Құқықтық тәрбие – балалардың құқықтық сана-сезімін, қоғамдағы құқықтық нормалар мен құқықтық мәдениетті сақтау, заңды құрметтеу дағдыларын қалыптастыру.
Құқықтық тәрбиенің мақсаты: балаларды күрделі құқықтық қоғамдық қатынастармен таныстыру.
Құқықтық тәрбиенің міндеттері:
- құқықтық мемлекеттік азаматты тәрбиелеу;
- өмірге қажетті қарапайым заңгерлік сауатылықты меңгеру дағдыларын қалыптастыру;
- балаларды өз құқықтарымен, міндеттерімен құқықтық жауапкершіліктерімен, құқықтық қатынастармен таныстыру.
Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын бірнеше заң құжаттары бар. Балаларды қоғамдық өмірге дайындау маңыздылығы, және ұлттық сана-сезім мен азаматтықты тәрбиелеу принциптері негізінде жасалған бала құқығы мен мүдделерін іске асыруда пайда болатын қатынастарды қадағалайтын «Балалар құқықтарының декларациясы», Қазақстан Республикасының «Балалар құқығы туралы заңы», «Балалар құқығы туралы конвенция» іске асырылуда.
Әлеуметтік ортадағы өмір әр адам бойында өз Отанына деген сүйіспеншілікті, азаматтық қасиеттерді қалыптастыруды талап етеді. Әр бала жеке тұлға болуға, өз өмірін өзі құруға, өз ойын еркін айтуға, азамат болуға құқылы.
Азаматтық тәрбие – балаларды қоғамның саяси өмірінің негіздерімен таныстыру, өзінің азаматтық міндеттерін орындауға дайындығын қалыптастыру.
Азаматтық тәрбие жеке тұлғаның азаматтық сана-сезімін, конституциялық, құқықтық көзқарасын қалыптастыруды қарастырады.
Азаматтық тәрбиенің міндеттері:
- тұлғаның өз абыройын бағалап құрметтеу сезімін, жеке тәуелсіздігін және тәртіптілігін қалыптастыру;
- адамға өзін заңды, саяси, әлеуметтік тұрғыдан әрекетшіл екенін сезіндіретін тұлғаның азаматтылығын қалыптастыру;
- тұлға бойында басқа азаматтарға және мемлекетке деген сыйластық және сенімділік қатынастарын қалыптастыру;
Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, оны қорғауға деген даярлық адамгершілік тәрбиесінің бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Экологиялық тәрбие – ол бала санасында табиғатты қорғау, аялау сезімін, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Экологиялық тәрбие мақсаты: табиғатқа, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды, оны қорғауға даярлықтарын қалыптастыру.
Экологиялық тәрбиенің міндеттері:
- жас ұрпаққа жоғарғы экологиялық мәдениетін бірізді дамыту;
- табиғатқа қоғам дамуының материалды және рухани күштердің қайнар көзі ретінде қарап, оның тағдыры үшін жауапкершілікті сезіну;
- адамдардың санасы мен іс-әрекеттерінде табиғат байлықтарын тиімді пайдаланып, оларды сақтау қағидаларын бекіту;
- қоршаған ортаға зиян келтірмей кейбір шаруашылық-экономикалық мәселелерді шешетін дағдылар мен іскерліктерді қалыптастыру.
Үйлесімді дамыған жеке тұлғаны қалыптастырудың маңызды және көп ғасырлар тәжірибесінен тексеріліп өткен қағидасы тәрбиенің бастамасы еңбекке баулу екені анық. Еңбек, адам іс-әрекеттерінің негізгі түрі бола тұра, жеке тұлғаны дамыту факторы және әлемді шығармашылық тұрғысынан меңгеру тәсілі ретінде қарастырылады.
Еңбек тәрбиесі – еңбек етуге психологиялық даярлықты, еңбекке деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру, еңбек тәртібі мен мәдениетін меңгеру.
Еңбек тәрбиесінің мақсаты: балалардың еңбекке деген дұрыс көзқарастарын, еңбек етуге даярлықтарын, мамандықты саналы тандауларын қалыптастыру.
Еңбек тәрбиесінің міндеттері: - тәрбиеленушілерді еңбек іс-әрекетінің әр түріне мақсатты бағыттайтын жалпыға пайдалы еңбек қажеттілігін қалыптастыру;
- белсенділік, іскерлік, еңбекті құрметтеу сияқты қасиеттерді дамыту;
- тұлғаның қайсарлығын, ұқыптылығын, тапқырлығын, ептілігін және басқа да жігерлік қасиеттерін дамытатын қажетті дағдыларды бекіту;
- балалардың ұйымдастырушылық қабілеттерін, ұжымдық еңбекте ынтымақтастық және өзара көмектесу, өзара жауапкершілік сезімдерін дамыту.
Еңбек тәрбиесі отбасында да әр түрлі жолдармен іске асады. Балалар өзіне-өзі қызмет көрсетуге кеңінен қатыстырылады. Олар үй шаруашылығында көптеген міндеттер атқарады; отбасы бюджетіне, оның пайдалануына қатыстырылады. Балалар мен ересектердің бірлесіп жұмыс істеуінде отбасының мүмкіндіктері зор. Еңбек тәрбиесінің құрамды бөлігі болып экономикалық тәрбие саналады.