Оқушылардытыңдау және оларға жауап беру Мұғалімдер бастапқыда қоятын сұрақтар ғана емес, оқушылардың жауаптарымен мұқият танысқаннан кейін туындайтын сұрақтардың да маңызы зор. Диалогтік әңгімеде де мұғалім сұрақтары мен оларға берілген жауаптар, сонымен қатар, оқушылардың да сұрақтары маңызды. Мұғалім оқушылардың жауабын олардың білімдерінің деңгейін тексеру үшін ғана емес, сондай-ақ оларға өз ойларын анық білдіруге, дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік беру үшін де пайдаланады. Рэгг және Браун (2001) оқушылардың жауаптары мен түсініктемелеріне қарай әрекет етудің бірнеше түрлерін ұсынады. Мұғалімдер:
жауапты елемей, назарын басқа оқушыға, тақырыпқа немесе сұраққа аудара алады;
жауапты мойындап, оны әңгімені жалғастыруға негіз ете алады;
мағынаны күшейту үшін немесе оны басқалардың да естуі үшін жауапты сөзбе-сөз қайталай алады;
белгілі бір элементті атап көрсету үшін жауаптың бір бөлігін қайталай алады;
жауапты мақтай алады (осы немесе одан кейінгі әңгімеде қолдана отырып, тікелей немесе жанама түрде);
жауапты түзете алады;
оқушыларды бұдан әрі де ақпарат немесе түсініктеме іздеуге ынталандыра алады;
оқушыларға маңызды мәселелерге назар аударуға көмектесе алады.
Бар назарын оқушыларды алдын ала белгілі жауапты табуға жетелеуге аударған мұғалімдер, әдетте, олардың ақпаратты игеру үдерісін бақылаудан шығарып алады. Оқушыларға жауап бе руге уақыт беру керек және де мүмкін болса, бұдан кейінгі сұрақтар мен жауаптарды олардың сөздеріне орайластырып құрған дұрыс. Сұрақ қойылғаннан кейінгі кідіріспен қатар, көптеген зерттеулерде мұғалім оқушының жауабын алғаннан кейін де кідіріс жасау қажет екені атап көрсетілген. Харгривс және Гэлтон (2002) жалпы алғанда, мұғалім сұрақ қойғаннан кейін оны қайталап немесе сол сұрақты өзге оқушыға басқаша қоймас бұрын шамамен екі секундтай кідіретіндігін анықтаған.
Харгривс және Гэлтон мұғалімнің шұғыл және инстинктілік реакциясы жауапты бағалауға, қайталауға немесе басқа сөздермен қайталап айтуға ұмтылысы болуы тиіс дейді. Күту уақытын үштен жеті секундқа дейін созса, бұл төменде көрсетілгендер сияқты басқа да параметрлердің өзгеретіндігіне әкеледі:
Ойлануға берілетін уақытты көбейту (әсіресе күрделі жауаптар үшін) оқушыларға өз жауаптарын түзетуге, нақтылауға және өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мақсатты ескере отырып, жауаптардың жылдамдығы туралы да ұмытпау керек. Жабық сұрақтар тобы орынды болуы мүмкін, бірақ кейбір жағдайларда оқушылардың сұрақтарға жан-жақты ойланып, терең жауап бергендері маңызды болып табылады.
Қорыта келгенде, оқушылардың нені білетіндері мен нені білмейтіндерін анықтау үшін мұғалімнің жақсы қарым-қатынас дағдылары және түсіністікпен қарауы қажет болады. Оқушылар қысқа жауап беретін сұрақтармен салыстырғанда, диалогтік әңгіме мұғалімдер де, оқушылар да оқыту мен оқуға қомақты және маңызды үлес қосатын өзара іс-қимылдың аса тиімді түрі болып табылады.