Байланысты: Діни мазмұнды шығармалардың тақырыбы мен идеясын саралаңыз, олар-emirsaba.org
Абайдың толық адам туралы ілімін саралаңыз, жетекші ғалымдардың пікірімен ойыңызды дәлелдеңіз.
Абайдың «Толық адам» іліміМекемтас Мырзахметов: «Абайдың 38 қара сөзінде бір-ақ рет тілге алатын «толық адам» сөзіне мен «Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары» деген докторлық диссертацияға даярлық үстінде мән бере бастадым. Бірақ «толық адам» сөзінің тереңде жатқан мән-мағынасын ойдағыдай біле алмадым. Диссертацияның бір тарауы «Абайдың шығысқа қатысы Мұхтар Әуезов зерттеуінде» деп аталатын. Орыс тілінде жазылған еңбектерінде «Нравственная личность» деген сөзге мән бере қарадым. Бұл сөздін толық адам сөзі екендігіне көзім жете түсті. Толық адам ұғымы дінмен байланысты болуы себепті Әуезов өз пікірін ашық айтуы мүмкін емес заман еді ғой. Абайдың жәуәнміртілік іліміне қарым-қатынасын зерттеу кезінде «толық адам» ілімі өзіндік жүйесі бар дербес таным екеніне көзім жете түсті де, баспасөзде алғаш рет жариялап, ғылыми айналымға түсірдім. Толық адам ілімі жайлы ары қарай ұзақ уақыт ізденіп зерттеуім мені толық адам ілімінің тірегіне айналған Абайдың: 1) жүрек күлті; 2) Хауас; 3) Жәуәнмәртілік; 4) Иманигүл деп аталатын терең ғылыми мәні бар шындықтарды танып, біліп барып айтқан көрегендік сыншыл ой танымы болатынды.
Ресей 47 түрік тілді халықтарды түгел жаулап алған соң, ол халықтарды қалыптасқан дәстүрлі ел билеу жүйесін түгелдей жойып, отаршыл Ресейдің ел билеу жүйесіне түсіру мақсатында мейлінше кертартпа бағыттағы реформаларды аспай саспай біртіндеп жүзеге асыру арқылы ол халықтардың тұрмыстық салт дәстүріне, рухани әлеміне қатты қысым сала бастады. Бұл саяси әрекет, әсіресе, ұлаң ғайыр алып даланы жайлаған қазақ пен ноғайға айрықша қатігез көзқараспен тиісті. Қазақ, ноғай халқын жер бетінен жою мақсаты жайында орыстың саяси элитасы 1876 жылы саналы түрде бір пікірге келді деп 1916 жылы Сырдария генерал-губернаторы Курапаткин өз күнделігінде мәлімдейтіні бар. Осы идеяны жүзеге асыру мақсатында отарланған қазақ елін, тұрмыс жағдайы мен рухани әлеміне, ел билеу жүйесіне өзгерту ендіру мақсатында арнайы ғылыми зерттеу жұмыстарын ұзақ жылдар бойы жүргізу арқылы ел билеуші атқамінерлерді ішке тартып, үркітпей сендіре беру саясатын тікелей қолға алу әрекетіне кірісті.
Қазақтар үшін ел билеудің «Ұзын арқау, кең тұсау» деп аталатын үлгіні орнықтырды. Бұл билік түрі 1822 жылдан 1867 жылға дейін созылды. Яғни 45 жыл мерзімге созылды. Батыс Қазақстанда билік тұтқасын сұлтан правительдер, яғни, ең сенімді төрелер ұстады. Ал, орта жүзде аға-сұлтандар әуелгі кезде төрелерден қойылып, Кенесары көтерілісінен кейін билікке қарапайым қазақтар келе бастады. Мысалы, Құнанбай қажы, т.б. Ал, ұлы жүз қазақтары Қоқан хандығына бағынуы себепті ел билеу тізгінін ірі ру басы датқалар ұстады, яғни, рулық жүйе негізге алынды.
Қазақтың тұрмыстық болмысы мен салт-санасын, қалыптасқан ұлттық дәстүрі мен отбасы тәрбиесін, рухани әлемін 45 жылдай жете зерттеп, танып біліп, ел билеу жүйесінде қазақ билігін ауылдық болыстық шеңберден асырмай ұстауға ерекше мән берілді. «Жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» жүйесін жүзеге асыру мәселесінде сексеуіл болмысынан туындайтын жауыздық тәсілін қолдану арқылы жүзеге асыруды саяси мақсат ретінде қолға алды.
Майлыкент болысы екі мыңға таяу отбасынан міндетті түрде әр ауыл, әр түрлі он екі рудан құралуы – бұл отаршылдар үшін саяси қажеттілікке айналды. Әр рудан құралған он екі ауыл төрт ауылнайға бөлініп, оған төрт аулынай, төрт би сайланды. Он екі ауылдан болысты сайлауға ақ, қара шар тастап, болысты сайлау үшін елу үйден бір елубасы сайланды. Олардың саны қырыққа таяу болды. Әр он үйден бір онбасы сайланып олардың саны екі жүзге таянды. Олардың мақсаты ауыл мен ауылдың ішінде, тіпті, үй ішілік жеке отбсында партиягершілік талас тартыстың өртін өршітіп, қоздыру болатын. Жалпы болыстық лауазымға болысты сайлау үшін, ол үшін таласқа түсетін екі жүз елудей қызмет орнына жан сала таласу – руды руға, бар қазақты бір-біріне айдап салу арқылы, қазақтың рулық береке бірлігін аяаусыз бұзып, қазақ атаулының мінез-құлқының нілдей бұзылуына алып келді. Міне, майлы сүйекке таласқан мойнақ итше таласқа түскен қолдан жасалған жасанды билік үшін болыс сайлауға жан таласқа түскен қалпымызды көреміз. Осы болыстық сайлаудың саяси сырын өзі он сегіз жыл болыс, би болып ішкі сырына көз жеткізген Абай ақ патшаға болысты сайлау елді бұзды. Болысты генерал губернатар назначение арқылы тағайындасын деп арызданса да, арызды жауапсыз қалдырды.
Болыстық ел билеу саясаты мен Ресей империясының қазақтарды шоқындырып, орыстандыру саясаты қатар жөргізілді. 1865 жылы «Обрусительная палата» ашып миссионерлік шоқындыру саясатын мемлекеттік саясат деңгейіне көтерді. Бұл астыртын саясат үшін қаржыны да аямай төгуінде өте терең зымияндық сыр жатты. Ел билеу жүйесін болыстық сайлау түрінде жүзеге асқан тұста миссионерлік саясаттың қатар жүргізілуінде жай адам сезіне бермейтін астарлы құпия сыр да жататын.
Болыстық билік үшін таласып, мінез-құлқы бұзылған қазақтың кеселіне Абайдың ұсынар рухани емі - «толық адам» ілімі болатын. Осы рухани ілім арқылы әр қазақты рухани жағынан жаңғыртып ар тезіне салуға ұмтылған Абайдың рухани қайғысының таңбасы:
Ыза шығар ғылымнан,
Қайғы шығар ілімнен.
Ызы мен қайғы қысқан соң,
Зар шығады тілімнен, -
дейтін халқына жаны ашудан туған ішкі рухани дерті - көз алдында өз-өзімен итше таласып, мінез-құлқы бұзылып азып бара жатқан қазағын:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың...
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұздау шырқын..
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға, татулас...
деген Абайдың улы дертінен туындаға жан айқайы мен мұндалап тұр емес пе. Бірақ қайыру бермеген қазақтың мінез құлқының бұзылу болмысына арналған ойшыл да сыншыл ақынның саяси-әлеуметтік мазмұндағы сатирикалық лирикасының пайда болу сарыны қазақ қауымына саясат шалғысына түсіп қор болған қылығына ызаланып қайғы мұңы тудырған сатиралық өлең жырларының табиғатын енді сол дәуірдің отаршылдық бодандық шындығын терең танып, білуден туған табиғатын енді ғана терең түсініп ұғудамыз.