Үшінші кезеңде тәжірибелік-эксперимент жұмысының нәтижелері қорытындыланып жүйеленді.
Диплом жұмысының құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады; жалпы көлемі бет.
І МЕМЛЕКЕТТІК БАЛАБАҚШАДА ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Мемлекеттік балабақшада тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктерінің педагогикалық негіздері
Егемен елiмiздiң тiрегi – бiлiмдi ұрпақ. Қазақ халқының өмiрiнде тәрбие жеке отбасының ғана мұраты болған емес, ұрпақ болашағы ежелден ортақ мүдде деп түсiнiлген. Біздiң болашағымыз – өсiп келе жатқан жас ұрпақ. Жас ұрпақ ел-тiрегi, ертеңiмiздiң кепiлi.
Дүние жүзінде, оның ішінде Қазақстанда толық жетілген тұлғаны тәрбиелеу және соған байланысты әлеуметтік-экономикалық, психологиялық мәселелер күннен күнге күрделене түсуде. Осыған орай, бүгінгі күні әрбір ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуында тәрбие шешуші фактор болуы заңдылық.
Дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, патриоттық сезімі қалыптасқан, рухани ойлау дәрежежсі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Негізгі құзыреттілікке, жалпы азаматтық және ұлттық құндылықтар негізінде тұлғалық мәдениетке ин бала тұлғасын дамыту.
Мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік ұйымдары нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің нормалары мен ережелерін сақтау кезінде оларға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жөніндегі қызметті жеткізушілердің тізбесіне қосылады.
Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбие мен оқытудың негізгі міндеттері:
-Ұжымға тәрбиелеу, балалардың өзара ұжымда қарым-қатынасын қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, әр түрлі ұлт өкілдеріне қадір тұту және сыйлау;
- Баланың өмірін сақтау және денсаулығын нығайту, толыққанды дене бітімін дамыту, Қазақстан Республикасы халықтарының ұлттық дәстүрі негізінде салауатты өмір салты құндылығын қалыптастыру;
- Толық кеңістікті құру және мектеп жасына дейінгі баланың жеке дамуын кешенді сүйемелдеудің қамтамасыз ету;
- Баланың сөйлеуін және ана тілін, қарым-қатынас мәдениетін дамыту, сауат ашу негіздерін меңгеруге даярлау;
- Мектеп жасына дейінгі балалардың адамгершілік құндылық бағдарын адамның оң мінез-құлқы, нормасы, тәртіптік ережесі, қазақстандық қоғамда қалыптасқан халықтық салт-дәстүр үлгісінде қалыптастыру;
- Өз Отаны мен туған өлкесіне сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге құрметпен, қоршаған орта, отбасы, түрлі ұлт өкілдеріне адамгершілікпен қарауға тәрбиелеу;
- Балада қоршаған дүние, өзі және әлеуметтік ортасы туралы алғашқы түсініктің тұтас бейнесін қалыптастыру [6].
Қарапайым әдеттерді тәрбиелей отырып педагог балдырғанның бар істі шын пейілмен әрі саналы атқаруына қол жеткізеді, яғни сыртқы ұнамды мінездері оның ішкі жан дүниесін, оның ережеге деген көзқарасын айқындайды. Атақты педагог Сухомлинский: «бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани тәрбиелік нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық» деп атап көрсеткен.
Болашаққа оқу-бiлiм сәулесiн таратқан халқымыздың ағартушы- педагогы, қазақ даласында тұңғыш мектеп ашқан, Ыбырай Алтынсарин, ұлы ғұлама Абай Құнанбаев, көрнектi қоғам қайраткерi, ғалым-ұстаз Ахмет Байтұрсынов, қазақ жерiнде тұңғыш ұлттық педагогика, психология пәндерiнiң негiзiн қалаған Мағжан Жұмабаев, Жүсiпбек Аймауытовтардың ұрпақ тәрбиесiне қосқан үлесi, қалдырған мұрасы кешегiнi бүгiнгiмен жалғастырып келе жатқан игiлiгi мол қазына екенi сөзсiз. Олардың шығармашылық асыл мұралары бұл күнде жас ұрпаққа тәрбие мен бiлiм беру жүйесiнiң төрiнен орын алып, тәрбиенiң дәрмендi құралдарының бiрiне айналып отыр.
М.Дулатов «Балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухын сiңiрiп, ана тiлiн үйретiп шығару керек» десе М.Жұмабаев «Әрбiр ұлттың баласы өз ұлтының арасында ұлт үшiн қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиешi баланы сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие беруге мiндеттi» деген. Балаларды тәрбиелеудi жаңа әдiс тәсiлдерiнiң бiрi ұлттық тәрбие. Қазақ халқының меймандостық салты ұлттық санаға сiңiп, меймандос халық болдық. Ол салт-сананың бастауы, игi әдет одан әдет-ғұрып, одан әдеп, әдептен дәстүр, дәстүрден салт-сана қалыптасады. Ұлттық тәрбие ұлттық мәдениеттi өркендетудiң қайнар көзi болып табылады [7].
Мектепке дейінгі педагогиканың ғылым ретіндегі бастамасы XVII ғасырға тән. Бұл кезде славян педагогы Ян Амос Коменский (1592-1670) мектепке дейінгі тәрбиенің алғашқы жүйесін жасады. Ол өз еңбектерінде бала тәрбиесінің дамуындағы прогресшіл идеяларды басшылыққа алып, тәрбиеде баланың жеке басының дамуы мен ерекшеліктерін ескеру қажет деп есептеген [8].
Атақты француз ойшылы, жазушы-педагогы, философы, аса ірі ағартушыларының бірі Жан-Жак Руссо (1712-1778) тәрбиенің өзіндік теориясын жасаған. Ол феодалдық қоғамнан туындаған әлеуметтік әділетсіздікті, баланың жас және жеке даму ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескермеген тәрбиешіні қатты сынаған. «Эмиль немесе тәрбие туралы» еңбегінде баланың жетілуін жас шамасына қарай кезеңдерге бөлуге әр кезеңдегі тәрбие міндетін, мазмұнын, оқу-тәрбие әдістерін белгілеуге әрекет жасаған.
Иоганн-Генрих Песталоций (1746-1827) швецарияның ұлы демократ-педагогы. Песталоций тәрбиенің негізгі міндеті баланың адамгершілік қасиетін қалыптастыру, адамгершілікті өндірістегі еңбекпен ұштастыру деп тапқан [9].
Н.Құлжанованың белсене араласуымен сонау 20-жылдардың өзінде-ақ мектепке дейінгі қазақ педагогика ғылымының іргетасы қалана бастады. Мәселен, 1924ж. Орынборда «Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу» атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы жарық көрді. Кейіннен «Әйел теңдігі» журналында осы ізгілікті іс әрмен қарай жалғастырылды. Журнал беттерінде қазақ балабақшаларының озат тәжірибелері, онда жүргізіліп жатқан түрлі тәрбие жұмыстарының жай-жапсары, мақсат-міндеттері жайында көптеген мақалалалары жарияланды. Осы журналдың мектепке дейінгі тәрбие бөлімін басқарған Н.Құлжанова осынау көшпелі қазақ елінде бұрын-соңды болмаған бала тәрбиесінің жаңа түрін аяғынан тәй тұрғызуға себепші болды [10].
Адамзат қоғамы даму тарихында қалыптасқан тәрбие мен оқыту теориясы мен практикасын дамыту саласындағы маңызы мен тәрбиелік мүмкіндіктері жайлы Я.А.Коменский, К.Д.Ушинский, В.Г.Белинский, Н.К.Крупская, А.С.Макаренко, Н.Н.Хан, В.А.Сухомлинский, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.П.Сейтешов, М.Ә.Құдайқұлов, А.А.Бейсенбаева, К.К.Жампейісова, Г.Т.Хайруллин, В.В.Трифоновтар маңызды педагогикалық ой-пікірлер қалдырды [11].
Сондай-ақ халықтың қалыптасқан тәрбие тәжірибесін оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану туралы Г.Н.Волков, Я.И.Ханбақов, М.Сейфуллаева, Т.Г.Тимошина, С.Қ.Қалиев, М.Х.Балтабаев, Қ.Б.Жарықбаев, Ә.Табылдиев, С.А.Ұзақбаева, К.К.Қожахметова, Ж.Ж.Наурызбай, Қ.Қ.Шалғынбаевалар өз еңбектерінде тұжырымдады [12].
Қазақ халқының ұлы ақыны М. Жұмабаев ата-ананың әділдігімен, адамгершілік парасаттылығымен тәрбиеленген, ұстаздары А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтан дәріс алып, олардан үлгі-өнеге алған ағартушы, әрі педагог болған [13].
Мағжан баланы балабақшада жас күнінен тәртіпке үйретудің қажеттілігіне баса назар аударады, бұл арада ол халықтың қалыптасқан әдет-ғұрып мәдениетіне сүйенгені анық. «Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын, баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батылдыққа үйретсе темір тәртіпке бағындыру, оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді», - дейді.
Мағжан педагогикасындағы негізгі категориялардың бірі – баланың өзін-өзі тәрбиелеуі. Қандай тәрбие, тәрбиешінің басқаның әсері мен үлгісі болмасын сайып келгенде адам - өзін-өзі тәрбиелейді, адам тәрбие ісіне араласқанда ғана оның ықпалы күшті болады. Сондықтан балабақшаның міндеті – баланың өзін-өзі тәрбиелеуге дайындау, яғни өз тіршілігі мен іс-қимылына сын көзімен қарауға, өз мінез-құлқына бақылау жасауға, оны үнемі жетістіруге үйрету деп санайды. Мағжан бұған ерекше назар аударады. Адамның өзін-өзі бақылауы, әрдайым өзіне-өзі есеп беруі оның өз қатесін көруіне, оны жоюына ойландырып, итермелейтін болады. Ол «адамның өзін-өзі тексеруі – оның дұрыс жолға түсуінің бірінші шарты, қатесін білген адам өзін тексермесе ілгері баса алмайды» - деп теориялық дұрыс, практикалық өте маңызды тұжырым жасайды [14].
Сонымен, М.Жұмабаев өзінің «Педагогика» атты оқу құралында балаға дене және жан тәрбиелерін беруді теориялық жағынан тұжырымдап, тәрбиені олардың жас ерекшеліктеріне ескеріп жүргізуді негіздеген екен деп толық айтуға болады [14,- 125б.].
Дана ақын, халықтың ырысы «Құтты бiлiктiң» негiзiн қалаушы Жүсiп Баласағұн – адамның мiнез құлқы мен оның қоғамдағы орнына ерекше тоқталады. Адам – бұл дүниеге қонақ, сондықтан ол артына ылғи да жақсы сөз бен жақсы iсiн қалдырып отыруы қажет. Ол үшiн әр кез жаман қылықтан сақтанып, адалдықпен жүрiп-тұруы тиiс деген ойлары бiзге жақсы мәлiм [15].
Адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы, адам бойындағы түрлі жақсы-жаман қасиеттер туралы Жүсіп Баласағұнның атақты «Құтты білік» поэмасында кеңінен баяндалған. Ұлы ойшыл осы шығармасында жоғары мұратты қоғамға лайықты қағидаларды сипаттай келе, адамның мінез-құлық нормалары мен ережелерін, әр түрлі қоғамдық дәрежедегі жіктердің басқарудағы міндеттері мен қызметтерін белгілеп берді [15,-96б.].
Жүсіп Баласағұн өз еңбегінде бала тәрбиесіне де баса назар аударып, бұл орайда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін атап көрсетеді («Егер бала тәртіпсіз болса, оған әкесі де кінәлі»). Ғұлама ғалым өз өсиеттері арқылы адамдарды өтірік айтудан сақтандырып, өмірде жақсылық жасауға шақырады («Қастық қылма, арамдықты сайлама, Тый құлқынды, жақсылық ет қайда да»).
Ұрпақтардың табиғи түрде алмасуы қай кезде болмасын маңызды қоғамдық міндет болып табылатын алдыңғы ұрпақтардан келесі ұрпақтарға әлеуметтік тәжірибені жинақтап жеткізетін тәрбие үрдісі орындалатын білім және тәрбие беру жүйесіне қоғамның аса көп көңіл аударуын талап етіп отырған.
Тәрбие мақсаттарын тереңінен білу педагогтарда негізінен айтқандай адамды қалыптастыруы қажет екені туралы, өздерінің іс-әрекеттеріне не нәрсе саналылық, айқын бағыт, қисындылық беретіні туралы көзқарас тудырады.
Сонымен қатар тәрбие мақсаттарының одан ары айқындалуы оның міндеттерінің қалыптасуына ықпал етеді. Тәрбиенің мақсаттары мен міндеттері тәрбиелік жұмыстардың мазмұнын анықтауға тікелей қатысты.
Тәрбие мазмұны – әр тұлғаның өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне қамтамасыз етуге, оның өзін-өзі жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасауға бағытталған, қоғамның экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерінің бірі. Сонымен бірге, тұлғаны ұлттық және әлемдік мәдениетке тәрбиелеу, өз қоғамына тығыз байланысты, және сол қоғамды жетілдіруге ұмтылған адам және азамат қалыптастыру қамтамасыз етіледі.
Тәрбие мазмұнының мәселесі тәрбие бағдарламаларымен тығыз байланысты. Нақты бір білім беру мекемесіндегі тәрбие мазмұны мекеменің өз бетінше жасап, қабылдап іске асыратын білім беру бағдарламаларымен анықталады. Тәрбие бағдарламалары тәрбиенің негізгі мақсаттары мен міндеттер шеңберін анықтап, тәрбие мазмұнының сипаттамаларын, ерекшеліктерін, негізгі бағыттарын ашып көрсетеді.
Болашақ қоғам мүшелерін тәрбиелеудің стратегиялық бағыты ретінде делдалдық қасиетке ие, жалпы адамзаттық құндылықтарды игере алатын, ұлттық санасы дамыған, көп мәдени тұлғаны қалыптастыру болып саналады.
Сондықтан да, қазіргі замандағы барлық тәрбие жүйесінің идеалық негізі ретінде бірнеше ғасыр тәжірбиесінде қалыптасқан және дәлелденген адамгершілік принциптері болуы тиіс. Адамгершілік ең алдымен адамның адамдығын білдіреді: адамдарға деген махаббат, сүйіспеншілік, психологиялық сабырлықтың жоғарғы деңгейі, адамдар арасындағы қарым-қатынастағы мейірімділік, тұлғаны сыйлау, қошеметтеуді кәрсетеді. «Адамгершілік» ұғымы адамды ең жоғарғы құндылық ретінде санайтын құндылық бағдарлары жүйесі ретінде қалыптасады. Адамгершілікті қазіргі заман талабына сай қарастырсақ онда адам тұлғасының тұтас, жан-жақты қалыптасуына көп көңіл бөлінеді.
Бұл жан-жақтылық оның интеллектуалды, рухани, адамгершілік, дене және эстетикалық қабілеттерінің үйлесімді дамуы арқылы айқындалады. Сонымен, адамгершілік тұрғысынан, тәрбиенің түпкі мақсаты болып әрбір адамның таным, қарым-қатынас, іс-әрекет жасаудың толық субъектісі болуы, яғни, өмірде орын алатын барлық жағдайларға жауапты, тәуелсіз, дербес тұлға бола алуы қарастырылады.
Тұлғаны жан-жақты дамыту идеясын іске асыру негізінде баланың жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оның ақыл-ойын дене бітімін, күш-жігерін үйлесімді дамыту заңының талаптары жатыр.
Қазіргі кезде ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде педагогтардың тәрбие мазмұны жайлы айтылатын пікірлер бірдей емес. Тәрбиені ізгілендіру және демократияландыру үрдістерімен қатар басқа да сұрақтар кеңінен талқыланып, олардың шешілуі тәрбиені жаңа сапалы деңгейге көтеруі тиіс. Бірақ барлық зерттеуші-педагогтардың тәрбие мазмұны жайлы ізденістері мынандай маңызды идеяларға негізделген:
1. Тәрбиенің мақсаттарын нақты түрде қою;
2. Балабақшаның, мектептің, жанұяның педагогикалық үрдісінде балалар мен үлкендердің ынтымақтастығы;
3. Адамның өмірдегі өз орнын анықтай білу мәдениеті;
4. Тәрбиенің жеке тұлғаға бағытталуы. Аса көп көңіл бағдарламалар мен іс-шараларды орындауға емес, тек балаға бөлінуі керек;
5. Баланың қабілеттерін, қызығушылықтарын, ескере отырып, баланы өз еркімен тәрбиеге қатыстыру;
6. Ұжымдылыққа бағыттау.
Тәрбие стратегиясының нақты ұстанымдары «Қазақстан Республикасындағы білім беру ұйымдарында тәрбиелеудің кешенді бағдарламасында» анықталған [16]. Білім және тәрбие беретін ұйымдарда тұтас педагогикалық үрдісті ұйымдастыру барысында тәрбиешілер төмендегі аталып отырған принциптерді іске асыруға қабілетті болулары қажет:
педагогтың тәрбиеленушіні өз дамуына өзі жауапты субъект ретінде қарастырып отыра, тәрбиенің адамгершілік бағытта жүргізілу принципі;
табиғи және әлеуметтік мәдени үрдістердің өзара байланысын ғылыми тұрғыдан түсінуді қарастыратын табиғатқа сәйкестілік принципі;
жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген ұлттық мәдениет ережелері мен аймақтық дәстүрлерге сәйкес тәрбиелеуді қарастыратын мәдениетке сәйкестілік принципі;
әлеуметтік бейімделу дағдыларын, өзін-өзі іске асыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік әрекеттестіктің тиімділік принципі;
тұлғаның әлеуметтік және мәдени құзырлығын (компетенттігін) дамыту принципі.
Тәрбие мазмұны жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін іс-әрекет түрлері арқылы іске асады. Оған: көзқарасты қалыптастыру, адамгершілікке, еңбекке баулу, тұлғаның саяси-идеялық, эстетикалық дамуы, дене шынықтыру, оның түрлі іс-әрекеттеріне жағдай жасау жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |