Мәселенің қазіргі уақыттағы жағдайын бағалау. Қазақстанда 2012 жылы 18 жасқа толмаған 1,33 пайыз мүгедектігі бар бала саналды (ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, 2012 ж.). Бұл көрсеткіш өңірдегі ТМД –ның басқа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Тәжікстан секілді елдерде 2012 жылы 18 жасқа толмаған мүгедектігі бар балалар пайызы 0,80 болды, Түркіменстанда – 0,55 пайыз (2005 жылы), Қырғызстанда – 1,25 пайыз (2012 жылы) және Ресейде – 1,88 пайыз (2010 жылы). Мүгедектігі бар адамдар мен балаларды қорғау және қоғамға араластырудың халықаралық стандарттарын сақтау бойынша өз күш-жігерін жұмсай отырып, Қазақстан 2008 жылы 11 желтоқсанда БҰҰ Мүгедек адамдардың құқықтары туралы конвенцияға қол қойды. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамалары мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік қамтамасыз ету, мамандандырылған мекемелер ұсына, тегін білім беру (бастауыш, орта және кәсіптік оқыту, сондай-ақ осы санатқа жататындар үшін тегін жоғары білім беру), медициналық мекемелерде мамандандырылған ем алу және т.б. құқығына кепілдік береді. Қазіргі кездегі қолданыстағы заңнамаларға қарамастан, мүгедектігі бар балалардың бұрынғыша күнделікті өмірдегі қиындықтармен кездесетіні байқалады. Сейтенова мен Беккер (2008 ж.) мүгедектігін жасыратын адамдар саны айтарлықтай бар екені (мүгедектік ресми билікке хабарланбайды немесе ондай болып тіркелмейді) туралы қорытындыға келді. Бұл негізінен екі басты себепке байланысты: 1) мүгедектігі бойынша жәрдемақы алуға өтініш берген кезде кедергілер көбейді, бұл оны алуды неғұрлым қиындата түседі; 2) мүгедектікке қатысты кемсітушілік жағдайлары жиі туындайды, сөйтіп, мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне қатысуына кедергілер жасалады (БҰҰ, 2009 ж.). Мүгедек болып туылған балалардың ата-аналары отбасы стигмаға және қоғамның қабылдамауына тап болатындықтан, көп жағдайларда баланың мүгедектігі туралы хабарлағысы келмейді.