2.5 Етіс категориясының Ы.Маманов еңбектерінде зерттелуі
Етіс қазақ және орыс тілдерінде субъект пен объект арасындағы қатынасты білдіретін етістіктің грамматикалық категориясы. Қазақ тілінде етіс категориясы, негізінен, морфологиялық тәсіл арқылы жасалады. Әрбір етіс түрі арнайы аффикстермен сипатталады және барлық етістіктен етіс формасын жасауға болады. Қазіргі орыс тілінде етіс мәселесі көбінесе синтаксистің зерттеу объектісіне айналып, сөйлем құрылысында қаралады.
Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңде жазылған алғашқы түркологиялық еңбектерде етіс қосымшалары етістік құрамында қаралып, сөз болады. Алтай тілі грамматикасында етіс «вид» терминімен аталып, төрт түрге бөлініп көрсетіледі. А.Қалыбаева осы еңбектегі етіс қосымшаларының қарастырылуына байланысты мынадай баға береді: «Ортақ, өздік, ырықсыз, өзгелік деп бөліп, оларды жеке-жеке сөз етіп, қысқаша анықтама беріп, аффикстерін көрсете кетуі бұл «Грамматиканың» құндылық жағы еді [108, 180 б.].
В.Г.Архангельский, П.М.Мелиоранский еңбектерінде етіс «залог» терминімен аталған. В.Г.Архангельский салт және сабақты етіс деген түрлерін қосып, етістің жеті түрін атап көрсеткен.
А.Байтұрсынов -қыла, -стыр, -ыңқыра жұрнақтарын етіс қосымшаларының қатарына қосып, оған мынадай анықтама берген: «Етістіктің түпкі түрі сабақты һәм салтаң етіс. Осы екі етістің түбіріне түрлі жұрнақтар жалғанып, түрлі сөздер туады. Етіс жұрнақтары: 1 – бір етістен етістік сөздер туғызады, 2 – етістерден есім сөздер туғызады. Сабақты етіс пен салтаң етістен басқалары туынды етіс [19, 254 б.].
Қ.Жұбанов: «Етіс дегеніміз мағына жағынана істеуші мен істелушінің арасында қандай қатынас барын көрсететін категория», – деп етістің жеті түрін көрсетеді. Олар: өздік етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, салт етіс, сабақты етіс, өсіңкі етіс (-ыңқырыа, -іңкіре). Ғалым етістң етістіктің түп негізі мен болымсыздық түрлеуішінің арасына сыйыса алатын үстеулер деп атайды [174, 382 б.].
Жоғарыда айтылған пайымдаулардан байқағанымыздай, алғашқы грамматикалардан бастап, 30-жылдарға дейінгі еңбектерде етіс жалпы етістік құрамында қаралып, түрліше бөлініп келді. 40-жылдары жазылған түркологиялық еңбектерде: Н.П.Дыренкова «Ойрот тілі грамматикасында» етістің үш түрін көрсетсе, «Шор тілінің грамматикасында», «Хакас тілінің грамматикасында» төртке бөледі. Н.А.Баскаков, И.А.Батманов, Н.К.Дмитриев төртке, Н.А.Баскаков қарақалпақ тілінің грамматикасында, А.Н.Кононов, Ф.Г.Исхаков, А.А.Пальмбах т.б беске топтастырады.
Қазақ тілі оқулықтарында да етіс, негізінен, беске бөлініп көрсетіліп келді. А.Ерғалауов етіс аффикстерінің мағыналары, морфологиялық белгілері мен сөйлемдегі қызметіне қарай етісті негізгі, өздік, ырықсыз, өзгелік, ортақ деп беске бөледі. Етіс түрлеріне байланысты қазақ тіл білімінде Ы.Маманов пен С.Исаевтың пікірі өзара үндес, олардың пікірі бойынша, негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымнан, мейлі негізгі түбір, мейлі туынды түбір, мейлі күрделі түбір болсын не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі, басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ. Етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, сол категория түрлеріне негіз ғана болады. Сондықтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ. Осы ғылыми тұжырымнан кейін соңғы грамматикалық еңбектерде негізгі етіс деп аталатын етіс түрі етіс парадигмасында көрсетілмей жүр. Айталық, соңғы шыққан «Қазақ грамматикасында» етістің дәстүрлі төрт түрі (өздік, өзгелік, ортақ, ырықсыз) ғана аталады [52].
Етіс категориясы 50-жылдардан бастап арнайы зерттеу нысанына алынып, ғылыми негізде қарастырыла бастады. Оған Н.А.Баскаковтың «Залоги каракалпакского языка» (1951), А.Қалыбаеваның «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» (1951), өзбек тілінің етістері жөнінде С.А.Фердаустың, түркімен тілінің етіс категориясы туралы Б.Чарыяровтың, башқұрт тілінің етістері жөнінде А.Х.Фатыховтың диссертацияларын атауға болады.
Етіс қосымшалары түркологияда үш түрлі бағытта зерттелгендігі байқалады. Ғалымдардың бір тобы етіс қосымшаларын сөз тудырушы қосымшалар қатында қараса, енді бір тобы оны грамматикалық категория ретінде танып, форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады. Келесі тобы етіс қосымшаларының бойында сөзжасамдық қасиет те, форма тудырушылық қасиет те бар, сондықтан олар осы екі функцияны да орындайды деп, екі функциялы қосымша деп пікір айтады.
Етіс қосымшаларын Н.А.Баскаков өз зерттеуінде сөз тудырушы деп анықтаған. «Иначе говоря, категории вида и залога возникают внутри данной части речи посредством оброзования от основы глагола, т.е. относятся к словообразованию глагола от глагола. Зологовые формы глагола с точки зрения отношения к процессу действия его субъекта и объекта или нескольких субъектов и представляют категорию словообразования а не словоизменения» [122, 306 с.].
Қазақ тіл білімінде етіс категориясын арнайы қарастырған А.Қалыбаева оларды сөз тудырушы қосымша деп анықтап, оған мынадай уәж айтады: «Етіс аффикстері негізгі және туынды түбір етістіктерге қосылып, оларды туынды түбір етістіктерге айналдырады. Етіс аффикстілер етістік тобына енетін басқа бүкіл түбір етістіктер сияқты екінші жақ, жекешеде тұрып, бұйрық рай, келер шақ мағыналарын береді. Болымды, болымсыз формада түрлене алады. Етіс аффикстері басқа түбір немесе туынды етістіктер сияқты ретіне қарай түбір тұлғада да, немесе белгілі шақ, жақ, рай категорияларында тұрып есімше және көсемше т.б. тұлғаларда қолданылады. Етіс аффикстері өздері қосылған етістіктің субъекті мен объектіге қатысын көрсетумен бірге ол түбірге үстеме немесе мүлдем жаңа мағына беріп, қазақ тілі сөздік құрамы ғана емес, негізгі сөздік қорына да енетін туынды түбір етістіктер жасайды [108, 105 б.]. Ғалым етіс категориясына қысқаша шолу түрінде берген мақаласында қазіргі қазақ тіліндегі етіс категориясын сөйлемде атқаратын қызметі мен беретін мағынасына сай тұлғалық ерекшелігі бар қалыптасқан грамматикалық категория деп санайды. Сабақты және салт етістіктерден етіс категориясының ерекшелігі тек тұлғалануында ғана емес, сөйлем мүшелерінің тұлғалары мен мағыналарын да түрлендіретіндігін айта келе, етісітіктің сабақты және салт болып бөлінуі мен етіс категориясы екеуі екі мәселе деп қарайды [175, 60-67 б.].
Етіс қосымшаларын түркологияда форма тудырушы деп анықтаушылар саны өте көп. А.М.Щербак, Б.А.Орузбаева, Ф.А.Ганиев т.б. атауға болады.
Б.О.Орузбаева: «Как продуктивные формы, все залоговые аффиксы обладают больше грамматическим значением (залоговым), а их чисто словообразовательное признаки сохранились в основном только в окостоневших оброзованиях типа жалын (умолять), түтін (дым)”, – деп жазады [176].
Қазақ тіл білімінде етісті Ы.Маманов грамматикалық категория ретінде қарап, етіс формаларын форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады. «Туынды түбір етістік пен етіс формалары бір емес, бұлар екеуі – екі категория. Жұрнақ арқылы жасалған туынды түбір етістіктер (ойна, ойла, қанық, көн) түбір сөз дәрежесінде ғана қолданылады, оның жұрнақтары үстеме грамматикалық мағына білдірмейді, тек бір типтес сөздер тобын жасайды» [72, 6 б.].
Ы.Маманов жалпы етістік атаулыны негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп екі топқа бөліп, негізгі етістіктер оның грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады дей келіп, оның өзін екі түрге бөліп, бірін түбір етістіктер, екіншісін модификациялы етістіктер деп, модификациялы етістіктердің қатарына етіс, болымсыз етістік, күшейтпелі етістік және күрделі етістікті (көсемше формасының көмекші етістіктермен тіркесуі) ерекше бөліп жатқызады. Осы арқылы етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары емес, етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылатындығын меңзейді. Ал С.Исаев болса, «модификациялық жұрнақтар грамматикалық сипаты жағынан категориялық түрлену жүйесінің көрсеткіші болу қасиетінен айрылып, сөзжасам қосымшаларына ауыса бастағанмен, сөздің лексикалық мағынасын бүтіндей өзгертіп жібермейді. Сондықтан ондай жұрнақтарды сөз тудырушы қосымшалар қатарында қарамай, тілдің даму барысындағы жұрнақтар мен сөзжасам қосымшалары арасындағы тұлғалар деп қараған жөн» деген пікір айтады [177, 148-149 б.].
Сонымен етіс қосымшалары сөз тудырушы болып та, форма тудырушы болып та анықталған. Етіс қосымшалары семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын болғандықтан осындай екі жақты пікір қалыптасқан деуге болады. Мысалы, Ол үйге кіріп жылынды; күн жылынды, қызды айттырды, жұмысқа берілді, ауруынан жазылды, екеуі де келісті деген тіркестерде өздік, өзгелік, ортақ етіс жұрнақтары кездескенмен, олардың мағыналары, яғни етістік мағына (іс-әрекеттің объекті мен субъектіге қатысын білдіретін мағына) көрінбейді. Демек, «етіс жұрнақтарының кейбір түрлері жаңа сөз жасап, етіс тұлғалы етістік негізгі сөздік құрамнан жеке лексикалық единица ретінде орын алған [52, 507 б.].
С.Исаев Ы.Мамановтың форма тудырушы қосымшалар грамматикалық абстракция жасау, яғни сөзді талғамай жалғану шартын ұстанып, «сөйтіп, етіс тұлғаларының тіліміздегі етістік атаулының бәріне я белгілі бір тобына (ырықсыз және өздік етіс қосымшалары тек сабақты етістіктерге жалғануы) жалғана алуы, сөйтіп барып грамматикалық абстракция жасай алуы, өнімділік-өнімсіздік, құнарлылық-құнарсыздық сипатының болмауы, соның арқасында қосымшалары жалғанған жердің бәрінде жаңа сөз тудыру қатарын құрай алмауы етіс қосымшаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына қосуға болмайтындығын көрсетеді. Ал кейбір етістіктердің құрамында келіп, жаңа туынды түбір, демек негізгі түбірден өзгеше жаңа лексикалық мағына білдіруі тек қана етіс қосымшаларының жалғану нәтижесі емес, одан гөрі семантикалық процестің басым болуы, яғни ішкі мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн» – деген пікір айтады [52, 508 б.].
Кейбір ғалымдар етіс қосымшаларын жоғарыда көрсетілген екі функциясын да жоққа шығармаған. Мәселен, А.А.Юлдашев етіс тұлғаларының сөзжасам мен форма тудыруға қатысын жеке-жеке алып қарастырады. Оны ғалымның мына пікірінен байқауға болады: «Один и тот же залоговый аффикс в одном случае покрывает собой только зологовое значение, совершенно не касается лексического значения основы, и таким образом имеет исключительно словоизменительный характер: в другом наоборот, не имеет никакого залогового значения. … В связи с этим основное внимание пришлось обратить на разграничение словообразовательной и словоизменительной функции залоговых форм» [127, 87 б.].
А.А.Юлдашев түркі тілінің тарихи салыстырмалы грамматикасында етіс қосымшаларын жоғарыдағы екі жақты қызметіне сүйеніп «жартылай функционалды» деп анықтайды.
Э.В.Севортян етіс қосымшаларын тарихи тұрғыдан сөзжасамдық жұрнақ болған, кейін етістіктік форма тудырушы қосымшаларға айналған деп көрсетеді [178, 550 с.].
Сөйтіп, жоғарыда ғалымдар пікірінен етіс қосымшаларының анықталу сипаты бірізді емес екендігін байқаймыз. Етіс қосымшалары туралы даулы пікір әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Етіс қосымшалары жалғану мүмкіндігі жоғары қосымшалардың қатарынан орын алады. Етіс жұрнақтарының сөзге жалғану жиілігіне 10 томдық түсіндірме сөздік бойынша статистикалық зерттеу жүргізген С.Мырзабеков сөздіктегі етіс формаларының саны 22 мыңнан асып кетеді. Бұл сөздіктегі барлық сөздің 33 пайызына тең деп көрсетеді [128]. Демек, етіс қосымшаларының сөзге жалғану мүмкіндігі мол, олар Ы.Маманов көрсеткендей, грамматикалық абстракция жасай алады.
Етіс қосымшаларының сөзжасам мен формажасамға қатысын зерттеген А.Жаңабекова етістердің жоғарыда аталған ерекшеліктерін ескере келе, «етіс қосымшалары барлық кезде сөз тудыру қатарын құрай бермейді, тек объектілік-субъектілік қатынасты білдіріп, грамматикалық категория құрай алады. Екіншіден, етіс қосымшалары белгілі бір етістік тобына түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Ал оның кейбір сөздердің құрамында келіп, лексикалық дербестікке жетуі етіс қосымшаларының сөзжасамдық қабілетінін емес, сөзжасамның семантикалық тәсілінің, яғни мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн», – деп Ы.Маманов, С.Исаев пікірлерімен орайлас тұжырым жасайды [44].
Сонымен, сөзжасам қосымшаларына қойылатын ең бірінші критерий – жалғанған сөздің лексикалық мағынасын өзгертіп, жаңа мағына жасау болса, етіс қосымшалары өзі жалғанған етістік негізінің лексикалық мағынасын түпкілікті өзгертпейді, іс-әрекеттің объекті мен субъектіге қатынасын білдіреді.
Сөзжасам қосымшалары сөзді талғап жалғанады деген екінші критерий тұрғысынан алғанда, етіс қосымшалары етістіктің барлығына не бір тобына түгелдей жалғанып грамматикалық абстракция жасайды. Бұл олардың сөзжасам қосымшаларынан гөрі форма тудырушыларға қойылатын талаптарға жауап беретінін көрсетеді.
Етіс қосымшаларының белгілі бір етістік түбіріне үнемі жалғануы барысында жаңа сөздік дәрежеге жеткен сөздер, әрине, тілде баршылық. Мысалы, айттыру, айтысу, көрісу, табысу т.б. Бірақ бұл сөздерді сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған туынды сөздер деп қарамау керек. Әдетте сөзжасамның синтетикалық тәсілінде сөздің түбіріне қосымша жалғану арқылы жаңа сөздер жасалады. Мұндайда ол қосымшалар сол сөз табына қатысты қандай түбірге жалғанғанда да үнемі сөз тудырып отыру қажет. Мысалы, -шы, -ші қосымшасы зат есім түбірлеріне жалғанғанда үнемі кәсіп иесін білдіретін туынды сөздер жасайды. Және сөзжасам қосымшаларында құнарлылық-құнарсыздық сипат болады. Ал жоғарыда аталған етіс қосымшалары арқылы жасалған туынды сөздерде етістік мағына көмескіленіп, олар тұтас күйінде түбір етістік мағыналарын білдіруге көшкен. Яғни олар сол етістік түбіріне үнемі жалғана келе, конверсия жолымен жаңа мағынаға ие болған. Ал етіс формалары етіс түбірлеріне жалғанғанда, көбінесе, етістік (етіске тән) мағына үстейді. Мысалы, жазу етістігіне жалғанған етіс формаларының мағыналарына талдау жасалық. Жаз – жазғыз – жаздыр – жаздырт – жаздыртқыз – жазыл – жазыс т.б. Осы етіс формалы етістіктерінің барлығының түбірі – “жаз” етістігі. Яғни олардың барлығына ортақ лексикалық мағына жазу сөзімен байланысты. Ал осы етістікке жалғанған етіс формалары, айталық, “жаздыр, жаздырт, жаздыртқыз” дегендерде біреуге осы іс-әрекетті орындату, яғни біреу арқылы істету мағынасы үстеледі. “Жазыс” сөзформасында жазу әрекетіне біреудің көмегін, ортақтығын білдіретін мағына бар. Олай болса, етіс қосымшаларын сөзжасамдық жұрнақ деп айту дұрыс болмайды. Әрине, етіс тұлғалары жалғанып жасалған туынды сөздердің бар екендігі дау тудырмайды. Бірақ олар етіс қосымшаларының сөзжасамдық қызметі емес. Өйткені ол сөздер сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалмаған, дәлірек айтсақ, етіс жұрнақтарының негізгі қызметі сөз тудыру емес. Сондықтан оларды екі функциялы аффикс деп атауға болмайтын сияқты. Етіс тұлғаларын форма тудырушы қосымша деп танудың тағы бір белгісі – етіс тұлғалары парадигмалық сипатта тұрып, грамматикалық категория құрайды. Грамматикалық категория болуы оларды үзілді-кесілді форма тудырушы қосымша деп анықтаудың бірден-бір дәлелі.
Сонымен етіс қосымшалары Ы.Маманов көрсеткен екі критерий тұрғысынан да форма тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптарға жауап береді. Етіс қосымшаларын С.Исаев модификациялық (лексика-грамматикалық) қосымшалар қатарында қарайды. Модификациялық жұрнақтарға етіс қосымшаларымен бірге күшейтпелі етістік, болымсыз етістік, күшейтпелі етістік тұлғаларын да жатқызады [28, 227 б.].
Етіс категориясы салт және сабақты етістіктермен тығыз байланысты. Кейбір ғалымдар бұл екі категорияны бір-біріне қатыссыз екі басқа категория ретінде қарастырады. Ал Қ.Жұбанов салт және сабақты етіс деген атаумен оларды етіс түрлерінің қатарында көрсеткен болатын. Ы.Мамановтың етіс категориясын зерттеуіндегі өзіндік ерекшелігі – оларды салт және сабақты етістіктермен өзара байланыста қарастыруында жатыр.
Қазақ тіл білімінде көрнекті ғалым М.Балақаев 1941 жылы “Халық мұғаліміне” берген мақаласында етістіктің салт, сабақты түрін табыс жалғауын керек етуі немесе керек етпеуімен байланыстырады. Сабақты етістіктердің салт етістікке не, керісінше, салт етістіктердің сабақтыға ауысуын етіс жұрнақтарының жалғануымен түсіндіреді [179, 50-55б.].
А.Аблақов “Сабақты етістік, оның жасалу жолдары” атты мақаласында кісінің еңбек процесімен, қимыл-әрекетімен байланысты табыс жалғауын қажет ететін сабақты етістіктер, ал кісінің көңіл-күйін, қозғалыс әрекетін білдіріп, табыс жалғауын талап ете алмайтын етісітіктерді салт етістіктер деп екі салаға бөледі. Ғалымның айтуынша, түбір тұлғалы етістіктерді дара қалпындағы мағынасына қарап, салт және сабақты деп бөлу мүмкін емес. Бұл етістіктердің омонимдік қасиетіне, көп мағыналығына, мағыналық жағынан аса құнарлылығына байланысты. Бұл пікірді біз де қуаттаймыз. Өйткені қазақ лексикасы сөздік құрамға аса бай. Біреуі тура мағынасында айтылып жатса, екіншісі ауыспалы мағынасында қолданылып жатады. Мысалы, “жақ” сөзінің бір мағынасы – “отты жақ” тіркесінде қолданылса, келесі бір мағынасы – біреуге жақ, яғни ұнау мағынасында қолданылып тұр. Осындай себептерге байланысты етістіктерді бірден түбір күйінде салт және сабақты деп бөліп тастау тілдік фактілерге сай келе бермейді. Оны контекстен ғана айыруға болады деп есептейміз.
Осындай ерекшеліктерді ескере отырып, етістіктердің табыс септігіндегі тура толықтауышты меңгеруі, яғни олардың өзара қарым-қатынасқа түсуін сабақты етістікті айқындаудың негізгі өлшемі етіп алады. Сабақты, салттық қасиет тек түбір етістіктерге ғана емес, жалаң туынды етістіктердің де, күрделі етістіктердің де бойына сіңген қасиет екендігі белгілі. Сабақты етістіктердің мұндай түрлерінің негізгі жасалу жолдарын және білдіретін мағынасын таратып айтады [180, 17-24 б.].
Ы.Маманов қазақ тіліндегі салт, сабақты етістіктер мен етіс категориясын бір-бірімен тығыз байланыста қарастырады. Өздік, өзгелік, ырықсыз етіс мағыналары салт, сабақты етістіктердің грамматикалық формаларынан туатын семантикалық ұғым деп түсіндіреді [72, 36 б.].
Өздік және ырықсыз етіс формаларын салт етістіктің құрамында, соның грамматикалық формалары есебінде қарайды. Ал өзгелік етіс формасын – салт етістіктен сабақты етістікке айналған грамматикалық форма деп баяндайды. Өйткені, автордың айтуынша, өздік, ырықсыз етіс жұрнақтары – сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфемалар. Ал өзгелік етіс жұрнақтары – салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфемалар. Ал олардың өздік, ырықсыздық және өзгелік мағыналары сол формалардан туады. Сонымен қатар, өздік, ырықсыз, өзгелік етіс жұрнақтарын сабақты, салт етістіктерден айырып қарауға болмайтындығына мынадай уәж айтады: “Өздік, ырықсыз және өзгелік етіс жұрнақтары сабақты және салт етістіктердің сыртқы категориялық формасын білдірсе, олардың мағыналары (өздік, ырықсыз, өзгелік) сол формалардың ішкі мазмұны болып табылады. Яғни сыртқы формасы мен ішкі мағынасы бір тұлғаның екі белгісі болып саналады [72, 6 б.].
Етістіктердің салт және сабақты болып бөлінуін түркі тілдерінде екі түрде белгіленуімен көрсетеді: біріншісі – олар ешқандай грамматикалық көрсеткішсіз-ақ, түбір күйінде өзінің лексикалық мағынасына байланысты салт және сабақты болып бөлінуі; екіншісі – етістіктер өзара арнайы грамматикалық көрсеткіш (морфема) арқылы салт және сабақты болып бөлінуі.
Жалпы тіл білімінде белгілі категориялардың арнайы морфемасыз, өзінің ішкі мағынасына қарай бөлінуін грамматикалық топ (разряд) – тура түрі, ал арнайы морфема арқылы белгіленуін категориялық форма (ауыспалы түрі) деп атап көрсетеді. Сөйтіп, етіс формалары арқылы салт етістік сабақтыға, сабақты етістік салт етістікке ауысып отырады. Яғни, өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема қызметін атқарса, өзгелік етіс жұрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады. Мысалы, өту-өткізу, көбею-көбейту, үзілу-үзу, салыну-салу, көру-көріну, салу-салыну т.б.
Шындығында да етіс категориясын салт, сабақты етістіктерден бөліп қарау мүмкін емес. Ғалым пікірінің құндылығы да осында жатса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |