Диплом жұмысы қазақ дүниетанымындағы еркіндік мәселесі Oрындaушы: Е. А. Мырза 2021 ж



бет8/12
Дата12.05.2022
өлшемі161,67 Kb.
#34148
түріДиплом
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
Арайна болған Қазтуған,

Қайғыланып сонда толғай ма...

Еділді қоныс етпеңіз,

Жағалай қалмақ алады.

Жайықты қоныс етпеңіз,

Сыдыра біткен көкжиек,

Кәпірлер қала салады.

Аштарханды қоныс етпеңіз,

Шәһәрін оның алады[5. 25 б.] - осы толғамды саралап қарасақ, сол кезеңдегі көшпелі өркениеттің қауіп-қатер үстінде екенін байқаймыз. Тынысы тарылып келе жатқан көшпелі халықтың біртұтастыққа үндеп, Алаш айбынын асқақтату мақсатында Қазақ хандығына жол бастағанын көреміз. Ел қамын ойлап, халық мұңын жоқтаған Қазтуғандай жаужүрек батыр, қол бастаған басшы жұртын соңына ерте білді, елінің болашағын тереңнен толғанып, оны аман-есен сақтай алуды перзенттік парыз деп білді.

Келесі жырауымыз Шоқан Уалиханов «көшпелілер философы» деп таныған Асан қайғы Сәбитұлы. Ойшыл жасынан жұртының мұң-мұқтажын армандап, болашағын ойлаумен боп, осыдан жұрт оны, «қайғы» деген лақап есім қосып, Асан қайғы деп атап кеткен.

Асан қайғы Қазақ хандығы құрылған кезде жасы ұлғайған ақылман, абыз дəрежесіне жеткені мəлім. Жырау ұлы Даланың негізгі аймағын, яғни орта ғасырлардағы Қазақ Даласы аумағын қолда ұстап қалудың бірден-бір жолы Керей мен Жəнібек хандар қуатымен жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығын нығайтып, өрісін кеңейту екенін түсіне білді. Сондықтан да ішкі саясатта жер-су, жайылым, қоныс үшін қақтығыстар мен қайшылықтарды реттеу, ел-жұртының хал-ахуалын жақсарту мақсатында Асан қайғы хан алдына өзінің «ымыраға келу теориясын» ұсынды. Хан мен қара бұқара арасындағы қарым-қатынасты ушықтырмай, əділет тұрғысынан шеше білді. Сыртқы саясатта халқының өсіп-өркендеуіне ұйтқы болып, қазақ қоғамының үлгісін жасады.

Әскери дала демократиясының немесе көшпелі қоғамдағы сөз еркіндігінің жарқын көрінісі ретінде жыраудың бір алуан толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында Асан қайғы:

Ай, хан мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің,

Өзіңнен басқа хан жоқтай.

Елеуреп неге сөйлейсің?!

Артыңды алар орыс кеп,

оны неге білмейсің?!

...Ертісті өрлеп, орыс жүр.

Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалсам,

Тапқан жерге ел көшір,

Мұны неге білмейсің?! - дейді [6. 221 б.]

Асан қайғының негізгі мақсаты – халыққа құт болар жайлы қоныс іздеу. Дегенмен Асанның Жерұйығы - деп жазады Нұрышева Г.Ж. - Томас Мордың «Утопиясы» мен Кампанелланың «Күн қаласын» еске түсіреді. Бірақ Асан Қайғының арманы жәй утопия емес, оның түбінде үлкен экзистенциалдық мән жатыр... Бақытты өмір Жерұйықты табумен шектелмек емес, мәселе сол Жерұйықта өмір сүретін адамдардың адамшылығында [7. 128 б.]. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған және жұрт қайғы-қасіреттен аулақ құтты қоныс, жау жағадан алмайтын және онда ел аласы, ру таласы жоқ Жерұйықты таппауы сол дәуірде орынды. Улкен орда ыдырап, тарыдай шашылған көшпелі ру-тайпалардың анархияға ұласуы. Барымта мен жаппай жорық, Ақжол бидің өлімі секілді оқиғалардан ұйғарамыз. Дегенмен Жыраудың Жерұйық идеясы Қазақ хандығының ұлт болып ұйысып, еркіндік рухының қайта тамыр жаюына септік болды.

Жыраулық дәстүрдің келесі толқыны Шалкиіз жырау Тіленшіұлы 1465-1560 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Оның шығармашылығы, философиялық ой кешу, жыр толғау әдістері ерекше. Жырау шығармаларының өзіне тән ерекшелігі философиялық толғаныстардың молдығы. М. Мағауин Шалкиізді «қазақтың барлық жырауларының атасы, «қазақ поэзиясындағы философиялық бағыттың негізін салушы»,-деп бағалайды . Көркем шығарма қашан да сол заманның ой-өрісімен бағаланбақ. Шалкиіздің философиялық ойлары ұзақ толғанып, өз заманын нәзік түсіне білуінің жемісі. Бұл ерекшеліктер жыраудың шалқар даналықтың, терең ақылдың иесі болғандығын көрсетеді. Шалкиіз жырау елінің, жерінің бүтіндігін, тыныштығын сақтауды бірінші орынға қояды. Ол толғауларында:

Есендікте малыңды бер де батыр жи,

Басыңа қыстау іс түссе

Дұшпанның қолы жете алмас [8, 44 б.] – деген нұсқаулар бере ой түйіндейді. Жаугершілік заманда өмір сүрген ақын әрқашан бес аспабың сай тұрсын деген қағиданы ұстанады. Хандық қорғаныс ісіне бейбіт уақытта қамдануды, бейқамдыққа жол бермей, жасақ пен сардарларды әрқашан сақадай сақ отыру керектігін ескертеді. Оның себебі тәуелсіздікке әрдайым қарсылаушылар бар, сондықтан да ол ұдайы қатер аузында тұрады. Егер ондай қатер төніп тұрғаны сезілмейтін болса, онда бостандықтың мәні жойыла басталғаны. Жырау өзінің еркіндік көзқарастарын дұшпанға беліңді шешіп иланба, илантып тұрып өлтірер деген толғауымен өрнектейді. Осы ескертпелер ел мен жерді сақтаудың, еркіндікті қамтамасыз етудің басты қағидасына айналды.

Келесі жырау, Еңсегей бойлы ер Есім ханның тұсында өмір сүріп, қоғамның ішкі қайшылықтарын өзінің философиялық толғауларына арқауы еткен Жиембет Бартоғашұлы. Жырау еркіндік мәселесін, ел бірлігі мен әлеуметтік азаттық, жеке тұлғалардың биік рухы, асқақ жігері мен төзімділігі және төзбеушілігі секілді мәселелерді экзистенциалдық категориялар төңірегіне топтастыра алды. Жиембет жыраудан ауыздан-ауызға таралған толғауларынан аса көп мұра қалмағанмен, «Әмірің қатты Есім хан» деп ханға қарата айтылған ой-толғауларынан осы мәселелер анық аңғарылады. Ол өзінің бостандығы мен жоғарғы рухының өзгеруін былай түсіндіреді: алдымен ханға бағынышты кезіндегі адалдығы мен сыйласушылық қатынасын көрсетеді: «Көруші едім Есім хан, Ханымды күнім, Сізді ай-ымдай...Жұмыскерің мен едім, Сатып аған құлыңдай» [8,53б.]. Кейін арадағы кикілжіңдерден, бәлкім әлеуметтік әділетсіздіктерден шығар, онымен осындай сыйлы қатынасты бұза отырып, өзінің басұрушылығынан арылады-мыс: «Қайратым қанша қайтса да, Мұныңа, ханым, шыдаман! Арқаға қарай көшермін, Алашыма ұран десермін...Сенсіз де күнімді көрермін!» [8, 53 б.] Бірақ Жиембеттің толғауларынан өмірден түңілушілік пен сары уайымшылдық байқалмайды, физиологиялық жағынан «қартайып» біраз жасқа келсе де, өзінің рухын жоғалпайды. Әрине, бұл ерік пен азаттық рухы, шынтуайтында, тәуелсіздік пен ел қамы мәселесі:

Меніменен ханым ойнаспа,

Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пеннен аюдай,

Өрлігімді сұрасаң,

Жылқыдағы асау тайындай,

Зорлығымды сұрасаң,

Бекіре мен жайындай,

Беріктігімді сұрасаң,

Қарағай мен қайыңдай.

Ханға сес көрсеткен жырау өзіндік «Менін» метафоралық теңеулер арқылы бейнелейді. Еркіндік мәселелерін ұлттық танымның мағынасын түсінуді философиялық зерттеуде, біз еркіндік ұғымының мазмұнына кіретін ұғымдар жүйесін байқаймыз. Атап көрсеткенде: «Ерлік», «Өрлік», «Зорлық», «Беріктік» т. б. осы ұғымдар, әрине мағынасы терең бостандық идеясының категориялық түсініктері болып табылады. Бұл біздің халқымыздың менталитеті мен ұлттық психо-логиясынан тоқылған дүниетанымдық құрылғылар. Бұны таза батыстық сипатта пайымдауға болмайды, бірақ, аралық деңгейде таразылап қарастыруымыз қажет. Мәселен, «Өрлік» деген не? Бұл, әрине, адам мен қоғамның бостандығын, азаттығы мен бостандығын сақтап тұра алатын, қамтамасыз ететін құрал. Екіншіден, эстетикалық категорияға жақын "биіктік" ұғымы. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті айқындайтын жеке сапа. Төртіншіден, бұл әлем мен адам арасындағы қарым-қатынастың белгілі бір моделі деп айта аламыз. Бесіншіден, ел мен жерді сақтау үшін қажетті өмірлік қағидат. Жеке бастың мүддесі үшін қажетті абстрактілі, өзімшілдік еркіндік емес. Мәселен;

Қол аяғым бұғауда

Тарылды байтақ кең жерім,

Күн болар ма екен мен сорға,

Өзен, Арал жерлерім

Қиядан қолды көрсеткен,

Төбеңе шығар күн бар ма,

Жотасы биік Дендерім,-деген [8, 54 б.] толғамдардан-ақ рух еркіндігі тек жеке өзіндік емес, тұтас халқына, жері мен табиғатына қарай сабақтасқан сезімдік қуат екендігін көреміз. Осы жолдардың әрбіреуінде еркіндік пен азаттық идеясы жатқандығы шындық. Осы төбелердің тау болғаны үшін ғана емес. Ол сақтық, жер мен елдің егемендігінің сақтығы екендігі сөзсіз. Яғни, еркіндік пен бостандық бар және оны сақтау бар, сақтау үшін сақтану бар деген логикалық тізбек туындата аламыз. Жыраудың ой-толғауламдарында қайғы мен өкініштер болсада еркіндік рухы сөнбейді. Кейінгі ұрпаққа жасампаздығы мен өміршеңдігін астарлап, поэтикалық тілмен жеткізе білді.

Жыраулық дәстүрдің кезекті өкілі Үмбетей жырау (1706–1778) шығармашылығының негізінде еркіндік пен адамгершілік мәселелері жатыр. Бостандық пен ел бірлігіне арналған поэтикалық ойлар негізінен ұлттық дүниетанымның көркем шежіресін жасауға арналған. Шығармашылық толғауы этикалық құндылықтар мен мұсылмандық шарттарды насихаттау, қазақ қоғамындағы ұрлық, тонау мен қарақшылық сияқты пасық қылықтардан жирендіру түрінде болып келеді:

Тоқымы кеппей топтанып,

Ел тонауға аттанып,

Жылқышысын дойырлап,

Жылқыларын сойылдап,

Көрші жұртты шулатып,

Жаудай шапқан не сұмдық! [9, 70–71 бб.] – деп толғайды. Сахара халқының аса пасық қылықтың бірі барымта. Зорлық пен зомбылықты «қарымта қайтару» деген желеумен осындай бір тұрпайы сипаттағы қылықты рәсімге айналдырған. Жыраулар оған өзінің қарсылығын ашық көрсетіп, барымта туралы «бұл не сұмдық!» деп күңіренген. Бұдан әділеттілік пен әділетсіздік, жақсылық пен жамандық сияқты философияның мәңгілік категориялары, поэтикалық ойлардың өзегі болды. Жыраудың ой-толғам жүйесі «Адам мен Адам», «Жеке адам мен Қоғам» сипатындағы адамзаттық болмыс мәселелеріне арналған. Тәрбиенің адамның тұлғалық жетілуіне рухани тазарудан бастау керек деп санады.

Жаугершілік заманның келесі ойшылы - Бұқар жырау. Жыраудың үзеңгілес досы Үмбетей жырау «Өткіздің тоғыз ханды толғауменен» деп оның Әз Тәукеден бастап – Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмамбет, Күшік, Әбілхайыр, Барақ, Абылай хандар тұсында өмір сүргендігін айтады. Жырау елді бір орталыққа бағытталған хандық билікті дәріптейді. Бір ғасырға жуық бірнеше ханның билігін көрген Абыз жырау, ханды елдің ұйытқысы деп түсінді. Бұқар шығармашылығының негізгі тірегі - ел бірлігі. Бірліктің басты қағидалары - адамдар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық. Өмірдің сұлулығы мен мәні осы екенін біле отырып, жырау адамдар арасындағы осындай үйлесімді, бақытты өмірді жырлайды:

Адамзаттың баласы,

Атадан алтау тумас па,

Атадан алтау туғанмен,

Оның ішінде біреуі арыстан болмас па.

Арыстанның барында, Жорғасы болса мінісіп,

Торқасы болса киісіп, Толғамалы қамшы алып,

Толғай да толғай дәурен сүрмес пе [10, 121 б.]

Абылай хан тұсында қазақ елінде тыныштық орнады. Жырау толғауы арқылы қазақ халқы ұзақ жылдар бойы шапқыншылықтан мезі болып, енді ғана мамыражай күн кеш-се, осы күнге жетуде Абылай ханның еңбегі зор болғанын паш етті.

Жырау адам табиғатының мәңгілік проблемаларына қатты алаңдайды. Және ол қоғамдағы құбылыстар мен оның қайшылықтарын шешу жолдарын іздеуде философиялық ойдың тамаша үлгілерін қалыптастырды. Жырау тек көреген саясаткер ғана емес, сонымен қатар ақылдың кеніші болған.

Бұхар жырау шығармалары көшпелі қоғамның өзекті мәселелеріне арналған. Ол ерлік пен батылдық туралы ой-толғамдары ол халықтың бостандығы риясыз қорғалатынын баса айтады. Тәуелсіздік үшін күрес жылдарында ол ұлттық мақтаныш пен патриоттық сезімді оятты. Жыраулар шығармашылығы батырлар мен саясаткерлерді одан сайын күшейе түсуге рухтандырып, шабыттандырды. Бұхар жырау шығармалары ұлттың саяси санасының қалыптасуына елеулі үлес қосумен қатар, тәрбиелік, тәлімдік-тағылымдық жүйелер болды. Ойшылдың дана ойлары - көшпелі халықтың өмірінің үлгісі, әліппесі. Жыраулар шығармашылығы ұлттың ішкі табиғатына, өмірлік ұстанымдары мен дүниетанымына негізделген. Бұқар жыраудың философиялық жүйелерінде Адам, Бейбітшілік, Еркіндік, Өмір мен Өлім сұрақтары көтеріледі. Адамның танымға қызығушылығы, осы қызығушылықтың шексіздігі туралы:

Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат [11, 132 б.], – деген бұл идея бүгінде, жоғары технологиялар дәуірінде расталды. Жырау адамзат әлемнің кереметтерін игереді деп ерте болжаған.. Адам танымының, оның құмарлықтарының шексіздігі туралы ойлары жыраудың таным теориясының категорияларын саралап білгендігін көрсетеді. Адамзаттың еркіндікті шексіз қолдануы апатқа ұшырайды. «Жақындап ажал төнсе де, Жанына қылыш ұрса да, Қалжырап көңіл қарайып, Қарауытып көзі тұрса да, Үмітін үзбес адамзат». Адамның болашаққа деген үмітін жоғалтпайтындығы, өмірдің қызығына тоймаса да, өмірді және әлемді үзбеуі, толғауда әдемі тоғысып, өмір, өлім, үміт сияқты философиялық ұғымдардың адамзат үшін мәңгілік екендігін көрсетеді.

ХVІІІ ғасырдың 30-інші жылдарына бастап жүргізіле бастаған патшалық Ресей отаршылдығы жыраулық дәстүрдің жойылуына тікелей байланысты. Сахараны отарлаушылар бірнеше әскери округтарға бөлу арқылы қазақ даласында хандық билік пен көшпелі халықтың тұтастығын жою негізгі мақсаты болатын. Ресейдің ішкі облыстарының шаруалары мен казактары сахарамыздың ең құнарлы жерлеріне қоныстандырып, ол мекенде жайғасқан қазақ жұртын ығыстыра берді. Ғасырлар бойы жерұйыққа бағалап келген атамекенінен үдере көшіп және ата кәсібін өзгертуге мәжбүр болған қазақ халқының әл-ауқаты мен жағдайы туралап қалды. Көшпелі халықтың рухани дағдарысқа ұшырауда экономикалық дағдарыстың салдары болатын. Себебі қазақ халқы өзінің ең басты құндылығы саяси тәуелсіздігінен айырылды. Сол кезеңде хан мен жұрттың ақылманы, беделді қоғам қайраткері саналған жыраулар институты бірте-бірте тозып, ұлттық мәдениет аренасына ақындар шыға бастады.

Қазақ философиясын зерттеуші ғалым Нурышева Г.Ж. пікірінше «Ақындық жыраулықпен салыстырғанда көнелеу тип болғанымен, қоғамдық статусы жыраулыққа қарағанда төмен екені күмәнсіз. Бұл пікірімізге дәлел жеткілікті. Ақын ең алдымен ру өкілі ғана, ал жырау жүздің, ханның өкілі. Ақындық өнердің аумағы көбіне ауылмен шектелсе, жырау бүкіл елдің атынан сөйледі.» - деп ақындық пен жыраулықтың ара-жігін ажыратып көрсетеді. Алайда отарлау нәтижесінде жыраулардың орнын басқан қазақ ақындары еліміздің бытыраңқылық дәуірінде өздеріне жүктелген қоғамдық міндеттерді абыроймен атқарды. Әлеуметтік-экономикалық өзгерістер олардың әлеуметтік функцияларын қиындатты. Ақын бұрынғыдай емес, айналасындағы әлем, қоғам, адам, мораль туралы халықтық идеялардың тасымалдаушысы ретінде өзін көбірек көрсете бастады. Бұл қоғамның толқуы отаршылдық кезеңдегі ақындар шығармаларының негізгі мазмұнына айналып, ұлт тағдыры туралы туындаған экзистенциалды мотив болды. Ұлы Дала тарихында «Зар заман» деген атпен қалған әдеби кезеңнің өкілдері Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері т.б. жатады.

Сол кезең ақындарының ұлттық дүниетанымдағы орталық тұжырымдамасы – «заман» категориясын қарастырады. Ал еркіндік пен азаттық осы ұғым төңірегіне топтастырылған. «Заман» ұғымы ұлттық дүниетанымда әлеуметтік философиялық категория дәрежесіне көтеріліп және орталық ұғымдардың біріне айналған тарихи-мәдени құбылыс. Заман ұлтымыздың дүниетаным түсінігінде екі бағытта сипатталады: алғашқысы– оптимистік (қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман); екіншісі – песимисстік (зар-заман, қилы заман, аумалы-төкпелі заман т. б.). Біз қарастырған зар-заман ойлары осы екінші бағытты қамтиды. Әлеуметтік философия тұрғысынан заман ұғымына біз келесі анықтаманы ұсынамыз «заман – бір уақытқа бағытталған сол дәуірдің немесе кезеңнің объективті әлеуметтік шындығы, күнделікті өмір мен өмірдің жай-күйін білдіретін категория.

Зар заман ақындарының толғауындағы пессимистік бағыты, жоғарыда атап өткеніміздей, патшалық ресейдің отарлау саясаты мен еуропалық ықпалға төзбеушіліктен туындаған. Олар ұлттық құндылықтардың ауысуы мен өзгеруін толғауларында қарсылықтарын ашық айтты. Ұлттық дүниетаным мен қатар ділініңде жағымсыз бағытта ауытқып бара жатқандығына көңілдері толмады. Көшпелі өркениеттің жоғары құндылықтарының жойылып, оның салдарын терең сезінуінен туған дүниелер еді. Зар заман ақындарының идеялары ақыр заман ырғағына сәйкес келді. Ақырзаман ұғымы қоғамдық санада діни катаклизм мен әлемнің түпкілікті жойылуы және бүкіл әлемдегі геокосмологиялық өмір сүру жағдайлары мен адамзаттың түбегейлі ауытқуы еді.

Жыраулардың жалғасы саналатын Дулат Бабатайұлы (1802–1874) толғауында адам, оның мұрат-мақсұты, еркіндік сарындағы философиялық толғамдарға толы. Ақын патшалық Ресейдің сахараны күшпен отарлау кезеңін, одан туған зорлықтарды өз көзімен көріп, соған барынша наразылық білдірген. Қазақтың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай, еркіндікте күн кешкен кезеңін аңсайды. Көшпелі елдің отырықшылық сипатқа ауысуына қарсы шықты. Сахара жұртының қоғамдық болмысының азуына бағытталған сол кезеңдегі кесірлі құндылықтар мен тұлға бойындағы теріс қасиеттерді сын тезіне алды. Ақынның ой-толғауларында сол заманның қасіреті мен болашақ мәселелері жырланады. Оның дүниетанымында уақыттың ырқы жоқ, пенде болмысының еркіндігі қилы заманның ағысымен сипатталады:

Қилы-қилы заманды,

Заманға сай адамды

Салыстырып қарасам...

Мынау азған заманда

Қарасы – антқор, ханы – арам,

Батыры көксер басы аман,

Бәйбіше – тантық, бай – сараң,

Бозбаласы – бошалаң,

Қырсыға туды қыз балаң,

Нары – жалқау, кер табан,

Құсы – күйшіл, ат – шабан [8, 198 б.] Ақын философиясының еркіндік жайындағы толғамдарының мәні тереңірек. Уақыт белгілі бір деңгейде алға жылжитын үздіксіз процесс болғанымен, заманның теріс құндылықтарында ала жүреді. Демек, адам мен жаратылыс иелерінің еркі – заманда, бірақ оны тағдыр ұғымымен шатастыруға болмайды. Тағдыр сөзсіз бағыну және ол әр адам мен тіршілік иелеріне өзге жаратылыс иесіне ұқсамайтын өзіндік, жеке-дара тіршілік береді. Дегенмен заман өзінің ыңғайына қарай, оларды бір бағытқа тартады. Дулат ақын дүниетанымында, адам мен тіршіліктің еркіндігі сол заманның еркіне бағындырады. Бұл тұжырым кейінірек материалистік философияда «Тұрмыс сананы билейді» деген тұжырыммен сәйкестендіруге келеді. Дегенмен бұл қос тұжырым бір-бірімен тура сәйкес емес. Ақынның сана жайында толғам емес, тұтас пенде болмысын мен жаратылыс болмысын тұтас қарастырылады. Сонымен «тұрмыс сананы билейді» деген концепцияға «психиканы тіршілік билейді» дегенде ғана сәйкес келуі ықтимал. Бірақ ақынның негізгі идеясы – ғасырлар бойы жалғасқан көшпелі өркениеттің аяқталу қасіреті. Қоғам өміріндегі өзгерістер, кейбір әлеуметтік жағдайлар «Аягөз, қайда барасың?» атты толғауында:

«Жеріңнің алды шұрайын,

Дуан салып жайланып.

Датыңды айтсаң майырға,

Сібірге кеттің айдалып.

Бейнең қандай болды екен,

Қарасаңшы бір мезгіл

Қолдарыңа айна алып.

Жерге қарай мал бітіп,

Малға қарай құт болмақ.

Қонысынан мал тайса,

Құты кетіп, жұт болмақ.

Айтып-айтпай, немене,

Күн өтіп, уақыт біткендей –

Сары аурудай сарылып,

Өлімді аңсап күткендей..» - деп, сол заманмен қоса, келер қоғам қасіретін суреттеп отыр. Ақын «Күн өтіп, уақыт біткендей» деп ұлтымыздың солған еркіндік рухын қайта жаңғартуға шақырады.

Зар заман ақындарының келесі өкілі – Шортанбай Қанайұлы (1818–1881). Ол болмыс пен ғаламның құпиялары туралы көзқарастар жүйесін қамтиды. Абстрактыдан нақтыға, жалпыдан жекеге көшу қағидаты бойынша адамзат, қоғам, уақыт және адам туралы мәдени-әлеуметтік және рухани бостандығы туралы баяндайды. Мәселен, «Атамыз – Адам пайғамбар» атты көлемі мен мазмұны жағынан қомақты толғауында:

Атамыз – Адам пайғамбар

Топырақтан жаралды...

Сол адамнан таралды

Ұрлық пенен қорлықтан,

Өтірік, ғайбат, зорлықтан

Бойыңды тартып тек жүрсең

Көрмессің деген залады....

Немесе:

Алақандай ай мен күн

Ғаламның орта жарығы

Жаббардың екі болмайды

Әмір қылған жарлығы, – деген жолдар [8, 275 б.] ол адамдардың бәрінің атасы – топырақтан жаралған Адам пайғамбар деп тұжырымдайды. Бірақ өздерінің дамуы барысында атасынан алыстай түскен адамдар күнәға батып, бұзылады. Дәл осы күнә пенденің өмірін адам төзгісіз етеді. Адамдар бір-бірімен жанжалдасып, байлық үшін күреседі. Зорлық-зомбылық, қатыгездік, ұрлық және басқа да азғындық түрлері «көңілінде Құдай» болмауынан туындайды.

Бұл философиялық ойдың діни және этикалық қағидалардың жиынтығы екендігінің белгісі. Осыдан кейін ол ақыр заман мен келешек туралы ой-толғамдарын ұсынады. Осыдан күрделі сұрақ туындайды: Жаратушы арқылы Адам атадан тарайтын адамзат неге мұндай түпкі ниеттерге барады? Бірақ ол бір деңгейде жазылған тағдыр туралы ойларын таратпайды. Сонда біз адамның бостандығы белгілі бір мөлшерде онтологиялық «императивтермен» шектеледі деп бағалай аламыз, олар шартты шектеулер мен міндеттемелер деп те түсініледі. Мұндай шартты бостандыққа ие болған адамзат, әрине, ара-тұра зұлымдық пен әділетсіздікке жүгінеді. Бірақ сонымен бірге Шортанбай ақын өмірдің шынайы заңдылықтарын, таза шындықты жырлайтынын ескеру керек. Ақын ислам дінін жақсы меңгерсе де, халықты тозақ отымен қорқытпайды. Дегенмен, халқының азғындық жолына түсуін күйінішпен жырлайды. Ақын адамдардың моральдық құлдырауының себептерін теологиялық тұрғыдан түсіндіріп, адамның шынайы өмір сүруінің және құтқарылудың жалғыз жолы - дінге қайта оралу деп тұжырымдайды. Осы себепті Шортанбай қазақтарды тәубеге келуге, Аллаға адал болуға және оның қасиетті өсиеттерінен таймауға шақырды.

Бұрынғы жыраулар поэзиясымен үндесіп жататын өршіл рухты, зар заман ақындарының келесі көрнекті өкілі Мұрат Мөңкеұлы (1843–1906). Сахара жұртының тыныс-тіршілігі болған қоныстарының тарылуы зар-заман ойшылдарына қатты әсер етті. Әсіресе ақының «Үш қиян» атты толғауы:

«Еділдің бойы — қанды қиян,

Жайықтың бойы – майлы қиян,

Маңғыстау бойы — шанды қиян,

Адыра қалғыр үш қиян!

Үш қиянның ара бойынан

Жеті жұрт кетіп жол салған.

Жеті жұрттың кеткен жер,

Қайырсыз болған неткен жер?!» - деп күңіренеді. Сахара жұрты қара жерді кие тұтады. Олар жерді өздерінен бөлмейді, бірақ оны тарихи, физикалық және рухани өмірінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдайды. Көшпелі дүниетанымда, жер - жай ғана жансыз табиғи құбылыс емес, бұл жанды бейне. Жанды бейне болғанда – «Жер – Ана» келбетінде көрінісінде сипатталады. Мұрат ақынның толғауларында жердің таран-таражға түсуіне:

Еділді тартып алғаны,

Етеке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны,

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны,

Ойындағысы болғаны ... қоныстың бар ма қалғаны [9, 365 б.] – деп ақынның көшейін десе қонысы жоқ, алды тұйықталған ұлт қасіретін толғауы. Мұнда отарлау саясатына қарсы күреске шақыру жоқ. Тағдырға мойынсұнушылық пен ақырзамандық ой-толғамға басымдық танытты. Көшпелі дәстүрдің қайта жаңғырмасын терең күрсініспен қабылдап, келешек заман жөніндегі ойтолғамдарының еркіндік мәселесіне тоғысатын тұстары басымырақ болды.

Зар заман ақындарының алдыңғы буын өкілдерімен замандас болып, отты жырларымен еркіндік рухын оятқан ақын Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) болды. Ақын отарлау саясатына қарсы болған Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушы ретінде жауынгерлерді еркіндік пен азаттыққа жігерлендіріп, әділетсіздік пен озбырлыққа қарсы шықты. Махамбет – XV – XVIII ғасырлардағы Қазтуған, Асан қайғы, Доспанбет, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей сынды даңқты батыр әрі, жорық жырауларының шығармашылығымен жастайынан сусындаған, осы дәстүрді ары қарай жемісті жалғастыра алған ақын. Жазушы-ғалым Мағауин М. сөзімен сабақтасақ «Жауынгер жырау сахара батырларының (халық поэзиясының өкілі,жыршы, ақын) ең соңғы тұяғы еді. ал рухты асау жырлары әлденеше ғасырлық тарихы бар жауынгерлік поэзияның соңғы аккорды болды. Ақтамберді жыраудың «Күлдір де күлдір кісінетіп, күреңді мінер ме екенбіз» деп басталатын толғауының желісімен:

Айналайын Ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда?

Еңсесі биік боз Орда, еңкеймей кірер күн қайда?

Кет Бұғадай билерден, ақыл сұрар күн қайда?

Еділдің бойын ен жайлап, шалғынға бие біз байлап,

Орнықты қара сабадан боз баламен күліп ойнап,

Қымыз ішер күн қайда? – деп аңсайды [11]. Ақын көшпелі жұрттың мамыражай шағын сағына жырлайды. Бұл толғауда номадтық өркениетке тән құндылықтарға деген іңкәр, риясыз сезім бар. Хан ордасына батыл кіру және билермен емін еркін диалог жасау, сахарадағы демократиялық процестер басым екенін көрсетеді. Көшпелі қоғамда адамдар арасындағы әлеуметтік теңсіздік аз болды. Әділеттілік, қанағатшылдық, бауырмашылдық сияқты құндылықтар басымдық танытты. Осы қасиеттер көшпелілердің бойына ізгілікті мол етті. Ақын «Атадан туған аруақты ер» толғауында:

Атадан туған аруақты ер

Жауды көрсе, жапырар

Үдей соққан дауылдай.

Жамандарға қарасаң,

Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі

Тұрады құйрық-жалында-ай.

Айтып-айтпай немене,

Халық қозғалса,

Тұра алмайды хан тағында-ай! – деп қалың қолға иек арта келе, «Исатай – басшы, мен – қосшы, қасына ерген көп әскер маңыраған қойдай шулайды» дей келе оптимистік ұстаныммен еркіндік рұхын асқақтады. Дегенмен патша әскерімен болған шайқаста көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлы ерлікпен қаза табады. Бұл ақынға да, халыққа да қатты батқан қаза болды. Махамбеттің «Мұнар күн» атты элегиялық, яғни мұң мен өкінішке толы толғауын батыр қазасына арнап шығарады:

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн,

Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн,

Бұлықсып жүрген ерлерден

Бұрынғы бақыт тайған күн...

Сандық толы сары алтын

Сапырып судай шашқан күн -

Түс қыла гөр, құдайым,

Біздей тақ мейманасы тасқанға

Біздің ер Исатай өлген күн.

Ақын күн сөзін қайталап отыру арқылы айрықша мән бергенін көреміз, сол күннен кейін жазмыштыққа көніскендігін аңғарамыз. Қорыта айтқанда, Махамбет ақынның шығармашылығындағы еркіндік мәселесінің өзіндік жеке ерекшеліктері бар. Ондағы еркіндік түпкі мәнде егемендік идеясынан астасады. Махамбет шығармашылығы рух еркіндігін күрескерлік жолмен орнатудың нағыз өнегесі болып табылады. Әрине, ақынның шабыттандыратын азаттық үні әрқашан ұрпақтарына еркіндік қуатын маздататыны сөзсіз. Халық жадында Махамбет пен Исатайдың ерлігі, олардың істерінің адамгершілігі мәңгі сақталады. Жыраулық дәстүрдегі рухани дүниетаным замана тынысы арқылы Махамбет шығармашылығының өзегіне айналды. Ақынның еркіндік туралы түсінігі қоғамдық азаттықты білдіреді, ол тұтас елдің еркіндігін, шынайы ұлттық рухтың еркіндігін аңсаумен астасады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет