Диплом жұмысы мазмұНЫ


Батырлар жырының идеялық нысанасын халықтық тәрбиемен ұштастыру



бет5/14
Дата06.01.2022
өлшемі219 Kb.
#15168
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
Бастауыш сыныптарда батырлар жырын оқытудың тәрбиелік мәні

1.2. Батырлар жырының идеялық нысанасын халықтық тәрбиемен ұштастыру

Бүгінгі мектептегі оқып жатқан жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелейтін тағылымды тәлім – ұлттық рухта тәрбиелеу мен оқыту.

Халқымыздың ұлттық мұрасын оқу-тәрбие ісімен сабақтастыру – басты парызымыз. Осы тұрғыдан алғанда сабақта халықтық педагогиканың үлгілерін үнемі пайдаланып отырған абзал. Қазіргі уақытта бүкіл оқу-тәрбие жүйесі халықтық педагогикаға негізделіп, қайта құрылып жатқанда, ұмыт қалған салт-дәстүр, ұлттық ерекшелігімізді насихаттау, баланың ауызекі сөйлеу тілін дамытып, олардың бойында ұлтжандылықты қалыптастыру - әрбір ұстаздың міндеті.

Халықтық педагогика бала бойына неғұрлым ерте сіңірілсе, жоғарыда аталған міндеттердің де соғұрлым нәтижелі болмағы айқын. Яғни мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап бастауыш сынып оқушысы ауыз әдебиеті үлгілерімен сусындауы тиіс.

Халық педагогикасы – қазақ халқының ұлттық тәжірибелері мен тағылымдарының мол қазынасы. Ол оқушылардың ой-өрісін, биік адамгершілік тұлғасын қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. “Өнеге от басынан басталады”, оқушыларды жас кезінен бастап парасат биігіне, рухани өмірдің әдемі әлеміне жетелеу – мұғалімдердің міндеті. Ұмыт болған салт-дәстүр, халқымызға тән ұлттық асыл қасиеттеріміз қайта жаңғырып жатқан уақытта осы мұраларды педагогикамен ұштастыру – басты мақсат. Осы міндеттерді шешудегі мәселелердің қайнар бұлағы, сарқылмас көзі – халықтық педагогика. Халықтық тәлім-тәрбиенің басты ерекшелігі өмірмен тығыз байланыстылығыда. Ұлттық тәрбиенің тағылымы, берері орасан зор.

Әсіресе, бастауыш сынып баласының сөздік қорын дамыту, ойын түсінікті де тұжырымды жеткізе білуге үйрету үшін тіл сабақтарында халықтың ауыз әдебиеті үлгілерін қосымша пайдалану, сабақты түрлендіріп өткізу әр мұғалімнің ізденісіне байланысты болмақ. Негізгі мақсат – білімнің ұлттық жаңа үлгісін жасау және әдістемелік жұмыстарды жетілдіру.

Қазақ халқының ұлттық-мәдени қайта өркендеуі жағдайында жеткіншек ұрпақты ұлттың рухани қайта өркендеу негіздерін қалыптастыратын халық дәстүрлерінде тәрбиелеудің заңды, объективті қажеттігі арта түседі. Мұндай жағжай жеткіншек ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, әдет-ғұрыпы, дәстүрлерімен неғұрлым тереңірек тереңірек таныстыру қажеттігін тудырады. Өйткені мұндай негіздерді білмей, өз халқының ұлттық ерекшеліктерін сезінбей, басқа халықтың өзіне тән белгісін толық түсіну мүмкін емес екені мәлім. Тәрбиені ұйымдастырудағы сыртқы ұқсастық өзінің бағыты және мазмұны жағынан барлық халықтар үшін біртұтас деп есептеуге себеп бола алмайды. Әрбір халықтың тәрбиелік идеялары ұлттық рухқа қаныққаны соншалық, оларды бөтен топыраққа көшіре салу әсте мүмкін емес.

Егеменді еліміздің ертеңі - жас ұрпақты әдепті, адамгершілігі жоғары болып өссін десек, ұлттық тәрбие тағылымын басшылыққа алып, халқымыздың рухани байлығын бүгінгі күн талабымен ұштастыра білсек қана ұлттық тәрбиенің берері көп болмақ. Дипломдық ғылыми ізденісімнің тақырыбы қазақ ауыз әдебиетінің бай саласы - батырлар жырымен байланысты болғандықтан, өз тәжірибемдегі халықтық педагогиканы да осы аталған саламен бірге қарастырдым.

Қазақ ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан күрделі саласының бірі – батырлар жыры. Бұл жырлардың көпшілігі халықтың Отанды сүю, басқыншы жаудан ел қорғау, халық үшін ерлік еңбек идеясынан туған. Басқыншы жаудың шапқыншылық шабуылдарына қарсы аттанған, олардан ел-жұртын қорғап қалған батырларды, сол батырлардың ерлік істерін ардақтаған халық аңыз-әңгіме, жырына қосқан. Сондай-ақ халық адал еңбекті, еңбек адамдарының көпшілік үшін жасаған істерін де жырлап, оған да ерлік сипат берген. Еңбек адамдарының ерлік ісі ел қорғаған батырлықтан кем саналмаған. Сондықтан да бұл екеуі халықтың ерлік істі суреттейтін батырлар жырының негізгі әңгімесіне айналған.

Ар-ожданды адам бойындағы ең асыл қасиет деп ұққан халқымыз “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы”, “Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі”, “ Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді” деп ой түйіндеген. /3/

Өз халқын шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңыз болып өлең-жырға қосылған Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Қосай, Ер Көкше, Қамбар сияқты батырлар жастайынан халық тәрбиесінің бесігінде тербеліп өскен.

Батырлар жыры бір ғана ғасырдың жемісі емес. Ол халықтың ертедегі тұрмыс-тіршілігіне, тарихына, қоғамдық өміріне байланысты туып, соларман бірге жасасқан. Сондықтан да батырлар жыры өзінің қалыптасып даму процесінде талай қоғамдық және таптық тілектерге сәйкес көптеген өзгерістерге ұшыраған.Әрбір тарихи кезеңнің , қоғамдық және таптық ой-сана көзқарастарының алуан әсерін бойына жинай берген. Әрбір қоғамдық құрылыс, әрбір тап батырлар жырын өз тілегіне, өз мүддесіне сай етіп өзгертіп те отырған, олар батырлар жыры арқылы өздерінің қоғамдық және таптық идеясын таратуға тырысқан.

Қазақтың ауыз әдебиеті халықтың ертедегі тұрмыс-тіршілігіне, тарихына байланысты туды десек, мұны батырлар жыры жайында да айтуға болады. Батырлар жырының алғашқы ұсақ үлгілері сонау ерте заманда, патриархтық-рулық кезеңнің өзінде-ақ туа бастаған. Сол кездің тарихта аттары мәлім рулары өздерінің ру тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күрескен. Мұндай күрестер кезінде әр рудың батырлары өз руларын қарсы жақтың шабуылдарынан қорғап қалу жолында ерлік жасаған. Олардың бұл жолдағы ерлік істері ру арасында өлең-жырға, аңыз әңгімеге айналған.

Батырлар жырының көпшілігі бірден үлкен жырға айналмаған. Жыр - әр батырдың әр кездегі төтенше қайрат, асқан ерліктерін, ел үшін еткен зор еңбектерін дәріптеп жырланған жеке өлеңдердің қосындысы. Бастауыш сыныпта оқытылатын ана тілі сабағында “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын” жырларын алсақ, әуелде олардың әр кездегі ерліктерін мақтан еткен өлеңдер ұзақ жырға айналған.

Қай елдің батырлар жырын алсақ та, олардың негізінде тарихи оқиға жатады. Бірақ жырда оқиға болған күйінде емес, тек желісі ғана суреттеледі. Жырды туғызушы жыршы ол оқиғаны өз ұғымына, өз көзқарасына қарай бейімдеп жырлайды. Батырлар жыры көбінесе Отанын сыртқы жаулардан қорғау, өз елін басқаларға тәуелді етпеу тілегін қамтиды. Сол идеяны берік ұстанған қазақ батырлар жырының қайсысын алсаң да, туған жер үшін болған қанды шайқаста өтеді. Бұл жырлардың көпшілігінде қазақ жерін қалмақтың жаулап алмақшы болуына, ел намысын қорғауға байланысты үлкен оқиғалар суреттеліп отырады. Мысалы “Қобыланды батыр” жырында батырдың бар өмірі тек қалың қыпшақ қамы үшін қанды шайқаста өтеді. Қобыландыны да, Алпамысты да, Тарғынды да елі олардың ел-жұрты үшін жасаған ерліктері үшін ардақтаған. Қызылбастарға қарсы аттанған Қобыландының ерлігін жыршы былай өрнектеген:

Өшігіп жүрген батырлар

Бір ауыз сөзге келмей-ақ,

Шегінісіп екеуі

Еменнен найза салысты.

Итерісіп тұрысты,

Ат тізесін бүгісті,

Бүгісе-бүгісе тұрысты,

Біріне-бірі ұмтылып

Тақымдары қарысты,

Он саусағы құрысты…

Батырлар жыры тек ерлікті ғана жырлаудан тұрады деген ұғым тумаса керек. Онда батырдың еліне, жеріне, ата-анасына, туған-туысына, жырынадеген балалық, бауырлық, сүйіспеншілік сезімдері, керісінше олардың барлығының бас кейіпкер батырға деген осындай сезімдері лирикалық толғаныстарға толы.

Батыр да адам. Ол да қуанады, барша адамша күйінеді. Жыршы оны осындай асыл адамгершілік қасиеттермен де бейнелейді. Алайда жырдың негізі бұл емес. Оның басты, негізгі нысанасы – ел намысын қорғау, ерлік, батырлық. Бастауыш сынып оқулықтарындағы батырлар жыры аз ғана көлемдегі үзіндімен берілсе де, халқымыздың ата тарихымен, ұлттық салт-дәстүрімен, елін, жерін қорғауда өмірлерін құрбан еткен ерлердің ерлік істерімен оқушыларды таныстыру арқылы оның атамекенін сүю, аталар дәстүрін көздің қарашығындай сақтап жалғастыру, бабаларынан мирас болып қалған құт мекенді қорғау сияқты қасиетті міндеттерге жүктеу мақсатын көздейді. Яғни жыр – балаларды жақсылыққа, батырлыққа, батылдыққа баулып, жетелейтін бірден-бір күш.

Қазақ халқының эстетикалық көзқарастары көп жағдайда оның этикалық түсініктерімен астасып жатады. Өзінің эстетикалық сезімдерін білдіре отырып, халық көбіне оларды еңбекке, азаматтық міндеттерді адал атқаруға, азаматтық ерлік көрсетуге шақыру түрінде берген.

Қазақ эпостарында еңбек сүйгіштік, отан сүйгіштік, рулар мен тайпалардың өзара ізгілік қатынастары, әйелдерге, ақсақалдарға құрметпен қарау, адамгершілік, батылдық, балаларға қамқорлық, мейірбандық, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік, т.б. жырланады.

Батырлар жырындағы басты идея – халықтық гуманизм мен отан сүйгіштік. Оларда батырлардың басқыншыларға, билеуші-қанаушыларға қарсы ұлы ерліктері, мінез-құлқындағы ең жақсы қасиеттер – жан-дүниенің турашылдығы, теңдесі жоқ ерлік, халыққа шексіз берілгендік, өзін құрбан етуге дайын тұрушылық ашып көрсетіледі.

Эпостарда халық өмірі тарихындағы шын мәнінде болған оқиғалар: жат жерлік басқыншылармен күрес, күнделікті өмірдің қуаныш-қайғысы, биік адамгершілік сезімдер, өмір салты, эстетикалық көзқарастар, туған жер табиғатының әсем көрінісі, басты кейіпкерлердің суреттемесі (сұлу мүсіні, киген киімі, жүріс-тұрысы, т. б.) өз бейнесін тауып жатады. Осы тұрғыдан келгенде эпос – эстетикалық көзқарастардың негізгі қайнар көзі болып табылады.

Халықтың көркемөнер шығармашылығының осындай терең мазмұнды, аса көрнекті туындылары балалардың эстетикалық талғамының қалыптасуына әсер етпей қалуы мүмкін емес еді. Мәселен, бір жырда табиғаттың таңғажайып көріністері асқан шеберлікпен суреттелсе, енді бір жырда халық үшін әдеміліктің нышаны болған арулар бейнесі дүниедегі ең әдемі көріністермен салыстырыла отырып шебер сипатталады. Жырдағы мұндай үзінділерден ата-бабаларымыздың өткен заманда әдемілікке, сұлулыққа деген көзқарасын айқын аңғаруға болады. Эпостарда сол сияқты батырдың атының сұлу кескін-сымбаты, шабыс-желісі, естілігі,, төзімділігі әсерлі, мазмұнды бейнеленеді. Мысалы, Қобыландының Тайбурылының шабысы:

Құбылып Бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Тау менен тасты өрледі,

Төрт аяқты сермеді,

Құлақтың түбі терледі,

Тер шыққан соң өрледі,

Адырды көзі көрмеді,

Көлденең жатқан көк тасты

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі…

Қос құлағы тігілді

Көлге біткен қамыстай,

Түс ауған соң бүгілді

Илеуі жеткен қайыстай.

Байлаулы малдай шешілді,

Төрт аяғы көсілді,

Әбіре сымдай есілді…-

деп суреттеледі. /14/ Өлең жолдарындағы әсерлі де салыстырмалы теңеу сөздер бала түйсігіне, сезіміне әсер етіп, қиялына қанат бітіреді.

Қазақ халқы “Тұлпар – құлыннан, батыр - баладан” деп атты кішкене кезінен баптаған, оған аса бір сүйіспеншілікпен қараған және осы сезімді балалардың да бойына жастайынан сіңісті ете білген. “Қобыланды батыр” жырындағы Құртқаның Тайбурылға қырық күнге шейін қулықтың, қасқырдың сүтін емізгені, шөптің нәрлісін жегізгені, түндіктен күн бергені, кекілін, жалын тарап, баласындай мәпелегені, алтыннан оюлап жабу жауып, ер-тұрман қақтатқаны бұған дәлел. Сол сияқты “Ат – адамның қанаты”, серігі, көлігі деп санаған. Оны Қамбар батырдың сөзінен-ақ байқауға болады:

Қанатты туған пырағым,

Аға-іні сен едің,

Тар жерде жолдас шырағым,

Мойның алтын таяқтай,

Қамыстай екі құлағың,

Төрт аяғың қазықтай,

Төңкерген кесе – тұяғың,

Сұлулығың сүмбідей,

Жылқыға бітпес, жануар,

Сымбатың менен сияғың…-

деп тұлпарына өзінің достық сезімін білдіреді. Оның кескінінің сұлулығын мадақтау арқылы бетпе-бет келген жолбарысқа қорықпай қарсы шабуына ықпал етеді.

Мұндай суреттемелер батырлар жырында көптеп кездеседі. Қай-қайсысының да тәрбиелік мәні ерекше.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет