2.4. Еркіндік мәселесінің кеңестік қазақ философиясында және тәуелсіз Қазақстан философиясында зерттелуі
Империалистік Ресей, кейінгі Кеңестік тоталитарлық жүйе қазақ халқының басқа халықтар секілді мәдени айрықшылығынан, азаттығынан қаншалықты ажыратуға талпынсада, шын мағынасында әлсірете де, толық жойып жібере алған жоқ. Бүкіл адам баласына тән басты құндылық – ол еркіндік. Тіпті құлшылықтың немесе тақуалықтың өзін адамдар таңдайтын болса, ол да сол еркіндіктің себеп-салдары. Онсыз ешбір таңдау болмас еді. Азаттық үшін күрес дегеніміздің өзі де осы басты құндылыққа ұмтылыстың көрінісі. ХХ ғасырдың басындағы саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық салалардағы түбегейлі демократиялық өзгерістер адамзат тарихында диалектикалық дамудың жаңа процесін тудырғаны белгілі. «Кеңес Одағында жаңа тапсыз қоғам орнату, адамзаттың тағдырының жұмбағын шешуге бағытталған бүкіл әлемдік, әлеуметтік-саяси тәжірибелер, жобалар жасалынып, олар «социализм» деген атпен практикалық түрде жүзеге асырыла бастады, осы идеяның қаншама миллиондаған жандарды осы процестің жолына құрбандыққа шалды» – дейді академик Ә. Нысанбаев пен Т. Әбжанов [28, 141 б.].
Кеңестік кезеңдегі қазақ философиясының даму барысы социализмнің алғашқы жылдарындағы құғын-сүргінге ұшыраған көрнекті қайраткерлердің шығармашылығымен сипатталады. Олардың философиялық жұмыстары қазақстандағы халық өмірінің алуан түрлі мәселелеріне арналған қоғамдық ойларды құрады. Қазақ философиясы, рухани ой кешу үрдістері социализм жеңісінің бағыты мен социалистік сананы қалыптастыру жолына түсті. Қазақ халқы өзінің мәдени-рухани, дәстүрлі ерекшелігі мен өзіндік болмысынан ажыратылды. Жаппай диалектикалық тарихи материализм үстемдік құрды.
Большевиктердің қызылтуы өлкемізде орнағаннан кейін, көшпелілердің рухани құндылықтары тоталитарлық жүйенің толық идеологияландырылған жалған құндылықтарымен алмастырылды. Қалыптасқан экономика негізінен мал шаруашылығымен айналысатын елді колхоздар мен совхоздарға мәжбүрлеп біріктірді. Далалық демократия қалыптасқан қоғамнан тоталитарлық жүйеге негізделген социалистік қоғам құрды. Социалистік қоғамда бастысы тұлғаның субъективті өзгеруі болды. Бұл жердегі тереңнен біліне бермейтін дүниетанымдық тұрғыдағы өзгерістер әрине құндылықтарды рухани қайта бағалау. Кеңестік философияны қайта жаңғыртып, оның негіздеріне ғылыми тұрғыдан талдаулар жасалынды. Мысалы, Д. Кішібеков Кеңестік кезеңдегі қазақ халқының менталитетіндегі өзгерістерге былайша тоқталады:
1) 20 жылдардың аяғында мыңдаған жылдық көшпелі тұрмыстан күрт өзгеріске ұшырап, отырықшылыққа көшті. Бұл оңай болған жоқ. Елдің үрдісі, дағдысы, өмір сүру тәсілі өзгерді.
2) Өндіріс құрал саймандарына жеке меншік жойылып, қоғамдық меншік үстемдік құрды, мемлекеттік, қоғамдық меншікті көздің қарашығындай қорғау қажеттігі қатал әрі ауыр заңдар арқылы халық санасына сіңірілді. 1932 жылғы 7 тамызда қабылданған. 1946 жылғы ауыл шаруашылық артелінің Уставын бұзушылыққа қарсы қабылданған заңдар осының дәлелі. Бұл заңдармен мыңдаған адамдар қоғамдық, мемлекеттік меншікке қол сұққаны үшін сотталып, тіпті ату жазасына бұйырылды. [29]. Адам тағдыры мен еркіндігі өрескел түрде бұзылғандығын осы бір фактілерден байқаймыз. Қазан төңкерісінен кейін біздің ұлттық интеллигенция кеңестік идеологияның қазақ қоғамының дамуына кері әсері туралы өз көзқарастарын ашық айта бастады. Алаш лидерлері Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын Қазан төңкерісінен кейінгі жердегі ұлттың тағдыры, оның тәуелсіздігі туралы мәселені теориялық тұрғыдан қайта қарады. Себебі, қызылдардың түпкі мақсаты мен қазақ зиялыларының ұлт-азаттық мүдделері бір-бірімен ымыраға келмейтін еді.
Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде «алаш» деген сөздің өзін айтуға тыйым салынып, халық жадынан өшіруге тырысты. Ұлт бостандығы үшін күресуші М.Шоқай Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары туралы мақаласында: «Ресейдегі патша үкіметінің құлағанына қуанған едік» – дейді. Алайда біздің бақытымызға қарсы, басқа бір Ресей – большевиктік Ресей – кеңестік Ресей пайда болды. ...Атамекеніміздің патшалық Ресейдің от-арынан кеңестік Ресейдің отарына айналдырылды. Осы Түркістандағы қозғалысқа ғылыми тұрғыдан дәл сараптамалар жасаған да М. Шоқай болды. «Кеңес үкіметінің орыс емес өлкелерде жүргізіп жатқан ұлт саясатына мұқият назар аударыңызшы, сонда сіз бұл өлке халықтарының орыстарға қарсы көтерілмеуден басқа амалы қалмай отырғанына көз жеткізе аласыз... Түркістандықтар көтерілмей тұрмайды. Өйткені олардың ұлттық намысы әлі өлген жоқ [30]. Тек тәуелсіздік пен бостандық үшін күрес арқылы ол сол кездегі тығырықтан шығудың жолын ұсынды. Мұстафа Шоқай еркіндікті - ең жоғары құндылық ретінде қарастырады. Егемен ел болмай, халық ұлт болып толық қалыптаса алмайды, өз тағдырын өзі шеше алмайды, ал онсыз басқа бостандықтардың барлығы мысалы рухани, экономикалық бостандықтар еркін өрістей алмақ емес. Осы тұрғыдан М. Шоқай маркстік материалистік теорияның жалған екендігін әшкерелей білген бірден-бір түрік ойшылы десек, артық болмас. Ұлт мәселесіне байланысты ол марксизмнің тап күресі, пролетариат диктатурасы, социализм туралы теориялық қағидаларының тек Түркістан жағдайында ғана емес, жалпы Ресей әлеуметтік болмысына да тура келмейтінін көрсетіп отырды. 1936 жылғы кеңестік конституцияны қабылдаған, социализм орнады делінген кезеңнің өзінде Ресейде шын мәнінде пролетриат диктатурасы жоқ деп есептеді. Мұстафа Шоқай пролетариат диктатурасы емес, партияның, ал оның ішінде белгілі бір топтың ғана диктатурасы орнаған деп көрсетеді. М. Шоқай большевиктердің, олардың көсемдері – Лениннің, Сталиннің әлеуметтік ұстанымдарының негізі тым қарапайым, тұрпайы материалзм екенін үнемі көрсетіп отырады. Әрі Маркстің адамдар санасын қоғамдық болмыс анықтайды дейтін қағидасын берік ұстана алмайтындарын да әр кез әшкерелеп отырады. Маркс мысалы социалистік революция индустриялды өнеркәсіп жоғары дамыған Еуропа елдерінде тұтас алғанда ғана, пролетариат ол елдерде басым көпшілік бола бастаған жағдайларда іске аса алады деген болса, Ленин бастаған большевиктер өндірістік материалдық деңгейі жеткілікті дамымаған, халықтың басым көпшілігін шаруалар құрайтын жеке елде (Ресейде) іске асыруға болады деген ұстанымды басшылыққа алды.Ол Кеңес өкіметі біздің ұлттық идеяларымызға қарсы бағытталғанын, оның пролетариат диктатурасы түріндегі формасы халқымыздың саяси және әлеуметтік идеяларына сәйкес келмейтіндігін көрсетті.
«Ататүріктің реформалары» деген еңбегінде: «...ұлттық еркіндік пен азаттыққа талпыну табиғаттың болмай қоймайтын заңы тәрізді нәрсе. Егер оған сәл мүмкіндік туыла қалған жағдайда, ол сөзсіз өзін көрсетпей қоймайды» дейді [31, 220 б.]. Бірақ, М. Шоқайдың бұл сөздерінен еркіндікке деген ұмтылыс адамдардың табиғи тәнінен туындайтын, яғни қазірше айтқанда генетикалық құрылымының қасиеті деген тұжырым шықпайды. Еркіндікке талпыну табиғаттың заңы емес, тек сол тәрізді нәрсе деп көрсетуі тек баламалық мазмұнға ие. Еркіндікке құштарлық биологиялық, не бір физикалық бағыттылық емес, философия тілінде материалдық емес, идеалдық ұмтылыс.
Қазақ халқының философиялық ой-пікірі ХХ ғасырдың 30-жылдарында ұлы ойшылдардың жоғалуына байланысты үзілді. Бұл үдеріске сол кезеңдегі саясат және биліктің жан түршігерлік қатыгездігі тән. Бұл репрессия мен кісі өлтіру түрінде өтті. Қазақ философиялық ойының табиғи-тарихи даму жолының нақ осы кезеңде үзілгендігі туралы О.А. Сегізбаев: «КСРО-да керісінше түсіндіріліп бұрмаланған марксизмнің басқасын қойғанда осы елдің құрамына табиғи-ұлттық айырмашылықтарымен кірген халықтардың философиясын жоғалтуына әкеліп соқты» – деп көрсетті [32, 349].
Қазақ халқының рухани дамуының кеңестік кезеңі туралы айтқанда, Мұхтар Әуезовтің қызметі мен шығармашылығына тоқтамай өту мүмкін емес. ХХ ғасырдың ширек жартысындағы кәсіби қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Мұхтар Әуезовтің азаматтық, адамгершілік және шығармашылық тағдыры өткен ғасырда қазақ елінде қандай күрделі өзгерістер болғанын түсінуімізге көмектеседі. Жазушының өмір жолына зер салғанда біз жалпы өткен уақытқа көз жүгіртіп, бұрын байқалмаған қажетті жәйттерді тереңірек көру мен түсінуге мүмкіндік аламыз.
Жазушының жиырма жасқа толған шағында қазан төңкерісінің орын алғаны белгілі. Оның қоғамдық қызметі мен мәдени-әдеби шығармашылығы, ғылымға ден қоюы патша өкіметі құлап, еліміздегі сан алуан өзгерістер қолдау мен қарсылыққа бірдей ұшырап, теориялық та, практикалық та істер жедел ұғылып кете қоймаған аласапыран заманға, қиын-қыстау кезеңге тап келді. Жазушының әдебиет жүзінде көріне бастауы 1917 жылдан басталады. Әсіресе, оның атын көпшілікке әйгілі еткен сол кездегі «Абай» журналы болған. Журнал ұйымдастырушысының бірі де, оның негізгі мақалаларын жазған да Әуезовтің өзі. Журналдың әр санында шыққан мақалаларының «Қазақтың өзгеше мінездері», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет және ұлт», «Оқу ісі», «Философия жайынан», «Жапония» т.с.с болып аталуының өзі ақ осы тұстағы жас Мұхтардың терең таным-талғамынан біраз мағлұмат беріп тұрғандай.
«Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақалада автор халықтың өмірінің өсуі мен даму шарттарына тоқталып, қазақтар арасында «бытыраңқылық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің жолы жіңішке» деген сияқты түрлі кемшіліктерді сынап сол кертартпалықтан кұтылудың жолын іздестіреді, жұртшылықты соған шақырады. Мінез түзеу дегенді М. Әуезов нағыз прогрессивті жолмен түсінген. Алғашқы мақаласында оған арнайы түсінік бермегенмен, келесілерінде: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, оны өскен орта, көрген үлгі, өнеге билейді, – деп ашып айтады. «Адамшылық негізі – әйел» атты мақаласында да Әуезов осы мәселені әрі қарай жалғастырып, халық тұрмысының, яғни мінез-құлқының өзгермей, өспей отыруының негізгі бір себебі – қазақ арасындағы әйелге деген көзқарасқа тікелей байланысты деп біледі. Автор бұл мақалада әйелдің қоғам өмірінде атқарар рөлін ғылыми жолмен, психологиялық, педагогикалық, философиялық дәйектермен дәлелдей келіп: «Адам болып қалғың келсе, тағлымыңды, бесігіңді түзе. Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» деген қорытынды ойын айтады.
М. Әуезовтің «Қазақ ішіндегі партия неден?» деген мақаласында ел ішіндегі алауыздылық, жікшілдік сияқты теріс әлеуметтік құбылыстың шығу төркініне жауап іздеу бар: «Әрбір халықтың өзгеден өзгеше халықтығында екі түрлі шарт бар. Оның бірі – сол халықтың кәсібі, екіншісі – жұрт тәртібі» – дей келіп, олардың қазақ даласындагы өзгеру, шығу тегінен хабардар етеді, осы жайлардың адам болмысы мен санасына, психологиялық қалпына, сол арқылы бүкіл көзқарасы мен салт-санасы қалай әсер ететіндіктеріне нақтырақ тоқталады, қоғамдық- әлеуметтік мәні бар тұжырымдар жасайды. Сондықтан жоғарыдағы екі шарттың екеуі де басынан аяғына дейін әлеуметтік әділеттік тұрғысынан шешілуі керек. Өйткені, Әділеттік жоқ жерде ұрлық, жала, зорлық көбейеді, көптің азға, күштінің әлсізге көз алартуы туады, бұлар ел ішіне жік салыл, жұртты қоздырады. Бұған басшылардың жуандық құмар, жем құмар мінездері қосылады, оларды қоршаған жағымпаздар пайда болады, осыдан барып екінші партия (жік) шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Ойшылдың пікірінше, осы жікшілдікке қарсы үш түрлі амал бар. Алғашқысы, ел атқамінерлерінің әділдігі мен көзі ашық, жауапты маман болуы керек; екіншіден, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға жұмыс орына орналастыруы, олардың тәуелділіктен арылуына жағдай жасау; үшіншіден, жұмысқа орналасқан азаматтардың еңбектерінің бағаланып, лайықты ақы төленуі. «Мәдениетке қай кәсіп жуық?» атты мақаласында ол «осы күнгі адам баласы тұтынып жүрген кәсіптерді», оның ішінде «ертеден адам баласының ұзын-ырға тарихымен қол ұстасып келе жатқандарын» саралап өтеді. Осы еңбегінде М. Әуезов халықтың мінез-құлқына, сана-сезіміне, жалпы тұрмыс-халіне сыртқы өмірдің ыңғайы, отырған жерінің табиғат жағдайы және тұтынған кәсібі әсер етеді» деген зор дүниетанымдық мәні бар пікірді ұсынады
Жазушы тоталитаризмнің зардабынан айтайын дегенін толық айта алмай кетті. Дегенмен, ол миллиондаған адамдардың санасында қазақ ұлттық энциклопедиясы болып саналған ұлы ақын Абайдың жарқын бейнесін қалдырды, ол оны дәстүрлі халық мәдениетінің түп-тамырына терең бойлап, алып тұлға ретінде бейнелеп, өз ұлтының санасын жаңа сатыға көтерді, қазақ әдебиетін әлемдік мәдени үдеріске енгізе отырып, Шығыстың барлық халықтарының, соның ішінде түркі әлемінің көркем ой-санасына орасан зор әсер етті. А. Әуезовтің теңдессіз рухани мұрасы, оның өз заманындағы әлемдік әдебиетке қосқан іргелі романдары мен повестері, драматургия мен әдебиеттану, Абайтану мен публицистика саласындағы шығармалары бүгінгі күні де көмескі тартқан жоқ. Бұл мұра – қазақ халқының мәдениетінде қалыптасқан ұлттық баға жетпес қазына. Жазушының есімі Шығыс және Батыс мәдениеттерінің құрыш құймасын бейнелейді. Егер Абай өткен замандағы қазақ халқының кемеңгерлігі мен данышпандығының шыңы болса, онда осы құдіретті бейнені жазушы қаламымен қайта жаңғыртқан Мұхтар Әуезовтің өз дәуіріндеггі қайта жаңғырған қазақ мәдениетінің тарихнамасындағы ең биік шың ретінде бағаланды. Мұхтар Әуезовтің «Философия жайында» атты мақаласында «Философия – адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын шамшырақ» - деп бұл ілімге зор үміт артады. Ұзақ уақыт өтпей сахарамызда философиялық мектеп орнығуымен сол үміттің іске асқанын аңғарамыз.
ХХ ғасырдың ортасында Қазақстанда кәсіби философиялық еңбектер шығарыла бастады. Сталиндік режим жылдарында философия КСРО-да барлық жаңашылдыққа, әдеттен тыс нәрселерге, еркіндікке қатал шек қойды. Догмалық, тоқыраған, қатып қалған ресми ілімге айналып үлгірді. Кеңестік кезеңдегі ойшылдардың шығармашылық еркіндігі мен зерттеу шыңдары хрущевтық биліктің неғұрлым «жұмсақ» кезеңі мен брежневтық «тоқырау» заманына сәйкес келді. Ендігі тұста, халықаралық және ішкі қиындықтарға соқтырған, сталиндік билік кезеңіндегі сияқты өзгеше көзқарастардағыны қудалау орын алмады. 50-ші жылдардың аяғы мен 60-шы жылдардың басында Қазақстанда ғылымның нағыз гүлдену кезеңі басталады, Ғылым Академиясы қызмет етіп, ғылыми танымның түрлі саласындағы ғылыми мектептер мен бағыттар қалыптаса бастайды. Сөйтіп, 1958 жылы Алматыда Философия және құқық институтының негізі қаланды. Біздің руханиятымызда батыстық тенденциялардың кең таралуы басталды. Батыс философиялық мұрасымен танысуға, оларды зерттеуге тікелей мүмкіндіктер ашылды. Қазақтың философиялық ойы енді кәсіби ойға айналды. Алғашқы философиялық зерттеулер материалистік түрде жазылды. Мысалы, К. Бейсембиевтің монографиясын айтуға болады. Ұлттық психология ғылымын Н. Жандилдин өрбітті. Н.А. Мұсабаева философияны жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерімен байланыстырды. Жоғарғы партия мектебін бітірген, СОКП Орталық комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген мамандар Ә. Жаймурзин, Т. Жұмағазин, Қ.Х. Рахматуллин, Н.С. Сәрсенбаевтар кәсіби философияның дамытуға атсалысты. Әрине, олардың зерттеулерінде әлеуметтік идеялар, халықтар достығы, интернационалистік тәрбие сияқты мәселелер басым болды. Еркін ойлауға жол берілмейтін уақытта олар марксистік-лениндік диалектикалық және тарихи материализм мәселелерімен айналысты. Философиялық ойдың өзегі болып табылатын диалектикалық логикамен айналысатын философиялық мектептің қалыптасуы, әлемдік философиялық ойға қосылған үлкен үлес болды.
1959–1963 жылдары көрнекті отандық ойшыл Ж.М. Әбділдиннің ғылыми жетекшілігімен институт ауқымында диалектикалық логика бойынша ірі философиялық мектеп қалыптасты. Оған көптеген мамандар атсалысты. Мәселен, Кеңестік философтар арасында танымал болған Г.А. Югайдың «Проблемы целостности организма (философский анализ)» және «О категориях части и целого» атты еңбектері шықты. «Диалектика свободы как творчества» атты кітап жарық көрді. Авторлар ұжымы – Ж.М. Әбділдин, Р.Ж. Әбділдина, Н.К. Сейтахметов, А.Б. Қапышев. Бұл еңбекте авторлар диалектикалық логика еркіндікті өзгенің жолындағы шығармашылық қызмет ретінде түсінді. Осынысымен экзистенциализмге қарағанда жағымды саналды. Ол еркіндікті ұшы-қиыры жоқ, ұлы дүние ретінде түсіндіргені соншалық, тіпті «еркіндіктің құлына» айналды, адам бассыздықтың, шектен шығудың билігі аясындағы қуыршақ болды (еркіндікті осылай түсіндірудің әлеуметтік-тәжірибелік зардабын бүгінде айқын көріп отырмыз). Диалектикалық логика бойынша еркіндік, оны «тұтас саналы» деген түсіндірмеге қарама-қайшы ұғым ретінде түсіндірілді. Олардың қатарына ол шығармашылықты (пәндік әрекеттің жоғары формасы), махаббат, жақындары жайлы қамқорлықты (қоғамдық адамның жоғары формасы) жатқызды. Диалектикалық логика, әсіресе категориялар жүйесі ретінде, жоғары интеллектуалды, таза теория болды. Қазақстандық философтар диалектиканы ұғынудың жаңа көкжиегін аша отырып, оны ойлаудың креативтілігін дамытатын мәнін анықтады. Диалектиканың осылайша ұғыну арқылы жан-жақты ойлау сипаты ашылады. Қанша дегенмен де, диалектикалық логика бойынша жұмыстар дидактикалық емес, мазмұнында іргелі этикалық сипаттағы идеялар мен мәселелері бар адамгершілік сипатта.
Еркіндік мәселесіне байланысты қазақ философиясында және қоғамдық ойындағы (Әбішев Қ.Ә., Бурабаев М.С., Орынбеков М.С. Сегізбаев О.А.) зерттеулердің болғанына қарамастан, бұл мәселе онтологиялық тұрғыдан тәуелсіздік, рухани еркіндік ретінде қаралмаған. Отандық философияда еркіндік мәселесін онтологиялық,аксиологиялық тұрғыдан қарастыруға Қ.Әбішев, Ж.М. Әбділдин, Н.Қ. Сейтахметов көп көңіл бөлді. Қ.Әбішев еркіндікті адамның дүниедегі болмысының түпкі онтологиялық негізі ретінде қарастыра келе, еркіндік – адамның о бастан сыртқы себептілікпен, жағдайлармен, ешбір сыртқы күштермен әрі өзін қоршаған ортамен алдын ала анықталмағандығы деп тұжырымдайды. Ал, қазақ философиясындағы еркіндік мәселесі жеке зерттеу нысаны болмағанымен, оны жалпы қазақ философиясының тарихы, рухани мәдениетін зерттеу контексінде қарастыруға зор үлес қосып келе жатқан философтар Ә.Н. Нысанбаевтың, Т.Ы. Әбжановтың, А. Х. Қасымжановтың, Қ. Бисембиевтің, М.С. Бурабаевтың, О.А. Сегізбаевтың, Р. Ж. Әбділдинаның, Ғ. Есімнің, С.Е. Нұрмұратовтың, Г.Ж. Нұрышеваның, М.С. Орынбековтың, Т.Қ. Айтқазиннің, Н.Е. Елікбаевтің, Т.Х. Ғабитовтың, Д.С.Раевтың еңбектерін айтуға болады
Ғарифолла Есім өзінің «Адам-Зат» еңбегінде еркіндік өз ойымен бөліседі: «Еркіндік ізгіліктің де зұлымдықтың да мүмкіндігі. Сондықтан мәдениетті қалыптағыдай мәдениеттілік деп, яғни жағымды мәнінде ғана қолдану теріс түсінік. Мәдениет пен зұлымдық тарихын бірге бастаған демек, мәдениет ізгілікке де, зұлымдыққа да бірдей қызмет атқарған. Тарихта зұлымдық мә- дениет арқылы өріс алған. Сонда мәселе тағы да қайта айналып адам еркіндігіне соғады. Адам еркіндігінде зор мүмкіндік жатыр, онда ізгілік те, зұлымдық та өріс алып кетуі өте ықтимал. Ал осы іске асатын ықтимал құбылыс – істердің бәрі мүмкіндікке жатады. Адам еркіндігі мен мәдениет бірге, олар өзін не зұлымдық, не ізгілік түрінде көрсете алады. Адам еркі екі қабаттан тұрады. Алғашқы адамға жаратушы берген «еркі» бұның адам табиғатындағы көрінетін жері – нәпсіде. Нәпсі еркі – адамдарға жаратушы берген еркі. Адамдардың нәпсіні толық меңгере алмауы да содан. Бұл ерік трансценденталдық мәнде. Адам нәпсіге тиым салып, меңгере алмағандықтан, соған сай мәдени істер атқаруға көшкен. Нәпсінің өзі мәдениет объектісіне айналған. Алғашқы ерік адамдардың табиғатқа бағынуынан көрінсе, ендігі жерде адам еркі шектеусіз. Ол өзін жаратқанға сену-сенбеуіне де ерікті. Адам еркі шектеусіз мүмкіндікке, өлшеусіз түсінікке ие болады. Еркіндік- тің өлшемі адамшылық. Жұмақ та, тамұқ та адамның өз қолында. Жамандықты да, жақсылықты да адам өзіне-өзі жасап алады. Адам еркіндігі оның түпқазығы. Адам болмысы оның өзінің өзіне құрған жобасы. Ол өзін-өзі таңдаудан ешбір бұлтара алмайды, таңдау ол үшін бір жазмыштай нәрсе», – деп жазады философ өз еңбегінде [36, 78 б.]. Отандық ғалым ойын әрі қарай өрбітсек, адамның іс-әрекеті, жақсы, я жаман болу, бақытты-бақытсыз болу, бай немесе жарлы болуы өзінің қолында. Өзінің алған білімі мен тәрбиесіне, өскен ортасына байланысты. Бүгін біз әлем тағдыры үшін жауапкершілік ретінде әлеуметтік жауапкершілікті сезінеміз. Қазіргі уақытта әлеуметтік, саяси, экономикалық және мәдени құндылықтардың әртүрлі жүйелері соқтығысатын күресте, ғылыми-техникалық прогресс ықпалы мен қауіпті нәтижесінің адамзат тағдыры үшін мәні ұлғайды, ерекше рөлді адамдардың моралды-этикалық бейімділігі алды. Әр азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі артқаны өте маңызды. Еркіндік өрісін жауапкершілікке ұштастыра алған қоғам ғана қайырлы қоғам болмақ.
Достарыңызбен бөлісу: |