424-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмiн есептеу Тауардың жарамдылық мерзiмi оның дайындалған күнiнен бастап есептелетiн, осы мерзiм iшiнде тауар пайдалануға жарамды болатын уақыт кезеңiмен, не ол басталғанға дейiн тауар пайдалануға жарамды болатын күнмен белгiленедi.
425-бап. Тауар сапасына кепiлдiк беру Шартта сатушының тауар сапасына кепiлдiк беруi көзделген жағдайда сатушы шартта белгiленген белгiлi бiр уақыт кезеңi (кепiлдi мерзiм) iшiнде сатып алушыға осы Кодекстiң 422-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiстi тауар беруге мiндеттi.
Тауар сапасына кепiлдiк, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның барлық құрамдас бөлiктерiне де (жиынтықтаушы бұйымдарына) қолданылады.
426-бап. Кепiлдi мерзiмдi есептеу тәртiбi Кепiлдi мерзiм, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар сатып алушыға берiлген кезден (осы Кодекстiң 410-бабы) есептеле бастайды.
Егер сатып алушының сатушыға байланысты мән-жайлар бойынша шартта кепiлдi мерзiм белгiленген тауарды пайдалану мүмкiндiгi болмаса, сатушы тиiстi мән-жайларды жойғанға дейiн кепiлдi мерзiм өтпей тұрады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 436-бабында белгiленген тәртiп бойынша сатып алушыға тауардың кемшiлiктерi туралы хабарланған жағдайда, кепiлдi мерзiм тауар ондағы байқалған кемшiлiктер себептi пайдаланыла алмаған уақытқа ұзартылады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, жинақтаушы бұйымға берiлген кепiлдi мерзiм негiзгi бұйымға берiлген кепiлдi мерзiмге тең болып есептеледi және негiзгi бұйымға берiлген кепiлдi мерзiммен бiр мезгiлде өте бастайды.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды (жиынтықтаушы бұйымды) алмастырған кезде кепiлдi мерзiм қайталан басталады.
427-бап. Тауар сапасын тексеру Егер заңдарда немесе шартта тауардың сапасын тексеру көзделсе, ол соларда белгiленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
Мемлекеттiк стандарттарда, стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк құжаттарда тауарлардың сапасын тексеруге мiндеттi талаптар белгiленген жағдайларда сапаны тексеру оларда келтiрiлген нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен тауар сапасын тексеру талаптары көзделмесе, тауар сапасын тексеру iскерлiк айналым дағдыларына немесе әдетте шарт бойынша берiлуге тиiс тауарды тексеру жағдайларына қолданылатын өзге де талаптарға сәйкес жүргiзiлуге тиiс.
3. Егер заң актiлерiнде, мемлекеттiк стандарттардың мiндеттi талаптарында, стандарттау жөнiндегi өзге де нормативтiк құжаттарда немесе шартта сатушының сатып алушыға беретiн тауарының сапасын тексеру (сынақ өткiзу, талдау, қарап шығу және т.б.) мiндетi көзделген болса, сатушы сатып алушының талап етуi бойынша оған тауар сапасын тексерудi жүзеге асырғандығы жөнiнде дәлелдемелердi табыс етуге тиiс.