4.3. Берілген сөздерді орыс тіліне аударыңыз.
Егіншілік, дән, мал азығы, дақылдар, өңдеу, жүйе, жетілдіру, аймақ, бейімделген, қолайсыз, төзімді, іргелі, қолданбалы, зерттеулер, өндіріс; топырақтық-климаттық, белдемдер, егін шаруашылығы, аймақтық, топырақ құнарлығы, ұлғаймалы, ауыл шаруашылығы, тыңайтқыштар, ұтымды пайдалану.
4.4. Мәтін бойынша терминдерді теріп, жазып олармен сөз тіркесін жасаңыз.
Арамшөптерді құрту үшін тұқымды себер алдында топырақтың әр гектарыңа 2,6—8,0 кг мөлшерінде эптам немесе тиллам сіңіріледі. Олар шөп тәрізді арамшөптердің 80—90%, қосжарнақтылардың 40—50% жояды. Өсіп келе жатқан арамшөптерге қарсы, тұқымды себу алды қопсыту кезінде әр гектарға 16—24 кг мөлшерінде дихлор мочевина ұнтағынын, 300—400 г судағы 50% ерітіндісін шашады. Тұқым себу қопсытудан 3 сағаттан кейін басталады да, себілген егістік қайта нығыздалады.
ГРАММАТИКАЛЫҚ ТҮСІНІКТЕМЕ
Біреуден бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылған сөйлем сұраулы сөйлем деп аталады.
Сұраулы сөйлемге тән негізгі белгілер: 1) бір нәрсе жайында сұрап білу мақсатында айтылады; 2) сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше (мы, мі, бы, бі, пы, пі, ші) сұраулық демеулік шылауларының қатысуымен жасалады; 3) сұраулы сөйлемнің өзіне тән интонациясы болады: бас жағы көтеріңкі айтылып, соңғы жағы бәсеңдемей, көтеріңкі қалыппен аяқталады; 4) сұраулы сөйлемнен соң сұрау белгісі қойылады.
Сұраулы сөйлемдер негізгі сұрақты, жетек сұрақты, анықтауыш сұрақты болып бөлінеді.
Негізгі сұрақты сұраулы сөйлем – бір нәрсе, оқиға, іс туралы мәлімет алу үшін қойылған бастапқы сұрақты сөйлем. Мысалы: Бізбен бірге саяхатқа барасың ба? Қазақтың қандай ұлттық аспаптарын білесің? Балаңыз мектепті қашан бітірген? Бұл сөзбен не айтпақсыз?
Негізгі сұрақ сұрау есімдіктерінен және ма, ме, ба, бе, па, пе, ше шылауларының қатысуымен жасалады.
Жетек сұрақты сұраулы сөйлем – негізгі сұраққа жауап алу үстінде қосымша туған ойға байланысты сөйлем. Мысалы:
– Іссапарға кімдер барады?
– Жас қызметкерлер барады.
– Біздер ше?
Жетек сұрақты сөйлем толымсыз болып құралады, көбіне тек сұрақ мағыналы сөзден ғана тұрады. Жетек сұрақ ше шылауының қатысуымен жасалады.
Анықтауыш сұрақты сөйлем – екінші жақтың сөзін анықтап алу үшін қойылған сұрақты сөйлем. Мысалы:
– Бұл ойды кім айтты?
– Тілек айтты.
– Тілек?
– Иә, Тілек.
Сұраулы сөйлемдердің өзіндік жасалу жолдары болады.
Достарыңызбен бөлісу: |