қой, шық, бол, біт көмекші етістіктері қимылдың толық аяқталу шегін білдіреді (кітапты оқып шығу, қымызды ішіп қою т.б.).
қал, кел, кет, жібер, сал көмекші етістіктері қимылдың аяқталу шегінің белгілі жігермен, бірден болатындығын көрсетеді (жанып кетіпті, атып салды т.б.).
ал, бер, таста көмекші етістіктері қимылдың белгілі нәтижемен аяқталғандығын білдіреді (айтып беріңіз, төгіп алды, шауып тастады).
Сөйтіп қазақ тілінде түбір етістіктер емес, түбір етістікке көсемше жұрнақтары жалғанып, арнайы көмекші етістіктермен тіркесу арқылы ғана сыпат категориясы пайда болады деп тұжырым жасайды [72, 78 б.].
Жалпы түркі тілдеріндегі сыпат категориясы туралы түрлі көзқарастар бар. Қазақ тілі материалдарына негізделе жазылған Қ.Жұбанов, К.Ұйықбаев, А.Т.Сауранбаев, Ы.Е.Маманов, А.Ысқақов, Н.Оралбаева, З.Ахметжанова, Қ.Бибеков, С.Маралбаева т.б. ғалымдардың құнды пікірлеріне қарамастан, әлі де болса бұл категория жөнінде бірізділік болмай келе жатыр. Бұл сыпат категориясының, яғни қимылдың өту кезеңдерін бөлу мәселесіне қатысты байқалады. Атап айтсақ, А.Ысқақов, Н.Оралбаева, Г.Қарымбаева үшке, М.Оразов, Ж.Масалиева төртке бөліп көрсетеді.
Ы.Маманов қимылдың даму сатысының алты фазасын көрсетеді:
- қимылдың жасауға дайындығы;
- қимылдың жасалуға бейімділігі;
- қимылдың басталуы;
- жасалу үстіндегі қимыл;
- аяқталу алдындағы қимыл;
- қимылдың аяқталуы [160, 81-89 б.]. Ғалымның шәкірті Қ.Шаяхметов Ы.Маманов туралы жазған естелігінде бұған мынадай баға берген: “Қимыл кезеңдерінің алты түрлі бастапқы межеде белгіленіуі де – шынайы теориялық та, қолданбалық та жағынан тілдік дерекке сүйену нәтижесі. Одан әрі геометириялық прогрессия жолымен ұдайы үдемелеп тоқсан тоғызға дейін еселенуіне заңдылық бар екенін аңғартқан. Қимылдың өту кезеңдері туралы осы идеяның өнімділік күші кейінгі әлденеше зерттеулерде менмұндалап тұрғаны әркімге аян” [172, 78 б.]. Н.Оралбаева қимылдың жасалуға дайындығы мен бейімделуін қимылдың жасалу тәсілдерінің қатарында қарастыру керек деп көрсетеді [173].
Ы.Маманов амалдың өту сипатының алты фазасын (кезең, этап, саты) көрсеткенімен де, жоғарыда атап өткеніміздей, «іс-әрекеттің басталуы, ортасы, аяқталуы болады» деуі кейінгі зерттеушілер пікірлерімен астасып жатыр. Ал қимылдың алты фазасын Н.Оралбаева көрсеткен қимылдың өту сипатының ішкі мағыналық ерекшеліктері бойынша екіге бөліп көрсетуі (1.Қимыл тәсілі; 2. Қимылдың даму сатысы) Ы.Мамановта бірге қарастырылады. Ғалым көмекші етістіктердің қимылдың тәсілін жасауға да, қимылдың даму сатысын көрсетуге де қатысы барын жекелеген мысалдар арқылы көрсеткен. Сондықтан ғалымның ойлары, тұжырымдары осы тақырып туралы кейінгі ғылыми еңбектердің жазылуына мұрындық болды. Ол Н.Оралбаеваның «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» (Алматы, 1975.), З.Ахметжанованың «Принципы сопостовительного функционального исследования казахского и русского языков» атты докторлық диссертациясы, С.Маралбаеваның «Семантика процессности действия и способы ее выражения в казахском языке» (Дисс. канд. филол. наук. – Алма – Ата, 1991. – 176 с.), А.Шарапиденованың «Начинательность в системе категорий аспектуальности казахского русского языков» (Дисс. канд. филол. наук. – Алма – Ата, 1993. – 129 с.), Қ.Бибековтің «Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың аяқталу кезеңі мен оның берілу жолдары» (Ф.ғ.к. автореф. – Алматы, 2000. – 22 б.) атты кандидаттық диссертацияларына да арқау болған деп есептейміз.
Ы.Мамановтың сыпат категориясына байланысты ойларын сарапқа салғанымызда, ғалым, ең алдымен, сөз мағынасына емес, сөз формасына баса назар аударғанын байқаймыз. Мұны ғалымның мына пікірінен көруге болады: «Қалып етістіктерінде шақтық форма жоқ, тек шақтық мағына бар». Ғалым қалып етістіктерінің бойындағы шақтық мағына оларға телулі шақтық мағына емес, олардың бойында шақтық мағынадан басқа да (айталық, қимыл-күйді білдіру – етістіктік мағына; қимылдың өту сипатын білдіру – аспектуалдылық мағына т.б.) мағыналар бар. Ғалымның бұл пікірін басқа ғалымдар еңбектерінде айтылмаған ерекше жаңалығы деп атауға болады. Сонымен қатар, көсемше формалы етістіктердің қалып етістіктерімен өзге толымды етістіктер арқылы сыпат категориясын жасауы туралы ойлары аналитикалық формалы етістіктер жайындағы күрделі зерттеуге негіз болған.
Қимылдың жасалу кезеңдері мен тәсілі бойынша етістіктерді жіктеуі қазіргі грамматика талаптарына толық сай келмегенмен, функционалды грамматика тұрғысынан құнды пікір екендігін көрсетіп отыр.
Ғалым а) қалып етістіктерінің ІІ, ІІІ жақтық әртүрлі мағыналы болуын; ә) тікелей жіктік жалғауын қабылдауын; б) «еді» көмекші етістігімен тіркесіп, өткен шақ мағынасын беруін ғылыми түрде дұрыс көрсете білген.
Қимылдың жасалу үстіндегі фазасы процесс үстіндегі қимылдың өту сипатын білдіреді. Бұл мағыналық сипатты білдіруде қалып етістіктері белсенді қызмет атқарады. Қалып етістіктері көсемше формалы негізгі етістіктермен тіркесіп көмекші етістік қызметін атқарады. Көсемше формаларымен бірге аналитикалық формант жасайды. Сөйтіп олар қимылдың өту сипатын білдіруде маңызды рөл атқарады.
Қалып етістіктердің негізгі етістіктермен тіркесу сипаты бірдей емес. Айталық, жатыр етістігі етістіктің барлық мағыналық топтарымен талғамай тіркесе берсе, басқа жүр, тұр, отыр етістіктері етістіктің мағыналық топтарын талғап тіркеседі. Нәтижесінде олар қимылдың өту сипатын білдіретін әртүрлі мағыналық реңктерді білдіреді. Қимылдың жасалу тәсіліне қарай қалып етістіктері көмекшілік қызметте келгенде көсемшенің көбінесе -ып, -іп, -п формасында келуін қажет етеді. Дегенмен сирек те болса -а, -е, -й формасымен тіркесіп қолданылады. Мысалы, жатыр көмекші етістігі -а, -е, -й формалы бар, кел етістіктерімен тіркесіп, белгілі бір бағыттағы қозғалысты білдіреді. Мысалы, Қара май кісілер ісін тастай салып, тас еденді тасырлата басып, жүгіріп бара жатты (Ә.Нұрпейісов). Тұр көмекші етістігі -а, -е, -й формалы амал-әрекет етістіктерімен тіркесіп, жасау, өндіру мағыналарын білдіреді. Мысалы, құрастыра тұр, істей тұр, қарай тұр т.б. Отыр көмекші етістігі -а, -е, -й тұлғалы сөйлеу етістіктермен тіркесіп, немқұрайлы орындалатын созылыңқы істі білдіреді. Мысалы, айта отыр, сөйлей отыр, сұрай отыр т.б. Сөйтіп, қалып етістіктерінің бір тобы әрі көсемшенің жоғарыда аталған екі формасымен де тіркесе берсе, енді бір тобы осы екі форманың тек қана біреуімен ғана тіркеседі. Бұл жайлы М.Оразов былай деп жазады: “Етістіктің аналитикалық формасын тексерген ғалымдар бұл сияқты көсемшенің бір түрімен ғана қолданылатын көмекші етістіктердің барлығын, сондай-ақ көсемшенің бір ғана түрімен қолданылатын көмекші етістіктің барлығын көрсеткен болатын. Бірақ неліктен кей көмекші етістік көсемшенің екі түрімен де тіркеседі, басқалары неліктен біреуімен ғана тіркеседі деген сұрауға жауап бермейді. Көмекші етістіктің бұлай қолданылуы олардың мағыналарымен байланысты ма екен? А.Ысқақов қазақ тіліндегі төрт етістіктің көсемшенің екі қосымшасы формасымен келген жетекші етістікпен тіркесетіндігін айта келіп, олардың мағыналарын салыстырады. Мысалы, -ып отыр форманты жетекші етістікке амалдың бірқалыпты күйін білдіретін мағына үстейді: естіп тұр, жанып тұр, жауып тұр т.б. -Й тұр форманты жетекші етістікке амалдың белгілі бір деңгейге дейін жалғаса беруін, я істеліне беруін білдіретін мағына үстейді. Мысалы, тұра тұр, жүре тұр, жасырына тұр т.б. [11, 272 б]. Қолымызда бар мысалдарымыздың көрсетуінше, көсемшенің -а, -е, -й формалы жетекші етістікке тіркеліп келген көмекші етістіктер қимылдың әлі істелінбегенін, не жол-жөнекей істелетіндігін, немқұрайды орындалатындығын білдіреді. Мысалы, айта ғой, айта отыр, айта жүр т.б. …Ал көсемшенің -ып, -іп, -п қосымшасымен келген жетекші етістіктерге тіркескен көмекші етістіктер қимылдың үзіл-кесіл, кенеттен, бірден орындалғандығын не қимылдың ерекше күшпен, ынтамен істелінгендігін т.б. білдіреді. Мысалы, айтып қой, біліп ал, айтып сал, қойып жібер, айтып шық т.б.” [161, 105 б.].
Функционалды грамматикада қимылдың өту сипаты немесе амалдың өту сипаты деп аталып жүрген ұғым “аспектуальность” терминімен аталады. Қалып етістіктері осы аспектуалдылық мағынаны білдіруде маңызды рөл атқарады. Олар осы функционалды семантиканы беретін бірден бір тілдік құрал болып табылады. Қалып етістіктерінің функционалды-семантикалық өріс жасаудағы қызметі функционалды грамматика мамандарының зерттеулерінде айтылып жүр.
Бұл айтылғандардан қалып етістіктері тек қана аспектуалды семантика ғана жасайды деуге болмайды. Ол басқа да функционалды-семантикалық өрістерді жасауға қатынасады. Айталық, олар қимылдың өту сипатын білдіруден бұрын, ең алдымен, шақтық мағынаны білдіреді. Дәстүрлі грамматика тұрғысынан олардың құрылымдық функциясы нақ осы шақты білдіру делініп, нақ осы шақты білдіретін тілдік құрал, соның көрсеткіші ретінде қаралып жүр. Алайда бұл оларға берілген біржақты ғана пікір. Өйткені шақ тілдік жүйеде және сөйлеуде екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жүйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, яғни сөйлеу бірлігі – мұны зерттейтін сала функционалды грамматика тұрғысынан одан кең түрде қарастырылады. Ол тек қана нақ осы шақтық мағынаны ғана білдірмейді, сонымен қатар шақтық мағынаның басқа де реңктерін беруге қызмет етеді. Сөйлеудегі шақтық мағына функционалды грамматика тұрғысынан “темпоральность” деген терминмен аталады. Темпоралдылық функционалды-семантикалық өрісін жасауда қалып етістіктерінің өзіндік орны, тиесілі қызметі бар. Олар темпоралдылық категориясының мағыналық қырларын білдіретін тілдік құрал болып табылады. Демек қалып етістіктері Ы.Маманов көрсеткендей бір ғана категорияның тілдік көрсеткіші емес, ол аспектуалды, темпоралды, сондай-ақ басқа да қызметтерде жұмсалады.
Қалып етістіктері ешбір етістікпен тіркеспей түбір қалпында қолданылғанда қимылдың статикалық қалпын ғана білдіреді. Яғни олар жеке тұрғанда қимылдың фазалық мағынасын білдірмейді. “Отыр, тұр, жатыр, жүр етістіктері толық мағыналы етістік қызметінде қолданылып, аналитикалық форманың құрамында келіп те осы шақтық мағына білдіре алады. Бірақ столда отыр, далада жүр, босағада тұр, төсекте жатыр дегенде негізгі мағына қалыпты білдіру болып есептеледі. Мысалы, оқып отыр, ойнап жүр, айтып тұр, айтып жатыр дегенде қалыптық мағына жоқ, шақтық мағына, амал-әркеттің созылыңқылығын білдіру бар” [161, 106 б.]. Ы.Маманов қалып етістіктерінің нақ осы шақты білдіруден басқа мағыналық қырын, яғни қимылдың жасалу тәсілдері мен кезеңдерін функционалды грамматика тұрғысынан арнайы қарастырмағанмен, оның белгілерін сол кезде-ақ көре білген. Ғалымның қалып етістіктерінің әртүрлі аспектуалды семантиканы білдірудегі қызметі жоғарыда берілген пікірлерінде көрсетілді. Функционалды грамматика тұрғысынан қалып етістіктерінің мағыналық мүмкіндігін зерттеуде ғалым еңбектерінің маңызы зор. Қалып етістіктерінің негізінде жасалатын қимылдың (амалдың) өту сипатын білдіретін мағына (аспектуалды семантика) функционалды грамматикада арнайы қарастырылатындықтан оның жекелеген мағыналық реңктеріне терең тоқталмаймыз.