Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет43/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   48
Байланысты:
pdf Martin Iden Dzhek London

Қырық екінші тарау
Көп ұзамай Мартиннің іші пысты, зерікті. Дені сау, қайратты ер адам
түк істемей қолын қусырып отырып қалды. Жазуды, кітап оқуды қойғаннан
бері, Бриссенден опат болып, Руфьпен ажырасқаннан кейін оның өмірінде
бос қуыс пайда болған. Ол осы қуысты ресторанмен, мысыр папиросымен
толтырам деп босқа əуреленіп жүр. Оны оңтүстік теңіздері еркінен тыс
еліктіріп жүргені де рас, бірақ мұнда Құрама Штаттарда арбасу əлі
аяқталған жоқ. Таяуда екі кітабы басылмақ, басқаларына да баспашы
табылатын түрі бар. Олай болса, ақша молая бермек. Ал оңтүстік
теңіздеріне сапар шегу үшін, қапшыққа алтынды сықап ала кету үшін əлі аз
күн күте тұруға тура келеді. Мартин Маркиз аралдарында тұрмысқа өте
қолайлы аңғар барын, оны бір мың чили долларына сатып алуға болатынын
білуші еді. Аңғар аттың тағасындай дөңгеленген шығанақты бойлап, басын
бұлт құшқан биік тауларға барып тіреледі. Жер беті жайқалған тропик
гүлдері, ал шырмалып өскен қалың бұтаның арасы қаптаған кекілік пен
қабандар. Тауда тағы өскен елік-ешкілерді тағы иттер қуып жүреді. Бұл
аңғарды табиғаттың əлі ат тұяғы тимеген нуы десе болар еді. Адам баласы
аяқ баспаған жер. Осы аңғарды шығанағымен қоса бір мың чили
долларына сатып алуға болады.
Ұмытпаса шығанақ ықтасын, суы терең, үлкен мұхит кемелері де
тоқтай алатын жер. Бұл араны Тынық мұхит маршрутының анықтамасы
осы өңірдің ең жақсы кеме айлағы деп бағалаған. Мартин желкеме, яхта
сияқты тез жүретін кішкене жеңіл кеме сатып алып, осында судан меруерт
іздемек, құрма дəнін сатып, сауда жасамақ. Аңғарда оның базасы болуға
тиіс. Осы араға ол көсем Тамидің үйшігі сияқты қамыстан шошала өреді,
жергілікті қара нəсілді халықтан бірнеше қызметші жалдайды. Ол өз үйінде
Тайохаэден келіп тұратын делдал саудагерлерді, сауда кемесінің
капитандарын, контрабандистерді, ақпейіл теңіз кезбелерін қабылдайды.
Əшкере, еркін өмір сүреді, қонағын падишахша қарсы алады. Бəлкім,
осылай етсе ғана ол бір кезде оқыған кітаптарын, құрғақ қиялға айналып
кеткен алдамшы өмірін ұмытар да еді.
Осы арманына жету үшін ол əзірше Калифорнияда отыруы керек,


қапшығын алтынға толтыра беруге тиіс. Ақша жан-жақтан төгіліп келе де
бастады. Тек кітабы тез өтсе ғана болғаны еді, сонда қалған қолжазбаларын
сату қиынға соқпайды. Аңғарды да, шығанақты да, желкемені де басы
байлы өзінікі ету үшін ұсақ əңгімелері мен өлеңдерінен бір жинақ құрауы
абзал. Енді ол мұнан былай қалам түртпейді. Бұған белін бекем байлаған.
Бірақ кітаптары басылғанша бірдеме жасамақ керек. Осылай сілейіп,
селсоқ отыра беруге болмайды.
Бір күні ол алдағы жексенбіде Шелл-Моунд-паркте тас қалаушылардың
серуені болады дегенді естіп, сонда бармақ болды. Өткен жылдары
осындай серуендерде талай болған еді. Оның қалай өтетінін жақсы біледі.
Сондықтан паркке кіріп барғанда, көптен ұмытылған бір түрлі сағыныш
сезімі тағы оянғандай болды. Оянса ше, ол өзінің сыбайласы, ежеттесі
жұмысшылардың арасына келген жоқ па. Оның туып-өскен ортасы осылар
ғой. Аз уақыт сырдаң тартып, жатсынып кеткенімен, қарына тартып қайта
оралғанына қуанады да.
— Өй, мынау біздің Март қой!—деп шұрқыраған дауыс естілді де, біреу
сыртынан иығына қолын салды.— қайда жүрдің көрінбей, кəрі шөңге-ау?
Теңізде болған жоқсың ба? Кəне отыр, бір бөтелке сыра қағып жіберейік!
Қараса бəрі де ескі таныстары екен. Арасында бірен-саран жат
кескіндер көрінеді, көзіне кейбір таныстары ұшырамағандай да. Əлбетте,
тас қалаушыларға бұлардың қатысы жоқ. Əдет бойынша жексенбінің
кезекті қыз ойнағына келген. Билеу керек, шуылдасу керек, күш сынаспақ
керек. Мартин достарымен арақ ішіп, жаны жаңа ғана кіре бастағандай
болды. «Бұлардан бойымды аулақ салып, ақымақ болған екенмін! — деп
ойлады ол.— Орталарынан кетпегенімде, кітаби білім қуып, өзімді
менсінбейтін өңшең тəкаббар адамдардың арасында болуды дəреже
санамағанда, бəлкім, өмірде бақыттырақ болар ма едім. Иə, сөзсіз бақытты
болар едім... Бірақ сыра бұрынғыдай дəмді емес. Тегі, Бриссенден жаман
үйреткен ғой. Мүмкін əлде жігіт кезіндегі достарынан ажырауына кітап
кінəлі шығар? Олай емес екенін дəлелдеу үшін Мартин павильонға барып,
би билемек болды. Барса баяғы апасының үйінде пəтерде тұратын
құбырашы Джимми сонда жүр, қасында бойы сорайған бір аққұбаша қыз
бар. Ол қыз Мартинді көре сала қылмыңдай бастады.
Мартин сол бикешпен билей жөнелген кезде қасындағы жігіттері
Джиммиді ортаға алып, қағытып, əзілдей бастады.


— Ол ылғи өстеді!—деді Джим оларға.— Қызғанбаймын. Қайта өзін
көргеніме қуанып тұрмын! Қарашы, қалай жақсы билейді, шайтан, ə?
Мынаған қай қыз төзе алады!
Мартин қызды ертіп əкеліп, Джимнің өзіне қосты, сол арада тұрған бес-
алты жігіт қарқылдап күлісіп жатыр. Бəрі де Мартиннің ойынға келгеніне
масайрап қалыпты. Мартиннің ешбір кітабы əлі жарық көрмеген. Олай
болса жігіттердің көңілі риясыз. Олар Мартиннің өз басын ғана сыйлайды,
жақсы көреді. Бұлардың арасында Мартин айдаудан келген ханзададай
көрді өзін, шын ықыласымен балаша жадыраған достарының арасында мұз
болған жүрегі жібіді. Тіпті, көңілі тасып кетті. Қалтасында шылдырлап
жүрген алтын теңгелерін аяған жоқ. Бұрын ол теңіз сапарынан қайтқанда
ғана осындай бір шабылып қалатұғын.
Кенет Мартин көп арасынан би билеп жүрген Лиззи Коноллиді көріп
қалды. Серігі жұмысшы жігіт тəрізді. Аздан кейін павильонды аралап
жүріп, стол басында салқын сусын ішіп отырған Лиззиге ұшырады, қасына
барды. Лиззи Конолли мұны көре сала қатты таңырқап, қуанып қалды.
Амандық сұрасқаннан кейін екеуі паркке барды, музыканың дыбысынан
аулағырақ жерге барып отырды. Мартин бір қарағаннан-ақ қыздың көңілі
əлі өзінде екенін сезді. Оның жылаған бала көзденіп қарауы, биязы, көнгіш
қалпы, əрбір сөзін емірене тыңдауы осының айқын дəлелі сияқты. Бірақ
сонау кезде театрда кездескен бала қыз Лиззи Конолли бұл күнде есейген,
кəдімгі бойжеткен бола бастаған. Оның құбылған албырт ажары құлпыра
түскендей; бірақ кемеліне келіп, толықсыған қыз албырттығын тежеп
үйренген тəрізді.
— Қас сұлу, неткен керім сұлу қыз,— деп сыбырлады таң қалған
Мартин өзіне-өзі. Тек қолын ғана созса, дүние шетіне барам десе де
қыздың ере беретінін білді.
Осы мезетте біреу қапылыста құлақ шекесінен қойып жіберген еді,
Мартин есеңгіреп барып, есін əрең жиды. Кім де болса жұдырықпен соқты,
шықшыттан дəлдеп ұрам деп, ашулы адам асығыста жаза басқанға
ұқсайды. Жалт қараса, біреу құлаштап тағы ұрмаққа төніп келеді екен,
жалтарып қалды, жұдырық бұл жолы да дəл тиген жоқ. Сол сəтте Мартин
қапысын тауып, сол қолымен ұшыра соқты оны, сүріне жығылған жігіт
орнынан ұшып түрегелді. Қараса, ашудан түсі бұзылып кеткен бейтаныс
біреу. Бұған мен не жаздым, деп таң қалды Мартин. Бірақ тағы ұмтылған


сотқардың қолын көз ілестірмей қағып үлгірді де, екінші рет оны мұрттай
ұшырды. Осы кезде Джим де жарандарымен жапа-тармағай жүгіріп келіп
жеткен.
Құмары тарқамаған Мартин қалтырап тұр. Өтіп кеткен бақытты өмірі
бүгін қайта оралғандай: би, сауық-сайран, төбелес! Жауын көзінен таса
қылмастан, Лиззи Коноллиге де бірде көз тастап қалды. Мұндайда қыздар
баж-баж етіп, байбалам салады ғой, Лиззи Конолли сыр берген жоқ. Демін
ішіне тартып, еңсесін сəл ілгері ұмсынып, бір қолын кеудесіне басып, екі
беті оттай жанып, таңырқаған көздерінің жанары нұрланып, қалшиыпты да
қалыпты.
Мартинге тиісетін жігіт тағы түрегеліп, Джимнің жолдастарымен бірге
арашалағанына бой бермей, жұлқынып жүр.
— Қыз мені күтіп отырған,— дейді ол айғайлап.— Мені күтіп отырған
қызды мынау көргенсіз ертіп əкетіпті! Жіберіңдерші! Көрсетейін мен оған
көресіні!
— Өй, есің дұрыс па өзіңнің!—дейді оған Джим.— Сен оның Март
Иден екенін білемісің? Байланыспа. Бəрша-бəршаңды шығарады ғой
сорлы-ау.
— Е, ол неге менің қызымды ертіп əкетеді?
— Дауылпазды да ұрып жыққан ол. Дауылпаздың кім екенін білесің
ғой. Бесінші раундыда-ақ жұмысын бітірді. Сен бір минутке де
шыдамайсың. Түсіндің бе?
Осы сөз сұлқын басқан болу керек, жігіт жуасып қалды. Мартинге біраз
сынай қарап тұрды да бұрынғыдай шатынамай, бірақ айбат шеккенсіп:
— Қой, шанбаймын,— деді.
— Дауылпаз да əуелі иланбаған,— деді Джим.— Жүр, кетейік! Таста!
Басқа қыз жетпей ме саған?
Жігіт көнді. Бəрі павильонға қарай беттеді.
— Бұ кім?—деді Мартин Лиззиге.— Осыншама тас-талқан болғаны


несі?
Дегенмен бұрынғыдай емес, Мартиннің де төбелестен құмары қайта
бастапты. Өзінің əр қылығын ақылға салу əдетінен қит етсе ой-сезімі түрлі
саққа жүгіріп, қолма-қол қимыл жасаудан қалып бара жатқанға ұсайды.
Лиззи Конолли кекілін бір қағып:
— Жай бір жігіт қой, соңғы қыдырып жүрген жігітім еді,— деді.
Сəл ойланып:
— Көңілімнің хошы болмай жүрген соң... бірақ сізді көрген сағатты
ұмытқаным жоқ, əлі есімде...— деп дауысын бəсеңдетіп, көзі қыдырып,
айдалаға қарады — Қасымда сіз болсаңыз қарамас едім оған!..
Мартин қазір қызға тек қолын созуы керек екенін түсінді; бірақ оның
риясыз сөзін естігенде кітап сөзіне мəн бере беріп қайтемін деген ой түсті
де... қыз сөзіне жауап қайтаруды ұмытып кетті.
— Сіз оның сазайын бердіңіз ғой жақсылап тұрып,— деді қыз күліп.
— Мықты жігіт екен. Аналар ертіп əкетпегенде, біраз əурем шығатын
еді.
— Түнеугі күні қасыңызда жүрген жас əйел кім еді? — деді Лиззи.
— Жай таныс біреу ғой.
Талай заман өтіп кетіпті-ау,— деді қыз ойланып.— Мың жыл
өткендей көремін.
Мартин жауап қайтармады, əңгімені басқа жаққа бұрды. Екеуі
ресторанға барды. Жігіт тəтті шарап, қымбат тамақ бұйырды, қыз қашан
шаршағанша би биледі. Мартин жақсы билейтін еді, Лиззи ұршықтай
үйіріліп, рахатқа батты; басын жігіттің иығына сүйеп, іштей өмір бойы
осылай кетсем-ау деп армандады. Биден кейін екеуі қайтадан паркке барды.
Бұрынғы əдеті бойынша қыз көк шөптің үстіне барып отырды, оның тізесін
жастанып, Мартин де жата кетті. Көп ұзамай қалғи бастаған Мартиннің
шашын сипап, Лиззи аза бойын билеген бір рахат сезіміне беріліп отыра


берді.
Мартин əлден уақытта көзін ашып жіберсе, қыз елжірей қарап, емексіп
отыр екен. Қапелімде именіп қалған қыз демде өжетсіне қойды.
— Соңғы жылдарым сізді күтумен өтті,— деді ол сыбырлап.
Мартин солай екенін сезді. Бұл таң қаларлық тамаша шындық еді.
Жігіттің қызға ынтығы арта түскендей болды, оны бақытты ету қазір толық
өз еркінде. Егер бақыт өзіне бұйырмаса, қыздан қызғана ма? Үйленіп,
Маркиз аралдарына алып кетуіне болады ғой. Бір сəтте оның құмарына
жеңдіргісі де келген, бірақ іштегі үн олай жасаушы болма,— деп əмір етті.
Мартин өз еркіне өзі қарсы келіп, ғашықтық сезіміне опасыздық жасай
алмады. Жігіттіктің, жеңілтектіктің дəурені өткен. Ол енді қайтып оралмақ
емес. Өзі де мүлде өзгерген екен ғой, өзгеріп кеткенін енді ғана сезіп отыр.
— Лиззи, мен ешкімге ер бола алмаймын,— деді ол күліп.
Қыздың болар-болмас дір етіп, тиыла қалған саусақтары қайтадан
қалтырап, жігіт шашын сипап, аялай түсті. Кескінінде кенет пайда болған
қаталдық көлеңкедей жүзінен жылжып өтті де, екі беті лезде алмадай
болып қызарды, көз жанары нұрлана түсті.
— Менің айтайын дегенім ол емес еді...— деп қыз мүдіріп қалды.—
Маған бəрібір. Иə, иə, бəрібір. Маған бір ғана ықыласыңыз жетіп жатыр.
Сіз үшін бəріне де əзірмін. Тегі, жаратылысым сондай бір сорлымын ғой
деймін.
Мартин басын көтеріп, орнынан тұрып отырды. Қыздың қолын қысты,
қолының қызуы жоқ, дəртсіз екен, бір түрлі салқын леп келгендей болды.
— Жарайды, бұл сөзді осымен тоқтаталық,— деді қыз.
— Сіз адамгершілігі бар жақсы баласыз,— деді Мартин.— Достық
ықыласыңызды қайта менің қадір тұтуым керек шығар... Қастерлеймін. Иə,
иə! Менің тымырсық, қараңғы өміріме түскен сіз жылы, жарық, нұр
болдыңыз. Маған деген адал ниетіңізге менің де адал жауап қайтаруым
керек.
— Адалсыз ба, адал емессіз бе — маған бəрібір. Не жасасаңыз да


ықтиярыңыздамын. Осы арада батпаққа батырып, аяқ асты етем десеңіз де
мейліңіз. Бірақ билігімді өзгеге емес, бір ғана сізге беремін,— деп қыз
такаббар басын кетеpiп, қасқая қарады.— Мен қаршадайымнан осылай
өзімді өзім билеп үйренген адаммын.
— Сондықтан да менің сізге өте адал болуым керек,— деді Мартин
жылы лебізбен.— Сіз сондай тамаша таза адамсыз, алдыңызда менің де
абыройлы болғым келеді. Мен сізге үйлене алмаймын жəне... аз күнге
ашына болып қайтеміз. Бұрын ондай-ондай болған, қазір тыйылдым. Тап
бүгін сізді кездестіргеніме өкінемін. Ылаж жоқ, жағдай солай. Бұлай
болады деп ойлағаным жоқ. Мен сізді керемет жақсы көремін, Лиззи, айта
берсе, сізге қайран қаламын, алдыңызда бас иемін. Тамаша, таптырмайтын
адамсыз! Бірақ мұны айтқаннан не пайда? Бір ғана тілегім бар.
Тұрмысыңыз өте ауыр. Сізге аз да болса көмек көрсетіп, қарасуыма рұқсат
етіңіз!— Қыздың көзі жарқ етіп, демде сөне қалды.— Жуырда көп ақша
аламын. Өте көп ақша аламын!
Осы сəтте ол сонау сұлу аңғарды да, шығанақты да, қамыстан өрген
үйшікті де, ақ яхтаны да ұмытты. Керегі не? Қаласа, қайда барам десе де,
қандай кемемен жүзем десе де өз еркінде емес пе.
— Сол ақшаны сізге берсем деймін. Курске оқуға түсіп, бір мамандыққа
үйреніп шығар едіңіз. Мүмкін стенографистка боларсыз. Мен жəрдемдесем
ғой. Əке-шешеңіз əлі тірі ме? Тірі болса, бақал дүкен сатып əперейін.
Əйтпесе көңіліңіз не қалайды,— айтыңыз, қалағаныңызды орындайын.
Лиззи ілгері қарап, сазарып, үнсіз отыр. Лəм деген жоқ. Алқымына
тірелген бір түйнек дем алғызар емес. Қыздың не халде отырғанын
түсінген Мартиннің де көңілі бұзылайын деді. Бұл əңгімені бастамай-ақ
қоюы керек еді ғой. Жігіттің ұсынғаны қыздың қимасына татымайды.
Оның ұсынғаны өзіне керегі жоқ, артылып қалған дүниесі. Ал қыздың
ұяттан, күнəдан, өле-өлгенше сүйегімен кететін өкініштен қорықпай
ұсынғаны өзі еді ғой.
— Жарайды, бұл сөзді осымен тоқтатайық,— деді де қыз алқымында
булыққан ызадан құтылғысы келгендей бір жөткіріп қойды.— Қайтатын
уақыт та болған екен! Шаршадым!
Серуен аяқталып, жұрт тарапты. Мартин мен Лиззи ағаш арасынан


шыға келсе, бұларды күтіп бір топ адам тұр. Мартин сезе қойды. Бұл
тəбелеске 
əзірленіп 
жүргендер, 
сыңайы 
соған 
ұсайды. 
Мынау
ұрысушылардың қорықшылары. Бəрі бірге қақпаға қарай беттеді. Əудем
жерде тағы бір топ келе жатыр, бұлар Лиззидің жігіті мен жігіттің
жолдастары. Тегі, олардың ниеті Мартиннен кек алу. Бірнеше полисмен
сойқан боларын сезіп, шоқырайысқан екі топты Сан-Францискоға баратын
поезға дейін шығарып салды. Мартин Джиммиге мен он алтыншы
көшедегі аялдамада түсіп қалып, Окленд трамвайына отырайын, деп
ескертіп қойды. Осының бəрі құлықсыз Лиззиді еліктірген жоқ.
Поезд он алтыншы көшеге тоқтады. Онда тұрған трамвайдың
кондукторы елді асықтырып, қоңырауын дыңғырлатып жатыр екен.
— Ал, қызды ал да жөнел!— деді дауыстап Джимми.— Тез! Біз
аналардың жолын тосайық.
Бұл əдісті күтпеген өшіккен топ қапылыста аңырайысып қалды, іле-
шала топырлап, вагоннан түсе-түсе қалып, қашақтарды қуа жөнелді.
Жүгіріп келіп трамвайға мініп, бұрыштағы бос екі орынға отыра кеткен
қыз бен жігітке вагондағылар назар аударған жоқ. Трамвайдың басқышына
секіріп мінген Джимми вагон жүргізушіге:
— Əйда, əйда, жігітім, қимылда, тездет!— деп айқай салғанда да бұл
шудың екі жасқа қатысы бар деп ешкім ойлаған жоқ.
Бір кезде ентелеп келіп трамвайға жармаса берген қуғыншыларды
Джимми жұдырықтап жолатпады. Іле-шала қалғандары да келіп жетті.
Жұдырықтары жарқ-жұрқ етіп, Джиммидің жолдастары есігі ашық
вагонның басқышына қазқаз-қатар тұрып алып, сілтеп жатыр. Қоңырауы
даңғыр-дұңғыр етіп, трамвай орнынан қозғала бергенде Джиммилер де
секіріп-секіріп түсе қалды. Апалаң-топалаң ұрыс алыстап артта қалып
барады. Пассажирдің ешқаусысы бұл жанжалға себеп болған сонау
бұрышта отырған сырбаз жігіт пен сұлуша қыз деп ұйғарған жоқ.
Төбелес алғашында Мартиннің де делебесін қоздырған. Бірақ көп
ұзамай қайғысы жеңе бастады. Қартайған екен, паруайсыз жастық өмірінің
осынау дарқан, риясыз достарынан бір ғасыр бұрын қартайған екен.
Олардан тым алыстап,қарасын үзіп кетулі. Кері оралу мүмкін емес. Бір
кезде басынан өткен өмірге енді қызықпайды. Бұрынғы достары қазір


бөтенсіген. Жаңа аузына тұшымаған сыра секілді олардың тіршілігі де
жексұрын көрінеді. Тым шығай боп кетулі. Өмірінде оқып шыққан сан мың
кітабы солар мен өзінің арасына соғылған биік қорған тəрізді. Иə, ол өзін-
өзі жалғыздыққа əкеліп қамаған. Ақыл-ойдың ұлан-ғайыр теңізін аралап,
шығаннан шығып кетіпті. Енді сонау артта қалған, алыстап кеткен дүниеге
оралашақ емес. Əйтсе де адам болған соң адам баласын емсейді де.
Бірақ ол жаңа жұрт тапқан жоқ. Өзін əлі ешкім ұққан жоқ: достары да,
туғандары да, буржуазия ортасынан тапқанжаңа таныстары да, тіпті, тым
жоғары санап, кереметтей қадірлейтін қасындағы қасындағы қыз да
түсінген емес. Көңіліне осы ой оралса, Мартин ренжиді, жабырқайды,
жалғызсырайды.
— Табысыңыздар,— деді Мартин Лиззиге қоштасарда, қызды
жұмысшы орамының Атыншы көшесі мен Маркетстрит аралығындағы
үйіне апарып салып.
Оның ойы бүгін өзі əлдеқалай орнын басқан жігіт пен қызды табыстыру
еді.
— Құрсыншы... Енді қайтып қалай табысамын.
— Кəп емес!—деді Мартин күлімдеп.— Бір ысқырсаңыз өзі-ақ жетіп
келер.
— Ой тəйірі-ай,— дей салды қыз.
Мартин қыздың ойындағысын түсінді.
Лиззи кенет керіліп, жігітке қарай бой ұсынды. Ойында қылымсу,
қызықтыру немесе əдепсіз еркінсу ниеті жоқ еді. Қайта бұл бұйығы, ибалы
ишараты болатын. Мартиннің жүрегі елжіреп кетті. Табиғатынан рақымды
жігіт қызға қайырылды, қысып құшақтап, ұзақ сүйді, қыз ернінің қайтарған
жауабы бұл дүниенің ең таза, ең қылықты лəззəті еді.
— Жасаған-ай,— деді қыз өксіп жылап.— Сіз үшін жаным пида!.. Бір
ғана сіз үшін шыбын жаным садаға!
Лиззи жалт бұрылып, қақпаға кіріп, жоқ болды. Мартиннің де мөлт етіп
көзіне жас келді.


— Мартин Иден,— деді ол былдырлап өзіне-өзі.— Сен айға шапқан
арыстан емессің, түкке арзымайтын ницшешіл мүскінсің. Осы қызға
үйленуің керек еді, хұзыры қолыңда тұрғанда арманына жеткізуің керек
еді. Ол қолыңнан келмеді. Мұның ұят, масқара! «Қарт кезбе қайғы жұтып,
зар шегеді»,— деді ол Гэнлидің сөзі есіне түсе кетіп;— «Күллі өміріміз
өкініш. Масқарашылық!» Иə, өміріміз өкінумен, ұят, қате іс жасап, масқара
болумен өтіп келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   40   41   42   43   44   45   46   47   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет