Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет45/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   48
Байланысты:
pdf Martin Iden Dzhek London

Қырық төртінші тарау
Мистер 
Морз 
Мартинмен 
«Метрополь» 
мейманханасының
вестибюлінде ұшырасып қалды. Мұнда ол жай келіп жүр ме, əлде Мартин
Иденмен жолыққысы келді ме — осы арасы күдікті, бірақ Мартин ішінен
əдейі келді-ау деп ойлады. Қысқасы, мистер Морз, Руфьтің əкесі, Мартинді
үйіне маңайлатпай, қызымен байласқан уағдалы сөзін бұзатын Морз
Мартинді үйіне қонаққа шақырды!
Мартин кейіген жоқ. Намысы да келген жоқ. Қайта сөзін төзіммен
тыңдады, үлкен басын кішірейту өзіне де оңай соқпаған шығар деп ойлады.
Бармаймын деген жоқ, тек рахмет дей салды да, үй-семьясының
амандығын, ең алдымен миссис Морз бен Руфьтің саулығын сұрады.
Руфьтің есімін атағанда мүдірген жоқ. Сабыр сақтады. Басына қан теуіп,
жүрегі тайдай туламағанға іштей таңырқады.
Соңғы кезде Мартинді қонаққа шақырушы көбейді. Үйінен дəм татқызу
үшін жақындасуға əркім-ақ сылтау іздейтін тəрізді. Осы болмашы нəрсеге
Мартин аң-таң. Тіпті, барабара бұл маңызы зор мəселеге айналып кетті. Бір
күні ойда жоқта Бернард Хиггинботам да үйіне шақырған. Мартин онан
сайын абдырады. Япырай, аштықтан іші бұралып, көзі қарайып жүргенде
қонаққа ешкім шақырмаушы еді. Бір шақырса, шақыратын кезі сол еді ғой,
күн санап жүдеп, қан-сөлі қашып, əлі бітіп, əрең жүретұғын. Бұл бір
болмаған парадокс. Апта бойы асқа жарымай отырғанда тірі жан шақырып
көрген емес. Енді бүгін жүз мың түрлі тағам алдырамын десе де мол
жететін қаражаты бар тұрғанда, асқа тəбеті тартпай, шепік болған шағында,
оңды-солды шақыруды көбейтіп, мына жұрттың істеп жүргенін-ай! Мұнда
əділдік те, құрмет те шамалы. Өзі өзгерген жоқ — баяғы Мартин Иден.
Шығармасының бəрін аш жүрген күнінде, мистер һəм миссис Морз
қаңғыбас, жалқау неме деп айдар тағып, араға Руфьті салып, конторға
клерк етіп алмақ болатын уақытта, əлдеқашан жазған. Жазғандары оларға
сол тұста-ақ мəлім-ді. Мартиннің Руфьке оқуға берген қолжазбасының
бəрін олар да көрген. Енді сол шығармалары мен есімі газетке шығуына
байланысты, тек қана есімі газетке басылуына байланысты құрметті қонақ
бола қалыпты.


Бір жағдай анық — Морздардың Мартин Иденде де, оның
жазушылығында да һеш шаруасы жоқ. Қонаққа шақырса өз басын,
шығармаларын құрмет етуінен емес, атағы үшін шақырып отыр, мүмкін,
бұған банкіде жатқан жүз мың долларының де себеп болуы. Буржуазия
қоғамының бұл дағдылы əдеті, əлбетте, онан өзге қылық күтуге де
болмайды. Бірақ Мартин намыскер, тəкаббар адам. Енді өзін бұлай
бағалағанын намыс көреді, өз басын немесе жазушылығын сыйласа екен
дейді. Сайып келгенде, бұл екеуінің сабағы біреу. Лиззи оның осы қасиетін
бағалайды. Айта берсе, шығармасына да айрықша мəн бермейді; бір ғана өз
басын қадір тұтады. Джимми де, оның серіктері де солай. Олар риясыз,
адал көңілін бұрын талай көрсете білген, оны жексенбі күні Шелл-
Моундпаркте тағы бір дəлелдеді. Мартиннің жазғандарын олар түкке
санамайды. Бірақ өзін, Мартин Иденді тамаша жігіт, өз адамымыз деп
жанындай жақсы көреді, ол үшін отқа да, суға да түсуге əзір.
Руфь олардай емес. Руфьтің де Мартиннің өз басын ұнататыны рас.
Бірақ оның буржуазиялық соқыр сенімі басым болып шықты. Мартиннің
кəсібін ол олжа келтірмейтін бос ермек деп, мақұл көрмейді.
«Сүйіспеншілік туралы сонеттерді» де осы тұрғыдан бағалаған. Руфьтің өзі
де қызметке орналас деп талай дігірлеген. Рас мұны ол «ел қатарына
қосылу» деп атайды. Бірақ не дегенмен де сөз мəнісі өзгермейді, тек
«қызмет» дегенге Мартиннің құлағы үйреніп кеткен. Мартин Руфьке
шығармасының бəрін оқыды: поэмаларын, əңгімелерін, мақалаларын,
«Вики-Викиді», «Күн масқара болдыны»— бəрін оқып берген. Сонда да
қыз қызметке кір, жұмысқа орналас деуден жазған емес. О, раббым! Мен
Руфьке лайықты серік боламын деп, жарғақ құлағым -жастыққа тимей,
бойымдағы бүкіл күш-қуатымды аямай, өгізше жұмыс істеген жоқ па едім!
Болмашы нəрсе осылай үлкен, мағыналы іске айналды. Мартин дені
таза, бойында қуаты бар екенін сезеді. Тамағы тоқ, ұйқысы қанық. Сонда да
болмашы бір нəрсе маза бермейді. Əлдеқашан жазған едім ғой!—деген ой
миын бұрандалайды. Оның жексенбі күні, түскі ас үстінде Бернард
Хиггинботамның қарсы алдында отырғанда былай деп айғай салғысы
келді:
«Осының бəрін əлдеқашан жазып едім ғой! Сен мені бүгін қонақ етіп
отырсың. Бір кезде аштан өлейін деп жүргенде де қараспап едің, үйіңнен
қуып шығып, қызметке кірмесең қарамды көрме деп едің. Мен
шығармаларымның бəрін сол кезде жазып бітіргенмін. Енді бүгін мен


сөйлесем алақтап аузыма қарайсың, қошемет етесің, күлтектейсің, алдымда
аузыңды аша алмайсың, əр сөзімді құлағыңа құясың. Мен саған сыр
түйіскен серігіңнің бəрі сұрқия, парақор, сұм десем, сен намыс көру
орнына сөмпиіп, сөзімді қостап, бас изеуге бейілсің. Неге олай? Олай
болатын себебі, мен қазір атағым шыққан адаммын! Ақшам көп! Сендер
мына мені, Мартин Иденді, жақсы жігіт екен, ақылсыз адам емес екен деп
отырған жоқсыңдар! Егер мен аспандағы айды көгеріп кеткен сүзбеден
жасаған екен десем де нана бересіңдер, қарсы келер біреуің жоқ. Өйткені,
менің алтыным көп. Сол алтынға айырбастаған еңбегімді əлдеқашан
жазғанмын, сендер мені адам санатына қоспай, бетіме түкіріп жүрген
шақта жазғанмын».
Мартин іштегі айқайын сыртына шығармады. Сызданып, сонда да түсін
бермей, сыпайы күлген болып, отыра берді. Ол үндемей отырғасын
Хиггинботам сөз бастады. Бернард Хиггинботам осы дəрежеге өз еңбегімен
жеткен. Оған мақтанатын көрінеді. Маған ешкім қол үшін берген жоқ,
шүкір, азын-аулақ өзім құраған дəулетім үшін ешкімге де міндетті емеспін
деп қойды ол. Қазір ол көп семья бағып отырған пəтуалы азамат. Ал мынау
«Хиггинботамның бөлшек саудасы» деп аталатын дүкен — еңбегі мен
кісілігінің кепілі, қолы жеткен биігі, кəсібі емес, ғашығы. Ол Мартинге бар
сырын төкті, осы дүкенді қалай салдырып, кəсіп ұйымдастыруға қанша
ақша жұмсағанына дейін айтты. Ал енді болашақтан, шүкір, үмітім мол,
үмітім мол деді ол. Кварталда халық саны көбейіп келеді. Дүкеннің көп
ұзамай олқы соғатын түрі бар. Кеңірек үйім болса, кейбір жаңалық енгізіп,
табысымды көбейтер едім деп салды. Осы ниетін ол көп ұзамай
орындамақ, іргелес жер учаскесін сатып алып, сол араға екі қабат тағы бір
үй тұрғызбақ. Үстіңгі қабатын жалға беріп, астын дүкен етпек. Астылы-
үстілі осы үйді белдеулейтін жаңа маңдайшаның əшекейлі жазуын айтқан
кезде екі көзі ежірейіп кетті.
Мартин оның сөзіне құлақ асқан жоқ. «Əлдеқашан» деген екі ауыз сөз
құлағында күңгірледі де тұрды. Осы бір сарынның қайырмасы жанын
жегідей жеп, жындандырар болды, қалай да бұл бəледен құтылуы керек.
— Қанша тұрады дедің?— деді ол кенет.
Жездесі квартал бойындағы сауда-саттықтың болашағы туралы айтып
отырған əңгімесін кілт үзіп, Мартинге бажырая қарады. Дүкенінің қаншаға
түсетіні жайлы əлі айтқан жоқ еді ғой, бұ қалай, бірақ Мартиннің білгісі


келсе айтуға əзір. Есебі дайын.
— Қазіргі нарық бойынша, төрт мыңға түседі.
— Маңдайшасын қоса есептедің бе?
— Жоқ. Маңдайшасын есепке кіргізгенім жоқ. Əуелі үй болсын, үйі
болса маңдайшасы ешқайда қашпайды ғой!
— Жер ше?
— Үш мыңдай болады.
Мартин чек жаза бастағанда, Бернард Хиггинботам тобарсыған ерінін
жалап, қолдары қалтырап, кірпік қақпай қарап отырды. Мартин оны
Хиггинботамға ұсынды. Жеті мың доллардың чегі екен.
— Мен... мен саған алты проценттен артық өсім төлей алмаймын,
жарқыным,— деді сасқаннан дауысы қырылдап қалған Хиггинботам.
Мартиннің күлкісі келіп еді, сыр берген жоқ.
— Ал өсімі қанша болады?—деді.
— Есептейік. Алты процент... Алты жердегі жетің — төрт жүз жиырма.
— Олай болса айына отыз бес доллардан келеді екен ғой?
Хиггинботам басын изеді.
— Жарайды, егер қарсы болмасаң былай етелік.— Mapтин осы сөзді
айтты да, Гертрудаға қарады.— Негізгі сома басыбайлы өзіңде қалсын. Ал
сен үйде ас пісіретін, кір жуатын екі əйел жалдауға айына отыз бес доллар
жұмсап тұрамын деп уəдеңді бер. Қысқасы, мұнан былай Гертруда үйдегі
ауыр жұмысты істемейтін болса, жеті мың доллар сенікі. Көнесің бе
осыған?
Мистер Хиггинботам мұрнын шуылдатып ауыр күрсінді. Əйеліне қара
жұмыс істетпе деуі намысына тигендей. Мол сыйының қайыруы да
шымбайына бататын түрі бар, қатты бататын түрі бар. Қатын қара жұмыс


істемесін деген не сұмдық! Бернардтың ашу қысып, түгі сыртына шығып
кетті.
— Жə, мейлің,— деді Мартин.— Сен көнбесең айына отыз бес
долларды өзім-ақ төлеп тұрайын, бірақ...
Мартин чекке қолын тағы соза берген еді, Бернард Хиггинботам
алақанымен үстінен баса қойды.
— Жарайды, көндім! Көндім!
Трамвайға отырғанда Мартин шаршағанын сезді, жиіркеніш сезім пайда
болды. Маңдайшадағы мақтаныш жазуға көзі түскенде: «Доңыз, не қылған
доңыз!» деп ойлады.
«Макинтош журналы» «Балашарды» жақсы суреттермен безеп, басып
шығарғанда Герман Шмидт ол өлеңді бір кезде əдепсіз деп тілдегенін
ұмытты. Бұл өлең менің əйелімнің құрметіне жазылған деп кім көрінгенге
айтумен болды, газет хабаршысының құлағына да салды. Хабаршылар
қарап жатсын ба, фотограф, суретшілерін ертіп келіп жетті. Жексенбі күнгі
қосымшаның бір бетінде Мартиннің тым ажарлап жіберген портреті,
Мартин Иден мен оның семьясының хикаясы басылып шықты, журналдан
арнайы рұқсат алып, «Балашардың» текстін де түгел беріпті. Бұл хабар ел
құлағына ілініп, жақын маңайдағы көрші-қолаңның əйелдері ұлы
жазушының бауырымен таныспыз деп мақтанатын болды. Əлі танысып
үлгірмегендері танысуға асықты. Герман Шмидт қуанғаннан алақанын
үйкеледі, тіпті, шеберханасына тағы бір жаңа станок қондырды.
— Рекламаның көкесі осы,— деді ол,— əрі ақшам шығып жатқан жоқ.
— Қонаққа шақырсақ қайтеді?— деді Мэриен.
Мартин қонаққа келгенде ет сатып, ірі сауда жүргізіп тұрған бір жуан
қасапшы мен оның өзінен де жуан зайыбымен сыпайы сөйлесті. Өйткені,
бұлар Герман Шмидт сықылды еті тірі талапкер жас жігітке пайдасы тиетін
беделді кісілер тəрізді көрінді. Үй иесі қонаққа атақты жазушы келеді деп
ескертпегенде олардың келуі де неғайбыл-ды. Тынық мұхит велосипед
компаниесі агенттігінің аға басқарушысы да осы жемге түскен болу керек.
Герман Шмидт агенттіктің Оклендтегі өкілдіктен дəмесі бар, аға
басқарушының алдында құрдай жорғалайды. Бір сөзбен айтқанда, Герман


Мартин Иденмен туыстығын тіршілік мүддесіне пайдаланып қалмақ. Бірақ
бұрын жағдай осылай болып қалар деп ойлаған емес. Мартиннің қалайша
атаққа ие болғанын түсінбейді. Ол түн ортасында, əйелі оянып кетпесін деп
жасырынып, Мартиннің шығармаларын талай оқып көрді. Оқыған сайын
осыны ақша төлеп алып жүрген кісіде мұқым ес жоқ деп ойлайтын.
Мартин күйеу жігіттің өзі туралы не ойлап жүргенін жақсы біледі:
орындықтың арқалығына сүйеніп, шалқайып отырып, ол Герман Шмидтке
сынай қарады, іштей кіжінді — менменсіген пасық неміс!—деп ойлады.
Алайда бір мінезін ұнатады. Қанша кедей болғанымен, қаншама байығысы
келіп жанталасқанымен Мэриенге үй жұмысына қолғабыс ететін қызметші
əйел жалдапты. Түскі астан кейін Мартин велосипед компаниесінің
басқарушысымен сөйлесті де, Германды оңаша шығарып алып, Оклендте
велосипед жəне велосипед жабдығын сататын ең жақсы магазин салдыруға
қаражат бергісі келетінін айтты. Тіпті, мырзалығы ұстап, тағы бір
автомобиль шеберханасы мен гараж қарастыр, сенің екі бірдей кəсіп
басқару қолыңнан келеді деп қойды.
Қоштасарда Мэриен Мартинді құшақтап, көзіне жас алды, жақсы
көремін, бұрын да жақсы көруші едім деп сыбырлады. Соңғы сөзін
мүдіріңкіреп айтуы рас, бірақ оның есесіне көз жасы мен сүюін көбейткен.
Мартин Мэриеннің бір күндері күдік айтып, қызметке орналас дегені үшін
енді кешірім өтініп тұрғанын түсінді.
— Е-е, бұған ақша құтаймайды екен,— деді кешке Герман Шмидт
əйеліне.— Процент туралы айта бастап ем, бұлан-талан болды! Не дегенін
айтайын ба? Процент түгілі капиталыңның да керегі жоқ. Егер тағы айтар
болсаң, сен немістің «келдеңді қырқамын» дейді.— Сөзі осы. Жарайды,
іскер адам болмағанымен, жігіт екен. Бір көмегі тиді!
Тұс-тұстан қонаққа шақыру көбейді. Көбейген сайын Мартин қобалжи
түседі. Бір күні ол ертеден келе жатқан іргелі клубтың құрметті қонағы
болған. Банкетте өмір бойы есімін не сыртынан естіп немесе газеттен оқып
білетін 
кісілердің 
ортасында 
отырды. 
Олардың 
бəрі 
де:
«Трансконтиненталь айлығынан» «Қоңырау күмбірін», «Көбелектен» «Пері
мен меруертті» оқығанда-ақ дүниеге ұлы жазушы келгенін түсінгенбіз
десті. «Жасаған-ау,— деп ойлады Мартин тағы да,— сол күндері мен ішер
асқа, киер киімге жарымай жүруші едім ғой! Сонда неге шақырмаған
бұлар? Тарығып, арып-ашып жүрген адамды шақырып алып, бір тойдырған


қандай жақсы. Ал бұлар мақтап отырған дүниенің екеуін де мен əлдеқашан
жазғам. Егер мені бұрын, бір кезде жазғандарыма бола қонақасы беріп
отырсаңдар, соны тарығып жүргенде неге бермедіңдер? Сонан бері
«Қоңырау күмбірінің», не «Пері мен меруерттің» бір сөзін өзгерткенім жоқ.
Жоқ, сендер менің еңбегімді бағалап отырған жоқсыңдар. Бұл күндері мені
қонаққа шақыру абырой саналады, сондықтан ғана шақырып отырсыңдар,
айуанның ұяластық сезіміне əлі күнге бағынышты болғандықтан шақырып
отырсыңдар. Мартин Иденді қонаққа шақырттырып отырған осы топас,
тұрпайы сезім. Ал Мартин Иден мен оның еңбегінде ешқайсыңның ісің
жоқ»,— деп кейіп, көңілі жабырқап отырса да, ол ақылды, орынды тосқа
ақылды да орынды жауап қайтармаққа орнынан ұшып түрегелді.
Қашан да осы. Қайда барса да осы: сəулетті клубтарда, сыпайы қонақ
үйлерде, əдеби кештерде,— айтылатын сөз біреу-ақ: «Қоңырау күмбірі»,
«Пері мен меруерт» шыққанда ұлы жазушы пайда болғанын білгенбіз
деседі бəрі де. Осы сөзді естіген сайын Мартиннің көкейіне «қонақ
асыларыңды сол кезде неге бермедіңдер?» деген беймаза, жабысқақ ой
орала кетеді. Бұл дүние əлдеқашан жазылған. Сонан қайтып «Қоңырау
күмбірі», «Пері мен меруерт» түк өзгерген жоқ. Сол кезде-ақ шебер
жазылған жақсы шығарма болатын. Бірақ, сендер мені ол үшін, тіпті өзге
шығармаларым үшін де сыйлап отырған жоқсыңдар. Қазір мені қонақ ету
сəннен саналады, сондықтан желіккен тобыр Мартин Иденді үйіне
шақыруды бəсеке қылып алған.
Осындай минуттарда, өңшең ығай мен сығайлардың ортасында
отырғанда, көз алдына үстіне қаусырма куртка, шекесіне стетсон киген,
ойын-жиын десе қалмайтын желөкпе жігіт елестейді. Оклендте əйелдер
клубы ұйымдастырған əдеби кеште де осылай болған. Эстрадаға жаңа
шыға бергенде көз таныс курткасын иығына жамылып, басына стетсон
қалпағын баса киген желөкпе жігітті анадайдан, залдың арт жағынан көріп
қалды. Мартин Иден неменеге қадалып қарады екен деп таңсық көрген бес
жүз əсем əйел де кейін қарай жапырыла қарады. Бірақ ештеме көрген жоқ.
Жігіт басындағы қалпағын алар ма екен деп, Мартин əлі қарап тұр. Елес
эстрадаға беттеді, эстрадаға көтерілді. Жастық дəуренінің көлеңкесін көріп,
кім болмағын жəне кім болғанын ойлап, көңілі бұзылып, жылап жібере
жазады. Елес эстрданы көктей өтіп, Мартинге таянып келді де, ғайып боп
кетті. Бес жүз əйел перчатка киген сүйріктей сұлу қолдарын соғып, ду ете
түсті. Əлдеқалай именіп қалған атақты жазушыға дем берді. Сонда барып
ширығып, елестен əрең арылған Мартин ыржия күліп, сөзін бастады.


Бір күні көшеде Мартинге мектеп директоры кезігіп қалды. Аңқылдақ,
ақ көңіл адам еді, ол Мартин баяғыда балалармен төбелесіп, сотқарлық
жасағаны үшін қуылғанда кеңсесінде болған жайларды айтты.
— «Қоңырау күмбірінің» ең алғаш басылуын оқығам,— деді ол.— Өте
жақсы жазылған! Эдгар Поның жазғандарынан кем түспейді. Сол кезде-ақ
өте жақсы деп бағалағанмын.
«Солай ма? Мені көшеде сол күндері екі рет көріп, танымаған едіңіз
ғой,— дей жаздады Мартин.— Онда аштық айдап, мен иығымдағы жалғыз
костюмімді закылетке беруге жүгіріп бара жатқанмын. Таныған да жоқсыз!
Шығармаларымның бəрін мен сол кезде жазғанмын! Ал қазір қай
белгімнен, қалайша тани кеттіңіз?»
— Жақында ғана жұбайыма: Мартин біздің үйге кіріп шықса қандай
жақсы болар еді деп едім, шақырсайшы деді. Иə, шақыр деп өтініп еді.
— Қонаққа ма?—деп Мартин барқ етті.
— Иə... иə... саған қонақ асы берейік деп едік, қымсынбай,
қымтырылмай келе беріңіз... қарт ұстазыңызбын ғой...— деп дəбдірлей
түсті ол. Ұялған тек тұрмас дегендей:— Əй, шайтан-ай,— деп Мартинді
иығынан қағып, сасып қалғанын сездірмеу үшін өзімсінгенсіді.
Мартин жүре түсіп, кілт тоқтады, бұрылып кетіп бара жатқан қартқа
қарады.
— Апырай! Мынаның зəресін алдым-ау, ə!—деді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет