Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет33/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   48
Байланысты:
pdf Martin Iden Dzhek London

Отыз екінші тарау
Келесі күні Марияның үйіне түнеугідей сый қонақ келіп, жүрегі тағы
бір су етті. Əйтсе де, бұл жолы сабыр сақтады, келген кісіге қонақ үйде
күте тұрыңыз деп, маңғаздық көрсетті.
— Баса-көктеп кіріп келгеніме қарсы емессіз бе?— деді Бриссенден.
— Жоқ, жоқ, о не дегеніңіз!—деді Мартин қолын алып, қатты қысып,
қонағына бөлмесіндегі жалғыз орындығын ұсынды да, өзі керуетіне
отырды.— Адресті қайдан білдіңіз?
— Морздарға телефон соққам. Мисс Морздың өзі келді. Енді ғана
тауып келіп отырмын.
Бриссенден қалтасынан кішкене том алды.
— Мінеки, сізге бір ақынның өлеңін əкелдім,— деді ол кітапты столға
қойып жатып,— оқып шығыңыз. Осыны сыйлаймын, алыңыз!—деді ол
дауыстап Мартиннің алғысы келмей қолын сермегенін көріп.— Маған
кітаптың керегі жоқ. Бүгін таңертең өңештен тағы қан кетті. Вискиіңіз жоқ
па? Əрине, жоқ болар! Бір минут күте тұрыңыз.
Ол орнынан ұшып тұрып, шыға жөнелді. Мартин Бриссенденнің бір
кезде жауырынды жігіт болғанымен қазір инеліктей бүгіліп, еңсесі түсіп
кеткенін көріп, аяп кетті.
Екі стакан əкеліп, столға қойды да, кітапқа үңілді. Генри Воган
Марлоудың өлеңдер жинағы екен.
— Шотланд шарабы жоқ екен,— деді Бриссенден есіктен кіре,—
сұрқиялар американ шарабын ғана сатады. Амал жоқ, бір бөтелкесін
алдым.
— Мен қазір балалардың біреуіне лимон алдырайын, шарапты
жылытып жіберіп, грог жасайық,— деді Мартин — Марлоу осындай


кітабына қанша ақша алады екен?
— Елу доллар шамасы,— деді Бриссенден. — Оған да шүкір.
Тəуекелшіл баспашы тапқанына рақымет айтсын.
— Поэзиямен күнелтуге болмай ма?
Мартиннің дауысынан қатты қынжылғандық сезілді.
— Əрине, болмайды!— Қай ақымақ қазір поэзиямен күн көрем деп жүр
ғой дейсіз. Оны-мұны, жоқты-барды үйлестіре салушылар ғана болмаса.
Мəселен, Брюс, Виржиния Спринг немесе Седжвик сияқтылар, рас,
кемеліне келіп отыр. Ал нағыз ақындар... Марлоудың тамағын қалай
асырап жүргенін білесіз бе? Пенсильванияда оқудан кенже қалған балалар
мектебінде сабақ береді. Бұл дүниеде мұнан артық дозақ бар ма? Мен тағы
елу жыл ғұмыр берсе де бармас едім. Ал қазіргі өлең жазып жүрген
ақынсымақтардың дүмбілезіне қарағанда Марлоудың өлеңдері шыны
арасында жатқан лағыл сияқты. Біздің сыншылардың ол туралы не жазып
жүргенін білесіз бe? Осы білгішсінген сұмырайлардың-ақ ызасы өтті-ау!
— Асылы, жазушы болу қолынан келмей жүрген адам нағыз жазушы
жайлы пікір айтуға құштар келеді екен,— деді Мартин.— Солардың
Стивенсон туралы айтпағаны жоқ!
— Монтаны зымияндар!—деді Бриссенден тістеніп.— Білем олардың
сылайын. Абыз Дамьенді қорғап, хат жазғаны үшін олар өмір бойы
Стивенсонді ғайбаттаумен келеді, бақалшағына дейін шағып, кінəсін
мысқалдап өлшеумен келеді...
— Жəне өздерінің түкке татымайтын тоғышарлық тұрғысынан баға
береді,— деді Мартин.
— Дұрыс айтасыз. Дəл өзі! Марлоудың ең жақсы қасиетін сілікпеге
салып, арамдап, енді: «Бұл итке адам жете ме!» деп арқасынан қаққан
болады. Тьфу! Ричард Рилф олар туралы өлер алдында «ала құйрық
сауысқан»,— деп бекер айтпаған ғой.
— Иə, олар тауықша жұлдыз тозаңын шоқымақ болады,— деді Мартин
кіжініп,— ниеттері данышпан адамның құйрықты жұлдыздай ағып бара
жатқан ой-қиялын ұстай алу. Мен осы сыншылар жайында, дəлірек айтсақ,


рецензенттер туралы мақала да жазып едім.
— Кəне, əкеліңізші көрейін!
Мартин стол астында жатқан «Жұлдыз тозаңының» бір данасын алып
берді. Бриссенден ала сала оқыды, əуелі пысқырынды, сосын қолдарын
үйкеледі, түшіркенді, тіпті, ішіп отырған грогін ұмытып кетті.
— Сол жұлдыз тозаңының жарқыншағы өзіңіз екенсіз ғой мынау
көкірегінде көзі жоқ ергежейлілердің еліне ұшып келген!—деді айқайлап
Бриссенден мақаланы оқып біткесін.— Бірінші жіберген журналыңыз
мақаланы, əлбетте, құшақтай жығылған шығар?
Мартин қойын дəптеріне қарады.
— Бұл мақаланы қабылдамаған журнал саны жиырма жетіге жетіпті.
Бриссенден қарқылдап күле түсті де, жөтел қысып, булығып қалды.
— Сіз өлең жазасыз ба,— деді ол бір кезде қырылдап.— Беріңізші
маған, оқып көрейін.
— Бірақ мұнда оқымаңыз, сізбен əңгімелескім келіп отыр. Өлеңімді
берейін, алып кетіп үйіңізде оқырсыз.
Бриссенден сол күні «Сүйіспеншілік туралы сонеттер» мен «Пері жəне
меруертті» үйіне алып кетті.
Келесі күні Мартинге іс-міс жоқ:
— Кəне, қалғанын беріңіз,— деді.
Өлеңдерін түгел оқып шыққаннан кейін Мартинге: өзіңіз нағыз ақын
екенсіз деді. Бақса, оның өзі де өлең жазады екен.
Мартин де Бриссенденнің өлеңдерін оқыды, қатты ұнатты, əлі күнге
ешқайда бастыруға бермегенін есітіп, таң қалды.
— Оба келсін журналдарыңызға,— деді ол мына өлеңдерді редакцияға
жіберу керек қой деген Мартинге.— Сұлулық сұлулық үшін. Журнал


туралы ойланып, басыңызды ауыртпай-ақ қойыңыз. Аһ, Мартин Иден!
Теңізге, кемелеріңізге қайтып оралсаңыз қайтеді, сізге айтар ақылым осы.
Мынау қалада, нажестің арасында не бар сізге? Сұлулықты журналдарға
қор етіп, күн сайын дүниеден түңіліп, өзіңізді өзіңіз қинап қайтесіз!
Жуырда бір айтқан сөзіңіз əлі есімде, қалай еді? Иə... «Адам — тұрлаусыз,
фани дүниенің тұрақсыз қонағы». Сіз үшін атақ — у, жұрттың сөзі — дəмі
жоқ, татуы жоқ ботқа. Өйткені, сіз ерекше жаралған, өмір құбылысына үн
қосушы, айрықша ақылды адамсыз. Мұнан былай жазғандарыңыздың бір
жолын да журналға сатпассыз деп сенемін. Тек қана сұлулыққа қызмет
етпек керек. Соған ғана қызмет етіңіз! Арманыма жетсем дейсіз бе.
Қарағым-ау, қандай арман? Мұнан артық не арман керек! Жетіпсіз ғой
тілегіңізге: Стивенсон туралы сонетіңіз, меніңше, Гэнлидің «Елесінен» көп
жоғары, «Сұлулық туралы сонеттеріңіз», теңіз толғаулары да тамаша! Ақын
арманы атақ емес, творчество қуанышы. Таласпаңыз. Не айтып
отырғанымды жақсы білемін. Өзіңіз де түсініп отырсыз. Сұлулық сізге де
жара салған. Ол жазылмайтын жара, емі жоқ ауру, жүрекке сұққан пышақ.
Журналдарды енді əурелемей-ақ қойыңыз. Мақсатыңыз Сұлулық болсын.
Оны ақшаға айырбастап керегі не? Бəрібір түк шықпайды. Дəметпей-ақ
қойыңыз — тамағыңыз іседі. Мың жылдан бері шыққан журналдың бəрін
қарап шықсаңыз да Китстың бір жолына татитын түйір дүние таба
алмайсыз. Даңқ, алтын дегенді мүлде ұмытыңыз да, ертең теңізге, дүние
кезуге шығыңыз.
— Мен даңқ үшін емес, сүйіспеншілік үшін еңбектеніп жүрген жанмын,
— деді Мартин күліп.— Сіздің жүрегіңізде сүйіспеншілікке орын жоқ-ау
деймін. Мен үшін сұлулық сүйіспеншіліктің құлы.
Бриссенденнің көзінен əрі аяныш, əрі қуаныш белгісі көрінді.
— Əлі жассың ғой, Мартин. Ah, сондай жассыз əлі! Сіз биікке
көтерілесіз. Сақ болыңыз — қанатыңыз əлі қатқан жоқ. Күйдіріп алып
жүрмеңіз. Аздап от шарпыған ғой деймін. «Сүйіспеншілік туралы
сонеттер» əйел етегін жыр қылған... Масқара ғой бұл!
— Жоқ, етегіңіз не, сүйіспеншілікті жыр етеді,— деді Мартин тағы да
күліп.
— Қиялилардың философиясы бұл,— деді Бриссенден қызараңдап.—
Наша тартып, өзім де қиял қуып көргем. Сақтаныңыз! Мына буржуазия


қалалары түбіңізге жетіп жүрмесін. Екеуміз алғаш рет танысатын түнеугі
саудагерлердің туын тіккен жерін алып қараңызшы. Құдай біледі,
сыпырынды тастайтын шұқырдан да жаман. Адамды арбамай, аздырмай
қоймайды. Тұншықтырады. Сол сорақыдан жоғары тұрған не еркек, не
əйел көрдіңіз бе? Бəрі де екі аяқты қарын сияқты жəне жай қарын емес,
идея мен көркемдіктен дəмесі бар қарындар...
Ол кілт тоқтап, Мартинге қарады. Ойына бірдеме түсе кеткендей
немесе əлденеден шошынып, таңырқап қалғандай көрінді.
«Сүйіспеншілік туралы сонеттеріңізді» əнебір ерні кезерген ұрғашы
бейбаққа арнап жазған жоқсыз ба?
Сол кезде Мартин оң қолымен алқымынан ала түсіп, сілкіп-сілкіп
жіберген еді, Бриссенденнің тістері сақ-сақ етті. Бірақ көзінен үрей көре
алмады. Тек таңырқап, кекете, кемсіте күлгендей көрінді. Мартин
Бриссенденді төсекке қарай итеріп жіберді.
Бриссенден көпке дейін ентігін баса алмай, есеңгіреп отырды. Ентігі
басылғансын барып күлді.
— Апырай, кеудемде өзі əрең жүрген шыбынымды шығарып жібере
жаздадыңыз ғой, шығып кеткенде жақсылығыңызды өтей алмай арманда
кететін едім,— деді.
— Соңғы кезде жүйкесі құрғырым əбден босап кетіпті, қолым қатты
тиген жоқ па? Тағы да грог əзірлеп берейін,— деді Мартин кінəсін жуғысы
келгендей.
— Аһ, жас науан, албырт эллин!—деді Бриссенден.— Ерен күшті
екенсіз, бірақ қайратыңызды билей алмай қалады екенсіз. Нағыз жас
қабылансыз ғой! Жас арыстансыз! Жарайды, жарайды! Өмір сазайыңызды
тарттырар əлі.
— О не деген сөзіңіз?—деді Мартин стакан ұсынып жатып.— Алып
жіберіңіз, ашу басыңыз.
— Айтайын дегенім: əйелден көрерсіз əлі көресіні. Қазір-ақ қыр
соңыңыздан қалмай жүрген болар, енді өле-өлгенше осылай маза бермейді.
Мен кеше туған адам емеспін. Тағы да алқымымнан алып жүрмеңіз,


айналайын. Бəрібір айтарымды айтпай тынбаймын. Ана қыз бірінші ғашық
болған адамыңыз ғой деймін, тегі. Сонда да Сұлулық үшін қыз таңдай білу
шарт. Сізге буржуазия қыздарының керегі не? Аулақ жүріңіз олардан,
жоламаңыз маңайына! Отты, дəртті, қаны ыстық нағыз əйел тауып алыңыз,
«өмірге де, өлімге де күле қарайтын, ғашық оты өзегін өртегенде жан-тəнін
пида қылатын» ару табыңыз. Өмірде мұндай əйел аз емес, мынау
буржуазияның бұлаң өскен жаны жасық бишаралары ғұрлы олар сіз
сықылды ер адамға нағыз ғашық жар бола алады.
— Жаны жасық бишара дейсіз бе?—деді ашуланып, айғайлап Мартин.
— Иə, солай дедім! Ол құйттайынан миына құйып тастаған, атам
заманнан ел-жұртқа əбден əйгі əлденені үржаңа қылып айтуын қоймас,
нағыз өмірден ат-тонын ала қашатын болар. Ол сізді өзінше жақсы көрер
де, бірақ бəрінен түкке тұрмайтын өзінің моралін артық санайды. Асылы
сізге ондай адам емес, түгел берілетін ұлы ғашық жар керек, жан қажайтын
сұр күйе емес, көз қуантатын көлбеңдеген қызылды-жасылды көбелек
керек. Сорыңызға қарай, бұл дүниеде ұзақ тұрып қалдыңыз бар ғой, əйел
атаулыдан тоясыз. Ай, бірақ ұзақ тұра алмассыз деймін! Теңізге тез
оралмасаңыз мынау шіріп жатқан қалада шатасып жүріп, күндердің күні сіз
де іріп-шіріп бітесіз ғой.
— Мейлі, не десеңіз де,— деді Мартин, бəрібір үгіттей алмайсыз мені!
Əркімнің өзінікі өзіне жөн, сіз өмір көрген адамсыз, менің де көргенім аз
емес.
Ғашықтыққа, журналдарға, тағы өзге толып жатқан мəселеге бұл
екеуінің көзқарасы бір жерден шықпағанымен, тегі, олар бастас еді, тату
еді. Мартин Бриссенденге үйір ғана емес, етене болды. Сондықтан,
Бриссенден жайда бір сағат шыдап отыра алмастай Мартиннің тымырсық
тар бөлмесінде екеуі күнде кездесетін болды.
Бриссенден келген сайын бір бөтелке виски ала келеді, екеуі ресторанға
бара қалса, содалы су мен шотланд шарабын алдырады. Ақшаны
Бриссенден төлейді, соның арқасында Мартин бұрын көрмеген талай тағам
татты, дəмі тіл үйірген, иісі мұрнын қытықтаған шампан шарабы, рейн
шарабы дегендерді қылғымай жұтты.
Сонда да Бриссенден Мартин үшін əлі жұмбақ, сырт қарамаққа дүниені


тəрк еткен адам сияқты көрінгенімен жəне аурулы адам болғанымен ол
өмір рақатын бағалай біледі екен. Иə, рас, ол өлімнен қорықпайды, адам
баласы тіршілігінің қай көрінісін болса да ащы тілімен ажуалайды, мысқыл
етеді, сөйте тұра өмір құбылысының алуан қыры мен сырын, ұсақ-түйегіне
дейін жанындай жақсы көреді. Ол өмірге өте құмар, оның əрбір дірілін
жан-тəнімен сезеді, түшіркенеді, бірде ол Мартинге: «өзім жаралған осы
космос тозаңының ішінде жанды бүршіктей қыбырлағым келеді» деген еді.
Бриссенден адамды еліттіретін наша, апиын сияқты заттарды шегіп те, ішіп
те əсерін байқап көрген, бұрын жаны сезбеген жаңа сезімнің қандай
болатынын білу үшін өзін-өзі əлденеше азапқа да салған. Ол шөл басу
рақатын білемін деп төрт күндей су ұрттамай жүрген. Мартин оның кім
екенін, қайдан келген адам екенін де біле алған жоқ. Ол бір өткені жоқ,
болашағы ертең көр құшып, үзілгелі тұрған, ал бүгін өмір желігі өртеп
жүрген жан еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет