Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет4/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
таппаспын», – дейді-міс, жоламай жөніне кетеді екен. Енді, біреулерді ауру ұстап көрген 
сәтте: «Ойпырай, әкетіп барады, төсекке жата қалайын», – деп жан аярлық жасаса, ауру: 
«Жаныма жайлы жанды таптым», – деп жабыса түседі, қуанады, дейді... Осы әңгімені 
естіп өскен Доскей жасынан ауруға мойынсұнып көрген емес. Қайта қарсы шығып, 
дәрігер, аурухана дегенді білген емес. Ес білгелі жатып қалғаны шамалы, қара ағашқа 
ұқсап не нәрсеге қарсы тұра білді.
Ел Доскейді «сүйегі болат» деп есім қойып алған.
Күн бата жонға ілікті, Мақұлбектің үйіне қона жатып, тынығып, атты қинамай, 
ертеңгілік ертемен ауылға жетпекші.
Таныс мекенге тақай бергенде, үй жанында топырлап жүрген жұртты көрді. Денесі 
ду ете түсті. «Ауданға, күшті лөктір іздеп кеткен әйелі шетінемесе игі еді» деп іштей 
тәубасын айтты. Атын алыстау тұсап, кирелендей басып тақап келіп еді, үй жанында 
мәшине тұр. Дүркіреп, жосып жүргендер өңшең жас бала, жас қыздар. «Мұнысы несі 
тағы, уә, жаратқан», – деп күбірледі жайлап басып.
Үй ішінен шаңқыл шығады. Бас сұқты. Мақұлбек пен ылдидағы Қосүйеңкі 
мектебінің директоры екен. Доскейге бейтаныс жігіт.
– Әр балаға мың кесек құюға жоспар берілген. Кесек құйылмаса Қосүйеңкідегі 
мектеп салынбайды, – дейді директор.
– Құрылысшылар қайда? Енді қызылшақа баланы батпаққа салу қалып па? – дейді 
Мақұлбек.
– Кәрия, ауылдың барлық оқушысын жиып келеміз. Балаңыз солардан артық емес.
– Шешесі науқас, қызым қалаға оқуға жүрмек. Жанымдағы жалғыз қолқабысым 
емес пе?..
– Біз жеке шаруадан қоғам жұмысын әрдайым жоғары қоямыз.
– Онда, қараша үйге от қойып, без теріп тентіреп кетейік те.
– Өйдемеңіз!.. Кәрия, қазір оқу мен еңбекті қатар үйретеді. Тіпті биылдан бастап 
өндірістік мектептер ашылмақ: «Ол не оқытады» дейсіз ғой тағы – қой бағуды, трактор 
жүргізуді, киім тігуді, мәшине айдауды...
– Апырмай! – деп, Мақұлбек жағасын ұстады...
– Онда балаға оқудың керегі қанша. Өзім-ақ әлгілердің біразын миына құйып 
беремін.

– Шалдарға бір нәрсені ұғындыру жеті жасар балаға ириеоглиф үйретуден де қиын, 
– деп, директор кенет қарқ-қарқ күліп, жым боп басыла қойды. Ызадан жарылғалы тұр.
– Әй, Сауранбай, – деп енді бұрышта көзі бақырайып отырған балаға зілдене 
бұрылды. – Тұр, киін, кесек құймасаң күзде сабаққа жібермейміз.
Бала әкесіне бір, директорға бір қарап қипыжықтап қалды.
– Шырағым, бала орнына әлгіңді өзім құйып берсем құлаққа дамыл бересің бе?
– Кәрия, гәп бар. Сіз кесек құйсаңыз ақы даулайсыз...
– Сонда мектеп салуға бөлінген қаржы кімнің құлқынына түседі?
Директор жаман қысылды, желкесін қасыды.
— Өйдемеңіз! Құрал-жабдық, отын-су дегендерге жұмсаймыз.
Директор қара терге түсті, адырайып, төрге жайғасқан Доскейге қарады. «Мына 
шалға тоқтау салсаңызшы, тыстағы балалардан ұят болды-ау», – деген шарасыздық сезілді 
жанарынан.
Сөзге Доскей араға бітімге жүгінді.
– Шырағым, дәрігерден шешесі келген соң баланың орнына Мақұлбек барсын. Ақы 
дауламас, әзірге апарып баланың қолқабысын көре тұрғайсың, – деп бітім айтты.
Екеуі де даудан әбден қалжырап сілесі қатқан екен, «әу» деп жауапқа келмей келісе 
кетті. Бұрыштағы Сауранбай тұрып, киініп, жинала бастады. Жігіт таңдай жібітетін сусын 
сұрады.
Мектеп директоры үлкен кесе қымыранды түбіне дейін төңкеріп, Мақұлбектің 
баласын тыста өріп жүргендерге қосып, мәшинеге лықыта отырғызып алып, «ылди 
қайдасың» деп жөнеліп кетті.
Мақұлбек сандық жанында, көк көпшікке қылжиып құлай кетті. Әлгіде ғана еңсесі 
езіліп жер тіреп отырған сыңайлы еді.
Үйді тыныштык басты. Оң босағадағы үстел үстінде жетілік шам жылтырап қана 
жанып тұрған. Тыстан осы үйдің бойжеткені Сая кірді, қолында шелегі: «Ата, інген маған 
сауғызатын емес», – деді. Мақұлбек баж ете қалды. «Сауғызбаса қоя бер әрі. Ботасын 
боздатпай». Сая әке ашуын тез ұқты, лып етіп шығып кетті, сыртта сызылып тұрған бота 
үні де жым басылды.
«Қисыны кеткен мына тірліктің қай ұшығына жетерсің? Сіңірім шиқылдап 
жүргенім мынау. Әлгілердің істеп жүргені жаңағы. Кісінің көңіліне, шаруасына қарау 
дегенді білмейді. Саушылықты біреуі сұрамайды ғой сабаздар. Арам қатып өліп қалсаң 
қуанар шамасы. Әркімнің ойлағаны өз басы, өз беделі, өз міндеті, өзгеге қайрылуды күнә 
жасағандай көреді. Баяғыда біреудің ортақ шаруасы десе – күллі тірлігімізді жиып қойып, 
соған шабатын едік. Ел-жұрт болып білек қосып бітіретінбіз. Жағдай сұрасатынбыз. 
Қазіргі немелер оны да ұмытқан. Бас ала бастаған тарыны торғай шыдатпай барады. 
Қауындардың түбін ебелекпен жауып үлгерсек қой. Енді бәрін тастап, әлгі ауру әйелге де 
қарамай, мың кесек құйып беруім керек... Иә– ә– ә, келіскен тіршілік болды бұл» деп 
ойлады Мақұлбек.
Доскейдің жан дүниесі жел түрғандай ұйтқыды; қиын күй естігендей, кейде 
құлазып, кейде тарығып, өзінен бір жарым мүшел кіші Мақұлбектің қатал шындығына бас 
игендей болды. Іштей құптап, қысылып отыр.
Мақұлбек ой тұңғиығына сүңги түсті.
«Әлгі Сауранбайды, жаңағы Саяны әуелде оқытқым келмеді. Қойға салып, 
қолқабысын көріп, жұмысқа жексем деуші едім. Екеуі екі жерден жылап болмайды. Ойлап 
қарасам, қара жұмыс ешқайда қашпайды екен. Қайта жас өткен сайын өнер мен оқу 

бұлдырап қашықтай береді. Көріп жүрмін, қойға барған жастардың күйі де кісі 
қызығарлық емес. Қырық жыл, елу жыл бойы күйіттеп келе жатқан өз тіршіліктен 
айырмасы қайда. Апырмай, тұяғыңды басады, атыңды жалпақ жұртқа жаяды деп 
үмыттенген ұрпағың енді он жыл, он бес жыл өткенде де өзіне ұқсап күйбеңдеп тары ексе, 
түйе сауса – несі қызық?! Баланың атадан озғаны қайсы? Заманның жалына жармасқаны 
қайсы?..»
Доскей жылтырап жанған шамға тесіле қарады.
«Түсінсе, дәл осы пиғыл әлгі мүғалімнің айтар сөзі. Қит етсең, жөніңді айтсаң: 
«шалдар – қараңғы... ескі... нарық заманын түсінбейді...», – деп шыға келеді. «қараңғы», 
«ескі» болсақ – апарып шұңқырға тастаңдар. Белінен таяғын, қолынан кетпенін тартып ал. 
Мына ұжымның малын бағып, қорасын салып жүрген сол қараңғы шалдарың емес пе. 
Өздерің-ақ мал басын көбейтіп, кетпен ұрып, шаңырақ ұстап көріңдер», – дегің келеді. 
Сөз түсінер, уәж айтар кісі қайда?! Бір тарылдақтың құлағынан ұстап дөңгелете білсе 
болғаны – кісінің төбесін тесіп кете жаздайды. Шаруаның көзін таппайды».
Доскей замандасының көзінен осы сөздерді анық оқыды. Өз кеудесінде де 
қашаннан қыжыл болып жиналып, айта алмай, ақтара алмай келе жатқан көңіл шері осы 
еді ғой.
Осы түн Қаратаудын қос қара ағашы – екі кәрия жылтыраған жетілік шамның 
түбінде Сая ұсынған күрең шайды сораптай ішіп, тіл үйірер дәмді кеңес құрып ұзақ 
сөйлесті.
Қаратаудың үстінен дүркіреп жаз жаңбыры өтті, сел жүрді.
Үркер ауып, шығыс аспанының іргесінен шолпан көрінді. Сарқырап жатқан өзенге, 
сылдырап аққан бұлаққа күміс қағындай сәулесін түсірді. Өлкенің қалғыған қой күзетшісі, 
дәрет ала шыққан кәриясы, ұйқысы қашқан ару қыздары құмарта жұтар таң самалы 
лықылдай соқты.
Қаратау самалы жұмсақ келеді, шаншудай қадалып, денені тоңазытар ақ бас 
Алатаудың; не Абай тыныс алған сылқым сылаң Шыңғыс тауының самалындай емес; 
ерекше биязы, ерекше жылы, жігіт құшағына жұтылып булыққан қыз мінезіндей қыстыға 
соғар ыстық самал осы.
Таң әдемі атты. Жауыннан соң төсінен түнгі құштарлықтан, ыстық құшақтан 
босанған келіншектей, сол келіншектің салқын суға жуынып, бұрымын өріп таң бозында 
қырға шығып керілгендей тәкаппар, көз ынтығар сурет еді.
Кісі туған жерінің қасиет-қадірін төсінде жүргенде кем сезінеді. Қиянға шеттеп 
шығып, сағынса, көзге елестетсе ғана – сол сұлулық көңілге көрікті суреттей ұялайды. 
Барша бояуын – қанық көзге ұрады.
Қаратауды жайлаған шаруа қауымы осынау қия бел адырлы, қарайған обалы, 
шыңға тырмысып шығар жалғызаяқ сүрлеу көз сүрінткен көне қонысты бес саусағындай 
біледі, қасынан күнде өтіп жүреді. Жүгіргенде балағын жыртқан тікенегі, аяғын қаққан 
қойтасы күндердің күні соншама ыстық сезілерін ескермейді. Қайта аптабына күйсе – 
аһылап, суығына тоңса – уһілеп сөгеді, ренжиді. Табиғаттың өз бойына өмірдің қилы-
қырыс шатағына шыдас берер шымыр жігер құярын тағы сезбейді. Бұл да баланың ана 
қадірін түсінбей өсуі секілді нәрсе.
Туған жер ана алақанымен парапар. Ол алақан – намысқой; төсінен өрген 
ұлдарының ез емес, ер боп өсуін тілейді, көкірегі ояу, көзі ашық болса дейді; ақ шандақта 
мәстек тыпыңмен өтер тіршілікті емес, асқарын дүбірге толтырар шабысты аңсайды...

Доскей қасқаны ақырын аяңдатып ауылға жеткен. Ат тізгінін Жаңылдың қолына 
берді. Үйге еніп төр алдына көне текемет үстіне малдас құрды, ақ шаңы бұрқ ете қалды. 
Туған жері туралы әсерлі ой санасынан жуылмады. Жаңыл кеп көрпеше салды, 
шынтағына көпшік тастады. Есіктен кіре ерінің жағасынан алып, шаруасын сұрау 
Жаңылдың әдетіне жат. Салқын қымыз береді, шай құяды, тыныс алдырады, содан соң 
ғана суыртпақтап тіл тартады. Қабағынан-ақ көп жайды аңғарып үлгерді.
– Жаманеркек келді ме? – деді Доскей.
– Келіп сиырды алып кеткен. «Бұзауы жүрмейді» деп жігіттің қатты қиналғаны.
– Базарға айдағаны қанша мал екен?
– Өзінікі бір қашар, екі өгізше. «Күзге қарай сатпақ едім, санақ кеп қалып пәле 
болды» деп зар жылайды.
– Мал жиғыш түге...
– Жоғыңызды таптыңыз ба?
– Таптым. Қолды боп кетіпті. Өтеуін қайтармақ болды. Жоғалған малдың бір аяғы 
ұшынып тұрады деген осы.
– Осы жұрт ұрлық жасамаса жүре алмайды. Кеше Қисық қайнағаның қойы 
Құйысқансыздың малына қосылып кеткен. Күн еңкейе ажыратқанда Қисықтың жеті 
тоқтысы кем шығыпты. Құйысқансыз: «Ол тоқтылар менің қойыма қосылудан бұрын 
құрыған» деп маңына жолатар емес. Қисық жер сабалап қалды!
– Қисығың малын қашан санаған екен?
– Қосылудан бір апта бұрын санадым депті.
– Е, онда Құйысқансыздан мал өндіре алмайды. Түстеп танымаған соң бұл күнгі 
жұрт сөзіңді құлағына ілмейді.
– Шыр бітпеді байғұсқа.
9
Қаратау қырқасынан өрген жамағайын, Қырғызалының төрт атасының шалдары, 
әктепсымақтар, төрт көзі түгел, Доскейдің кең отауына лық толған. Ас желініп, ұзын 
сонар бата жасалған соң жұрт назары оң босағада отырған өткір көз, қоңқақ мұрын, сары 
шалға ауды.
Доскей сөз бастады.
«Ағайын, бөтегесі бұзылмаған тауықтай Қаратауың қонысынан дән шоқыған ел 
едік. Ата жолы бізге ұлағат. Аталарымыз мына шалдарды (Доскей иегімен төр жақтағы 
бірер кәрияны нұсқады) бір әкенің баласындай болып, тату жүруге сөз байлады: найза 
сабындай туралығын, жігіт сөзіндей намысын мұра еткен, сеніп кеткен. Құдайға шүкір, 
әзірге шырқ бұзылған жоқ, бірлік берік, береке мол, бұл да болса атаның аманатын 
ақтағанымыз. Біздің де жеткен жеріміз осы... бір аяғымыз жерде, бір аяғымыз көрде 
дегендей. Көз жұмарда: «Не аманат сөз айтар едің?» – деген балаға – осы отырған 
қарасақал, ақсақал қайсымыз да, әлгі аталар уәжін қайталар едік: «Ауызбірлікте болыңдар, 
өле-өлгенше аруақты сыйлаңдар», – дер едік. Уәлі сөзді тыңдар, тұяғымызды басар 
баламыз байқамай жақында істі болыпты, ұжымға қарызданып қалыпты. Ағайын боп 
көтеріп жіберсек қайтеді?!»
Шалдар жағы: «Мақұл сөз!» десіп кеу-кеулеп кетті.
Жастар жағы үнсіз қалды.
Құлшығаштың еңсесі түсіп, табалдырық жанында қаптаған кебістердің арасында 
мықшиып отырған.

«Құлшығаштың қарызы жеті миллион теңге көрінеді. Жетпіс үй бар екенбіз. 
Теңдей бөліп келгенде, әр отаудың иесі ортаға жетпіс мыңнан».
Кәриялар кеңесіп келіп «аумин» деп бата жасады.
Істің біткені. Енді Қырғызалының сіңірі шыққан кедейі де, отыз мың зейнетке 
қарап отырған кеудіреген шалдары да, шалқыған әкімі де өз үлесіне тиген жетпіс мыңы 
тезірек төлеп құтылуға асығады. Кәриялар қол жайған жер парызбен тең. Қашан әркім өз 
үлесін Құлшығаштың «түбі жыртық» қалтасына салып тынғанша дамыл таппайды.
Бұл өзі ауылға соғыстан кейін мүләйімсіп келіп, қатал тәртіпке айналған жылу 
жинау салты осы.
Әуелгіде: «Пәленшенің тұяғы еді, тұкымы сетінемесін. Ағайын арасында жүріп 
аштан өлмеспіз. Сол немені сотқа сүйретіп жылатпайықшы. Қолда барды жабыла жинап 
беріп, қарызын жабайық. Азар болса екі-үш ай қатықсыз қара көжемен күнелтерміз...», - 
деп басталды.
Шалдар қашанда ауызбірлікке жығылады; сосынғы сыйлаған жұртты әлгі уәжға 
еріксіз жығып береді. Жастар қарыздануын тағы қоймайды. Қит етсе жылап, шалдарға 
шабады, ескі жұрт, «көне аруақты» іздеп шығады. «Қалай қарыздандың?» деген жұртқа 
бармағын тістеп тұрып: «Ішіп-жеген ештемем жоқ, қара басып есептен жаңылдым», - деп 
зар жылайды.
...Айдың аяғына дейін жұрттан әлгі жеті миллион жиналады, сөйтіп Құлшығашты 
қарыздан құлан таза құтқарады.
Жұрт әлгі сөзге пәтуа жасап көтеріліп кетті.
Доскей жасы үлкендерді аттандырып салып, шетте алаңдап тұрған ауыл әкімі 
Мүлкаманға қарай жүрді. Жаңа үйден шыққанда оны «сөйлесетін шаруа бар», - деп 
кідірткен. Екеуі аяңдап былайырақ кетті, шалғынға белшеден батып, жүрелеп отырысты. 
Доскей әуелі жігіттен хал сұрады.
– Келін бала төркінінен келіп пе еді?
– Алдыңғы күні алып қайттым!..
Мүлкаман қуанышты. Төркініне кетіп қалған жас келіншегінің қайтып оралғанына 
ма... Құлшығаш ісінің оңғарылғанына ма... бұл арасы беймәлім, әйтеуір, жымың-жымың 
етеді. Доскейді күле тыңдайды.
– Жас неме еркелейді екен. Үйде жалғыз жанығып отыра беруден де жалығар. Өзім 
көбіне малшыларды аралап жүремін. Көңіліне қарамаса да болмайды, алданып отырған 
перзент жоқ. Осыдан ылдиға түссек, мектептен төрт-бес сағат сұрап әпермекпін. Ермек 
етсін. Келініңіз ессіз емес, бәрін өзім бүлдірем...
Доскей қабағын шытынды.
– Сені тоқтатқан шаруам мынау; бүгін әйелді Астанадағы балаға аттандырамын. 
Жолаушыны поезға жеткізіп салатын мәшине тап.
Мүлкаман оп-оңай келісе кетті.
– Сізге табылады, Досеке. Жіберейін. Келініңіз ылдиға көшеміз деген. Ең болмаса 
үй артқан мәшине келеді.
Доскей атын отқа жіберіп үйге қайта енді. Мақұлбек пен Жаманеркек жаңағы 
жиыннан сетінеп қалып қойған. Жасы үлкен шалға ығысып орын берді. Жаңыл суып 
қалған самаурынға қайта от салып, мөлтек шай жасауға кірісті. Кәрияның көңіл түбінде 
төккен тұз секілді сыр бар ма.

Жаманеркек костюмінің ішінен арқасына кол жүгіртіп, әлденені шешті, ұшын 
тартып, көйлегінің өңірінен ұзын орамалды суырып шығарды. Орамал ортасы буылтық 
түйін. Базаршының ақшаны осылай алып жүретін әдеті.
– Досеке, сиырыңыз үш жүз мың, баспағы жүз елу мың; барлығы төрт жүз елу мың 
теңгеге өтті.
– Саудасы жаман емес, – деді Мақұлбек.
– Бұйырғаны болар енді. Өркенің өссін, балам, – деп Доскей. Ризашылығын 
білдіріп, батасын берді.
Алдына қойған әлгі орауды шешіп, буда ақшаның шетінен он мыңдық қос қағазды 
суырып алып жігіттің алдына тастады.
«Мынаны балаларға базарлық етерсің», – деп ұсынған теңгені Жаманеркек 
қалтасына салып алды. Енді тықырши асықты. Қашан қараторы келіншегіне жеткенше 
тағаты таусылып бітеді. Дайын шайға әзер кідірді. Аптыға ұрттаймын деп аузын күйдіріп 
алғаны. Доскей аптыққан мінезін танып ұстаған жоқ, жеке-дара бата жасап жедел аттан-
дырып жіберді.
Жаңыл алыс жолға жиналып қойыпты.
Жол жүрсе – ілесе шығатын үлкен қоржын мен түйіншектің бүйірі бұлтиып босаға 
жаққа шығып қапты. Тұз сіңген жас ет қақталып қоржынның бір басына жайғасқан. 
Былайғы басына – ауыл асы бауырсақ, құрт, ірімшік, қозы бүйен сары май салынған. Жол 
азығы жеке түйіншекте. Енді тек шайды жинап, көйлегін ауыстырып киюі, жолай басына 
салатын салы жаулығын сандықтан алуы қалыпты.
Мақұлбек қалтасынан сиыр тіліндей үш ақкөңіл қағазды алып, қыртысын жазып 
Доскейдің алдына қойды.
– Мынау біздің үйдегі оқымыстының ағасының тойына қосқаны. Аз болса да 
көптей көрерсіз. Далабай жақсы көретін балам еді.
Сонан соң керегенің басына ілген ат дорбаны алдырып, ішінен газетке ораған
қатталып бүктелген, үлкен үш елтіріні суырды. Көк қаракөл терісі. Бұйрасы біртегіс, көз 
жауын алып жылтырайды. Ішкі өңірі ақ қағаздай етіп иленген, былбыраған жұмсақ.
– Апырмай, Мақаңнан бәрі табылады. Баяғының байлары секілді, – деп Доскей 
қағытып күлді.
– Мына елтірінің әрқайсысы бір-бір қой. Дөкей міністір шіркін көргенде құлап 
түсер! – деп Жаңыл таңданады.
– Ақша қолымызға сирек қонады. Әйтеуір елдеміз ғой қара талқан да қуат. Мына 
терілерді әйелім – өзім өле кетсем сүйегіме салмақ боп сақтап жүріпті. Өзі лөктірге 
көрініп, миы ашып жүргенде жымқырып кеттім. Жас өле ме, кәрі өле ме – кім біледі... 
Тіріні қадірлеппіз де, өлгенде елтірі таратуымыз қалып па?.. – деп Мақұлбек елтіріні 
Доскейдің қолына берді.
Босаған дорбаны босағаға атып жіберді.
Терілер де бүктеліп, оралып, шашақты қоржынның келесі бұрышына тығылды. 
Доскейдің есіне енді түсті, еңсесін оқыс көтеріп, бажырая қарады.
– Мақұлбек-ау! Саяжан Астанаға оқуға бармаушы ма еді?! Біздің әйелге қосып 
жіберуге келіскеніңді ұмыттың ба?..
Мақұлбек түнеріп отырып қалды. Қолындағы айыр қалпақтың төбесін шертіп 
жіберіп шаңын қақты, әлден уақытта барып тілге келді.
– Сая оқуға бармайды... 
Доскей Мақұлбекті кері түсінді.

– Неге?.. Баланың бағын байлап не қыласың? Жібер!
Мақұлбек енді таусыла, арыла айтты.
– Осы күнгі балаларды түсінуден қалдым. Қыстай «оқуға барамын» деп құлағымды 
сарсылтып, миымды жеп келіп... енді... әнеукүні өзіңіз жоқ қарап жүріп біздікіне қонып 
кеткелі... күрт өзгерді. Айтпаған ақылым қалмады, нағашысына тартқан бірбет неме: 
«Астанаға бармаймын», – деп қасарысып отырып алды. Қайтейін?!..
Сөзінен де, көзінен де шарасыздық сезілді, Жаңыл жүк жанында тыңдап тұрған; 
жүрегі әлдебір жаманшылық сезгендей тереңнен шым етіп шаншып өтті. Теріс айналды. 
Доскей дастарқан мәзірі үстінде қолынан кесесін түсіріп алған қонақтай, аңқиып, 
ыңғайсызданып қалды. Ішінен: «Түк түсінсем бұйырмасын» деп ойлады.
Тыстан гүр еткен мәшине даусы естілді. Бұлар елең етісті.
Доскей мен Мақұлбек Жаңылға «жол болсын» деп батасын беріп, оң сапар тіледі. 
Тысқа шықты, бірінің қолында қоржын, бірінің білегінде түйіншек. Анадайда арса-арсасы 
шығып тозған жүк мәшинесі, суы қайнап, жарылардай дірдектеп, ентіккен мотордың 
тұмсығына салқын су құйып жанталасып жатқан шофер жігіт шалдарға бас изей салып 
бүкшеңдей берді.
Доскей шофер жігіттің құлағына аузын тақады.
– Тарылдағың біздің бәйбішені Жаңақорғанға жеткізе ала ма-ау?!
– Жеткізеді...
– Тура тартасыңдар ма?
– Жолай жүк артамыз. Мүлкаманның үйін ылдиға көшіріп апарамын.
Мына сөз көңілін аяздай қарыды.
— Ел көшінің басталғаны ма?
— Басталғаны...
Жаңыл есігі қақыраған кабинаға барып жайғасты. Қоржын мен түйіншек кузовқа 
түсті.
Доскей әйелінің тұсына тақап, ақырғы рет тілге келді. 
«Сәлем айт. Батамды жеткіз. Басында еркі болса елге келсін. Есің барда елінді тап 
деген. Мен қартайдым. Ат үстіне белім жарамайды. Бір нанын туған жерден тауып жер».
Көкейінде айтары көп болатын, көмекейге келгенде күллісі бас құрап, арнадан 
асып кете алмай, көкірекке лықылдап қайта құйылды. Көп сөзі айтылмай қалды. Есімін 
жөнді білмейтін, жалғыз баласының өмірлік жолдасы болғалы тұрған болашақ келініне 
арнап бірер ауыз жылы сөз айтпақ еді, болмады. Қатайып, қайрылып кетті.
Соңына шуда шаң тастап көне мәшине қырқадан асып жөнеле берді.
Қарайып қос шал қалды. Қаратаудың кәрі жүрек, қарайған тірі обалары секілді, 
көңілдері құлазып, жаутаңдап, өз іздерін әріге жалғар, жер бетіне ұрпақ өргізер ұлға 
үміттерін ұзатып салып тұрғаны осы.
«Қанша қатал болса да перзент деген қиын екен» деп ойлады Доскей. Әйтпесе, түу 
сонау қияндағы Астана қаласында бес жыл оқып, бес жыл тәтті үміт, ащы сағыныш 
жұтқызған, әлі күнге мысқалдай пайдасы тимеген, қатыбезер Далабайға жібімес-тағы. 
Қиналады, толғанады. Ботасын қалдырған боз інгендей талай қайрылып: «Қой, байғұс 
бала қайбір жетісіп жүр дейсің, балаға өкпелеп немді қиратам?.. Ел ішіндеміз ғой, аш, 
жалаңаш қалмаспыз. Сол бәтшағар жетілсінші, буынын бекітсінші» деп қалтаның түбін 
қайта қағатын. Енді міне «үйленемін» депті. «Бұл да болса бұйрық шығар. От басында 
отырып күл үрлегеннен не пайда? Көңілі ұнатса, мұсылманның қызы болса – бетінен 
жарылқасын, түтін түтетсін, адам санатына қосылсын», – деп, тағы тоқтаған Доскей.

«Менің де қарадомалағым өсіп қалды. Досекеңнің баласы секілденіп бұл-дағы оқу 
іздеп жоғалар ма екен?.. Өйтпес. Ауылды ұмытып, қашып қиқақтайтын болса – қаражат 
жібермей аштан қатырармын. Нанның қалай табылатынын көрсін. Бұл бәтшағарлар біз 
қыбырлап тірі жүргенде теспей сорып титықтатады ғой» деп Мақұлбектің ішінен ой 
мүжиді.
Мақұлбек отағасы «оқымыстысының» жылдам ержетіп, ертерек мектеп бітіріп, 
шалдарды жиып батасын алар; үмітпен, тілекпен, көз көрмес алысқа аттандырып салар 
қайырлы күнді күтті.
Атқа қонды. Жондағы мекеніне, торғаймен жаудай алысқан тарысына, сауыны өтіп 
боздаған інгеніне жөнеліп бара жатты. Күнделікті көлеңкеде жатып тыңқылдатқан 
домбыра үніндей үйреншікті мазаң өміріне қайтты.
Түстіктен будақтаған бұлт селі көрінді.
Қаратаудың оңтүстігінен, шөлді басып келген бұлт қашан да нөсер болып жауатын 
әдеті. Бұл нөсер екі– үш күнге үдере созылады. Көкті қарс айыра күркіреп, қаңсыған 
сайларды қызыл суға толтырады. Таулы өңір қайтадан көк пүліш киіп шыға келеді. 
Керісінше, солтүстік беттен, теріскей жақтан шыққан бұлт жауын боп жарытпайды, 
ыдырап, арты желге айналып, жоғалып отырады.
10
Иесі қорықшылықтан босағалы, арқасынан ақ қайың ері түсіп, өзен бойын еркін 
жайылып, қоң жинап, таралып қалған Салпаңқұлақты бүгін Жаманеркек келіп мініп кетті. 
Мақұлбек қатты қапаланды. Атты аяды, қарадай өзін мүсіркеді. Енді есіл хайуан 
Жаманеркектің тақымында жүріп, тепкісін көріп, ертелі-кеш шопандардың ауылын 
аралап, тұяғы кетіліп, иттеріне таланады. Қорыққа түскен саяқ жылқыларды өкпесі 
өшкенше қуатын болады, дүкен мен кеңсе алдындағы құйын ойнаған кең тақырда 
күнысып сағаттар бойы қаңтарулы тұрады. Мұны Мақұлбек әуел баста-ақ іштей сезген.
«Ұжымның жылқысы құрып қалып па? Ағаңды жаяулатып қайтесің?..» деп 
түсіндіріп көріп еді. Жаманеркек: «Басшылардың бұйрығы осы. Енді қорықты жаяу 
қорымаймын ғой», – деп құлақ аспады. Жануар сауырды тілген өгіз қамшыдан ығып, өзен 
тасын қаршылдата басып жөнеліп бара жатты.
Мақұлбек үй алдындағы құрт жаятын үлкен шыптаға арқасын сүйеп, басын 
шалқайтып, ойға батып ұзақ отырды.
«Енді қайтпек?..» Самайды ақ қырау шалған, маңдайдағы әжім іздері тереңдеп, 
аяққаптай кеудесі қушиып кеткен секілді.
«...Енді түу-у-у ылдиға, шаңы шыққан Қосүйеңкіге барып, күнге қақтаған сүр еттей 
боп, мектеп кесегін құйысып беруім керек».
«...Доскей тақауда малшы ауылға андыздап келген санақшылармен әуре боп 
жүрген шығар. Қолды боп кеткен сәурігін қалай жапты екен? Санақшымен түсіністі ме? 
Әлде әлгілер: «өкіметтің малын жекжаттарыңа союға бергенсің» деп алқымынан алды ма? 
Атым болғанда, барып, жағдайын білер едім-ау...»
«Байқаймын, ел ылдиға көшіп жатыр. Мектепті, дүкенді әкеткен соң шаруа адамы 
тауға қалай табан тіремек? Жұртты қалай алдына салып айдауды біледі ә... Елдегі ең 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет