Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет22/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29

алған, бас пайдасын қоғам мүддесінен жоғары қоятын адамдар бар», — дейді. «Осы 
ауылда әлдеқашан жойылып біткен рушылдықты, жікшілдікті қоздырып жүрген кісі 
табылады», – дейді. Беті бүлк етер емес. «Соларды түптамырымен қопару керек», – дейді. 
Бұл аздап жұтып барған, шымбайына батып кетті. Апыр-топыр мінбеге өрмелегені хақ. 
Бас-көз демей Далабайға дүрсе қоя берді.
«Аттың ақымағы жорға болады, адамның ақымағы жыршы болады; сен бала, 
өзгенің мінін іздегенше, өз қотырыңды қасып ал. Райкомның көмекшісі емессің, тексеру 
комиссиясы емессің, домбыраңды шертіп жан бағып жүрудің орнына – ауа жайылып 
жұрттың ауласына түсетінің қалай?!»
Деген де мінбеден түсіп кеткен. Сұлтанғали туысқан күрішшінің сөзін жуып-
шайғысы келді білем.
– Далабай қарақ, көңіліңе алма. Бізде осындай қызба жігіттер бар. Күндіз-түні 
күріш баптаймын деп жүйкесі тозған, — деді.
– Белағаң аудан әкімінің өзін уәждан жеңген, — деп Шүкіман кеңк-кеңк күлді. 
Қыбы қанса дөңгелек жүзі тандыр нандай қызарып кетеді екен. Көзінің етегіне әжім 
шашырады.
Далабай шыдамады, әйтсе де орнынан сөйледі.
– Сазгерлік – өнер, – деді ашуын әзер тежеп. – Өнерді кещелер ғана еріккеннің 
ермегі дер. Өнер сүйген халық көліңе қарап сүңгі – артың көрінбесін деген. Артыңды 
көрсетіп алдың, көкешім. Жайлаған жерің сұңқардың жері, сөйлеген сөзің 
сұмпайының сөзі, кісіге көлеңкең ұқсаса-дағы – көңілің ұқсамайды екен.
Қасындағы егде күрішші Беласарға сыбырлап кейіп жатыр: «Зәнталақ-ау, от 
басып алдың, аудан әкімі орақ науқаны кезінде шаруашылыққа өкіл жіберетінін ұмыттың 
ба? Бұл жігіт күріш орағына келген өкіл ғой, әкімнің оң көзі».
Аңдамай сөйлеп арыстанның жатағына түсе жаздағанын сонда сезген. «Қайдан 
білейін. Ойын қойып жүретін баяғы дәндәку тар-тарам ба дегем», – деп Беласар 
күмілжиді. «Әйтпесе көзге түсіп не жыным бар».
Енді міне жығылғанға жұдырық болып күріші де оңбай қалды. Жұлдыз алмақ 
түгілі жан бағудың өзі мұң боп жүрмесе неғылсын. Мөлиіп отырып байқамапты, 
келіншегі құшағынан шығып шай әзірлеуге кіріскен. Ас үйден кесе-шәйнектің сылдыры 
естіледі. Тәлтіректей тұрып солай аяңдаған. Танауын жас балықтың сорпасы, 
күркетауық қуырдағының қышқылтым иісі қытықтады. Сілекейін жұтты.
– Сенің ақылың дұрыс қой деймін.
– Жаңа еріңді бауырыңа алып тулап отыр емес пе ең?..
– Менікі қай жетіскендік. Жандалбаса-дағы.
– Сорпа ішіп бойыңды жылыт, – деді келіншегі орта кесе толы сорпаны алдына 
ысырып. — Бірдеңе ішесің бе?
 – Ішсем ішейін. Қайғы басар болсын. 
Келіншегі алдына армян коньягін әкеліп қойды.
– Мынауыңның ашылғаны жоқ па еді-ей? Осы үйде жартылай ішілген шөлмек 
болушы еді.
– Сенен артық кімді бағамын. Коньяктің қаймағын да өзің алғаның құп.
Беласар ыржиып күлді, құпия сырды сезгендей келіншек те қылмың қақты. О, тоба! 
Әлгіде ғана жүзін жас жуып опа-далабы көшіп кеткен секілді еді. Тағы жағып алыпты. 
Бұл мұндар қалай ғана үлгірген? Қай жерде жүріп сыланып-сипанған десеңші.

Шөлмекті ашып рюмкеге күрең сұйқыты құйды. Қағып салды. Ішіне бір ұрттамдай 
отты су кетті, жанары жасаурады.
– Сұлтанғалиді ертең үйге шақыралық. Қеңесіп көрелік. Қол ұшын берер. 
Қайраңнан шығарар.
Беласардаң кәсімі келіншегіне «ананы өйт», «мынаны бүйт» деп ежелеп жатпайды; 
қонақ келеді десе жетіп жатыр. Әрқилы тағам мен сусын, шөл басар қауын-қарбыз, 
ішімдіктің неше түрі әзір боларына кәміл сенеді. Келіншегі қонақ десе жанып түседі. Осы 
күз күрішті тәуір берсем ауданның әкімін шақырып жіберем ғой деп жүрген. Ол кісі 
басшының үйіне бас сұқпаса-дағы қарапайым еңбек адамының меселін қайтармайтын 
әдеті. Сол тәтті тілегі көзінен бұлбұл боп ұшты емес пе. Енді мына бір сырнайшы пәлекет 
таскенеше жабысып қанын сормақшы. Дүние-мүлкін тексертпекші.
Тағы жұтты. Көз алды бұлдырап сағым ойнады. Сол сағымның ішінде көзі 
мөлдіреп, тоты құстай сыланып сұңғыла сұлу отыр екен дейді. Бұл қолын созады, жетем 
дейді – жете алмайды. Сорпасы да, қуырдағы да әдірә қалды. Сұлу көк мұнарға бір батып, 
бір шығып қалықтап қашықтай береді, бұл қолын созып ентелейді, ұмтылады. Қанша 
қуғаны белгісіз. Жандәрмені қалмай дедектеп келе жатып әлденеге сүрініп кетті. Жерге 
салған ақ мамық төсек екен сүрінгені. Әлгі сұңғыла сұлуды ақ төсектің ішінен әзер тауып 
алды. Қайраңда қалған қаяз аласұратын, тұтымына түспейтін. Көпке дейін тулап есті 
алатын. Беласардың халі тап сол қаязды ұстағаннан бетер болды. 
Келіншегі Зүбайраның тығыз ақ санынан мытыды. 
Беласар ертесіне таң алакеуімнен тұрған. Бозторғай шырылдай қоймаған, 
шығыс жақ сары өңезденіп келеді екен. Дереу киінді, жуынып көшеге шықты. Ертелеп 
ауыл әкімі Сұлтанғалиді орнынан баспақшы. Орақ кезінде басшыларды ұстау қиын, 
түскілік, кешкілік ұшырасқанымен жеке тілдестірмейді. Әсіресе әне бір агроном 
көлеңкесіне ұқсап соңынан бір елі қалмай, сүмеңдеп еріп алады, әзірейілдің жаналғышы 
дерсің қарап тұрып.
Ойлағанындай Сұлтанғали төсегінен енді тұрып жатыр екен. Қауын бет әйелі 
торсылдатып бәтеңкесінің бауын шешіп, ентелей енген мұны нақа сұқ итше қарсы алды. 
Бұрын күннің қай мезгілінде бас сұқса-дағы қыңқ демейтін. «Мырза қайным» деп 
қолпаштап қарсы алатын. Беласар бастықтың қол берісінен, екіұшты, сүйейсалды 
сәлемінен ішін тартып қалды. Тым сызбет секілді. Кібіртіктеп үй иесі нұсқаған 
орындықтың шетіне құйрығын басты, келген шаруасын айта алады.
– Он тоғыздан түседі деген түсіме де кірмеген пәле. Ешкімнен қалыспай тер 
төккенім рас. Келініңіз төркініме апар деп орақ уағында қыңқылдаған, оған да көнбей 
қойғам. Мейрамқаладағы досым «мәшинеңе су
жаңа баллон алдым» деген; су кезегінде оған-дағы бұрылмадым. Мына тұрған ауданға да 
ай бойы қатынаған жоқпын.
– Енді маған қайт дейсің?!
Сұлтанғалидың мына сөзі сексеуіл бұтасымен шекеден салып өткендей сезілді, 
кейкең етіп қарады. «Жоқ, мынау бұрынғы Сұлтанғали емес. Бұрығы Сұлтанғали қасы-
қабағын бағып, кегер үйректей маймаңдайтын». Шекесінен шып-шып шыққан терді 
саусағымен сыпырды. 
– Туыстардың артық астығын қосып тоқсанның үстіне шығаруға көмектес. 
Ақпарды дұрыста. Ақпар дұрыс болса әлгі айтып жүрген бәйгі ақша да, абырой-атақ та 
алақанда емес пе.
– Басым кететін тірлікке бара алмаймын.

– Енді жан деген жолдасыңды жарым жолға тастап, өлмесең ішің кепсін деп 
кете бермекпісің?
– Неге өйтейін. Сен де ана Батырға ұқсап жатпай-тұрмай адал еңбек ет! Жердің 
қоңдысын, техниканың жаңасын өзіңе бөлейін, арманыңа биыл жетпесең – ертең жетерсің. 
Асығатын не бар.
– Мен асықпағанмен өкімет асықтырады ғой. Қатарынан үш жылғы өнімің жоғары 
болмаса қайдағы бәйгі, қайдағы награда!.. Қыстайғы, жаздайғы уәдең осы ма? Келіп 
қалған қиыншылықты көтерісуге белің шыдамады ғой! Бәлем мен де енді қарап 
қалмаспын. Түбіңнен ор қазармын, оппаға омақастырармын!
Ұжым әкімі мына сөзді естігенде тісі-тісіне тимей қалшылдады.
– Сен доңыз айбатты қоя тұр, – деді өзін-өзі тежеп. – Бұл күніңді көп қылатын 
мына мен емес, ана Далабай. Ауданнан бөлінген өкіл екенін білесің. Бірбет, қып-қызыл 
белсенді екенін білесің. Біле тұра әнеукүні жұрт алдында тіл тигіздің, сөктің. Онымен 
тұрмай он тоғызымды тоқсанға көтер деп шатып-бұтып жүрсің. Қылмысқа 
белшеңнен батып барасың. Сол Далабай тап кеше сөйлескенде облыстан тексеру 
маманын шақыртамын дейді; жалған жолмен байығандардың түбіне жетемін дейді. 
«Ауылда егіс көлемі жоспардағыдан бір жарым есе артық екен, соның салдарынан 
тың жер тозған, техника тегіс қираған» дейді. Айта берсең төбе шашың тік тұрады. 
Сен түгілі өзім қыл көпірдің үстімен келемін.
Мына сөзден Беласар мүлде есеңгіреді. Әлгідегі сексеуіл сойылы ештеме емес 
екен, нақа тандыр пешінің үстіне отырғызып қойып астынан лаулатып от жаққандай 
сезінді. Баяғыда Қоқан жасауылдары алым-салық төлемеген диханды өстіп жазалайды 
екен. Мына Сұлтанғали, ана Далабай сол қоқан жасауылдары болып елестеді.
Енді не амал жасаймыз, – деді сыбырлап қана. 
– «Не жасаймыз» деме, «не жасаймын» де. Айналайын, ақы төлесең де мені 
қоспай сөйлеші. Енді екеуміздің тұзымыз жараспайды. Сен қарапайым күрішшісің. Мен 
наменклатураның адамымын, ұжым әкімімін.
– Қол ұшын бермеймісің?
– Кезінде көрерміз. Әзірге ана әңкиген қора-жайыңды біреулерге жартылай 
берген бол. Мәшинеңді, қырықтан асатын кілеміңді құрт. Далабаймен жарас, жатпай-
тұрмай теріңді төк, еңбек ет. Көріп тұрып лаулаған дозақ отына итермеспіз.
– Ал мен кетейін енді, – деді Беласар. Лезде артымен шегіншектеп шығып 
жөнелді. Бұрын ылғи да Сұлтанғалимен қол алысып қоштасар еді, тап қазір, ығыты 
келмеді, бастық қолын жасырды. Бәтеңкесін тасыр-тұсыр киемін деп бауын үзіп алды. 
Жалғап жатуға мұршасы жоқ, бір аяғын қолпылдатқан күйі үйден шығып жүре берді. 
Сана-сезімі алақұйын. Бір шамада байқаса – аңыратып күрішке тартып барады екен, 
қалт кідірді, әлдене есіне түскендей, тұрып-тұрып кілт қайрылды. Танымастай боп түтігіп 
үйіне беттеді.
Беласар ойлаған: бұл дуние опасыз деп. Еш адамға сенуге болмайды екен. Әйтпесе 
әлгі сөзді Сұлтанғалидің аузынан естимін деп бұл жалғанда ойлаған емес. Сенімді 
дос секілді еді. Дастарқанынан талай-талай дәм татып, кекіре түсіп, жіліктің 
майындай тәтті сөздер айтатын. Жұмақтың есігінен қарататын. Абырой-атақты бір басына 
үйіп-төгетін. «Депутат етемін» дейтін. «Жұлдыз тағамын» дейтін. Әрісі облыс, берісі 
аудандық газеттің бетінен түспеуге айналған. Сөйтсе соның бәрі опасыз дүниедегі 
Зүбайраның майлы табағына қонған шыбын болып шықты. Бүгін басына іс түсіп еді, 
соның бірі табылсыншы, ұшты, кетті. Ісіп-кеуіп жүрген Сұлтанғалидің мінезі күрт құбыла 

қалған. Пендемісің деген. Енді ғой мұның басына шын зауал төнер болса, әй, қол ұшын 
бермек түгілі орға итерісер, алдына аяғын тосар, қылмысын қопсытып жоқ-барды шатар. 
Көктемгі іргедегі каналды бұзып, Батырдың тұқым сеуіп қойған тың жеріне топан су 
қаптатқаны ашылып қалмаса жарар еді. Жығылған үстіне жұдырық болмаса деңіз!
Сұлтанғали ойлаған: маған өткізіп қойғаны бардай талақша жабысқаны несі деп. 
Тегі екеуміздің тең иық боп сөйлесетіндей себеп қайсы. Өзі болса бастық, ұжым әкімі, 
ауданның санаулы мамандарының бірі. Беласар күрішші, күрішші атын жамылып 
жүрген көртышқан. Екі ұртын дәнге толтырып алып ініне борсаңдап бара жатқан 
көртышқанды талай таяқпен ұрған. Мұның да мұғдары үйіне тасу, домалату. 
Жалғанды жалпағынан басу. Шындықтың көзіне күл шашу. Әйтпесе үш-төрт жылда 
сұмдық баюына жол болсын? Ендеше былтыр жақын ағасының көпе-көрнеу каналға 
құлап өлуі қалай? Және де ерте көктемде қосымша каналдың бұзылып, пәленбай 
егісті шайып кетуінде не гәп? Осылардың күллісінде күдігі бар. Беласардың арам 
ниетінен туған қылмысқа ұқсайды. Көзімен көрмегесін, қолымен ұстамағасын тағы 
тосылған, шу шығармай, жауып тастатқан. Ағайындық қарызым деп түсінген. 
Беласарың осы жақсылығын түсінбесе, ұқпаса, жөнді-жөнсіз жағасына жармаса берсе бұл 
көкең адамгершілік пен зұлымдықтың арасына шекара қоя біледі. Талай жиында 
Беласарды мақтаймын деп жұртқа көзтүрткі болып бітті. Өз қылығынан өзі пұшайман 
қазір, ар сотының айыпкері.
Ертеңгі шай адыра қалған.
Білгендей-ақ дегбірсізденген екен, сәл болмағанда ұятқа қала жаздапты. 
Сұлтанғали газигімен құйғытып қырманға жеткен. Қашан келіп қалғаны белгісіз, аудан 
әкімі Ғайнекең, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы, осы ауылға өкіл 
болып келген Далабай, бірер күрішші, қырманшы – Ақәділ ұста, агроном осында өріп 
жүр. Емпеңдеп барып сәлемдескен. Әкімнің қабағы салыңқы секілді. Агрономға қиғаштап 
қараған еді, кебінге ораған өліктей құп-қу. Жайшылық болса бүйтпейтін. Тау-тау болып 
үйіліп жатқан күрішті айналып шолып шықты, дымданып бүлінген, не жарлауыттанып 
құлаған жері көрінбейді. Өстіп кекжиісіп тұрғанда балағымен жол сыпырып Батыр жетті. 
Сәлем жоқ, саулық жоқ, келе агрономға тиісті, қатқыл даусы таңғы ауаға шыңылдап 
сіңеді. Жұрт аңтарылып қалды.
– Кеше он үш мәшине күріш жөнелттім. Қырманға қабылдадым дегенің он бір-ақ 
мешине. Сонда екі мәшине күрішім қайда?
– Оу, Батырекесі, қанша жіберсең – сонша қабылдағанбыз. Сенің күрішіңді 
жасырып қайтеміз?
– Қабылдаған нарядта неге он бір ғана?
– Он бір жібергенсің ендеше!
– Он үш деп тұрмын ғой!
– Батырекесі, қызбайық. Нарядке жалғыз қол қойғаным жоқ. Таразышы, 
қырманшы, есепші – он бір деп жазған, мен бекіттім. 
– Бұл не дау? – деп мына тұстан аудан әкімі кеп килікті. — Күрішші бекерден 
бекер шырылдамаса керек. Ақиқатына жеткен жөн. Қане сол қырманшы, есепші, 
таразышыны шақыр.
Сұлтанғали ішін тартты, агрономды ала көзімен ата қарады.
Тізіліп куәлар келді. Соның бірі агрономның әкесі Ақәділ ұста.

– Қане, тап кеше Батырдың күріштігінен неше мәшине күріш келіп түсті? – 
деп Ғайнекең жеке-жеке сауал қойды. Қолында ІШүкіман бекітіп, өңгесі қол қойған 
жапырақтай сарғыш наряд қағазы.
– Ағасы, тап қазір жадымда жоқ. Күрішті жалғыз Батырдан қабылдамаймыз. 
Кешенің өзінде қырманға екі жүзден астам мәшине астық түсті. Қайсыбірін есте тұтамыз, 
– деді жүгерідей кедір тісті есепші қыз. – Қағазда не жазылса – сол ақиқат.
– Батырдың кеше өткізгені үш жүз отыз центнер, — дейді таразышы жігіт безілдеп.
– Қойын дәптерімде жазулы: үш жүз тоқсан центнерден кем болмауға тиіс, – деп 
Батыр шыр-пыры шығады.
– Мен қабылданған астықтың сақталуына, талан-таражға түспеуіне жауап 
беремін. Бұл даудың анық-қанығына көзім жетпейді. Бұлар келіп қағазға кол кой дейді, 
иректей саламын, – дейді қырманшы қарт. Жүре беріп бір нәрсе есіне түскендей кілт 
қайрылғаны. – Зады Батыр өтірік айтпайтын жігіт. Жаңылысса – осындағы балалар 
жаңылысқан.
Сұлтанғали істің өстіп насырға шабарын әлгіде-ақ сезген, тіпті Батырдың шаң 
сыпырған салақұлаш балағынан шошынған.
– Ғайнеке, осы іске жауапты адамдар анығына жете жатады ғой. Каналды 
керіп қайталық, – деп әңгіме аужайын басқа жаққа бұрды.
Мына сөзге Ғайнекең шарт етіп ашуланды. – Диханның тонналап күрішті жоғалып 
жатады. Көлеңкеде отырып жалған наряд жазасыңдар. Біреу ала жаздай масаға 
таланып тер төгеді, біреу шәниіп жатып, рақатын көреді. Осы да ұсақ-түйек болып па? 
Шеттеріңнен жіпке тізіп сотқа берер адам жоқ, әйтпесе абақтыда шіритін жансыңдар!
Әкімді осыншалық көк дүлей халге жеткізгеніне Батыр өз-өзінен қысылады. 
«Әкімге сөз келтірдім-ау», – деп іштей можыды. «Екі мәшине күрішпен ұшпаққа 
шығатындай несіне шатақтастым осы? Неге ағайын жолына құдайы деп қоя салмадым? 
Ел жақсылары «пәлеқор» деп жазғырады әлі, «майдагер» деп көзге шұқиды әлі. Аудан 
әкімінің осында екенін білмедім ғой. Білгенде — аш құлақтан тыныш құлақ — бұйырғаны 
болар деп егіс басында жүрер едім».
– Істің анық-қанығына жетіңдер! Диханның күрішін тауып беріңдер! – деді 
Ғайнекең қиюы кеткен әңгімеден шаршап. Қырманның жел өтіне аяңдады. Далабай сол 
тұста жүрген еді. 
«Кейінгі кезде тым ашуланшақ болып кеттім» деп ойлады. Шаруашылық 
басқару қияметтің қыл көпірі. Оңға бұрылсаң – әділеттен шығасың, солға бұрылсаң – 
көпке жақпайсың. Періште емеспіз, кемшіліксіз, қателіксіз жүру және қиын. Ауыл әкімін 
қаншама кіналап, сөксе де, іші сезеді, бұл байғұстың ас-суы адал. «Қайтсем жазып 
қаламын» деп жоғарыдан қорқады, еңбек адамын айтқанына көндіріп, айдауына 
жүргізем дей-дей діңкелейді. Мың кісінің мың түрлі мінезі бар. Біріне жақсаң 
келесісіне жақпайсың, жоспар мен міндеттеме жан алқымынан алып буындырып және 
жүр. Енді қай жағына жетеді? Біз айтамыз міндеттемеден шық, әйтпесе қалың папкеңді 
үстелге қой деп. Дихан айтады: айқай-ұйқаймен төбемізді теседі, бұра тарт, 
бюрократ, уәдесінің түрі — «көрерміз» деп. Алыс ағайын айтады: рушыл, жікшіл деп. 
Жақын ағайыны айтады: көлеңкесінен қорқады деп. Сонда бұл байғұстардың бара-бара 
халі нешік? Төбесімеy жүрсін дейміз бе енді, әлде көкқұтанға ұқсап сыңар аяқтап 
тұрсын дейміз бе».
Түске тырмыса күннің көзін бұлт алды. Қызылқұм жақтан бұрқырап 
бұйраланып шыққаны ғажайып!

«Күздің сүмелегіне ұрынбасақ жарар еді» деп ойлады Ғайнекең. Онда анық 
сұмдықтың басталғаны. Дестедегі күріш дым тартады, комбайнға шайналып, дәні 
түспейді. Ысырап шаш-етектен. Ол кезде міндеттеме түгілі жоспардың өзін орындау 
қиынға түседі». Әлсін-әлі көкке жалтақтап қарады, қалтырап бара жатқан қолын жан 
қалтасына салды.
Қырманның түстік шетінен айқай шықты.
Телегей теңіз мұхит айдынында жүзіп келе жатқан кемені елестетті. Әлгіде ғана 
тыншу жатқан момақан айдын бүліне бастады. Нақа түпсіз тереңде әлдебір алып жайын 
аласұрып тулап жүргендей. Теңіз бетіне секіріп ойнап қошақан толқындар шығады, 
уақыт өте әлгі толқын қошқарға айналады, бір-бірімен теке-тіресіп сүзіседі, мөңкиді; 
сөйте-сөйте қозы толқын өгіз жойқынға өсіп жетіледі; енді сұмдықтың алды осы. 
Кемедегілер жанталасып желкенге жармасады, желкеңді жияды, құлақ бауды 
ағытады. Астындағы өгізше өкіріп тулаған теңізден рақым күтіп көк айдында арпалысып 
кете барады. Сол көк айдын – мына күрішті Түгіскен, сол кеме осы қырман. Жанталасып 
жүрген бір жан.
– Кенепті әкел! Кенепті! 
Бұлттың артын жел түре бастапты
Өзі де шыдамады. Жүгіріп қырманның жел жақ өтіне шықты. Жұрт аса үлкен 
кенепті қаумалай көтеріп тау боп үйіліп жатқан астыққа жапқалы жүр. Бұл да бір 
пұшпағын ұстады. Жауынның алғашқы тамшылары тигенде кенепті кымтап та үлгірген. 
Кенеп жетпей ашық-шашық екі үймек қалды. Жеңіл газикті ауыл қоймасына жөнелтті. 
– Кенеп, қап, қанар түп-түгел қырманға жетсін! – деді бастық. Осы мезет найқын 
танаптан күріш тиеген отыз қаралы машина тізбегі көрінді. Күллісінің үсті ашық.
– Дереу мәшиненің үстін жабыңдар!
– Сұлтеке, күріш танабына адам жөнелтейік! Комбайн атаулы тегіс кідірсін. 
Дихандар қырманға келсін!
– Төрт бөлімшеге де шабарман жібер!
– Тоспа жабық па екен, соны байқаңдар! 
– Үй-үйден киіз, алаша жинап келіңдер!
Ендігі бір мәурітте көгілдер күріш танабында торғайдай тозып жүрген дихан 
бас құрай бастады. Күллісінің көзінде үрей, көңілінде мұң. Себелеп жауа түскен бұлтқа 
жалтақ-жалтақ қарасады. Бастарын шаңға тығып алғандай топырақтан әзер көрінеді.
– Тік тұрған күрішті құлататын болды.
– Жатка алмаса азаптың көкесін сонда көреміз.
– Өлермен еңбектің зая кеткені!
– Орақ енді қызғанда қара аспанды су алды ғой. Ауылдан жеткізілген кенеп, киіз, 
алаша, қап дегенің қырмандағы тау-тау астықты жауып, қымтауға жетті. Күрішке ылғал 
өтпейтін болды. Әсіресе қырманшы ұстекенің көңілі тынды, селбелеген жауын астында әр 
үйіндіні төңіректеп әлі тентіреп сенделіп жүрген. 
Далабай жауын астында тосылып қалған.
Жігіт жанын мазалаған жай бар. Ақ жауыннан қорынып даладағы дихан, 
комбайншы, жаткашы, шофер, орақшы қыз-келіншектер түгелімен қырманға кайтқан. 
Тақтай үйшікке үймелеген. Іштерінде Батыр жоқ. Далабай көңілін үрей биледі. Диханның 
саусақпен тірегендей сабалаған жауын астында жүруінде не гәп? Қосқа қалай келмей 
қалды? Сауалына жауап таппай, тәуекел деп іздеп шығуға бет алған. 
Ұстекеңнің кенеп плащын сұрап киді. 

Әуелде күріш тасыған мәшине жолымен жүрген. Жауын езіп жіберіпті. 
Жылбысқы балшық туфлиіне желімше жабысты. Жолсызға түсті. Плащынан 
дымданып су өтті. Көз ұшындағы Батырдың күріштігіне төтелей тартқан, оқпан, атыз, 
арық, канал адымын тұсап бөгелістей берді.
Кеудесін бұрын-соңды сезіп білмеген сыздауықтай қапалық қысты.
Әрәдік арық жиегіндегі пәлегі сарғайып, қауыны мен қарбызы рәсуә боп шіри 
бастаған бақшалық кезігеді. Күллісіне күрішке сепкен у дәрі сіңген, күллісін иелері 
тәрік етіп тастап кеткен. Құйқасы қоңды, суы мол сырды ақтаңдақ қылып аздырған, 
алабота мен най қамысқа айналдырған, жер күтпеген диханға налиды, сол пақырларды 
күндіз-түні күрішке қуып мәңгүрт күйге түсірген ауыл белсендісіне кейиді. Осы қиқудан, 
осы шапкыннан танбасақ ертеңгі балалар өсіп жетілгенде кай жерге егін салады, қай судан 
балық аулайды, қай тоғайдан қыртауыл, кекілік қағады десеңші?! Әлде олар тас шайнап, 
топырақ жейтін ұрпақ па? Мана аудан әкіміне осы сауалды көлденең қоймақ еді.
Енді міне байтал түгілі бас қайғы болып жауын астында бүрсеңдеп келе 
жатқаны. Аяғындағы ағылшын туфлиі лақа ауызданып жалписын, плащынан 
дымданып су өтсін. Аспанға әлсін-әлі жалтақтайды, сұр бұлттан саңылау табылсыншы. 
Әуелгіде көз ұшында көгерген күріштікке демалмастан жетермін деп дәмеленді. Жол 
жүрсе ұзарады білем. Каналдың арғы-бергі әр тұсынан үйірінен адасқан пілге ұқсап 
комбайндар қалқияды. Алдынан бір атыздан соң келесі атыз көлденеңдеп жолын 
бөгейді.
«Батыр бір пәлеге ұшырамаса жарар еді. Мана екі мәшине күрішін қолды етіп 
қапаланып кеткен. Жүйкесі тозып, бейнеттен қажып жүрген жан қай-қайдағыны 
ойламасын».
Таныс қамыс күрке шалынды. Жол тосқан мыстан кемпірдей бүріседі. Ішіне енген. 
Көлкіген су. Тайғанақтап жантая жығылды, шалықтаған қолына орақ ілінді. Күріш 
орысуға көмекке келген қыз-келіншектің сайманы болды. Батыр жоқ. Қостан қайта 
шықты. Аңыз жиегіне жетіп, тізесін бүгіп, әріге сүзіле-сүзіле үңілген.
– Ба-а-атыр! 
Даусы жез кернейден шыққандай азынап естілді.
Және дауыстады, және сол тысыр-тысыр. Әлдекім әріде тысырлатып күріш орып 
жүргенге ұқсайды. Арбаңдап солай жүгірген. Өз көзіне өзі сенбей кібіртіктеп қалды. 
Батырекесі сабалаған жауын астында екі бүктеліп күріш орып жатыр, қасына келген 
Далабайға назар аударар емес.
– Оу, бұл жанқиярлығыңа жол болсын?! — Білегінен ұстаған, от боп жанып тұр. 
Үндемейді.
– Қызуың бар, суық тиген ғой! – Жанарының оты сөнуге айналған.
– Адыра қалсын күріші. Қосқа жүр! – Жетелеген күйі қосқа сүйреді. Қамыс күрке 
азынап кетіпті. Батырдың тісі тісіне тимей сақылдай бастады. Әлуетті жігіттің орнында 
жылым жұтып суға кетіп әзер шығарған шалажансар өлімтік қалыпты. Аяғын басып тұра 
алмады. Қостың іргесіне шалжиып құлай кетті. Басы жерге тиісімен қор ете түсті.
Бұдан арғысы Далабайдың еміс-еміс есінде. Батырды күріштің сабанымен орап 
жылытқаны, қырманға қайыра жүгіргені, қас қарая қосқа «Беларусь» тракторымен дәрігер 
әкелгені белгілі. Шалажансар Батырды түн ішінде үйіне жеткізді. 
Кейуана мен Алтынтана жаманшылыққа жорып үрпиісіп қалған. Дәрігердің жөн 
сөзінен кейін жүрек тоқтатты. Кейуананың тілі ащы екен, құлақты жарып барады. 

– Жалғызымды жалмағалы жүрсіңдер. Күріштен басқаны ұмыттырып делқұлы 
еттіңдер. Егісін топан сумен шайдыңдар. Беласар шпанамен төбелестірдіңдер. Шыбын 
жанын шырқыраттыңдар. Енді есінен тандырыпсыңдар.
Далабай басу айтуға оқталып еді, бет бақтырмады.
– Жазда құдды өзіңдей шаш қойған ғылым адамы келіп Айменкүнімді азғырып 
алып қашып кетті. Жерден шыққан жік секілденіп сен келдің бе енді? Батырдың 
бір басын екі ете алмай жүргені мынау!
Алтынтана араға түсті.
– Таудағы Жаңыл апамның баласы ғой, – деді. Өзі қолды-аяққа тұрмай ұшып 
жүрген. Ағасының төсегін жайғады, басын биіктетті, пешке от тұтатты, су жылытты. 
Дәрігердің алып кел, барып келінің өзі үдеп
барады. Кейуана қызының сөзінен тосылып қалды. Жанарын жымситып Далабайдың 
жүзіне ұзақ сүзілді. Иә-ә, дүние кезек деген осы. Бұл бетпағың Жаңыл екеуі Ақүйік өзенін 
жағалай жайлаған Қырғызәлі аулына қатар келін боп түскен, ақ жаулықты қатар салған. 
Онда ошақтарының түтіні тік шығушы еді, қайын ата мен қайын ененің әлпештеген қос 
келіні еді. Енді ше? Қарағаштың басында қарқылдаған қарға да бір, бұл да бір. Қадір 
түсінер қатарың кеміген соң, кешегі дәуренің келмеске кеткен соң – әркімнің көзіне 
шыққан сүйел екенсің.
Кейуана қарап отырып кемсендеп жылап қалды.
Далабай кимешекті ана жүзінен алыста қалған әдемі, келісті шапақты таңның 
шұғыласын көргендей болды.
Ананың қатқыл алақанын алып қоштасты. Батырдың жанына тақады, дәрі ішіп, 
жылы үйге кіріп, жүзіне қан жүре бастапты. Кірпігі қимылдайды. Қолын қысып ыммен 
бас изесті. Батырдың үні құлағына тым қашықтан талып жетті.
– Разымын. Манағы екі мәшине күрішімді Беласардың үлесіне қосып 
жіберіпті. Агроном сөйтіп жазыпты. Есепші қыз айтты.
48
Көне Сырдарияның суы қайтқан. Ерте көктемде құлашын кең жазып, 
жайпауыт жағаны асау толқын – алақанымен сипап, жарқабақты, қойнаудың астын 
үңгіп, орта тұсы шүңейттеніп найқалып ағатын. Бейне Түгіскен даласына үлкен қанар 
қазынасын көтеріп келіп лақ еткізіп ақтара салған Қызыр Ілияс – диханбаба әулеті секілді. 
Содан алатаң жаздай ұзына каналдың өн бойын қуалап, арықтың аш құрсағын теуіп, одан 
атызға аңырай жайылар: ақырында қашыртқы шұқырда өлі суға айналар. Жазықтың 
үстінен ұшақпен ұшар болсаңыз әр жерде көздің жасындай мөлдіреген көгеріс көрінер: 
бұл өлі су. Көлікпен жүрсеңіз, қолдың саласындай сайқын канал жол кесер: бұл 
Түгіскеннің бүгінгі қан тамыры. Күзде Сырдария тойдан қайтқан жолаушы. Арнасы 
орталанып, тартыс-жұлқыстан шаршаған көкпаршыдай әр жағаға бас ұрып, қайраңын 
ашар, байырқалар. Жағадағы алып үйеңкі айбарлана шулап үшкіл жапырағын төгеді. 
Аңыз атаулы ақтаңдақ, елі кеткен жұрттай құлазып жатыр. Аңыз төрі қырдағы малшы 
қауым Талап пен Бірліктің қыстауына айналған. Қара күздің осы сұрқай суретіне қарап 
тұрған Батыр мен Далабай іштей толқулы-тын. Орақ бітіп, келер жылға егістік жер 
айдалған. Түгіскендік ұжым міндеттемені орындап шықты. Батырдың есімі ел аузына 
ілікті, аудан дихандарының алды болып асуды алды. Ойлап қараса бір жазғы бейнеттің 
өзі бетке жаңа әжім сызыпты, самайға ақ қосыпты, жүрек лүпілін кемітіпті. Мол өнім 
жинаймыз деумен талай түн ұйқысыз өтіпті, біраз ел жігіт аулынан көшіпті. Ойлап 
отырса, дихан мінезі мына толқып жатқан көне Сырдария секілді: әйтпесе жанталас 

жұлқыспен күріш өсірер ме, өзегі қарайып ашығар ма, масаға таланар ма, қызық күлкіден 
баз кешер ме, кірсіз көңілге кірбің түсірер ме, әркіммен итше ырылдасар ма. Өзен мінезді 
болмаса – көлеңкеде тыныш жатып ұйқы қандырар еді, қыз-келіншекпен сейіл құрар еді, 
қоңызша домалатып дүние жинар еді, Беласар болар еді. Бұл екеуінің Сырдария мен 
Қаратаудан көшіріп алған қасиет-кепиеті аса мол.
– Сырда жүріп бір мәрте суға шомылмастан жазды өткізіппін, – дейді Батыр 
терең күрсініп.
– Келер көктемде де күріш егемісің? – деді Далабай көңілсіз ғана.
– Сен секілді оқу тауыспадым. Қол артар ағайыным және жоқ. Қайда кетем. Осы 
бейнет маңдайыма жазылған ғой!
– Жалықтырмай ма сені?
Жалықтырды.
Батырды ащы ой кеміріп жеп қойды.
– Енді «жалықтырды» деп жарияға жар салмаймын ғой. Адаммын, намысым 
бар, ортам бар. Солардың алдында өліп бара жатсам да сыр бермеуге тиіспін. Пешенеме 
күріш жазған.
Батыр жанарынан жылт еткен ұшқын көрді.
– Шаршадым. Көктемге дейін аздап демалып, аздап ес жиып алғаным жөн 
еді.
– Демаласың, әлі-ақ Астанаға барып алшаң басып жүресің.
– Сенің-ақ қалжыңың таусылмайды, Далабай.
– Шын айтам. Өзіңді жерлестерің парламентке депутат етпекші көрінеді. 
Парламент мәжілісіне, анкетің облыс әкімдігіне қаралды.
– Беласар иттің арандатып жүрген өсегі болмасын.
– Ғайнекеңнің өз аузынан естідім.
Батырдың қуаң тартып тозған жүзіне нұр жүгірді. Бұл нұрды Далабай көрмегелі 
қашан. Сонау бір сағымдай бұлдырап қалып қойған балалық шақта, Ақүйік өзенінің жап-
жасыл жағасында асыр сап ойнап жүрген кезінде көргені бар-ды. Содан бері 
Батырдың алабұртып толқығаны, шабытқа кенелгені, тұрмыс тауқыметін сәтке де 
болса ұмытып сәбидей шаттанғаны осы шығар. Адам діні қаншама қатты десе де – оның 
балқып еритін кезі, іштей ширығар кезі, бордай үтітіліп тозар мезеті болады. Батыр 
жанарынан өмірдің осы пәлсапасын таныды, оңаза кеспірден мол сыр ұқты.
Екеуі жаяулап ауылға қайтты.
Маса кетіп, шаң басылып, ауа тазарды, Сыр табиғаты күзде ғана қанық бояуға 
малына ма, қоңырқай тоғайы, әр жерде селтиген жабайы жидесі, ұшып-қонған ала 
қарғасы, табын-табын сиыры, күллісі даланы – соншама көркемдеп жіберген. 
Табиғатта марғаулық, бойкүйездік бар. Келер көктемге дейін қалың ұйқыға шомған аю 
тәрізді марайма мінезге ие. Далабай әмбе әсершіл, әмбе көңілді күйге түсті.
– Кешке дейін Сыр бойын жаяу аралайықшы.
– Оған уақыт қайда? Кеңсеге барып есебімді алуым керек, — дейді Батыр, кежегесі 
кейін тартып.
– Соңғы мәрте Сырдарияға қармақ салып қайталықшы.
Ойбай, уақытым жоқ оған. Кешқұрым үйге сексеуіл түсіруім керек. 
Сонымен екі дос көшенің балшығына малынып кеңсеге келген. Сұлтанғали күріш 
орағы бітісімен демалыс алып курортқа аттаныпты. Оның орнында қалған агроном – 
Шүкіман. Үңірейген кең залға кіргенде құлақтарын есепшоттың тырсылы қажады. Бас 

бухгалтермен сәлемдескен, қолы-қолына жұқпай шот салып отыр. Бас мұрапқа бас 
сұққан, сәлемдесуге мұршасы жоқ, ол-дағы есепшотты тырсыл-тырсыл қағады. 
Қырманшыға қол берді, онын алдында да тарбиып есепшот жатыр, бұл көкең тасты 
оңды-солды бытырлатады дерсің. «Не пәле бұл?! Бәрің есепшілік қызметке 
ауысқансыңдар ма?» – деді шыдамай.
– Биыл міндеттемеден шыққанымызды білесің ғой, – дейді ежірейіп агроном.
– Е, білмегенде.
– Ендеше міндеттемеден шығу деген — жеңіс, таза пайда, кіріс ақша деген сөз. 
Соны есептеп жатырмыз.
– Есепшінің шаруасы емес пе ол?
– Жалпы ауыл бойынша цифр әлдеқашан белгілі. Енді мемлекет артық күріш 
сатқанымыз үшін пәленбай мың теңге қосымша ақы, бәйгі босатқан. Соны санатқа салып 
бөлісеміз. Бұл тырсыл әркімнің өз пайдасының есебі. Далабайға енді түсінікті болды. 
Алғашында ауылға әлдеқайдан тексеру келіп қалды ма деп ойлаған. Сөйтсе мамандар 
өздеріне тиесілі қосымша ақыны бөлісіп жатқаны көрінеді. Агрономды шаруасынан 
тағы бөлді. Еріксіз килікті. 
– Батырдың есебі әзір ме?
Далабай ойлаған: Батырға көмектесіп ақысын тез алып бере қояйын деп.
Шүкіман ойлады: бұл қазағың жақынсып Батырды жегелі жүр деп.
– Мен білмеймін. Бухгалтерге барыңдар, – деді агроном. – Бухгалтер тонын 
жамылып, ақ шәйнектен шай сораптауға кірісіпті. Бусанып терлеп отыр. Көңілі жай 
секілді, көзілдірігінің үстінен сүзе қарайды. Батыр мен Далабай келген шаруаларын 
мағлұм қалды.
– Озат күрішшінің жылдық жалақысын, қосымша ақысын, бәйгісін есептеу үщін 
көп-көп қағаз көшіру керек, отыру керек, – дейді.
Далабай бухгалтердің сөзінен ішін тартып қалды. Әлдене дәметіп отырған секілді. 
«Көп-көп» деп міңгірлеуі жаман. Шәйнектегісі шайға ұқсамайды, буы шықпайды, иісінен 
сезді, бухгалтердің көз қып ақ құманға құйып ішіп отырғаны коньяк. «Ой, сұм-ай, шакпақ 
қантты тістегенсіп еді, шәйңегін суырмасына сүңгітіп еді, коньякті шай ғып ішіп шалқып 
отыр екен ғой»... Бағжиып отырған байғыз бухгалтерді жағасынан алып жүндегісі 
келді. Бухгалтер ауданнан келген өкілдің түсі бұзылып кеткенінен шошынды, іші қылп ете 
қалды. Зымыстан байғыз мінезді екен.
– Түнімен көз ілмей есептеп шықтым. Мінекей, – деп суырмасынан қабырға 
газетіңдей қалың қағазды суырды. – Бейнетімді жемессің, қол ақы, көз майы деген 
болады, Батырекесі. 
Батырдың қосымша ақысы үш жүз сегіз мың теңге боп шығыпты.
– Шүкіманның қосымша ақысы қанша? – деп сұрады Далабай.
– Басшы қызметкерлерге қосымша ақы төленбейді, тек қана бәйгі бөлінеді, – деді 
байғыз бухгалтер.
– Бәйгісі қанша сонда.
– Жеті жүз мыңның үсті.
– Пәлі деген! Сонда жыл он екі ай жер баптап күріш еккен диханнан ат үстінен 
түспеген бастық екі-үш есе артық бәйгі ала ма?
– Далабай қарақ, ой еңбегі мен дене еңбегінің ара қатынасын біздің киіз кітапта 
безбендеген адам жоқ әлі. Бас ауыртып не қыласыз. Күллі қосымша ақы, бәйгі 

дегендердің ақпарына қол қойып бекітетін әкім. Ал ерегіссең әлгі үш жүз сегіз мыңға қол 
қоймай қояды. Жарты тиын да ала алмайсың сосын, без теріп кетесің сосын!
«Сосын-сосыны» көбейгесін-ақ байғыз бухгалтермен айтысып пәтуа таппайсың; 
құр босқа ауыз көпірту боп шығады.
Батыр қосымша ақысына ордер сұрады.
– Тоқтай қал, Батырекесі, – дейді байғыз бухгалтер.
– Әуелі бойдақ салық ұстаймын, сосын шаруа салық... Жазда жеке меншік сиырың 
күрішке түсіпті, қарауылдың актісі бар, соның айыбына қырық мың, несие қарызың бар, 
оған елу мың теңге, жазда ұжым қоймасынан екі мәрте ет, жетпіс кило алма алғансың... 
Байғыз бухгалтердің тасы тырсылдаған сайын Батыр шекесіне жаңғақ шаққандай 
кіржіңдейді. Тегі қарап тұрып кісі аяйды екен; дардай соманың тауық шоқып, ит 
талағандай болып сиырқұйымшақтанып бара жатқанын көргенде жаны ашып кетті. 
Шыдамай шығып кетті. Кеңсенің әр тұсынан есепшот тырсылы естіледі. Осы тырсыл 
күрішші дихандардың шекесіне тиіп жатқан жұдырық секілді. Тынысы тарылды.
Сыртта, күншуақта екі-үш комбайншы, баяғы ұшқыш жігіт отыр екен. Тапырлай 
тұрысып қол алысты.
– Қалай, ұшқышым! Ендігәрі бақшаның үстіне у дәрі себесің бе? – деді.
– Әдейі сеппеймін-ау. Желі құрғыр әкетеді ғой.
– Бар гәп басшылардың бақшалыққа бөлген жері күрішке тым тақау жатқанында, - 
дейді комбайыншы. 
– Әйтсе де қарапайым диханның еңбегін еш қылмаған жөн.
– Есімнен шықпастай етіп ескерттіңіз ғой, ағасы, - дейді ұшқыш жігіт. Өзінің 
ұсқынсыз кеспірі болмаса – есер емес секілді. Баяғыда ашу үстінде тілі тигені рас. Біраз 
жұрт ұшқыштың тісін сындырыпты десіп гулескен. Тісін сындырған бұл емес, Беласар еді. 
Екеуінің әріден көкейінде келе жатқан қыжылы бар көрінеді. Ұшқыштың мас боп жүріп, 
кімнің ұрғанын білмей, кейінше «тісімді Далабай сындырды» деп байбаламға басқаны 
бар... Өстіп әңгімелесіп тұрғанда іштен шөкімдей боп кішірейіп Батыр шықты. Қалтасына 
көп ақша қонақтай қоймағанын сезді. Жанын тырнағысы келмей демеді, тіркесіп көшеге 
түсті. 
Көше дейтін көше де емес, шаңға батып, шүпірлеген бір тектес стандартты 
үйлердің қатар-қатар тізбегі ғана. Тізбектің күллісі машина жөндейтін кең аулалы 
ұстаханаға тіреледі. Батырдың үйі ауылдың шығыс бетіндегі қазақы тамның ішінде. Ол 
жақта бау, жоңырышқалық көгереді. Стандартты үйлердің маңы жалаңаш, бірінің 
ауласында белі кеткен трактор, бірінде комбайн, келесіде жатка жатады: жергілікті жұрт 
бұларды «Жатақтар» деп айтады. Ал Түгіскен етегіндегі қазақы үйлерді «Малды ауыл» 
деп атайды. Батыр Малды ауылдың тұрғыны. Қабағынан кірбің арылмай әлденеге кейіс 
танытып келеді.
– Бүгін бір битімізді салып ішейік, – деді Батыр. – Ұстекеңнің үйіне бұрылып сәлем 
беріп шығайық... – деп екі дос оң бүйірге бұрылды. 
– Ұстеке, мынау сізге әкелген базарлығым. Мынау насыбайыңыз.
– О, не? Базардан келіп пе едіңдер?
– Жо-ға, еңбек ақымды алған едім.
– Жөн-жөн. Биылғы еңбегің ерен болды, балам! 
Далабай жартылай жонылған қобыз шанағын аударып көрді. Құлағына алыстан 
әлсіз ызың жетті. 
– Мына Далабай әңгіме тыңдаймыз деп болмады.

– Тұрған жерін бүлкілдетіп, тыныштық бермейтін жан деген болады екен, – деп 
ұстекең көшелі сөзге түсті. – Адам жас кезінде әлгі жан дегені аяғында болады-мыс: 
содан бала тынымсыз, шаршамайды. Жігіт шағында жаны кеудесіне келеді екен: 
жастардың көкірек көтеретіні содан. Қартейген кезде әлгі жан жылжып кісінің жағына 
жетеді-міс: содан қақсауық, сөйлемпаз болады екенбіз. Қазір менің жаным жағымда екені 
рас. 
Далабай сөзге араласты.
– Сіздің жаныңыз саусағыңызда ұстеке!
Қобыздың шанағын құлағына тосты. Угәй-ай, угәй-ай. Қолына қобыз алса – 
құлағына келетіні әлгі дыбыс. Гармонь алса: ым-баппа, ым-баппа. Домбыра ұстаса: төри-
төри, төри-төри. Сол угәй-ай көненің көзіндей қобыз шанағына сыймай-ақ жүр екен. 
Тұла бойын шымырлатып, алыс көкжиекке жетеледі, ол көкжиекте мұң бар, жаяу 
тіршіліктің шері жатыр. Кісі көзіне көрінгенді ғана сезіп-біліп жүре береді ғой. Ал алыс 
көкжиектегі асыл мұрат, соны әуездер қобыз ырғағымен ілесіп келері хақ-ты. Жан 
дүниеңмен тұшынасың, сезінесің, ерисің, толқисың. Тап қазір Далабайдың қан тамырын 
әдемі ырғақ кезді, жүрегін желік биледі, құлағында угәй-ай безілдеді. «Кененбай секілді 
күйші болсам ғой» деп армандады. Кененбай осы Сырдың саңлақ күйшісі. Кененбай күйді 
кеудесімен тартқан, қолы жүгірмеген, Кененбай күйімен бозторғайды қондырыпты. 
«Осы қобызды өзіңе жасап жатырмын», дейді ұстекеңнің еміс-еміс даусы төрт 
жақтан. 
«Домбыраңызды беріңізші, Далабай Әлшекейдің күйін шертсін», – дейді Батырдың 
күңгір-күңгір үні.
Қолқаға қолп ете қалатын әдеті. Қобызды ұстекеңе қайырып, төрде ілулі тұрған 
домбыраны алды. Жидеден шапқан шағын шанақ, ұзын мойын, имек құлақ асыл аспап 
қол тисе-ақ дыңылдап тұрады екен. Дыбысы алыстан күңгірлеп естілді. Құлақ бұрауын 
Сүгірдің «Қосбасарына» сап келтірді. Сосын Әлшекейдің Құлан ақынға арнап шығарған 
«Құлан» күйін бастап кетті. Әуелгіде әуен сылаң қағып сұңқылдап естілді де бара-бара 
бояуы қоюлап, зар ма-ау, өксік пе-ау, әйтеуір көкіректі қарс айырар бебеуге басты. Бебеу 
тағдыр тәжікесін көп көрдім деп безілдеді. Бебеу – жалғыз аяқ жоқшылықтан 
құтылмадым деп құлдырады. Бебеу – ақын өрлігін дәріптеді. «Біз келген бұл жалғанға 
саудагерміз, керуеннің алды келсе арты жөнер» – деп тағлым тақпақтады.
«Ой-бо-ой, бүйтіп гөй-гөйлей берсек Құланды көрден қайта тұрғызармыз», – дейді 
ұстекең күй әсерінен арыла алмай. «Осындай өнеріңмен масаға таланып, шаңға батқан 
ақпа құлақтармен қалай ғана табақтас боп жүрсің», – деп кеңкілдеді Батыр. «Саусағың 
өлмесін, жарқыным», – дейді Әдемі кейуана төменгі жақтан.
Далабай күйді кілт үзбейтін, ұзақтан қайырып, мол сарындап, дыбыс теріп отырып 
алды. Домбыраның үні бірте-бірте алыстай берді. Ақырында самаурынның ызыңына 
араласып қош-қош айтысты. Дастарқан жайылды.
Тыстан әлдекімнің топырлап бәтеңкенің бауын ағытқаны естілді. Есік ашылып – 
Беласар кірді. Қол алысып амандасып шықты. Үйдегі үш еркек су тиген қарақұрттай 
жиырылсын. Сұғанақ көршінің бұл келісін құп көрмеген. Оның үстіне пәлен жыл 
бақталас болып жауласып жүрген Батырдың, жаздағы жиналыста бет жыртысқан 
Далабайдың үстіне кіруі, амандық сұрасуы әбес-ті. Тақауда ауданнан тексерушілер тобы 
шықпақ деп естіген. Олар Беласардың күріш орағы кезіндегі айла-шарғысын, 
астыртын саудасын тексермек, жымысқының жолын кеспек деп естіген. Далабай талай 

ыза баспас қу мен жегіні көріп жүріп – тап мынадай сойқанмен ұшыраспаған. Түк 
болмағандай тегі.
– Сіздерді әдейі іздеп келдім. Ертең Мейрамқалаға көшпекші едім. Осы ауылдағы 
ағайындарға көже беріп, қайыр-қош айтыспақпын. Жүре қалыңыздар. Мал союлы, 
қуырдақ әзір.
– Әкімнің рұқсатынсыз қалай көшпексің?
– Арызыма Шүкіман қол қойды. Есеп айырыстым. Жұрт маған қарыз болмаса – 
менде қазақтың көк тиын аласысы жоқ.
– Он екі бөлмелі үйді, әуізді, гаражды қайттің? – дейді Батыр. Таңданғаны 
соншалық, тап қазір ғой ашылған аузына шыбын кіріп кетсе сезер емес. Мына хабар 
отырғандарды түгел омсырайтқан. 
– Балаңызға саттым.
Ұстекең агроном баласының бұл қылығына қарны аша опынды. Бейне баласы 
Беласардың үйімен қоса зұлымдығын, дүниеқоңыздығын ақша беріп сатып алғандай 
көрінді. «Бір ауыз ақылдасса іші кебе ме? Кейінгі кезде тым тайраңдап кетіп еді: тегін 
болмады. Тығыншықтай болып семіргенінен шошынған. Жөнді-жөнсіз танауын 
шүйіргенінен ішін тартқан. Бәрі сол қаладан келген пысықай келіннен. Әуелі сүттей ұйып 
отырған ата-енені баладан айырды. Жер ортасына келгенде жалғыз баласына енші 
беріп, бәйбішесі екеуі шошайып ескі тамда қалғаны мынау».
– Шүкіман сенің үйіңді кеңсе қылмаса баспанасы бар еді ғой?
– Кеңсе жасай ма, мектеп ете ме – онда шаруам қанша. Ал жүре қалыңыздар. 
Басшылар жиналып қалған болар. Күткенді жаратпайды. Дәке, дастарқанымнан дәм 
татып шығыңыз.
Далабай сыпайылық сақтап рахметін айтты.
– Ұстеке, онда сіз жүріңіз.
– Қонағым бар, қинама.
Әдейі Батырдың есімін атап шақырмады, ата жауын көзге ілмегенсіді.
– Сөге жамандамаңыз онда. Азды-көпті дәм-тұзды қосыла таттық. Базаршылап 
қалаға келе қалсаңыз үйге соғыңыз. Түгіскеннің текешіктерін ұмытсақ та, сіздей текті 
тұқымды ұмытпаймыз.
– Алла бетіңнен жарылқасын. – Дастарқаннан нан ауыз тиді де, қайыр-қош 
айтысып шығып кетті.
Далабай ойлағай: бұл зымыстан өзіне зауал келерін болжаған деп. Болжаған да 
алдын ораған. Енді ауданнан келген тексерушіге жұртын ғана сипатпақшы. Қалтасында 
ауыл әкімінің «қарызы жоқ, сүттей таза» деген мінездеме қағазы. Неден қорықсын. Мұны 
тура жолға салып отырған Шүкіман. Әгәрки Беласар тексерілсе, пәлен жылғы күріш 
орағындағы қулығы ашылса, күріш сатып байығаны білінсе – қылмыстың бір ұшы 
Шүкіманды табады. Таразының басында тұрған, наряд бекіткен — агроном. Біле тұра 
агроном алаяққа бұрған. Әйтпесе Беласардай ақсаусақ адамның екі-үш жылдан бері 
«Түгіскеннің түлегі» боп газет бетін дүрліктірер мұғдары кайсы? Биыл бұл көкең ауылға 
өкіл боп келмегенде – Беласарың қыранша қайқаңдап көкке өрлері кәміл еді. Қанатынан 
қақты, ойда жоқта омақастырды. 
Ұстекең ойлаған: өз кіндігіңнен шыққан баланың көре көзге бұзылып бара 
жатқаны тегін емес деп. Далабай – марқұм Доскейдің атын дабырайта білді. Әлгі 
Шүкіман намысымды аяққа басты, төрдегі басымды есікке сүйреді. Отыздан аспай 
жатып ойлағаны — дүние жию, мансап қуу, қазан үстінен күн көру. Маңдайы терлеп 

жұмыс істеп көрді ме тегі, жоқ. Өзінің азды-көпті дәулетінің арқасында оқыды, 
мамандық алды, жақсылармен жанаса жүрді, көзге түсті, енді ауылдың білдей 
агрономы. Басқа қонған бақты басынан теппесе — ішіп-жеуіне жетеді, қатарынан кем 
емес. Әуелде қаладан ала келген тікбақай келіннен шошыған. «Ағаш жонып үйді қоқыта 
береді», – деп қыңқылдасын. «Таң алакеуімнен шәугімін сылдыратып дәрет алады, 
ұйықтатпайды», – деп бұртаңдасын. «Ескіліктің қалдықтарымен табақтас бола 
алмаймын», – деп көкбеттенсін. 
Ұстекең шайпау келіннің тілі тиіп кетер деп қорықты, сөйтті де іргесін аулақ салып 
әкетті. Далабай мен Шүкіман түйедей құрдас. Бұрын байқамайды екен: әнеукүні кырман 
басында аудан әкімінің алдында өз баласы кұрдай жорғалады, «әкелеп, көкелеп» безек 
қақты. Ғайнекең «мынаны бүйтпесең», «ананы өйтпесең» деп діңкілдесе – шыбын жаны 
шығып кете жаздайды. Қарап тұрып кірерге тесік таппады. Ал Далабай ше... аудан 
әкімімен тең иық тілдеседі. Ғайнекең де ақылды жігіт алдында алмас тырнағын 
бүгіп ұстайды білем, жөн-жосықсыз әкіреңдемейді, қолжаулықша желпілдетпейді. «Дәке, 
шай ішейік, Дәке, осы қалай?» деп алдынан өтеді. Өз баласы жалпақтаумен күн кешкен 
төменшік, желөкпе, үрген қарын әншейін. Далабай өз бағасын танып үлгірген салауатты 
кісі. Шүкіман – татусыз, тұзсыз дәм болса, Далабай – тілді үйірген сыпаның асы. Ұстекең 
сұмдық шындықты ашқан, ашқан да күйінген. 
Батыр ойлаған: құдай көз жасымды көрген екен деп. Беласардан құтқардың ақыры 
деп. Беласар екеуі ауыл құрылған алпыс бесінші жылдан бері майдандасып келеді. Талай 
жиналыста текетіресті, нешеме керілдесіп жаға жыртылды, айтылмаған ғайбат
ағытылмаған боқтау кем. Дүниеде аңдысқан жаман. Беласарың талай мәрте мұның 
жолына қақпан құрды, күріштігін суға алғызды, күрішін өзіне жаздырды, «әтек» деген 
лақап таратты. Батырекесі сұмдық күйінеді, түсінде Беласарды көкпар қып тартып 
жүреді, жаназасында палау жеп отырады, өзбек келіншегі Зубайрамен тоғайда 
жасырынбақ ойнап мауқын басады. Өңінде – Беласардың қылығы бетер: «Батыр 
қарындастарын күйеуге атастырып бермекші», – деп шенейді. «Батыр тоспаның құлағын 
ашып жіберіпті», – деп өсектейді. «Батыр баяғы ғылым адамынан пәлен мың доллар алып 
Айменкүнді қолымен аттандырыпты», – деп көкиді: содан жанжал басталады, ит пен 
мысықтай болады. Қаладағы құбыр салғышпен асфальт төсегіш секілді сирақтан қағады. 
Енді жауына зауал келді. Інінен су шыққан көртышқанға ұқсап ауа көшіп барады. 
Батырекеңнің мерейі үстем. Биыл тоқсан төрттен ойып берді, ендігі асу – жүз бес, атақ 
та, абырой да өзінікі. Иә, құдая, жауларымды жер ет өстіп, сағын сындыр, үйін көшір, 
тұқымын тұздай құрт. 
Далабай көз алдына «депутат Батырды» елестетті. Костюмінің жағасынан 
мойны қылқиып, балағы шұбатылып, жиналысшыл болады. Облыс басшысы бар, 
малшысы мен диханы бар, бәрі жабылып астанаға шығарып салады. Аудан әкімі: 
«Батырекесі алыс сапарға аттанар алдында «қалтаны томпақтап ал, ұялып қап жүрме», – 
деп кеңес берер. Бұл көкең жүз мыңды қалтаға тоғытады. Дүбірге ілеседі. Үлкен залдың 
төрінде отырады. Қасындағы бір депутат орденін жуар, бұл үстел әзірлейді. Бір әкім 
сыбайластарына қонақасы берер, бұл даяшымен есеп айырысады. Бір басшы шашбау 
көтергендерге жолашар жасар, бұл шөлмектерді сыңғыратып әкеледі. Кімсің – депутат, 
кімсің – атақты күрішші! Осы даңғазамен Түгіскенге келіп түскенде есін бір-ақ жияр, 
қалтасында көк тиыны қалмаған. Құр қауқары әншейін. Әңгімесі дардай: пәленді 
теңселтіп жібергенде... төленді риза еткенде... көкеңді депутат сауалымен 

састырғанда... Енді өзімен әкім көкелер жүре сөйлеспейді, сөзінің салмағы – қорғасын 
болады. 
– Далабай қарағым, әкімге соры шығып уланған жердің жайын айтамын деп жүр 
едің, – деді ұстекең. – Қалай болды?
– Көрген-білгенімнің күллісін мағлұм еттім. Алдағы кеңесте жеке мәселе етіп 
қараймыз деген.
– Жерде қалмасын.
– О не дегеніңіз! Айтқан сөздің үдесіне шықпай тынбаймын. Жалғыз Түгіскеннің 
ғана емес, Сыр бойының нешеме жерінің мәз емес, есептен тыс көп жыртылған, 
танап біртегіс емес, қашыртқы жоқ, аңыздың азып бара жатқаны сұмдық! Әкімнің 
жалғыз сенгені – келешектегі жер тегістеу көрінеді. Жер тегістелсе оны пайдалану 
тәртіпке түседі, ыңғайға келеді.
«Түгіскеннің тоғайын құртып, бейберекет жыртып, сумен шая-шая бетіне сорын 
шығарып, енді бір замандары туған жерден торғайдай тозып жүрмейік» деп ойлады 
ұстекең ішінен.
«Осы дастарқанның басында айтқаным мақұл» деп ішінен лүпілдеді 
Далабай.
«Депутаттық – елді еңбекке үгіттеп, сара жол сілтейтін саясаткер болу», – іштей 
деп топшылады Батыр.
Әдемі кейуананың бапты дастарқаны қонақтарды түгел риза етті. Әуелі мейіздей 
қатқан сүр келген, майы таңдайда еріп, қаракесек еті тіске жабысып шайнатпады. Қою 
сорпаға құрт қатыпты. Қаймақ қосқан шайды қауынқақпен ішті.
Қонақкәде салтына берік Әдемі кейуана ғана Сыр елінің сұңғыла бап 
дастарқанын бүгін жасады.
– Ұстеке, – деді Далабай дауысы дірілдеп. – Осы елдегі ағайынға өзіңіз айтып 
жеткізерсіз. Жаңа жыл кешінде аудан орталығында Сая екеуміздің үйлену тойымыз 
болмақшы. Сол тойға сіздерді түгел шакырғаным. Тау елі мен Сыр елінің бас қосар 
қызықшылығы болсын-дағы.
49
Аудандық әкімшілік кеңесіне мүше болмаса-дағы Далабай бүгінгі кеңес 
мәжілісіне шақырылған. Қаралатын мәселе үшеу: бірі – аудандық мәдениет бөлімінің 
жұмыс жәйі; екіншісі – Түгіскен ауылының су мен жерді бейберекет пайдаланып жер 
мәйегін аздырғаны, бір бұрым болып ағатын үлкен каналдың тоспасын суға алғызғаны 
туралы; үшіншісі – Бірлік ауылындағы кемшіліктер, яғни Нағанай мен Алтынабала 
мәселесі талқыланбақшы. Далабай екі шаруашылықпен де етене таныс, көкейтесті 
жай-күйіне қанық, адамдарын бес саусағындай біледі. Әуелгі мәселе бойынша Далабай 
сөз алған; өзі меңгеруші болғалы істеген жұмысына тоқталды. Қызыл отау рейді, 
халық театрының ашылуы, «Мейрамқала ансамблінің» қалыптасуы, қызыл бұрыштың 
қызметі кеңес мүшелерін бір желпінтіп тастады. Кемшілікті жасырған жоқ: қазіргі 
мәдениет үйі талапқа сай емес, көп жұрт ансамбльді – әләулай деп түсінеді, кітап 
саудасының мәдениеті төмен, ақшалай жәрдем жасайтын жанашыр меценат қажет.
Ғайнекең жалғыз сауал қойды.
– Аз уақытта қыруар істің басын қайырыпсын. Құба-құп. Әлгіде кітап саудасының 
мәдениеті төмен дедің, дәлелің қайсы?
– Түгіскен мен Бірлік ауылында кітапты ішкілікке қосып сатады. Дүкенде арнаулы 
кітап бұрышы жоқ, аяқ асты жатқаны. 

– Сауда мәселесі сізге тиісті емес пе еді осы? – деді Ғайнекең аудандық 
әкімшіліктің бірінші орынбасарына бұрылып, – қашан жөндейсіз кемшлікті?
– Алдағы айда түзетеміз!
Далабайдың сөзі аудан басшыларын қанағаттандырды.
Екінші мәселе бойынша мінбеге Сұлтанғали көтерілді, аузын ашқаннан-ақ 
кітап тілімен сорғалады. 
– Түгіскен каналының дүниеге келгеніне оныншы жылға аяқ басты. Он жыл 
ішінде канал бойына жеті күріш ұжымы ашылды. Жетеудің ең көнесі, ең ірісі – 
Түгіскен. Жер жағдайы баршаңызға белгілі: ақтаңдак, кебір мен түйеқарынды татыр, 
ежелден дихан кетпені түтелеп тоздырған. «Тың» деп айту ұшқары. Солай боласа-дағы 
егіс көлемі ең көбі – Түгіскен, тыңайтқышты ең мол себетін кім – Түгіскен, гербицидті ең 
көп қолданатын кім – Түгіскен, эрозияға тез ұшырайтын кім – Түгіскен. Оу, ағайын, ғасыр 
басынан бері «жерінді күт, жоңышқа ек», – деп бір сағат мәулет бердіңдер ме – жоқ: 
өзге ауылдар күріш жинап алған соң аңызына мал жаяды, бізге мал атаулы аттады ма 
– жоқ; жоспар жылдан-жылға ұлғайып бара ма – иә: жерді жылдан-жылға көп 
жыртқызасыңдар ма – иә. Енді өл дейсіздер ме?! Екінің бірі, ағайын. Жерге тыныс 
алғызып, шөп егіп, күтіп ұстайды екенбіз – жоспар аллаһу акбар. Жоспарды қуа береді 
екенбіз – жер аллаһу акбар. Таразының басын тең ұстай алмаймыз.
– Сіз «аллаһу акбарды» қойып, мынаны түсініңіз, – деді Ғайнекең. – Жылдан-
жылға егіс көлемін ұлғайтасыз және жоғары өнім үшін күресесіз, оның үстіне жерді күтіп 
ұстайсыз. Бұл жоғарының пәрмені. Былай бұрсақ өгіз өледі, былай бұрсақ арба сынады 
деген байбаламды бүгіннен бастап ұмытыңыз.
– Екі жақты күресуге күш жетпейді!
Ғайнекең киіп кетті.
– Екі жақты емес, үш жақты күресуге күш табасыз! Мұндағы отырғандар гөй-
гөйіңізді тыңдап қоя беретін бала емес. Осы шаруаның басында шаш ағарттық, 
мемлекет жарты дарияның суын ағызған канал қазып берді, жаңа трактор мен комбайн 
жеткізді, елді үлкен іске жұмылдырды, ұланғайыр жер бөлді – енді көп сөзді қойып 
жұмыс істеңіз. Халыққа Түгіскеннің ақ күріші қажет. Ал сіз секілді сыңаржақ басшылар 
оңай табысқа ие болсақ дейді, аз уақыттың ішінде көзге түссек дейді, ел игілігін 
атаққа, даңғазаға айырбастағысы келеді. Бар пәле – өзіңдей басшының асығыс атақ 
іздегенінде, көзбояушылық жасағанында, ауызбен орақ орғанында. Әйтпесе ертеде 
талай ғасыр дихангершілігі дүрілдеген Түгіскен жері он жыл күріш еккеніңізге 
шыдамай неге соры шығып азады, тозаңы шығып тозады? Неге аптықпай, ақылмен 
істемейсіз? Сіз кеңесте боздақтатып сөйлерсіз, құтыларсыз, ауданымыздың ең бай 
ауылын алақанда дөңгелетерсіз, құба-құп: келер ұрпақ қай жерге егін салмақшы, қай 
сордан күріш ормақшы, қай жұртыңды жайламақшы?! Осыны ойланып көрдің бе? Бұл 
үстелден мен де кетермін, құлағыңның түбінде қарға құсап қашанғы қарқылдар дейсің. 
Бірақ үйіңдегі балалардың келешегін неге ойламасқа! Солардың бірі агроном болды 
дейік: күні ертең Түгіскенге келгенде бетімізге түкірмесін, туған жерін іздеп 
жыламасын де. 
Ғайнекең енді жүзін отырғандарға бұрып сөйледі. 
– Есептедік. Түгіскен бойында жиырма мың гектардай жердің соры шығып 
өлген, егіс егуге жарамайды. Осы жиырма мың гектар жерді ысырапсыз жыртып, 
сумен шайып аздырған Сариев секілді сыңаржақ басшылар. Айтпады демеңдер, 

бұл үлкен әңгіменің басы ғана. Күні ертеңдері бұл жауапсыздыққа ар-ұжданымызбен 
жауап береміз.
Сұлтанғалиға бұрылды, әкімнің жүзі өрт сөңдіргендей түтігіп кеткен екен, 
бұрынғыдан да қарая түскен.
– Осы айтылған әңгімеден қортынды жасаңыз. Келер жылғы егістік жеріңізді 
бүгіннен бастап күтіңіз, атыз, жабын биіктетіңіз, қашыртқы қазыңыз. Каналыңыз 
құламайтын болсын. 
– Жер тегістеу жүріп болған соң сөйлесейік Сұлтанғалимен, – деп аудандық 
ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы жуып-шайды. –Жұмыстарының ауыр екені 
рас, күріш дақылына үйреніспеген ел, көш жүре түзеледі...
Сұлтанғали осы кеңестен сөгіссіз құтылғанына қуанды: «қолдайтын құдайым бар 
екен» деді ішінен. «Өлген жерім осы ғой деп ойлаған. Бүйтіп жинаған атағы да, абыройы 
да құрысын, омақаса жаздадым. Аттың басын тарта шабайыншы, ақ жүріп, адал 
істейін. Беласар секілді жырынды қулардан аулақ жүрейін. Осыдан ауылға барармын, 
бір бозқасқа шалып үйіме күллі шалды жинап алармын, солардан ақыл-кеңес 
сұрайын, жер күтуді үйренейін. Ағайын арасындағы дауды шалдар-ақ шешсін. 
Кетпенімді иығыма салайын, атыз-арықты жаяу аралайын. Үкімет боп жеңіл мәшине 
ызғытқаным, кісімсігенім, дөң сөйлегенім жетер. Енді көпке топырақ шашпайын, 
жұрттың айтқанымен жүрейін, ақылмен аңдап басайын. Белсенділіктен тапқан 
пайдам шамалы».
Үзілістен кейін үшінші мәселе талқыланды.
Мінбеге көтерілген Нағанай биыл ауылдың дотацияға отырып қалғанын, шөп 
жинаудағы, мал қыстатудағы ұсақ кемістіктерді мағлұмдаған. Біраз цифрға жүгінді; 
түзелеміз, өрлейміз деп ентіге түсіп уәдесін берді.
– Аудандық әкімшілік қаулысынан бюросынан тиісті қорытынды шықпады. 
Қаракөл елтірісін тапсырудың жоспары орындалмады. Мал басы өскен жоқ. Оның үстіне 
таяудағы тексеріс ауылдан қылмыс ізін тапты, – деді Ғайнекең. – Бұған не дейсіз?
– Наурыз айы суық келді. Соның салдарынан үш мыңдай саулық іш тастады. 
Қаракөл кем түсті. Елтірінің жоспарын орындаймыз деп тірі қозыны аз қалдырдық. Содан 
мал басының өсуі шабан. Ал әлгілер қылмыс емес, аңдаусызда жіберілген қателік 
әншейін.
Аудан әкімі тұтанып кетті. 
– Үшінші ферманың меңгерушісі бас пайдасын ғана ойлайды – осы да қателік 
пе?! Тең-тең елтірі ұрланады – бұл да қателік пе?!
Кең бөлменің қолтығында бұғынып отырған Алтынбаланы жаңа байқады. Суға 
кетіп бара жатқан адам дерсің. Ұйыққа аяғын тығып алған тайлақ дерсің. Жаутаң-
жаутаң етеді, пұшайман халде.
Жұрттың бәрі тілсіз түсінді. Галстугіне қылғынып тұрған Нағанайды көре-көзге қас 
өлімге қиғандай болды. Ешкім тіс жарып ара түспеді. Бәлелі тіршіліктен бойды аулақ 
салғаны-тын, құрдым ұйықты көріп шошынғаны-тын ағайынның.
Нағанай қарап тұрып галстугіне буынды.
Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы сөз алды.
– Қосүйеңкі бөлімшесінің меңгерушісіне сауалым бар, – деді. – Тақауда барып 
көрдім, Қосүйеңкіде отыз шақты ғана үй қалыпты. Баяғы Ақүйік өзені мен Талдысу 
өзенінің бойынан көшіп келген құжынаған тау елі қайда? Бұрынғы Ынтымақ, Талдысу, 
Қосүйеңкі деп ұжымның, яғни үш ауылдың бір арнаға құйған дәулеті телегей теңіз еді.

Алтынбала кешкі көлеңкедей сорайып орнынан түрегелді. Әуелгіде аузын 
ашқанымен үні шықпады, қолындағы қағазын умаждай берді. Шикіл сары жүзі сүтін 
қақтап сауып алған мама сиырдың желіні секілді қатпар-қатпар, мыж-мыж. Езуіндегі 
алтын тісі ғана кісілік қалпын айғақ еткендей әрәдік жылтырайды. 
– Ел пайдалы жұмыс іздеп ауып кетті ғой. 
– Мінекей, үстіңізден пәленбай арыз түсті. Тоқетері: «Ағайын арасын алалайды», – 
дейді; «бірді-бірге айдап салады», – дейді; «құлқыннан өзгені ойламайды» – дейді, «өлдім 
десең де қол ұшын бермейді», – дейді.
– Мұнысы жала енді. Осының бәрі менен бұрын ферма меңгерушісі болған 
Мүлкаман дегеннің ғайбаты, әйтпесе тау елі момын, ешікмнің үстінен арыз жазбайды.
– Мейрамқалаға біразының ауа көшуіне әлгідей кісәпір қылықтарың түрткі 
болған. Ферма меңгерушісі бола тұрып кеңсеңе қоңырау орнатып, хатшы қыз 
ұстайтыныңнан шошынғам, мәшине сұраған шалдардың десін қайтарғаныңнан 
қорыққам. Алақандай ауылды «сен жәдіксің», «сен көбексің» деп ру-руға бөлгеніңнен 
түңілгем.
Алтынбаланың жан даусы шықты. 
– Ғайнеке-ай, нақақтан күйіп барамын!
Кеңсені бірауқым үнсіздік басты. Сыртта жапалақтап қар жауып тұрған: үй іші 
алакөлеңке. Жұрттың бәрі жанарымен жер шұқыды. Далабайдың Алтынбалаға жаны 
ашыды: оның осы кеңестен оңбай жаза алатыны емес, дардай жігіттің, ел ағасы болып 
қалған боздақтың алқа көптің алдында жас ботадай боздап тұрғанына іштей қан 
жылады. Жерлесінің жетесіздігіне күйінді. Әйтпесе қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған 
заман мынау. Құтырған тайлақтай топтан ауа жайылғанша – көш бастайтын кезі емес пе? 
Үлкенге серік, кішіге басшы болатын жасы емес пе?
Адамды қарап жүріп шайтан азғырып қажытпасын. Жұрт та түнде жайылған 
жылқы секілді, жақсысын ай жарығымен теріп жейді. Аузы дуалының соңына 
ереді. Аруақтының айтқанына көнеді. Текешіктер билесе ғой – бақылдап берекеңді 
алады. Бұл пәтуасыз сыр алдырмай жүрсе жақсы ғой: жоқ жерде топ бастап 
көсемсиді, қисынсыз жерде ақыл айтып бәсін арттырады, біткен іске иелік етіп 
жуансиды. Қой-ә, деп жақсыларға жанаса жүрсе, үлкеннің ақылын сыйласа, кішінің 
алғырлығын пайдаланса – ел-жұрты алақанға салмас па еді. Басқа қонған бақты басқа 
теппеу деп: өмірдегі өз орныңды білуді айтады, несібеңді адал теріп жеуді айтады, 
ағайынға сыйлы болуды айтады. Қол жеткен мансапқа масығып жөнді-жөнсіз 
білгішсінсең, маңайыңды безер етсең, тезек дүниені күндіз-түні үйіңе домалатсаң, алды-
артыңа қарамай аттың басын қоя берсең – қателескенің. Мына Алтынбаланың халі сол. 
Әйтпесе талай тауқыметті көріп, жақсымен де, жаманмен де табақтас боп, самайға 
қылау түсірген ауыл ағасы. Бір дана айтқан екен: қол астыңдағы елің – дастарқаныңдағы 
алтын табағың деп. Сол табақты Алтынбала аяғымен теуіп отыр. Алдындағы адал 
асты арамдап жемекші.
Ойын бөлді. Кеңес аяқталуға бет алыпты, қорытынды сөзді аудан әкімі алды.
– Нағанайдың бұрынғы былығы ашылды. Биылғы мал басын көбейтуі мәз емес. 
Жазадан тиісті қорытынды шығара алмады. Біз облыстық әкімшілік алдына Ңағанайды 
«Бірлік» ұжымының әкімі қызметінен босатуды сұрап ұсыныс жасаймыз. Ұсынысқа кеңес 
қаулысы қоса тігілсін.
Кеңес мүшелері бірауыздан қол көтерді. 

– Қосүйеңкі бөлімшесінің меңгерушісі Әлпейісов жолдасқа қатаң сөгіс берілсін. 
Алты айдың ішінде күллі кемшілікті түзетіп жұрт бетіне қарайтындай жұмыс істесін. 
Әкімдік кеңесі аяқталып жұрт дүрк көтерілді. Хатшы бөлмесінен сапырылыса 
шықты. Тыста шаңытты аяз, үй терезелерінен жаяу шам өлеусірейді. Ертеңгісін онда 
басталған жиналыстың ұзаққа созылғанын
жаңа сезді.
Далабай көше пұшпағындағы үйіне жіті аяңдады. Ертең тойы. Ойға, қырға хабар 
кеткен. Әзірлікті қайта бір көріп, оймен өлшеп шықпаса, кем-кетігін осы түн толтырып 
үлгірмесе болмайды. Тау мен Сырдың сыпайылары сыншыл келеді, сүрінбей өткізсе 
кәнекей.
Далабай тақауда аудан орталығынан төрт бөлмелі, аядай аулалы, айбанды, 
стандартты үй алған. Бұл үйде бұрын ауданның бас мұрабы тұрыпты. Ол жігітті 
жақында облыстық су шаруашылығы басқармасы
қызметке алыпты. Босаған үйге хал-қадерінше жөндеу жүргізді, іші-тысын қайыра 
сылатты, жаңадан сырлатты. Бұрынғы кесек пешті алдырып тастап, жылы су 
батареясын жүргізді. Айбанға гүл құмыраларын қойды. Сая телефонды сірке қышқылына 
салып жуып бір күн дегенде әзер тазартты. Майы баттасып қалыпты. Бас мұрап жігіт ет 
жеп отырған қолымен телефонды армансыз ұстаған білем.
Қақпаны ашып аулаға енді. Мұнтаздай таза. Бұрыштағы су құбыры жанында 
әлдекім күйбеңдеп қой сойып жатыр. Таяп келгенде таныды – Батыр. Білегін ұстатып 
сәлемдесті. «Осы екінші қой», – дейді ыржиып. Ауызғы үйге өткен. Жаманеркек 
жүресінен отырып тұшпараға ет шапқылап әлек. «Пәлі, тұшпара түюді қайдан үйренген 
десеңщі!»
Оң қанаттағы асханада Сая мен Жаманеркектің келіншегі Сұлу күркетауық 
жұлып, сорпа пісіріп ел-сел.
– Жұрттың бәрін жұмысқа жегіпсің, – деді Далабай. – Парламент депутатына мал 
сойғызған сені көрдім!
– Бұл үйге бөтендігі жоқ, – дейді Сая.
– Жөкеңнің не жазығы бар енді?
– Өзіміздің ағамыз емес пе, – дейді Сая сыңқ күліп. Күлгенде көріктеніп кетеді 
екен, аңғарды, қазанның буы ұрып бетін балбыратып жіберіпті. Көзінің үстіне бір топ 
шашы түсіп болмайды. 
– Мен істейтін не қалды?
– Әуелі костюміңді шеш, тегендегі бал қымызды сапыр. 
– Тегенедегі қымыз сапырылушы ма еді?
...Саяның осы үйдің табалдырығын аттағанына үшінші күн. Әуелде қашан жөндеу 
бітіп, жасау түскенше Мейрамқаланың қонақ үйінде жатты. Қасында кен іздеушілер 
тобынан келген құрбы қызы Жаным бар. Бірінші күні түн жарымына дейін тықырлап 
ыдыс-аяқ жуды, телефон тазартты, дәмегөй боп жатқайда Жаным екеуі қонақ үйіне 
қайтып кетті. Екінші күні қарбалас сұмдық көбейді, таудан ертелеп Жаманеркектің 
келіншегі Сұлу түскен. Сая бір төсекте сұлумен ұйықтап шықты. Ертеңгісін Далабай 
төсегінен өкпелеп тұрды. Апыл-ғұпыл киіне сап, шайға да қарамастан әкімдік мәжілісіне 
жөнелген еді.
Сезімтал сұлу іштей сезіпті, екі иығы едірейіп қымыз сапырып отырған бұған 
жанаса бере: «Бүгін сендікпін», – деп сыбырлап өтті.
Далабай ішпей-жемей мас болсын. 

Тақауда Талдысу өзенінің таудан шыға беріс арнасына салынып жатқан бөген 
құрылысы аяқталған. Бесарық бөгеніне шіреп су толған. Қара күзде кенезесі кеуіп шыт-
шыт жарылып жатқан Аққұм жазығына ылғал жіберген. Далабай сонда табиғаттың 
керемет мінезін таныған. Жер де жасарады екен. Әуелі ғасырлар бойы аңсап жатқан 
кәусәр нәрді құмыға жұтты, топырағынан азон аңқыды. Күнге күйіп қурап қалған жусаны 
бүр жарды. Жер құйқасы шып-шып терледі. Түгі көгеріп шыға қелді.
Бүгін өзі де сол Аққұм даласына парапар хал кешті.
Түннің бір уағына дейін Батыр мен Жаманеркектің аяқ дүбірі басылсыншы: ет 
боршалады ма, қуырдаққа қабырға шапты ма, пияз аршыды ма, өсіп турады ма, 
шөлмектерді есептеді ме, әйтеуір тыным болмады. Сұлу мен Саяның шаруасы одан да 
қауырт: бауырсаққа қамыр ашытты, тістемеге күркетауық асты, балық тазартты, 
жеміс жуды, құлағынан еміс-еміс кесе-шәйнектің сыңғыры кетсінші. Уақыт 
оздырмақшы боп Сүгірдің бұрын беймәлім, тақауда табылған «Келіншектау» күйін 
пианиноға отырып нотаға түсірді. Ақыры шекесі түсе зырқылдап төсегіне құлады. 
«Бүгін де Саяны құша алмайтын болдым» деп ойлаған. «Аңсаған арманыңның кол 
созымда тұрып ұстатпағаны жаман екен». 
Далабай таң сызы білінгенше қалыңдығына деген сезім тасқынынан жол тауып 
шыға алмады. 
Әйнектен күн шашырады.
Екі жас бөлмеден ұялып шықты.
Қонақтың алды келе бастапты. Жаманеркектің керзі етігі торсылдап ауланы 
басына көтереді. Қақпаны ашады, сәлемдесіп қарсы алады, әкелген тарту-таралғьшы 
қабылдайды, үйге бастайды. «Тойларың құтты болсын!» «Жаңыл кейуана қайда жүр, 
алдымыздан шығып қарсы алмай ма?!» Түгіскеннен келген абысындар арқын-жарқын. Әп-
сәтте шағын ауланы Мейрамқаланың Тастақ базарына айналдырып жіберді. Сыр 
елінің басшысы Ақәділ ұста – шашуға деп ала келген ақ күріш, сөк, жент, өрік, жаңғақ, 
мейіз, қауын, қақ, қауынқұртты қап-қабымен түсіріп жатыр. «Отыз күн ойын жасайды 
деді ме екен бұлар» деп таңырқады Далабай. Тау елі ертеңгі автобустан түспепті. Қарсы 
алуға кеткен Батыр айтып келді. Артынша-ақ қақпа алдына үлкен жүк мәшинесі тоқтаған. 
Қосүйеңкіліктер жүк мәшинесін жалдап жетіпті, басшысы Мүлкаман көрінеді: «Менсіз 
бастап қойғасыңдар ма түге?!» – дейді түтігіп. Жаманеркек жігі-жапар: «Ойбай, 
аузымызға нәр алмағалы екінші күн», – дейді. «Бәсе, бастап қойғандарыңда қайтып 
кететін ем», – дейді мәшине қауынан сойыс малын түсіріп жатып. Кабинадан етек-жеңін 
сүметілдіріп Жаңыл бәйбіше шықты, қоржыны толы – қазы, түймеш, ірімшік, төстік, 
сықпа құрт, май, балқаймақ; «Келініме шашу шашамын, ақ жауып әкеліңдер!» – дейді 
шіреніп. Саяға төмілжітіп ақ жібек жаулық салды. Қолтығынан Сұлу мен Алтынтана 
сүйемелдеп алып шықсын, кейуананың қолынан торғайдай-торғайдай бауырсақ ұшсын, 
тойшы жұрт қыран-топыр. Жаңыл иіліп сәлем берген Саяның маңдайынан сүйді. Қолын 
қалтасына салып кипақтап тұрған Далабайды қасақана көзіне ілмеді. Осы мезет Жаңыл 
бәйбіше мен Батырдың шешесі жылап көріссін. Ыңғайсыз екен. «Жаманшылық 
шақырмаңдар!», «Той үстінде мыналарың ұят тегі», «Көрісуге келдіңдер ме осында!» – 
десті абысын-ажын. 
Таудағы Ақүйік өзені таси-таси Сырдарияға құйғандай сезілді.
– Балаңыздың қолына көшіп келесіз енді, – дейді Батыр жағасын түзеп жатып. 
Бар тәуірін үстіне іліпті. 

– Шалымды қайда тастаймын? Шалымның қасынан табан аудармаймын, – дейді 
Жаңыл көзіне жас іркіп.
Мейрамқаланың жаяу кеші көшені аралағанда тойшы жұрт дүмеді. Ауданның 
басшылары да шақырылған. Ғайнекең бастаған мұздай топ дәл уақытылы келді, 
қалғандары ұбақ-шұбақ, үздік-создық таусылып бітпеді. «Большевик ақсақал» бастаған 
геологтар партиясының жастары, Бесарық бөгенінде Саямен бірге істеген 
«екпінділер мен еріктілер» жетті. Кең бөлмені көтеріп кете жаздады. Тасырлатып 
биледі ме-ау, тақылдатып аққайнар атты ма-ау, әйтеуір төргі бөлмеде әкімнің өзі айтып 
тұрған сөзінен екі мәрте жаңылды.
Жастар шуласты: Далабай мен Сая төмілжіп төрімізде отырсын деп.
Үлкендер айтты: беттеріне қарап «ащы-ащы» деп айқайлайтын уылжыған жас 
емес, төменгі жақта жүгіріп қонақтарға қызмет қылсын деп.
Ақыры Жаңыл кейуананың дегені болды. Мұнысы да ақыл екен: үш белмеге 
иін тірескен меймандарға кезек жүгіріп, батасын алу, тостын тыңдау кәделері жас 
жұбайларды дедектетіп қойды. «Пешенелерің ашылсын»; «Үбірлі-шүбірлі болыңдар»; 
«Өмірдід ыстық-суығында ища деспеңдер»; «Аруақты сыйлаңдар», – деп үлкендер 
гуілдесін. Жастардікі ақ өлең, «Махаббат мол болсын!» «Бақытқа жетіңдер!» «Арман!» 
«Сезім!» «Жүрек!» Жаңыл кейуана аң-таң: өзі келін боп түскенде аң шымылдық 
ішінде той тарқағанша мізбақпай төмілжіп отырып еді, кәрияның алдын кесіп 
өтпей сан мәрте иіліп сөлем берген еді. Келіні үш бөлменің арасында аяғынан таусылды, 
әркіммен ыдыс түйістірем деп парт боп қызарды. Саусағымен ымдап сыртқа Далабайды 
шақырды. «Келін мас боп қалып жүрмесін», – деді сыбырлап. «Апа, қызық екенсіз», – деді 
Далабай. «Көзім бақырайып омалып отырған мен қызықпын ба, әркіммен шарап 
сыңғытып секеңдеп билеп жүрген келіншегің қызық па?» – деді кейуана.
Мағрипа деген тобатайдай әнші қыз дауыс сызылтсын. Қарсысында қасқиған дудар 
бас, еңіретіп мұрт қойған, галсаугі тізесіне түскен ақсұр жігіт даусын созып өлең 
айтты. Қыры сынбай отырған көкең әп-сәтте келіге түйген күріштің қауызындай 
түтеленді.
Жаңыл кейуананы ой мүжіді: той өтісімен Қосүйеңкідегі Мақұлбек құданы 
шақырып екі жасқа батасын аламын деп ойлады. Үстіне шапан жабады, алдына мың теңге 
қояды, шалынан қалған баягы бәйге Керкиікті мінгізеді. «Күйеу жүз жылдық, құда мың 
жылдық» деп ел кәдесін істейді. Екі жас ол кісіні де тойға шақырамыз деп 
желпілдеген. «Сыйлы жекжатты қосақ арасына қыстырмаймын, Қырғызәлі рәсімін 
бұзбаймын» деп өзі көнбеді.
Адам көркі көңіл екен, Саяның ілезде жаны жадырап, нұрланып шыға келді.
Тыстан тоң ойғандай тағалы етіктің дүсірі естілді. Аяқ басысы зілмауыр. Есік 
ашылып, күпілі, тымақты, үсті-басы ақ қырау Қойшекең кіріп келді. Қитығып шекесінен 
қарап тұр. Далабай құрақ ұшып шешіндіре бастады.
– Нан ауыз тием де қайтып кетем, – дейді.
– Тойға келген кісі төрге шығады. Сонша жерден ат арытып жеткен ағамызды 
сыйламай жібере алмаймыз, – деді Далабай.
 – Ендеше неге күтпегенсіңдер?!
– Ойбай, ел боп жиылып жалғыз сіздің жолыңызға қарап қалай отырамыз? 
Ғайнекең кешіккенді жаратпайды ғой!
– Ғайнекең де келіп пе еді? – деп бәсеңсіп қалды. – Манадан неге айтпайсың? – 
Қалған қоқсығын өзі шешті. Тәуір киімі ішінде екен, сұр костюм, төсінде жұлдызы 

жалтырайды, галстук, ақ көйлек өңін аша түсті. Галстугінде жалаңаш әйелдің суреті 
салыныпты.
– Айна бар ма?
– Мына бұрышта, қарап алыңыз.
Қойшекең айна алдында ұзақ таранды. Сосын таяқ жұтқандай сіресіп төрге озды. 
«Мұнда келіңіз», – деп, жастар жағы түрегеліп орын босатқан. Батырға, Жаманеркекке 
көзінің қырын да салмады. Тіке аудан әкімінің қасына тартты. Ғайнекең түрегеліп қол 
алысып амандасты, орындық ұсынды. Жалпақ төрде жұлдызы жарқырап шекесінен 
қарайды. Қалтасынан жуандығы сұқ саусақтай Куба сигарасын шығарып аузына 
қыстырады. Әкімніңғ орынбасары коньяк құйғын еді, жұлдызын шолып: «Кәрі 
коньякті ішпеуші едім», – дейді. Далабай Қойшекеңе жас коньяк жеткізді, тост айтқаң 
соң өңгелер сияқты тарс көтеріп алып қойған жоқ, шыжымдап ұрттады да тамсанып дәмін 
алды. Жұрт ішкіліктен соң аһылап, уһілеп асқа шүйлігеді, Қойшекең сигарасын 
сорып қана отырды. 
– Пай, пай, бұл күнгінің сыпасы Қойшекен ғой, – дейді аудан әкімі. – Қойшы деп 
кім айтады, министрмен парапар!
– Заманның ағымына ілеспесе болмайды, Ғайнеке!
– Ұжым басшысы шаңға батып, ыстауыш құсап жүргенде сіздің мына 
салтанатыңыз сұмдық тегі!
Сол сүмелектің аты бастық болғанымен заты нашар. 
Алдына келген астан ауыз тиеді. 
Қыстың ақсұр таңы көшелерден бұйыққан ұйқыңы түртіп оятқанда той тарқады, 
жұрт тарап жатты. 
Таудан түскен Қойшекең, Жаманеркек, Сұлу, Мағрипа, геологтар партиясы 
мен Бесарық бөгенінің жастары той иелерімен хайыр-қош айтысып Қосүйеңкіге 
жүретін автобусқа тоғытылды. Сая мен Далабайды айт күніне қонаққа шақырып аттанды. 
Ақәділ ұстекеңмен Батыр бастаған Сыр елінің меймандары дарияның мұзы баланың 
еңбегіндей былқылдап жатыр, мәшинені көтере алмайды десіп және екі күн кідірген. 
Түнде қасат қар жауыпты, көше шыңылтыр аяз. Бұлар-дағы жүрерде: «Жымнан қоян 
қағамыз, қырғауыл атамыз, жылымға қармақ саламыз», – десіп жас жұбайларды ала 
кетпекші болды. «Құда шақырамын», – деп Жаңыл кейуана жастарды жібермеді. 
Қаңтардың жиырма жетісі күні жаяу борасын жүгірген. Қаратау жақтан ұшпа 
көтерілсе өстетін. Арты қызылшұнақ қақаған аязға айналды. Жұрт сыртқа шығудан қалды. 
Жер асты жылу құбыры жарылып біраз мекеме ісін доғарды: соның ішінде ауданның 
мәдениет бөлімі бар, Далабай үйде. 
Көптен күпті қып көкейінде жүрген «Қорқыттың қобызы» атты симфониясына 
отырған. Үлкен дүниенің бұлақ көзіндей бас алып кетуі қиын. Қашан арнасын тапқанша
ырғағын түзегенше жанды жеп бітеді. Қол қызып, жол алғаннан кейін құйқылжиды. 
Құлаққа күңіренген дыбыс толады. Дыбыс та ағаштан төгілген жаңғақ іспетті. 
Дәмдісін, ірісін теріп ала бер, қағаз бетіне түсіре бер.
Далабай осы отырыспен түнді күнге, күнді түнге ұрып аспаптан ұзап 
шықпады.
Жаңыл кейуананың: «Бақсының дыңылдағанынан басым қатты», – деген күңкілі 
көбейді. Саяның жанараның асты көгіс тартты. Үй шаруасын аяғының ұшымен басып 
істейді. Кейде алыс қиырға кеткісі келеді. Бұрын ойлаған: махаббат деген теңіз деп, 
сол теңізде алаңсыз, армансыз құлаш ұрып жүземін ғой деп. Әзірге жағадан алыстай 

алмай жатыр. Далабай саз толғағы қысқан мезетте дүниені ұмытады екен. Әбден 
қалжырап төсегіне сылқ құлайды. Сосын бұйыққан ұйқыға батса жақсы ғой. 
Түсінде де аласұрып аспапта ойнап солықтап шығады, шаршап тұрады. 
– Шырағым-ау, қолың сіресіп, құлағың тұнды, – деп шешесі ренжиді. – Бұл көр 
бейнетке басыңды неғып байлағансың?! – дейді дәнеме түсінбей.
«Шығармашылық азабы дозақтың қыл көпірі, ғазауат майданы екен ғой» деп 
ойлады Сая. «Кісіні құртша кеміретін дерт қой бұл. ІІІеті-шегі болмас, сірә. Жуған бөздей 
бозарып, жақ сүйегі ашамайланып шыға келді. Қашанғы шыдар, қашанғы қиналар!?» 
Бір күні Далабай түн жарымында тұрып Саядан сусын сұрады. Көзіне көзі 
түскенде келіншектің тұла бойы қалшылдап кетті. Аумақты қоңырқай қарашықтың ішінде 
дөңгеленіп билеген кұйын көрінді. Кәдімгі Аққұм даласында талай көрген құйыны. Сол 
құйын қаншама үйіріліп, зыр қағып айналған сайын соншама зорая түсетін, төбесі 
көкке жететін. Айналуы бәсеңсіді дегенше сап-сап басылып өшіп тынатын. Далабайдың 
жаны әлемі сол құйын секілді. Қаншама көп арпалысқан сайын, тер төгіп күрескен сайын 
– нұсқасы биіктей береді, қиялы қанат қағады. Өзін-өзі қинаудан қол үзді дегенше 
құрығаны. Сонда Далабайдың ғұмыры арпалыс, алыс-жұлыспен өтпекші ме. Жұртқа ұқсап 
тыныш тіршілік кешуді жазбағаны ма? Маужыраған күншуақ бұйырмағаны ма. Өзін-өзі 
құртатын құйын ғой бұл!
Сая бетін басып жылап отыра кетті.
Далабай келіншегінің көзінен сүйіп жұбатты. Бауырына қысып балаша 
еркелетті: «Көр де қал, енді біраз демаламын», – дейді; «Таусылмас ән-әуенім менің» – 
дейді; Келіншек те көптен көріспей сағынысқан асық жарын жаңа тапқандай осы жолы 
армансыз аймалады.
Екеуі түннің бір уағына дейін сөйлесіп жатты. Құштарлық ұйығына қосыла 
батты. 
Сая ертемен оқыстан оянып кетті. Әлдекім қақпа есігін қаққандай болғаны. 
Далабайдың құшағынан ақырын сусып шықты. Жүрегі әлдене жаманшылык сезгендей 
елпектей соғады. Біреу есікті шертіп тұр. Далабайды оятқысы кеп кері айналған, 
ұйқысын бұзуға батылы бармады, тыныға түссін деп ойлады.
Апыл-ғұпыл қобыраған шашын жиып төбесіне түйді. Түн халатын жүре түймелеп 
үйден шықты, денесі тоңып қалш-қалш етті. Қақпаға беттеді. Жүрегі және дүрсілдеді. 
«Таң алакеуімнен мазалайтын кім болғаны? Жексенбі күні желігетін базаршылар 
ма екен?» Есіктің ілгегін ағытты, ашты. Кеудесін мұз сүңгі түйреп өткендей жанары 
шарасынан шығып, қалшылдап, шегіншектеп кетті. Келіп тұрған Құлшығаш! Сақал-шашы 
қауғадай боп өсіп кетіпті, кеспірі жаман, тозақтан шығып келгендей.
– Менің неге келгенімді білесің бе? – деді кернейден өткендей азынаған дауыспен. 
– Менің неге келгенімді білесің бе, Сая?!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет