Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет29/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   48
Жиырма тоғызыншы тарау
Биылғы жаз Мартин Иденге ауыр тиді. Редакторлар мен рецензенттер
демалысқа тарап кеткендіктен əдетте екі-үш аптада қайтып оралатын
қолжазбалары енді редакцияларда үш айлап жатады. Бір тəуірі марка
шығыны азайды. Ал қызу жұмыс істеп жатқан қарақшы журналдар ғана.
Мартин «Інжу іздеушілерін», «Теңізші кəсібін», «Тасбақа аулаушыларды»,
«Солтүстік-шығыс 
пассатын» 
осы 
журналдарға 
жіберген. 
Бiрақ
ешқайсысынан қолжазбасына қаламақы түскен жоқ. Алты ай хат жазысып
жүріп «Тасбақа аулаушылары» үшін ұстара алғаны рас, ал «Солтүстік-
шығыс пассаты» мен «Акропольға» олар бес доллар жəне бес жылға
журналға жазуға уəде еткен еді, соның соңғысын ғана орындады.
Стивенсон туралы сонеті үшін Мартин Бостонның бір талғамы нəзік,
қолы қысқа баспашысынан əрең дегенде екі доллар жырған. Жуырда
бітірген екі жүз жолды «Пері жəне меруерт» есімді күлдіргі-сықақ поэмасы
темір жол компаниесінің қаражатына Сан-Францискода шығып тұрған бір
журналдың редакторына өте ұнаған екен. Ол поэманың қаламақысы үшін
темір жолдан тегін билет əперейін депті. Мартин оны бөтен кісіге сатуға
бола ма деп сұраған еді, болмайды екен. Демек, мұнан ақша өнбейтін
болған соң, қолжазбасын қайтаруын өтінді. Көп ұзамай алды да. Редактор
жауап хатында поэманы баса алмағанына өкініш білдіріпті. Мартин оны
тағы да Сан-Францискоға, бұл жолы «Көбелек» журналына жіберді.
Журналды əуел баста ұйымдастырған тамаша журналист кезінде оның
беделін бір көтеріп тастаған екен. Бірақ Мартин тумай тұрған сонау бір
шақта «Көбелектің» күйі кете бастапты. Сол «Көбелектің» редакторы
Мартинге поэмасы үшін он бес доллар төлемек болған. Поэма басылып
шыққаннан кейін, ол да уəдесін ұмытты. Талай жазған хатына еш жауабын
ала алмай, Мартин қаттырақ айтып тағы бір хат жазған. Жуырда келген
бөтен бір редактордан: мен өзімнен бұрын болған біреу үшін жауап бере
алмаймын, ал «Пері жəне меруерт» өзіме ұнаған жоқ деген салқын жауап
келді.
Бəрінен озған Чикагоның «Глобус» журналы. Мартин көп толғанып,
ақыры аштан өлер болғасын, «Теңіз толғауларын» осында бастыруға


ұйғарған. Ондаған журнал қабылдамай жүрген бұл өлеңі «Глобусқа» барып
əрең аялдаған еді. Цикл отыз өлеңнен тұратын. Əрқайсысына Мартин бір
доллардан қаламақы алатын болды. Алғашқы айда-ақ төрт өлеңі басылып,
Мартин іле-шала төрт доллардың шегін алды, бірақ журналдан өлеңін
көргенде жүрегі тас төбесінен шықты. Ең алдымен олар өлеңнің аттарын
өзгертіп жіберіпті: «Finis» дегенді «Финиш» депті, (Finis (лат)— ақыры;
финиш (ағылш.)— спорт бəйгесінің қарақшысы (соңғы пункті)). «Жалғыз
жартас жырын»— «Маржан жартастың жыры» деген. Ал кейбір өлеңнің,
мүлде үйлеспесе де, атын өзгертіп жіберген. «Медуза жарығын» редактор
«Кepi сапар» деп түзетіпті. Өлеңнің өзін де өңдеймін деп əбден бүлдірген.
Мартин тісін қайрады, шашын жұлды. Кейбір сөздері, жолдары, шумағы
түгелімен түсіп қалған, бытысқан, орны ауысқан, кейбірі тіпті түсініп
боларлық емес. Кей жолдары өзгеріп кеткен. Есі дұрыс редактор мұндай
жауыздыққа бара қоймас деп, Мартин осының бəрін баспахананың хат
тасушысынан немесе хат көшірушіден көрді де, енді мұнан əрі жариялауды
тоқтатып, қолжазбаны өзіме қайтарыңыз деп бірнеше хат жазды, өтініш
айтты, талап етті, тіпті, қорқытып та қарады. Бірақ жауап келмеді. Ай
сайын осылай бүлдірген өлеңдері басылып жатты да, ай сайын чек келіп
жатты.
Тұрмысы өте нашарлап, қара костюмін тағы да зақылетке берген шақта
таланына қарай аяқ астынан республикалық партияның округтік комитеті
жарыс жарияламасын ба, тіпті, бір емес, үш бəйге тігіпті. Мартин соның
үшеуінен де жүлде алды. Күн көріс салдарынан осындай күйге жеткеніне
қорланды ол. Бəйгеге арнап жазған поэмасына бірінші сыйлық — он
доллар, үгіт өлеңіне екінші сыйлық — бес доллар, республикалық
партияның міндеті туралы жазған мақаласына тағы да бірінші сыйлық —
небары жиырма бес доллар алатын болды. Ақша беретін күн жеткенше,
қуанышы қойнына сыймай жүрді. Бірақ комитет тегі сəтсіздікке ұшыраған
болу керек — құрамында бір банкир, бір сенатор болуына қарамастан,
олардың ақшалары жоқ болып шықты. Осылай əрі-сəрімен жүргенде,
Мартин демократиялық партияның міндеттерінен де мейлінше хабардар
екенін көрсетіп, бұл партия жариялаған жарыста да мақаласы бірінші бəйге
алды. Тіпті, жиырма бес доллар ақшасын да алып алды. Республикалық
партиядан тиесілі қырық доллары сол бойы кетіп отырды.
Руфьпен көрісу үшін Мартин шамалы қулық жасады. Солтүстік
Оклендтен Морздардың үйіне барып қайту көп уақыт алатын
болғандықтан, Мартин қара костюмін зақылетке қалдырып, велосипедін


алды. Велосипедпен жүрсе, əрі уақыт үнемдейді, əрі дене шынықтырады.
Оның үстіне шолақ кенеп шалбары мен ескі күртесі велосипед костюмі
орнына жарап кетешек. Сонымен, Мартин Руфьпен бірге түскіліктен кейін
серуенге шығатын болды. Руфьтің үйінде тіл қатысу бұл тұста қиынға
айналған, өйткені миссис Морз əлі күнге бірөңкей ығай мен сығайды
жинап алып, үнемі солармен көңіл көтеру жабдығында-ды. Ал Мартин
Морздардың қонақ үйінде кездестіре жүрген, өзі жуырда ғана құрмет
тұтқан қалаулыларды көрсе, енді танабы тарыла бастайтын да. Олар
соншама ардақты адам сияқты көрінбейтін. Ауыр тұрмыс, үнемі
сарылтумен күшіне тиген ауыр жұмыс, талабының сəтсіздікке ұшырай
беруі Мартинді күйгелек, ашуланшақ адам етіп жіберген еді де, сол
ардақтылардың сөзін естісе де зығыры қайнап кететұғын. Жоқ, бұл
менменсу емес. Біреу туралы белгілі пікір қорыту үшін ең алдымен оны өзі
кітабын оқыған ұлы ойшылдармен салыстырады. Əлі күнге Руфьтің үйінен
ол профессор Колдуэллден өзге бірде бір ақылды кісі кездестіре алған жоқ.
Ал профессордың өзі соңғы күндері бұл үйге келмейтін болыпты.
Қалғандарының бəрі есек миын жеген өңшең бишаралар. Олардың
надандығына Мартин таң қалады. Япыр-ау, бұлардың бəрі бірдей неге
білімсіз? Алған білімі қайда кеткен? Өзі оқыған кітапты бұлар да оқыды
ғой. Соншама кітаптап ешбір тағылым-тəрбие алмағандары ма деп қайран
болады.
Мартин ақыл иесі, терең ойлы нағыз ұлы адамдар дүниеде бар екенін
біледі. Олардың барлығына дəлел Морздардың ортасынан өзін бір биікке
көтерген кітаптар. Қатте «қауым» деп аталмыш халықтың арасында да
Морздардың қонағынан анағұрлым ақылды да қызық адамдар кездесе
береді. Мартин ағылшын романдарын оқыған. Сондағы кейіпкер
бекзадалар бас қосып отырғанда саяси-философия тақырыбын тамаша сөз
етеді. Англияның ғана емес, тіпті, Американың үлкен қалаларында өнер
мен ғылым өкілдері осындай мəжіліс құратын салондар болады екен.
Бұрын ол жұмысшы қатарына қосылмайтын, бірақ əдемі киінген адамның
бəрі зиялы, сезімді деп қателесіп жүріпті. Ол қатырғы ақ жаға
мəдениеттіліктің белгісі деп түсінген, университет дипломы мен білімді
болу дегендердің парқы бір емес екенін білмеген.
Жарайды, мейлі! Енді ол өрге өзі жол салады. Руфьті соңына ертеді.
Мартиннің ол шын ғашығы, қайда салса да жанып түседі. Өзі шыққан
ортасы бір кезде өсуіне қаншама бөгет жасаса, Руфьтің де бүгінгі ортасы
аяғына оралғы екенін енді түсініп жүр. Бұған шекте қыздың зейіні артуына


шын жағдай болмаған. Əкесінің кабинетіндегі кітаптар, қабырғадағы
суреттер, рояльда жататын ноталар көз алдау үшін əншейін көруге қойған
зат қана. Нағыз əдебиетке, нағыз суретке, нағыз музыкаға келгенде
Морздардың да, олардың барша таныстарының да көзі соқыр, құлағы
керең. Ал өмірден олар мүлде хабарсыз. Өздерін сондай-ақ білімпаз тұтып,
еркін ойлай алатын, ой азаттығына қолымыз жеткен адамдармыз дей тұра,
позитивті ғылымнан олар екі ғасыр кенже қалған, ақыл-ойы орта ғасыр
шеңберінен əлі озбаған, əлем қалай құрылған, дүниеге тіршілік қалай
тараған — бұл жайлы олардың көзқарасы адам баласы үңгір мекендеген
сонау көне замандағы, тіпті, онан да арғы тағы замандағы нағыз
метафизикалық көзқарас дəрежесінде. Ойында түк жоқ, қаннен-қаперсіз
жүрген маймыл ұсқынды алғашқы анайы адамды əлдене деп зəресін алып,
үріккен ешкідей үрейлендірген, тұңғыш жүһіттерге Хауана Адаматаның
қабырғасынан жаралыпты-мыс дегізген, Декартты күллі əлем «менің»
сəулем дейтін идеалистік пікірге келтірген, ал ағылшынның атышулы бір
сопысына эволюцияны мазақ еткізіп, масайратып, ақыры есімін тарих
бетіне қара əріппен былшитып жазғызып кеткен де осы метафизика
болатын.
Əрі ойлап, бері ойлап Мартин мына бір пікірге бекінгендей болды: бір
жағынан, адвокат, офицер, іскер, банкир дегендер мен, екінші жағынан,
жұмысшы адамдардың арасындағы айырмашылық ішіп-жемінде, киімінде
ғана. Бұлардың екі жағына да жетіспей жүрген негізгі бір нəрсе бар, ол
қасиет кітаптан ғана табылашақ жəне соның өз көкірегінде барын Мартин
жақсы сезеді. Морздар ығайы мен сығайын үйіне шақырып көрсетті ғой,
солардың ешқайсысы таң қалдыра алған жоқ. Өсімқор жалмауыздардың
қайыр тілеген құлы болып жүрсе де, Морздардың қонақ үйінде ұшырасқан
кісілерден өзі анағұрлым жоғары тəрізді. Ал зақылетке берген жалғыз
костюмін аз күнге кері алып, сол қауымда отырған шақта ол өзін малшы-
малайлар арасында отырған ханзададай көріп, тіпті, намыстанады да.
— Социалистерді сіз жек көресіз, қорқасыз,— деді ол бір күні түскі ас
үстінде мистер Морзға.— Неге олай? Олардың не өзін, не пікірін білмейсіз
ғой.
Социализм туралы сөз бастауына себеп болған миссис Морз еді. Ол кісі
мистер Хэпгудті жер-көкке сыйғызбай біраз мақтаған. Мартин көкірегіне
нан піскен осы бір пасық немені жақтырмаушы еді де, біреу есімін атаса,
тыжырынып қалушы еді.


— Иə,— деді Мартин,— Чарли Хэпгуд болашағы зор азамат, жұрттың
бəрі солай дейді. һəм бұл рас та болар. Менің ойымша, өлерінен көп бұрын
ол губернатордың креслосына сөзсіз отырашақ немесе көрерсіз, Құрама
Штаттардың сенаторы болып алады.
— Неге олай жорыдыңыз?—деді миссис Морз.
— Сайлау алды науқанда сөйлеген сөзін тыңдаған едім. Онысы қадірі
кеткен кəдімгі, ақылды-ақылсыз сөз болып шықты, тегі, көсемдері мистер
Хэпгудті мейлінше сенімді, залалсыз адам деп санайтын болу керек. Ал
оның сөздеріне келсек, ол қатардағы пасық сайлаушының пиғылына қайшы
емес. Өзінің ойындағысын біреу мінбеден əдемілеп, мəнерлеп айтып берсе,
əркім-ақ əлдеқандай болмай ма?
— Меніңше, сіз мистер Хэпгудті көре алмайсыз,— деді Руфь.
— Құдай сақтасын!
Мартиннің соншалық шошып кетуінен миссис Морз тіксініп қалды.
— Əлде мистер Хэпгудті ақымақ адам дегіңіз келе ме? — деді ол
ызғарлы үнмен.
— Қатардағы республикашылдан немесе қатардағы демократтан
ақылсыз емес,— деді Мартин.— Олардың бəрі не қу, не ақымақ келеді,
бірақ қулары азшылық. Ал республикашылдардың ішіндегі ең ақылдысы
миллионерлер мен солардың сапалы жандайшап қызметшілері. Олар өз
есебін жақсы біледі.
— Мен, міне, республикашылмын,— деді жымиып мистер Морз,— мен
туралы пікіріңіз қалай, мені қайсыларының қатарына қосасыз?
— Сіз санасыз қызметші боларсыз?
— Қызметші дейсіз бе?
— Иə, əлбетте. Сіз корпорацияға жұмыс жасайсыз. Жұмысшылар
арасында клиентіңіз жоқ, қылмысты іс болса да қарамайсыз. Əйелін
сабайтын сабаздардан немесе қалтаға түсетін ұрылардан табыс кірмейді
сізге. Сіз шонжарларға қол артып, күн көріп отырған адамсыз; əркім-ақ кім


асыраса — соның құлы, соған қызмет етеді. Əрине, сіз де сондай
қызметшісіз. Өзіңіз қызмет етіп жүрген капиталистік ұйымдардың ғана
мүддесін қорғайсыз, солай емес пе?
Мистер Морз сəл қызарайын деді.
— Апырай, сэр,— деді ол,— сіз барып тұрған социалисше сөйлеп
кеттіңіз ғой.
Міне, осы сөзден кейін барып Мартин социализм туралы пікірін айтқан.
— Социалистерді сіз жек көресіз, қорқасыз. Неге олай? Олардың не
өзін, не пікірін білмейсіз ғой,— деген.
— Əйтеуір, сіздің пікіріңіз солардың пікіріне ұсайды,— деді мистер
Морз.
Руфь жалтақтап, сасып қалды, миссис Морз болса Мартин үй иесінің
шамына тиді деп қуанды.
— Егер мен республикашылдар ақылсыз десем, бостандық, теңдік,
туысқандық деген ұрандар бос сөз десем,— мені социалист деуге
болмайды,— деді Мартин күліп.— Егер мен Джефферсонның көзқарасын
қолдамасам жəне оған ықпал жасаған, бірақ ғылымнан түйірі жоқ əлгі бір
француздың, пікіріне қосылмасам — бұл үшін де маған социалиссің деп
айдар тағуға болмайды. Мистер Морз, нансаңыз социализмге қайта менен
гөрі сіз бір табан жақынсыз; ал мен оның қас жауымын.
— Мұныңыз, əлбетте, əзіл ғой?—деді мистер Морз салқын кескінмен.
— Жоқ. Шыным осы. Сіз теңдік орнайды дегенге сенесіз екен, сөйте
тұра теңдіктің көрін қазып жүрген капиталистік корпорацияларға қызмет
етесіз. Ал теңдікті мансұқ етіп, өзіңіз күллі іс-əрекетіңізбен растап келген
принципті қолдағаным үшін мені социалиссіз дейсіз. Біле білсеңіз, теңдік
деген сөзді аузынан тастамайтын республикашылдар іс жүзінде оның ең
қас дұшпаны. Теңдіктің есімімен теңдіктің өзін жойып жүрген солар.
Республикашылдарды ақымақ дейтін себебім де сонан. Мен дарашыл
индивидуалиспін. Жарыста жүйpiк озады, күресте күшті жығады — мен
соны жақсы білемін. Бұл шындықты биологиядан таптым. Тағы айтайын,
мен дарашылмын, дарашылдар социалистердің ата жауы.


— Алайда, социалистердің митингісіне барғыштап жүретін боларсыз,—
деді кейісті кескінмен мистер Морз.
— Əрине, жау ішіне жансыз адам баратыны сияқты мен де барып
жүрем. Өйтпесе, жаудың сырын білуге бола ма? Оның үстіне митингілер
өте көңілді өтеді. Социалистер аз болсын, көп болсын, оқыған адамдар ғой,
сөз таластыруға шетінен шебер, даукес. Олардың қай-қайсысы болса да
социологияны, тіпті, «логия» атаулының бəрін қатардағы капиталистерден
артық біледі. Иə, социалистердің митингісінде он шақты рет болғаным рас,
бірақ Чарли Хэпгудтің сөзіне еріп, республикашыл болып кетпегенім
сияқты мен социалистерге де ермедім.
— Қайдан білейін, қайдан білейін,— деді күмілжіп мистер Mopз. –
Маған əйтеуір социалистер жағында сияқты көрінесіз де тұрасыз.
«Қара бассын,— деді ішінен Мартин,— түк түсінбепті! Меңіреумен
тілдескен адамдай болдым-ау! Білімі қайда кеткен мұның?»
Сонымен Мартин өзінің өмір сапарында экономикаға негізделген
моральмен — тап моралімен осылай бетпе-бет ұшырасқан. Көп ұзамай бұл
мораль, мұндай пиғыл оған, тіпті, əзірейілдей болып алған. Ақыл-ойға
сүйенген оның өз пиғылына айналасындағы адамдардың мораді үйлеспеуі
сонша — ол аттаған сайын ашуына тие беретін болды; олардың моралі
экономиканың, 
метафизиканың, 
сезімталдық 
пен 
еліктеушіліктің
таңғажайып қосындысы, қойыртпағы болып шықты.
Мұның мысалын ол ойламаған жерден өз туғандарынан байқады.
Мэриен еңбек десе ерінбейтін бір механик жас неміспен танысады.
Кəсібіне мұқият машықтанып алған бұл жігіт өз алдына велосипед
шеберханасын ашыпты. Əрі арзан велосипед сатуға өкілдік алады да, үй
тұрмысын əбден түзейді. Мэриен Мартинге бір келгенде сол жігітпен
өмірлік жолдас болуға сөз байласқанын айтты, сонан кейін еркелеп
отырып, Мартиннің алақанына қарап бал ашқан болды.
Келесі бір қатынағанында ол Герман Шмидті де ерте келіпті. Мартин
екеуіне сыпайы, əдемі сөздермен құтты болсын айтқан, бірақ топастау
күйеуге оның шешенсуі ұнамай қалса керек. Мұнан кейін Мартин тек
отырмай анада Мэриен келіп кеткеннен кейін жазған бір өлеңін оқыды.
Күйеу жігіт онан сайын безіресін... «Бал ашар» деген бұл өлеңі Мэриенге


арнап шығарған тым тəуір дүние еді де, Мартин дауыстап, нəшіне келтіріп
өзі оқып берген еді. Бірақ қонағының ешқайсысы елең қылмағанын байқап,
таң қалды. Ол ол ма, Мэриен қымсынып күйеуіне қарай берді, ал жігіттің
дөрекі кескінінде өкініш мен реніштен өзге ештеме байқалмады. Көп
ұзамай екеуі кетіп қалды. Оқиға енді осымен тынғандай болған еді. Бірақ
Мартин, тегі, жұмысшы болғанымен заты əйел Мэриеннің өзіне арнап
шығарған өлеңге масаттанбағанын түсіне алмады.
Бірнеше күн өткесін Мэриен тағы келді. Бұл жолы жалғыз екен. Анада
ерсі қылық көрсеттің деп Мартинге келе килікті.
— Немене, не боп қалды, Мэриен,— деді таң қалған Мартин.— Сен
туған-туысқаныңа, ең кемі маған намыстанып келгеннен саумысың?
— Əрине, намыстанып келіп отырмын,— деді қыз.
Көзінен жас шыққанын көріп, Мартин онан сайын састы. Əйтеуір,
өкпелеуі рас сияқты.
— Бауыры туғанына бір ауыз өлең шығарған екен деп Германың
шынымен-ақ қызғанып қалған жоқ па?
— Қызғанғаны несі, тəйірі,— деді қыз өкси жылап,— ол əдепсіздік қой
бұл, көр... көргенсіздік дейді.
Мартин «солай сөйле» дегендей бір ысқырды да, жəшіктен
«Балашарын» алды.
— Түк түсінбеймін,— деді ол өлеңді Мэриенге беріп жатып,— өзің-ақ
оқып қарашы, көргенсіз дерлік не бар ішінде? Сен солай дедің ғой?
— Герман айтқан екен, солай болуға тиіс,— деді Мəриен жиіркенген
адамша қағазды кері итеріп,— Дереу жыртып тастасын деп жатыр.
қалыңдығым туралы мұнан былай жұрттың бəрі оқитын өлең жазушы
болмасын, масқара... төзе алмаймын бұған,— дейді.
— Тыңда, Мэриен, ақымақтық қой бұларың,— дей түсті де сөзін
бітірмей тоқтап қалды Мартин.
Қатты ренжіп, пұшайман болып отырған Мэриенді аяды, қызға да,


күйеуіне де ешқандай сөз ем болмасын түсінді, қылықтарының ерсі екенін
біле тұра екеуіне де қарсы болмай-ақ қояйын деп ойлады.
— Жарайды,— деді де қағазды жыртып-жыртып, корзинкаға тастады.
«Балашардың» түп нұсқасы бір Нью-Йорк журналының редакциясында
жатқан, соны көңіліне демеу тұтты. Мэриен де, күйеуі де оны ешуақытта
көрмейтіні сөзсіз, басылған күнде де кішкентай күнəсыз өлеңнен ешкімге
келер бəле жоқ.
Бірақ Мэриен қипақтап, корзинкаға қарай береді.
— Ұрықсат па?—деді ол бір кезде.
Мартин 
басын 
изеді. 
Мэриен 
күйеу 
жігітінің 
тапсырмасын
орындағанына дəлел болсын дегендей қағаз қиындыларын теріп, бəрін
қалтасына салып алды. Бұл кезде Мартин ішінен Мэриенді Лиззи
Коноллиге ұсатып тұр еді. Бауыры театрда кездестірген сонау жас
жұмысшы қыздай өткір де албырт болғанымен, екеуінің киімінде, мінез-
құлқында, қалпында бір ұқсастық бар екен. Мартин қиялында бұл екеуін
Морздардың қонақ үйінде көріп, күлді. Күлдіргі сурет көмескіленіп, жоқ
боп кетті де, Мартинді іле-шала əлдеқандай шексіз жалғыздық сезімі жеңді.
Мэриен де, Морздардың қонақ үйі де өмір сапарының өткінші кезеңдері
ғана ғой. Ол, міне, өтіп те кетті. Енді Мартиннің аңсары кітаптарына ауды.
Сенімді сырласы, айнымас адал жолдасы осылар ғана.
— Немене, маған бірдеме дедің бе?—деді ол кенет таңырқап.
Мэриен сұрағын тағы қайталады.
— Неге жұмыс істемей жүрсің дейсің бе?—деп Мартин күлді, бірақ
онысы шын күлкіге ұқсаған жоқ.— Дəу де болса осыны сұратып отырған
сенің Германың ғой.
Мэриен басын шайқады.
— Өтірік айтушы болма,— деді ол қатуланып, қыз төмен қарады.—
Германыңа айта бар: өзгенің шаруасында ісі болмасын. Қалыңдығына
арнап өлең жазсам, бəлкім, оған да тиетін шығар, бірақ онан өзгеге
араласуының реті жоқ. Білдің бе? Демек, сен де менен жазушы шықпайды


деп, мені адасып жүрген адам деп ойлайды екенсің ғой. Семьясын дүйім
жұртқа масқара қылып жүрген біреу деп бағалайды екенсің ғой? Солай ма?
— Меніңше өзіңе лайықты қызмет тапқаның жөн,— деді зілмен
Мэриен, Мартин оның шынын айтып тұрғанын сезді.— Герман былай
дейді...
— Менен аулақ жүрсін Германың!—деді Мартин əзілдеп. — Онан да
тойларың қашан болады — соны айтшы. Жəне Германыңнан сұрап біл —
тойыңда менен сыйлық алуға рұқсат ете ме екен?
Мэриен кеткеннен кейін осы оқиға туралы Мартин ұзақ ойланды,
күйінді, іштей күлді. Иə, бұлардың бəрі: Мэриен, оның күйеуі, өзі теңдес
жолдастары, Руфьтің төңірегіндегілер — бəрі де жалпы бір өлшемге, бір
пішімге бейімделеді, бəрі бірдей тұрмыста бұрыннан келе жатқан дайын
үлгі бойынша тұрмақ болады. Үнемі бірін-бірі көре жүре, бірі-біріне
еліктей жүре, бұл сорлылардың əрқайсысы өзінің жақсы болсын, жаман
болсын, өзгеше дара қасиетін жоям деп əбігер. Жөргегінен құлы болып
кеткен жосықсыз жол-жораны бұзбау үшін бұлар өмірден ат-тонын ала
қашады. Мартиннің көз алдынан тізбектеліп күллі таныстары — мистер
Бэтлермен 
қолтықтасып 
Бернард 
Хиггинботам, 
Чарли 
Хэпгудпен
құшақтасып Герман Шмидт өтті. Солардың бəріне пар-парымен, жеке-жеке
Мартин зейін қойып қарап өтті. Кітаптан көрген биік парасат, ізгі мораль
тұрғысынан əрқайсысына баға берді, бірақ ешкімге тақымы толған жоқ.
Бұл ұлы жүрек, данышпан ақыл иесі адамдар қайда кеткен? Жауап
таппады. Тар бөлмесіне сыймай қаптап кеткен пасық, топас, тұрпайы
елестің арасынан ондайларды көре алмады. Бұл тобырды ол ит етінен жек
көреді, мүмкін Цирцея да өзінің доңыздарынан осылай жиіркенген болар.
Елестің ең соңғысы көз алдынан ғайып болған шақта, күтпеген,
тілемеген тағы бір елес пайда болды, ол — қалпағының жиегі делдиген,
үстіне қаусырма куртка киген, аяғын ырғаң-ырғаң басқан, ойын-жиын десе
қалмайтын есалаң-желөкпе — сонау алыстап кеткен өміріндегі Мартин
Иден еді.
— Сенің де жетісіп тұрған жерің шамалы-ды, достым,— деді оған
Мартин.— Сенің де ой-пиғылың, білімің осылардан озған жоқ-ты. Сен де
ақыл тоқтатып, қайғы-қам ойлаған емессің. Пікір дегенді дайын тұрған
тігулі заттай киіп жүре беретінсің. Сен де жұрт не айтса, соны істедің.


Шайканың жын қаққан көсемсымағы болдың. Себебі, олар осыған
лайықсың деді,— сен көндің. Шайкамен қырық пышақ болып,
қырқысқанда, осыны ұнатқандықтан емес, жоқ, шынында, сенің онан
жаның түршігетін, тек жұрт қолпаштап қоймағасын, иығыңнан қаққасын,
мақтағанды көтере алмай өкіректеп кететінсің. Сенің Май Сүдінмен ұрысу
себебің шегінгің келмеді, шегінбеген себебің көкірегіңде көзі тасырайған
қара жүрек айуан тұрды. Оның үстіне жұрт бұрын еркек адам қатты,
қаһарлы, қанқұмар, рахымсыз болуы тиіс, біреуді өлтіре соғу, зақымдау
еркекке лайық іс деп құлағың етін жеген. Ал сен күшік бірге жүрген
жолдастарыңның қызын неге аздырдың? Білесің бе? Ұнатқандықтан емес
еді ғой, жоқ, олай еткен себебің: өзіңмен бірге ұрғашының соңынан
шұбырған өңшең төбет сені əдейі қайрап, айдап салатын. Сен солардың
қолшоқпары болдың. Сонан бері талай уақыт өткен екен. Айтшы қане,
қазіргі пікірің қалай?
Осыған жауап қайтарғысы келгендей елес қыбыр етіп, өзгерді. Дөрекі
куртка мең жиегі далиған қалпақ ғайып болып, оның орнына жұпыны
костюм пайда болды; жігіттің суық түсі жылынып, ақиқат пен сұлулықтың
іштен түскен сəулесінен қияпаты нұрланды. Бұл көрініс қазіргі Мартинге
ұқсас еді. Ол шам жарығы түскен стол үстіндегі ашулы тұрған кітапқа
еңкейіп қарап тұр. Кітаптың атына көз салды. «Эстетика негіздері».
Мартин лезде елеске еніп, тұлғаласып тұтасып кетті де, столға отырып,
үңіле қарап, кітабын оқи бастады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет