ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ ........................................... 62-63
КІРІСПЕ
Зерттеудің көкейкестілігі. Қазіргі ұлттық сананың көтерілуіне байланысты тарихтың “ақтаңдық” беттері ашылып, рухани байлықтарымыз бен төл мәдениетімізге және білім, тәрбие беруге жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауға мүмкіндіктер туып отыр. Қоғамымыздағы қалыптасып отырған әлеуметтік - саяси ахуал өткенімізді объективті тұрғыдан дұрыс бағалауға, мәдениет пен өнер, білім және ғылым салаларында, сонымен қатар педагогикалық ғылым тарихының жаңа мазмұнда сипат алуына мүмкіндіктер туғызып отыр.
Еліміздің тарихи шежіресінде өзіндік қолтаңбаларын қалдырған, ұлт әдебиеті, мәдениеті және ғылымының дамуында өзіндік үлестері мол дара тұлғалардың еңбектерін жаңаша зерделеу, зерттеу объектісіне айналдыру қолға алынуда. Сталиндік репрессия заманында жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, ел үшін ерен еңбектері ескерусіз қалған халқымыздың асыл перзенттерінің, ойшыл ғалымдарының тәлім-тәрбие саласындағы ғылыми мұралары жан-жақты зерттелуде.
Қазақ елінің, қазақ жұртының тағдыры сынға түскен тарихи белестерде, алмағайып замандарда әсіресе қазақ оқығандары, ұлт зиялылары жанқиярлық ерлік көрсетті. Ұлт болашағын ойлап, қам жеген, халқы үшін от пен суға түскен, азап шеккен, керек болса осы мақсатта басын бәйгеге тігіп, жан қиған да осы Алаш арыстары болды. Әсіресе, ұлттық тәуелсіздік үшін күресте олардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тізе біріктіріп, ел санасын оятудағы қыруар еңбегін ешуақытта ұмытуға болмайды. Елдік мұраттардың да жарқырап көрінген тұсы да осы жылдар болды десек қателеспейміз.
Осы оқу-ағартуда білім беруді ұйымдастыру шараларының көш басында қазақ зиялылары, алаш азаматтары тұрған еді...
Олар өз тарапынан, ұлттық ерекшеліктерге бейімделген, ұлттық болмыс арқау етіп алынған оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазды. Алайда, осы қазақ зиялыларының ағартушылық қызметі, ел өміріндегі бастама көтерген, игі шаралардың ұйытқысы бола білген әрекеттері әлі де болса толық бағасын алып, жеткілікті зерттелмей отыр деп айтуға болады.
Осы орайда, біздің зерттеуіміздің арқауы болып отырған еліміздегі ағарту саласының талантты білгірі және оны ұйымдастырушылардың бірі педагог, тамаша ғалым, қоғам қайраткері Телжан Шонанұлының алатын орны ерекше.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ зиялы қауымының айтулы өкілдерінің бірі – Телжан Шонанұлының идеяларының педагогикалық-ағартушылық ой-пікірлерінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі, ұлттық мәдениетті қалыптастырудағы маңызы зор деп айта аламыз. Оның мұраларының ішінде педагогика, бастауыш білім, оқытудың әдістемелік құралдары, тіл біліміне қатысты еңбектерінің маңызы күні бүгінде өз мәнін жоймаған дүниелер. Сондықтан, дарынды ұстаз, көсемсөз шебері, айтулы ғалым Телжан Шонанұлының педагогикалық идеяларының бүгінгі оқыту ісімен сабақтастығы, лингвистикалық мұралары туралы мәліметтер аз болғандықтан, бұл дипломдық жұмысты жазуда аталмыш ғалымның тіл біліміне қатысты еңбектерінің тұтастай жинақталып, тарихи негізде қарастырылуы жұмыстың өзектілігі болып табылады және қазіргі қазақ педагогикасының еңбектерінің теориясы мен практикасына елеулі үлес қосатын Телжан Шонанұлының педагогикалық мұраларын зерттеу қажеттілігін туындатады.
Осы тұрғыдан Телжан Шонанұлының лингвистикалық мұрасының педагогикалық негіздерін зерттеу жас ұрпақтың зердесі мен танымының кеңеюіне және отандық педагогика тарихын дұрыс түсінуге, оны мазмұндық жағынан толықтырып, жаңаша сипат алуына мүмкіндік береді.