Диссертация Отандық ғылыми кеңесші: Филология ғылымдарының докторы, профессор Пірәлі Г. Ж



бет40/41
Дата17.12.2022
өлшемі421,46 Kb.
#57816
түріДиссертация
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41

ҚОРЫТЫНДЫ


Постмодернизмнің қазақ әдебиетіне қадам басуынан-ақ, әлемдік әдеби мұралармен таныс оқырман мен әдебиет сыншыларының пікірі екіге жарылды. Бұл бағыттың әдебиетімізге енуін қолдап-қоштайтындар бірнеше уәж айтады. Негізгілері тек бір бағыттың шылауында қалмай, әлемдік әдеби үдеріске ілесіп отыру қажеттілігіне саяды. Тиісінше ондағы тәжірибелерді қазақ әдебиеті материалында сынау тоқырап қалған әдебиеттің тамырына қан жүгіртеді дегенді айтады. Сондай-ақ, ұшқыр ғаламтор заманында оқырманды тартудың әдіс-айласын қарастыру керектігін және оның бүгінде «сәнді» бағыт болып тұрған постмодернизмнен табылатындығын алға тартады. Екінші тараптың да байсалды уәжі бар. Оған себеп осы тәжірибелердің түбі қауіпті ойынға айналады деген қорқыныш болса керек. Таразының бұл басындағылар постмодернизмді әдебиеттің ғасырлар бойғы жинақтаған көркемдік тәжірибелерін мансұқ ететін, діліміз бен дінімізді жоққа шығарушы, рухани құндылықтарды аяқасты ететін, ұлт ретінде жойылуға апаратын бірден-бір ғаламданудың құрған «қақпаны» деп біледі. Постмодернизмді бірі жақтап, бірі даттап отырған екі тараптың тұжырымдарымен таныса келе, осы бағыттың қазақ әдебиетіне әсер-ықпалын теориялық тұрғыдан жан-жақты қарастыруға тырыстық.


Зерттеу барысында түрлі тәжірибелерге жол ашқан постмодернистік дүниетаным интертекстуалдылық, метапроза, симулякр, стильдік көп қабаттылық пен иронияның шығарма құрылымын барлық деңгейде бұзуға негізделетініне көз жеткіздік. Зерттеу жұмысы жұмыстың өзектілігін дәлелдей түсті деген ойдамыз.
Алғашқы тарауға нысан етілген қазақ постмодернистік прозасының алдыңғы толқыны Д.Амантай, Т.Әсемқұлов пен кейінгі толқыны Ә.Байбол, М.Қосын шығармалары қазіргі постмодернистік дискурстың қайта құрылымдау қасиеттеріне сүйеніп, оқырманмен байланысқа негізделетініне, мәтіндердің түрлі мәтіндерден құрастырылған құрылымы мен оқырманға өз нұсқасын ұсынуға да мүмкіндік беретін ашықтығына көз жеткіздік. Интертекстуалдылық авторлардың шығармаларына ортақ болғанымен, олардың түрлі тәсілдерді пайдалана отырып жеке-дара қолтаңбасымен ерекшеленетіндігін айтуға болады.
Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы өз бойындағы мәтіндер диалогымен қызығушылығымызды оятты. Романның интертекстуалдық байланыстарға негізделіп, постмодернизм бағытында жазылуы қазақ әдеби үдерісіндегі жаңалықтардың бірі болды.
Зерттеу барысында біз романнан тек қазақ халқына ғана тән мәдени кодтар мен әлемдік мәдени кодтарды, сондай-ақ латентті білім қорынан бейсаналы түрде романға енген мәтіндерден басқа, автордың арнайы дайындап ендірген әдеби, діни және фольклорлық мәтіндерді, сондай-ақ түрлі зерттеу еңбектерін анықтадық. Сонымен қатар ендірілген мәтіндердің интертекстуалдылықтың аллюзия, реминисценция, референция, плагиат,
гипертекст түрлеріне жататындығын және олардың романдағы қызметін мәнмәтіндік талдау арқылы айқындадық. Романдағы интертекстуалдылық тереңірек зерттеуді қажетcінетін мәселе екенін де бағамдадық.
Ал осы тарауда сөз етілген Ә.Байбол мен Т.Әсемқұловтың әдебиетке жаңалық, ойды жеткізудің тың формалары қажеттігін сезінуінен туындаған эксперименттерінде постмодернизмнің кейбір формалық үлгілерін пайдалана отырып, дәстүрлі әдебиеттің этикалық қызметін сырт қалдырмауға тырысқанын байқадық. Біздіңше, екі шығармадағы эксперименттердің сәтті-сәтсіз шығуын да осы ерекшелігіне қатысты бағалауға болады.
Ә.Байбол әңгімесінде постмодернизм поэтикасының басты критерийлері болып табылатын интермедиалдылық шығарманың аллегориялық сипатымен жымдасып, сәтті қолданылады. Қосарлы кодтауды ендіру тәжірибесіне мәтінге автордың дәстүрлі әдебиеттегідей өзі араласып, тұжырым жасауы көлеңкесін түсіріп тұрғандай. Дегенмен классикалық әдебиеттің шеңберінен шығып, шығармасын автор-мәтін-оқырман үштігіне құрып және әрі элитарлық, әрі бұқаралық мәтін тудыруға тырысуын автордың басты ізденісі деп бағалаймыз.
Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі жаңа тәсілдерге бай, терең философиялық астары бар сәтті жазылған шығарма. Бір шығарманың бойына постмодернизм поэтикасына тән интертекстуалдылық, метапроза тәсілдерін, абсолютті мойындамау тұжырымдарын орайымен қолдана отырып жаңа қалыптағы тың туынды жасап шыққан. Повестегі ертегіге жасаған пародия өзіндік философиясы арқылы оқырманға жағымды әсер қалдырған. Шығарманың ойынға негізделіп, мәтін құрылымы бірнеше рет бұзылғанымен, тіл жағынан құрылым бұзу байқалмағандықтан классикадан постмодернизмге жасалған қадам оқырман қабылдауына жеңіл тиіп, аса зарарлы бола қоймаған. Ал М.Қосынның «Төстіктің қателігі» әңгімесіндегі мәтін құрылымының және сөйлемнің құрылысының бұзылысы, әдеттен тыс, тосын көркемдік құралдарды пайдалану, бұрын соңды тілімізде жоқ тіркестерді қолдануы оқырманның мәтінді қабылдауын қиындата түсетін жайттар деп ойлаймыз.
Бұл тараудағы құрылым бұзушылықтың интертекске негізделеген түрінің екі жақты пікір қалыптастырғандығын да айта кеткен жөн. Мәтіндер кеңістігін еркін шарлап, құрастырмалы мәтін тудырған қаламгерлер шығармашылық тұлғаға тән бірегейліктен, тіпті авторлықтан бас тартуы мәтінге деген жауапкершіліктің азаюына түрткі болуы мүмкін деген пікірді туындатқанын да мойындаймыз. Осыған қарамастан, постмодернист жазушыларымыздың мәтіндер шырғалаңына тартып әкетер ізденімпаздығы мен білім қорының молдығын және осыны түрлі тәсілдермен орайына қарай қолдана білу қабілетін де байқадық.
Т.Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» повесі мен Ж.Қорғасбектің
«Жаконданың жанары» және «Өлмейтін құс» әңгімелерінде пайдаланылған симулякрдің философиялық мәніне үңілсек, адамдардың абсолютті шындыққа жету мүмкіндігінің шектеулі екендігін оқырман сенген шындықтың жаңсақтығы арқылы ұқтыруға тырысқандай. Ал формалық мәніне келсек, мәтін тұтастығын бұзудың әдебиеттегі жаңа тәсілі ретінде симулякр жазушылардың
шығармашылық аясын кеңітіп қана қоймай, оқырманға жаңа әсерлер ұсынуға мүмкіндік берген деп айта аламыз. Шығармаларды оқи отырып, компьютерлік технологиялардың көмегімен жасалатын арнайы әрекеттердің шығармадағы баламасын тамашалап отырғандай әсерде қаласыз. Қаламгерлердің өз шығармаларын жазуда бұл мақсат көзделіп-көзделмегенін тап басып айта алмағанымызбен, бұл тәжірибелерді киноға негізделген әдеби шығарма тудырудағы алғашқы қадамдар деп айта аламыз.
Жұмысымызда қарастырылған қазақ әдебиетіндегі постмодернизмнің басты белгілерін айқындаушы эстетикалық әдіс-тәсілдердің оқырман көңіл- күйін аулауға бағытталған меймана дүниетанымға негізделуі адам жан- дүниесінің терең қатпарларын назардан тыс қалдыруға себеп болып отырғанын да айтып өтуіміз керек. Кеңестік идеологияның жалаң схематизмге ұрындыруы себепті әдебиетіміздің тарихында ұзақ уақыт билік жүргізген реализм бағытынан жалыққан авторлар мен оқырмандарға түрлі тәжірибелерге жол ашатын постмодернизмнің позитивтік жақтарымен қоса кері әсерлерін де біле жүргеніміз абзал.
Постмодернизмдегі ирония қызметінің көркем мәтіндерді қалып және мазмұн жағынан толықтай қамтуы көркемдіктің постмодернистік үлгісінің туындауына алғышарт болып отыр. Иронияның жаңа мәндегі қызметі әдеби мәтіндегі тұтастық пен бүтіндікке кереғарлығы, өзіне дейінгі құндылық бағдарын басқа арнаға бұрып, күмәндана қарауы, жалпылай алғанда дәстүрлі классикалық ұғымдағы шығармашылық болмыс, бітім, жекелей алғанда авторлық, мәтіннің сюжеті, композициясы, стильдік, жанрлық ерекшеліктеріне түбегейлі өзгеріс ендіруі қазақ прозасында жаңа қалыптасып келе жатқан көркем әлемнің басты сипаты екендігі зерттеу барысында дәлелденді.
Диссертацияда көркемдік жүйедегі ирония жаңа мәнге ие болып, таным деңгейіне жеткендігі Д.Амантай, Д.Нақыпов, А.Жақсылықов, Т.Әсемқұлов сынды жазушылардың шығармашылығы материалында зерделенді. Шығармалардағы құрылымдық, формалық, сондай-ақ сыртқы дүниетанымдық өзгерістерге ұшырауы постмодернизм философиясының дәстүрлі классикалық әдебиетті ақырын ығыстыра бастағанының көрінісі деп білеміз. Осылайша әлемдік әдебиетте өзін көркем тіл мен көркем ойлаудың іргелі ерекшеліктерінен саналатын, әрі мәдениеттегі көркем парадигмалардың ауысымына негіз болған постмодернистік иронияның қазақ әдеби кеңістігіне де қадам басқандығы дәлелденде түсті.
Жоғарыда аталған жазушылар қазақ әдебиетіне жаңа пәлсапа, жаңа эстетика, өзгеше бейнелеу тілін ендіре отырып, постмодернизм бағытына өзіндік үлесін қосты дей аламыз. Түрлі нұсқада ұсынылған: нарративтік, шизоанализдік, қайта құрылымдаушы, ирониялық т.б тәсілдер арқылы қазақ әдебиетіне, оның ішінде прозаға тән бірегей ұлттық құбылыс ретінде орнықты.
Жазушы-постмодернистер арқылы қазақ әдебиетінде ақиқаттың көпқырлылығын қабыл көретін жаңаша көркем ойлау түрі пайда болды. Өз бойына бейтұтастық, плюрализм, монизм, релятивизм, көпнұсқалылық т.б. қағидаттарды жинақтаған жаңаша ойлаудың бұл түрі идеологиядан, күрестен
бас тартуды, антитоталитаризмді хош көретіндігін зерттеу барысында бағамдай алдық.
Тілдің құдіретін мойындайтын және сол қарудың белгілі идеологияға қызмет етіп, адамдардың санасын билеп-төстеуіне қарсы шыққан постмодернизм әдеби шығарма тілі құрылымын бұзу арқылы көрініс берді. Алайда, өзіндік себебі болып, бастау көзін содан алған тілдік ойындардың жаппай кең етек жаюы, зарары мол идеология екендігін ешкім де жоққа шығара алмақ емес.
1968 жылғы Батыс Еуропа мен АҚШ-тағы қозғалыстардың әдеби шығармаларда пайда болған жаңғырығы анархиялық сипатымен көзге түскен еді. Төңкеріс өмірдегі құндылықтардың барлығына түбегейлі өзгеріc ендіруді талап еткен болатын. Бүгінде барлық иерархиядан бас тартып, постмодернизм арқылы тәжірибе жасап көрген батыстағы өнер иелері, ойшылдар мұның да тығырықтан шығатын жол екендігіне күмәндана бастаған тұста бұл тәжірибелердің әдебиетіміз ғана емес, мәдениетіміз бен ділімізге қауіп төндіретін жағымсыз тұстарын байқаймыз. Қазақстандық әдебиеттегі постмодернизмнің осы тектес тәжірибелерге құрылуы оған деген теріс көзқарастың туындауына себеп болды.
Қазақ әдебиеті де өзінен бұрынғы тәжірибелерден сабақ алып, жаһандану үдерісінің ықпалымен келген бағыттар мен ағымдарды, әдістер мен тәжірибелерді саралап, ой безбенінен өткізіп, әдебиет мүддесіне жаратады деп сенеміз. Осы орайда көрнекті ғалым Б.Майтановтың төл әдебиетімізде осы бағыттың өрістеуі жайында: «Қазақ тілінде жазатын қаламгерлерден де постмодернистік үрдістердің кейбір нақыштарын аңғарамыз. Бұл дәстүр орыс әдебиетінде тым сайқымазақтанып, нағыз әділ ойдың ұштығына шыққандай болатыны сезіледі. Ол әдет біздің ділімізге соншалық жақын емес тәрізді. Ал Умберто Эко постмодернист болса да, көңілмен қабылдауға қолайлы. Харуки Мураками да солай. Демек, әрбір ағым, бағыт ішінде саралау, екшеу үдерісіне жұмыс бар» [143, б. 541], – деген тұжырымын қоштай келе, көркем әдебиетіміздің ұлтқа қызмет ету, әдеби дәстүр, ұлттық рухани құндылықтарды сақтау, адамгершілікке тәрбиелеу, ұлт болашағына қызмет ету сияқты басты қызметінен қандай ағымның аясында болса да бас тартпайды деп сенеміз.
Алайда отандық әдебиетке сыналай еніп, үрдіс ретінде ғана көрініс беріп отырған постмодернизмнің кең етек алатынына және әдебиетіміздегі түйткілді мәселелерінің шешуші кілті бола алатынына күмәндіміз. Бұған постмодернизмнің осы тәріздес тұжырымдарымен біздің мәдениетімізден көш ілгері танысқан елдер мәдениетіндегі «постмодерндік шаршау» құбылысын көлденең тарту да жеткілікті тәрізді. Сондықтан өзінің сан түрлі тәжірибеге ашықтығымен қазақ авторларын баураған бұл бағыттың әртарапты дамып келе жатқан әдебиетіміздің бір қыры ғана болып қалады деген ойдамыз. Қалай болғанда да әдебиеттегі бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес, тек зерттеуші ретінде баға беру арқылы даму бағытын өзгертуге септігін тигізе алуымыз мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет