Дипломдық жұмыстың мақсаты. Философиялық мәңгілік сұрақтардың арасындағы іргелісі болып саналатын еркіндік мәселесінің қазақ дүниетанымы арқылы жүйелі философиялық талдау жүргізу. Қол жеткізген тәуелсіздігімізді нығайту мен еркіндік рухын асқақтату.
Зерттеу жұмысының міндетті:
- еркіндік категориясын жүйелі түрде философиялық-теориялық талдау жүргізу;
- қазақ философиясындағы еркіндік пен әлеуметтік азаттық құбылысын философиялық тұрғыдан сараптау;
- еркіндік идеясының қазақтың ауыз әдебиетінде және ақын-жыраулар шығармашылығындағы бейнеленуін қарастыру;
- қазақ ағартушылары мен алаш арыстарының еркіндік жайындағы ой-толғамдарын саралау;
- еркіндік мәселесінің кеңестік қазақ философиясында және тәуелсіз Қазақстан философиясында қарастырылуын талдау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- еркіндік – философиялық антропологияның маңызды категориясы деген тұжырым жасала отырып, философиялық-теориялық талдау жүргізілді;
- қазақ халқы кедергісіз қозғалысты және ой еркіндігі мен пікір дербестігін еркіндіктің алғышарты ретінде санайтығы жайындағы дәлелді уәждер көрсетілді;
- қазақ философиясында таңдау еркіндігі мәселесінде моральдық құндылықтар арқылы әрекет жасауға басымдық танытаны айқындалды;
- жаһандану дәуірінде шексіз еркіндікті асқан жауапкершілікпен сабақтастыру жайында тұжырымдама келтіріліп, ұлттық дүниетаным арқылы дәйектелді;
Зерттеу обьектісі ретінде еркіндік құбылысын қазақ дүниетанымы арқылы қарастыру.
Зерттеу пәні ретінде еркіндік мәселесінің философиялық теориялары мен концепциялары жатады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
1. Еркіндік – адамның өзінің рухани және физикалық әлеуетін іске асыру, құқықтық және адамгершілік нормалары шеңберінде өз бетінше әрекет ету қабілеті. Мүмкіндік ұғымы бұл жағдайда адамның жеке қасиеттерін де, оның өмір сүру халін, объективті жағдайларын да көрсетеді.
2. Еркіндік құбылысының философия тарихындағы эволюциясы ежелгі антикада еркін болу – өз жеріңе қызмет ету мақсатында қарастырылса, ал орта ғасырда бұл парадигма теоцентрлік көзқараспен ұштасты. Құдайдың еркіне құлақ асудың арқасында адам ізгілікке ие болып, барлық жағымсыз нәрселерден арылады деп түсінілді. Еркіндік өз кезегінде бүкіл әлемнің жаратушысы ретінде тек Құдайға тән құбылыс ретінде танылды. Қайта Өркендеу мен Жаңа Заман философиясында еркіндік құбылысы басты назар аударатын объектіге айналды. Адамның ерекшелігі – оның ерік-жігері, бұл оған өнермен айналысуға және айналасындағы әлемді өзгертуге мүмкіндік береді. Адамның бұл әлемдегі орны Құдайға және оның еркіне байланысты емес, әр адамның қалауы мен тілектеріне толығымен бағынады. Өзінің мақсаттарына сүйене отырып, пенде адамшылдықтың шыңына жете алады. ХІХ-ХХ ғасырларда еркіндік туралы жаңа түсінікке неміс классикалық философиясы, өмір философиясы мен экзистенциалдық философия елеулі үлес қосты, олар үшін еркіндік мәселесі де алдыңғы қатардағы сұрақ ретінде қарастырды. Олар еркіндік құбылысының сан қырлы тұстарын ашып және де бұл мәселеде көптеген сүрақтар қалдырып кетті.
3. Қазақ философиясы еркіндікті болмыстың іргетасы деп қарастырады. Адам мен ғаламның қатынасы негізінде еркіндік мәселесі «Әлем-Жер-Адам» қатынасы тұтастықты қамтып, адам табиғаттан ажырамас төл туынды деп пайымдалады. Қазақ философиясындағы еркіндік мәселесі ауыз әдебиетінде және ақын жыраулар шығармашылығында көрініс тапты. Жыраулар дүниетанымында адам еркіндігі ең жоғары құндылық деңгейінде қарастырылды. Ақын-жыраулардың шығармашылығына тән ортақ белгі – еркіндік, ел тұтастығы мен ұлт бірлігі мәселелерінің дәріптелуі. Билеушілерге халықты басқару туралы бұл толғауларда ақыл-кеңестер баяндалып, ал халыққа өзін әртүрлі жағдайларда қалай ұстау керектігі жайында өсиет айтылды, табиғат дүниесі мен қоғам өміріндегі өзгерістерді түсіндіруге бағытталды.
4. Қазақ халқы кедергісіз қозғалысты және ой еркіндігі мен пікір дербестігін еркіндіктің алғышарты деп санайды. Халқымыз еркіндік ұғымын – рухтың асқақ ойлары мен сезімдерден өзге адамның ерік-жігерін жасытатын қандай да бір шектеулер мен тыйымдарды мойындамау, жақсылық пен ізгіліктен өзге принциптердің құлы болмау деген сөз деп қабылдайды. Көшпелі қоғамдағы адамның өз «Менін» қоғамдық мүддеге жеңдіре алуы, өзінің толық еркіндігін асқан жауапкершілікке және қоғам алдындағы парызына үйлестіруі арқылы байқамыз. Кері байланыс ретінде «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шығады» - деп, әр азаматтың қызметіне мәнділік беріп, қадір-қасиетін халқымыз жете түсіне алды.
5. Еркіндік пен моральдық құндылық арақатынасы қазақ дүниетанымында парыз, әділеттік, әдемілік, махаббат, жауапкершілік сияқты құндылықтар арқылы айқындалады. Халқымыз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыру, таңдау еркіндігін моральдық құндылықтар арқылы өрнектеуге басымдық танытты.
6. Бейбітшілік пен толеранттылық арқылы дамудың даңғыл жолына түскен ұлтымыздың ерекше болмысы еркіндік пен бостандық сүйгіштігі. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан азаматтарымызға еркіндіктің ауыр салмағын және осы еркіндік үшін күрескен бабаларымыздың алдындағы парыз бен келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік жүктеледі, сол арқылы ғана ұлт ретінде ұлы істерді атқара аламыз.
Жұмыстың теориялық-әдіснамалық негізі ретінде еркіндік мәселесімен айналысушы отандық және шетелдік ғалымдар: К. Ясперс, Ж.П.Сартр, Э. Фромм, Сегизбаев О.А. Ғ. Ә.Н. Нысанбаев, Т.Ы. Әбжанов, А. Х. Қасымжанов, Қ.Бисембиев, М.С. Бурабаев, Р. Ғ. Есімнің, С.Е. Нұрмұратов, Г.Ж. Нұрышева, М.С. Орынбеков, Т.Қ. Айтқазин,Т.Х. Ғабитовтың, Д.С. Раевтың, Г. Барлыбаева т.б. ғалымдардың енбектері алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |