Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы – бұл ерекше мәртебеге ие отбасы. Олардың ерекшеліктері мен проблемалары, сол отбасы мүшелерінің жеке ерекшеліктерімен, өзара қарым-қатынасымен ғана анықталмайды, бұл отбасында мүмкіндігі шектеулі баланың мәселесі басым болады, көп жағдайда мүгедек баланың анасына жұмыс істеуден бас тартуға тура келеді. Кішкентай мүгедек балалар оқшау өмір сүрмейді, отбасы, бала үшін анағұрлым жайлы, әрі жақын әлеуметтік орта. Бірақ отбасында мүгедек баланың болуы тәрізді жағдай отбасының кейбір мүмкіндіктерін шектейді. Мысалы, отбасы мүшелеріне мол табыс табу мүмкіндігінен, әлеуметтік белсенділіктен немесе алыс, қымбат жерлерде демалу тәрізді мүмкіндіктерден бас тартуға тура келеді. Даму мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың, әдетте дәрігерлік және әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктері, олардың әлеуметтік қажеттіліктеріне сай бола бермейді. Осыған байланысты, әлеуметтік ұйымдардың, мекемелердің қызметкерлері мұндай отбасыларға әлеуметтік реабилитациялық көмек көрсетеді. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік реабилитациялау технологиясы, барлық шараларға ата-аналардың қатысуын міндеттейді. Сөйтіп, балалар мен ата-аналарды қатар оқып-үйретеді, ата-аналар үйде баламен жұмыс істеуге, оны әлеуметтік ортада, тәуелсіз өмір сүруге баулуға үйренеді. Отбасы – баланың тығыз байланысатын, ең жақын әлеуметтік ортасы. Отбасында мүгедек баланың дүниеге келуі, әрине ата-анаға ауыр соққы болып тиеді. Егер отбасында дені сау баланың дүниеге келуі, адамзат баласына жаңа бір қуаныш, мақтаныш, рахат сезім әкелетін болса, кеміс баланың дүниеге келуі керісінше, отбасындағы зұлмат тәрізді бағаланады. Осы жағдай негізінде, ата-аналар арасындағы қарым-қатынас бұзылады, кейбір жағдайларда ата-аналар ажырасады немесе баладан мүлдем бас тартады. Мұндай балалардың дүниеге келуі, барлық ата-анаға бірдей әсер етпейді, бірақ басым көпшілігін күшті психологиялық күйзеліске (стресс) ұшыратады, сөйтіп психиканың бұзылуына әкеп соқтырады. Ата-аналардың көпшілігі, күнділікті тіршілікті жалғастыру қажеттіліктерін сезінеді, біртіндеп күш жинайды, сөйтіп кеміс баланы тәрбиелеуге кіріседі. Кеміс балалар отбасында толып жатқан мәселелер туындайды: дамудағы кемістіктің қандай көріністе болатыны туралы мағлұматтың болмауы, баланың болашақтағы дамуы туралы болжай алмау, өздері қамқорлық жасай алмайтын уақытта, баланың тағдыры үшін алаңдау; ата-аналардың психологиялық дезадаптациясы; Мұндай баланың дүниеге келуіне кім кінәлі? деген сұраққа жауап табуға тырысу; кеміс баланы тәрбиелеуден бас тарту мен баланы мемлекеттік мекемеге орналастыру туралы шешім қабылдаудағы сергелдең т.б., сонымен қатар, кеміс баланың тууымен қатар, материалдық және әлеуметтік мәселелер пайда болады, отбасы мен қоғам арасындағы қарым-қатынас қиындайды. Егер мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік және моральды-психологиялық қолдау жеткіліксіз болса, мұндай жағдаяттар асқына түсуі мүмкін. Сондықтан кеміс баланы үй жағдайында тәрбиелеу туралы, ата-аналарды сауаттандыру жұмыстары жүргізіледі, арнайы әдебиеттермен қамтамасыз етеді. Дамуында қандай да бір ауытқуы бар баласы бар ата-аналардың мінез-құлқының бірнеше түрін ажыратады:
Ата-ананың баланы, оның кемістігімен бірге қабылдауы – баланың кемістігін қабылдайды, адекватты бағалайды және балаға шынайы адалдық көрсетеді, оның кемістігіне деген жаман көзқарас, өзін, баланы кінәлау сезімі болмайды.
Теріске шығару, мойындамау реакциясы – баланың кемістігі мен мүмкіндіктерінің шектеулі екені теріске шығарылады, сондықтан, баласының қабілетінің жоғары болуын талап етеді.
Шектен тыс қорғау реакциясы – бұл тым, күшті қамқорлық жасау, балаға аяныш сезімімен қарау және шектен тыс жақсы көру. Баланың орындайтын істерін өздері орындайды, нәтижесінде, бала өздігімен әркеттенуге дәрменсіз, өмір бойы инфантильдік деңгейде қалып қояды.
Баладан жасырын бас тарту, шеттету – мұнда кемістік масқара ұят болып саналады. Ата-аналар өздерінің жиреніш, жеккөрініш сезімдерін, шектен тыс қамқорлықпен бүркемелейді.
Баладан ашық бас тарту, шеттету – мұндай ата-аналар өздерінің жауығу, жеккөру сезімдерін жасырмайды. Ата-аналар өздерінің бақытсыздығына қоғамды, дәрігерлерді, мұғалімдерді кінәлайды, балаға, оның кемістігіне адекватты емес көзқараспен қарайды.
Шектен тыс қамқорлық (протекция) пен бас тарту, жасырын немесе ашық шеттету – мұның барлығы, ата-ананың теріс реакциялары, бұлар баланың дамуын тежейді немесе дамуға кедергі жасайды. Мұндай отбасыларына психологиялық қолдау қажет, сондықтан, мұнда әлеуметтік қызметкерлер, арнайы мамандар үлкен рөл атқарады. Балаға әлеуметтік реабилитация жасауды, оның өзінен емес, ата-анасынан бастаған дұрыс, нақты айтқанда, олардың даму мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбилеуге деген психологиялық даярлығын қалыптастырудан бастаған жөн. Кемістігі бар бала, ата-ана үшін, теріс эмоционалды сезім тудырып қана қоймайды, ол отбасының үйреншікті тұрмысын, өмір сүру жағдайын өзгертеді, отбасындағы басқа балаларға деген көзқарас пен қарым-қатынасты өзгертеді. Кейбір отбасылар, өзінің кеміс баласымен, ел көзіне түспеуге тырысып, тасаланады, аяушылыққа немесе мазаққа қалуға қорқады, басқа отбасылармен, туғандармен қарым-қатынастарын шектейді. Мұның барлығы, қоғамның кеміс балаларды қабылдауға даярлығы деңгейіне байланысты, өкінішке орай, қоғам бұған дайын емес. Қоғам, қоғам болғалы, дені сау адамдар мен даму мүмкіндігі шектеулі адамлар арасында болатын психологиялық кедергілер әлі жоғалған жоқ. Бұл жағдайдан кеміс балалар ғана емес, қоғамның өзі де зардап шегеді, себебі адамдардың моральды қатігездігі арта түседі, өзге адамдардың бақытсыздығы мен қасіретіне деген сезімталдық жоғалады. Ата-аналар сау баланың дүниеге келуін күткендіктен, кеміс баланы қабылдауға даяр болмайды, оны тәрбиелеуді ұйымдастырц бағыттарымен мүлде таныс болмайды. Даму мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларының мәселелері мен кезігетін қиындықтары бірдей. Отбасы - бала үшін маңызды әлеуметтендіруші фактор, оның ықпалы өзге қоғамдық орталардың ықпалынан анағұрлым күшті. Отбасында, бала ережелер мен тәртіп жүйесін меңгереді, қоғамдық мәдениет пен дәстүрге сәйкес білімдерді, құндылықтарды меңгереді
Жанұяның негізгі міндеттері:
Баланың үздіксіз дамуын қадағалау. Бала денсаулығына қамқорлық жасау. Еңбек тәрбиесіне, баланың жан-жақты дамуына көмектесу. Баланың қызығушылығын, бейімділігін, шығармашылығын дамыту. Баланы өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі дамытуға, сонымен қатар болашақ өмірге дайындау.
Ата-ананың бала алдындағы парызы.
Адамның жеке қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан туған үйдің жылуы жылдар бойы есінде сақталып жүреді.
Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға келмейді.