Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: Филология ғылымдарының докторы, профессор Пірәлі Г. Ж



бет6/41
Дата17.12.2022
өлшемі421,46 Kb.
#57816
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41
Шизофрениялық дискурс (Франц. discours schizophrenique) – Ж.Делез бен Ф.Гваттари 1972 ж. ендірген термин. М.Фуконың мәдени бейсананың үстемдігіне «әлеуметтік шеттетілгендердің» (ессіздер, аурулар, қылмыскерлер, сондай-ақ шығармашылық адамдары: жазушы, ақын, суретшілер т.б. с.с.) әрекетін қарама-қарсы қою тұжырымдамасынан келіп, Ж.Делез бен Ф.Гваттари капиталистік қоғамның «ауру өркениетіне» қарсы тұрудағы тұлғаның негізгі азаттық пен төңкерістік бастауы болып табылатын шизофрения» ұғымын ұсынды. «Шынайы» суретші, сөзсіз, «шизоидтық тұлға», ол қоғамды қабылдай алмау арқылы «әлеуметтік шеттелгендердің» сипатына ие болады және шизофрениялық дискурсқа жүгінеді. Жалпыға бірдей логика мен себеп- салдарлық тілдің қуатын жоққа шығарып, абсурд және парадокс тіліне (мысалы, Л.Кэрролл мен А.Артоның шығармалары) сүйенеді.
Эпистемология (гр. episteme – білім, logos – ілім сөздерінен тұратын білім туралы ілім деген мағына береді) – таным проблемаларын, атап айтқанда білімді, оның құрылысын, құрылымын, қызмет етуі мен дамуын зерттейтін философияның тарауы.

БЕЛГІЛЕУЛЕР МЕН ҚЫСҚАРТУЛАР




М1 бірінші деңгейлі мәтін М2 – екінші деңгейлі мәтін М3 – үшінші деңгейлі мәтін НА – негізгі-автор
КА – кейіпкер-автор СМ – сыртқы мәтін
ТМ1 – бірінші түпкі мәтін ТМ2 – екінші түпкі мәтін СӨК – сананың өзгерген күйі
P – бет (page – ағылшын тілінде) S – бет (sayfa – түрік тілінде)
C – бет (страница – орыс тілінде)

КІРІСПЕ


Философиялық термин ретінде қалыптасқан «постмодерн» ұғымының шыққан тегі мен мәнін анықтауға, талдап саралауға бағытталған сан түрлі ғылыми еңбектердің көптігінің өзі, оның әлемдік мәдениеттің басты бағыттарының бірі болып табылатындығының айғағы болса керек. Сонымен


«постмодерн» дегеніміз не?
Адамзат тарихы бірінен соң бірі алмасып келіп отыратын біршама мәдени дәуірлерді бастан кешіргені мәлім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін келіп, күні бүгінге дейін ұласып отырған сол кезеңдердің бір толқыны постмодерн деген атауға ие болды. Постмодерн – өзіне дейінгі мәдениеттер ұсынған «ұлы идеялардың» күйреуінен жалыққан, тоталитаризмге, белгілі бір идеологияның басымдығына түбегейлі қарсы шыққан мәдениет.
Қалыптасқан постмодерндік мәдениеттен жекелеген салалардағы бағыт атауын қамтыған постмодернизм ұғымы пайда болды. Жаһандық «мәдениеттің соңы» деп қарастырылатын постмодернизм өнер салаларының барлығында (әдебиетте, музыкада, көркемсурет, сәулет, мүсін және т.б.) көрініс беріп отырған құбылыс.
Әдебиеттегі постмодернизм ХХ ғасырдың екінші жартысында белең ала бастап, сол ғасырдың сексенінші жылдарында ғана бағыт ретінде мойындалған. Батыс елдерінде де постмодернистік мәтін алғашқыда латентті даму кезеңінде болды. Осылайша постмодернизмнің бағыт ретінде қалыптасуы ұзақ уақытқа созылды. Қазіргі постмодернистік бағыттың теориясы тұрғысынан қарағанда постмодернистік шығарманың бастау көздерін ертеректегі шығармалардан да көре аламыз. Әдебиеттанушы ғалымдар постмодернизмнің тырнақалды белгілері Х.Л. Борхестің ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы шығармаларында көрініс береді десе, кейбір ғалымдар постмодернистік поэтиканың барлық белгілері Х.Л. Борхес шығармашылығына дейін де орын алғандығына жүгінеді. Мысалы, ағылшын философы, әдебиеттанушы Э.Смит М. де Сервантестің «Дон Кихоты», Ф.Рабленің «Гаргантюа мен Пантагрюэлі» және Л.Стерннің
«Джентельмен Тристам Шендидің өмірі мен пікірлері» атты шығармаларында кездесетіндігін айтса [1], француздың постмодернист-философы Ж.Делез («Платон и симулякр») оның түп негізін сонау Платонға әкеп тірейді [2].
Негізі постмодернизм, оның көркем әдебиеттегі көрінісі бүгінгі әдебиеттанушылардың көп талқылайтын және әрдайым түрлі пікір қайшылықтары мен әдеби дау туғызатын өзекті тақырып. Өйткені итальяндық семиотик және постструктуралист Умберто Эко айтқандай «әрбір көркемдік дәуірдің өз постмодернизмі бар». Американдық әдебиеттанушы Ихаб Хасан постмодернизмнің 11 қасиетін анықтап берген: белгісіздік (неопределенность), фрагменттілік (фрагментарность), ережелерден бас тарту (деканонизация),
«Меннің» жоғалуы (утрата «Я»), ирония, гибридтену (гибридизация), карнавалдылық (карнавальность), құрастырмалылық, екіұштылық, күдік тудыру, т.б. Әдебиетші ғалым Д.Затонский болса: «...Все эти признаки я бы назвал демонтирующими. Кроме того, объединяет их еще и некая активная
несамостоятельность. Ведь ни ирония, ни самоирония, ни пародия, ни самопародия не распологают к созданию. И еще менее располагает к нему готовность все ставить под сомнение и в то же время способность подрожать всему сомнительному» [3], – деп осы аталған сипаттардың бәрін шығарманың көркемдік тұтастығын жоюшылар деп қатты сынға алады. «Сондықтан да болар постмодернистік туынды шынында да белгілі бір ойын ретінде қабылданады» [4, б. 267], – деп тұжырым жасайды әдебиетші ғалым А.Ісімақова «Бүгінгі постмодернизм» деген мақаласында.
Көптеген зерттеулерде ғалымдар постмодернизмнің мәні туралы нақты түсініктің болмауын алға тартады және оны модернизммен салыстыра отырып анықтауға тырысады. Десек те әлемдік әдебиетте бұл бағыт пайда болғаннан бастап түрлі зерттеулердің өзегіне айналып, бүгінде поэтикасы нақтылана түскені ақиқат.
Постмодернизмді алғаш зерттеп танытқан негізгі теоретиктер (француз ғалымы Ж.-Ф. Лиотар, американ ғалымы И.Хассан, голландық зерттеушілер Д.В. Фоккема, Т.Д'ан, ағылшын зерттеушілері Дж.Батлер, Д.Лодж т.б.) постструктурализм мен деконструктивизмнің теориясы мен практикасына сүйенді және оның басты ұғым-түсініктері ретінде «әлем-хаос», «әлем-мәтін», постмодернистік сезімталдық, интертекстуалдылық, «бедел дағдарысы» эпистемологиялық сенімсіздік, автор бетпердесі, қосарлы код және
«баяндаудың пародиялық тәсілі», пастиш, қайшылық, баяндаудың дискреттілігі, фрагменттілігі (нонселекция қағидаты), «коммуникация сәтсіздігі», метаәңгіме т.б. терминдерін енгізді.
Постмодернистік эстетиканы зерттеуші Ж.-Ф. Лиотар, М.Фуко, Ж.Дерриданың еңбектері әлемге қарым-қатынас тәсілін өзгертті, гуманитарлық және әлеуметтік пәндерді көп өзгеріске ұшыратты. Міне, осы еңбектердегі негізгі ой-пікірлерді қорыта келе, түйгеніміз, постмодернизмнің басты жаңалықтары үлкен идеологияларға және мәдениет тарихында бір кезеңнен соң бір кезеңге ұласып отыратын біртұтастыққа деген сенімге күйрете соққы беру, оларға кекесін, әжуамен қарау, сондай-ақ бинарлық оппозицияға қарсылық, яғни ақ пен қараға, жаман мен жақсыға, әйел мен еркекке бөлінуге, бірінің басым, бірінің кем түсуіне қарсылық болып табылады. Постмодернизм – модернизмнен кейін пайда болып, оның кейбір әдіс-тәсілдерін өзіне мұра етіп алғанымен, модернизмге кереғар бағыт. Мұнда модернизмдегі автордың
«Меніне» күмәнмен қарау, автордан мәтінді жоғары қою (Р.Барт «Смерть автора», М.Фуко «Что такое автор»), аласапыран (хаос) дүниеден мән-мағына іздеуден бас тарту және мән-мағына іздеуге пародия жасау, шығарманы ойын түрінде беру – басты шарттардың бірі. Ал постмодернистік мәтін тудырудағы басты құралдар ретінде интертекстуалдылық, метапроза, ирония, оқырманмен ойын, диалогтылық, көркемдік тұтастықтың болмауы т.б.секілді ұғымдарды атай аламыз. Орыс әдебиеттанушысы И.Ильиннің тұжырымы бойынша постмодернизм тарихи, әлеуметтік, ұлттық мәнмәтінге байланысты жылжымалы, әрі көп мәнге ие философиялық, эпистемологиялық, ғылыми- теориялық ұғым-түсініктердің жиынтығы болып табылады [5].
Әдебиеттегі постмодернизм Еуропа мен Америкада онда қалыптасқан канондық модернизмнен кейін пайда болса, посткеңестік кеңістіктегі елдерде (ХХ ғасырдың басында қалыптаса бастап социалистік реализмнің әсерімен ығыстырылып, жасанды түрде үзіліп қалған) модернизмге қайта оралу барысында пайда болды. Осы себептен бұрынғы кеңестік республикалардағы модернизм мен постмодернизмнің мәні Батыс Еуропалық бағыттарға қарағанда өзгеше екендігі анық. Қазақ әдебиетіндегі постмодернизм мен Еуропалық постмодернизмді бір нәрсе деп қабылдау мүмкін емес. Оның Еуропа әдебиетіндегі туындау себебі бір басқа да, қазақ әдебиетіндегі туындау себебі мүлде басқа. Осы орайда француз ғалымы М.Фуконың «Біз 1968 жылы Париж көшелерінде жасай алмағандарымызды, өз кітаптарымыздың бетінде жүзеге асырдық» (батыс мәдениетіндегі постмодернизм солшыл идеологиялармен тығыз байланысты) дегені ойға оралады. Қазақ әдебиетіне постмодернизм модернизмнен кейін емес, социалистік реализмнен кейін келгенін ескерсек, (өйткені қазақ әдебиетіндегі модернизм басталмай жатып тамырына балта шабылса, екіншіден, оған қайта оралуға деген талпыныстың өзі социалистік реализм шекпенінің астында жүзеге асты) «модернизмнен кейінгі» деген мағынаны беретін бұл терминнің әдеби бағыт ретіндегі атауы күмән тудырады, дегенмен қазіргі кезде «постмодернизм» термині жалпыға ортақ терминге айналды. Постмодернизмнің даму үдерісі посткеңестік кеңістікте біршама уақыт зерттеу аясынан тыс қалса, Батыста постмодернистік теория мен философия оның эстетикалық дамуынан көш ілгері жүре отырып, ғылыми терминдерін қалыптастырып, анықтамаларын орнықтырды. Постмодернистік эстетиканың ғылыми тілі қамтамасыз етіліп отырды. Міне, сондықтан әлемдік деңгейде орныққан терминді қолдану орынды болар. Әлемдік әдебиетте кең таралған бағыт болғанына қарамастан, постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі үлес салмағы үрдіс дәрежесінде ғана, дегенмен зерттеудің тек қазақ әдебиетін ғана қамтымайтынын, салыстырмалы зерттеулерге де орын берілетіндігін, сондай-ақ алынатын дәйексөздерде бағыт ретінде сөз етілетіндігін ескере келе, жұмыстың барысында бір ізділікті сақтау үшін постмодернизмді бағыт деп қолданғанды жөн көрдік.
Постмодернизм бағытының қазақ әдебиетінде сыналап ене бастауына тарихи, саяси-әлеуметтік, экономикалық факторлардың да әсері басым болды. Біріншіден, Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты әдебиеттің саяси идеологияның бұғауынан босауы, барлық шектеулерден арылуы, екіншіден, барлық шекаралардың айқара ашылуымен бірге түрлі діндердің, мәдениеттердің т.б. ықпалы, үшіншіден, 70 жыл бойы қалыптасқан жүйенің әп- сәтте күйреуі, саяси-әлеуметтік жағдай, экономикалық дағдарыс, одан кейінгі нарықтық заман мен жаһандану үдерісі қазақтың қоғамдық санасына үлкен өзгерістер әкелді. Осылайша әлемдік хаосты қабылдап, танып, оны батыстық әдебиетте бейнелеу тәжірибелері қазақ қоғамындағы хаосты бейнелеуде ықпалы болғаны анық. Жоғарыда атап өткеніміздей, постмодернизмнің тарихи, әлеуметтік, ұлттық мәнмәтінмен тығыз байланысты өзіндік ерекшеліктері де қалыптаса бастады. Әлемдік деңгейдегі постмодернизмнің туындауына
себепкер техногендік фактор біздің елде де қарқынды орын ала бастағанына 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Даму бағытындағы мемлекетте мұндай үдерістердің болуы қалыпты нәрсе. Бірақ сол ақпараттық кеңістіктің тасасында қалып қоймай, әдебиеттің де заманға сай өзіндік үні шығып тұруы тиіс. Яғни қазақ әдебиетіндегі постмодернизм болсын, басқа үлгідегі тәжірибелер болсын оқырманның жүрегіне жол табуға, дәуірінің көкейтесті мәселелерін айта білуге деген ізденіс пен талпыныстың бір көрінісі деп білеміз. Қалай десек те постмодернизм әдебиеттің тоқыраған тұсында пайда болатын өтпелі құбылыс. Ал оның әдебиетке қосқан үлесін бағамдау осы зерттеу жұмысы мен келешектегі әдебиет сынының міндеттерінен саналады.
Әлемдік әдебиетпен салыстыра қарастырғанда кешеуілдете жетсе де, қазіргі отандық әдебиеттен де постмодернизмнің едәуір ықпалын көреміз. Осы ретте прозада А.Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері» («Сны окаянных»), Д.Нақыповтың «От орны» («Круг пепла»), Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», атты романдарын, Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», повесін, Ж.Қорғасбектің «Жаконданың жанары», «Өлмейтін құс», М.Қосынның
«Төстіктің қателігі», «Нерд», «Буве нүктесі» әңгімелерін постмодернистік бағытта жазылған шығармалар деуге негіз бар. А.Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері» атты романынан постмодернизмге тән көркемдік тұтастықтың болмауы, мезгіл-мекеннің белгісіз болуы, кейіпкерлерінің аты- жөндерінің көмескіленіп берілуі, иронияның орын алуы сынды белгілерді атап айтсақ, Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі мен Ж.Қорғасбектің
«Жаконданың жанары», «Өлмейтін құс» әңгімелерінде оқырман санасымен ойын, симулякр тәрізді әдістер пайдаланылады, ал Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романынан фрагменттілік, автордың өлімі, интертекст, метапроза т.б. тәсілдерін қолдану арқылы жаңаша эксперименттерге барғанын байқауға болады.
Қолданылу мақсатында өзгешелік болғанмен кейбір әдістер модернизм мен постмодернизмге ортақ болғандықтан аталған авторларды және басқа да жазушыларымызды модернизм бағытының өкілдері ретінде қарастыру да ұшырасып отырады. Мысалы, қазақ прозасында А.Жақсылықов, Д.Нақыпов, А.Кемелбаева, М.Омарова, А.Алтай, М.Мағауин, Т.Әбдіков т.б. жазушылардың шығармаларын кейде модернистік, кейде постмодернистік бағыт өкілдері етіп қарастыру кеңінен етек алған. Оған басты себеп, біріншіден, авторлардың тәжірибеге бейімдігі десек, екіншіден екі бағытқа ортақ белгілердің шығармалардың бойынан табылып жатуы осы пікірлердің өрістеуіне мұрындық болса керек. Дегенмен біз бұл жазушылар шығармаларында модернизмнің белгілері жоқ деп үзілді-кесілді қарсылық таныта алмаймыз, себебі кей тұстарда аталмыш жазушылар шығармаларынан модернизмнің де нышанын байқауға болады. Бұл әлемдік әдебиет сыны тәжірибесінде жиі ұшырасатын құбылыс.
Модернистік романдардағы алғашқы өзгерістерді ХХ ғасырдың басында Ф.Кафка, Д.Джойс, М.Пруст, Р.Музиль сияқты роман шеберлерінің шығармаларынан байқаймыз. Бұл үдеріс ғасырдың екінші жартысында
барынша белең ала бастайды. Сондықтан кейбір ғалымдар Томас Манн, Джеймс Джойс, Виржиния Вульф, Самуэл Беккет, Джек Керуак, Ален Гинсберг, Вильям Борроуз, Джордж Перез, Джордж Луис Борхесті алғашқы постмодернист жазушылар қатарына жатқызады. Осыған байланысты айтпағымыз, постмодернизм кей тұстарда модернизмге қарсы бағыт екендігі белгілі бола тұрса да, бір-бірінен кейін пайда бола бастаған бағыттар болғандықтан, ортақ ұқсастықтарының болуы, сондай-ақ модернизмнің ішінде постмодернизмнің алғышарттары дайындығын көруіміз де заңдылық. Модернизмнің соңғы кезеңінде бұл бағытқа деген қарсылық үдей келе табиғи түрде басқа сипатқа ие бола бастауы жаңа түсініктің, бағыттың туындауына алып келді. Жоғарыда атап өтілген үдерістің әлемдік әдебиеттің бір бөлшегі болып табылатын қазақ әдебиетін де айналып өтпегендігін байқауға болады.
Постмодернизмге тән басты белгі ретінде өзіне дейінгі «измдердің» барлығын мойындамау, мансұқ ету деген анықтама берілгенімен орыс әдебиеттанушысы М.Липовецкий бұл анықтамамен толықтай келісе алмайды, өзінің бұл көзқарасын постмодернист-ақын Д.М. Приговтың сөзімен: «Дмитрий Александрович Пригов любил говорить, что в России странная культурная история: в ней ни одна из предыдущих эпох никуда не девается. Классицизм, романтизм, реализм, соцреализм – все они существуют, варятся в одном котле, и иногда из этих сочетаний возникают новые элементы. Которые продолжают вариться в том же котле и влиять на соседние явления. И сами подвергаются влияниям» [6] деп сабақтайды. Әдебиетке енген бағыттар шекараларының бірден қалыптаса кетпейтінін ескерсек, әрбір кезеңнің бір-бірімен байланысы және бір-бірінен ерекшелеп тұратын айрықша белгілері де болатыны анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет