

Жұқа қары мұздаққа айналған айқыш-ұйқыш қотыр жолдармен бiраз жүргеннен кейiн Ажан “ышша” деп есектерiн тоқтатып, арбадан түстi. “Келдiк-ау” деп ойлады Сүлеймен. Ажан: “Шалпар, оу, Шалпар!” — деп айқайлады дарбазаны ұра. Ар жақтан қандай жауаптың шыққанын естiген жоқ, тек аздан соң: “Берi шығып кетшi” деген Ажанның даусын естiдi. Артынша шиқылдап дарбаза ашылды. Ажанмен шыққан адам күбiр-күбiр сөйлесiп, арбаға жақындады.

    • Не бар дедiң шөптiң астында?

    • Бiраз мылтықтар мен оқ-дәрiлер. Бұқардың қайқы қылыштары да бар. Көшеде арбаны ешкiм көрмей тұрғанда iшке кiргiзiп, содан соң саудаласайық, Шалпар, — дедi Ажан.

    • Сонда әр мылтықты қанша пұлға бағалайсың? Кәне, көрейiншi, қандай мылтықтар өзi? Орыстардiкi ме, ағылшындардiкi ме? — деп Шалпар арба үстiнде Сүлеймендi сәл ғана жауып жатқан шөптiң шетiн қолымен аударыстыра бастады.

    • Ойбай, Шалпар, ашпа шөптi! — деп шаңқ еттi Ажан. — Бiреу-мiреу байқап қалар.

    • Бұл жерде мен тұрғанда, көшеге қарап ешкiм мойнын созбайды.

Шалпар шөптi одан бетер арши түстi.

    • Шалпаржан-ау, арбаны iшке кiргiзейiк те. Одан соң өзiм-ақ шөптi аударып тастаймын.

Шалпар тоқтар емес. “Қане, қайда мылтық, оқ-дәрiлерiң?”

  • деп арбаның ана шетiне бiр, мына шетiне бiр шығып, шөп арасына қолын сұғып-сұғып қояды. Бiр кезде қолы Сүлейменнiң денесiне тиiп кеттi.

    • Жұп-жұмсақ бiрдеңе жатыр ғой мұнда, — деп сол тұстың шөбiн аудара бергенде, Сүлеймен оның екi қолынан шап берiп өзiне қарай тартып қалды. Шалпардың кiндiк тұсы арбаның шарабасына оңбай соғылды да, бетiмен шөпке етпеттей құлады. Үстiндегi шөптi басымен сiлкiп-сiлкiп тұра келген Сүлеймен оның қолдарын босата салып, алқымына жармасты. Ажан қарап тұрмай, қанжарын Шалпардың жауырын астына кiрш еткiзiп сұқты да, аяқтарын көтерiп, арба үстiне лақтырып жiбердi. Сүлеймен оның қаба сақалы мен сықсиған көзiн көргенде бар ашуы сыртқа атып, алақанында тұрған жуан мойынды тiстене мытып-мытып жiбердi. Не болғанын түсiнбей де қалған Шалпар сорлы аяқтарын бiр-екi рет тыпырлатуға ғана шамасы келдi.

    • Жап үстiме шөптi. Ендi Исламқұлға тарт!

    • Ә-ә, мұның жөнi жүдә оңай келдi. Жатсайшы өзiң. Мұны қатарыңа жатқыз.

Ажан шөптi екеуiнiң үстiне үйдi. Арба шиқылдай орнынан қозғалды.

Сүлеймен ол қашан тоқтағанша, шөп астында қырынан жатып алып, Шалпардың мойнынан қолын босатпады. Шалпардың алқымын қайта-қайта мыты. “Иттiң Ажанның қанжарынан тез өле қалғанын қарашы. Бiраз алысып, айызымды қандырғанымда болар едi”.

Көп өтпей арба тағы тоқтады.



    • Сүлеймен, әзiрше жан-жақта ешкiм жоқ. Шөп астынан тез шық та, қатарыма отыр. Исламқұлдың үйiне қатар кiремiз.

    • Келдiк пе? Қайсы үйi? Сұмырай, үйiн хан қорғанындай қып қоршапты ғой. Үйiне кiру үшiн не сылтау табамыз?

    • Кешегi келiскен сөзiмiздi айтамыз да. Жүр, малай-құлдары малдарымен әуре болып жатқанда, Исламқұлдың отырған бөлмесiне кiрiп алайық.

Екеуi арбадан түсiп, қақпаға жақындады. Оны бiр-екi рет ұрғанда iш жақтан белiне ұзын қылыш таққан бiр жiгiт есiк ашты.

    • Кiм керек?

    • Исламқұл әка оянды ма? Оянса айт, “Алайдағы Рахман бектен кiсiлер келiп тұр” деп. Екi қазақ кiсi дегейсiң.

Қылышты жiгiт екеуiне сүзiле қарады:

    • Құрбашы жаңа ғана шайға отырып едi. Рахман бектен келсеңiздер, жүрiңiздер. Тiке кiргiзiп жiберейiн.

Iшке кiргенде Сүлеймен айналаға көз тастап едi, Құдай салмасын, ауласы құла-дүз. Бастырмада байлаулы тұрған малдарда есеп жоқ. Үш-төрт еркек астауға жем-шөп салып жүр. Бiрақ ол жақты түгел көзiмен шалып үлгермедi. Бастаушы жiгiт түнiкiмен жабылған еңселi тамның алдына келгенде:

    • Белдерiңде наган, қанжар жоқ па? Кәне, екеуiң де шапандарыңның белбеуiн ағытыңдаршы, — дедi.

    • Рахман бектiң адамдары құрбашыға жаулық ойлап келедi деймiсiң?

    • Кiм бiледi, Рахман бектен көптен берi хабар болмай кеткен едi… Исламқұл әкадан басқасының бәрi бәлшебектердiң құлына айналып кеткен қазiр. Сол үшiн де әманда сақтық керек. Қаруларыңыз жоқ болса, аяқ киiмдерiңiздi осында қалдырыңыздар да соңымнан ерiңiздер.

Ол осыны айтты да, арғы есiкке бұрылды. Ажан етiгiн тез-тез шешiп, оған iлестi. Сүлеймен етiгiнiң табанын жаюлы текеметке сүртiп-сүртiп, оның соңынан ердi. Үшеуi төрт есiктен өткен соң бiр үлкен бөлмеге кiрдi. Төрде бетi жалпақ, қоңқақ мұрынды, қап- қара бұйра сақалы белiне түскен, алпамсадай бiреу малдас құрып, шәй iшiп отыр. Жанында көзi ғана көрiнiп, бет-аузын, басын қара орамалмен ораған жап-жас келiншек шәй құйып отыр.

    • Құрбашы, Рахман бектен кiсiлер келiп тұр, — дедi жол бастаушы жiгiт.

    • А, — дедi анау таңданған кейiппен. Денесi қандай зор болса, даусы да жуан екен. — Ойпырмай, ол әлi тiрi жүр ме екен? Неғып тұрғызып қойдың оларды? Берi өткiзсейшi.

Сүлеймен осы сәт “қарауыл жiгiттi бiр ұрып, қатырып тастап, оған атылып барамын ғой” деп ойлаған-ды. Бiрақ ананың мына сөзiнен кейiн iштей сабыр сақтады да, жанына жақындап, қолын алды. Ажан болса оның жағдайын сұрап, iшi-бауырына

кiрiп, өтiрiк өлiп барады. “Иншалла, шүкiр” деген Исламқұл Сүлейменнен көзiн алмай отыр.



    • Рахман бектiң құзырында мынадай бәйтеректей ұзын, аюдай тұрпатты адам бар ма едi?

    • Бiзде түрлi-түрлi адамдар бар, құрбашы.

    • Иә, өздерiң қай қуыста тығылып жүрсiңдер? Рахман бек Ауған асып кеттi деп естiп едiм. Өлiмнен аман екен-ау. Қашан оралды?

    • Құрбашы, жанымызда бөтен көздер отыр…

    • Әй, шығыңдар екеуiң де! Керек болсаңдар шақырамын өзiм,

  • дедi Исламқұл қарауыл мен келiншекке кезек-кезек қарап.

Олар сыбысын бiлдiрмей шығып кеттi.

    • Барлық әңгiменi мынау дәу айтады. Бұл сiзге жақын отырсыншы. Ал мен аржағыңызға отырайын, — деп Ажан орнынан тұра сап, Исламқұлдың сол жағына ауысты.

Оның ойын түсiнген Сүлеймен берiрек жылжып, сөзге келместен Исламқұлдың бетiнен құлаштап бiр-ақ соқты. Оның шүйдесi артқы дуалға оңбай соғылып, бiр мезет есiнен танды. Сүлеймен қонышындағы екi жүздi қанжарын суырып алып, алқымына тақады. Бiрауықтан соң есiн жиған Исламқұл айқайламақ болып, әрекеттенiп едi, бұл оның сақалынан уыстай ұстап, иегiн жоғары көтердi. Басы дуалға сүйенiп, аузы жабылып, айқайлауға мұршасы келмеген Исламқұл қолдарын шапалақтай бергенде, қанжарын екi алақанының ортасына қырынан ұстай қойды. Екi алақаны қанжар жүзiне барып қадалған Исламқұл “Ө-ө-ө” деп өзгеше дыбыс шығарды.

    • Ей, хайуан! Өлерiңнiң алдында тыңдап ал. Мен — сен қолға түсiре алмаған Сүлейменмiн. Өмiрiңде “алты аласың, бес бересiң” жоқ маған өштесетiндей қай кегiң қалып едi? Әлде, өзiңе келер зауал жоқ деп ойладың ба?.

    • Қарауыл, қарауыл, — деп шиқылдады Исламқұл. — Сүлеймен, Сүлеймен…

    • Бiздi өлтiрем деп ойлап едiң. Ал қазiр бiзден бұрын бар о дүниеге, — деп Ажан оның қарын тұсына қанжарын екi рет сұғып-сұғып жiберiп, ары қарай итере салды. Исламқұл аузы

ашылған күйi қиқына дем алып, бүк түстi. Ажан қанжарындағы қанды дастархан шетiне сүрттi:

    • Ендi есiк алдындағы жаңағы итаршысын жайғайық. Одан соң бiзге қауiп жоқ шығар.

Екеулеп есiкке жеттi. Ажан “арғы бөлмеде ешкiм жоқ па?” дегендей, оны жайлап ашты да, сығалап қарады. Мұнда ешкiм көрiнбегесiн, екiншi есiкке жеттi. Үшiншi ауызғы бөлме де бос. Тек кiре берiс дәлiзде манағы келiншек пен қарауыл тұр. Сүлеймен есiк артында қалып, Ажан дәлiзге шықты. Оны көрген қарауыл:

    • Құрбашымен әңгiмеңiз тез бiтiп қалды ма? Жылдам шығып қалдыңыздар ғой. — Сосын әлденеден сескенгендей: — Жаныңыздағы серiгiңiз қайда? Әлде құрбашы менi шақыртты ма? — деп келiншекке бiр, Ажанға бiр қарады да сөзiне жауап күтпестен iшке қарай қойып кеттi.

Ол еңкейiп есiктен өте бергенде, босаға жанына жабысқан оның қарақұсынан қойып қалды. Кiмге болса да жалаң жұдырығының соққысы күрзiдей тиетiн Сүлейменнiң бiр-ақ ұрғанынан қарауыл сорлы желкесi үзiле жерге қадала құлады. “Ә” деуге шамасы келмей, еденге гүрс еткен қарауылды көрген келiншек айқайлай берем дегенде, Ажан оның аузын алақанымен басып, iшке сүйреп кiргiздi.

    • Артымыздан шыңғырып жүрер. Мұны да бiр ұрып, талдырып тастайық.

    • Ұрсаң, өзiң ұр. Менiң ендi әйелге қол көтеруiм қалып па?

    • Кешiр, қалқам. “Жауды аяған жаралы” дегендей, әйел болсаң да, сен де бiздiң бiр жауымызсың. Аман тастап кетсек, артымыздағы қиқуға себiң тиiп жүрер.

Ажан қорқыныштан ес-түссiз күйдегi келiншектi төбелеп- төбелеп, сылқ түсiрдi.

Ойлағандарын осылайша iске асырған екеуi Исламқұлдың қақпасынан шықты. Шығып бара жатқандарында бұларға ешкiм назар аудармады. Малайлар мен қызметшiлер өз шаруаларымен әуре боп жатты. Екеуi көшеде тұрған есек арбаға тез-тез мiнiп көше басына тартты. Көше шетiндегi қалың тұттың қасында екi құр атты жетектерiне алған Аязбек пен Төрекелдi тұр екен.



    • Мимырт жүрiстерiңе қарағанда, ештеңе бiтiре алмағансыңдар-ау, — дедi Аязбек өз атынан түсiп жатып.

    • Әсте олай емес. Қайта екеуiнiң де жайын тез таптық. Ой, сен, неге атыңнан түстiң? Мiн тез! Бiз де мiнейiк аттарға. Мына тәжiк қышлақ дәл қазiр үстерiне жай түскендей болады, — дедi Ажан.

    • Ойпырмай-ә, шынымен екеуiн де демде бажарып келдiңдер ме?

    • Ажан мына есектер мен арбаны қайтпекпiз? — дедi Аязбек.

    • Осы жерде қалдырамыз.

    • Бiреу-мiреу бұлардың сенiкi екенiн танып қойып, ертең мiлисаға айтып жүрмей ме?

    • Бұлар менiкi емес. Түнде Ажабадағы бiр сарттың үйiнен ұрлап шыққам. Ау, ендi тұра бермейiк. Мына қамыс-ты жағалап, ордаға дейiн жүрейiк те, одан соң екеу-екеу бөлiнiп, Қоқанға шығыс жақ шеттен кiрейiк. Мен Сүлеймендi үйге алып кетемiн. Аязбек, кешке сенiң үйiңде жолығайық.

Осы оқиғаның ертесiне бұлар күткендей-ақ бүкiл Қоқан дүр еткен. Мiлиса да екi-үш күн ары-берi шапқылап, өлтiрушiлердi iздеген. Әрине, шын iздегенде табар ма едi, бiрақ өздерiне де Исламқұлдың өлiмi керек болды ма, әйтеуiр iздеудi тез тиды. Бәлкiм, Қоқан мiлисаларының басшылары оны тек сорып отыру үшiн оған ерiк берген-ау. Әйтпесе шын достары болса өйтпес- тi. Үш қатыны мен баскесер жандайшаптары пiрлерiнiң өлiмiн iздестiруге қауқар да таныта алмады. Ол өлген соң артындағы малдары мен дүние-мүлiктерiн өкiмет өз қарамағына өткiзiп алды. Сөйтiп Исламқұлды жұрт бiрте-бiрте естен шығарды. Бiрақ Исламқұл өлгенiмен Қоқанда қарақшылық тиыла қойған жоқ. Қарақшылық болғанда — ашық қарақшылық емес. Сырт көзге көрiнбегенiмен, күн сайын бiр бұзақылық жасайтын баукеспелiк, баскесерлiк iстердi машық еткен кiлең бұрынғы басмашылар мен ұрылардан тұратын топтардың қарақшылығы. Қоқандағы жаңа өкiмет қазiрше оларды жусатып салуға дәрменсiз. Исламқұлдан кейiн Сүлеймен олардың талайымен алысты. Бiрiн жеңдiм десе, алдынан тағы бiрi шығады. Арпалыспен өтiп жатқан өмiр…

Х


...Иә, осылайша Қоқанда екi жыл өмiрi өтiптi. “Елге кетейiн, еш болмаса туған топыраққа сәл жақындап жүрейiн” деп Сүлейменнiң ойлағаны қашан. Алайда бiр сәтi түспейдi. Ендi кетейiн дегенде Шалпар секiлдi бiр қанiшер, болмаса бұған жаулық ойлаған бiр қаскөй аяғына оралғы болып, жолын кестi де тұрды. Өзiне жаулық iстегеннен кек алмай қоймай үйренген бұл, жүредi сосын оның артынан қуып. Сужүрек, намыссыз болса, бәрiне қолды бiр-ақ сiлтеп, әлдеқашан кетiп қалар едi…

Қоқандық баскесерлер мұны шаһардан масқара қылып қуалап жiберемiз дейдi. Ал бұл артымнан мазақ атым қалғанша, олардың көзiн жойып кетемiн деп, айқасқа түседi. Баскесерлерi ақыры мұны қуа алмады. Қанша айла жасап, өлтiре де алмады. Есесiне, қаншасы бұдан жеңiлдi.

Әлбетте,олардыңбәрiнСүлейменжалғызжеңбедi.Қарақшылар арасындағы текетiрестiктiң қазанында әбден қайнап, жеке дара көзге түскен ол, өз қарамағына бiрталай адамдарды топтастырып алды. Қанды көйлек достары — Аязбек пен Төрекелдi оң қолы. Пұсырманқұл — ақылшы. Ажан — пұл ұстаушысы. Бұлардан басқа қанша “барып кел, шауып кел” жiгiттерi бар.



Қоқандағы қарсыластары Сүлеймендi өздерi жеңе алмаған соң, сонау Тәшкендегi Бекаба деген жөйiттен көмек сұрапты. Оны кеше Ажаннан естiген. Ажан бұны Пұсырманқұлдан естiгенiн айтты.

    • Пұсырманқұлды ертiп келсейшi. Iстiң мән-жәйiн өз аузынан есiтейiк те.

    • “Ертең өзiм барып айтам” деп отырған. Мен өзiңе қазiр жолығып тұрғаннан соң айтып отырғаным да, — деген-дi Ажан. Соны естiгелi берi “Құдияррабаттағы” жақында бiр өзбектен сатып алған жайда байыз тауып отыра алмай, үйге мың кiрiп, мың шықты. Сәске әлетiнде алдымен Пұсырманқұл мен Ажан,

одан кейiн Аязбек келдi.

    • Қоқанда жүргенiме екi жыл болып қалыпты. Былтырдан берi мына Аязбек, Төрекелдi үшеумiз “туған топырақта кетсек пе” деп жүр едiк. Оған бiр себептен бiр себеп шығып, аяғымыздың тұсалана бергенi сендерге аян. Ендi биыл сендердi де ерте кетемiз

деп жүргенде Кәкiм сарт килiгiп, ошағын опырғанша тағы жүрiп қалдық. Ендi әзiр күн суытпай жылжиын десек, кеше Ажан бiр нәрсенi айтып, көңiлiмдi бей-жай қылды… Кәне, Пұсырманқұл, сен бiлетiнге ұқсайсың ғой. Ол не әңгiме? — дедi бәрi жиылған соң. — Айтпақшы, Тәшкен мен Қыбырай, Бөкi жақтарға сонау Түлкiбас, Қаратаудан қазақтар ауып келiп жатыр дей ме? Соғыс болмай, жұт келмей тұрып, қазақтар неге ауып жүр?

    • Е, е, Сүлеймен. Өз тегiмнен тартсам, қыпшақтың шаштысына жататын менiң бiр шоғыр аталарым осыдан алпыс жылдай бұрын Сыр бойынан осында ауып келген екен. Орыстар тықсырған ғой. Менiң бабаларымнан бұрын да мұнда қазақтар көп болған. Қазақ бекер жер ауа ма? Тәшкенге барып-келiп жатқан адамдардан естуiм бойынша, Қазақстанға қарайтын арғы iш жақта алапат ашаршылық болып жатыр дейдi. Тәшкенге барып-келiп жатқандар өтiрiк айтпайды ғой. Әйтеуiр ел жақтағы бауырлардың жағдайлары қиын екен…

    • Әй, әй, немене, сонда қайбiр жылдардағыдай “жылантақыр” жұт болып па? “Бәрiн жетiлдерiмiз, бәрiн тойдырамыз” деген сәбет өкiметi халқын асырай алмай отыр ма екен?

    • Бар пәле сол өкiметтiң өзiнде ұқсайды ғой. Естуiмше, өкiмет шаруалардың барлық малдарын тартып алыпты.

    • Атасына нәлет, ондай өкiметтiң, — деп шарт кеттi Сүлеймен қолымен жердi бiр ұрып. — Әй, бiз мұнда Қоқанның қарақшыларымен майдандасып не қыламыз? Ондай болса, кеттiк елге. Шаруаның малын тартып алып, аштан өлтiрген өкiметпен күресейiк қолдан келгенше. Ер екенiмiздi танытайық, жұртқа көмектесiп.

Бұл сөзден кейiн бәрi тым-тырыс қалды. Әркiм өз ойымен алысып, жер шұқысты.

    • Ертең жиналыңдар, — дедi әлден соң. — Әйелдерiмiз әзiрше осында қала тұрсын. Жауға аттанған ер қатынын жолға алмас болар. Барам деген басқа жiгiттердiң бәрiн ертiңдер. Шыршыққа дейiн аман-сау жетсек, ары қарай таудан асып, елдiң дәл үстiнен түсемiз. Анау жақта күллi ел ашығып жатқанда, бiз мұнда Қоқанның еркек тышқандарына дәулiк көрсетпей-ақ қоялық.

    • Бұл бәрiмiздiң ойымызда бар ғой. Бiрақ анау Бекаба деген жөйiт сонау Тәшкенде жатып, бiздiң басымызды алмаққа бекiнiптi. Бүгiн-ертең, ары кетсе арғы күнi соның адамдары осында жетедi. Соларды бiр жақты қылып кетейiк те.

    • Қазақтардың ашығып жатқанын естiп, қызуланып кетiппiн, Аязбек. Пұсырманқұл, Бекаба деген кiм өзi? Бiр жерден атын естiген сықылды едiм. Тәшкенде бiз секiлдi қарақшылар көп болғаны ма? Айдаладағы оның бiзде несi бар?

    • Қазақ елiнде жаңа өкiмет нығайып, жұртты бiр шыбықпен айдайды екен. Бiздi Өзбекстан деп бөлгенiмен, сол өкiмет бiзге әлi онша тiзе батыра қойған жоқ. Бiлушiлер Қазақстан мен Өзбекстандағы тәртiптi салыстыра алмайсың дейдi. Сондықтан болар, бiзде өзiмiз сияқты қарақшылар топтары әлi сойқан салып жүр. Тәшкенде де солай. Тәшкеннiң күллi ұры-қарысы мен баскесерлерiнiң бәрi сол Бекаба дегенге бағынады екен. Оған Қоқандағы бiреулер сенi жамандап кiсi жiберген де. “Сүлейменнiң басын ал. Содан соң Қоқан да сенiкi” деген-мiс. Бiрақ бұл — ақиқат. Маған сенiмдi адамдардың айтуынша, Бекаба өзiнiң баскесерлерiн мұнда жiберiп те қойыпты. Алдымен бiзге соларды қарсы алуға тура келедi.

    • Бекабаның маған жiберген адамдарының кiм екенiн қалай

анықтаймыз? Және олар маған қалай шабуылдар екен?

    • Былай етейiк. Осы екi-үш күннiң iшiнде сен күндiз еш жаққа шықпа. Кiм бiледi, Бекабаның адамдары өзiңдi көшеде-ақ атып кетуден тайынбас. Не де болса, үйде күт. Баскесерлер ендiгi сенiң жайыңды да, түр-тұлғаңды да бiлiп алғаны кәмiл. Бiлмесе де, бiлетiн бiреу жандарында болады. Бiз де осы маңнан ұзамай, жiгiттермен торуылдап жүрейiк. Өзiң әркез мылтығыңды оқтап, дайын ұстап отыр.

    • Қайдағы бiр Бекаба деген жөйiттiң аламандарынан қорқып, iнiне тығылған суырдай болып отырамын ба ендi?

    • Сүлеймен! — дедi қатқыл дауыспен осы кезде Пұсырманқұл. — Кей кезде көзсiз батырлықтың да жөнсiз жерi бар. Келетiн жау ашық емес, бұта тасалап, жотадан бұғып келе жатыр. Әрi олардың Қоқанның қай көшесiнде тығылып, қай үйiнiң бұрышында жасырынып тұрып қару жұмсайтынын да бiлмеймiз. Аязбектiң сөзi дұрыс. Көшеге шықпай, үйдi паналай тұрғаның жөн әзiрше. Тәшкеннен келгендер бiрден iске

кiрiспей, алдымен сенiң аңысыңды аңдиды. Екi-үш күн сенiң үйiңнен шықпай жатқаныңды бiлген соң олар түн iшiнде осы үйге түсуге әрекеттенедi. Бiз күндiз көше жақты торуылдайық та, түнде осында келiп отырайық. Сөйтiп олардың қандай айла жасайтынын көрелiк.

    • Исламқұл мен Шалпардың алқымдарына қолым жеткенше, бiр ай үйде отырып едiм, омалып. Ендi жөйiттердi күтiп, тағы iшiм жарылардай болам-ау. Мейлi, сендер солай шешсеңдер, көнейiн оған да. Бiр айтарым, мынау Дилданы бiреуiң үйлерiңе апарыңдар. Маған әр қауiп келген сайын, бұл сорлының жүрегi ұшып өлетiн болды. Екiқабат адамға қиын ғой.

    • Мен үйге апарып тастайын оны, — дедi Пұсырманқұл. — Шынында, әйел затын мұндай iске араластырмаған жөн.

    • Оны кiм араластырайын деп отыр. Егер осында атыс-шабыс бола қалатындай болса, ол көрмей-ақ қойсын дегенiм де.

Осыдан кейiн олар тағы бiраз нәрсенi пысықтап, тарасты. Дилда Пұсырманқұлмен бiрге кеттi. Аязбек пен Төрекелдi ертең келетiн болды. Ажан бүгiн кештен бастап, басқа жiгiттермен бiрге үй маңын қарауылдайтын болды.

Сөйтiп Тәшкеннен келетiн баскесерлердi үш күн күттi. Күндiз де, түнде де үй маңына келiп, кеткен бейсауат кiсi болмады. Күндiз ұйықтап, түнiмен көз iлмей жау күткеннiң қандай болатынын Сүлеймен сонда ұқты. Үшiншi түнi күте- күте зарыққан ол шолпан туа “келетiн дұшпан осы күнге дейiн келетiн едi ғой” дедi де, жатып ұйқыға кiрiстi. Бiр кезде бiреудiң жұлқылап тартқылағанынан оянып кеттi. Көзiн ашса:



    • Қашан ұйықтап едiң өзiң? Ойпырмай, басыңды емес, басқа жерiңдi кесiп кетсе де, түк бiлмей ұйықтайсың ғой, түге. Әй, “мен келгенше қисаюшы болма” деп ескерткен жоқ па едiм, — деп Ажан басында тұр.

    • Өй, осы сендердiң тәшкендiктерiң, сiрә, келмейтiн де шығар. Бiрiмiз далада, бiрiмiз үйде түн сүзiп, босқа отырмыз ба деймiн.

    • Келмей қоймайды олар. Тәшкендiктер бiздiң ойымызды сезiп, қазiрше әдейi тыныш жатқан болуы да мүмкiн.

    • Қай уақыт болды?

    • Сәскеге көтерiлiп қалды. Ә, мiне, Пұсырманқұл да келе жатыр. Әнебiр жанындағы сарты кiм екен?

Ажан сөзiн аяқтағанша, Пұсырманқұл да үйге кiрдi. Қасында өңкейген, семiз, дәу бiреуi бар. Амандық саулықтан соң:

    • Жансыздар арқылы бiлдiм. Бекабаның адамдарының мұнда келгенiне екi күн болыпты. Кеше кешке: “Сендер қайта берiңдер”, — деп Төрекелдi екеумiздi қуып жiберiп едiң. Түннiң тыныш өткенi бек жақсы болған. Ендi не қауiп болса да бүгiн болады. Ә, ұмытып барады екенмiн. Менiң басыма бiр ой келдi. Мына сарттың аты — Атамқұл. Он сом пұлға жалдап әкелдiм өзiн. Бiзге бiр қызмет iстейдi бұл.

    • Қандай қызмет?

    • Түнде ауызғы бөлмеге сенiң орныңа жатқызып қоямыз мұны. Өзiмiз iшкi тамда тығылып отырамыз. Тәшкендiктердiң қанша болып келетiндiгiн бiлмеймiз ғой. Сондықтан да олардың бәрiн бiрдей сыртта, көшеде ұстай алмауымыз да мүмкiн. Қысқартып айтсам, олар қанша болған күнде де, бәрi бiрдей үйге кiре қоймасы анық. Сенi өлтiруге бiреуi, болмаса екеуi кiруi мүмкiн. Өлтiрушiлер кiре сала, орныңда жатқан Атамқұлды сен деп ойлап, бауыздауға әрекет жасайды. Ал бiз мұны бауыздатпай тұрып, әрекет жасап қалуымыз керек. Сыртта қалғандары болса, Ажан мен жiгiттер жайын таба берер.

    • Пұсырманқұлдың айтқаны жөн. Бас алушыны iшке кiргiзiп, сыртта қалғандарын өзiмiз ептермiз. Ал сен, Атамқұл, қорықпайсың ба?

    • Пұсырманқұл әкам “сенi өлтiртпеймiз” деп ант-су iшiп келдi.

Он сом үшiн тәуекел етiп отырмын. Бала-шаға көп дегендей…

    • Ештеңеден қам жеме. Әрi мұнда сенiң келгенiңдi ешкiм бiлмейдi.

    • Пұсырманқұл, сен сырттағы жiгiттерге айт. Барып демалсын. Орнына өз жiгiттерiңдi әкеп қой. Бiлiп отырмын, бүгiн тәшкендiктер осында шолғын жасайды. Бейсауат адамдардан көз жазбай бақыларсыңдар. Ал бiз кешке дейiн жатып тынығайық,

  • дедi Ажан. — Атамқұл, сен де жатып ұйықта.

Пұсырманқұл кеттi. Бұл үшеуi сол жатқаннан кешке бiр-ақ тұрды. Күн бата Аязбек пен Төрекелдi келдi. Бөтен сарттың кiм екенiн бiлген соң Аязбек:

    • Иә, сен туралы Пұсырманқұл айтқан. Ендi Сүлеймен, Ажан, менi тыңдаңдар. Пұсырманқұл бүгiн келе алмайды. Бүгiн ол үш жiгiтпен өзiн және өз үйiндегi адамдарын күзетедi. Себебi бағана осы көше мен үйдi ала шапан, ала топы киген төртеу ұзақ аңдыпты. Тiптi Сүлеймен, сенiң дарабазаңның қалай жабылып тұрғанын байқағандай, ары-берi тартқылап та көрiптi. Келтелеп айтқанда, үй маңын әбден зерттептi. Пұсырманқұл олардың жүзiн көрiп қалайыншы деген оймен жақындаса, iшiндегi бiреуi таныс боп шығыпты. “Сыр бермегенiмен, олар секем алды-ау деймiн. Менi көрген соң бәрi дереу тайып тұрды. Қанша дегенмен менiң кім екенiнiмдi бiледi ғой ол. Егер олар бүгiн түнде ойларын iске асырмақ болса, онда Сүлейменге де, бiздiң үйге де бiр мезгiлде шабуылдайды. Сол үшiн мен өз отанымды қорғайын. Ал сендер Сүлейменмен бiрге бола берiңдер”, — дедi Пұсырманқұл. Сөйтiп, ол өз үйiн күзететiн болды. Бiз Сүлеймен, Төрекелдi үшеумiз осында қалайық. Сен, Ажан, көшедегi жiгiтермен сыртты бақыла,

  • дедi.

    • Пұсырманқұлдың күдiгi орынды. Қоқан қарақшылары көптен берi сенiмен бiрге оны да қарауылға алып жүр, — дедi Төрекелдi.

    • Ай, Құдай ұрып, бiз бәрiмiз осы жерде отырғанда бiреулер сендердiң де үйлерiңе барып жүрмесiн. Екеуiңнiң де шақалақ балаларың бар. Соны ойладыңдар ма?

    • Қатындарымыз бен балаларымызды басқа үйлерге тығып келдiк.

Аязбек пен Төрекелдi әкелген асты бесеуi отырып, iшiп алған соң:

    • Ал ендi мен сыртқа кеттiм. Iшке бiреу-мiреу кiретiндей болса, Құдай сендерге қуат берсiн, — дедi Ажан.

    • Осы сендер, түнiмен көшеде тiкелерiңнен тiк тұрып, уақыт өткiзесiңдер ме?

    • Бiз саған айтпаппыз ғой, — дедi Аязбек. — Көшенiң арғы бетiндегi үш көршiң мен жан-жағыңдағы екi ауылдасыңды бiр-бiр

қой берiп, өзiмiзге қаратып алғанымызға үш күн болды. Солардың ауласында екеу-үшеуден тығылып тұрып, сенiң дарбазаңнан көз алмай отырамыз. Әйтпесе көшеде сенделiп немiз бар.

    • Әй, сендерден де айла артылмайды-ау.

Ажан үйден шыққан кезде Сүлеймен аула шетiндегi ақырдағы қарагерiне шөп салып келдi. Содан үшеуi түн жарымына дейiн әңгiме құрып отырды. Атамқұл бағана ауыз бөлмеге жатып қалған. Бiр кезде Төрекелдi далаға шығып келдi.

    • Төбеде шолпан туып қалыпты. Күткен адамдарымыз келмейдi-ау, сiрә.

    • Кейбiр ұры-қарақшылардың таң ата қораға түсетiнi бар.

Тәшкендiктердiң де сондай әдеттерi болып жүрмесе игi...

Төрекелдi осылай дей бергенде, ауладағы ақырда тұрған қарагер қысқа ғана күркiрей кiсiнеп, тебiнгендей болды. Оның нелiктен бұлай мазасызданатыны бұларға аян.



    • Мынау тегiн белгi емес, — деп үшеуi атып-атып тұрып, ауызға бөлмеге қарай жылжыды. Содан кiре берiс есiк жанындағы тесiктен үшеулеп сыртқа сығалады. Осы сәт үй сыртындағы дуалдан бiреудiң дүңк етiп асып түскен дыбысы шықты. Артынша аула iшiнен әлдекiмнiң қараңдаған сұлбасы көрiндi. Әлгi қараңдаған баяу басып, үйге жақындады.

    • Сүлеймен, сен есiктiң арғы жақтауына жасырын. Төрекелдi, мылтықты алып, iшкi есiк алдында дайын тұр. Мен Атамқұлдың бас жағына тығылайын, — дедi Аязбек сыбырлап.

    • Келе жатқан бiр-ақ адам-ау деймiн…

    • Қазiрше бiреу сияқты. Сонда да үшеумiз үш жақтан дайын тұрайық та.

Атамқұл басын ошаққа берiп жатқан. Аязбек келте шоқпарын оңтайлай ұстап, сол ошақтың тасасына тығылды. Сүлеймен есiктiң ашылар жақтауына тұрды. Төрекелдi iшкi бөлмеге кеттi. Сырттағы адам жайлап келiп, есiктi тартқылады. Бағана бұлар оның iлгiш жiбiн әдейi осал етiп байлаған. Бiрақ анау есiктi бар күшпен тартқыламай, бiр-екi рет ырғап-ырғап қойды. Аз-мәз сәттен соң есiк пен оның жақтауы арасына қарыла сұғылған әлдеқандай заттың дыбысы есiтілдi. “Жапсарға пышақ сұғып, жiптi қимақшы ғой”. Ойлағанындай, бiраздан кейiн жiптiң

қиылғаны бiлiндi. Мұны қараңғыда көрмесе де, жiптiң шиқылдап қиылған бәсең даусынан сезiп тұр. Жiптi қиғасын, анау еппен есiктi ашты. Бiрақ кiрмей, бiрауық кiдiрдi. Үй iшiн Атамқұлдың қорылы кернеп тұр. Әлгi адам осы қорылдың ырғағын аңдып, тағы бiраз тұрды. Әлденуақытта iшке жайлап бас сұқты да, босағада қалт тұрды. Сiрә, қамыс арасында жемтiгiн аңдығанда үш басып, үш тоқтайтын жолбарыстай әккi-ау. Тез-тез қимыл көрсетпейдi. Жымсыз келiп, бар iсiн шыңсыз бiтiрiп кетуге дағдыланған жау iшке кiргенде, есiк жақтауындағы iлулi шапанның тасасында тығылған Сүлеймен демiн iшке тартып, тына қалған. Орта бойлы келген анау босағада ұзақтау аялдаған сайын, жауын көргенде шыдай алмайтын әдетi қозып, “осыны бiр ұрып дуалға жабыстыра салсам ба екен” деп, кеудесiн сабырсыздық жайлады. Алайда оның әрi қарай не қылмағын көрейiн деген ойы бұл ниетiнен бас тартқызды. Әрi мұның жалғыз еместiгiне де көз жеткiзу керек. Үйге ұрланып келген жау қорылдап жатқан Атамқұлға қарай жүрдi. Қараңғыда Сүлеймен оның бет-жүзiн анық көрмесе де, әрбiр қимылын ажыратып, қалт жiбермей тұр. Жау Атамқұлдың кеуде тұсына барғанда кiдiрдi. Сосын еңкейiп, көрпеге үңiлiп қарады. Қарап алып, бойын қайта тiктедi. Бұдан соң кәдiмгi мал бауыздайтын адамдай тiзерлеп отырды. Сүлеймен жаудың бұл отырысының мәнiсiн бiрден ұқты. Жатқан адамды түрегеп тұрып, бауыздау қиын. Тiзерлеп отырып пышақтау оңай. Атамқұлдың кеуде тұсына тiзерлеген жау ол жамылған көрпенiң бас жағын жайлап сыпырды. Ендi бiр сәт кешiксе, оған пышақ ұрылатынын бiлген Сүлеймен, “Е-е-ей!” деп айқайлап жiбердi де, атылып барып, оң жұдырығымен тiке бiр соқты. Оқыстан шыққан дауыстан шошынған анау бұған қарай бұрыла бергенде, дәл аузынан тиген ғаламат соққыдан сұлап түстi. Сұлап түскенде, ошақ тасасындағы Аязбек оның үстiне қона кеттi. Бiрақ ол сорлы

бұл кезде ес-түссiз қалған едi.



    • Сыртты, сыртты бақыла, Сүлеймен. Тағы бiреулерi кiрiп келмесiн, — дедi Аязбек қалтасынан жiп шығарып. — Мен мұның қолын байлап тастайын.

Төргi бөлмеден атып шыққан Төрекелдi мылтығын алға кезеп, сыртқы есiктiң аузына келiп тұрды.

    • Бұдан басқа ешкiм жоқ-ау деймiн. Бар болса, екеулеп кiрер едi ғой, — деп терезеден сыртқа көз тастады.

    • Көше жақтан ешбiр дыбыс естiлмейдi. Егер бұл жалғыз болмаса, Ажандар бiр әрекет жасамай қалмас едi.

    • Иә, Төрекелдi, мұның кiрiп кеткенiн байқаған болса, ендiгi сыртта қалғандарын Ажандар бiр жақты етуi керек-тi. Алыс- жұлыстың бiр дыбысы шықпады. Әлде, бұл пәле осылай жалғыз келдi ме екен?

    • Сен екеуiң шықпай, отыра тұрыңдар. Мен қақпа, көше жақты бiр байқап келейiншi, — деп Төрекелдi аулаға беттедi.

Аязбек екi қолын артына қайырып тастаған ананы Сүлеймен дедектетiп сүйретiп, төргi бөлмеге әкелдi.

    • Шырақты жақшы, Аязбек. Мынаның кiм екенiн көрейiк.

    • Шырақты қазiрше қоя тұрайық. Сырттан бiр хабар келсiн.

    • Бұған қоса тағы бiреу келсе, қарагер белгi берер едi. Осыған қарағанда, бұл — жалғыз.

    • Қайдам. Сүлеймендi өлтiруге жалғыз келген болса, мұның жүрегi арыстанның жүрегiндей екен…

Осы кезде сырттан бiреулердiң күбiрлеп сөйлескенi естiлдi.

Бұған елең еткен екеуi дереу ашық есiкке ұмтылысты.



    • Бiз, бiз... Ажан екеумiз ғой, — дедi Төрекелдi есiктен кiре бере мыналар бiр ұрмасын деген оймен.

    • Ажан-ау, не байқадыңдар?

    • Құс болып ұшып келмесе, көз алдымыздан ешкiм өткен жоқ едi. Мына Төрекелдi “бiреудi ұстап алдық” дей ме?

    • Жiгiттерiң қайда?

    • Отыр ғой, әр көршiнiң дарбазасының түбiнде. Апырай, бұл қалай өтiп кеттi?

    • Онда сен бар да, екi-үш жiгiтiңдi бiздiң ауланың iшiне

отырғызып қой. Қалғандары сол сыртта аңди тұрсын. Бiз шырақ жағып, мынаның кiм екенiн көрейiк.

Аязбек шырақ жақты. Осы кезде байлаулы жатқан жау ыңыранып есiн жинады. Төрекелдi құмандағы суды оның бет- аузына құйды.



    • Су, су iшкiзшi.

    • Су iшпей, тас iш, — деген Төрекелдi құманның шүмегiн оның аузына тосты.

Шалқасынан сiлейiп жатқан ол, шөл далада ұзақ жатып, қаталап қалған адамдай, суды апыл-ғұпыл қомағайлана жұтты. Содан басын сәл көтердi де, өзiне үңiлгендерге алақ-жұлақ көз тастады.

    • Аһ, — дедi сосын желкесiмен жердi бiр ұрып. — Әттең-ай, қапы қалғанымды қарашы.

    • Қапы қалғаныңа емес, тiрi қалғаныңа тәубе де. Әйтпесе менiң ұрғанымнан онша-мұнша адам аман қала бермейдi… Ой, мынау қазақ қой. Сонда тәшкендiктер қазақты өлтiруге қазақты жұмсағаны ма? О, ата-бабаңның көрiн… Жатқан жерiңде жайрата салайын ба, осы?

    • Қой, қоя тұр, Сүлеймен. Алдымен мұның кiм екенiн бiлiп алайық. Ей, қыран тырнағына өзi iлiккен түлкiдей болған неме. Ныспыңды және кiм екенiңдi айт. Жаңылмасам, Тәшкендегi Бекаба жөйiттен келген баскесер сен ғой.

    • Қап, әттең-ай, өмiрiмде бiрiншi рет мүлт кетiп, шарасыз қалыпқа түскенiм бұл, — дедi анау тағы өкiнiшпен тiстене ышқынып, жауап берудiң орнына.

    • Бұрын ылғи әлсiз бен аңғалды шауып үйренгенсiң де. Тәшкендiктерге қарағанда қоқандық қарақшылардың низамы мен тәсiлi бөлек екенiн ендi ұққан шығарсың. Әй, мен сенiң құсалығыңды тыңдап тұруға шыдамым жетпейдi. Айтасың ба, кiм екенiңдi?! Әлде бауыздала салғың келiп жатыр ма?

Шырақ жарығына жалт-жұлт етiп шағылысқан қылыш жүзiнен анау көз алмай жатты да:

    • Сүлеймен деген қайсың? — деп сұрады. — Әне бiр ұйқыдағы томардай болып қорылға басып жатқан ба, әлде төбесi көк тiреп тұрған сен бе?

    • Бiрiншiсi — мен. Анау жатқан — екiншiсi. Қоқандықтар қайсымызды өлтiр деп едi?

    • “Сол көзiнiң астында адам шошырлық тыртығы бар дәудi көрсең, iшегiн ақтарып, басын кесiп алып кел”, — деп едi. Сiрә, Сүлеймен ол емес, сен боларсың. Бұлай күткендерiңдi бiлгенiмде, бiр ай бойы келмей, қапыда басатын едiм-ау. Бұл қырсық шалған түн болды өзi. Амалымның жүзеге аспай, қолдарыңа түсiп, өлiммен жазаланатыным ештеңе емес-ау. Өзiмнiң артымнан қатын, бала-шағамның қырылатыны жаныма батады.

    • Өлтiрсек, өзiңдi өлтiремiз. Қатын, бала-шағаңда немiз бар.

    • Түкке түсiнбей тұрсың, Сүлеймен. Бекаба менi мұнда жiберер кезде: “Сүлеймендi өлтiрмей келсең, болмаса айлаң

аспай, өзiң опат болып кетсең, осында қалған отбасыңды да артыңнан жөнелтем. Сондықтан да Қоқанда оны өлтiру үшiн түлкiдей тiмiскiленесiң бе, қасқырдай иiскеленесiң бе, әйтеуiр ебiн тауып, өкiмiмдi орындап қайт!” деген. Амал не, сауысқаннан сақ, құзғыннан қырағы болып келсем де, аяғым тұсалып қалады деп ойламаппын.

    • Сен не оттап жатырсың өзi? Менi өлтiре алмағаныңда — қатын, бала-шағаңнан айрылатыныңды бiлсең, онда неге ертерек ойланбадың? Өзiнiң өкiмiн орындамаған адамның отбасын түгел құртып жiберетiн Бекаба деген тiптен жауыз адам ба?

    • Тұра тұршы, Сүлеймен. Сөзiне қарағанда, бұл қанша қанiшер болғанымен, осы iске бiр амалы жоқтығынан келген адамға ұқсайды. Әй, қаскөй, ендi менi тыңда. Бәлкiм бiз сенi өлтiрмеспiз. Бiрақ сен ол үшiн кiм екенiңдi және мұнда кiм жiбергенiн, Тәшкенде не iспен айналысатыныңды, әлгi, кiм едi, Бекаба ма, соның нақты қандай адам екенiн айтуға тиiссiң. Атыңды да айтуды ұмытпа. Қай жердiң қазағысың? — дедi Аязбек.

    • Қоқанды қайдам, бiздегi қарақшылар қолға түскен жауын “шыныңды айтсаң, өлтiрмеймiз” деп бар шынын айтқызып алады да, басын кесiп тастайды. Мейлi, ажалым бүгiн жетсе

  • дауам қайсы. “Адам өлер алдында көңiлiндегi хақиқатты мойындап кетсе, жалғанда жасаған күнәсi төгiледi” дейдi ғой дамуллалар. Айтайын бәрiн. Атым — Құрақ. Өзiм Сырдариямен қатар шендесiп жатқан, бұрыннан-ақ ұры-қарының мекенi болған, қазiр де бандылар жайлаған “Бардаүңгiр” жырасының Сарыбел тұсында туғам. Байлардың Көбек деген атасынанмын. Он үш жасымда жетiм қалып, бiреулерге ерiп, Тәшкенге келгем. Шаһарда үйсiз-күйсiз қаңғып жүрiп, адам тонайтын топқа қосылдым. Содан берi ұрлық жасап, кiсi тонаумен күн өткiзiп келемiн, — дедi де Бекаба жөйiттiң бандысына қалай қосылғанын, сол бандыдағы ең ептi де, ең айлакер сарбаз екенiн және жуырда топ басшысы Бекабаның алдында кiнәлi болып қалғанын, содан кiнәсiн жуу үшiн оның осында жұмсағанын тәптiштеп айтып бердi. Бұдан басқа Тәшкендегi қарақшылардың тұрмыс-тiршiлiгi жайында да, Бекабаның кiм екендiгiн де нақтылап баяндап өттi.

    • Бекабаның алдында не iстеп, кiнәлi болып едiң? Бұдан соң Қоқаннан Тәшкенге Бекабаға “менi өлтiр” деп кiм барды? Ол жақтан қанша адам болып келдiңдер?

    • Ахыретке аттанар кезде жалған сөйлеп не етейiн, Сүлеймен. Қоқаннан Бекабаға нақты кiмнiң барғанын бiлмеймiн. Тек қайбiр күнi Бекаба менi шақырып алды да: “Менiң алдымдағы күнәңдi жуғың келе ме?” — дедi. Басқа амалым болмағандықтан “иә”, — дедiм. Кiнәлi болғанымның себебi былай: Тәшкенде аты шыққан дархан шанышқылы Қараман және Қосаралдың құлшығашы Парманқұл деген қос қазақ қарақшы бар. Мизам айында сол екеуi қазақтарды бiрiктiрiп, Бекабаның көзiн жоймақ болған. Мен Бекабаның қол астында жүрсем де бауырларымды жақтап, солардың жағына шығып кеттiм. Әттең, Бекабаға шабуыл жасар күнi Қараман мен Парманқұлды НКВД ұстап, қамап қойды. Олар ұсталған соң арамыздан қандай сатқынның шыққанын қайдам, Бекаба жоспарымыздың бәрiн бiлiп қойды да, менi үйiнiң астындағы зынданға қамап қойды. Сол зынданнан шығарып қой, менi осында жұмсағаны. Жаныма бiр жөйiт пен Қоқанды жақсы бiлетiн бiр сартты қосып бердi. “Қоқанға барған соң “Тұмарабаттағы” Тұрдақ дегеннiң үйiн тауып аласыңдар. Сол жақта Сүлеймен деген қазақтың бiр әңгiсi аңырап жүргенге ұқсайды. Соны пiштiрiп емес, өлтiрiп кел”, — деп жоғарыдағы әңгiменi қоса айтты. Мiне, осылайша Қоқанға келiп қалдым.

    • О, әкеңнiң… Менi әңгiге теңеп жүр ме? Бүгiн менi

Тәшкенге ертiп бар. Мен оны ұрғашы есекке айналдырып, қодық тастатқызайын, — дедi Сүлеймен түтiге.

    • Сабыр етшi, Сүлеймен. Осы, атқа қона сап, жауға шаба кетуге дайын тұратының-ай, сенiң. Мынаның әңгiмесiн аяғына дейiн есiткенiмiз жоқ қой, әлi. Сөйтiп, Құрақ, Тұрдақтың үйiн таптыңдар. Тұрдақ бұл жаққа қалай жұмсады? — дедi Төрекелдi.

    • Тұрдақтың үйiнде үш күн жаттық. Төртiншi күнi “Құдияррабаттағы” осы Сүлейменнiң үйiн аңдуға кiрiстiк. Мұны көрсеткен Оқап, Ынсап деген жергiлiктi адамдар. Бiрақ оны көшеден де, үй маңынан да кездестiре алмай, екi күн жүрдiк. Үшiншi күнi үйге қай жерден асып түсуге болатынын байқадық. Сөйтiп жүргенде Сүлейменнiң Оқап танитын бiр адамы кездесiп қалды…

    • Пұсырманқұлдың кешегi кездестiргенi сол Оқап екен ғой,

  • дедi Аязбек.

    • Иә, оның атын Оқап — Пұсырманқұл дедi-ау деймiн.

    • Мұнда жалғыз келдiң бе?

    • Мұндай iске шыққанда жаныма кiсi ертетiн әдетiм болмайтын.

    • Бәрi айқын болды, Аязбек. Бұдан сұрау ала берiп керегi не? Сен, Төрекелдi, бар да Ажандарды шақыр. Олар келгесiн, мына Құрақты атқа өңгерiп, Тұрдақтiкiне барамыз. Таң ендi атып келедi. Шырт ұйқыда жатқанда оның басын кесiп алайық. Одан соң Құрақты бауыздаймыз.

    • Алдымен соны өлтiршi. Содан кейiн өзiм-ақ өлейiн.

    • Немене, өлуге пейiлсiң бе?

    • Жоқ, қазақ ерлерiнiң қашғарлықтардан, жөйiттерден басым түскенiне көз жеткiзсем, арманым болмас едi.

    • “Арманым болмас едi” дейсiң. Онда неге жөйiттiң тiлiн алып, өз қазағыңды өлтiруге келдiң?

    • Ақталар сылтауым жоқ. Анау жастары онға жетпеген үш қаракөзiмнiң амандығын ойлап, не хайла iстерiмдi бiлмей, абдырағаннан келiп едiм бұл жерге. Айыпты — мен. Жазалаушы

  • сен. Менi сен өлтiрсең, үш баламды жөйiт өлтiрсе, Құдайға артар өкпем бар ма? Бұ қазақта түп-тұқиянымен өшiп кеткен жалғыз мен емес шығар, — деп күрсiндi Құрақ.

    • Жайыңды түсiнем, Құрақ. Жаһанды жайпаған жауыздың да, бiр шерменде күйге түсетiн кезi бар. Сен де сондай болып жатырсың қазiр. Айыбыңды кешейiк, қазiр барғанда Тұрдақты өз қолыңмен бауыздашы. Осылай етiп, бiздiң алдымызда адал болуға ант-су iшсең, сенiмен анда болысуға жараймыз.

    • Сүлеймен, басыңды алуға келген жаудың мүттәйiм сөзiне сенiп, кеуде түйiстiрмексiң бе?

    • Қазiр Тұрдақтың, одан соң Тәшкендегi қарақшылардың толайым төресi болып жүрген Бекабаның басын алған соң кезек келер бұған. Ал қазiр тұрғыз оны. Осы байлаулы күйiнде алға салып, айдап жүр. Ә, мiне, Ажандар да келдi. Таң атпай жетейiк, Тұрдақтiкiне.

Екi қолы артына байлаулы Құрақты алдарына салған бұлар, Құдиярхан сарайынан көктей өтiп, “Тұмарабаттың” үстiнен бiр-ақ шықты. Тұрдақтың “Тұмарабаттағы” үйiн бұлардың бәрi

бiлетiн. Ол қазақ мықтыларымен бұрыннан-ақ өштесiп жүретiн. Өштесуiнiң себебi — Тұрдақ Қоқандағы ұры-қарақшылардың бәрi өзiме бағынса екен дейдi. Оған бұл топ, әсiресе, Сүлеймен көне қоя ма? Өткенде Сүлеймен екеуi базар ортасында ерегiсiп қалған-ды. Сол жерде оны Сүлеймен сiлейтiп салған. Сосын бұған оның оншақты жандайшаптары жабылып кеткен. Онын он жаққа лақтырып едi-ау, сонда. Ашық майданда осылайша ештеңе iстей алмаған ол, ендi бұған Бекаба арқылы адам жұмсағанын қарасайшы. Осыны ойлап, iшi қызған Сүлеймен: “Бәлем, Тұрдақ, осы үшiн тап қазiр қаныңды судай ағызбасам, көр де тұр. Маған мiлиса да ештеңе iстей алмас. Өйткенi кiнәлi өзiң” деп iштей кiжiнiп келдi жол бойы.



Бұлар Тұрдақтың үйiне жеткенде, таң да атуға жақын қалған. “Тұмарабаттың” көшелерi тым-тырыс. Жәдiнiң ұзақ таңында бұл шаһар халқы қарбаласы көп жаздағыдай емес, арқа- бастарын кеңге салып, көсiле ұйықтайды. Дегенмен жылдың қай мезгiлiнде де тiрлiгi тынымсыз, әрi қауiптi қарақшылар қашан да сақ. Әсiресе Тұрдақ секiлдi бар өмiрiн алыс-жұлыспен өткiзiп келе жатқан бұрынғы басмашылар тәулiктiң қай уағында да сергек болатыны аян. Осыны бiлген Сүлеймен оның қақпасының маңына келгенде:

    • Құрақ, түнде Тұрдақтың жанында кiмдер бар едi? — деп сұрады.

    • Оқап пен Ынсап менiмен бiрге шыққан. Олар үйлерiне кеттi. Демек, Тұрдақ үйде жалғыз болуға тиiс.

    • Қанша бала-шағасы бар өзiнiң?

    • Екi қатыны, бес баласы бар.

    • Баса-көктеп кiрiп барсақ, қатын-балаларын шошытып жүрермiз. Оны тысқа қалай шақырсақ екен?

    • Егер сенсеңдер, мен шақырып келейiн…

    • Саған сенiм жоқ. Қу түлкiге алданар қарғаң мен емес.

    • Таң да атып келедi. Осылай топырлап тұра берсек, көзге түсiп қалармыз. Бiр амалын iстейiк те, — дедi Төрекелдi.

    • Сен мынаның желкесiне мылтық тақап, осында тұр. Айқайлап белгi берсе, басып сал. Бiз Аязбек, Ажан үшеумiз үйге кiремiз. Расында бұлай тұра бергеннен ештеңе ұтпаймыз.

Сүлеймен ағаш дарбазаның тұтқасын барынша тартты. Дарбазаның iлмегi үзiлiп, қақпа есiк бiрден ашылды. Аулаға лап қойған Сүлеймендердiң алдынан арс етiп, бiр есектей ит шыға келдi. Ит алдыда келе жатқан Сүлейменннiң санына тiстей берем дегенде, Ажан мылтықпен оның бүйiр тұсынан бiр соқты. Бұралаң етiп құлауға шақ қалған иттiң алқымына Сүлеймен шап етiп жармасты. Сол жармасқаннан бiр-екi рет қылғындырып жiбергенде, иттiң дыбыс шығаруға мұршасы келмедi. Одан осылайша құтылған олар, ауланың төр жағында ұзын етiп салынған там алдына тез-тез басып жеттi. Осы кезде бұрыштан тағы бiр ит шыға келiп, арсалаңдап үре бастады. Ажан үркiтпек болып оған мылтығын кезендi. Алайда ит үруiн одан бетер үдете түстi. Сiрә, иттiң үргенiнен оянып кеттi ме, там iшiнен бiреулердiң күбiр-күбiр сөйлескенi естiлдi де, ар жақтан әлдекiм сыртқы есiктi айқара ашып жiбердi. Бәрi сол жаққа жалт қарасты. Бiрақ қаракөлеңке там iшiнде тұрған адамның сұлбасы анық көрiнбедi. Соған қарамастан, есiкке ентелей жүгiрiстi. Осы сәт дәлiздегi әлгi адам: “Тұрдақ, жау келдi, жау келдi. Тез-тез тұр орныңнан!”

  • деп айқайлады. Артынша гүрс еткен мылтық даусы шықты. Сүлеймен тура құлақ түбiнен зу етiп өткен оқтың дыбысын анық естiдi. Дегенмен ол тұрып, болмаса еңкейiп қалмай, алға ентеледi. Iштегi оқ атқан адам мылтығын шақылдатып екiншi рет оқтай бергенде, Сүлейменмен қапталдаса жүгiрiп келе жатқан Ажан әлгiнiң сұлбасын көздеп тұрып, басып қалды. “Ойбай, өлдiм!”

  • деген дауыс шықты осы сәт. Бұл уақытта Сүлеймен iшке енiп те үлгерген едi. Қараңғылау тамға енгенде, оның көзiне алдымен босағада екi бүктелiп, iшiн баса қиналып отырған кiсi iлiндi. Ай-шай жоқ әлгiнiң құлақ шекесiнен қойып қалып, жамбастай құлатты.

    • Мен мына есiкке, сен, Ажан, анау есiкке кiр, — деп

айқайлады сосын оған оң жақты көрсетiп.

Өзi маңдай алдындағы iшкi есiктi ашып қалғанда, ақ көйлек, ақ дамбал киген семiз бiреу қылышын бұған қарата сiлтеп кеп жiбердi. Қылыш бетiне тимей, сол жақ кеудесiне тидi. Жүзiнiң жатысымен тиген қарудың өткiрлiгi онша емес пе, жоқ соққысы қатты болмады ма, шапанның кеуде тұсын айырып жiбергеннен басқаға қауқары жетпедi. Ұрған соққысының ойдағыдай



болмағанын бiлген ақ дамбалды екi қадам шегiнiп барып, қылышын тағы көтере берiп едi, арт жақтан келген Аязбек оны бiр атты. Ақ дамбалдының қылыш қолынан сусып түсiп, шалқалай құлады. Оның ендiгi қауiпсiз екенiн көрген Сүлеймен арғы бөлмеге кiрiп барды. Төсек үстiнде отырған еңгезердей бiр еркек: “Ой, кiмсiңдер-ей, кiмсiңдер?!” — деп дереу жастығының астын сипалана бастады. Iздегенiн қолына iлiктiруге үлгертпеген Сүлеймен, оның қос иығынан шап берiп, берi тартып, детектетiп есiк алдына бiр-ақ шығарды. Бұл уақытта Ажан да жаңағы кiрiп кеткен есiктен шықты.

    • Мына бөлмеде бiр қатын мен бала-шағадан басқа ешкiм жоқ. Жаңа кiмдi аттыңдар?

    • Ажан, Тұрдақты ұстап алдым. Сен кiрiп, қатынының үнiн өшiршi. Неғып сұңқылдап кеттi қаншық, — дедi Сүлеймен Ажанға жаңағы өзi шыққан бөлменi нұсқап. Содан соң: — Мына тырайып жатқан кiмдер? — дедi Тұрдаққа:

    • Қарауылдар ғой.

    • Өзiме өштiк iстеген жаудың он қарауылы болса да айламды асырып кететiнiме ендi көзiң жеттi ме? Еркек болсаң, сонау Тәшкеннен менi өлтiруге адам жалдағанша, өзiмдi жекпе-жекке шақырмадың ба? Ай-ай, осы бет-аузын жүн, үстi-басын түк басқан күпiрмелер маған жаулық ойлағанды қашан қоясыңдар? Әлде мен Қоқанда жүрсем, сендерге ауа жетпей, күндерiң көлегейлене ме? Болмаса, суларың лайланып, жерлерiң шайқала ма? Айт, тап қазiр. Менi не мақсатпен өлтiрмек болдың?

    • Базарларды да, көшенi де билеп, бiздiң жұмыс iстеуiмiзге мұрша бермей қойдың.

    • Қай жұмысыңа кедергi болып едiм?

    • Хоженд, Ош жақтардан бiздiң жiгiттер ұрлап әкелген малдардың бiразын үнемi тартып аласың. Өкiметтiң қоймасынан ұрланған заттарға тағы еншiлес боласың. Керек болса, өзiң ұрламайсың ба? Одан соң сен осында келместен бұрын мұндағы қазақтарды бiз Исманқұл, Шалпар бәрiмiз құлша жұмсайтынбыз. Сол қазақтар сен келгелi берi құтырып кеттi. Қанша айла iстесек те, өлмейтiн не пәлесiң өзiң?

    • Мен өздiгiмнен ешқайсыңа тиiскенiм жоқ. Ал базардағы ұрланған малдар мен заттарға еншiлес болсам, олар сенiң

меншiгiң, әрi әкеңнен қалған дүниелер емес. Ондағы шаруаның маңдай терi мен қолымен жасалған ұрлықы дүние-мүлiктердiң бәрiне күшi жеткен ортақ болуға хақылы. Бұл — қарақшылар арасындағы заң. Бiрақ сендер, қазiр анау дозақтың отына шыжғырылып жатқан Исламқұлыңнан бастап, бәрiн сол заңды бұзушысыңдар. Тасадан оқ атып, бейғамдықта жон арқадан пышақ салуға дайынсыңдар. Сол үшiн де саған кешiрiм жоқ. Ажан, жаңағы итаршы — Құрақты осында алып келшi. Мынаны “өз қолымен бауыздаймын” деп едi ғой. Көрейiк әуселесiн.

    • А, не дейсiң? Бағаналы берi “Құрақ сенi қалай өлтiрмеген?” деп ойлап тұр едiм. Оңбаған қазақтың бұл қай сатқындығы? Бекаба жөйiт “кез-келген дұшпанға жындай көрiнбей, шайтандай бiлiнбей барып, басын кесiп кететiн желқұйрық қаһарман” деп мақтап жiберген Құрақ нағыз опасыз болғаны ма? О, Құдай, мұндай боларын бiлгенде, амалыңды өзiм-ақ табар едiм ғой, — деп жер тепсiндi Тұрдақ.

    • Сен сияқтыға Құдайды ауызға алу не теңiм. Опасыз Құрақ емес — сен. Ал опасызды өлтiру — Құдай алдында күнә болмайды.

Ажан мен Төрекелдi екi қолы байлаулы Құрақты айдап келдi.

Оны көрген Тұрдақ:



    • Сен, сатқын хайуан. Осының үшiн жердiң астына кiрiп кетсең де, Бекаба өзiңдi тауып алып, етiңдi— ет, бұтыңды— бұт қылады, — деп кiжiндi.

    • Мұның сөзiн не қыласың? — дедi Сүлеймен Тұрдақ оған бiрдеңе дей бергенде. — Сен мана “қолымды босатсаңдар Тұрдақты өзiм бауыздаймын” деп едiң ғой. Бұл малғұнға жеткенше, мынау екi итаршының ажалына сеп болдық. Өлтiрмеуге болмады, өзiмiзге тажал төндi. Ал, орында айтқаныңды. Мұның тағдырын саған бердiм. Етiн бауыздаған қойдай паршалайсың ба, жiлiк-жiлiкке бөлiп поршалайсың ба, өзiң бiл. Төрекелдi, Құрақтың қолын шешiп, пышақ ұстат.

    • Қарап тұрыңдар, қазiр қынқ деуге шамасы келмейдi. Әлде айыздарыңды қандырып, бiраз қинап, бауыздайсың ба? — деп Құрақ Тұрдаққа жақындады. Тұрдақ өзiне ажалдың шын төнгенiн сезiп, Сүлейменнiң аяғын құшақтай алды:

    • Ойбай, Сүке, кешiр, кешiр. Бала-шағам жетiм қап зарлайды ғой. Жаным үшiн үйдегi бар пұлымды ал. Қатынымның бiреуiн де қоса берейiн. Тек өлтiрмешi.

    • О, сорлы, нағыз қорқақтың өзi екенсiң-ау, ә. Осы қорқақтығыңдыертең-ақ бүкiлелгежайыпжiберемiз. Бауыздамай- ақ қой, Құрақ. Тек мұны бiразға дейiн сөйлей алмайтындай етiп, тiлiн тiлгiлеп, жүре алмайтындай етiп, аяқ-қолдарын сындырып кет.

    • Тым аяп тұрғанымыз жоқ па, Сүлеймен? — дедi Аязбек.

    • Осымыз дұрыс. Өлiктен ары етiп, тiрi қалдырып кетейiк. Жатсын сосын, шерменде күйде екi қатынына масыл боп. Қайта жұмған сайын көзiне бiз елестеп, күнде үрейi ұшсын. Неғып тұрсың, Құрақ?! Кiрiс iске!

    • Аяқ-қолын сындыр дейсiң бе? Мақұл. Мен мұндайдың нешеме тәсiлiн бiлемiн, — дедi де Құрақ Сүлейменнiң аяғын құшақтаған Тұрдақтың иығына табанын қойып бар күшiмен оң қолын керi қайырып жiбердi. Ананың жандаусы шықты. Сосын желкесiнен бар күшiмен бiр тептi де, жанағы тәсiлмен екiншi қолын да күтiр еткiзiп сындырды. Тәнiне батқан ауыртпалықтан Тұрдақ сорлының айқайлауға демi жетпедi. Оған қараған Құрақ жоқ. Бiр табанымен тура белiнен басып тұрды да, етпеттей жатқан ананың алдымен оң аяғын, кейiн сол аяғын өзiне қарай тартып тұрып, бұрап-бұрап тастады. Кiшкентай болса да өзi айтқандай, сүйек сындыруға тым әдiсшiл екен. Заматта Тұрдақтың қол- аяқтары жансызданды. Мұны тындырып болған соң оны шалқалай жатқызып, аузына қанжар сұқты. Лезде Тұрдақтың аузы қанға толды.

    • Мiне, тiлiн де тiлгiлеп тастадым. Ендi не iстейiн?

    • Осы азабы да жетер. Жүру түгiлi, сөйлеудiң өзi қандай бақыт екенiн сезiп жатсын ендi. Құрақ, бiзбен бiрге жүресiң ғой. Бiрақ басқа қайда барасың? Мынау Құрақтың қолын қайта байла, Аязбек. Үйге барған соң өзiмен тағы сөйлесемiз.

Осының бәрiн жарты сағаттай уақыт iшiнде бiтiрген төртеуi сыртқа шыққанда ай-шай боп, таң да атып қалған едi.

    • Артымызда екi өлiк пен жаралы Тұрдақ қалды. Сақтық үшiн сенiң үйiңе емес, бiздiкiне барайық, — дедi Аязбек.

    • Жоқ, әйел-балаңның көзiнше мынау Құрақтан қалай жауап аламыз. Одан да “Борлыдағы” өзiмiздiң жасырын үйiмiзге барайық. Сен үйге барып, Атамқұлды қайтар. Соңырақ келерсiң.

Аязбектен басқалары Қоқан ханы Омардың тұсында салынып, қазiр қиқы-жиқысы шығып, бұзыла бастаған “Борлы” орамындағы жасырын үйге беттедi. Қоқан аса үлкен шаһар болмаса да “Борлыдағы” бұзылған үйлердiң арасына көлденең адам кiруге қаймығатын. Бұлар осы үйлердiң арасында әлi бұзылмай сақталған бiр тамның астындағы жертөлесiн аса маңызды шаруа шыққан жағдайда өзара бас қосатын орын ретiнде дайындап қойған. Сырт көзден таса бұл жертөледе талай мәселелердiң басын қайырған. Мұнда адамға аса қажеттi нәрселердiң бәрi бар-тұғын. Ажан мен Төрекелдi келе сала шай қоюға кiрiстi. Құрақтың қолын шешiп, сәкiге отырғызды.

    • Мен қайбiр күнi “көптеген қазақтар Қазақстаннан Тәшкенге ауып келiп жатыр” дегендi естiдiм. “Айдың күнi аманында ел жақты ашаршылық жайлаған” дей ме. Осы рас па, Құрақ? Сен Тәшкенде жүрсiң ғой.

    • Қате естiмеген екенсiң. Қазақтардың Тәшкенге келiп жатқанына бiраз уақыт болды. Бiр Тәшкен емес, оның айналасындағы елдi-мекендерге де толып кеттi қазақтар. Олардың айтуынша, өкiмет халықтың бар малын сыпырып алып, тышқақ лақсыз қалдырғанға ұқсайды. Бұған қоса бiр түйiр де дән бермейтiн болыпты. Зорлықшыл өкiметке хайла iстей алмаған халық, бiрден ашаршылыққа ұшырапты да, басы ауған жаққа лағып жатыр екен. Тәшкен көшелерiнде талай қазақ қайыр сұрап, қаңғып жүр. Бiр үзiм нан таппағандардың бiразы көшелерде теңкиiп-теңкиiп өлiп жатқандарын өз көзiммен көрдiм. Өзiм қолымнан келгенше талайына көмектестiм. Бiрақ өзiм жарымай жүргенде, олардың бәрiн шетiнен қалай жарылқай берейiн. Сонау Қаратау жақтан бел асып келген кемпiр мен шалды үйiмде екi жетiдей асырап отырдым. Сорлылардың қатты әлсiреп қалғаны соншалық, он күннен кейiн ғана адамға ұқсап жүруге жарады. Бала-шағасының бәрi жолда қырылыпты. Өздерi өлi ит пен тышқан терiп жеп, Тәшкенге әзер жетiптi. Сол шал айтады: “Сарысу мен Шаян өзендерiнiң бойындағы елдер шөп жеп, тулақ шайнап қырылуда. Қырылғандары көмусiз қалып, ашық далада сүйектерi шашылып жатыр” деп.

Менiң үйiмде бiраз жатып, әл жинап алған соң “бiрге келген туыстарымызды iздеп келейiк” деп, мен қанша жiбермейiн десем де, тыңдамай көшеге шығып кетiп едi. Содан қайтып келмедi. Өзiм ары-берi iздеп таппадым. Тәшкеннiң жылан жолындай қисық-қисық көшелерiнiң қай бұрышынан табасын iздегенiңдi. Ашыққандар әсiресе бәкзал маңында көп. Талайы бидай-арпа артқан пәгүндарға жармасып, пойыз астына түсiп өлiп те қалуда. Анау адам қанын ұнға араластырып, мәнтi ғып жейтiн Бекабаның қарамағындағы жөйiттер де қанша қазақтың ажалына жеттi. “Нан беремiн” деп қазақтарды алдап апарады да, басын шорт кесiп алады. Шаһарда ондай сұмдықтың барын бiлмейтiн далалық аңқау қазақтың көпшiлiгi осылай құрбандыққа шалынуда…

— Ай, осы Бекаба дегеннiң жүзiн көрмесем де Қоқанда отырып- ақ, оған деген өшпендiлiгiм әбден артып бiттi. Бiз сенiмен бiрге Тәшкенге барсақ, оған менi апара аласың ба? Қолым бiр жетсе ғой оған.

    • Тәшкенге апаруын апарам-ау. Алайда ол отыратын үңгiрге кiру қиын…

    • Үңгiрде отырады деймiсiң оны? Шаһар iшiнде де үңгiр бар ма?

    • Тәшкен ортасындағы Бозсу ағып өтетiн тұста ескiден қалған қышхананың орны жатыр. Сол тұста Бозсу құлайтын терең сарқыраманың түбiнде Құдайдың өзi жаратып қойған кең үңгiр бар. Үңгiр кәдiмгi там сияқты бiрнеше бөлмелерге бөлiнедi. Бекаба осы үңгiрдi үй қылып алған…

Осы сәт Бекабаның атын алғаш рет қайдан естiгені есiне сап еттi. Қайбiр жылы Жылға маңындағы қалың қамыс iшiнде адам жегiш үшеумен кездескенде Зүндiн дегенi ол жайлы айтқан болатын. Тiптi Зүндiн әлгi үңгiр туралы да айтқан-ды.

    • Мен Бекабаның атын бұрын қайдан естiгенiм ендi есiме түстi. Ол пәтшағар шаһарды бұрыннан билей ме? Анықтап айтшы, түрi қандай өзiнiң?

    • Бiтiмi сенен де үлкен. Оның үстiне өте семiз. Семiздiктен орнынан әрең тұрып, әжетханаға зорға барып келедi. Онда да отырғанда бiреулер көмектеспесе, құйрығын сүртуге қолы жетпейдi. Басқа еш жаққа шықпайды. Тамақ жегенде, Құдай салмасын, бiздiң бәрiмiз бiр отырыста жегенiмiздi ол бiр-ақ ауқат қылады.

    • Оның барып тұрған қопал ғой. Орнынан тұра алмаса, далаға шықпаса, Бекаба қайтып сонша қарақшыларды құзырында ұстап отыр?

    • Бiлмеймiн, Құдайдын рухы қонған ба, әйтеуiр, жатып алып- ақ, бәрiн басқарып отыр ғой. Небiр жаужүрек баскесерлер оның алдына барғанда, ол құрғырдын мысы басып кете ме, тыпырлап, бас шұлғудан басқаға қауқарлары жетпейдi. Түрi де зәрдей, ит жөйiттiң.

    • Түһ, сен менiң делебемдi қоздырып, өшпендiлiгiмдi одан бетер өршiтiп жiбердiң. Кеттiк, бүгiн Тәшкенге. Боқ қарынын ақтарып, майлы жүрегiн суырып алмасам, Сүлеймен атым өшсiн.

    • Оған жету үшiн талайдың көзiн құрту керек.

    • Сүлеймен, осыған сенiп, қауiптi жауға аттанғанымыздың түбi опық жегiзiп жүрмесiн, — дедi Төрекелдi шай құйып жатып.

    • Сендер не ойласандар да, менiң Құраққа зияндық iстегiм келiп отырған жоқ. Бұл бар шынын айтқан сияқты. Болмашыға, иә, мұның келiсi болмашы болмаса да, осы бауырымды өлiмге қимай отырмын. Тәшкендегi ашығып келген қазақтарға да көмектесiптi… Ендi сенiң былай етуге ар мен намысың жете ме, Құрақ? Менi бұрын жақсы бiлмегендiктен, әрi мәжбүрлiктен “жауым” деп есептесең де, тап қазiр өзара түсiнiскен, шекiсiп барып бекiскен дос ретiнде бiр ыдысқа қан құйысып, анда болуға жарайсың ба?

    • “Қорыққанынан менiмен анда болды” деп санамасаң, ыдысқа қан құйысып, Құдай атынан ант етiсiп, сенiмен дос- сыпай болуға жараймын. Өзiң секiлдi қазақтың намысшыл нарқасқасымен тамыр болу — ертеден-ақ көксеген мақсатым. Қане, пышағыңды бер. Қан шығарып, айнымасқа серт етiсейiк. Бiрақ соның алдында қателiгiм үшiн өздерiңнiң алдында бас иiп, ғафу сұрайын, — деп Құрақ үшеуiнiң алдында бас идi.

    • “Иген басты кеспес болар” деген атам қазақ. Кештiк бiлместiгiңдi. Төрекелдi, анау бос пиаланы әпершi. Қолдан аққан үш-төрт тамшы қанды тосайық соған, — деп Сүлеймен пышағымен бiлегiнiң сырт жағын аз ғана кестi де аққан қанды пиалаға ағызды. Бұдан соң аналар да солай етiсiп, жарты пиала болған өз қандарын кезек-кезек бiр-бiр ұрттап iшiстi.

    • Мiне, бiз ендi ахыреттiк доспыз. Осы серттi бұзған адамды әруақ атып, Құдай жазаласын, — дедi Сүлеймен.

Бұлай қан iшiсiп, ант берiсу — бiр топта басы қосылған қарақшылар арасында бұрыннан бар салт едi. Бұл салт алдымен араздасып, кейiннен ажырамас татулыққа сөз байласқан батыр- ерлердiң арасында да жиi қолданылатын. Сүлейменге мұны баяғыда нағашысы — Көбек үйреткен-дi. Содан берi ол қаншама адамдармен осылайша қан iшiстi. Солардың ешқайсысы мұны, ал өзi оларды сатпады. Ендi бүгiн сондай жаңа дос тапқан соң бәрi шешiлiп, кешке дейiн сыр ақтарысып отырды. Әсiресе, Құрақ көп сөйледi. Оның сөзiнен Сүлеймендер Тәшкендегi бәсекелестердiң бар сырын ұққандай болды. Бәрiнен бұрын анау ашыққан қазақтардың тағдыры жанына батқан Сүлеймен:

    • Менiң ойым — елдегi ашыққан қазақтарға көмек беру. Бекабаның жөнiн содан соң табармыз. Айтыңдаршы, қайсыларың менiмен iлесiп, елге барасыңдар? — дедi.

Отырғандардың ешқайсысы бұдан қалмайтындықтарын айтты. Әңгiме Құрақ жайына ауысқанда:

    • Сен бiзбен iлеспей-ақ қой. Ертерек Тәшкенге оралып, әйел, бала-шағаңды құтқарудың амалын тап. Бiз ел жақтан оралған соң Тәшкенге барамыз. Өзiңдi Тәшкеннiң қай жерiнен табамыз? Осыны айтып кет.

    • Тәшкенге барсаңдар, “Өрiкзар” маңындағы “Ескi жоба” мен “Шора” базарынан Андақұл, Сыбанқұл деген делдалдарды тауып, менi сұрасаңдар, қай жерде жүргенiмдi айтады.

Сол күнi кешке Құрақ аттанып кеттi. Ертесiне Сүлеймендер де жолға жиналды.

    • Бiз Аязбек, Төрекелдi, Ажан төртеумiз қайта оралғанша, әйелдерiмiзге бас-көз бола тұр. Дилданың айы-күнi жақындап қалды. Босанған кезде қолыңа алып қарайлас. Өтеуiн жерде қалдырмаспын, — дедi Пұсырманқұлмен қоштасарда.

    • Бұлар үшiн алаңдама. Бiз қауiп қылатын жаулардың бастарын лайға тығып тастадыңдар. Өздерiң аман-сау барып қайтыңдар. Қыдыр ата шылауларыңда болсын.

Әлден уақытта шаһардан шыққан салтаттылар Қоқанның шығысындағы мидай жазық дала төсiне iлiктi. Ең алдында —

басқан жерiне отаудай iз қалдырып бара жатқан, ұзындығы есiк пен төрдей, биiктiгi орта бойлы адамның бойына тұрғылас, жасы он алтыға келсе де әлi ұзақ жүрiске шыдамды — жылқының төресi қарагерге мiнген Сүлеймен. Қос алып ендi қандай оқиғаларға тап болар екен?...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет