І. Бүлдіршіндердің сауатын ашуға арналған әліппелері мен мақалалары. «Жаңалық» (1928), «Сауаттан» (1929), «Колхоз ауылы» (1930; М.Жолдыбаевпен бірге); «Тіл дамыту» (1930), «Қазақ тілі (Грамматика мен емле)» (1934), «Жаңа арна» (1927; М.Жолдыбаевпен бірге);
Телжан Шонанұлы негізінен оқулықтарды бастауыш кластарға, жаңа сауаттанып жүрген ересектерге, ал кейінірек қазақ тілін мемлкеттік тіл ретінде оқи бастаған ұлт өкілдеріне арнаған. Ол бастауыш класс педагогикасы мен әдістемесін қатар меңгерген ғалым-педагог. Оған қоса емле, тіл дамыту, хрестоматия, қаза тілін оқыту әдістемесі сияқты әр түрлі салаларды қамтыған. Олай болса, Телжан Шонанұлы қазақ бастауыш мектебінің теориялық, әрі практикалық негізін қаласты деуімізге болады. Ал, бұл мәселе сол 20-30 жылдарда қазақ өміріне өте қажет әлеуметтік шара болатын. Шығармашылық қызметінде педагог – ғалым өз әріптестерімен, сол кездегі қазақтың қайраткерлері, тілші әдебиетшілерімен тығыз байланыста болып, олармен бірлесе, отырып, ағартушылық бағытында келелі жұмыстар жүргізді. А.Байтұрсыновпен бірге 1926 ж. көлемді хрестоматиялық оқу құралын шығару, Т.Шонанұлы А.Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси қайраткерлігін, ғылыми-зерттеу еңбектерін жоғары бағалап, оның 50 жылдық мерейтойына арнап үлкен мақала жариялады, жақсыны жақсы таниды, қимас, құрмет лебіздерін білдірді: “Ахмет Байтұрсынұлы мәдениетіміз бен ғылымымызға қалтықсыз беріле еңбек сіңірген, таланты мен тағдыры, жан дауысын, тек сол мақсаттан тапқан жан, Ахаң күрделі тұлға, зерделі ғалым” – деп ой салуы осыған дәлел [19; 20].
Ғалым 1926-30 жылдары төте жазудан араб графикасы негізінде латын жазуына көшу науқаны тұсында жаңа емлені жақтады. Сондай-ақ I-ші Жалпыодақтық Қазақстан орталық жаңа әліпби комитетінің мүшесі ретінде де жаңа алфавиттің бүкілодақтық комитетінің IV пленумында, 1926 жылы Баку қаласында өткен түркологтардың жалпыодақтық съезінде Т.Шонанов түркі тілдес халықтардың алфавиті бірдей болуы үшін латын жазуына көшу қажеттігін дәлелдеуге тырысты. Ол О.Жандосовпен бірігіп барлық латын комитеттерімен латыншыларға арнап ашық хат жариялады. Күнделікті баспасөз бетінде туыстас түркі халықтарының емле жаңалықтарымен оқырмандарды үнемі таныстырып отырды: «Татар жаңа емлесі», «Ұйғыр емле конференциясының қорытындысы», «Орта Азияда латын әліппесі», «Түрікте жаңа әліппе» сияқты мақалаларын жариялады. Қазақ мектептеріне арнап жазған «Жаңалық» (Әліппе) /2-басылымы. Қызылорда, 1928, -72 б.; «Сауаттан», Қызылорда, 1930, -48б.; «Жаңалық» (Әліппе) /5-6 басылымдар. Қызылорда, 1930-1931, -88 б.; М.Жолдыбаевпен «Жаңалық» («Колхоз мектептері үшін әліппе») Алматы, 1931,-88б.; М.Жолдыбаевпен бірге «Әліппе» Алматы, 1933, 1934, 1935 ж.ж. атты әліппелердің құндылығы өз мәнін әлі де жойған жоқ.
Бастауыш сыныптарға арналған оқу құралдарындағы “Жаңалық”, “Жаңа арна” тағы да басқа тапсырмаларда ең алдымен балалардың жас ерекшеліктері, ой-өрісі, дүниетаным деңгейлері елеп-ескерілген. Оқу текстері мен материалдары түсінікті болу үшін бала ұғымына оңай, тіліне жеңіл мысалдар, мақал-мәтелдер кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар, бұл шығармалардың балаларды білімге, оқып-үйренуге деген ықыласын, қызығушылығын арттыруға себебі тиетіндегі адамгершілік қасиеттері қалыптасуына ықпал ететіндігін ескеріп отырған.
Оқулықтары мен оқу құралдарының мазмұны ұғынықты әрі көрнекі-бейнелі болуын ескере отырып, өз еңбектерінде кесте, суреттер, диаграммалар, үлгілерді молынан пайдаланған. Осы көрнекіліктердің оқу материалдарын алға апарудағы маңызын жан-жақты зерттеп, оның мазмұнын түсіндеру мақсатында арнайы кітап та бастырып шығарды. 1929 жыл осы тақырыпта Ташкент қаласында «Диаграмдар, графиктер қандай болады, қалай салынады?» деген кітабы шықты [20; 20].
Қазақ тілінің грамматикасы мен басқа да оқу-әдістемелік құралдар дайындау барысында педагогика ғылымын терең зерделегенінің көрінісі болып табылатын – дидактикалық қағидаларды өзінің басты ұстанымына айналдырды. Ол жазған оқулықтар мен оқу құралдарынан айқын көзге ұратын ерекшелік дидактика талаптарының бірі – жүйелілік принципінің қадағалануы болып табылады. Оның кез-келген оқу кітаптарындағы оқу материалдарының жүйесін, мазмұнын талдау барысында, ұсынылған материалдардың сабақтастығын, бірте-бірте оңайдан - қиынға, қарапайымнан – күрделіге сынаптай жылжып қана ауысатыны байқалды. Әр оқулыққа іріктелген шығармаларды шәкірт санасы жеңіл тоқитындай, ішкі желісі мен түпкі мақсатын оңай қабылдайтындай жасаған. Әрбір оқу материалының тәрбиелік, өнегелік астары болуын қарастырған.
Т.Шонанұлының оқулықтарды сол кездегі оқу бағдарламаларына сүйеніп жасағаны айғақ. Оқу бағдарламасы ең алдымен белгілі сыныптарға арналып жасалды. Оқу бағдарламасы оқулықтың мазмұнын, тақырыптар шеңберін айқындайды. Бұл Білім Министрлігі бекітетін мемлекеттік құжат екені белгілі. Сондықтан оқулық оқу бағдарламасы белгілеген, мөлшерленген тақырыптар мен сағаттар санын негізге алады. Оқу бағдарламасы оқу мазмұнының схемасы, ал оқулық – нақты әдістемелік материал болып табылады. Тақырыптар шеңберін айқындауда, олардың мәнін түсіндіруде басшылыққа алынатын негізгі принцип – оның ғылыми дәлдігінің сақталуы.
Қазіргі орта мектепте және арнаулы орта, жоғары оқу орындарындағы қазақ тілі, қазақ тілін оқыту әдістемесі оқулықтарындағы анықтамалар мен ережелердің белгілі аксиомалық жүйеде қалыптасуында Т.Шонанұлының үлесі елеулі. Себебі, оқулық жасау теориясында анықтама мен ереженің ара жігін ашып, жаттығулар теориясының негізін қалаған ғалымдардың бірегейі – Т.Шонанұлы деуімізге толық негіз бар. Біздің осылай түйін жасауымызға ғалым-әдіскердің оқулықтары мүмкіндік береді.
ІІ. Қазақ тіл біліміне арналған еңбектері. «Тіл болмаса, халық біріншіден, өзінің ұлттық бейнесін жоғалтады, екіншіден, мәдени құлдырауға ұшырайды» – дейді ғалым. Қазақ балаларының сауатын ана тілінде ашу керектігін, алғашқы үш жылда оларды ана тілінде оқыту қажеттілігін ғылыми еңбектерінде де, іс жүзінде де дәлелдеген. Қазіргі үш тұғырлы білім беру науқаны тұсында ғалымның пікірі ескерілуі қажет деп ойлаймыз. Себебі Т.Шонанов мұны өзінің нақтылы тәжірибесінен түйгендіктен айтып отыр. «Тіл дамыту» (бірнеше кітап), «Қазақ тілі. Грамматика мен емле», «Жаңа арна» (Алғашқы жылдың оқу құралы) және М.Жолдыбаевпен бірге жазған бастауыш сыныптарға арналған тіл дамыту оқулықтарының бүгінгі күні қажеттілігі артып отыр. Т.Шонанұлының тіл дамыту мақсатында, осы бағыттағы дәрістерінде негізгі қолданатын әдістері – талдау, салыстыру болып табылады. Мысалы: “Қазақ тілі” (грамматикалық емле), “Тіл дамыту” “Ересектер үшін оқу құралы тағы да басқа еңбектерінде шәкірттер оқулықтағы шығармалар желісін, өздері бастан кешірген оқиғалармен, өмірден көрген, түйген тәжірибелерімен салыстыра оқыту көзделеді. Т.Шонанұлы шәкірттер бала кезінен бастап, қоршаған ортадағы сан алуан құбылыс пен болмыстың ішкі және сыртқы табиғатына, ересек адамдардың еңбек әрекеті мен өзара қарым – қатынастарына, өмір кезеңдеріне өздерінше баға беріп, сомдап отырса ғана, өзіндік пікірлер желісі қалыптасып, түсініктері дамыса ғана олардың логикалық ой-орісі дамып, шығармашылық қабілеті және адами келбеті дамитындығын ескерген.