Диплом жұмысы тақырыбы: ТҮркі халықтарындағы айтыс жанрының типолгиясы



бет24/32
Дата24.01.2023
өлшемі0,52 Mb.
#62709
түріДиплом
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   32
Байланысты:
stud.kz-38836

6) Мазақтама (Taşlama)
Ақындар бір қоғамның, бір жердің немесе бір-бірінің кемшіліктерін, қателерін, жаман жақтарын өздеріне ерсі келген оқиғаларын кекете сөз етеді.
Ақындар айтысының бұл кезеңі келеке ету мен тіресу екі жікке ажыратылады. Тіресу, ренжітпей жасалған қалжыңдар. Кейде жарасымды болмайтын және дәстүрде құпталмаған тіресулер де болады. Келеке етуде ескерту, әділетсіздікке бір қарсы шығушылық болады. Бұл жерде мағына жөнінен ауыр болған, әдісіне сәйкес, дөрекі болмайтын келеке ету. Келеке ету кейде кісіге ескерту беріп, тұспалдап айту үшін де қолданылады.
7) Бірін-бірі қиын жағдайға түсіру бөлімі (Түкетмедже)
Ақындардың шумақтарында, ұйқастарында еріндік дауыссыздар «б, м, в, п» секілді дыбыстар айтылуға мүлде тыйым салынып, айтысу бәсекесі ұсынылады. Ақындар айтысқанда еріні-ерінге тимеуі басты шарт. Әріптестер мұндай дыбыстарды айтпай, басқа сөздермен орынын алмастыра жырлап, сөзді сөзге, ұғымды ұғымға ауыстыра отырып, қиыннан қиыстырып өлеңдетіп, шеберлігін, қабілет-қарымын, алғырлық пен зеректігін танытып, өнер сайысады. Тіпті тыйым салынған дыбыстарды айтпауға сақтық жасап еріндеріне ине қою тәсілі бүгіндері де кездеседі.
Қиын жағдайға түсіруінің бір басқа түрі болса, қарсыласқан ақынға айтылуға болмайтын бір сөзді ұйқас етіп ұсынып, итермелеп отырып, сол ұятты сөзді айтқызу. Айтылмайтын «кілт сөзге» жеткенге дейін қолданған ұйқасы сирек табылатын сөздермен айтысады. Ең соңында кезегі келген ақын айтылмайтын «кілт сөзд» ұйқас үшін айтуға мәжбүр болады.
Қазақ ақындық айтысында дәл осы бөлім кездеспейді. Белгілі бір дыбыстарға тыйым салу, ұятты сөзді итермелеп әдейі айтқызу, мұның бәріне ұйқасты қармақ етіп пайдаланып, қыспаққа алу әдісі қазақта жоқ.
8) Қоштасу
Айтыстың соңғы бөлімінде ақындар бір-бірлерін мақтап, құрмет көрсетіп, айтыс тамаша бір әуенге түседі. Ақындар бұл бөлімде бір-бірінен, көрермендерден кешірім сұрап айтысты бітіреді. Кейде ақындар ренжісуге дейін барады. Бірақ жасы кішкентай ақын ұрыс-керіс шығармау үшін кешірім сұрап, өкпелеуге жол бермейді.
Ақын шебер, сөз ұстасы болуы үшін осы әдет пен ережені білуі және осы тақырыпта табысты болуы әбден керек.
Біз келтірген түрік айтысындағы композициялық бөлшектерді, ішкі құрылымды белгілі мөлшерде қазақ айтысынан да кездестіруге болады. Алайда осы жүйе барлық айтыста бірдей сақталып, тұтас күйде көрініс таба бермеуі де мүмкін. Біз типологиялық ұқсастықтың жалпыға ортақ құбылысын негіз етіп жүйеледік.
Қазақ пен түрік айтысында ең бір ұқсас маңызды құбылыстың бірі ақындар елге кең таралған бір музыкалық аспапты міндетті түрде қолданады. Түрік ақындық әдет-ғұрпындағы музыкалық аспап бағлама және бағламаның туындылары.
Аспап ақынның әніне әуен ғана енгізбейді, оның басқадай да маңызды қызметтері бар. Мысалы, домбыра ақындарға суырыпсалма жырлауды оңтайлы етеді, шабыт пен сезім сыйлайды, шайырдың ойлау қабілетін арттырады, сөйлеу мәнеріне сенім тудырады. Айтыскер домбырасы жоқ болса айтыса алмай қиналысқа душар болады. Домбыра ақынның жан серігі, қимас досы, шабыт сыйлайтын көмекшісі.
«Айтыскерлердің көпшілігі бағламасы болмаса сусыз диірмен сияқты ыңғайсыздыққа ұшырайды. Анкарада 1976 жылында өткен айтыс сайысында Карс қаласы айтыскері Мұрат Чобаноглу, Шереф Ташлыова және Рүстем Алянсоглыдан бағламасыз айтысуларын өтінгенімде, әдетте ешбір қиналмастан дайындықсыз бірнеше сағат бойы төкпе айтыса беретін айтыскерлердің сусыз диірмен сияқты қолапайсыз күй кешкенін байқадым. Карста өткен айтыста айтыскерлердің бағламасыз айтуларын өтіндім. Бағлама жоқта ақындар өлең жолдарындағы буын санын тексеріп түзету мен сөздерді жүйелеуде тиіс дәрежеде шеберлікпен жасай алмады. Музыка аспабынан шығатын үйлесімді сұлу саз ритммен өлең сөз үйлесімі табылмағандықтан ақындар жиі жаңылып, тартыншақтады және нашар, көріксіз шумақтар туды. Қысқасы, шайырлар отты сезімдерін жоғалтқандай болды» [39, 86-б.].
Айтыс сөзсіз халық театрының үлгісі. Бұл туралы М.Әуезов, Е.Ысмайылов, С.Қасқабасовтар жақсы дәлелдеп айтқан. Бір сөзбен айтқанда, ақын белгілі дәрежеде әртіспен тең. Оның киім-кешегі, ән-әуені, қолындағы домбырасы осы айтқан жайттарды дәлелдейді.
Қазақ пен түрік айтысында ақындар қарсыласын жеңу үшін айла-әдіс жасайды. Бұл туралы А.Байтұрсынов: «Айтыс – екі палуан күрескені сияқты, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің-бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып, жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы,осал-оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп, тоқтатады», – деп жазады [14, Б.289-290].
М.Жармұхамедұлы былай деп жазады: «Ақын Шөже өзінің екі көзі бірдей су қараңғы табиғи кемістігін қарсыласының мін санап, көлденең тартарын алдын ала біліп, соның өзін орнымен ретін тауып пайдаға асыруды ойластыратын болған. Ол атақты Кемпірбайға: «Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ» деп айбат шегіп қана қоймай «бар болса қасиетің көзімді жаз» деп тиісіп соқтығады. Тіпті, Тезекбайға «Соқыр қылды тәңірім көрмесін деп, Жамандықтың соңына ермесін деп» десе, Құнанбайдың ақыны Балтаға: «Жалғыз соқыр халқыңа тынышсыз болса, Құтылсаңшы мына отырған Құнанбайдан» деп тап береді» [2, 107-б.].
Түрік айтыс дәстүрінде негізінен қарсыластан өнер жағынан артылу, асып түсу қатаң ереже, шарт бойынша сақталатын ұйқас пен өлшемге байланысты болса, керісінше Қазақстан ақындық дәстүрінде ұйқас мен өлшем емін-еркін келеді де, ақынның жеңуі ұтқыр ой, өткір сын, бұлтартпас дерек пен дәйек, суырыпсалма өнерін ұштастырып әріптесті мат ету. Бірден менмұндалап тұратын ерекшелік-қазақтағы ұйқас пен өлшем Түркия ақындық айтыс дәстүрлеріндегі сияқты қатал емес. Сөз додасында ұйқасқа басты мән бермейді, ол мағынаның қасында қосалқы қызметте. Бұрынғы топтық қайым айтыс, жар-жарда ғана алдыңғы дағдылы ұйқас қайталанады, ал әйтпегенде ақындар ұйқасты еркін шығара беруіне рұқсат берілген.
Қазақта қызығы айтыста жеңу, жеңілу ұсынылған ұйқасқа лайықты ұйқас, сөз таппағаннан емес, көбінде логикалық қисынға, жүйеге, жолға, дәлелді дерекке жеңілуден болады да әріптестер сөз таппағаннан емес, уәжге бойұсынып, ақиқатты аттай алмай, азаматтық тұғырда тізе бүгеді.
Қазақта мысал айтыс түрі қарқынды дамыған. Мәселен, «Түйе мен Майлықожаның айтысы», «Атығай Тоғжан ақынның домбырасымен айтысы», «Сары атан мен бригадирдің айтысы», «Қара байтал мен колхоз бастығының айтыс» т.б. айтыстар көп. «Тары мен тарышының» айтысы да ел аузында көп тараған үлгі болса керек.
Керісінше түріктерде осындай мысал айтыс үлгісі кездеспейді.
М.Әуезов «Айтыстың көпке жайылғандық ерекшелігінен және ойын-сауықтың ең бір қызықты түрі болғандығынан, бұл жанрға өзгше фольклор жанрларындай емес, қазақтың әйелдерінің қатынасы да аса көп болады. Бұл жай да, айтыстың қазақтағы жалпылық өнер есебіндегі бір үлкен өзгешелігі. Анығында, қазақ фолклоріндегі ең бай жанр – айтыс десек, нелер жүздеген, хатқа түскен айтыстарды қарасақ, солардың көптен көбі еркек ақын мен қыз ақын, әйел ақындар арасында болған айтыстар екенін көреміз. Айтыс үлгісінде туған барлық өлең қазынасының қақ жарымына жақынын атақты ақын қыздар: Ақбала, Күнбала, Тоғжан, Сара, Жантелі, Ырысжан, Тәбия, Мақта, сияқты нелер жүйрік, өнерпаз ақын-қыздар, келіншектер туғызған», – деп жазады [40, 235-б.].
Бір анықталған жайт, түрікте әйел айтыскер ақындар өте сирек кездеседі. Өткен тарихта болған әйел ақындар туралы деректер де жоқ. Қазақ әйелдерінің айтыста белсенді болуы – көрнекті ғалым М.Әуезов атап көрсеткендей, шынымен, өте бір бағалы ерекшелік болып саналады. Түрікке қазақтардан гөрі ислам діні тереңірек дендеп енгені белгілі, бәлкім, осы қоғамдық жағдайға байланысты әйелдер айтыстан ертерек шеттесе керек.
Түрік айтыскерлік дәстүрінде әйел ақындар шынымен аз-ақ. Негізінен түрік әйелдері еркек ақындар сияқты, елді мекендерді ерікті аралап, айтысуға мүмкіндігі болмаған. Қоғамдағы әйелдің орны, исламның әйелге қойған шектеулері және қоғамның көзқарастары әйел ақындардың айтысқа қатысуына, өздерін көрсетуіне, даңққа ие болуына кедергі келтірген. Түркиядағы әйел ақындарға Бекташи дәстүрінде жеміс берген Емине Бейза Бажы, Бану Жевхерие Чанкырылы, Арифе (Бажы) Дурду, Назлы Гелин, Синем Кыз, Хасибе Хатун және Хасибе Рамазаноулы және Айше (Чукуровалы) т.б. мысал ретінде бере аламыз.
«Әйел – ақын болмайды» деген түсінік әйел ақындардың ең үлкен мұңы. Бұл тақырыпта «Ақын Нуршах» лақап атты Дуршен Мерт мыналарды айтады: «Әйел құқықтары деп айтылады, мен бұл құқықтарды еш көрмедім. Әйел ақын болғандығым үшін көп қиындықтар көрдім, бірақ мен ол қиындықты жеңіл қабылдадым және қазір де дәстүрдің бір бөлігі болуды жөн көрдім. Ол ауырлықтарды қазір сезінбеймін » [41, 173-б.].
Түркияда әйел ақындар айтысының саны да аз. Өйткені әйел ақын бола алмайды деген еркектерге тән пікір болса да, әйел ақындардың өздері еркек ақындармен айтысуды қаламайды. Түрік айтысы тек ұйқасқа негізделген, сол себепті әйел ақын Сарычакыз орынсыз сөздерден қорқып, Рейхани және Илхамиден басқа ақындармен айтыспаған. Ақын Сарычакыз айтысудан қорықса да Еуропа шайханаларында суырыпсалма айтудан тартынбаған. Екі еркек ақынмен қатысқан соңғы Алмания саяхатында концерт үшін қажетті көпшілік жиналғанға дейін Гиресундықтардың, Ерзрумдықтардың, Карсдықтардың және Трабзондықтардың шайханаларын аралаған. Бірақ қолдары бос қайтқан: «Ешкімде ақша да, көңіл күй де жоқ болатын. Неге бұлай болғандығын отырып сөйлестік. Үлкен фабрикалар дағдарыс әсерінен жабылған, не болмаса Балқан жерлеріне көшіп кеткен. Шайханада отырған түріктер шай ішуге қорқады, бізге қалай ақша берсін. Басқа бір себебі де батыс мәдениеті қарсаңында айтыскерлер көзге ілінбейді. Егер поп музыканты келсе, өзгеше бір ықыласпен қарсы алынар еді. Ақындық дәстүрдің бағасын білетіндер қазіргі күнде қартайып, шайханаларға бармай, үйлерінде намаз оқитындар».
Мемлекет тарапынан демеу болуы тиіс және материалдық жағынан да қолдау көрсетулері керек. Барлық қалаларда айтыскерлер думаны ұйымдастырылуда. Қазақстанда және Әзербайжанда болған сияқты «Айтыскерлер Мектебі» қалыптастырылуы тиіс және бұларда әйел айтыскерлерге де қолдау көрсетілуі қажет, Қазақстандағы және Әзербайжандағы «Айтыскерлер мектебі» зерттелуі тиіс. Өйткені мәдениетті шеберден үйренбеген ақындар айтыскерлік дәстүрін, айтыс әдістерін, зерттеулерін үйренбегені салдарынан дәстүр құлдырауда. Құлдыраған дәстүр одан да тыңдарман және көрермен назарын тіпті де аз аударуда, тіпті жоғалуға жақын күйде.
Бірақ барлық жағымсыз ойлар мен айтыскерлік өнерінде мүмкін емес жағдайларға және қоғам тарапынан өздеріне берілген рөлдерге қарамастан, әйел айтыскерлер үй іші мәселелерімен ғана айналысып қалмаулары керек. Айтыскер әйелдер айтыс кезінде қарсыласымен жан салмай айтыса отырып, өздеріне тыңдаушы қауымнан, керек десең бұқаралық ақпараттардан қолдау табуы қажет.
Қазақтан түрік айтысының ерекше бір айырмашылығы – жеңілген ақынның тағдыры мәселесі. Егер ерегісіп жеңілген ақын ұста ақынға тіл тигізсе, жеңімпаз оны бағлама аспабымен басынан ұратыны, біржолата айтысу еркінен айыратыны қатал шарт деуге болады.
Бұл ескі дәстүрге мысалдар бар. Мәселен, Семикале ауылынан, Шефиле атты бір айтыскер ақындығын дәлелдеп, атақ-даңққа ие болу үшін атақты айтыскер Шенликтің тұратын Карстың Чылдыр ауданындағы Сухара ауылына барады. Бірақ жеңілістен қорыққаны үшін өзін Ақын Сумманимын деп өтірік таныстырады. Айтыстың соңында жеңіліп, бағламасын тастап, ауылына кері қайтады және одан кейін ешқандай айтыстарға шықпайды. Бұл жағдайдан кейін Ақын Шенлик Ардаханға кетеді. Сол мезетте Ақын Суммани де Шенликтің ауылына келеді. Сол елді мекенде Хашимогларыннан Желал мырза және Шериф мырзамен кездесіп қалады. Екеуі де аз уақыт бұрын ауылға келіп, өзін Суммани ретінде таныстырған ақыннан оның Шенликпен кездесуде жеңіліп, бағламасын тастап кеткендігі туралы әңгіме қозғаған болатын. Шенлик Ардаханнан ауылға шақырылады. Кейіннен бір шешімге келіп, әрі әңгімелері жарасып, әрі айтысады. Соңында бір-бірін жеңе алмай, бауыр болғандықтарын жариялайды. Бірнеше күннен кейін ауылына кері қайтады.
Айтыста жеңілген ақынның басына бағламасын ұрып сындыру салтына нақтылы деректер көп. Карслы ақын Зүләлидің 16 жасында Қарари деген ақынмен айтысында жеңіске жеткеннен кейін жас ақын әріптесінің басына бағламасын ұрып сындырған. Зүләли ұстазына құрмет ретінде «Мен бағламаны сындыра алмаймын, ұстазым сындырсын» дегеннен кейін ұстазы рұқсатын береді және ол Ерменилідің бағламасын қолынан алып, оның басына ұрып сындырады [42, Б.78-100].
Қорыта айтқанда, айтыс өнерінде екі халықта төмендегідей ұқсастықтар байқалады:
1.Айтыскерлер суырыпсалма түрде айтысады. Ол дүйім жұрттың, қалың елдің көзінше, ашық та әділ жағдайда бәсеке түрінде өтеді.
2. Ақындар бір-бірінің немесе елінің мінін-кемшілігін, аяусыз сынайды, бірі-біріне жаудан бетер қатал тиіседі. Бірақ айтыс соңында екі ақын ештеңе болмағандай татуласып, достасып айырылысады.
3.Ақындарды көрермендер екіге жарылып қолдап-қолпаштайды, жанкүйерлер қызба қанды болады, кей жағдайда қауымның ішіндегі сыйлы ақсақалдар айтысқа төрелік жасайды.
4.Ақындардың қолында музыка аспабы болады, ән-мақамы ерекше, әншілік, орындаушылық дарыны да сынға түсіп отырады.
Енді айырмашылықтарға тоқталсақ, ол төмендегідей:
1.Түрік айтысында ұстаз ақын әріптесіне арнайы «ұйқас ұсыну» салты бар. Әріптес сол ұйқас аясында ғана айтысын жалғастырады және өлең тек төрт жол, яғни бір шумақтан аспауы керек. Бұл қатал қағида. Ал, қазақ ақындары емін-еркін айтысады, айтыс көлемді болады. Түрік ақыны негізінде ұйқас таппаудан жеңілсе, қазақта әріптестер мағыналық, логикалық, деректік уәжге бас ұрып, жеңіліс табады.
2.Түріктерде ежелгі заманда жеңілген ақын жеңген әріптесіне бағламасын ұсынатын болған. Жеңген ақын әріптесіне ашуланса, оны басына ұрып, бағламаны сындыратын болған. Егер мұндай болғанда масқараға ұшыраған ақын айтысатын құқынан өмірбақи біржолата айырылатын. Қазіргі жағдай да жеңілген ақын жеңімпаздың қолынан сүйіп, басын иеді. Қазақта мұндай қатал ереже кездеспейді.
3. Түрік айтыс өнерінде әйел ақын сирек кездеседі, керісінше қазақта мол екені дәлелдене түсті.
4. Сонымен бірге түрік ақындары бір-біріне бір шумақ қана өлең айтып айтысады. Яғни, айтыстың көлемі қазақпен салыстырғанда тар деген сөз. Өйткені айтыстағы шарт, ереже солай, дәстүр соны талап етеді. Сондықтан айтыс қысқа да нұсқа болған. Мәселен, түрікте ең ескі ақын айтысы Ақын Шамили мен Мұхиббидің Жошкинимен айтысы 1851 жылы болған дедік. Бұл айтыстың хатқа түскен көлемі – елу бір шумақ. Яғни, бұл 204 жол өлең деген сөз [43, 24-б.].
Ал, керісінше осымен шамалас хатқа түскен Біржан-Сара айтысының көлемі бұдан 4,3 есе үлкен, яғни барлығы 887 жол өлең болып отыр. Бұның 510 жолын Сара, 377 жолын Біржан сал айтқан. Түйіндегенде, қазақ айтысының түрікпен салыстырғанда эпикалық қуаты басым екені мәтіндерден анық көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет