Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: Филология ғылымдарының докторы, профессор Пірәлі Г. Ж


Қазақ прозасындағы интертекстуалдық байланыстар



бет13/41
Дата17.12.2022
өлшемі421,46 Kb.
#57816
түріДиссертация
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   41

Қазақ прозасындағы интертекстуалдық байланыстар


Қазақ әдебиетінде жаңашылдығымен көзге түсіп отырған Д.Амантайдың («Гүлдер мен кітаптар»), Т.Әсемқұловтың («Бекторының қазынасы») және Ә.Байболдың («Ормандағы жиын»), М.Қосынның («Буве нүктесі», «Нерд»,
«Төстіктің қателігі») шығармаларындағы интертексті пайдалану, жалпы
постмодернизмнің әдістерін қолдану тәжірибелері бір-біріне ұқсамайтындығымен қызықты.
Алайда зерттеу барысында бұл мәтіндердің бір-бірінен алшақ- жақындығына қарамастан, барлығының да интертекст аясында жазылғандығын ескере отырып, барлығына ортақ талдау қағидасын ұстанамыз. Зерттеліп отырған шығармалардағы интертекстуалдық байланыстарға төмендегі әдістермен талдау жасаймыз:

  1. мәтін ішіндегі «бөгде» мәтінді (интертекстуалдық сілтемелер көздерін) анықтау;

  2. сілтемелердің мәтінде қандай тәсілдер жүзеге асқанын анықтау;

  3. интертекстуалдық мәтіндердің қызметіне және олардың интерпретациялануына талдау жасау.

Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» (2003) романы – қазақ әдебиетіндегі постмодернистік сипатымен ерекшеленетін алғашқы эксперимент-романдардың бірі.
Еуропа мен АҚШ-та екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өнердің түрлі салаларында пайда болған постмодернизм, сол кезеңде Кеңестер Одағы құрамындағы халықтар әдебиеті үшін, соның ішінде қазақ әдебиеті үшін мүлде бейтаныс болатын. 1991 жылдан тәуелсіз мемлекет ретінде танылған Қазақстанның әдебиеті әртарапты дами бастады. Жазушы Д.Амантайдың 2003 жылы жарық көрген «Гүлдер мен кітаптар» романы қазақ әдебиеттануында көркем шығарманың жетістік деңгейін дәстүрлі классикалық әдебиетпен салыстыра бағалайтын әдебиеттанушылар мен сол классикалық әдебиетпен сусындаған қазақ оқырманы үшін тосын құбылыс болды. Cондықтан біз «Қазақ әдебиетіндегі бұл романның туындауына не себеп болды?», «Оны сыншылар қалай қабылдады?» деген сұрақтарға жауап іздедік. Батыс Еуропа мен АҚШ- тағы постмодернизмнің туындауындағы алғышарттар мен қазақ әдебиетіндегі алғышарттарды салыстыра отырып бұл романның пайда болу себептерін анықтадық. Романның әдебиет сыны тарапынан бір-біріне кереғар пікірлердің нысанына айналу себептеріне үңіліп, сондай-ақ зерттеу нәтижелеріне талдау жасадық.
Жазушы-драматург Д.Исабеков «Гүлдер мен кітаптарды» дәстүрлі роман үлгісімен салыстыра келе: "...оны роман деп айтатын болсақ, онда бүкіл дүние романға деген көзқарасын өзгертуі керек,.. оны роман деп айтуға болмайды" [25, б. 2] – дейді. «Гүлдер мен кітаптарды» роман деуден бас тартып отырғандығы қазақ әдебиетінде жаңа роман формасының туғандығын дәлелдей түседі. Яғни «Гүлдер мен кітаптар» – дәстүрлі роман қалыбынан тыс, мазмұны да, құрылымы да өзгеше роман. Бұл роман – қазақ әдебиетінде постмодернистік роман тудырудағы алғашқы талпыныстардың бірі.
«Бұл уақытша бағыт, әрі белгілі бір теориялық ұстанымға сүйенбейді» деген пікірлер көптеп айтылғанымен, әлемдік әдебиеттануда постмодернистік шығармаларды талдаудың негізгі категориялары орнықты деуге болады. Егер әдебиетте жаңа бағыттағы жаңа шығарма туындаса және талдауға қажетті құралдар бар болса, онда шығарма міндетті түрде талдануы тиіс деген
пікірдеміз. Ендеше, яғни сыншының өз айтуы бойынша, қазақ әдебиетінде де романға деген көзқарасты өзгертудің уақыты жеткені. Бұл қазіргі таңдағы қазақ романы дәстүрлі әдебиеттен қол үзіп кетеді деген сөз емес, бірақ сыншы қауым әдебиеттің плюралистік бағытта даму жолына дайын болуы керек. Д.Амантайдың романы да әдебиеттің әртекті дами бастағанының бір белгісі. Әдебиет сыншысы Ә.Бөпежанова автордың оқырманынан өзгеше қабылдауды, өзгеше оқуды талап ететін жаңа роман қалыбын жасауға ұмтылысын құптайды. Ол романның бірнеше қабаттан тұратындығын және романның толық оқылуы үшін оқырманның эрудициясы басты орында екендігін дәл анықтай келе:
«...Объективтi себебi – Дидардың төл прозамызға саналы түрде құрылымдық өзгерiстер енгiзуге ұмтылатындығында. Ал оны бiрден қабылдауға, зерделеуге оқырманның оқырмандық тәжiрибесi жетiспей жатады. Ницшеше қисындағанда: «автордың оқырманды ұятқа қалдырарлықтай немесе шошындырарлықтай парадокстары көп жағдайда кітаптан емес, оқырманның өз ойынан шығады». <...> "Гүлдер мен кiтаптар" – мәдениет құбылысы» [26, б. 12], – деп бағалайды. Ал ғалым К.Т. Жанұзақова постмодернистік романдардағы интертекстуалдылыққа, фрагменттілікке байланысты туындайтын стильдік әртектілікті ескермей, әдейі жасалған «оқырманмен ойын» эскпериментінің негізгі мәнін ашудың орнына, оны романның кемшілігіне балайды да: «Зерттеуші Д.Амантай шығармаларындағы көптеген кемшіліктерді, стильдік селкеуліктерді постмодернистік таным көрсеткіштеріне, тосын көркемдік құбылысқа балайтынын байқаймыз. Жазушы шығармалары оқушысына «осы қалай» дегендей ой салуы мүмкін, алайда қарабайыр тілмен суреттелген репортаждық көріністер, ақыл айтушылық, ежіктеп кету, керекті-керексіз көп ой тықпалау да көрінеді» [27], – деген тұжырымын ұсынады. Бұл да постмодернистік мәтінді дәстүрлі мәтінге қойылатын талап тұрғысынан бағалаудан арыла алмау нәтижесі болып табылады.
Міне бір-біріне қайшылықты бірнеше пікір білдірген әдебиеттанушы ғалымдар өз көзқарастарын жазушының шығармасын өзінше талдау арқылы жеткізуге тырысқан. Бұл зерттеулерде романға тән ерекшеліктерді санамалап өтеді. Алайда олардың ешқайсысы да эксперимент-роман ретінде онда қолданылған жаңа әдістерге жете мән бермеді және әлемдік әдебиет тәжірибесінен алынған әдістерді талдауда тиісті талдау аппараттары, терминдік атаулар қолданылмады. Сондықтан біз әлемдік әдебиеттің ықпалы ретінде қазақ әдебиетіне енген жаңа романның тиісті талдау категориялары арқылы жете зерттеліп, ғылыми айналымға енуі маңызды деп ойлаймыз. Біз зерттеу нысаны етіп отырған «Гүлдер мен кітаптарды» әлемдік мәдениет пен әдебиеттің бір бөлшегі ретінде қарастыра отырып, романдағы интертекстуалдылық байланыстарды әлемдік әдебиет мәнмәтінінде қарастыруға тырыстық. Романды зерттеуде интертекстуалдылық теориясын ұсынған Ю.Кристева, Р.Барт, Ж.Женнет, У.Бройх, М.Пфистер, Б.Шульте- Мидделих, Н.Пьеге-Гро сынды бірнеше ғалымның пікірлерін қарастыра отырып, ортақ талдау аппараттарын таңдап алдық.
«Гүлдер мен кітаптардағы» интертекстуалдық сілтемелер көздерін анықтап, оны үш топқа бөліп қарастырдық. Біріншісі – әдеби шығармалар мен теориялық еңбектер, эсселер, екіншісі – ауыз әдебиеті үлгілері, үшіншісі – діни мәтіндер, оларға байланысты зерттеу еңбектері.
Роман мәтіні мен өзіне дейінгі мәтіндермен байланысы интертекстуалдылықтың тұспал (аллюзия), реминисцеция, плагиат, белгілі атауларға, белгілі есімдерге сілтемелер арқылы жүзеге асқандығын талдаулар арқылы дәлелдедік. Олардың мәтіндегі мағына түзуші ролін анықтап, мәтіндегі қызметі мен интерпретациялануына талдау жасадық.
Интертекстуалдық сипатымен ерекшеленетін Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романының жазылуына, біріншіден, пост кеңестік кезеңде мемлекеттегі қоғамдық, әлеуметтік, саяси, рухани дағдарыс әсері болды, екіншіден, шығарманы батыстық жазушы-философтар шығармаларынан үлгі алу әсерінен туындаған шығарма деуге де негіз бар.
Алғашқы тұжырымымызды тереңірек қаузасақ, роман жазылған тұстағы мемлекеттік деңгейдегі дағдарыс екі желіні құрайды. Роман кейіпкерінің жан- дүниесіндегі хаос «Молда», «Тәңірдің хақтығы», «Түнгі жарық» тарауларында бейнеленсе, оның айналасында болып жатқан хаос «Қазақ ақындары»,
«Сығандар», «Партия», «Пәтерақы», «Қаламгер», «Қарлығаш пен Диана»,
«Албасты» тарауларында сөз етілген. Жазушы сипаттаған Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейінгі әлеуметтік ортадағы хаос та, кейіпкер-Әлішердің басындағы дағдарыс та сол кезеңге тән типтік көрініс болатын. Автор өзі қаз- қалпында берген өмір құбылыстарына субъективті пікірін білдірмейді, оқиғада авторлық позиция бой көрсетпейді.
Романның жазылған уақытында батыстық постмодернизмнің пайда болуына түрткі болған алғышарттардың бірсыпырасы қазақ әдебиетінде әлі қалыптаспаған болатын. Сондай-ақ Батыс Еуропа, АҚШ әдебиетіндегі постмодернизм мен бұрынғы кеңестік жүйе құрамынан шыққан елдер әдебиетіндегі постмодернизм арасында да біраз өзгешелік бар. Батыс Еуропа мен Америкадағы постмодернизмнің бір қыры жаңа технологияның қарқынды дамуына байланысты саяси биліктегілерден бастап қарапайым адамдардың виртуалды әлемдегі бейнесі мен шын бейнесі арасындағы айырмашылықтарға, сондай-ақ бұқаралық медиа және ғаламтордың ақпараттық соғыстар алаңына айналуы себебінен туындаса, посткеңестік елдер әдебиетіне ене бастаған постмодернизмнің туындауына жоғарыда аталған ерекшеліктердің аздап ене бастауы, сондай-ақ жасанды идеологиялардан, абсолютті биліктен шаршау, оған деген наразылық негіз болып жататын. Ал нақты қазақ әдебиеті туралы айтар болсақ, кеңестік кезеңде «жоғарыдан төмен қарай» жүйесіне бағынып келген әдебиет, тәуелсіздік алған жылдарда да өз көшін қайда бағыттарын білмей дағдарды. Әдебиет алаңына бір сілкініс, жаңа бір леп керектігі сезілді. Әдебиет – адам өмірінің, замананың айнасы десек, адам өмірі де, заман да бір жарыс додасына айналғандай халге түсіп, оны шығармаға арқау етіп үлгеру мәселесін ортаға қойды. Д.Амантай да бұрынғы көлемді шығармалардың дәурені өтіп, авторлар романға өзгеше талап тұрғысынан келуі қажеттігін
түсінді. Оның 1998 жылы жазылған «Конец классической эпохи книги» атты эссесінде: «Судьба Книги прямо отражается на качестве духовной жизни людей. И Олжас Сулейменов, и Чингиз Айтматов, и Фазиль Искандер уже перестали быть кумирами молодежи. <...> Но Мурат Ауэзов данный пассаж относит только постсоветскому пространству, рассматривает кризис духовности и демифологизацию Книги только как постсоветское кризисное явление. Но это не так. Я думаю, что проблема масштабнее, чем мы препологаем.
Кризис духовности как следствие гибели Книги охватывает всю нашу планетарную действительность...» [28, б. 378], – дейді. Жазушы кітап оқылмай, қоғамның рухани дағдарысқа ұшырауына телевидениенің үлкен әсері бар екендігін айтып өткен. Алайда бейнеклиптік нұсқадағы оқиғаның тығыздығы мен қызықтығы баурап алғанымен, оқырманға кітап беретін рухани нәрді бере алмайтындығына терең тоқталады. Сөйте тұра, қаламгер мәселенің шешімін бейнеклиптік элементтерді (ой тығыздығы мен оқиға тығыздығын) кітапқа ендіру арқылы шешуге тырысты. Ол аз көлемді шығармаға бірнеше қабат оқиға, ойды сыйдыра білу керек деген тұжырымға келді. Нәтижесінде, әлемдік әдебиет туындыларымен, теориялық бағыт-бағдарларымен, сондай-ақ әлемдік пәлсапашылардың еңбектерімен таныс жазушы, Батыс Еуропа мен АҚШ әдебиетінде осындай өліара шақта пайда болған бағыт постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі үлгісін жасады. Екінші тұжырымымызға келсек, жаңа бағытта роман тудырған жазушы бұл шығармасын жазуға үлкен дайындықпен келген. Автор өз романында Батыс әдебиетіндегі постмодернистер шығармаларының бірінде бар бірінде жоқ әдістердің біршамасының басын біріктіре білген. Бұл тұста айтпағымыз, шығармадан автордың ізденіс іздері, сондай-ақ оның үлгі алу нәтижесінде туындағаны анық байқалады. Романда постмодернизм теоретиктерінің бірі Р.Барт ұсынған «автордың өлімі» концепциясын ұстанады, сондай-ақ шығарманы жазу барысында метапроза (metafiction), фрагменттілік, интертекст, тұспал, бинарлық оппозицияға қарсылық, автордың ойын принципі, романның көп қабаттылығы, түрлі деңгейдегі оқырманға арналуы, пастиш тәсілдерін қолданған [29, б. 164-165].
Бұл айтылғандар – жазушының «Гүлдер мен кітаптар» романына негіз етіп алған постмодернистік мәтінтанудың ұғымдары ғана. Ал «Гүлдер мен кітаптар» романы – дәйексөздерден тоқылған постмодернистік мәтін. Әлем әдебиетінен автор романына көшіп келген мәтіндер кейде авторы көрсетіліп қолданылса, кейде жазушылық қиял, көркемдік ойлау арқылы авторлық мәнмәтінмен жымдасып кеткен. Мұндағы тырнақшаны қоюды автор оқырманның өзіне қалдырады. Р.Барттың интертекске берген «құрақ көрпе» атауы Д.Амантайдың түрлі мәтіндер фрагменттерінен тұратын «Гүлдер мен кітаптар» романына арналғандай. Автор романын жазу барысында ізденіп, әртүрлі салалардағы кітаптарды ақтарғаны көрініп-ақ тұр. Интертекстуалдылықтың түп негізі – мәтінаралық байланыстар секілді әдебиеттің көне тәсілі. Алайда классикалық әдебиетте көп жағдайда автордың тұжырымын қостау үшін, ойын жеткізу үшін пайдаланылатын тәсілдің
Д.Амантай романындағы қолданылу мақсаты басқа. Ол осы романның жарық көргелі бері туындап жатқан түрлі-түрлі, бір-біріне қарама қайшы пікірлерден сезіле бастайды. Біздің пікірімізше, автордың негізгі мақсаты да осы секілді. Себебі тоқырай бастаған әдебиетке жаңа серпін беретін және оқырманды селт еткізетін бір күш керек-тін. Әдебиеттің танымдық, һәм тәрбиелік қуатын ешкім жоққа шығармаса да, бірыңғай бір-бірінен аумайтын шығармаларды оқи-оқи оқырманның санасы оянудың орнына қалғи бастағандай. Әрине, жазған автор да оқырманның керегін дөп басып жазады, оқырман да өз кезегінде «иә солай екен-ау» деп қанағат пейілмен жайбарақат қабылдауымен іс бітеді. Алайда автор мәтінге күмәнмен қарай отырып, тіпті тартысып, «жоқ олай емес, былай еді» деп мәтінмен таласқа түсе отырып та оқырманды ойға жетелеуге болатындығын түйген. Осы орайда әдебиеттанушы ғалым А.Ісімақова «Бүгінгі компаративистика: жаһандану – интертекст – мәдениеттер диалогы» атты зерттеуіндегі Н.Конрад, В.Жирмунский, Ш.Сатпаевалар қолданған әдеби байланыстардың интертекст ұғымынан ерекше екендігін айта келе, оны постмодернистік мәтінді талдаудың тәсілі ғана емес, бүгінгі адамның постмодернистік сезімінің көрінісі [30, б. 105] деген пікірі арқылы әдебиеттегі осы тәсілдің қолданылу мақсатының өзгеріске ұшырап отырғандығына дәл баға берген. «Гүлдер мен кітаптарда» автордың дәстүрлі шығармалардағыдай оқырманды сюжеттік желімен емес, интертекст тәсілімен қызықтыруы шығармашылық стратегия ғана емес, постмодернистік дүниетанымының да көрінісі деп, ғалым пікіріне іліктес ой айтуға болады. Мәселен, кейіпкер Әлішердің роман жазу барысында григориан күнтізбесімен салыстыра отырып құрастырған «Түркі күнтізбесі» (1-сурет), бейне бір сандардан құрастырылған басқатырғыш секілді. Автор оны өзі құрастырып, жауабын да өзі шешкенімен, сөзбен берілген жұмбақ шартын сәл аялдап, зейінмен зер сала оқымай, автордың сызба нұсқамен ұсынған кестесінен оны шешу жолдарын тез арада ұғына қоюыңыз екіталай. Шығармасын тудырудағы көп жұмбақтың шешуін оқырманның өзіне қалдырып, «құдіретті автор» болудан бас тартады. Роман сөз жоқ интеллектуалды туынды. Оқырманның білім-білігінің деңгейіне қарай кітап әрқилы оқылады. Романдағы интертекст сырының ашылуы оқылу техникасына тікелей байланысты. Постмодернизмнің ақ, қара деп бөлмейтін, абсолюттікті сүймейтін қасиетіне орай романды түркітанушылар, тарихшылар, философтар, ботаниктер, дінтанушылар, жалпы кез келген оқырман өз танымына орай қабылдай алады. Қалай болғанда да қаламгер шығармасын өзі үшін емес оқырманы үшін жазады емес пе?! Оны автор біріншіден интертекстуалдылық, екіншіден симулякр әдісі арқылы жүзеге асырған. Сондай-ақ романда тек мәтін құрылымы ғана емес, сөйлем құрылымына дейін өзгеріске ұшырай жазылғандығын да атап өтуіміз керек. Бұл да әлемдік әдебиетте интертекске ишара ретінде қолданылатын әдіс. Ендігі мәселе оқырманның оны байқауында. Р.Барттың теориясы бойынша мәтін аяқталған тұста «автор өледі» де мәтіннің жеке өмірі басталады дегеніндей, осы тұста мәтін мен оқырманның диалогы басталады (Дидар Амантаймен емес). Қалғыған оқырманды оятатын ең алдымен мәтіннің әртектілігі. Бірсыдырғы мәтінді оқуға
машықтанған оқырманды қайта-қайта сүріндіре отырып, назарын толықтай мәтінге аударту. Осы орайда көрнекті сыншы Ә.Бөпежанованың: «Гүлдер мен кітаптар» – көп планды роман. Әдеттегі ұғымдағы, себеп-салдарлы, классикалық үлгідегі көп планды да көлемді роман емес, көлемі шағын, соған қарамастан, конструкциясы өте дамыған – бірнеше қабат идеяны алып жүретін роман; оқырманынан мәдени-философиялық оқылымды талап ететін; «не береді?» емес, «не аламын?» қағидасымен оқығанда ғана мәні ашыла түсетін роман; яғни бұл тұста автордың емес, оқырманның мәселесі шығады» [26, б. 12], – деп, Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романының негізгі ерекшеліктерін тап басып көрсете алғандығын айта кеткен орынды. «Гүлдер мен кітаптар» – бірнеше қабаттан тұратын роман.
Д.Амантай осы экспериментке негізделген романы арқылы әлем мәдениетінің бірде-бір құбылысына қатысы жоқ, өз бетінше бейтарап тұрған шығарма болмайтынын, қандай да болмасын шығарма Х.Л. Борхес айтқан
«әлемдік кітапханадағы» тұрған тұрысымен ғана, орнымен ғана қымбат екендігін дәлелдеуге тырысқан.
Талдаудың бірінші әдісі бойынша романдағы сілтемелер көздерін анықтап, зерттеудің жинақы, түсінікті болуы үшін шартты түрде мәтінге енген интертекстерді үш топқа бөліп жүйеледік:

  1. әдеби мәтіндер мен теориялық еңбектерден алынған интертекст (Р.Барт

«Смерть автора» эссесі, У.Эконың «The Name of the Rose» романы, «Postscript to The Name of the Rose» эссесі, Х.Л.Борхестің «Вавилон кітапханасы» әңгімесі, Абай Құнанбайұлының өлеңдері);

  1. мифтер мен түркі тарихын зерттеуге арналған еңбектерге жасалған интертекст (түркі халықтарының қасқырдан пайда болуы туралы мифтер, қазақ әдебиеті тарихында «жерұйықты іздеуші» ретінде орын алған ақын Асан Қайғы толғаулары);

  2. діни мәтіндер мен оларды зерттеуге арналған теологиялық еңбектерге жасалған интертекст (Інжіл, Құран, Таурат, Забур, «Авеста», И.Великовскийдің

«Столкновение миров», Мирча Элиаденің «Священные тексты народов мира» еңбектері, діни энциклопедиялар).
Автор романында қолданған мәтіндерге жорамалдарымызды нақты мәтіндерге сүйене отырып, дәлелдейтін боламыз. Үш бөлімнен тұратын романда интертекстің тұспал (аллюзия), дәйексөз (цитата), сілтеме (референция), реминисценция түрлері қолданылған.

  1. Жалпы роман қазақ прозасындағы постмодернистік бағытта жазылған алғашқы туындылардың бірі болғандықтан, әрі эксперимент ретінде жазылғандықтан автордың романынан әлемдік әдебиеттегі осы бағыт өкілдерінің ықпалын байқауға болады.

Романдағы кітаптар, қаламгерлер туралы жазушының пәлсапалық пайымдаулары Р.Барттың «автордың өлімі» тұжырымдамасына,
«интертекстуалдылық» теориясына дәл келеді. Романның «Автор» тарауы Р.Барттың «Автордың өлімі эссесіне» аллюзиялардан тұрады. Д.Амантай
«Гүлдер мен кітаптарда»: «Тіпті, кітаптың ақырзаманына келген сықылдымыз.
Енді игеретін, жаңалық тудыратын тың тақырып, жаңа порма, озық үлгі, өзгеше тіл қалмаған құсап көрінеді де тұрады», «Кез келген мәтін – азаттықты аңсап, тырнақшаны тастап шыққан басқаның беймаза аласапыран ойы» [28, б. 58], – десе, Р.Барт «От произведения к тексту» еңбегінде «текст же образуется из анонимных, неуловимых и вместе с тем уже читанных цитат – из цитат без кавычек» [11. с. 418], – дейді. Аталған екі автордан алынған фразаларда постмодернистік мәтіннің бір ерекшелігі болып табылатын интертекст мәселесі бой көтерген. Сондай-ақ тараудағы «...Авторда шығармадан тапқан шамшылдық көп, өмір бойы ұрпағына билік жүргізгісі келген қатал әке сияқты...» [28, б. 59] немесе «... кітаптың анық түсінілуі мен дәл бағалануына кедергі келтіретін тұлға ретінде пысық авторды ұдайы ажал күтіп тұрады» [28, б. 59] деп келетін мәтіндер Р.Барттың әйгілі эссесіндегі «автор өлімі»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет