Диплом жұмысы қазақ дүниетанымындағы еркіндік мәселесі Oрындaушы: Е. А. Мырза 2021 ж


Қазақ ағартушылары мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қоғам мен тұлға еркіндігі туралы ой-толғамдары



бет9/12
Дата12.05.2022
өлшемі161,67 Kb.
#34148
түріДиплом
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

2.3. Қазақ ағартушылары мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қоғам мен тұлға еркіндігі туралы ой-толғамдары

ХІХ ғасырдың екінші жартысы сахара жұртынан бодандық қамытына көндігіп, саяси-әлеуметтік және рухани өзгерістерге толы болды. Басы хан Кенесары болып, 1866-1868 жылғы әкімшілік реформасына қарсы бағытталған Кіші жүз жеріндегі жиырма жылға созылған ел көтерілістерін жаншу нәтижесінде қазақ халқының елдікке, еркіндікке талпынған ниеті мен әрекеті аяусыз тапталды. Отарлық саясат өз мақсатына жетер жолда алға қарай үлкен ceкipic жасады. Ал отарлық жүйе тетігі шыр айналып, реформа шаралары біртіндеп іске аса бастағаннан-ақ қазақ деген асау халықтың мойнына ілінген құрық кенеттен тынысын тарылтып, қандай да болмасын «халық» деп аталатын қоғами құрылымның ең жанды жері - мемлекет көлеміндегі этнос идеясы күрт жаншылды. Ұлттық сана - саяси, экономикалық, идеологиялық құрамдас бөлімдердің бәрін көктей өтетін өзегі мен байланыстырушысы десек, жоңғар шапқыншылығына біржолата тойтарыс бергеннен кейінгі жерде жаңа оянып, жас нәрестенің еңбегіндей енді бекіп келе жатқан ұлттық санаға зардабы ғасырға жетер соққы берілді. Бұл – этнобиологиялық, этномәдени тұтастану процесімізге, ұлттық тұтастығымызға түскен жік, қағылған сынаның ең мықтысы әpi қатігезі еді. Алғашқы қамал алынған соң кейінгісі қиындық туғызған жоқ: мемлекет, жер, тіл, мәдениет функциясы қайта қарастырылды. Өмір – салт құрылымының, елдің таным-түсінігінің бүтіндей түрленуі ұлттық дүниетанымға қойылған үлкен сын болды. Мұндай жағдайда қазақ халқы, отарлаушылардың өнеpi мен мәдениеті жаңа рухани құндылықтарды игеруге тиіс еді. Тарихы мен өмір – салт ерекшелігіне байланысты, басқа мәдениет мазмұнындағы негізгі желіні шапшаң, бар күш – қуатымен жұмыла игеретін, сыртқы әсерді әзірлікпен бойына тез сіңіретін, өзгерістерге өте сезімтал ұлтымыздың синкретикалық ойлау үрдісі бұл жерде де өз жемісін көп күттірген жоқ. Дәл сол уақытта сахарамызда қазақ ағартушылары қалыптасты. Қазақ ағартушылығының басты ерекшеліктерінің бірі - қазақ ойшылдардың көзқарастарындағы әлеуметтік бағыт, сондай-ақ адам болмысы мәселесі өмір мағынасының негізінде, рухани ізденістің басым болуы. Қазақ халқының ойшылдарының шығармашылығы көзді ашып, сауатсыздықты жою, ағартушылыққа бет бұру идея жатыр. Қазақ ағартушылары әлемнің бірегей бейнесін ашып көрсетіп және ой-толғамдары әрқашан еркіндік, адам өміріндегі ағартушылықтың рөлі, адамгершілік мәселесі болды. Еуропаның ағартушы философтары сияқты қазақ ойшылдары да адамдар, оның қоғамдағы рөлі, жалпы адам заттық құндылықтар мен адамгершілік таңдау туралы жаңа идеялардың қажеттілігін алға тартты. Қазақ ағартушыларының еңбектерінде адамның мақсаттары мен мұраттары туралы қазақ қоғамының әлеуметтік талаптарын көрсетіп берді.

Қазақ даласындағы ағартушылық идеология нақты әрі тарихи шындық болып табылады. Патша өкіметіне қосылу, оның мəдениетімен танысу арқылы күн-батыс елдеріндегі өркениетке жақындасу – Ресейге бодан болу кезеңінің нəтижесі. Дегенмен қазақ ағартушылығы дүниежүзілік ағартушылық идеядан оқшауланбай, керісінше, онымен ортақтастықта – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы жалпы ресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Сол себептіде өлкеміздегі ағартушылық идеологияны зерттеуде жалпы ағартушылық құбылысқа тəн белгілермен қатар, оны тудырған мəдени-əлеуметтік ортаның ерекшелігіне де баса назар аудару қажет. Қазақ ағартушылығының өкілдері үшін білім беру - бұл материалдық табысқа жетудің белгілі бір құралы ғана емес, сонымен бірге адамның рухани дамуының негізгі іргетасы мен түпкі мақсаты. Қазақ ойшылдарының пікірінше, білім - бұл адамның жанын рухани және мәдени нұрландырады деп насихаттайды. Олардың пайымынша, адамгершілік, білім, таза еңбек әркезде байлық пен мансаптан жоғары тұрады, билік пен байлықтың ауқымы тар, әрі бірпәстік, ал еңбек, махаббат, қайырымдылық адамды асқақтатын мәңгілік құндылықтар.

Жалпы, ағарту құбылысы Еуропада жаңа дәуірде пайда болғандығы белгілі. Онда рационалистік парадигма басым болды, адамзат ғылымы мен білімінің принциптері алдыңғы орынға шықты. Қазақстан мұндай жалпыға ортақ тәртіптен тыс қалған жоқ. Соған қарамастан, Еуропа мен Ресеймен салыстырғанда ағарту құбылысының себептері мен функциялары бізде басқаша болды. Сонымен қатар, Қазақстанда ХІХ ғасырда қазақ мәдениетінде де, саяси-экономикалық өмірде де көптеген үрдістердің орныққандығы баршаға мәлім. Бұл үрдістің, әсіресе халық ағарту саласында өсуі айқын сезілді. Оның тамыры мен тарихын ұлы ойшылдар мен тұлғаларсыз сөз ету мүмкін емес. Ағартушылардың алғашқы өкілдер жайында заңғар жазушы М. Əуезов: «Қазақ ССР тарихының өткен ғасырын еске алсақ, көзге толық, көңілге медеу үш адамды алдымен айтамыз. Олар кең Қазақстанның шалғай жатқан өлкелерінен шықса да бір туғандай сезілетін асыл жандар. Олар – үшеуі үш мұнарадай болған: Шоқан, Ыбырай, Абай» [12].

Қазақстандағы ағартушылықтың басында болған және саяси- әлеуметтік, философиялық ойдың өкілі Ш.Уәлиханов (1835-1865) өз заманының әйгілі ғалымы, ағартушы-демократы саналды. Ол бірінші болып 19 ғасырдың ортасында қазақ қауымының дамуына сәйкес ағартудың саяси, философиялық және социологиялық принциптерін негіздеді.
Шоқанның ағартушылық көзқарастары бай мазмұнға толы. Ол сахарадағы надандықтың салдары халықтың тұрмыс-тіршілігінің жұтаңдығы мен қазақтардың саяси белсенділігінің төмен болуынан деп пайымдады. Осыдан ойшыл ағартушылықтың мәнін жоғары бағалады. Оның пікірінше, білімді адамдар кедейлікпен нәтижелі күресе алады. Халықтың дамуы үшін ең алдымен еркіндік пен білім қажет деп санаған ойшыл, патша өкіметінің қазақ даласына ғылым мен мәдениетті кіргізбеу саясатына қарсы шықты. Осы мәселе жайында заманауи ғылыми зерттеулерде кездесетін мына пікірмен келісуге болады: «Қазақ ойшылы өзінің «білімсіз, мəдениетсіз, тұрлаусыз» халқының ауыр жағдайына күйзеліп, отарлық езгі мен ұлттық тепкінің астында жүрген елінің күреске шығуға мүмкіндігінің мүлдем жоқ екенін ашына жазады» [13]. Бірақ, ойшыл отарлық езгіден этникалық ерекшеліктерінің эволюциялық даму жолында өз сапалық түрлерін сақтап қалуға тырысқан, қазақ халқы ешуақытта басқа өркениеттік ұлттардың жетістіктерінен аулақ болған жоқ деп есептейді. Тіпті, оның айтуынша, қазақ халқының дамуы мен өркениеттік мəдениетке жақындаудың бір жолы - ол жалпы азаматтық ағартушылыққа қол жеткізу болып табылады. Осы айтылған ойларымызды растауда Шоқанның мына сөздерін еске алуға болады: «Біздің тұжырымымыз еуропалық, əрісі жалпы адам баласына тəн ғылым-білім бұлағының нəр алуда, сол мақсатқа жету жолындағы бөгеттермен батыл күресу. Бұл дамуға, мəдениетті өрістетуге қабілеті қандай да болмасын халықтың түпкі мақсаты болу керек. Ал қазақтың еуропалық қайта туындау идеясын қабылдайтын қабілеттілігін арттыру үшін оған алдын ала білім беру арқылы ой қабілеттілігімен жүйке жүйесін жетілдіру керек» [14; 72].

Ресейдегі 1860 жылдардағы реформалар кезеңі Шоқанның шығармашылық әлеміне, дүниетанымы мен көзқарасына қатты әсер етті. Біз ғылым жолындағы өмірді, туған халқының ортасында бола отырып, елдің тұрмысымен, саяси-әлеуметтік жағдайымен мұқият танысып, жас ғалымды басқаға шабыттандырғанын байқаймыз. Өйткені, ол өзі Ресейде жүргізілген реформаларға тікелей қатысты. Осы сәтті қолдана отырып, ол реформалардың туған халқы үшін жағымды жақтарын қамтамасыз етті. Ойшыл өз халқының мүдделерін бәрінен жоғары қойды. Жүргізіліп жатқан реформалар, ең алдымен, әлеуметтік және экономикалық қайта құруды қамтамасыз ете отырып, ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерге, жергілікті өмір тәжірибесіне назар аудару керек деп болжалды. Ш. Уәлиханов өзінің «Сот реформасы жайында хат» атты еңбегінде: «Отаным үшін осындай маңызды өзгерістер жасалып жатуына байланысты, өзімнің кейбір ойларымды, сот, әкімшілік реформасы мен халықты ағарту ісіне байланысты жазбаларымды қазақ халқының жоғары бастығы ретінде жоғары мәртебелі Сіздің ғұзырыңызға ұсынуды өзімнің міндетім деп білемін» [61, 142–143 бб.], – деп өзінің ғылыми көзқарастарын ұсынған болатын. Европада болған революциялардың бәрі де үкіметтің бостандық үшін болған халық қозғалысының басталуынан туындады. Рационалды емес теорияға немесе өзге халықтың өміріне негізделіп зорлықпен ырықсыз жасалған реформа адам баласын жойқын апатқа душар етіп келеді. Ол өзінің басты мақсаты бүкіл адамзатқа ортақ еуропалық білім көзінен азық алуға кез-келген кедергілерді жеңу деп санады. Адамдардың еуропалық ренессанс идеясын қабылдау қабілетін жақсарту үшін білім беру қажеттілігін атап көрсетеді.

Шоқан Уәлиханов сахара сотының артықшылықтарын дәлелдеуге тырысты. Ойшылдың қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарға қомақты ғылыми үлесі ретінде сахарадағы билік құру мен билердің атқарған міндетіне ғылыми салыстырмалы түрде саралауын атауға болады. Халықты билеушілер халық тарапынан би деп атақ берілген адамдарды сайлап қоймаған. Олар билік өнерге құштарлығымен, әдеттік заңдарды жетік білуімен, шешендік тілмен өздері шыққан. Мұндай билер халық арасына тез тарап, әркімнің аузында айтылатын билерге айналған. Билер істі жалғыз өзі шешпейді, оған қатысатын адамдарға шек қойылмайды, кейде олар адвокатта болып кетеді. Қабылданған шешімге риза болмаған жағдайда, шағым түсіруге құқылы. Бұл тараптан қарағанда мировой судьяларға үлкен билік берілген... Судья бір ғана ардың заңын басшылыққа алып шешім қабылдайды. Қазақты орыс заңымен соттауға болмайды. Оның себебі мынада: біріншіден, өзге тайпалық құрамдағы, өскен ортасы, тіршілігі бөлек қазақтардың қылмыс пен жат қылыққа көзқарасына, түсінігіне орыстармен басқа европалықтармен қатар қарауға болмайды... Орысша бірауыз сөз түсінбейтін қазақ орыс заңын білмеймін деп аузын аша алмайды! Өзіне етене таныс, сонымен тәрбиеленіп, өсіп-өнген заң ғана халық үшін жәйлі болмақ. Бұл заң қаншалық олпы-солпы болғанымен, сырттан телінген немесе жоғарыдан ұсынылған заңнан гөрі оған етене жақын, түсінікті де айқын екеніне ешқандай да күмән жоқ... Мұсылман, қытай және орыстың Орыс правдасы заңына қарағанда, қазақтың әдеттегі правосының адамгершілік жағы басымдау [15, 142–143 бб.].

Энциклопедист-ғалым «өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін өзі басқару және тергеусіз сот» жайындағы ойы қазақ қоғамының дамуы мен ұлттық сананың қалыптасуында еркіндік идеясын пайымдағанын бағамдаймыз. Шоқанның еркіндік сарындағы көзқарасы адамның аксиологиялық қасиеттерінің дамуына қажеттілігімен шартталады. Дегенмен толыққанды жоғары құндылықтарға жету үшін бір еркіндік жеткіліксіз, өйткені сіз сол еркіндікті дұрыс пайдалана білуіңіз керек. Бұл еркідікті тек көзі ашық адам ғана қолдана алады, ал надандық адамның көзін байлайды. Ойшыл ғалым надандық еркіндік дұрыс пайдалануға кедергі келтіріп қана қоймай, адамдарды азғындыққа итермелейді деп тұжырымдайды. Г. Барлыбаева өз еңбегінде «Ш. Уәлихановтың ұлылығы сол – көшпелілердің іргелі негізін бостандығын – жоғалтқанына қарамастан бұл жағдайды түсіне білді, қазақ ағартушысының әлемдік ғылым мен өз халқының алдында жасаған еңбегі жайында, ерекше этнос ретіндегі қазақ халқының тарихи құқығын анық және логикалық дәлдікпен қалпына келтіргендігін, оны ғылыми тұрғыдан әлем халқы қатарына қосқандығын атап көрсетеді» [16, 57 б.]. Сахара жұртының басқараудың, ғасырлар бойы қалыптасқан билер сотының артықшылығын ғылыми түрде дәлелдеді. Орыс губернияларына арналып жасалған реформалар көшпелі тұрмыс-салтына үйлеспейтіндігін ғылыми пайымдайды. Энциклопедист-ғалым ұлтының келешегіне тиімді жағын көздей, нақты дәлелдер келтіре отырып ғылыми түрде өз ұсыныстарын жеткізді. Ойшыл ойын жалғасыра былай деп өрбітеді: «....халық өркендеудің қандай сатысында тұрмасын оның қарапайым өсу жолына: өздігінен даму, өзі-өзі қорғай білу, өзін-өзі басқара білу қажеттілігін басшылыққа ала отырып біз бұлтартпайтын қорытындыға келдік, яғни билер со-тын белгілі мерзімге дейін, 1854 жылы заң шыққанға дейінгі қалпында қалдырып, бұл заңды немқұрайды қараудың төрешіл кеңсешілдіктің идеясының ықпалынан формализм-мен тәртіп түрінде пайда болғандықтан жою керек» [15, 142– 143 бб.]. Жүргізіліп жатқан реформа отарлаушы мемлекеттің мүдделерін көздейтіні белгілі. Отарлаушы елдің күштеп енгізетін үрдістері, ғасырлардан ғасырларға жалғасқан Ұлы Империялардың жымысқы саясаты жасырылды. Замана ағысымен олардың пиғылының бет пердесі ашылмай қалмайтын. Ғалымның кадет корпусын бітіргеннен кейін патша әкімшілігінде қызмет істей жүріп ұлы державалық шовинистік пиғылдарды байқаған болатын.

Энциклопедист-ғалым толғандырған басты мәселе халқының тағдыры болды. Шоқан тек қана Ресейдің әкімшілік және әскери адамдарымен ғана араласып қойған жоқ, озық ойшылдар мен ғалымдармен, саяси элитамен дос болды. Олардың ішінде көрнектісі Ф.М. Достоевскиймен арадағы ұлы тұлғаларға ғана тән риясыз достығы болды. Екі жақты ашық жағдайдағы қарым-қатынастан жан-жақты жетілген тұлғалардың адамзаттың ең бір асыл қасиеттерін бойына сіңіргендігін көруге болады. Россиядағы помещиктік құрылыстың мерездерін сынаушы, декабристер мен революционер-демократтардың арасын біріктіруші петрашавшілдер үйірмесіне қатынасқаны үшін Омбының каторгалық түрмесінде отырған Достоевский сол кезде мылқау, түпкір деп есептелінетін шеткері аймақ Семейге мерзімсіз солдат қызметіне жер аударылады. Шоқанның Семеймен кездесуі оларға қазақ ауылдарын аралап, Достоевскийдің шығыс әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді, ал қазақ ойшылы-ағартушысы ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерден ерекше ләззат алды. Шоқанның ағартушылық идеясының негізі қазақ халқын орыс мәдениетін игеру арқылы жалпы еуропалық әлемдік мәдениетке баулу болды.

XIX ғасырдың екінші жартысында Ұлы Даламызға «Аққан жұлдыз» болған Шоқанның ағартушылық идеялары одан әрі Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаевтың шығармалығында дамыды.

Балалар әдебиетінің атасы атанған Ыбырай Алтынсарин (1841–1889) — қазақ халқының аса көрнекті ағартушы-жазушысы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының ағарту және ұлттық мектептің қалыптасу тарихында терең із қалдырған тұлға. XIX ғасырдың екінші жартысында ұлт ағартушылары демократиялық ойлардың белсенді хабаршысы болды. Ұлт мұңын, талап-тілегін барынша қолдап, қуаттады, халық арасында жүргізілуге тиісті ағарту жұмыстарының түрлерін көрсетті, халық бұқарасының санасын оятуға ұмтылды. Ұлт ағартушылары мектеп құрылысы, берілетін білімнің бағыт-бағдары мен мәні, қазақтың жазуын орнықтыру, кітап басып шығару жұмысын ұйымдастыру, мұғалімдер даярлау т. б. туралы Қазақстандағы әлеуметтік-ағартушылық міндеттерді шешудің жалпы ұстынын анықтауға талаптанып, алғашқы қадам жасады. Дегенмен айтыс-таластарда әсіресе білім берудің, тәрбиенің бағыты мен мазмұны жайлы мәселе қатты қойылған болатын. Қоғамды алға жетелейтін прогрестік ойлардың жүзеге асуына кертартпа, қара күштер әрқашан тосқауыл болатыны заңдылық. Осы кезге шейін қолданыстағы арабтың һәрпін, орыстың теріс жазуына көшірудің өзі ұлттық рухани қазынасын тәрк етуімен бірдей еді. Мақсаты ғылым мен білімге өз көздерін ашуға тырысқан Ыбырайрдың ағартушылық саясатында үстемдік еткен патша әкімшілігінің ықпалына бой алдырмау болды.

Алтынсариннің философиялық әлемінің негізі – адам мәселесі. Адам бақытының негізі – адал жұмыс және өмірге қанағаттану. Болашақта ұлт болып қалудың бір тәсілі – білімді адамды тәрбиелеу арқылы масқарадан құтылу. Егер қазақ халқының философиялық ойы қоршаған әлемнің діни-мифтік, философиялық-көркемдік нысанында, мистикалық рационалды-логикалық, философиялық публицистика мен поэзия нысанында игерілген болса, онда біз Алтынсариннің шығармашылығын осы үлгіден ажырата алмаймыз. Ағартушы-ұстаздың Н.И. Ильминскиймен, В.В. Катаринскиймен және А.А.Мозохинмен "Орынбор парағы" газетіндегі философиялық дүниетанымын бейнелейтін мақалалар мен пікірталастар философиялық публицистика түрінде дамыды. Ұстаздың білім беру ілімінің принципі " бір Аллаға сиынып, кел балалар, оқылық!" бастауының өзі мұсылмандықтың, адамгершіліктің бейнесі. Алтынсариннің әлемге деген философиялық көзқарасы – бұл қоршаған ортаның объективті сүретіндігі. 1879 жылы Орынборда ұлы ұстаздың қазақ тіліндегі «Қазақ хрестоматиясы» атты оқу құралы жарық көрді. Ұстаз кітаптың мазмұнына ерекше назар аударды, балаларға арналған өлеңдер мен шағын әңгімелер жазды. Сол кезеңдегі дамыған елдердің жетістіктері балаларға ғылым мен білім арқылы не болып жатқанын поэтикалық түрде түсіндіруге тырысады. Сондай-ақ орыс оқулықтарынан еркін аударма арқылы әңгімелер мен мысалдарды шебер қолдана білді. Ушинскийдің "Балалар әлемі" Бунаков, Крылов және басқа орыс педагогикасының білім беру процестері мен теориясын игеріп, оны оқу құралдарында қолдана алды.

ХІХ ғасырдың соңында орыс-қазақ мектебін ашқан алғашқы ұстаздың шығармашылық идеясы ағартушылық болды. Ол оқулықтар жазумен, балаларды оқытумен ғана шектелей, мектептерді қаржыландыру, балаларды мектепке тарту мәселелерімен де айналысты. Ағартушы-ұстаз тәрбие барысында білім беру әдіснамасын қолданды. Оқылудың ықыласпен көңілге тоқылуына баса назар аудара келе, тәрбиелік құндылығы жоғары екенін байқаймыз. Н.И.Ильминскийге жазған хатында «Кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге де бар күшімді салып отырмын... оқытудан бос уақыттарымда оларға ресми түрде молда да болып қоям; сөйтіп оларға дін тарихынан білгенімді айтып, оған басқа да пайдалы және түсінікті әңгімелерді де қосып айтамын» [17, 198 б.]. Бұл адам рухының күшін, оның жан дүниесіне әсер ететін энергиясын ашудың құралы. Келешек ұрпақтың жан-жүйесіне мен рухына азық болар барлық ізгілікті ілімдерді сіңіруді мақсұт тұтты.

XIX ғасырдың екінші жартысында «Мыңмен жалғыз алысқан» қазақ ағартушыларының келесі ірі өкілінің бірі əрине, Абай Құнанбайұлы (1845–1904) болып табылады. Абай – қазақ философиясы мен әдебиетінің классигі ретінде қазақтың күллі рухани өмірінің тұтастығының тұғырнамасы, барша шығармаларында бүкіл адамзаттық мұрат пен арман мүдделерді жыр еткен бір ұлттың әлемдік деңгейдегі терең ойлы асқақ философ-ақыны. Ол өзінің бүкіл шығармашылық қажыр-қайратын адамгершіліктің биік мақсаттарын, нағыз кісіліктің салауатты халық болудың жолдарын іздеуге және оларды іске асыруға, сөйтіп, тұлғаның адамгершілік тұрғысынан биіктерге көтерілуін насихаттай отырып, өмір мен өлім туралы кең мағыналы қорытындылар жасайды. Соның арқасында ол тек бір халықтың данышпан философ-ойшылы ғана болмай, бүкіл әлемдік мәдениеттің көрнекті өкіліне айналды. Абай философиясы – қазақ халқының рухани байлығының біртұтас жинақталған көрінісі. Оның дүниетанымы– экзистенциалды сұрақтарға жауап іздеген, халқының бүгінгі күні мен келешегі үшін қам жеп, қиналған ішкі жан дүниесі. Ағартушы-ақынның «Адам бол!» ұраны Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің синтезі.

Ақынның еркіндік жайындағы көзқарастары өлеңдерінде көрініс табады. Мысалы, «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп аталған өлеңі экзистенциалдық толғамға құрылған туынды. Өлеңде адам еркіндігі мәселесі антропологиялық қырынан онтологиялық дәрежеге дейін көтеріледі. Адамзат тіршілігінің мағынасы мен мәніне шолу жасай отырып, өлім мен өмір мәселесін қозғайды:

Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайтып келмек,

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек». [18, 23 б.]

Осы мәтіннің мазмұнына тереңірек назар салсақ, тағдыр, өлім, Құдай сияқты концепттердің кірістіріліп, ұлттық таным түсінікті аңғарамыз. Жас қартаяды, жоқ адам дүниеге келеді, туғандар өледі. Бұл адамзат болмысының қарапайым эволюциялық формуласы болғанмен, тоқтаусыз уақыт пен өтіп бара жатқан өмір сол адамның жеке субьектілік қалауына байланыссыз болып шығады. Осы орайда абсолютті еркіндік пен антропоцентрлік сана тежеледі. Өмірдің бір бағытқа, өткеннен келешекке қарай жүріп отыруы мен өлген адамның қайтпас сапарға кетуі жалпы оның болмысының тағдыры болып айқындалады. Осы тұста абсолютті үстемдік пен еркіндік белгілі бір деңгейде мағынасын жояды. Адам болмысының, тіршілігінің мазмұны субьективті болғанмен, формасы обьективті екендігін байыптаған ой пікірлерін бағамдаймыз. Тағдырдың үсемдік етуі (фатализм) белгілі бір деңгейде еркіндіктің шартталуы деп те айғақтауымызға болады. Көрген қызықтардың артта қалуы уақыт факторын бағамдауға байланысты айтылған идея. Уақыт пен тағдыр немесе, уақытты қалай өткізу керектігін бағындырған тағдыр еркіндік өлшемдерін де өзіне оңай бағындыра алады деген тұжырым меңзелгендігін аңғаруымызға болады.

Келесі бір ойшылдың «Қансонарда» деген өлеңде еркіндік мәселесі табиғаттың тылсым және көркем бейнесін кейіптеуде тек мүлгіген тыныштық емес, қайнаған тіршілік пен адам байланыстыра қарастырылады.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда.

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қандыкөз қайқаң кағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға... Көрер күні үшін түлкі өзінің күрес жағдайында алыса бастаса, қыран бүркіт өзінің мақсаты мен жауапкершілігін орындау үстінде айқасқа түседі. Халық дүниетанымында қыран бүркіт шынайы еркіндіктің, дала еркіндігінің рәміздік белгісі екендігін ескерсек, ол өзінің күш-қуаты мен тіршілік тағайындаған болмысына толық сәйкес келеді және көкті шарлаған, көк аспан кеңістігінің төресіндей абсолютті еркіндіктің нақты нышанын айғақтайды. Дегенмен ақын түлкіні де осал қылып суреттемейді: «Біреуі – Көк, Біреуі – Жер тағысы». Демек, Көк тағысы Бүркіт түптеп келгенде мақсатына жетеді. Бәлкім, Абай сол кезеңдегі дәуірге байланысты қыран бүркіт арқылы қазақ рухы мен еркіндігінің нышанын және осындай күрескерліктің рәмізін білдіргісі келген шығар. Мүмкін арнайы нақ мақсат қоймаса да, осы өлеңнің мазмұнынан терең бойлаған халықтық діл бүркіттің еркіндік сүйгіш азаттығына ризашылық сезіммен қарап, бейсаналы түрде болса, оған еліктеп, архетиптерін оята бастайды. Осыдан ұлттық рух серпілісінің белгілі бір деңгейде өзіндік түйткілдері ашыла түседі деп тұжырымдай аламыз. Қазіргі мемлекеттік рәміздегі аспанды бейнелейтін көк түсті ту және ондағы қыран бүркіт бейнесі осы еркіндік пен азаттықтың кескіні екендігі белгілі жайт. Бұны біз Абай шығармашылығында еркіндіктің «табиғатпен сәйкестендірілген рәміздік көрінісі» деп те ой қорытуға болады Һәкімнің «Ғылым таппай мақтанба» толғауында еркіндік этикалық категориялардың қатарынан көрінеді:

«Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол... – Мұндай императивті ойлаудың мәні – негізгі этикалық қағидаларды елемей, құмарланып шаттану мүмкін емес. Бұл жағдайда осы бес асыл іс-әрекет пен бес нәрседен аулақ болу керек, бұл адамның еркіндігі белгілі бір дәрежеде жауапкершілікпен, этикалық нормаларды мойындаумен шектеледі. Бұл жағдайда құмарланып шаттану, мақтану, баптанудың белгілі бір дәрежеде өмірдің еркін эстетикалық сәті болса да, әрқашан жауапкершілікті сезінуді еске салады. Өз ойын ақын былайша сабақтай түседі:

Жамандық көрсең нәфрәтлі

Суытып көңіл тыйсаңыз,

Жақсылық көрсең ғибратлі

Оны ойға жисаңыз. [19, 41б.] Осы ой-толғам түйіні еркіндіктің кейде көңіл көзі арқылы шектен тыс бостандыққа ұмтылып, белгілі бір деңгейде өзінің кеңістігінен, өлшемінен шығып кететіндігі жырланады. Жамандықты көріп отырғанда, ондан суытып көңілді тыю қажет. Демек, көңілді тыю адамның ерік күшіне сәйкес келетін түсінік. Көңіл – құмарлық, алдамшылық сияқты ұғымдармен мазмұны жөнінен қиылысатын түсінік. Оны тыю және парасаттылыққа жүгіну. Жалпы бұл толғау әрі қарай білімге кұштарлықты дәйектеуге бағытталады. Абай дүниетанымындағы еркіндіктің шектен шығуы, алдымен, этикалық өлшемдермен шартталса, одан кейін ғылым арқылы өзінің қалыпты шеңберінен ауытқымайды деген тұжырымын аңғарамыз.

Ағартушылық идеяны ары қарай, «Елден басқа қайғым жоқ» – деп ұлттық мүддемен тығыз байланыстыра жалғыстырған ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858) болды. Болашақ ақын, аудармашы, сазгер, тарихшы, философ қоршаған болмысқа деген тұлғалық қатынасында адам еркіндігі жайындағы мәселелерді толғады. Бұл философиясын «Ұждан ғылымы» деп бағалады. Ойшылдың ғұмырбаянына үңілсек жастайынан болыстық мансапқада, қажылық сапары, дүниетанымдық шекараны кеңейткен ағасы Абай мен тау тұлға санаған Толстоймен сырлас болуы ойшылдың кемелденуінің бір сыры деп атасақ болады. Сондықтан Шәкәрім философиясы мен ондағы адам мәселесі ойшылдың өмip сүрген дәуіріндегі күрт өзгерген ұлт тарихы, экономикасымен ыдырап, бытырай түскен ұлттық сана нәтижесінде жаңа заманға сай қалыптасқан жаңа адам үлгісінің көрінісі болды.

«Қазақтың Сократы» атанған ойшыл ізденістерінің орталық проблемасы – адам және адамшылық дүниетанымның рационалды негіздерін қалыптастыру. Шәкәрім пікірінше, дүние алғашқы жаратушы – сeбeпciз себептен жаратылады. Адам өмірінің бастауында жан мен тән күpeci жатыр. Ойшыл философиясы материя мен рухтың өзара қатынасын мойындайтын рационалды философия түріне жақын. Солай болғандықтан Шәкәрім философиясындағы мақсаттылық та этикалық принциптермен тығыз байланысты болып келеді. Антика дәуіріндегі субъект мәселесін алға қойған Сократ ілімін дамытушы Шәкәрім үнді-буддистік медитация, христиандық аскетизм, суфизм секілді экстатикалық транс пен терең ішкі үңіліс әдістері арқылы құдайды өзінен іздеуді уағыздайтын бағыттарды, өз ғасырындағы ғылым мен мәдениеттің жаңалықтарын талдап, талғай келіп адамға бағытталған шығыс пен интенциясы дүниеге бағытталған батыс философиясын қамтуға тырысып, «керегін алып», «ақылы ұнағанын жаңадан қосып», ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басындағы Қазақстан философиялық ойының деңгейін көрсетіп берген жаңа сипаттағы, бірегей синкретикалық ұждан концепциясын жасады.

Ойшылдың концепциясы бойынша «Ұждан» дегеніміз – Жаратушы мен дүниені, шексіз бен уақытшаның, объект пен субъекттің арасын жалғастырушы жан қажеті, сұранысы. Демек, адам құрылымының басты компоненті - ұждан. Онсыз адамның ішкі гармониясы ыдырап, статусы - «хайуанның арам, насы» дәрежесіне дейін төмендейді. Яғни, адам ұждансыз да өмip сүре алады. Бірақ тілегi орындалмаған жанды оны тазартушы, қозғаушы, итермелеуші күшi - ұждан болмағандықтан нашар қасиеттер (нәпсi, зорлық, алдау, мансапқорлық өзімшілдік, мейірімсіздік, мақтан) жайлап кетеді. Ал оны содан соң не елемеу, не тыйым салу, не аскеза арқылы тазартып алу мүмкін болмайды. Сондықтанда ойшылдың «Жанның екі өмірде де азығы - ұждан» деп атауы бекер емес.

Шәкәрім шығармашылығына зер салсақ, ерік бостандығы жайында ойлары детерминистік көзқарасқа жетелейді. Дегенмен, Шәкәрім детерминизмі телеологизммен, «жоғарғы бастаманы» мойындаумен ғана шектелетін қалыпты метафизикалық детерминизмге жатпайды. «Құдай салды - біз көндік» емес, Шәкәрімдікі рационалды идеяға құрылған соны ой. Өз теориясында Шәкәрім адамның дүниедегі заттар мен болып жатқан құбылыстар, оқиғалардың ретіне араласу, өзгерту қабілеті болуын құптамайды. Өз теориясында Шәкәрім адамның дүниедегі заттар мен болып жатқан құбылыстар, оқиғалардың ретіне араласу, өзгерту қабілеті болуын құптамайды. Алайда да, Шәкәрімше, ырық бермес тағдыр әрекеті белгілі дәрежедегі epiк азаттығын жоққа шығармайды.Себебі, жеткілікті дәрежедегі epiк бостандығының болуы адам мінез-құлқының жетілуіне, көрінуіне мүмкіндік ашады. Ал кepi жағдайда білім және адамгершілік императивтері қандай да болмасын мәнін жойған болар еді. Шәкәрімнің epiк бостандығы теориясы біліммен, саналы мінезбен шебер астасады.

Шәкәрім теодицея мәселелеріне арнайы тоқталған емес. Дегенмен ойшылдың дүниетанымдық көзқарастарынан зұлымдық - адам жанының қараңғылығы мен жетілмегендігінің, кемелсіздігінің жемісі деп есептейтіндігін тұжырымдаймыз. Жер беті немесе байлық, Шәкәрім түсінігінше, өздігінен жамандыққа айналмайды. Зұлымдыққа олар адам өмірінде атқаратын рөліне байланысты айналады. Адамдар әлеміндегі зұлымдық, Шәкәрімше, ненің ақ, ненің дұрыс екендігін айыра алмайтын адам жанының таяздығын, өресіздігін көрсетеді. Осылайша, адам жақсылық пен жамандықтың бірін таңдай алады. Бірақ ол өзінің талғамының нәтижесінде пайда болатын әрекетті таңдай алмайды. Адам өмірі мен жақсы құндылықтар туралы білім қаншалықты көп болса, бостандық пен тағдырдың қажеттілігі арасындағы қарама-қайшылық соғұрлым күшейеді. Адам өз тағдырына жазылған құпия ашылғанда, ол ешкімнің мәжбүр етуімен емес, өз болмыс-табиғатынын қалауымен әрекет еткен жағдайда бостандыққа жетеді. Шәкәрім адамның өз тағдыры алдындағы ерік бостандығының шектеулілігін мойындағанмен, «адам бостандығы ақыл мен еріктің бірлігінде» деп тұжырымдайды. Шын, реалды бостандық өлшемі ақылды, саналы таным дәрежесімен анықталады, coндықтан адам өз тағдырымен емес, өз бойындағы білімсіздікпен, білместікпен күресуге тиіc.

ХХ ғасырдың басында егемендік идеясы құндылықтық мәнде қазақ халқының санасында айрықша нышан бере бастады. Сахарамызда тіршілік үшін күрес озық ойлы азаматтарды рухани дүниедегі жаңа ізденістерге жетеледі. Ағартушылық философиясының кеңінен үгіттеле, насихаттала бастауы да осы тарихи кезеңге сәйкес келеді. Сол кезеңдегі саяси-әлеуметтік және мәдени өркениеттік ахуал қазақ қоғамында барынша қайшылықты болды. Сондықтан, бұл тығырықтан шығудың жолын табу керек болды. Біріншіден, қазақ зиялыларының тарихи құбылыс ретінде этникалық жаңғыруының қалыптасуына бірден-бір түрткі болатын құбылыстар мен механизмдерді іздеу объективті қадамдардың бірі. Екінші жағынан, Ресей қалаларында білім алған озық ойлы азаматтардың халықтың мүшкіл жағдайынының әрі қарай жалғастыруына іштей келісе алмай, осы қайшылықты жағдайдан шығудың әр түрлі жолдарын іздей бастады.

XX ғасырдың басы қазақ даласында өзгеше құбылыс - интеллигенция, зиялы қауымның пайда болуымен сипатталады. Алдыңғы жүзжылдықтағы дара шапқан саңлақтар сияқты емес, бұл ғасыр зиялы қауымның орталықтандырылған іс-әрекетімен, болмыстық жағдайларға байланысты адам, тұлға, азаматтық, ұлттық мұрат мәселесін қарастыруымен ерекшеленеді. Ел арасынан өздерінің табиғи дарынымен, асқақ білімділік деңгейімен, рухани парасатымен суырылып шыққан алаш азаматтары ұлт болашағы үшін жан аямай тер төгіп, бостандық пен бақытты өмір жаршыларының тұңғыш қарлығаштары бола білді. Алаш қайраткерлерінің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының азаматтық, жаңашылдық мақсаты нақты және шынай мазмұнға ие, қазақ қоғамының хал-жағдайын жақсартуға, оның дамуының даңғыл жолына салуға және жалпы алғандағы ұлт санасын оятуға бағдарлағанын көреміз.

Алаш ардақтыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы жене осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп көрсеткен болатын.



Сол кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық және мәдени прогресстың басында тұрған, өрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866–1937). Өз халқының болашағы мен бүгіні жайлы, ондағы болып жатқан оқиғалар туралы ой толғап, тебіренді. Елдің осындай халіне күңіренді, қазақ халқына тәуелсіздік, еліне егемендік алудың жолдарын басқаша қарастыра бастады.

Патшалық отарлау аппараты өзіне қызметке даярлаған түрлі мамандық иелері арасынан шыққан қазақ интелегенциясы елге жаңа сипат, жаңа көтеріліп келе жатқан ұлттық қозғалыс, саналы ұйымдасқан сипат беру жолдарын қарастырды. Осы бағытта ол бұрын қазақ тарихында болмаған саяси күрес құралдарын игере бастады, мысалы газет шығару, күреске шақыратын кітаптар тарату, өткір қоғамдық-саяси талаптармен петициялар ұйымдастыру. Екінші жағынан, қоғамдық-саяси күресте тәжірибесі аз ұлттық зиялы қауым үшін бұл ұсақ-түйек мәселелермен күресу оңай емес екені анық.

Осы тарихи кезеңде ол іске асқан жұмыстар арасынан мыналарды бөліп-жарып қарастыруға болады. Олар: белгілі Қарқаралы петициясын ұйымдастыру және өлкеде Россиялык Конституциялық демократиялық партияның жергілікті бөлімшесін құру жолында жасалған әрекет. Сол кездегі тұтастай алғанда қазақстандық қоғамның саяси және қоғамдық өміріндегі жаңалық болған бұл оқиғалар Ә.Бөкейханұлының қызметімен тікелей байланысты болғандықтан, олардың тарихи-әлеуметтік негіздеріне қысқаша тоқталып өтейік. 1905 жылы маусымда Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясында қазақ қоғамының келесі негізгі басты ой арнасы үш мәселеден бастау алды. Осы үш үлкен мәселе қазақ азаматтарын бipiгyгe, күш біріктіруге, сөйтіп, саяси күрес жолына шығуға жұмылдырды. Қазақ зиялыларының алғашқы баспа жүзін көрген программалы ой-пікірлер жиынтығы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14 500 адамның қолы қойылып, Петербургке жіберілген әйгілі Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) болды. Қояндыда қабылданған Қарқаралы петициясы II тармақтан тұрса, онда қамтылған талап-тілектерді үлкен үш топқа бөлуге болады: алғашқысы, оқу ағартудың жолға қойылуы; келесі мәселе, қазақтың өз жерін өзінің меншігі деп табылуын талап етуі; үшінші мәселе, қазақ елін басқару жөніндегі «Далалық Ереженің» бүгінгі қазақ өміріне сай қайта өзгертілуін талап eтyi. Саяси сауаттылықпен жазылған петиция патшалық Ресейдің отаршылдық cаясатының бар болмысын, әдіс-айласын, қат-қабат қырларын мейлінше терең ашуға ұмтылған алғашқы айбынды үн еді. Ол Ресей әкімшілік аппаратын жұмылдырмай тұра алмады. Өйткені мұнда талап, тілек-өтініштерімен қатар алғаш рет ресми газет шығаруға рұқсат ету туралы нақты талап көрсетілген болатын. Петицияның III-пункті ретінде берілген бұл талап мынадай нұсқада жазылған еді: «Қазақ, халқының ағымындағы қажеттіліктерін айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару керек, ол үшін цензурасыз газет шығарудың; және баспахана ашудың ешкімнің келісімінсіз шешетін тәртібін талап етеді». Қазақ даласында бұған дейін патшалық, Россияның билеуші аппараттары алдымен аударма ретінде шығарып, бірте-бірте дербес газет дәрежесіне дейін көтеріліп, қазақ тілінде шығарылған: «Түркістан уалаяты» газеті /1870-1882/ мен «Дала уалаяты» газеті /1888-1902/ қазақ баспасөзінің алғашқы беташары болғанымен, негізінен патша үкіметінің орыстандыру саясатының тірегі, өкімет көздеген мақсат-мүдденің насихатшысы рөлін атқарды. Олардың беттерінде қазақ өмірі, мәдениеті мен әдебиеті жайлы материалдар жарияланғанымен, саяси-әлеуметтік мәселелерді көтеретін мақалалардың басылуына аппараттын цензура рұқсат етпеді. Қарқаралы арыз, тілек-талаптарын орындамағанымен, бұл тарихи оқиға саяси аренаға жаңа шыға бастаған жас қазақ саясатшылары үшін идеялық бірлікке келудің, күш біріктірудің басы ретіндегі қадам болды. Орыс патшасының отаршылдық саясатына қарсы ортақ күресте бipліксіз саяси тәуелсіздікке жету мүмкін еместігін пайымдау қазақ зиялыларының eкi тобын: Батысшылдық және Шығыстық (түрікшілдік және исламшылдық) 6ip саяси арнаға табыстырды. Сөйтіп, қазақ даласында XIX ғасырдың жартысынан бастап жаңа ғасырдың алғашқы кезеңінде айқындала бастаған басты екі саяси бағыт бірлікке келді. Осы тарихи кезеңдегі қазақ қоғамындағы ұлт-азаттық қозғалыс адамның ең қарапайым құқықтары үшін, демократия үшін күрес болды. Оның алғашқы тұжырымы ортағасырлық қазақ қоғамынан шығу Ресей арқылы дамудың батыстық нұсқасы, басқаша айтқанда буржуазиялық қатынастарға апаратын жол болды. Әлихан бұл туралы былай деді: «Таяу болашақта далада қырғыз арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси партия құрылуы ықтима олардың бірі ұлттық діни атанып, мақсаты қазақтарды басқа мұсылмандармен біріктіру болмақ. Екіншісі батыстық бағытта... Алғашқысы үлгі ретінде мұсылман татар партияларын алса, соңғысы - орыс оппозициялық, мәселен, «Халық еркіндігі» партиясын алуы мүмкін».[19]

Әлихан 1918 жылға дейінгі қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде және оның ұлттық деңгейге көтерілуінде маңызды рөл атқарған «Қазақ» газетінің ұйымында өз ұлтының жоғын жоқтады, қиын-қыстау, тар

заманнан ұлтты қалай аман алып шығу жолдарын қарастырды. . Әлиханның өмір жолында 1916 жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. Майдандағы жұмысқа қазақ жастары алынған соң, Әлихан бастаған бір топ қазақ интеллигенттері өз еріктерімен майданға аттанып, Батыс Майдан штабы жанындағы Земскі және қалалық одақтың бұратана бөлімін ұйымдастырып, оны басқаруды Әлихан өз мойнына алды. Бөлімнің міндеті майдандағы жігіттерге қажет тұрмыстық жағдай жасау және басқа түрлі көмектер көрсету еді. Бұра бөлімі Қазақстанды дәрігерлер, фельдшерлер шақырды, қазақ мұғалімдерін тартып жігіттердің сауатын ашу үшін кружоктар ұйымдастырды. Олардың арасында осы мезгілде "Еркін дала" ұйымы құрылды «Қазақ» газеті майдандагы жігіттер мен қазақ даласын галғастырушы көпірге айналды, жігіттерге қуат берді, саяси танымын өсірді. Бұл Әлиханның қоғамда адам мәселесін бірінші орынға қойғанын, адамды басты құндылық деп санағанын аңғарамыз. Жалпы ол кезеңдегі қазақ зиялыларының майдандағы жұмысшыларға көрсеткен ағартушылық қызметі ұлттық интеллигенция тарихының жарқын көрінісі. Сол атқарылған істердің басында Әлиханның өзі тұрды. Майдандағы - жұмысшы жігіттерге көрсеткен риясыз қызметі үшін ол құрметке бөленді, «Алаштың Әлиханы» атанды, Әлиханның ел арасында мұндай атаққа ие болуы оның үлкен адамгершілік іс-әрекеттерінің айқын жемісі болатын.

Әлихан «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларында әрдайым


адам мәселесін қарастырып , адамның қоғамда тең кұқылы болуына, барлық
ұлттар жалпы адам ретінде тең екеніне басты назар аударды. Отаршыл Ресейдің жер мәселесі туралы зорлық-зомбылыққа толы саясатын әшкерелеп, мақалалар жазды. Соның бірі 1910 жылы Петерборда «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» атты жинақта Әлихан Бөкейханов «Қазақтар» деген ғылыми мақаласын жазды. Бұл қазақ һәм қырғыз Шыңғыс хан заманынан бері 7 жүз жыл шамасында, жоғарыда аталған 9 облыс жерінде жүріп тұрды... Осы 9 облыс, бір губер-нияда 260 миллион десятина шамасында жер бар. Бұл жердің көбі 10-20 жыл мұнан бұрын қазақ пайдасында еді, соңғы 10-15 жыл Торғай һәм Ақмола облыстарынан қазақ пайдасынан көп жер мұжық пайдасына кетті. 1913 жылғы есепте 1906–1912 жыл-дарда қазақтан мұжыққа алынған жер 6 миллион десятинадан артық [20]. Осындай фактілерді келтіре отаршыл Ресейдің қанаушылық саясатын әшкеріледі. «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын»–деген мызғымас императивті ұстанған Алаш көсемінің еркіндікке құштарлығы, өзгеде алаш ардақтыларының шығармашылығында көрініс тапты.

Ұлт зиялыларының келесі өкілі, Ахмет Байтұрсынов - қазақтың ұлы ағартушы демократы, ақын, жазушы, көрнекті қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым және философ. Ол өзінің бар ғұмырын өз елін өркениетті дамыған елдердің қатарына қосу үшін және халқының болашағы үшін жұмсады. Осылайша Ахмет өзінің табиғи талантын пайдаланып, өз ойын өлең, әңгіме, мақалалар арқылы адамдарға жеткізе білді. Ол ұлт игілігі үшін «Қазақ» газетін ұйымдастырды, сол арқылы көпшілікке сол кездегі қазақ зиялыларының өлеңдері, мақалалары мен жаңалықтары туралы ақпарат берді. Ахмет «Қазақ» газетінің бірінші санында ұлтты және оның рухани байлығын қалай сақтау керектігін түсіндіреді: «Өзімізді жеке ұлт ретінде сақтап қалуымыз үшін бар күш жігерімізді жұмсап ағартушылыққа және жалпы мәдениетке ұмтылуымыз қажет, ал ол үшін ана әдебиетті дамыту керек екенін бірінші міңдетіміз деп санау қажет. Ана тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халықтың ғана өз бетінше өмір сүру құқы бар екенін естен шығармау керек».[21]

Ойшылдың Маса (1911) кітабы өз заманының ашық және айқын сыны болды. Ахмет өз халқының тағдырына алаңдап, кедейлік пен бақытсыздықтың себептерін іздеді, өз халқын жалқаулыққа, қорқақтыққа және жайбарақаттыққа айыптады. Ол өз сөзін масаның ызынына ұқсатып, адамдарды оятуды ойлады. Ол өз замандастарын ата-бабаларының ерлігін, даналығы мен бірлігін еске ала отырып, болашақ туралы ойлауға шақырды. Ахмет өлеңдерінің негізгі мазмұны молданың сынағы, ашкөздігі. Ахмедтің «Қырық мысал» атты еңбегі қазақ қоғамының әлеуметтік кемшіліктерін анықтауға арналған. Мұнда Крыловтан аудармалар берілген. Ахмет, Крыловтың мысалдарының тәрбиелік мәнін түсініп, мысалдар сюжеттерін қазақы шындықпен тікелей байланыстырды. Крыловтың мысалдары қазақ қоғамындағы өмір шарттарынан туындаған идеялар мен ойлармен толықты. Крылов шығармаларында тайға таңба басқандай қылып адам табиғатындағы жақсы-жаман мінездерді бейнелейді, солардың мәңгілік символы ретінде санада орнығып қалған неше түрлі жан-жануарлардың бейнелері бар. Ахмет оларды өз бетінше шебер қолдана білді. Крылов мысалдарына жүгінгенде ойшыл оны өзінің ағартушылық, «күрескерлік қызметіне жарату, яғни, өзіне идеялық қару етіп қолдану мақсатын көздеді. Осы мақсаттың ыңғайына қарай ол аударма объектісін емін-еркін қолданды. Ахметтің адам мәселесін қозғауы оның поэзиясында жан-жақты орын алады. Оның ақындық қабілеті өзінің мұрат-мақсаттарын жүзеге асырудың, ағартушылық, азатшылдық, күрескерлік борышын атқарудың құралы ретінде көрінеді. Ол жайында толғанып, қандай тақырыпты көтерсе де, ондағы негізгі ой арқауы азаматтық сарынмен беріліп отырады. Оның әрбір өлеңінде заман ағымы, туған халқының болашағы, ел тағдыры мәселесі көтеріледі Ағартушылық қызметті қалың жұртшылық

санасына ықпал ететін әлеуметтік қозғалыс дәрежесіне көтеру үшін Ахмет бойындағы ақындық дарынын қару етіп пайдаланды. «Маса» деген атпен шыққан алғашқы өлең жинағының негізгі көздеген нысанасы-масадай ызыңдап, қалың ұйқыда қаперсіз жатқан халықгы ояту болды.

«Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса»,- деп ол халқы үшін тәуекелге бел буады.[22] Ахметтің ойы қайтсе де келешек ұрпақты түзу жолға салу. Қоғамның байлығы - адам екені белгілі. Демек, сол адам өсіп—жетілгенге дейін бала күнінен дұрыс тәрбие берілуі тиіс. "Балалар бұл—жол басы даналыққа",— деп басталатын өлеңге өлем деп бастап, содан күрделі өмірдің не бір ғажайып қырлары мен сырларын түгел игерген көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған азамат болып өскенге дейінгі ұзақ жол түгел сыйып тұрғандай. Сол жолдан түгел өтіп адам боламын деген әрбір талапкерге парыз екенін, күллі адамзат сол жолмен жылжып бара жатқанын сәби санасына жеткізе ұғындырып алғаннан кейін, ол ой түйінін тереңдете тұжырымдап, былай айттады:

Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,

Жүріңдер іздеп тауып алалық та!...

Білімді оқып – үйренген соң, оны қажетті жерінде қолдана білу керек. «Біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек»—бұл сөз қай заманда да күн тәртібінен түспейтін қағида. Ахмет ұғымында білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ қана, ал біліктілік дегеніміз – білімнің жеткіліктілігі ғана емес, сол білімді іске асыра білу дағдысы. Түпкі мақсатта осы екеуінен адамшылық мінез шығару мәселесі тұрады. "Білім – бір құрал. Білім көп адам құралы сай ұста ақылды, не істесе де, келістіріп істейді. «Қазактың білімді адамдары жамандық істесе де халық оған сүйенеді, келістіріп істеген себепті. Өзге жұрт білімді бұзықтыққа жұмсағанға күйінеді, біз оған сүйенеміз. Бұл адасқандық емес пе?",— дейді Ахмет.[22] Қалғып, мүлгіп күн кешкен қайран қазақты қайтсем оятамын, қалай ел қатарына қосамын деп, амал іздеп бақты.

Ахмет өлендерінде күрескер бейнесі, қайраткерлік әрекеттері, оның шығармашылық мұрасындағы ең арналы, танымдық та, тәрбиелікте тағылымы ерекше мол сала. Ол өзінің саналы әлеуметтік қызметінің басынан бастап патша үкіметінің отарлау саясатына, қазақ даласын жайлаған жолсыздықтарға, патша өкілдерінің қатал айуандығы мен солардың аузына қараған жергілікті болыс-билердің опасыз аярлығына, байлардың тоқмойындығы мен тас бауырлығына қарсы күресті. Сондықтан өте күрделі іске басын байлаған Ахмет өз шығармашылығың тырнақ алды туындыларынан бастап түгелдей осы бағытта өрбітті. Ахметтің кезекті мәселе қараңғылық пен надандық еді. Ол осы алысатын, күресетін жауы туралы былай деп ашып айтты: "надандық, өнерсіздік ата жолдасымыз болған соң, олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз - бәрі надандық кесапаты". Ахмет санаулы жылдар ішінде қазақтың ата жауы надандықпен бел шешіп күресіп, қараңғылыққа қарсы өзі көтерген күрес туы астына жиналған қазақ зиялыларынан жауынгер жасақ құрды. Бұл Ахметтің надандықпен күрестегі тарихи ірі жеңісі болды. Оның ісінен нәтиже шықты Ахметтің ұранын өзгелер оның ізбасарлары қазақты оятуға қару етіп пайдаланды.

Міржақып Дулатұлы қазақтың азаттық қозғалысының манифесі «Оян қазақ!» атты 1909 жылғы жинағында ұлтты ұйқыдан тұрғызу мәселесін концептуалдық дәрежеге көтеріп, оны білім мен білікке арқа сүйейтін қауырт қимылға құштарлықпен саяси күрескерлікпен сабақтастырды. Міржақып халықты көпғасырлық ұйқыдан оянып, артта қалғандығын сезінуге шақырды. "Оян қазақ" жинағында автордың алдына қойған мақсаты мен айтайын деген ойы төрт жолдық беташарға түгел сыйғызылған .

Көзіңді аш, оян, қазақ,көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап , хал харап боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты…[23] Жинақтың қара сөзбен жазылған қысқаша кіріспесінде автор туған халқының дүние сарайының "бір қараңғы түкпірінде ұйықтап, ұмыт қалған секілді болып тұрғанын " өкінішпен айта келіп , осы бейқамдықпен жата беретін болсақ, таяудағы болашағымыз бұдан да ауыр күйге ұшырауы мүмкін деген ойды аңғартады.

Міржақып өз заманындағы адамдардың қиын өміріне күйзеледі, халқын сол бір тығырықтан шығаратын жол іздейді. Қазақтың тұңғыш «Бақытсыз Жамал» атты романы Міржақыпқа тиесілі. Романда ұлт-азаттық – қозғалыс тудырған идеясы беріледі. Қазақ әдебиетінде еркіндік идеясы жалпы халықтың надандық және қараңғылықтан арылу ретінде және тең құқығы жоқ қазақ қызына еркіндік әперуге, адам тұлғасы үшін күреске бағытталған еді. Бұл романда қалың малға зат ретінде сатылған, жапа шеккен қазақ әйелінің өмірі бейнеленеді. Ойшыл Жамал арқылы қазақ халқының шынайы тұрмысын , қоғамның күрделі мәселелерін суреттейді . Жамал бар күшімен білім алуға ұмтылады , бастауыш білім алып, оны жалғастырғысы келеді. Дегенмен, Жамалдың өмірде жолы болмай, қазақ қоғамына сай жүйенің құрбаны болады.Міржақып қазақ қызының қоғамдық жүйеге қарсылығын, өз тағдырына өзі билік еткісі келгенін көрсетуге тырысады. Жазушы қыздың ата-аналарын, қоғамды қатал сынайды. Осы туында халық арасында үлкен беделге ие болды .

Міржақып пен Ахметтің ағартушылық бағыттағы қызметтері «Қазақ» газетінің редакциясындағы жұмыстары барысында айқын көрініс тапты. Олар газет пен журналдардың мәдениет пен білімнің ошағы ретінде және ұлттық сананы қалыптастырудағы ерекше рөлін жақсы білді.. Міржақып пен Ахмет жазған мақалалар тақырыптары аса ауқымды, ХХ ғ. Бас кезіндегі қазақ қоғамының өмірін толық қамтыды. Ағартушылар қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына қызығушылық танытты, медицинаның жағдайы, жаңа мектептер мен сот жүйесінің жұмысы туралы әңгімеледі, халықаралық іс-шаралар мен мәдени өмір туралы, патшалық Ресейдің саясатынан зардап шеккен қазақтар туралы жазды. Олардың ойынша, қазақ қоғамын өзгерту үшін адамдардың санасына серкіліс жасау, болашақ жайында ойландыру керек деп санады.

«Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі халі», «һүнермекен хасыл болған нәрселер», «Мөжір-медресе хақында», «Таршылық халіміз хақында аз мінәжат», т.б. публистикалық өлеңдерінде Міржақып қазақ халқының өзге елдермен дәрежесін теңетер күш-өнер, білім, ғылым, мәдениет және еңбек қайраты екеніне ерекше назар аударған. Жер мәселесі мақаласында М.Дулатов: «Надан халық білімді халықтардың қасында өзінің діні, хақын сақтай алмай, дүниеден ақыры есебін бітіруі ықтимал», - дейді. Міржақыптың «Оян қазақтағы» халықтың отаршыл үкімет езгісіндегі ауыр халіне ашуынан туған, күреске үндеген ойларының негізгі сарыны оның публистикалық мақалаларында күшейе түскен. Оның мына мақаласында Шәкәрім қуаттаған «ар-білімі» өз жалғасын тапқан. «Біздің қазақтың оңбай тұрғаны да ар-ұят босағада қалып өсек , өтірік төрден орын алып, халыққа қару қылып жұмсаудан». Елдің надандығын Міржақып халық арасында жеткілікті мектептердің жоқтығынан көреді. Демек, қазақты надандықтан құтқарудың бірінші жолы - мектеп ашу. «Бұл кезде қазақтың надан болып тұрған себебі, оқудан қашқаннан емес, халыққа керегінше школ, мектептердің жоқтығына» - деп өнерсіз жұртты өнегелімен теңестірер күш-білім, ал білім берудің алғашкы сатысы - мектеп, мектепті көптеп ашушы алғашкы ұйым - земство дейді. Бұрынғы қазақтың жақсы күнінен қазіргі күніне мирас болып қалғаны - өткенге өкіну екенін, енді сол өкініштен ғибрат алып, талас- тартыс заманында қолдағы барынан толық мақұрым қалмас үшін оқуға көңіл бөлу керектігін былайша жазды . «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт-оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақта - бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз - оқу. Надан жұрттың күні қараң , келешегі тұман», - деді.[24]



Білдіру білмегенге білгенімді, өзімнің деп білемін зор міндетім деп,- өзі айтқандай, мақсатты да мағыналы, өнегелі өмір сүре отырып, Міржақып келешек ұрпаққа ағартушы, гуманист ретінде мол мұра қалдырды.

Ұлт қаймақтарының бірегейі, қазақ халқының дарынды біртуар ақыны, ойшыл Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығының өзекті мәселесі халқының азаттығы мен бостандығы және адам еркіндігі болды. Өзіндік философиялық дүниетанымының ерекшелігі, поэзия арқылы терең ойды ұштастыру арқылы өрнектеген ақын. Ойшыл «Педагогика» атты ғылыми еңбегінде: «Өз елін сүйсін дегеннен – адам өз халқынан басқа халықтарды мейлінше жек көрсін, басқа халықтарға тек қасқыр болып тисін деген сөз шықпайды. Бұлай болса жер қанға тұншығып, бұзақылық белең алып, жауыздық өрлеп, жер жүзінде тыныш тұрмыс болмас еді... Жер жүзіндегі адам адамды сүймек. Бұл адамның жаратылысындағы негізгі мінез» [25,143б.] деп адамзатқа ортақ құндылық жайында гуманистік көзқарастарын негіздейді. Ақынның әлеуметтік-философиялық көзқарастарының қалыптасуына сол замандағы қоғамдық қайшылықтар өз әсерін тигізді. Мағжан өз өлендерінде суретшілдік көрегендігінің арқасында осындай қым-қиғаш, қарама- қайшылығы мол дәуір жайын көрсете алды. «Пайғамбар», «Күншығыс» , «Жер жүзі», «Бостандық», «Орал», «Оралтауы» тағы басқа өлеңдерінде заман көтерген әлеуметтік, рухани жайларды анық байқауға болады. Шығыс пен батыс мәселесі ойшыл өлеңдерінде көп толғанады. Себебі, ақын өзін шығыс өкілі ретінде шығысты жоғары қояды және оған сенеді, зор үміт артады. Соғыс, қантөгіс, жан мен дене азғындауы сияқты ажалдың қара түтінін жүргізген батыс кесапатынан сақтандырады. Ақын бостандықты шығыстан күтеді, Азия өзінің қараңғылығын жойып , түрменің тор көзін, қолды байлаған шынжырды күл талқан етіп үзеді деп сендіреді. Ол "Пайғамбар" деген өлеңінде былай дейді:

"Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Күні батып, жаңа таңы атпаған.

Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Тәңірісін табанына таптаған...

Қайғыланба соқыр сорлы шекке зар,

Мен- Күн ұлы , көзімде Күн нұры бар,

Мен келемін, Мен келемін, Мен келемін,

Күннен туған, Түннен туған пайғамбар"[26] Мағжанның осы толғауындағы жиі қайталанған "Күн", "Күн ұлы", "Күннен туған" деген сөздерге зер салуымыз керек. Ақын күн мен түнді диалектикалық бірлікте қарастырып, бірінсіз екіншісінің жоқ екенін суреттейді. Сондай-ақ, сол түнді күнге жеңдіру және уайым, қайғы, түнек ұғымын, жарыққа, жылуға, отқа қарсы қояды. М. Жұмабаев өз шығармашылығында еркіндікті адамдардың мәндік белгілері арқылы анықтайды. Еркіндік адамдардың өз мақсаты мен мүдделеріне сай, объективті қажеттілік танымына сүйене отырып, әрекеттенуі. Еркіндік саналы қажеттілік ретінде қарастырылады. Егер еркіндік адам болмысының іргетастық негізі ретінде қарастырылса о баста қажеттілік болып табылады. М. Жұмабаев рухани еркіндікке көп мән берген. Оның дәлелі оның қазақтың әнұраны әуенімен жазылған «Біз Тұран елі едік» өлеңі. Осы өлеңінен бірнеше шумақ келтірейік:

Алаштың Көк Туын қолға алды халқымыз,

Оралды ескі әдет-ғұрпымыз, салтымыз.

Еркіндік тізгінін мықты ұстап, қаймықпай,

Қазағым, шыңға өрлеп, ән шырқап, шалқыңыз.

Атандық еркін ел біз енді.

Қолға алдық бостандық туын да.

Сара жол салынып, түзелдік.

Біз үлгі жас өркен буынға.

Қабылдап қайталдан бабалар тұлғасын,

Әлемдік жарыста аламыз шың басын.

Қияға қарыштап, өнермен, біліммен

Еркіндік елінде жасаймыз мың ғасыр [37, 108 б.].

Қызылдардың билік басына келуіне байланысты алаш зиялылары әртүрлі көңіл күйде қабылдады. Кейбіреулері жарқын болашаққа жол ашылды деп сеніп, жарық күн туды, бостандық, азаттық таңы атты деп жырласа, жаңа өмір, сезімтал ақын Мағжанға қара түнек түн болып көрінед:

Әлденені бөлісіп,

Ыржиысып күлісіп,

Ән жер, мін жер жалт та жұрт.

Жел ұлиды өкіріп.

Жындар жалп-жалп секіріп...

Қара жолдан сүрлеу жоқ.

Артымда елім бар еді,

Алдымда жолым бар еді

Ел де жоқ қазір, жол да жоқ...

Табылар жолың, тарылма,

Жылама жынға жалынба,

Таң атқанша күн де жоқ [25, 106 б.]. Өз халқын жырлары арқылы жұбатып, азаттық таңы атарына сенеді. Ақынның жан күйзелісінде қазақ халқының бостандығынан айрылғаны қатты әсер еткенін көреміз. Мағжан ақын осылай терлене толғаса - ол да тағдырдың басқа салғанын әрі мойындау, әрі тағы да шығар жол іздеп, шарқ ұруы. Азаттықты аңсау, бостандыққа ұмтылу көк бөрі көк түріктің Алаштың, оның ойшыл, жалынды ақыны Мағжанның қасиетті борышы болды:

Өткенді ойлап қайғырма

Əр кəмалға бір зауал

Ежелден болмақ емес пе?

Ескіше тұрып егеспе

Заман түлкі, тазы бол,

Базарша дүкен құр енді» [27, 67 б.]. ХХ басындағы қазақ қоғамында орын алған өзгерісте, отарлық тас құрсау, құлдық бұғау өкпесін қысып, алшысын қуырған ащы өмір, ақынның еркін шығармашылық жүргізуіне кедергілердің көбеюі, экзистенциалдық сарындағы философиялық ойлардың туына себеп болды. Ақынның «Сұм өмір абақты ғой саналыға» немесе «Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі» – деп жанның сол үшін күйіп жанатындығын айтады. Дегенмен адамның сенімі соңғы солатынын еске алсақ, Мағжан «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін» – деп еркіндікке, азаттыққа деген сенім мен жауапкершілікті келер ұрпаққа аманаттайды.

XX ғасырдың басында өмір сүрген және ағарту философиясына қатысты өзінің саяси-әлеуметтік, гуманистік көзқарастарын жан-жақты зерттеген қазақ зиялыларының бірі – Жүсіпбек Аймауытов болды. Оның шығармашылығы мен ғылыми ағартушылық қызметі қазақ халқының өмірінде болған үлкен төңкерістер кезеңіне тура келді. Халық ауыз әдебиетін, халықтың мақал-мәтелдерінің, әдет -ғұрпын, мәдениетін жете білген.



Ж. Аймауытов сол туған халқының сана- сезімі мен болмысын жаңа ғасыр, жаңа заман, жаңа қоғам талаптарына сай қалыптастыру үшін жан- жақты ізденістер жүргізе бастады. Ағартушылық философиясының идеяларын терең игеріп қана қоймай, оны жүзеге асырудың жолдарын, әдістерін іздестірді, халыққа әсер етудің, сана-сезімді жетілдірудің ең қолайлы кұралы әдебиет болғандықтан, қазақ даласындағы ғасырлар бойы қалыптасқан даналық дүниетаным, өнер мен білім әдебиет арқылы, берілгендіктен, Жүсіпбек те өз елінің болашағы үшін күресті.

Ойшыл аз ғана шығармашылық өмірінде көптеген құнды рухани мұралар қалдырған ойшыл . Оның көзқарастарының негізгі тақырыбы- адам еркіндігі, халық азаттығы идеясы. Ол феодалдық патриархалдық салты, қалың бұқараның қараңғылығын, мешеулігін сынап, оларды оқу, білім, өнер жолына түсуге шақырады. Бас көтерер адамдарды ел қорғаны болуға үгіттейді. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің бәрін де революцияның әсері деп мойындайды. Жүсіпбек өзінің көптеген замандастары сияқты, кедей мүддесін жиі сөзге тиек етіп, кедейлерге бүйрегі бұрғанымен, үнемі тап тартысы, кедей мен бай күресі идеясына ашық бара бермейді. Ол тап көлемінен шығып, жалпы қазақтың тұтастығын елдігін көздейді, сонымен қатар адам баласының бәріне ортақ жалпы адамзаттық идеяларға көңіл бөлуге тырысады. Сондай-ақ, XX ғасыр басындағы қазақ зиялылары қолдаған жалпы шығыстық , түркілік көзқарастар Жүсіпбекке де өз әсерін тигізген еді. Олар ұсақ ұлттардың бірігуін алдарына мақсат етіп, әртүрлі ұйымдар құруға әрекет жасаған болатын . Жүсіпбектің гуманистік тұрғыдағы ағартушылық көзқарастары қоғамдағы әйел мәселесін жан-жақты зерттеп қарастыруы байқалады. Сол кездегі әйел теңдігі тақырыбына жазылған жұмыстардың ең ауқымдысы «Ақбілек» романы. Автор бұл еңбекте әйел мәселесін өзінше ашуға тырысты. Мұнда ол бас кейіпкерді тек періште етіп көрсете бермей, өмірдегі бар болмыс - бітімімен , өзіндік табиғи тіршілігімен қаз - қалпында бейнелейді. Романдағы барлық оқиға Ақбілектің айналасында өтеді. Осы еңбекте авторға тән гуманистік көзқарастарды әр тұстан байқауға болады. Тегінде адам анадан туғанда жаман болып тумайды, оның жақсы, жаман болуы да өмір сүрген ортасына, алған тәрбиесіне байланысты болса керек . Олай болса әрбір адамды өмір-бақи бір ғана нәрсе, ар-ұят қана азаптан өтей алады. Қанша қанды қол қылмыскер болса да ол өзінің әрекетінің дұрыс, бұрыстығын іштей болса да біледі, сезеді . Кейде біле тұра барады, өйткені оның себебі болады. Автор өзінің бұл еңбегі арқылы қазақ ауылының азаматтық соғыстың тигізген әсері, еш жазығы жоқ қыз Ақбілектің қоғам қайшылықтарынан дүниетанымдық сана-сезімдік өзгеріске ұшырауы жайлы үлкен философиялық қорытынды жасайды. Осы «Ақбілек» романы ойшыл шығармаларының XX ғасыр басындағы қазақстанда орын алған қоғамдық құбылыстардың философиялық, саяси-әлеуметтік, психологиялык негіздеріне бағытталғанын тағы да дәлелдей түседі. Жүсіпбектің «Күнікейдің жазығы» повесінде де әйел мәселесі жан-жақты талданады. Бұл еңбектің негізгі тақырыбы-қазақ ауылындағы әйел тағдыры. Көшпенді елдің феодалдық-патриархалдық тұрмысы жағдайындағы кедей шаруалардың тіршілігін Жүсіпбек осы ортадан шыққан қыз тағдыры арқылы жан-жақты, терең бейнелейді. Ауылдағы ауқаттылар мен әлсіздердің ара қатынасы, қоғамдық әділетсіздікті автор шебер суреттейді. Осы ортадан шыққан Күнекей қоғамдағы әділетсіздікке бас көтереді, өзінің адамдық , азаматтық құқын қорғауға батыл талпыныстар жасайды. Осы еңбектің қорытындысында Жүсіпбек қазақ қоғамында әйел теңдігін қорғай алатындай сол кездегі қоғамда әлеуметтік жағдай қалыптаспағандығын толық дәлелдеп береді.

Әйел мәселесінің әртүрлі қырларын Жүсіпбек өз
шығармаларында жан-жақты ашып береді. Оның қоғамдық-саяси
көзқарастарында, газет, журналдарда шыққан көптеген мақалаларында да
бұл мәселе жиі-жиі көтеріліп отырды, олар: «Әйелдер күніне әзірлену керек», «Әйелді мектепке алыңдар», т.б. Бұл мақалаларында автор
қоғамдық сананы көтеру үшін әйел қауымында қандай жұмыстар
жүргізу керек екендігіне тоқталады. «Бұл күнде Кеңес мемлекетінің зор
мәшинесін жүргізуге еркектер бір тетігі болып , қызмет етіп отырса,
ондай тетік болуға әйелде де мүмкіндік бар. Мәшинені жүргізуге әйелді
жібермей отырған не? Ол - әйелдің қарын танымайтындығы»- дей
келіп, коғамның тең құқылы мүшесі болу үшін оқу оқып,
сауат ашудың ауадай қажет екенін ойшыл айқындап берді.
Әйел мәселесінің күрделілігі мен ерекшеліктерін толық түсінген ол,
білім беру мәселесінің де кемшіліктерін ескере отырып,
былай деді: «Мектепте әйелдер көп оқысын десек, саяси ағарту
бөлімдері әйелдерді оқытуға ең жақсы оқытушыларды жіберсін ,
мектепке қызықтырсын және оқуды өмірмен байланыстырсын ,
әйелдердің тілегенін орындап отырсын». Сонымен, Жүсіпбек
әйелді оқытудың негізгі мақсатын мынадан көреді: «Әйелге
хат танытудың бір мақсаты, көбінесе әйелдер құқын сақтай білетін адамдар болып шығу». Ал «Әйелдер күніне әзірлену керек» деген мақаласында Жүсіпбек қоғамдық өмір, мемлекет құру жанұядан басталатынын терең түсініп, былай деді: Әлеуметтік тұрмыстық тамыры – үй-іші өмірі. Үй-іші өзгермей, әлеуметтік өмір де өзгермек емес қой. Қазақтың үй ішіне өзгеріс кірді. Ақ жаулыққа қызыл сәуле түсті. Ошақ астындағы, от басындағы сәуле емес, қиырдан атқан таңнан келген сәуле»[27]. Осылайша, қоғамды өзгерту ісінде әйелдің алатын орны ерекше екенін Жүсіпбек қалың жұртқа паш етті. .Жүсіпбек жалпы адамзаттық құндылықтарды таптық мүддеден жоғары койды және өз көзқарастары үшін өмірінің соңғы күндеріне дейін батыл күресті.

Келесі қазақ философиясының көрнекті ағартушысы, ақын-демократ Сұлтанмахмут Торайғыров (1893–1920). С. Торайғыровтың адам еркіндігіне көзқарасының өзіндік ерекшелігі бар. Адам санасының объективті ортаға тәуелді ал еркіндіктің жеке меншікке тәуелділігін түсінген. Торайғыровтың еркіндігі оң және теріс құндылықтармен байланысты. «Теріс еркіндік» ұлттық қуғындау мен эксплуатациямен кедейліктен қашумен шығатын еркіндік, ал «оң еркіндік» таным мен шығармашылық, ерік пен таңдау, өне- гелік еркіндігі болып табылады. «Танысу», «Социализм», «Айтыс», «Алаш Әнұраны» өлеңдерінде еркіндік мәселесі кеңінен қарастырылған. С. Торайғыровтың ұстазы Алимхан Ермеков өзінің еске алуларында былай деген: «Қазақ халқының еркін болашағы екі бағытпен байланысқан болатын: біріншісі – Ресейден ажырау. Бұл нағыз ұлтшылдық болып саналған. Екіншісі – қазақ халқын екілі эксплуатациядан ажырату. Сұлтанмахмұт демократиялық бағыт бойынша жүріп отырды». Уездік басшылықтың қол астындағы өмір нағыз еркіндіктің жоқ, құлшылыққа мәжбүрлеу өмірі деп есептеді ойшыл. Адам өмірі құндылығы бағаланатын қоғамда ғана еркіндік бар болады. Ғылыми-техникалық прогресстің нәтижесіне ғана табыну рационалды ойлау мүмкіндігін абсолют- тендіруден бас тарту шынайы еркіндік шарты болып табылады. Еркіндік адамға өзіне деген сенімділікке әкеледі дейді ойшыл. Еркіндік категориясын қазақ ойшылы шығармашылықпен байланыстырады. Шығармашылық адам баласының ажырамас құқығы, ол адамға еркіндікті іштей сезінуді бере алады, оған керемет күш береді, оның тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі. Ұлт- тық шығармашылық үшін күрес – бұл адамдарды еркін тұлға ретінде өзін нақтылауына көмектесетін жалғыз жол.

Ойшыл шығармашылығында ерік еркіндігі мен таңдау туралы мәселе жалпы ұлттық мәселелермен байланысты, жекелей алғанда бұл мәселелерге – қазақ халқының ұлттық-мемлекеттік құрылымға қатынасында еркінің жоқтығы және өзін анықтауға құқығының жоқтығымен байланысты мәселелер жатады. Моральдік парызы мен жауапкершілігі жоқ адамдар кедей, малшы-қойшы адамдарды, кедейлерді адам деп санамады. Шынайы гуманист ретінде Торайғыров әйелдердің сол кездегі жай-күйін де қарастырып өткен. Барлық еркіндіктің түрінен айырылған әйелдің қоғамдағы орны тек отбасын сақтаушы, ұрпақты жалғастырушы ретінде мәжбүрлеуші міндет болып саналған. Ойшыл қазақ қыздарының қалың мал үшін өзі сүймейтін адамдарына күйеуге шығуына қарсы болды. Еркіндікке жетудің мүмкін еместігіне қарамай ол туралы арман адамға антагонистік қоғамның әртүрлі шарттарынан құтылуға бастау болды. С. Торайғыров еркін өмірге социализм қоғамы арқылы жетуге болады деп ойлайды. Ойшыл еркін социализм гуманизм, әділеттілік, теңдік идеяларының алға шығуымен байланысты деген. «Социализм» мақаласында ол еңбекшілердің жоғары білім алатынына, ғылым мен өнерге тех- никаның соңғы жетістіктеріне жететініне сенген. Адам еркіндігін осылай шеше отырып, ойшыл оны бақыт, жамандық пен жақсылық, әділеттілік пен жауапкершілік сынды өмірлік құндылықтармен қарастырады. «Жақсылық жасау әр адамның парызы» дейді ойшыл. Таңдау еркіндігі адамның өнегелігі, оның тәрбиелілігіне, білімділігіне, еңбекқорлылығына байланысты. Бұл сапалар жоқ болғанда көптеген бақытсыздықтар болған деп есептейді ойшыл.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет