Тұқымның тіршілікке қабілеттілігі – тұқымдық жадығаттағы тірі тұқымның пайыз мөлшері.
Тұқым тірі организм болғандықтан шектелген тіршілік ұзақ-тығымен сипатталады. Тұқымның белгілі бір уақыт өткеннен кейін өсуге бейімділігі өсімдік түрі мен әртүрлі басқа факторларға байланысты. Тұқым биологиялық және шаруашылықтіршілік ұзақтығымен, ұзақ өміршендігімен ажыратылады. Қалыпты жағдайда сақталған тұқымдардың өну қабілетін сақтауын биологиялық тіршілік ұзақтығы деп атайды (сыналған үлгіден бірен-сараңы өнсе де). Шаруашылық тіршілік ұзақтығы (ұзақ өміршеңдігі) – кондициялық сапасы сақталатын кезең ұзақтығын көрсетеді.
Тіршілік ұзақтығына қарай тұқымдар 3 топқа бөлінеді:
1. Микробиотиктер– тұқым өнгіштігін 3 жылға дейін сақтайтын өсімдіктер (су күріші, пияз, ағаш өсімдіктері ж.б.).
2. Мезобиотиктер - өнгіштігін 3-15 жыл (көптеген танаптық дақылдар – бидай, арпа, сұлы ж.б.) бойы сақтайды.
3. Макробиотиктер– тұқым өнгіштігін 15-100 жылға дейін сақтай алатын өсімдіктер жатады (кейбір бұршақ тұқымдас шөптер – ақ беде т.б.).
Тұқымның тіршілік ұзақтығы:
1. Тұқым мен жемістің жабу тканьдерінің қасиеттеріне тәуелді. Өткізгіштігі аз және тығызырақ қабықты тұқымдар борпылдақ қабықты тұқымдарға қарағанда ұзақ өміршеңдігімен ерекшеленеді. Қолайлы жағдайда сақталған тұқымның шаруашылық ұзақ өмірлігі бұршақ тұқымдас шөптерде 20-22 жыл, дәнді бұршақ дақылдарда 18-20 жыл, бидай, арпа, сұлы, жүгері, күріш тұқымдарында 5-7 жыл, қара бидайда 2-3 жыл.
2. Химиялық құрамына тәуелді, өйткені оған тыныс алу қарқындылығы мен осыдан өрбитін барлық зақымдарға байланысты. Белокқа бай тұқымдардың тіршілігі ұзақ, крахмал көп тұқымдарда аздау, ал құрамында майы көп тұқымдардың тіршілік ұзақтығы қысқа болып келеді.
3. Нақты аймақтың тұқымның толысу және пісу кезеңдегі метеорологиялык жағдайларына байланысты. Жарық және жылы ауа райы түқымның жақсы пісуіне және ұзақ тіршілікті тұқым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Керісінше, бұлыңғыр әрі салқын ауа райы пісу сапасын нашарлатады. Мұндай тұқымның тіршілігі қысқа. Тұқым ұзақ тіршілігіне табиғат әсерінен жапырылып қалған есімдіктердің теріс әсерлілігі байкалады.
4. Сақтау жағдайларына байланысты, ең алдымен сақтау уақытындағы тұқым ылғалдылығына тәуелді. Тұқым ылғалдылығы неғұрлым жоғары болса, солғұрлым тыныс алу қарқынды жүреді, қорлық қоректік заттар ыдырайды және өнгіштігі кемиді.
Аталған түсініктердің агрономдар үшін маңызы зор, әсіресе ауыл шаруашылығы дақылдарының сақтық және ауыспалы тұқым қорын сақтағанда.
Әр дақылдың өзіндік гүлдену ерекшеліктері, ұрықтану және oған әсер ететін жағдайлар тұқым саны мен сапасына, сайып келгенде өсімдіктің өнімділігіне елеулі түрде әсер етеді. Тұқым санының барынша көп байлануы өсімдіктің тұқым қуалағыш қасиеттеріне, экологиялық және агротехникалық жағдайларға байланысты.
Гүлдену және тұқымның қалыптасуы кезеңінде өсімдік мұқтажы мен биологиялық ерекшеліктері әрі қоршаған орта жағдайлары арасындағы байланысты бұзу — тұқым өнімділігін төмендетеді. Сонымен бірге тұқым сапасын нашарлатады. Осы себептермен қарақұмықтың небәрі 10-15 % гүлдері әдеттегідей жеміс береді, ал басқалары өліп қалады, немесе қалыпсыз жеміс береді. Тимирязев ауылшаруашылык академиясының (В.В. Гриценко, 1984) зерттеулері керсеткендей, қарақұмык тұқымының тек қана 40 % қалыпты толық дәнді болды. Бұршақ тұқымдас дақылдарда да (ас бұршақ, майбұршақ, жоңышқа т. б.) көп процент ұрықтанбаған гүлдер немесе өсіп-жетілмеген тұқымдар байқалады; алақат дәнділік қара бидайда 30 % дейін жетеді, ал бос дәнділік күнбағыста — 10-20 %. Тұқым қалыптасу-ында бұл қалыпсыз құбылыстарды жою — өсімдіктердің тұқымдық өнімі мен оның сапасын жақсартудың үлкен қоры болып табылады.
Модификациялық өзгергіштіктің бір көрінісі — тұқымның әртүрлі сапалылығы. Түрдің сақталып қалуына пайдалы болғанымен тұқымның әртүрлі сапалылығы агрономдық көзқарас бойынша кұптарлық жағдай емес. Бұл егін көгінің біркелкі өспеуін, сабақ бітіктігінің көп қабаттылығын, біркелкі піспеуін, өсімдікте өнімнің әртүрлілігіне әкеліп соғады.
Әртүрлі сапалылық — бір тұқым тегіндегі тұқым массасы, пішіні, көлемі және толықтық дәрежесі әртүрлі болып келуі. Олар морфологиялык, физиологиялық және генетикалық қасиеттерімен ажыратылады. Тұқымның әртүрлі сапалылығы олардың егістік және өнімділік сапаларына әсер етеді.
Әртүрлі тұқым қалыптасуын және олардың әртүрлі сапалылығын немен түсіндіруге болады? Бір шоғырдағы гүлдер әр мезгілде гүлдейді, мәселен, масақта (бидай, арпа, еркекшөп т. б.) гүлдену ортасынан жоғары және төмен карай, сіпсебастарда (сұлы, тары, судан шөбі т. б.) — жоғары бөлігінен төмен қарай, бұршақ тұқымдастарда (ас бұршак, майбұршак, жоңышқа т. б.) — тамырынан жоғары қарай, күрделі гүлдерде (күнбағыс, мақсары т. б.) қорапша гүл шоғырының шетінен ортасына қарай жүреді. Осындай жүйемен тұқым (жеміс) қалыптасып піседі, соның нәтижесінде оларда әртүрлі сапалылық пайда болады. Тіпті дәнді дақылдардың бір масағы шеңберінде (бидай, қара бидай, арпа) ірілігі, себу сапасы әртүрлі тұқымдар пайда болады.
Бір гүлшоғыры шеңберіндегі тұкымның әр түрлі сапалылығының негізгі себебі — тканьдердің тұқым қуалаушылық әртүрлілігі, мұның өзі өсу конусы оқшаулануының басынан байқалады және гүлдер мен түйіндерге қоректік заттардың біркелкі келмеуіне байланысты.
Тұқымдар - өсімдіктердің биологиялық және шаруашылық қасиеттерін сақтаушылар, сондықтан тұқым сапасына алынатын өнім мөлшері көп деңгейде тәуелді болып келеді. Біздің жыл санауымыздың бірінші ғасырының өзінде римдік агроном Колумелла былай деп жазған: «Мен мынаны қажет деп есептеймін: астықты жинағанда, тура сол танапта, болашақ егістік үшін тұқым сұрыптап алуды ойлаған жөн. Тіпті өнім орташа болғанның өзінде жақсы масақтарды таңдап алуға болады және олардың дәндерін жеке сақтап қою қажет. Осы тұқымдардан жаңа жоғары өнім алынғанда, одан ірі және ауырсалмақты дәндерді желпіп алу керек те келесі егістікке сақтау абзал. Бұл тәсіл барынша жақсы, өйткені ылғалды топырақта да және құрғақ топырақта да астық тез азғынданады».
Тұқымдық жадығаттың себу (егістік) сапасын жақсарту үшін диқан қауымы ертеден толыққұнды ірі тұқымдарды сұрыптап ала білген. Тіпті бір өсімдік, масақ, шашақ, собық шеңберінде әртүрлі сападағы тұқымдар қалыптасады, мұның өзі «тұқымның әртүрлі сапалылығы» түсінігін енгізуге мәжбүрледі. Бір өсімдіктің өзінде морфологиялық (мөлшері, массасы, пішіні т.б.) және физиологиялық (өну ерекшеліктері, қоршаған орта факторларына қажетсінуі, тіршілікке қажетті қосылыстардың мөлшері ж.б.) әралуан тұқымдар қалыптасады. Тұқымның әртүрлі сапалылығының үш болмысы – генетикалық, матрикалдық (аналық) және экологиялық – ажыратылады.