2.3.Балалардың дүниетанымын қалыптастыру мәселелерінің теориялық зерттелуі
Балаларды табиғат туралы білімі мен қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу, жалпы тұлғаның ой- өрісін дамытудағы педагогикалық бағыттардың бірі болып саналады. Адамзат баласына табиғат туралы білім мен тәрбие берудің маңыздылығы IX – XV ғғ. Әл Фараби, Ж. Баласұғни, Қожа Ахмет Иассауи, М. Қашқари, С. Бақырғани тағы да басқа шығыс ғұламаларының тіл, этика, психология, метафизика тағы басқа ғылымдары жайлы жазбаларында көрініс тапқан. Сонымен қатар халқымыздың ұлы ағартушы ғалымдары, ақын - жазушылары Ы.Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Ш. Құдайбердиев еңбектерінде табиғатқа деген сүйіспеншілік көшпенді елдің өмірімен (жайлауға шығу, қыстауға қайту, аң аулау, егін салу, егін ору т.б.), ұлттық әдет ғұрыптарымен тығыз байланыстырылып берілді.
Әл – Фараби: «Тиянақты білім аламын десең, табиғаттың ұлы кітабын оқы» деген табиғаттың құдіреттілігін білдіретін сөзі бүгінгі күнге дейін мәнін сақтап келеді.
М.Жұмабаев: «Табиғат адам баласын дүниеге келтіріп, бойындағы бар махаббат мейірі мен шұғылалы шуағын жүрегімізге ұялатқан Ана» деп табиғат ана жайлы өзінің терең толғанысын білдіреді.
А.Байтұрсынов: «Біздің көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе...» дей келе, өзімізді қоршаған ортадағы тіршілікті сақтау адам баласының қолында екендігін ескертеді.
Ұлы педагогтар Я.А. Коменский, Ж.Ж. Руссо, И.Песталоцци балалардың адамгершілік сезімдерін қалыптастыруда табиғаттың тәрбиелік маңызына баса назар аударған. Мысалы, Я.А. Коменский «Мир чувственных вещей в картинках» деген трактаты балаларға жазылған энцеклопедиялық еңбек. Онда адам организмінің құрылысы, жер және аспан әлемндегі денелер туралы түсініктер беріледі.
Я.А. Коменский «Табиғат жер бетіндегі бақыттың, байлықтың көзі, бұл көзді иемдену үшін табиғатты білу керек, ол үшін білім қажет» деді
[3,37б].
Ж.Ж. Руссо өзінің педагогикалық трактатында Я.А. Коменскийдің табиғат жөніндегі ойын қолдай отырып, оны тәрбиелеу идеясымен толықтырып, әрі қарай дамытты. Тәрбиелеу жұмысы балалардың жас ерекшелігіне сай келіп қана қоймай, табиғатпен тікелей қарым қатынаста жүргізу керектігін айтты [3, 39б].
И. Песталоцци тәрбиенің негізгі мақсаты қоғам өміріне белсене қатысатын жан-жақты дамыған адамды қалыптастыру. Адамға пайдалы істерге баланы араластырып жаттықтыру арқылы ғана дұрыс мінез құлыққа тәрбиелеуге болады, деді [3, 39б].
К.Д. Ушинский балалар табиғат туралы оқығандарын түсініп қана қоймай, сонымен бірге табиғаттағы заттарды дұрыс ұғып, олардың айырмашылықтары мен ерекшеліктерін байқай білуге үйренулері керек деп есептей отырып, оқытуда табиғат обьектілері мен құбылыстарын пайдалану қажеттілігін атап көрсетті [3,51б].
Сонымен, педагогикада табиғат туралы білім мен табиғатқа деген қарым-қатынасқа тәрбиелеудің шешуші ролі туралы тұтас пікір қалыптасқан. Балалардың табиғатқа жауапкершілік қатынасын қалыптастыруда тек білім мазмұны ғана емес, оқыту және тәрбиелеу әдістері ерекше мәнде болу керектігі айқындалды.
Табиғат байлықтарын есепсіз, бақылаусыз жұмсауға болмайтынын, қоршаған орта бүлініп, істен шығуы оңай екенін адамдар ХХ ғасырдың басында түсіне бастады. Осы кезден бастап қоршаған ортаны қорғау деген ұғым пайда болды.
Қоршаған ортаны қорғау деген ұғымға табиғат байлықтарын сақтау, ұтымды пайдалану, ортаның зиянды қалдықтармен, улы және басқа да тіршілік үшін қауіпті заттармен ластанбауын қамтамасыз ету жөнінде қабылданған мемлекеттік заңдар, қаулылар, халықаралық және мемлекет аралық келісімдер, шарттар, конвенциялар кіреді.
«Табиғат, қоғам, адам» жүйесіндегі қарым қатынастардың жылдан- жылға күшейіп, шиеленісуі экологиялық білім мен тәрбие беру қажеттілігін алға тартты.
Н.С. Сарыбеков өз еңбегінде табиғатты қорғауды ең маңызды экологиялық проблема ретінде қарастырады. Ол балаларға қоршаған табиғи орта туралы білімді үздіксіз білім берудің біртұтастық, жүйелендіріліп кіріктірілген ұстанымдарына сүйене отырып жүзеге асыру қажеттілігін көрсетеді.
Программалық білім, білік, дағдыларды игеру бастауыш оқытудағы ақыл ой дамуының сипатын анықтайды. Кіші мектеп жасындағы балалар дамуының тереңірек деңгейіне ауыса бастайды. Абстрактылай және жинақтай білу бастапқы теориялық білімдерді игерудің басты шарты. Оқу жетекші іс - әрекетке айналады. Адамның мінез құлқы, ұжымда, табиғатта өзін ұстай білуі, қоршаған ортаға айналасындағы адамдарға көзқарасы мен ықыласы, қарым қатынастағы енжарлығы не белсенділігі оның психологиясы болып табылады. Психологиялық, физиологиялық ерекшеліктерді ескеру тұлғада экологиялық мәдениетті қалыптастырудың шарты. Балалардың табиғат туралы білімін қалыптастыру мәселесінің теориялық негізін айқындау «білім», «табиғат» ұғымдарының бірлігі мен ерекшеліктерін қарастырумен тығыз байланысты. Бұл ұғымдардың сипаттамасының маңызын белгілеу мақсатында оның ғылыми әдебиеттерде кездесетін қайнар көздерін, түпкі нәтижелерін анықтауға назар аударылды. Осыған байланысты табиғат туралы білімнің мәні, құрылымы және қызметінің мазмұны ашып көрсетіледі. Қазақ ұлтының болмысы өмір салтымен және онымен кіндіктес төлтума мәдениетімен де даралайды. Осы орайда Шоқан Уалиханов: «Көшпелі елдердің қай -қайсысының болсын бір өзгешелігі болар өлең жырға бай, шебер келеді. Мұндай қасиеттердің болуына алаңсыз көшпелі өмір әсер етті ме, әлде ұшы қиыры жоқ жасыл дала мен моншақтай тізілген жұлдыздары көп ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме кім білсін» деп жазды [4, 156-184]. Ойшыл ретінде тек шығыс мәдениетінің бесігінде қалыптасып қана қоймаған, дүниетанымында Батыс пен Шығысты бірдей сіңірген Абайдың көзқарастарының маңызы зор. Ол адамзат мәдениетін дүниежүзілік мұхитқа құятын үлкен өзенге теңеп, онда дәстүрлер сабақтастығын қуатты тетікпен салыстырады. Тұтас дүние туралы ол былай дейді: «Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды». Абай үшін басты нәрсе адам мен табиғаттың бірлігі жөніндегі парық: адам ол үшін табиғаттың ең мәнді бөлшегі. Абай филоофиясы туының этикалық мәні, айналып келгенде, адамның өмірде алатын орны мен ролін бағалау. Оның ұғымынша, адамның тұла бойы парасат пен иманға, еңбеккерлік пен білімге, достық пен сүйіспеншілікке толы болмаққа керек. Күн мен ай аспан шатырының, ағаш пен жеміс тау- тастың өңіріне тағылған алтын болса, піл сауырлы қара жердің құты мен әшекейі адам [4, 156-184б].
Абай ілімін одан әрі жалғастырған қазақ халқының рухани мәдениеті мен менталитетінде өшпес із қалдырған алып тұлғаның бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ елін қалай өркениетті, мәдениетті елдер қатарына қосамын деп талпынды. Оның ойынша, бұл адам азаматтық етудің басты шарты туған елдің бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарын жоғалтпай, оларды заман талабына сәйкес қолдану. Тәңірі, Нұр, Күн, Табиғат ол үшін қасиетті киелі ұғымдар.
В.М. Межуев: «мәдениет адамның табиғатқа қарым- қатынасын жоққа шығармайды, ол адам үшін табиғатпен оның байланысының, бірлігінің арнайы формасы ретінде көрінеді. Мәдениет бұл алдыменен тарихтың даму барысында пайда болатын және оның белгілі бір басқышында толығымен ашылатын адамның табиғатқа қарым қатынасы», деп сипаттайды [8, 11б].
Біз табиғатқа «қарым-қатынас» ұғымының маңызын нақты сипаттау мақсатында экологиялық білім мен тәрбие беру проблемасын зерттеген философтардың, әлеуметтанушылардың, психологтардың, педагогтардың еңбектерін басшылыққа алдық.
Психолог педагогтар А.Н.Леонтьев, И.Ф. Харламов қарым қатынас ұғымына мотив ұғымының мазмұнын; В.Н. Мясищев оны қажеттілік ұғымының мазмұнымен теңестіреді. Кейбіреулері қарым қатынастың бағыттылықпен (Н.Д. Левитов), позициямен (Б. Г. Ананьев, А.К. Маркова), сезіммен (С.Л.Рубинштейн), мінез-құлықпен (Б.Н. Теплов), қызығушылықпен (П.И. Иванов, А.П. Архипов), әлеуметтік белсенділікпен байланыстылығы (Б.Ы. Мұқанова) туралы пікірлер айтады.
«Қарым-қатынас» ұғымын педагогика мен психология ғылымына алғаш А.Ф. Лазурский енгізген. Ол тұлғаның сыртқы объектіге, адамға, рухани байлыққа, материалдық дүние мен табиғатқа, әлеуметтік ортаға қатынасын білдіретін ұғым. Ол бұл ұғымды «жеке тұлғаның сыртқы ортаға, табиғатқа, материалдық заттарға, адамдарға және олардың рухани байлығына қатынасы», деп түсіндіреді [9, 10б].
Адам мен табиғаттың өзара қарым қатынасының адамгершілік аспектісін ашуда, ақыл ой мен сезімін тәрбиелеуде, сананы қалыптастыруда адамның экологиялық мәдениеті жетекші орын алады.
Ғалымдар көрсеткендей, табиғатқа қарым-қатынас адам қарым-қатынасының жүйесінде, үш аспектіде көрінеді:
1. материалдық өндірісте;
2. экологиялық өзара әрекеттер жүйесінде;
3. табиғи ортаны зерттеу мен қорғауда.
А.П. Сидельковский «балалардың табиғатқа қарым- қатынасы күрделі де, кешенді әлеуметтік құрылым ол алдымен, сыртқы практикалық іс - әрекеттік сферада - жеке тұлғаның өмірінде және оның ішкі сферасында - психикасында дамиды», - деп көрсетті [19,176б].
Сонымен қатар, Н.А. Рыков және Б.Г. Иоганзен зерттеулерінде табиғатпен қарым-қатынастың төмендегідей мотивтерін айқындайды;
азаматтық патриоттық мотив Отанға сүйіспеншілік, оның байлығын көбейту мен қорғауда қоғам алдындағы борышын түсіну;
гуманистік мотив іс - әрекеттерде мейірімділік, қамқорлық көрсету, табиғатты қорғауға ниет ету;
эстетикалық мотив табиғаттың әсемдігін сезіну және түсіну [20,3-6б].
Адамдардың табиғатпен қарым қатынастарында, олардың өзара әрекеті процесінде қалыптасып, біртіндеп ішкі өзгеріске ұласады. Осы ішкі процесс адамның ісі мен қылығын, әсерленуін, этикалық, эстетикалық өлшемдерін анықтайтын бағалау қарым қатынасын қалыптастырады деп, тұжырымдауға болады.
Ғылым мен техника дамыған сайын әлеуметтік өмір деңгейі де өзгереді. Осының бәрі табиғат байлығын игерудегі адам миы мен күшінің жұмысы. Адам, табиғат, қоғам - біртұтас дүние. Тұтас дүниені өз мәнінде бір-бірімен байланысты қабылдау таным үрдісі арқылы жүзеге асады. Дүниетанымнын қалыптасуы педагогикалық процесс ретінде, объективті түрде әдіснамалық идеялардың реттелген жиынтығын балалар игілігіне айналдыруды талап етеді. Балалар материалистік диалектиканың мынадай зандары мен категорияларын игерулері қажет: дүниенің материалдығы мен танымдылығы; қозғалыс материяның өмір сүру формасы ретінде; материяның бірінші, сананың екінші болуы; қарама-қайшылықтардың бірлігі мен күресі; себепті байланыс болмыстың жалпы заңы; сандық өзгерістердің мөлшерден шығып кетуі мен олардың сапалық өзгерістерге айналуы; дамудың үздіксіздігі мен үздіктігі; себеп пен салдар диалектикасы; құбылыс мәнділіктін көрінісі ретінде; мүмкіндік пен шындық; практика -таным негізі, ақиқат өлшемі. Дүниетаным қалыптасуының біртұтас процесі білім берудегі сабақтастық, оқу пәндері арасындағы өзара байланыс арқылы жүзеге асады. Оқыту оқытушы мен оқушының бірлескен іс-әрекетімен сипатталады, іс-әрекеттің мақсаты балаларды дамыту, олардың бойында білім, білік, дағдыларды, яғни нақты бір іс-әрекеттің жалпы бағыттық негізін қалыптастыру. Кез келген аналитикалық-жүйелік іс-әрекеттің нәтижесінде (түсінікте, идеалдарда, теорияларда) білім де, іс-әрекет әдіс-тәсілдері де бар. Бұл танымның әр түрлі жақтары, бірақ бұл процесте ең басты орында білім тұрады. Осының барлығы оқушы бойында білім мен білікке қоса ойлау мен әрекет ете алуды дамытуды талап етеді. Ғылыми білім құрылымында екі деңгей бар: эмпирикалық және теориялық. Олар объективті болмысты көлемірек, тереңірек және толығырақ суреттеуі бойынша ажыратылады. Дүниетаным жекелеген білімдерден емес, заманның талабына сай білімдердің құрылымын қамтитын, әдіснамалық идеялар, теориялар мен принциптер негізінде ұйымдастырылатын жүйе. Балалардың меңгерген білімдер жүйесі әрдайым қозғалыста болады, басқа жүйелермен қатынасқа түсіп, оларды пайдалану міндеттеріне сәйкес жалғасады. Оқыту балалардың ғылыми білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудегі, шығармашылық қабілеттілігінің, дүниетанымы мен адамгершілік-эстетикалық көзқарастарының дамуындағы белсенді оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру мен ынталандырудың мақсатты педагогикалық процесі. Оқыту, адамның іс-әрекетін белгілі бір білімдерді, білік пен дағдыларды меңгерудің саналы мақсаты билеген кезде қызмет-әрекет ретінде жүзеге асады. «Түсініктерді, ұғымдарды, заңдарды балалардың басына жаттанды түрде сіңіруге болмайды. Оларды оқушының өзі, мұғалімнің басшылығымен, көмегімен қалыптастыруы қажет. Білім түсініктердің пайда болуы, заңдарды жете түсіну оқушының ойлау мен іс-әрекетінің белсенді процесі» (М. Н. Скаткин). Оқу балалардың іс-әрекетінің басты нәтижесі олардың бойында теориялық сана мен ойлаудың қалыптасуы болып табылады. Оқу іс-әрекетінің психологиялық мазмұны іс-әрекеттің жалпы тәсілдерін, білімдерді меңгеру болып табылады. Білімдер сенімге айналу үшін, жеке тұлғаның қажеттіліктерінен, әлеуметтік үміт пен құндылық бағыттарынан биік болып түрған көзқарастарының жалпы жүйесіне және оның сезіміне айналуы қажет. Балалардың жағымды эмоционалдық күйі, олардың жеке тәжірибесіне, әлеуметтік-психологиялык жағдайына сүйенеді.
Оқу мен еңбек, қоғамдық іс-әрекет балаларды әлеуметтік, жан-жақты ақпаратпен, саяси қарым-қатынас тәжірибесімен қаруландырады. Ол оқушының ішкі жан-дүниесіне, жеке тұлғаның белсенді жасампаздық қажеттілігін дамытады.
Адамзаттың пайда болу тарихын түсіндіруде әр түрлі көзқарастардың бар екені мәлім. Мысалы, материалистер мұндай проблеманы ғылыми дүние таным тұрғысынан дәлелдесе, ал дін ілімінің өкілдері тәңірдің калауымен деп тұжырымдайды. Адам баласы өзін қоршаған ортаның құбылыстарын, оның пайда болуы мен даму себептерін шындық тұрғысында танып білді. Ол ғылымда ашылған әртүрлі құбылыстардың заңдылықтарын ғылыми пәндер негізінде таниды.Дүниетанымда адамның сенімі мен мұраты үлкен роль атқарады. Сенім болмаған жерде өмір болмайды.Сенімі деп-терең, тиянақты ойланып айтылатын идеялардың жиынтығы. Әр түрлі идея адам сенімінің негізгі шындықты терең тану. Оның соңынан еріп отыру."Сенім жеке адамның өмірлік позициясының беріктігін аныктайды, мінез-құлқын сипаттайды. Дұрыс сенім, дұрыс іс-әрекет кепілі".Адам мұраты адам баласының жоғары мұрат - мақсаттары, өмірге ұмтылушылығы, талаптанушылығы.Дүниетанымның қалыптасуы ұзақ және күрделі процесс. Сондықтан да ол адам өмірін тұтас түгел қамтиды, нәтижесінде жеке көзқарастар және сенім жүйесі дамиды, қалыптасады, олар жеке адамның әрекет жасауына басшылық етеді.Жеке адам психологиясының неге бағытталғандығын көрсететін негізгі компоненттердің бірі адамның дүниетанымы мен сенімі. Дүниетаным адамның табиғат,қоғамдық өмір туралы білімдерінің жүйесі. Адамдары-мыздың дүниетанымы мистика мен идеализмге жат,дәйекті ғылыми-материалистік дүниетаным.Оның басты ерекшелігі ғылымға негізделетіндігі. Бірден-бір ақиқат дүниенің даму заңдарын дұрыс түсіндіретін ғылымға негізделген дүниетаным ғана адам психологиясына дұрыс бағыт береді.Кісі еңбегін қанайтын адамдардың дүниетанымы мейлінше реакцияшыл болады.Өзімшілдік,адамға деген өшпенділік, шындықты көре-тұра бұрмалау,пессимизмге салыну керітартпа дүниетанымның басты белгісі.Адамдардың дүниетанымы ұжымшылдыкты, гуманизмді (еңбек адамын құрметтей білу), оптимизмді (жарқын болашаққа сену) дәріптеп қоймай,әр адамды дүниені қайта құру жолындағы жан қиярлық күреске баулиды.Дүниетанымның негізі бастауыш мектептің өзінде каланады да бала кәмелетке келгенде оның дүниетанымы біршама қалыптасады.Адамның алдына қойған мақсатының айкын болуы, дү-ниетанымының өмірмен байланыстылығы берік сенімнен туады. Адамның дүниетанымына берік сенім нақты іс-әрекеті мен тәжірибесіне байланысты, бекімеген дүниетаным берік болмайды.Сенім мен дүииетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана түседі.Өйткені бұл екеуі,құстың қос қанатындай адамның ең асыл қасиеттері болып табылады. Берік сенім жоқ жерде тыңғылықты дүниетаным да, тұрақты мінез-кұлық та болмайды. Сенімі қалыптаспаған адамның шындықтың жай-жапсарын дұрыстап айыруға, өмірден өз орнын дұрыс таңдай алуына да шамасы жете бермейді. Оны өмір толқыны біресе анда, біресе мұнда соқтырады да, мінез-құлықты көлденеңнен кез келген кездейсоқ жағдайлар билеп кетіп отырады. Осындай адамдардың психологиясын орыстың ұлы жазушысы Н. В. Гоголь тамаша көрсеткен: «Әрі-сәрі адамдар, бұлар ол да емес, бұл да емес, қандай адамдар екенін түсіне алмайсық, қаладағы Богдан да еліес, селодағы Селифан да емес». Қай адамның болса да өзінше бір түсінігі болады. Бірақ осының бәрі дұрыс болып келе бермейді. Тек ғылымға негізделген түсінік қана, адамның сенімімен, іс-әрекетімен тығыз ұштасқан дүниетаным ғана бірден-бір дұрыс дүниетаным болады. Адамзаттың сан ғасырлык тарихында адамгершілік пен имандылықтың ұлы қозғаушы күші-сенім. Сенім жоғалған жерде тіршіліктін мәні де шамалы. Сенім-пікір талас, көзқарас қақтығысында, империализмге кең қол ашылғанда ғана шыңдала түседі. Ол адамға бірден келмейді, сенім өмір көріністерін топшылау, кесіп, пішіп көру, тәжірибе жинақтап, соны қорыту арқылы, терең, тиянақты білім негізінде қалыптасады. Сенім-кісінің еркін білдірген, сезімін козғаған, мақсат-мүддесіне, бағыт-бағдарына айналған білім жүйесі. Мұндай дүниетанымды қалыптастыру үшін адамға бә-рінен бұрын білім негіздерін меңгеру қажет. Білімсіз дүниетаным қорланбайды. Өйткені білім дүниетанымды қалыптастыратын негізгі кұрылыс материалы. Ал адамның алған білімі бөлек-бөлек кірпіш сияқты шашылып жатса (әңгіме білімді қалай болса солай, жеңіл «меңгеретіндер» туралы болып отыр), әрине ондай білім түкке тұрмайды. Тек зердесіне құйылған, саналылықпен меңгерілген, белгілі жүйемен алған білім ғана адам-ның дүниетанымына негіз бола алады. Сайып келгенде, ғылымға негізделген белгілі дүниетанымы, айқын мақсаты бар адамның ғана психологиялық қасиеті жоғары болатыны белгілі. Ондай адам үнемі ар-ұятымен жүріп-тұрады. Мәселен, бір адам жұмыс үстінде ағаттық істеп, қателескен екен дейік. Оның қатесін жасырып, бүркеп қалуға да мүмкіндігі бар еді, бірақ өзі бұл ағаттығын адамгершілікке жатпайтын қылық деп түсінеді. Жаңағы қателескен адам өзінің қатесін мойнына алуды бірден-бір дұрыс деп табады.
Жеке адамның психикасын нұрландыратын қасиеттің енді бірі м ұ р а т (идеал). Бұл адамның өзіне өмірден өнеге іздеуі, біреуді ардақ тұтып, қастерлеуі. Мұрат адамның алдына койған ең ардақты, ең асыл мақсаты. Адам осыған жету үшін қолдан келгеннің бәрін пайдаланады. Өзін тәрбиелеуге кіріседі. Барлық күш-жігерін соның соңына сарп етеді. Мұрат дүниетаным, айқын сенім, сөз бен істің байланысы бар жерде ғана болады. Оқушыларды асыл мұраттар рухында тәрбиелеу бастауыш мектеп мұғалімдерінің де басты міндеттерінің бірі.Жеке адам психологиясынан елеулі орын алатын қасиеттердің бірі талғам. Бұл адамның дүниетанымы мен сеніміне, өмірлік позициясына, бағыт пен мұратына, бағдарына, мақсатына байланысып жатады. Коммунистік қоғамда тәрбиеленген кеңес адамының талғамы буржуазиялық қоғамдағы үстем тап адамының талғамынан сапалық айырмасы бар. Талғамға адамның білімі, тәрбиесі, ортасы, тәжірибесі де елеулі әсер етеді. Модаға (сән) байланысты да адамдарда түрлі талғам орын алады. Мәселен, кейбір адамдардың ала-құла, көзге қораш киінуін талғамы дұрыс қалыптасқан адам деп айту қиын. Өйткені, дұрыс талғам дұрыс, жүйелі жақсы тәрбиенің нәтижесі.Қызығу, сенім, талап, мұрат адамды әр кезде іс-әрекетке итермелеп отыратын ең негізгі қозғаушы мотивтер болып табылады. Бұлар адамның басында айқын да анық сәулеленіп отырады. Бірақ мотивтердің кез келгені осындай пәрменді болып келе бермейді. Мән-мәнісі адамға онша айқын емес, көмескі күңгірт болып көрінетін мотивтер де толып жатыр. Осы топтағы мотивтердің қатарына б а ғ д а р (установка), фрустрация, елігу, стереотиптерді жатқызуға болады. Енді осылардың кейбіріне қысқаша тоқталып өтейік. Мәселен, грузин психологы, академик Д. Н. Узнадзе (1886-1950) зерттеген бағдар теориясының мәні мына төмендегі қарапайым тәжірибеден жақсы байқалады. Салмағында айырмасы бар екі шарды қолымен 10-15 рет ұстап көрген адам бұлардың айырмашылығын оп-оңай сезе алады. Кейін осы кісіге салмағы бірдей екі шар берілгенде де ол бұларды бұрынғысынша екі түрлі деп қабылдайды. Тәжірибенің негізгі мәнісі де осында. Салмағы бірдей екі шарды осылайша теріс қабылдауы (иллюзия) оның алдыңғы қабылдауындағы субъективтік жағдайына байланысты туған. Мұндайда адамның зейіні қабылдайтын заттың өзіне емес, сол зат туғызатын сезімге, көңіл күйіне ауып кетеді. Осы тәжірибеде де бір-біріне тең шарларды аңғармай, қате қабылдау осындай жайттан туған. Адамның қажеті мен мақсатын жөндеп сезіне алмаған жағдайы бағдар деп аталады. Мұндай жағдайды күнделікті өмірде де жиі кездестіруге болады. Мәселен, бірінші класс оқушылары үшін мұғалім қай жағынан да аса беделді адам. Оның ақ дегені ақ, қара дегені қара. Сондықтан да олар кейде кейбір мұғалімдердің теріс өнегелерін де талғамай қабылдай береді. Оқушы-лардың мұғалім жөніндегі бір жақты түсініктері осындай әлде де айқындала қоймаған түйсіктің, тек мұғалім жөніндегі жай бағдардың көрінісі. Адам қажетін өтеу үстінде неше түрлі жағдайға тап болады. Мәселен, бұрын-соңды өзіне кездеспеген кедергіні алуға шамасы келмейтін кездерде адамның жолы болмай, сәтсіздікке ұшырайды не сол объект оған алынбас қамалдай болып көрінеді. Адамның жолы болмай, босқа әлек болған жан күйзелісін, психиологияда фрустрация деп атайды. Бұл көп жағдайда адамның көңіл күйіне қолайсыз әсер етіп, оны орынсыз мазасыздандырады. Егер осындай жолы болмаушылық қайталана берсе, адамда ұнамсыз қасиеттердін орын тебуіне себепші болады. Мұндайдан кейбіреулер сылбыр, немқұрайды, жігерсіз күйге түседі, енді біреулер орынсыз ызақор, күйгелектікке салынады. Осындай көрініс жас өспірімдер арасында да байқалады. Балаға үнемі шамасы келетіндей тапсырма беру, оны әлі келмейтін нәрсегс орынсыз қинамау, онда фрустрациялық күйдің орнығуына жол бермеу мұғалімнің психологиялық кырағылығын, шебер тактісін қажет етеді.
Қорыта айтқанда, дүниені ғылыми тұрғыдан тану дегеніміз
жер жаһан шындығын, күш-қуатын, парасат біліміңмен пайымдау,
ұғыну, адам игілігіне айналдыру үшін оның бар құбылысын ой-
санаңмен көре білу.
Өзін-өзі бақылауга арналган сұрақтар
1) «Дүниетаным» ұғымының мазмұны қандай?.
2) Дүниетаным құрылымы қандай?
3) Оқушының жеке тұлғалық дүниетанымының қалыптасу ерекшеліктерін сипаттаңыз.
4) Дүниетаным құрылымындағы сенімнің орнын анықтаңыз.
5) Дүниетанымның қальштасуының негізгі заңдьшықтарын сипаттаңыз.
6) Оқыту процесіндегі дүниетаным мен балалардың іс-әрекеті арасында қандай байланыс бар?
7) Адамның сенімі мен оның өмір салты арасында қандай байланыс бар?
Достарыңызбен бөлісу: |