"Диуани луғат ат-түрк"



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата28.08.2022
өлшемі287,58 Kb.
#38294
түріИсследование
  1   2


Масимбаева Айым 
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. 
Алматы. Қазақстан 
 
 
 
Махмұт Қашқаридың «Диуани луғат ат-түрк» кітабы және оның 
Қазақстандағы зерттелуі 
В статье рассматривается исследование «Дивана» Махмуда 
Кашгарского казахстанскими учеными. Автором обозначаются дальнейшие 
перспективы исследования.
 The article discusses the research of "Divan" Mahmud Kashgari by Kazakh 
scientists.
The author defines the prospects of the future researches. 
 
ХІ ғасырда жазылып, ХХ ғасырда ғана ғылыми ортаға оралған «Диуани 
лұғат-ит-түрк» сөздігі – түркі халықтарының энциклопедиясына айналып, 
күні бүгінге дейін құнын жоймаған ұлы еңбек. Махмұт Қашқаридың бұл 
сөздігінде осыдан мың жылдай бұрын өмір сүрген түркі тайпаларының 
айтылу, жазылу заңдылықтары, қолдану аясына қатысты айырым белгілері 
терең зерттеліп, әлемдік түркітану тарихында алғаш рет тарихи-
салыстырмалы зерттеу әдісімен диалектология ғылымының негізі қаланған. 
«Диуанның» қолжазбасы Стамбулда Миллет Генель кітапханасында 
сақтаулы. Қолжазба 1517 жылдан соң, яғни османдықтардың мәмлүк 
мемлекетін басып алған соң әкелінген болу керек. Мұны қолжазбаның ақ 
шеттеріне жазылған мәтінге жасалған ескертулер мен түзетулерден Осман 
дәуірін байқауға болады. Шамамен 1650 жылы Катиба Челебидің атақты 
еңбегінде еске алынады. Бұдан басқа ХХ ғасырдың басына дейін дерек жоқ. 
Қолжазбаға ХХ ғасырдың басында Түркияның Ван Огуллар деген жерінде 
тұрған Назиф Паша деген кісі ие болған. Ол қолжазбаны құнды зат ретінде 
туысқан әйелге сыйға тартқан деген пікір бар [1.114]. 
«Диуанның» қолжазбасын алғаш рет 1914-1915 жылдары Али Амри 
деген түрік ғалымы Стамбулдағы «Саһабалар жыршысы» деп аталатын кітап 
базарынан сатып алған. Рифат Билге есімді адам қолжазбаның көшірмесін 
жасап, 1915 жылы 1-2 кітабын, 1917 жылы 3-кітабын басып шығарған. Осы 
кезден бастап «Диуанды» зерттеу басталып, күні бүгінге дейін жалғасып 
келеді. 
«Диуанды» аудару мен мәтіндерін жариялау сияқты жұмыстармен көп 
ғалым айналысқан. Сөздіктің тарих бетінде жаңа өмірі басталғанда, оны 
әртүрлі тұрғыдан зерттеген ғалымдарда сан жоқ. Неміс ғалымы 
Брокельманнан бастап, неміс, түрік, азербайжан, ұйғыр, өзбек, орыс 
ғалымдарымен қатар сөздікті зерттеген қазақ ғалымдары да аз емес.
Тілдік тұрғыда зерттеген ғалымдардың ішінде алғашқы зерттеушілер 
ретінде В.В.Бартольд, В.А.Гордлевский, А.Н.Кононов, С.Г.Кляшторный 
сынды белгілі түркітанушылардың қатарында қазақ ғалымдары Халел 


Досмұхамедұлы, 
Н.Т.Сауранбаев, 
С.А.Аманжолов, 
А.Н.Ысқақов, 
Ғ.Ғ.Мұсабаев, Ә.Құрышжанов болғанын білеміз [2.7].
«Диуанды» алғаш зерттеген түркі ғалымдарының әрқайсысы өз тіліне
тартып, «Диуанның» тілін иемденгісі келгендері болған. Ондай ниет қазақ 
ғалымы Ғ.Мұсабаевта да болды, ол кісі сөздіктің тілі үйсін тілі, демек, қазақ 
тілінің ескерткіші дегенге дейін барды [3]. 
Қазіргі таңда «Диуанды» иемдену үрдісі тоқтап, түркі тектес 
халықтардың ғалымдары бұл еңбекті қазіргі түркі тілдерінің бәріне бірдей 
қатысты, бәріне бірдей ортақ тарихи мұра деп қарайды. Барлық замандар мен 
дәуірлердің ұлы ғұламасы Махмұт Қашқаридың сөздігіндей еңбекпен 
әлемнің ұлттары мен ұлыстары және халықтарының кез-келгені мақтана 
алмайды. Бұл мақтаныш түркі тілді халықтарының маңдайына ғана біткен 
бақ, басына қонған бақыт, тағдыр сыйлаған байлық. Осы бақты бағалаған әр 
түркітанушы ата сөздің қорынан өз тіліне тән белгілер іздеп, туыстыққа 
ұмтылатын үрдіс қалыптасты.
Түркітану ғылымында «Диуан» беттерін парақтау ешқашан тоқтамайтын 
құбылыс. Себебі осыдан мың жыл бұрын тарихта тайпа тілі болып танылған 
тілдер, бүгінде жеке жеке тіл болып қалыптасты.
М.Қашқаридың сөздігін зерттеуде қазақ ғалымдарының да ізденістері аз 
емес. Тілдік тұрғыда, әдеби жағынан да, тарихқа қатысты да зерттеулер 
жеткілікті. 
«Диуанды» алғаш зерттеген қазақ ғалымы деп Халел Досмұхамедұлын 
атауға болады. «Диуани луғат ат-түрк» кітабынан көшірілген нұсқаның 
Стамбулдан табылғанын, оның 1914 жылы 3 том болып басылып шыққанын 
естіп, Халел Досмұхамедұлы қызығушылықпен сол кезде-ақ іздестірген екен. 
1923 жылы "Шолпан" журналының 5-6 сандарында осы туралы зерттеу 
мақаласын жариялаған. Ол «Диуани луғат ат-түрк» атты мақала жазып,
«Сөздіктің» 1913-1915 жылдары басылғаны белгілі, ол жөнінде 1914 жылы, 
бірінші дүниежүзілік соғыс алдында естіп, соғыстың кесірінен көпке дейін
бейхабар болғанына өкінеді. Халел Досмұхамедұлы бұл мақаласында түрік 
халықтарына ортақ көне ескерткіш, рухани мұраны туған халқына алғаш 
таныстырумен қатар, ондағы әдеби, тілдік және тарихи деректерге назар 
аударады. 
XIX ғ. мұрасының араға бірнеше ғасыр салып, ұрпақ қолынан табылуы 
әлемді қалай таң қалдырса, Халел оны еш жалғандыққа қимай, өз ойын 
туралықпен ұсынуы да - бағаларлық қасиет. Халелдің араб тілін жақсы 
білетіні, сонымен бірге ежелгі әдебиет дәуірінен де мейлінше жақсы 
хабардар болғаны мақалаға арқау болған пайымдауларынан-ақ көрінеді. 
Халел Досмұхамедұлының бұл мақаласы қазақ жұртына Махмұд 
Қашғари еңбегі туралы ақпараттық мәлімет берумен ғана шектелмеген. Оның 
маңыздылығын жоғары бағалап, Орхон ескерткіштерімен қатар қояды [4]. 
"Диуани лұғат ат-түріктің" жазылу уақыты туралы да, өмірбаяндық 
деректері туралы да ғылым үшін әлі нақты дәлел жоқ, тек болжамдар. 
көрсетілген. [5. 56]. 


Халел Досмұхамедұлы һижра есептеуі бойынша салыстыра келіп: 
"...осында бір қате бар. 466-шы жылдың мұхарам басы. 1073-ші жылдың 
қыркүйектің алтысында болады. Жылан жылы 457-ші жыл 1065-ші жылдың 
наурызында және 370-1077-ші жыл наурызында кіреді. Енді 458-ші жылдың 
жылан жылы мұхарам айы наурызда емес, бәлки 1065-ші жылдың 
желтоқсанда мешінде келеді. Қалай болса да, мұнда қате бар. Қалай болса да 
Махмұд әл-Қашғари кітабын 1072 жылы мен 1076-ші жыл арасында жазған. 
Кітабын жазып бітуі 1074 жылы ақпан жұлдызында болса да, дұрыстап 
толықтырып бітіруі 1076-шы жыл болған деп атаймыз. Кітабының жазылу 
жылы алдымыздағы Ыстамбұл баспасы сыртында асыл жазулы нұсқа 
бойынша 466 қойылған. Шамамен кітаптың жазылу жылын қысқаша қылып,
1073 десек, дұрыс болар», - деп есептейді мақаласында. [4.81]. 
Халел Досмұхамедұлы "Диуаниды" төрт мақсатта: 1. түрік тарихына; 2. 
XI ғасырдағы түрік руларына; 3. түріктердің экономикалық, әлеуметтік 
тіршілігіне; 4. тіл, әдебиетке байланысты деректер іздеу жөнінде 
пайдаланып, зерттеу жазуды жоспарлаған екен. Оның осы мақаласы ежелгі 
дәуір әдебиетіне еркін бойлай алатын ғалым екенін көрсетеді. Оның "Диуани 
лұғат ат-түрік" туралы жаған мақаласында, шығыс тілдері мен әдебиетін, 
мәдениетін терең меңгерген білімпаздығы желдей есіліп, және көне 
жәдігерлерден хабары молдығы кемеріне толған көл суындай шарасынан 
төгіліп, лықылдап тұратыны өз-өзінен сезіліп те, байқалып та тұрады. Халел 
Досмұхамедұлы осы аталған рухани қазынаның түрік халықтарына тән 
екенін айтқанын былай қойғанда, күллі шығыс мәдениетіндегі алатын тарихи 
орнын, оның ғылыми айналымға түсуі мен бақ-талайының шынтуайытқа 
келгенде жанған мерзімін, баға жетпес құнын тап басып, безбендей білуі һәм 
зерттеушілердің көңіл көзімен зерделеуіне бағдар беруінің өзі — білікті 
ғүламаның ой-өріс қарымын, көрегендік шалымын дәлелдейді. Халел 
Досмұхамедұлының пайымдауынша: "...Бұл уақиға, яғни Махмұд 
Қашғаридың өзі шахси ислам һәм түрік тарихында үлкен бір уақиға 
болуында кәдік жоқ. Махмұд Қашғаридың кітабына келгенде, кітап туралы 
әзірге біз Еуропаның түрік тілі мамандарының пікірін естігеніміз жоқ. Бір 
нұсқасы академик Бартольдқа берілген екен, бірақ Бартольдтың бұл кітап 
туралы бір нәрсе жазып-жазбағанын білмедік. Қалай болса дау біздің 
мынаны айтуға шамамыз келеді: Түрік қауымының тіл, әдебиет һәм мәдениет 
тарихы үшін 1889-ыншы жылы Орхон жағаларында Ядринцев тапқан, 
Томсен, Радлов тағыда басқа ғалымдар тарапынан үйреніліп, нәшр етілген, 
барлық мәдениет, хан дүниесінің назарын өзіне каратқан, хан ерлерінің
пікірін алыстырған (өзгерткен) ескі түрік, Орхон "бітіктастары" қандай 
аһамиаты болса, Махмұд Қашғари кітабының да аһамиаты сондай. Махмұд 
Қашғаридың түрік қауымына, өз ұлтына мунасабаты Күл-тегін, Білге 
хандардың мунасабатындай һәм түрік руларын, түрік тілін білуі, әсіресе, 
білімі олардан артық болған"[5.57].
Ол түрік тілінің шығу тегі, түп төркіні және көрші елдермен бағзы 
аралас-құраластығын анықтауға көне мұраның бұлтартпас деректілігі мен 
құндылығына ерекше назар аударады.


Халел Досмұхамелұлынан кейін «Диуанды» зерттеген ғалымдардың 
ішінде ерекше аталатыны Әбжан Құрышжанұлы.
Түркітану ғылымында өз орны бар Әбжан ағамыз М.Қашқари сөздігі 
туралы аз жазбаған [5,6,7,8,9,10]. Ғалым «Диуанның» шығу тарихынан 
бастап оның ішкі мазмұнына зер салып зерттеген. «Диуан» туралы алғашқы 
деректер ХІV ғасырдан басталады деген: «М.Қашқаридың бұл еңбегі туралы 
алғашқы деректер ХІV ғасырдан басталатын көрінеді. Мәселен, 
Андалусиядан шыққан көрнекті ғалым Абу Хайианның белгілі еңбегінде 
кездесетін бағзы бір үзінділердің осы М.Қашқари шығармасынан 
алынғандығы байқалады. Мысыр елінің әйгілі тарихшысы Б.Айни өзінің 
Еуропа, Сирия және Индия тарихына арналып жазылған бір еңбегінің «Түрік 
қауымдарының тарихына» деген бөлімінде қашғарлық ғалым ибни 
Мухаммедтің кітабынан алынған үзінділерден ондағы огуз руларының 
таңбалары жөнінде, түрік тілдері мен ұйғыр жазуы жайында және түрікпен 
тілінің кейбір сөздері туралы бірсыпыра мәліметтер жарияланды» деп 1931 
жылы Түркияда жарияланған Абу Хайиан әл- Андалусидің «Китаб әл идрак 
ли лисан әл атрак» атты еңбегіне қатысты түрік ғалымының кітабына (Ahmet 
Caferoglu. Abu-Hayyan. Kitab al idrak li-lisan al-atrak. Istanbul. 1931) сілтеме 
берген [8.362]. Ә.Құрышжанұлы «Диуанның» европалық шығыстанушыларға 
алғаш рет 1904 жылы тарағанын айтқан: «Еуропаға тараған алғашқы 
хабарлардың 
бірі 
1904 
жылы 
Венгер 
Академиясы 
жариялаған 
«Лингвистикалық жинақтағы» мәлімет болуы керек. Онда түркі тілдері 
жайында ХІ-ХҮ ғасырларда жазылған еңбектерге шолу жасай отырып, бір 
мақаланың авторы араб түрік тілдерінде дайындалған еңбектердің ең бір 
ескісі деп осы «Диван луғат ит тюркті» атап көрсетеді (Koprulu zade M.Fuad. 
divanu lugat it Turk. Muellifi: Mahmut bin ul Huseyin bin Muhammed-ul-Kasgari. 
Tarihi telifi: Hicri 466, 2 cilt, 1333 (1915). Бұл өзі мамлюк сұлтандарының 
түркі тілдерін оқып үйренуі үшін негізгі оқу құралы болып танылғанға 
ұқсайды» дейді [10.363]. 
М.Қашқаридың «Диуаны» әдебиетшілердің де назарынан тыс қалған 
жоқ, Н.Келімбетовтың «Ежелгі дәуір әдебиетінде» (Ана тілі, 1991) 
М.Қашқаридың сөздігі көне түркі әдебиет ескерткіштерінің тілін үйренуге 
көп көмек көрсетіп келеді. Мәселен, осы «Диуани луғат ат түрк» 
табылғаннан кейін ғана «Құтты білік» дастанын оқу, аудару және 
транскрипция жасау кезінде бұрын жіберілген қателер түзетілді дейді [363- 
бет]. 
Ұлы баба еңбегін зерттеу әлі де жалғасын тауып келеді. Әсіресе, 1997 
жылы Асқар Егеубаев қазақ тіліне аударғаннан кейін қазақ ғалымдарына 
қашқаританудың жаңа кезеңі басталады. Біраз диссертациялар қорғалды
көптеген мақалалар жазылды.
М.Қашқари сөздігін зерттеуші ғалымдарымыз ғұлама бабамыздың
еңбегіне қатысты шетелде баяндамалар да жасап жүр, мысалы 2008 жылы 
Махмұт Қащқаридың туғанына 1000 жыл толуына орай Түркияда өткен 
халықаралық симпозиумда қазақстандық 4 ғалым (Шерияздан Елеукенов, 
Серікқазы Қорабай, Бәтіш Атабай және Бақытгүл Құлжанова) қатысып, 


баяндама жасады. Шерияздан Елеукенов ағамыз «Диуанды» жалпы түрік 
елдерінің мәдениеті мен әдебиетінің рухани қайнар көзі деп баға берсе 
[11.303], 
Серікқазы Қорабай ағамыз «Орта ғасырлардағы түркі 
халықтарының энциклопедиясына айналған бұл сөздік қарахандық кезеңдегі 
ерекше ренессанстық құбылыс болып табылады» дейді [11.185]. М.Қашқари 
сөздігіне тілдік тұрғыдан зерттеу жүргізіп жүрген Б.Атабай М.Қашқари 
сөздігін баба тілдің көзі деп атап, баба тіл-көне түркі тілінен еншісін бөліп, 
дербес тілге айналған қазақ тілі от ауызды, орақ тілді ақын жазушылардың, 
шешен билердің тіліне айналса да, бүгінге дейін сөздік қорымыздан 
М.Қашқари сөздігіндегі сөздердің әлі де сақталғанын айтады [11.351]. 
Махмуд Қашқари еңбегіне арналған зерттеулердің легі жалғасып, әлі 
талай құнды дүниелер жарыққа шығарылатынына күман жоқ. Себебі түркі 
дүниесі әлемдік аренаға шығып, түркі тілдері қанатын жайып келеді, олай 
болса «Диуану луғат ат түрктің» мың жылдық ғұмыры әлі де жалғасын таба 
берері хақ.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет