тырысқақ деген менің қауқарым мынау. Қоқан қорығынан қуды. Орныма жарамсақты
қойды. Кетпендеп салған тарының жартысын торғай жеп бітірді. Шөлқауын қазан болды.
Жалғыз інгеннің кермек сүті қашанғы «қарық қылмақ?»
«Қой, қарап отырып қырылармыз. Жазда күрегіңді сайла деген. Ертерек сусын
құйған торсығымды қолтыққа қысып ылдиға түсейін. Мойындағы қарыздай болған мектеп
кесегін құйып берейін. Ел қоныстанып жатқан жерден ұрма қалыппен үй тұрғызайын.
Қоқаң қорығындағы ескі үйді бұзып, ағашын алайын. Әрекет етейін...», деп ойлады
Мақұлбек.
– Сусын ішесіз бе? – деп әйелі түйенің шұбатын әкелді. Ерінің пәс көңілін, кірбің
қабағын сейілткісі кеп бәйек болды байғұс.
«Ел аман, жұрт тыныштықта дүние таппайсың, мал жимайсың! Сені еркек еткен
қай құдай?» деп әйелі алғашында сонау бір үйленген шақта көп күңкілдеген еді.
Қазір өйтпейді, Мақұлбектің мінезін түсініп, оның қара жаяу тұрмысына әбден еті
үйреніп кеткен. Басқадай құрған тіршілік бар деп ойға алмайтын секілді.
– Сендер, Сая екеуің үйді жығып, жүкті інгенге тиеп, Қорықтағы қыстауға бара
беріңдер. Мүлкаманға жолығайын. Ертеңдері Қосүйеңкіге түсемін. Көлікті әкелші, – деді
Мақұлбек әйеліне.
Әйелі есекті әкелді, аттың ерін салайын деп еді, рұқсат етпеді, қаңсыған орыс ерін,
жаман терлікті тартты. Мінді де жоннан түсіп жөнелді.
Атқа үйреніп қалған кісі есекке тіпті қораш отырады екен, астындағы мақұлық
бұлтылдап жүргенде, үстіндегі бұл – толқып түсіп қала жаздап, аяғы жер сызып барады.
Есек кезіккен кішкене судан қорқып, өтпей біраз әуреге салды. Тысыр еткеннен тыпың
етіп үрке жөнеледі. «Бұл мақұлықты аяқ артып жүруге жаратпаған болар әсте. Әйтсе де
баланың мектепке қатынауына ыңғайлы екен. Көрген жұрт күлмесе игі еді» деп келе
жатып ауып қала жаздады, ері лықсып есектің мойнына түсіп кетіпті. Түзетіп қайта мінді.
Мақұлбек ылдидағы кеңсеге түс әлетінде жеткен еді. Күнге күйіп, шаршап,
щалдығып келгеніне қарамай ұжым басшысына жолығып қалуды ойлап бірден кеңсеге
келді. Кеңсе дегені – қоржын там әншейін.
Мұнда ызығуыт, біреуді-біреу біліп болмайды, түтіккен жылқышы, таяғын
қолтығына қысқан, көзіне күн сіңген қойшылар, мініс маясын бақыртып шөгеріп жатқан
түйекеш... бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Мақұлбек кеңсе есігіне тақап келгенде, қарсы
алдынан жүгіре шыққан Құлшығаш дүкенші мұны қағып кете жаздады.
«Жаманеркек, Жаманеркек?! Тезірек атыңды әкел!» деп айқайлап барады ол.
«Бұл не жиын?» деп баяғыда жиналыста өзін қорғап сөйлейтін түйекештен сұрап
еді.
Ол: «Әлгілер!» – деді. Мақұлбек түсіне қойды.
«Ойдағы, қырдағы малды тегіс санап біткен, енді соның жалпы есебін қорытып,
кемі қайсы, артығы қане?.. Есепшілер ажыратып жатыр», – деді түйекеш.
«Қаһарлары қандай?»
«Бетін көрсетпесін құдай... Бері қараңыз. Тап кеше қарауымдағы бойдақ түйелерді
санап кеп енді інгендерді жағалады дейсің. Біреуі: «мынаның ботасы қайда?» деп, қадала
кеткені. «Қысыр қалған» деймін. Ол: «Әгәрки, мәселеңки» деген бұрамыс сөздерінді қоя
тұр, сөз бота болмайды. Неге қысыр қалады?» – дейді. Мен: «Қайымаған ғой», – деп
түсіндіріп жатырмын. Ол: «Түйе өздігінен қалай қайиды?! Өзің кірісіп, бел шешіп,
қайыруға көмек жасамаған соң, қою шұбатты қылғытып көлеңкеде жата бергенсің!» деп
сөкті кеп, бәтшағардың жер-жебіріме жеткені. Қаршадай қазақ баласы. Жас кезінде әке–
шешесін жүн қып түтіп жеп қоймай, қалай ержеткеніне таңым бар»...
Іштегі дабырға құлақ салды.
— Сіз, жолдас, дұрыстап түсіндіріңіз! Қораңыз саулық кой. Есепте жеті жүз
жиырма бас. Дұрыс. Жеті жүз жиырма басты көз алдымыздан түгел өткіздіңіз. Енді соның
жиырма шақтысы тумаған тоқты. Бұл қалай? Ұжым сізге саулық қой береді. Өсір, көбейт
деп тапсырады. Ал сіз оларды бір жасқа кері шегеріп тоқты еткенсіз. Бұл қалай?
Шопаннын даусы шырылдап шықты.
– Қораны маған өткізгенде, мал таза іріктелмеген-тұғын. Арасына жас тұсақтар
еніп кеткен!
– Алдым деп қол қойған қағазыңызда барлығы таза саулық деп жазылған.
– Балалар қателесіп жаза салған болар.
– Жолдас ферма меңгерушісі, қойшың не деп отыр? — деп әлгі дауыс енді
Мүлкаманға зілденді. Шопан ашынып айтты.
– Шырағым, балтай-шалтайды не қыласың?! Әкеңдей шалға сенбейтін қандай
баласың?! Мал да адам секілді, ешуақытта біртегіс өспейді. Тоқты болса жасамыс
көрінген шығар. Мен ешкімге ауыстырғаным жоқ, сойып жегенім жоқ. Айттым ғой; күзде
бөлгенде таза іріктелмеген деп...
— Сізден адал қойшы шықпайды, – деді әлгі өктем үн.
Шаршағаны ма, ішіне әлдене түйгені ме, алдындағы жалғыз тарақ қағазды былай
тастады. Кезек Доскей жылқышыға ойысты.
– Ақсақал, сіздің жылқының есебі дұрыс. Жалғыз сауал бар; жоғалған сәурікті
сойып жеген кісі сіздің кіміңіз болады?
– Жалпақ қазақтың бірі де. Менің ол адамды тұңғыш көруім, – деді Доскей.
– Астанада балаңыз бар көрінеді. Үйленген дей ме? Жоқ қарап диірменшілік үйінен
келген күні әйеліңізді мол қаражатпен балаңызға аттандырыпсыз...
– Апырмай, – деп Доскей жағасын ұстады. – Елде не қилы қисық ауыздар толып
жүр, ә. Сенсең – мен ол диірменшіден жарты тиын алғаным жоқ. Сенбесең – мал әнекей,
санап алдымнан алыңдар.
– Ақсақал, ашуланбаңыз!
– Досеке, бұл кісілер түбегейлей білгісі келеді де. Міндеті солай, – деп, Мүлкаман
араға түсіп жуып-шайды.
Санақшы жігіт шалдың жан ауыртқан жарасын тағы тырнай түсті.
– Сізді байталдың қанын алуға қарсы дей ме?!
Иә, қанын алған жылқы азады, тозады, байтал біткен іш тастап кетеді.
– Сол қанды қосқан СЖК (Сыворотка жребых кобыл) дегеннен ұжым мол пайда
тауып отыр. Жылқының қаны азайса-дағы, сол сыворотканы салған саулық егізден төл
төгеді.
— Оншасын білмедім. Ойлағаным жылқының жайы еді.
— Көңіліңізге келмесін. Қазір жылқы малы ең құнсыз түлік. Ұжым басшылары
жылқының бәрін етке өткізіп құтылуы керек, сонда бірыңғай қаракөл қойы қалады. Ал
енді сывороткаға қан алуға бірер үйірін қалдырса да жетеді.
Доскей кеңседен кеудесіне біреу найза сұққандай сұрланып, аса назаланып шықты.
Әлгі санақшы жігіттің қағыс-шалыс сауалына да емес, тікенек сөз, қисық ауыз өсекке де
емес... Қаратаудың көгілдір адырында шұрқырасып жүрген жылқыларын ойлап
қапаланды. Бұлақ басында, ағаш қораға жылқыны үйірлеп қамап қойып, шыңғыртып
ұстап, сағағына қол басындай шприц сұғып, қанын сорып, құйып алып жатқан ақ
халаттыны талай көрген. Әлгі бастықтың айтқаны рас. Кейінгі кезде жылқы түлігіне оң
көз жоғалған. Еттің жоспары орындалмай жатса жылқыны айдайтын, қойшыларға мініс
іздесе жылқыға шабатын, қанын алатын, соғымға жығатын, көкпарда кісі жараланса да:
жылқының кесірі деп сол атты сойып алуға асығатын.
Қазақ атаның жылқыны қадірлеп өткен дәстүрі қайда?.. Ол пақырлар неге мұнша
құнсызданады... Жазығы не... Қыста қалың қарды тұяғымен теуіп аршып, соңынан ерген
қоралы қойға азық әпергені үшін жазықты ма?! Қыстың ақпанында, жаздың аптабында
жылы қора тілемей, туралған шөп сұрамай, ұнталған жем аңсамай, өз бетімен күн көргені
үшін кіналы ма?! Жетпіс екі кеселге дару иісі жұпар шарбат қымызы жүртқа жақпаған
болар?! «Шүу» дегенде бойға жігер, жүрекке шаттық құяр шабысымен кіналы шығар?!
Қақаған аязда кісі бойын қыз-қыз қайнатар еті үшін кіналы болар?! Кім білген, осы
жұртқа қалай жақпай жүргенін!..
Бұл Доскей жүрегінің ашынған атойы еді.
Бұрын белі ауырса, қаланы ықтап қайрылмай кеткен Далабайға өкпелесе, кажыса –
«осы жылқыны қойсам кайтеді» деп ойлайтын шалың, енді сол жылқысыз өзінде өмір жоқ
екенін амалсыз түсініп отыр. Құлынынан көріп, шабысынан танып, атасынан, тіпті арғы
бабасынан білетін қарасирақ тұлпарларын кімге қимақ? Бұл кетсе жібек жалды жүйріктің
күйі не болмақ? Басшының сөзі болса жаңағы... Жарау жүйріктерін кім көрінген сойып
жеп құртпай ма.
Қаңтардағы міністі босатып алып, міне сап сар желіп жөнеле берді.
Былай шыға ат басын жіберді. Барлығып, қазық қажап тастаған жарау жүйрік адыр
бетімен сырғи жөнелді. Қарсы беттен ызыңдап жел соқты.
Көз алдына бұлдырап сағым кілкіді, тұяқ тиген жердей бұлдырық ұшты.
Доскейдің көзінен жас парлады. Қалтасынан орамалын алып аттың жанарын сүртті.
Сол шапқаннан, кәрі жылқышы Көсегенің көк жонынан өтіп Қарынжарық
шатқалына кірген. Шабыс бәсеңдеген секілді. Тізгін тартып, жалпақ бір тасты тесіп,
қайнап шығып жатқан бұлаққа түсті. Атқа су ішкізген жоқ. Кәусар тіс жарар мұздай екен.
Қос қолымен көсіп ап сімірді кеп. Тұла бойынан тер шықты.
Еңсесін көтеріп маңайына қарады.
Құлындарын шұрқыратып ақжал биелер, сері мінез айғыр, соңында тай, жабағысы
бар үйір жылқы құлап келеді. Қиыс бұрылып бұлақ арнасынан олар да су ішті. Дүр-дүр
сілкінді. Кертөбел тай шетке ойнақтап шықты, мылтық сүмбесіндей жіңішке, құлағы
қияқтай, жал-құйрығы сүзілген, көз құртын жейтін кілең сәйгүлік.
Доскей: «Құрру-құрру» деп тайды өзіне шақыра бастады. Бұл тай былтырғы
тәуелсіздік тойында, аудан жүйріктері сынға түскен бәйгеде үздік келген Қоянкөктің
баласы: Қоянкөк аяқтан қалып, таяуда етке айдалып кеткен. Анасы шуын тастай алмай,
Доскейдің қолында қаза тапты, өзі бауыздап, шөпшілерге сойысқа жөнелткен. Соның
жалғыз тұяғы, тұлпар тұқымы – осы тай. Қолына алып, қымыз беріп өсірген.
Кертөбел тай бұлақ басындағы Доскейге қарады, сосын мініс көлігі Қасқаға
едірейіп, сәл кідірді. Таныды білем, күміс көмейінен оқырана кісінеп жіберіп, салып
келеді. Келді де шалдың шалғайын иіскеді, қолын жалады.
Доскей Кертөбел тайдың құлағының түбін, омырауын қасыды, сауырын сипады –
бұл жылқыны еркелеткені; жалын, құйрығын сүзді – бұл жүйрікті шабысқа әзірлегені еді.
Осы тайдың тағдырына дүрліккен ел, қызынған түяқ, ысқырған қамшы
ортақтаспасына кім кепіл?! Жылқы малы жиырма бес – жиырма жеті жыл жасайды. Ал
тұлпар тұқымы, осы Доскей көріп, таныған жүйріктер тоғыз, он жастан асқан емес!
Жүйріктер өз даңқы, өз иесінің абройы жолында жарым жасын құрбан қылады, пида етеді.
Содан да қазақ шабыс атын мініске қолданбайды, үйірге салмайды, жылқыға жібермейді.
Тұлпар өмірін ұзартқысы келеді.
Тұлпар ұстаған қазақ қызба, қыңыр, тәуекелшіл болады.
Доскей ауылға екі күннен соң оралған. Жолай түйекештің үйінде Мүлкаман
ұшырасты. Салқын амандасты. Көңілінде қыжылы бар секілді. Доскей: «Санақшылар
қайтты ма?» – деп сұраған. «Жаманеркектің үйінде бір күн болып, Қокаң бауының ағашын
костер қып жағып, өзендегі балығын айырмен шаншып, бағлан жеп тарады», – деді
Мүлкаман. Ақырында шыдамы таусылды білем, көңіліндегі кірбіңді суыртпақтап шығара
бастады.
— Қонақтарды бір күн сіздікіне апарғалы жүрсек, зым-зия жоғалыпсыз. «Әлгілер
қымызы жоқ қандай ел?» деп апшымызды қуырды. Таудағы жылқыны қасқыр жейді
дедіңіз бе? Ауданнан келген орынбасардың көңіліне тидініз, қисық жауап бердіңіз.
Мұныңыз жарамады, ақсақал.
– Қатын жоқ қой үйде.
Келіндеріңіз жайғастырар еді, атағы сіздікі, бейнеті біздікі болар еді.
– Әлі талай келер, санақ жүргізер, сауалдасар... – Аз кідірістен соң Мүлкаман
жұмсай сөйледі.
– Қашан көшесіз? Машина береміз.
– Көшпеймін!..
Осыдан соң әңгіме үзілді. Доскей аттанып кетті.
Мүлкаман иығын бүлк еткізіп түкке түсінбей қала берді.
Доскей үйіне тақап келгенде байқады, киіз үйдің есігі түрулі, түңлік ашық, көрші-
қолаңның қыз-келіншегі кіріп-шығып жүр.
Астанаға кеткен зайыбының келгенін білді.
Жаны жадырап, жүрегі атқақтай соқты, ашық тұрған есіктен мұны көрген
Далабайы атқып шығып, мойнына оралар сәтті аңсады. «Келінді де ала келген болар» деп
ойлады. «Бәсе, бұл табалдырықтан да қыдыр аттауы керек қой. Күллі Қаратауды
дүрліктіріп той жасаймын, салым беремін, жұрт қызыққа қарық болсын. Бабаларым
қабірінде бір аунасын».
Ол осы оймен есікке жеткенше асықты, сағынған ұлы алдынан шығар деп
үміттенді. Табалдырыққа аяғы тигенде: «Салқындап суға түсуге өзенге кеткен болар» деп
жұбатты іштей өзін. Ішке енді. Бір топ әйелдің ортасында әңгіме соғып отырған Жаңыл
ұшып тұрып, жаулығын түзеді, жұбайына жылы сөзбен сәлемдесті. Әйелдер бытырап бет-
бетімен кетті. Үйде пәлендей өзгеріс жоқ, жаңа, бөтен тыс киім көрінбейді. «Келмегені
ғой» деп түңілді ішінен.
Далабайдың тағы да келмегені бұл! Көңілі тіпті пәсейіп қалды, сылқ түсіп отыра
кетті.
Жаңыл амаңдық сұрасты.
Әйелі өзіне қашан сауал қоярын күтіп, тыпыршып отыра алмады, шай қойғызды,
шалына жаутаңдап қарай берді.
– Иә, аман ба екен?! – деді Доскей. Алғаш айтқан сөзі осы болды.
– Аман-есен, балаңның халі жақсы. Абыройлы, ортасына сыйлы көрінеді. Поездан
түскеннен қайтқанша аяғымды жер бастырған жоқ. Шағындау, бір бөлмені жалдап тұрады
екен. Келін баланы көрсетті. Сол Астананың қызы, әкесі дөкей қызметкер екен, шарап
шығаратын зауыттың бастығы көрінеді. Дүние деген жеткілікті. Шешесі өзіміз сияқты
салпыетектеу, қара-байыр жан екен, қызын тәрбиелі етіп өсірген секілді. Келін неме
әйтеуір «сіз, сіз» деп сызылып тұр. Дөкей құда: «Балалардың көңілі жарасқан екен. Құба-
құп. Қор болмайды, дүниеден, ішіп-жемнен кемшілік көрмейді. Тек татулық берсін.
Әкіммен сөйлесіп, ипотекамен екі бөлмелі үй алып беремін» деп алдыма түсіп сайрап
отыр. Мына маталар сізге кигізген шапаны, мынау көйлегіңіз, мынау туған-туысқандарға
берген сәлемдемесі...
Бұл әңгімелерді Доскей мүлде жаратпады. Шаңқ ете қалды.
— Баланың өзі қалай? Адам болып па? Елді ойлай ма сірә? Әлде шарапханадан
шықпай сары езу боп шүйке басқа ілесіп кете ме екен?!
Есік жақта шай қойып жүрген көршінің әйелі мына сөзді естігенде бетін
шымшыды.
Жаңыл бәйбіше шалының қатыңқы қабағын жаңа түсінді, қуаныштан көңілі алып-
ұшқан аңқау байғұс байқамай қалыпты.
Далабайың азамат болған, шығарған бірер сазы бәйгіге ілініпті. Мәскеудегі
білгіштерге тыңдататын секілді. Өзімді аттандырып салған соң ұшақпен ұшамын деген.
Кәмпәзитр болу қиынның қиыны екен.
– Ел ойында бар ма екен?!
– Жазған-ау, ұмытатын Далабай ма? Барғаннан Қаратаудың барша кәриясын сұрап
мазамды алды. Мен білмейтін жер аттарын айтады. Жылқыңыздағы жүйріктерді аузынан
суы құри әнгімелейді. Сағынғаны ғой.
Жаңыл ұмытқанын енді есіне түсірді.
– Мешін жылы бәйгіден келген атың бар емес пе. Қазіргі Кертөбелдің атасы.
Соның шабысын салып әне бір шуылдақ «семпония» дегенін жазыпты.
Доскей қағыс естідім бе деп ойлады.
– «Семпонияң» не?!
– Елу шақты домбыра мен қобыз қосылып салатын шуылдақ күйді солай атайды
екен.
Доскейдің есіне радиодан күнде еститін Құрманғазының күйлері түсті, жүзіне нұр
жүгіріп, көңілденейін деді.
– Қоянкөктің анық шабысын салып па?
– Құрық тигенде шыңғырғаны, құла дүзге қашқаны айна қатесіз.
– Өз құлағыңмен естідің бе түге?!
– «Көкеме айта бар» деп, әдейілеп тыңдатқан. Дәл Қоянкөктің шабысы, төбе
құйқаны шымырлатады.
– Тұлпардың шабысын ғана күйге түсіре ме екен; кереметі тынысында, жүрек
дүрсілінде емес пе?!
Сақалын саусағымен тарады.
– Тыңдап отырып көзіме жас алғаным, – деді әйелі. Доскей қатты қызықты, жас
балаша желпінді.
– Сол күйін тыңдар ма еді! Иә-ә-ә... тұлпар шабысы толы сыр ғой. «Тұлпардың
тұяғында ызыңдап тұратын күйі болады» дейтін баяғыда білетіндер. Сол ызыңды аңдаған
да. Иә-ә-ә... Қоянкөктің жанары да керемет еді... келіншектің көзіндей құлпырып,
құбылып тұратын!
– Келесі жазда демалыс алып елге барамын. Сонда жатып «семпония» жазамын
деді.
Шал пәсейіп қалды.
– Келесі жылы де...
– Одан бері де келіп қалар. Жіберсе...
– Өзінде бас билігі жоқ десейші.
– Қаланың тәртібі қиын ғой.
– Келін қалай?
– Қауызын алған күріштей аппақ, әп-әдемі, ақылды...
Жаңыл айта берер ме еді, шалың шытынды, «жә, жетер енді» дегендей, шынтақтап
жата кетті.
– Шайыңды құй, сусап қалдым.
– Директор құданың екпіні қатты: «Инститөтке бала түсіру мен үшін жаңғақ
шаққанмен бірдей, талапкер болса жіберіңдер», – деп, мақтанды. Қолынан келмейтіні жоқ
екен... Әлгі, құлағына қойып сөйлесетінді көтерсе болды, не қилы дөкейлер сау етіп жетіп
келеді...
– Иә-ә-ә, – деп Доскей сақалын саусағымен тарады. ...Бұл мәслихат осымен
тамамдалған жоқ. Жаңылдың аузынан жыр боп ағытылып, аңызға айналып, жаз бойы, күз
бойы айтыла бермекші.
Қаратау күнгірт. Аспанды жұқа шарбы бұлт жайлап алған, е жауатын емес, е күн
көзін ашатын түрі жоқ.
Жонды кесіп өтетін қасқа жолмен бүгін күні бойы жүк машиналары ағылып кетіп
жатты, төте жалғызаяқта түйеге, есекке жүк артқан, азғана тұяғын, сиырын алдына салып
айдаған жұрт көрінеді. Бұл ел көшкіні. Қаратаудан ылдиға, Қосүйеңкіге қоныс аударған,
мәдениетті ауыл болуға аттанған ел.
Тек Доскей шалдың үлкен киіз үйі Сопаздың сазынан табан аудармай шөбі
қырқылғанша отырды.
Көрші отырған жас жылқышының ірге көтергеніне көп болды. Қойшылар күйек
бітісімен– ақ ылдиға түсіп кеткен. Өзен ұлтанын соңғы күндері жылқы, сиыр түтелеп,
шаңын шығарды. Қолдың тамырындай тарамданып жатқан арықтардың көбі жырылып,
суы жыра, сай біткенге сіңіп жатыр. Үй салған жұрт ағашқа өш. Қокаң қорығындағы жүз
жасаған кәрі қара ағаштарға балта тие бастады. Тоқтау айтар кісі қайда.
Есі бары күн жылыда Қосүйеңкі табанынан жана үй салып алуға кірісті.
Таудағы қыстаулар бұзылды, төбесіндегі ағашы, есік– терезесі алынды.
Жорғалаған мәшине, тырбаңдаған көлік бос қайтпайды. Күллісіне жүк артып жөнелтеді.
Әр сайда, әр бұлақтың басында көшкен жұрттың орны дөңгеленіп бозғылданып
қана көрінеді. Мектеп, кеңсе үйлері құлыптаулы, «жазда келіп қой қырқатын, жылқы
қамайтын қора жасаймыз», – деп басшылар бұзғызбаған.
Қаратау күзгі жұрттай құлази түсті. Бел-белестер, шатқал-адырлар күнге күйіп
қоңырқай түске енген. Өңір нөсері дүркіреп келіп оятып алар көктемді күтіп алаңсыз
ұйқыға шомған. Бұзылған қыстаулардың ішін еркін жайлаған сарышұнақтар әлденеге
сенбегендей аңыра қарайды. Аспанда қыран жүр. Жай қалықтап шарлағаны болмаса,
төменге тас боп сорғалаған жоқ, бұл тояттаған түрі. Ескі аңыз жиегінде талтандай басқан
тырналар көрінеді. Алыс жолға аттанар алдында туған жердің топырағын қимағандай,
асығар емес, көктегі қыранға сескене көз салады. Қыран көзіне қиянда, қырқа үстінде
тұрған тас оба шалынды. Қимылдайтын секілді, қателескен екен, оба емес, қарайған
аттылы кісі боп шықты. Құс салып, тазы жүгірткен аңшы емес, олар жалтақтағыш келеді.
Жоқ қараған малшы емес, ол пақырлар бір орында байыздап көп тұрмайды. Біраздан бері
бұл өңірден екі аяқты жан көрмеген қыран таңырқай, тосырқай қарады.
Бұл қыран басқа құстардай суық түсе жылы жер іздеп туған топырағынан безіп
кетпейді. Осында қыстап үйренген. Талай тұмсығын үсітті, аңшыға тап бола жаздады,
бірақ Қаратаудан кете алмаған, енді қартайған сайын тіпті үйкүшіктеніп, Жылаған ата
жықпылынан шықпай қойған. Осы өлкенің жұрты да кәрі қыранды қысы– жазы көктен–
ақ айна қатесіз таниды. Қыран да Қаратаудың осы бір бел ортасын жайлаған екі аяқты
серіктерін көз ұшынан біледі, оларды бақылап, қызықтауды сүйеді, әрекетін түсінеді.
Әуелгі оба болар деп қалган жалғыз аттылыны кәрі қыран көзсерік қып, төбесінен кетпей
ұзақ ұшты.
Қыран екі аяқты бұл жанды жал– құйрығы сүзілген жүйрік мақұлықтардың пірі деп
түсініп кеткен. Тас обадай қатып тұрған Доскей еді.
11
Жер тозған. Әйгілі топырақ тарихын зерттеушілері де, құм шабуылы деп аталатын
тарихи жорамалдың авторы да бағзы заманда осы Қаратау мен Сырдария езені
аралығында жатқан кең жазық ну тоғай, тропикалық өңір болған деседі. Қалың жыныстың
ішінде жолбарыс жортқан; үлкен қорымдарды мекендеп, тұқым өрбітіп ордалы жыландар
жайлаған; жабайы жылқылар, тағы түйелер Сырдан су ішіп, Қаратау шатқалын өріс етіп
жайылып жүрген.
Ауа райы ауысып тұрады. Бұл ақиқат. Содан бір заманда жыныс тоғайлы
тропикалық өңір болған жер жел жортқан құла дүзге айналып, енді қуаң дала әлгіндей
жым болып жатады.
Құм мен тоғай ғасырлар бойы шайқасып келген, олар әлі күнге Сыр бойында өмір
жолында арпалыс үстінде; осы өңірден өткен жолаушының көзіне бірден түсетін нәрсе
құм мен тоғайдың қолтықтаса жатуы; қайсысы жеңсе – жер соныкі; бір жылдары бұл
жерді құм шағылдары басады, не жасыл тоғай бүркейді. Бірақ кейінгі ғасырларда Қаратау
мен Сыр бойын құм жаулап алып келеді; жердің тозуы да осыдан.
Кәриялардың айтуынша Сауран қаласына он төртінші ғасыр шамасында ордалы
жыландар шабуыл жасаған. Бұл өзі бір алабөтен қызық хикая. Біздің дәуіріміздің орта
шенінде Сыр бойын қуалай қоныс тепкен Бесік қорған, Жауһар, Оқсыз, Қорасан, Сығанақ
қалаларының тұрғындарына тропикалық тоғай тағылары – жолбарыстар дүркін-дүркін
қауіп төндіріп тұрғанын көне көз кәриялар аңыз қып айтып отырады. Әбунасыр Фараби
тұсында қыпшақ жігіттері Сыр мен Қаратау арасындағы жалпақ жонда жабайы
жылқыларға аңшылық құрған.
Ауа ауысып тұрады.
Тіпті осы тұрған жылқышы Доскейдің бесінші атасы Шіркінбай батыр туралы ел
арасьщда мынандай әңгіме сақталған.
...Шіркінбай ер жүректі, батыр білекті жан екен. Жортуылға шықса, барымтаға
аттанса өзінің сүйікті тұлпары Қаражебені мінетін. Талай жұтта жұртын аштан шыбынша
қырылудан сақтаған. Талай жаугершілікке қарсы қайың сапты сүңгісін аянбай сілтеген.
Аты Қаратауды дүңкілдеткен.
Бір күні жоғары жақтан Сырды бойлап жол тартып келе жатады. Қасында туған
інісі Қарабай бар. Сырдың қалың нуы ат алқымын шабақтап қызылмай етеді. Жол
қажытады. Бұлар тыныстамақ болған. Аттан түседі. Шіркінбайдың бір мінезі қашанда
астындағы Қаражебесін бос жібермей, тізгінін беліне байлап жатады екен. Бұл жолы да
сөйтеді. Ағайынды екеу жатып тұрып алаңсыз ұйықтайды.
Алакеуім таң бозында шырт ұйқыдағы Шіркінбайды бірнәрсе дырылдатып сүйрете
жөнеледі. Ояна келіп, көзін ашса сүйреткен Қаражебесі екен. Жалы тікірейіп, құйрығы
шаншылып ышқынып барады. Шіркінбай жандәрмен деп кеудесін көтеріп, қара жерге
тізесін тірей қалған. Тұлпар шырқ айналып қалт тұрады. Бағдарласа, қарсы алдында, екі
көзі от боп жанып, белін садақша бүгіп енді атылғалы жолбарыс тұр.
Жолбарыс Шіркінбайға атылады.
Батыр қолында жарақ қалмаған. Амалсыз, дүлей тағымен алыса кетеді. Шошынған
түлпар артқа сүйрейді. Бұл тағыны алға итереді. Батырдың күші екіге бөлініп қиын халге
түскен.
Осы кезде Қарабай оянған.
Анадайдан топыр шаңды, қызыл ала қанды көріп қатты қорқады. Атын ұстап,
ырғып мінеді. Қашуға бет алады. Сонда артынан ат тартып, алдынан жолбарыс жығып
қиналған Шіркінбай айқайға салды дейді.
– Қарабай, жатқан жерде қалған қанжарымды әкеп, жолбарыстың қарнын жар!
Қарабай қанжарды алуын алса да жолбарыстан қорқып жанына жақындай алмапты.
Қорқыраған хайуан, шыңғырған ат, бұрқылдаған шаң жүрегін шайқады.
Сонадайда, ат үстінде тұрып қанжарды лақтырып жіберген.
– Мә!
Содан алды-артына қарамай безіп берген.
Қиын жерде, сын мезетте қайрылмай кеткен інісіне қатты назаланған Шіркінбай
ашуға мінді дейді. Алысқа түскен қанжарға қолын жеткізем деп, жолбарысты қарсы тіреп
итере берген... соңында төрт тағандап тырысқан Қаражебені сүйрете берген. Ақыры қолы
қанжарға тиеді. Тіресіп тұрған жолбарыстың алқымын езіп, қарнына қанжар сұққан.
Жолбарыс сұлап түскен. Шіркінбай белін жазып, ентігін басып, артына қараса қара жер
соқа жыртқандай тілініп кетіпті. Бұл тұлпардың тірескендегі тұяғы салған ізі екен дейді.
Көзінің қанын таратып, жолбарыстың терісін сойып алып атқа қонады. Терінің
пұшпақтары аттың екі жағынан да жер сызып отырған көрінеді.
Ауылға тақаса, шұбырынды жаяу, ат қойған атой... ел дүрліккен. Қашып келген
Қарабай: «Шіркінбайды тоғайда жолбарыс жарып кетті» деп мағлұмдаған. Дүрлігіс соның
желі екен.
Содан Шіркінбай батыр қаны қарайып, қашып кеткен інісі Қарабайды ұстап алып
суға салып сабаған дейді.
Содан Қарабай батыр ағасына өкпелеп, Қаратаудан ылдиға, Қосүйеңкінің ұлтанына
көшіп кеткен көрінеді.
Қазіргі қосүйеңкіліктер сол Қарабайдан тараған тұқым.
Шіркінбай батыр қартая келе жауға шаба алмаса да таң бозында атына ер салып,
есік алдына байлап қояды екен. Найзасын атқа сүйейді, қалқанын ер басына іледі. Әлгі ат
түс ауғанша қаңтарда тұрған. Күн қайтқанда аттың ерін алып отқа жібереді, жарақтарды
үйге кіргізеді. Күнде солай... Бұл батырдың өле– өлгенше жасаған тірлігі көрінеді.
Батыр бабасы соғып алған жолбарыстың терісі кешегі күнге дейін үлкен отауда
сақтаулы келген. Доскей шалдың әкесі сол теріні «өз көзіммен көргем» деп тамсанып
айтып отырушы еді.
«Шіреке, кейінгіге айта жүрер нендей батырлық жасап едіңіз?» деп сұраған
кісілерге – шалың теріс қабақ танытып, жиырыла қалатын. Қолқалап қояр болмаса:
«Пәленді жендім, төленді шаптым деп шатпақтап не қылайын. Болмадыңдар. Есімде
алабөтен қалған бір оқиғаны мағлұмдайын» дейді екен.
«Күндердің күнінде жортуылдан келе жаттым. Жалғызбын. Күн батар алдындағы
қызылиек шақ. Ат аяңын жылдамдата түсті, жануар қоналқыға асықса өсітетін. Кенет
тақымымның асты дір етті. Тұлпар үрікті. Көз жетер жер елсіз тұғын. Шыңғырған дауыс
шықты. Төбе құйқаны шымырлатар шыңылтыр, жіңішке дауыс. Тәуекел деп, әлгі жат үн
шыққан жаққа ат басын бұрдым. Қалың қорымға кезіктім. Бағдарласам... үлкен бір
көкшулан қасқыр шеттегі көрді белуардан қазып ішіне кіріп кеткен, бөксесі ғана
бұлтылдап көрінеді. Аттан түсіп, тізгінді белге байладым. Жетіп кеп қасқырды құйрықтан
қармап, көрден суырып ап атып жібердім. Өзім үңілдім... не көрдің дейсіздер ғой... көр
ішінде кебіні жыртылып, енді қасқыр тісіне түсуге қалған тыр жалаңаш жас әйел отыр...»
«Біреу жүрегіме мұздай үскі сұққандай болды, жаман шошыдым, басымды жұлып
ап... жөнеліп кеттім».
– Батырды шошытқан алабөтен оқиға осы. Бұл әңгімені Мақұлбек қасындағы қора
жөндесуге келген балаларға баян еткен.
Бұлар – Қосүйеңкінің ересектері; алды жиырма бес, арты жиырмадан асқан, мектеп
бітірісімен шаруашылықтың құлағында қалған бес– алты бозбалалар; жасы үлкені
Мақұлбек. Мүлкаманның тапсыруымен бұлар бір үйір бригада құрып осы маңдағы қой
қораларын жөндеуге шыққан. Ертемен келеді де тас қалайды, төбеге ағаш салады, балшық
илейді. Түс бола жұмыс тоқтайды. Ми қайнатар аптап ыстыққа шыдамай, көң иісті қора
көлеңкесіне иіріліп, үйден ала шыққан айран-шалаптарын ішіп дамылдасады. Сондай
шақта Мақұлбекті балалар: «әңгіме айтыңыз» деп қысқан еді. Әлгі әңгіме сол өтініштен
сабақталып айтылған болатын.
– Атын қаңтарып, жарақ асып қоятыны қызық екен!
– Дүниеден не мықтылар өткен ә!
Алысқа, сағым ойнап, буы бұлдыраған көкжиекке қарады. Боп-боз дала!
«Жер тозған», – деп ойлады ішінен.
«Сай біткен аққайызғақтанып соры шыққан. Аттары да кілең: Сорлысай, Зәктөбе,
Ақтөбе, Бетпақсай, Құйынқуған, Тайпақ болып келеді. Қазақ та жер атын тұрқына сай
қояды. Әйтпесе, әдемі ат құрыған ба». Топырағы ақшыл, тұзды: егін жөнді шықпайды,
көгереді де күн ыси қау болып ұшып кетеді. Тұз басып келеді.
Әр сайда бір қой қора, тамтығы қалмаған, жартылай ағаш, жартылай тас, төбесі
қамыспен жабылған қалқима әншейін.
Шопандарға стандартты қора, үй салып беру туралы қаулы алынып, ұжым
басшылары «әу» десіп іске жұмылып кеткенде тұрғызылған жайлар еді. Құрылыс
жабдықтары тапшы болып, жиырма қора қалқиған соң, алғашқы қарқын саппа басылды,
қалған шопандарға арнап бағзы заманғы бабалар жасаған жайға ұқсас жартылай ашық
калқалар тұрған. Сол жиырма қора, қасындағы стандартты шопан үйі әуелгі кезде
малшыларды қатты қуантты. Қуанбай қайтсін. Едені тақтай, бықсыма ошақ орнында көмір
пеші, үрген қарын орнында форточкалы терезе: бақандай үш бөлме, қойлармен
қолтықтаса жатпайды, енді ол пақырлар әудем жерде бөлек қораға жайғасқан.
Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады.
Қосүйеңкі ұлтанына жаңадан көшіп келіп үй салған кейбір кісілер ағаш десе,
тақтай көрсе қара күйедей жабылды, ұрлады-жырлады. Қолына түскен бұрау ағашты да
бұйым көрді. Бұл тірнекқорлықтан емес, тапшылықтан, үй салу жарағының жетіспеуінен
туған мінез еді.
Шопан байғұс көктем шыға, әлгі стандартты мекен-жайға құлып салып, тауға
қоныс аударады, мал қамымен кетеді. Сол мезетті күткен Қосүйеңкінің кейбір пысығы
есегіне, атына мініп, түнделетіп қораларға шабады. Қолда балта, тық еткізіп құлыпты
ұшырады, әуелі, терезенің кәсекісін алады, веранданың тақтайын қағады. Сонымен тағы
тыныспайды. Дәніккен қол сумаңшыл болады деп, ертеңіне де қас қарая жетіп келіп,
еденді қақыратады, пешті бұзады... есегіне артып ап тайып тұрады.
Күз түсіп, қойшылар еңіске жөңкіп, жылы, шуақты қыстауға келгенде мекен-жайды
көріп төбе шаштары тік тұрады.
Аңқиған терезе, есік; тамтығы қалмай құлауға айналған қыстау. Атына мініп
басшыларға шабады (үйде бала-шағасы шулап қалған), «мекеніміз жайрап жатыр,
оңдырмапты, түзетпесендер болатын емес», – дейді. Басшылар азар да безер: «Атаңа
нәлеттер-ай, сирағын сындырар ма еді! Сотқа берер ме еді!» деп әлдекімге кіжінеді.
«Тап қазір қолда жарақ жоқ, құрылысшы жетіспейді. Қар түскенше жөндерміз...»
деп шопанды жұбатып жөнелтіп салады.
Алғашқы қар түседі (аңқиған үйде бала-шаға жаурай бастаған), қойшы басшыларға
ентігіп тағы келеді; «осылай да осылай...» деп, егіледі, түңіледі.
Басшылар беймәлім ұрыларды жеті атадан жіберіп ап, мүлде қарайып шарасыз
күйге түсіп: «ептеп-септеп өзің жөндеп алсаңшы. Дүкеннен әйнек, пеш қақпақтарын
бергізейік. Биылдан соң су жаңа қып қайта саламыз», дейді.
«Мақұл»деп соңынан мөнтеңдеп ере беретін момын қажет.
Дал-дұлы шыққан құтсыз мекенді шопан әйелімен қосылып жөндейді, лаждап
қысты өткізеді, белі ауырып, сарыбы ұстай бастаған мезетте көктем келіп қол береді.
Шұқырдан тартып шығарып ап тауға, салқын сая, шипалы ауаға жөнелтеді.
Басшылар әрі ойлап, бері ойлап қораларға қарауыл қоюды ұйғарады.
Қолы бос Мақұлбекті шақыртып алған.
– Мақа, Қосүйеңкінің маңында жиырма шақты қой қорасы бар. Әлгі мекендердің
есік-терезесін, еденін қайсыбір жұлмыт ұрлап тыншытпай жүр. Қарауыл болсаңыз
қайтеді? Астыңызға ат береміз, күніге бірер айналып қарап шықсаңыз жетеді.
– Жалақысы қанша?
– Отыз мың теңге!
– Бір шетіндегі қораны қарап жүргенде, бір шетінің тақтайын бұзып әкетсе
қайтемін? Үй салған кісі де бала емес қой, ебін біледі.
– Сол жиырма қораның бірінің бұрауы жоғалса, ақшаңыздан ұстаймыз.
– Ауқат емес әңгіме. «Бұрауын ұрлатпаймын» деп кепілдік бере алмаймын. Бас-көз
болу бір жөн. Жаздай арам тер боп далақтағанда, алпыс сом аламын деп жанымды
салғанда... соңынан ұстап қалып отырсаңдар несі қызық?! Одан да көлеңкеде тыныш
отырмаймын ба?..
– Кәрия, ұрыны ұстасаңыз сіздің алпыс сомда неміз бар!
– Гәп сонда ғой. Ұрыны ұстау қолымнан келмейді.
– Неге келмейді-әй.
– Мынау ұры деп маңдайына жазып қойып па? Ол да өзіміздей жұмыр бас пенде,
таудан көшіп келген жан...
«Шалдан қорықшы шықпайды», - іштей деп түңіледі Мүлкаман.
Осылай ырғасып отырып жынды болуға айналды.
Жыл сайын қорықшы табылмайды, жыл сайын қойшы үйлерін, қой қораларын
қайта жөндеуге тура келеді.
Мақұлбектің бастауымен осы шағын бригада құрылып; қоралардың қоқысын
аударғалы, күзде қарайып келетін шопандарға жылы, жайлы «ұжымақ» даярлап
тырбанғалы бір апта болған. Қолда жалғыз су таситын машина бар: ауыл қыдырып, көң
тасып кетпеген күні су молынан жетіп, іс өніп қалады. Құлаған қабырғалар қалқиып еңсе
көтереді, есік пен терезе бағзы орнына жапсырылады…
Күн қайнай түсті, жақын қырқалардың өзі сағыммен бұлдырап алыстап кеткендей.
Уһ деп тыныстап жан шақырар үп еткен жел жоқ.
– Биылдыққа күн күркірегенін естімедім!
– Әлгі зуылдақтың қарасы батты-ау.
– Қуырдақ боп қалдық қой әбден.
– Балалар, бос сөзден ештеме өнбейді...
– Осы тасбақа-таразыдан жеп тәңірге жазған саудагер дейді ғой, рас па, Мақа?
– Оны бір Алла біледі-дағы.
– Білетін дәнеңе жоқ. Халықтың қиыстырмасы бұл.
– Халық тегін айтпайды. Көрмеймісің... Тасбақаның қос қабыршағы құдды
таразынын екі табағы тәрізді, – деп килікті бір бозбала.
– Болса ше?.. Таразыдан жеген тасбақаға айнала беретін болса, дүкенші Құлшығаш
баяғыда тасбақа болып кетер еді.
– Сауда жасап шотына түссең шиедей қылады, қайтарым теңге бермейді.
– Здаш жоқ дейді өмірі.
– Жеті миллион қарызынан құтылды ма Құлшығаш?
– Ағайындар жинап беріп әлдеқашан құтқарған. Көкек айында көң ойып тапқан
қырық мың теңгені жылуға ұстап қалыпты. Басшылар жігітке: «Тағы қарызданарсың...
өзге жұмысқа ауыс», – деген екен, көнбепті, «шот қағып тұрмасам тамағым бойыма
сіңбейді», – деп жата жалыныпты, жылапты... Қазір орталықтағы дүкенді алақанында
ойнатып жүр…
Мақұлбек тұрып кетті. Кетпенін алып анадай жердегі ұзын қораның опырылып
ішке түскен бұрышын бұрқылдатып шаба бастады. Күрік болған тауықтай көлеңкеден
шықпай отырған жігіттер бір-біріне қарасты. «Мына шалдың қиғылығын-ай. Тыным
бермейді түге. Жан тынышын ойламай ма? Осы жасқа келгенде қимылы мынау, жас
кезінде жерді жамаған болар».
Жастар қиналып отыр. Жасы үлкен, сыйлайтын кісі кетпен шауып жатқанда –
үйіліп отыру ыңғайсыз. Әуелі қалқиып біреуі тұрды, сосын тасбақа туралы әнгіме
қозғаған жігіт, сосын қалғандары көтеріліп, ыстық құмға табандарын күйдіріп қораға
келді. Жүздері әлем-жәлем. Еріншек қозғалады, көбі іші ауырған адамдай күйгелек,
күйбең.
Шыжыған аптап күннің астында шаң жұтып, кетпен шауып жатып Мақұлбек өзінің
баяғы қорықшылық қаракетін, суы сарқыраған Ақүйікті, аңға шығып айызын қандырған
қызықты күндерін ойлады. Іші жылап сағынды, аңсады. Қарды талдырған кетпенді
лақтырып жіберіп тайып отырғысы келеді.
Бірақ үй асырап, бала өсіру секілді ер жігітке бұғалық салған қу тіршілікке тағы
опынады, ішінен іріп тағы қиналады.
Төбені топырақ, сабан, шыбық секілді бастырғыдан арылтты.
Көтерме етіп салған көлденең ағашы сыныпты.
Сынған ағашты алып, орнына жаңасын салды, енді қайталап көмуге келгенде іс
насырға шапты. Шыбық төсеп, үстіне бұрынғы сабанның шіріндісін үйіп, бетіне топырақ
тастай бастағанда, құрғақ құм сусып, тұрмады. Саулап ішке құйыла берді. Ышқына
лақтырды, күдірейген төбе топырақты дамылсыз жұтады. Балалар қажыды. Мақұлбек
әрлі-берлі үстінен таптап тоқтатқысы келген еді.
– Болмайды, балалар! Сабаны шіріген, ұстайтын емес.
– Енді қайттік?
– Жас шыбық, жас сабан жеткізу керек.
– Әлгі зуылдақ қайда жүр ә?!
– Тілім аузыма сыймай кетті.
– Жүз мың берсе де жолайтын жұмыс емес екен!
– Неге келдің ендеше?!
– Мақаңнан ұялдым...
Қораның төбесін жабуды қоя тұру керек болды. Келесісіне кірісті.
Шопан отыратын үйдегі жарылған пешті жөндеуге, балшық илеуге тағы су жоқ,
қара жолдан «қарасы батқырың» көрінер емес.
Енді жабылып тас қалауға кірісті. Ашық қораның кетілген жерлерін кеше
мәшинемен әкеліп төккен боркемік сарғыш тастармен бітей бастады.
Күн де еңкейіп қалған. Әрі қарай жұмысты тоқтатуға тура келді. Өйткені жастар
арасынан: «Мәшине келмес. Қараңғыға қалып, үйге жете алмаспыз», – деген уәйім сөздер
шықты. Қосүйеңкі ауылына дейін он шақырымдай жер бар. Қазір жаяулатып тартып кетсе
керзі етік қас қарая үйде шешілмек. «Қой, бүгінгі шаң жұтқанымыз жетер. Ертеңге де
жұмыс қалсын» десіп, енді жастар бел жазып, қапырық қорадап тысқа үркектеп шыға
бастады. Мақұлбек бас болып, қора жөндегіштер ілесіп ауылға жаяулатып бет алды.
Күнде, осыдан сәл кештеу мезгілде су таситын мәшине келіп, жұмысшыларды
мінгізіп алып жүйткітіп қайтатын. Бүгін қиқалақтап қарасы батты. Жігіттер шофер
баланың құлағын шулатып, атасынан қайырып келеді, керзі етіктер жусанды бозды
күтірлете кешеді. Қаңсып қалған көмейден көңілді әңгіме шығатын емес.
Бұлар жарым жолдан өткенде қарсы беттен жүк көлігінің шаңы көрінді, жердің ой-
қырынан қиқалақтап әзер жетті, кабинадан кепкасы көзіне лықсыған шофер бала көрінді.
Ыржиып кеп күледі. Жігіттер жүндеп жатыр. Мақұлбекті ішке, кабинаға отырғызып,
қалғандары су таситын көліктің дәу багін жағалай жайғасты. Сымға қонақтаған
қарлығаштар тәрізді, шықылықтап, даланы жаңғырта күлісіп жөнеліп берді.
12
– Кеше келіншек ап қашып келдік! – деді шофер бала.
– Не дейді?! – деді Жаманеркек. Даусы оқыс қатты шықты, әлдене жаманшылық
сезгендей, кепкасы көзіне лықсыған балаға алара қарады.
– Құлшығаш қыз алып қашып келді, – деп қайталады ол.
– Кімнің қызын?!
– Саяны.
– Жетістірген екенсіндер! Қыз абройын қалай ойламайсыңдар?! Мақұлбектің
көңіліне неге қарамайсыңдар?!
Жаманеркек қолындағы балтаға сүйеніп барып, ағаш түбіртегіне сылқ түсіп
отырып қалды...
Кейінгі кезде Жаманеркек көп өзгерген: кәриялармен жақындасып, ақыл сұраған
сайын олардың ойын тоқып, көкірегін танып үйренді. Басын тасқа ұрып ағатын өзендей
алакүлік дәңғасар мінезіден сап тиылған. Тоқтамға келгендей болған. Әсіресе, былтыр
қолы қысқарып отырған Доскейдің бұзаулы сиырын сатып, әжетін өтегелі бері кәриялар
бұған кетәрі емес. Қайта: ақкөңіл жігіт деген қолпаш ести бастаған. Содан бері бастан
өткен көп тірлігін тезге салып сарыла ойланды. Өзге жұмыс құрып қалғандай, бұрын-
соңды кәсіп етпеген қорықшылыққа жармасқаны... Мүлкаманға қорықшы ет деп
ауызбастырыққа қашар бергені... Мақұлбектің көңілін қатты қалдырғаны... жанына батып
жүрген.
Жиын болса жұрт көзіне түртетіндей қысылып, өзін епетейсіз, қораш сезінеді.
Сөйтіп жүріп, қолына алған қорықты оңдырса екен... тоздырып құртты. Тоғандары кеуіп,
өріктер жеміс бермей қалды. Арасына сиыр жайылып қараусыз қалды. Бейне құнтсыз
қолға түскен киімдей әрі кетті, етек-жеңі қырқылып бітті.
«Бас аманда Мақұлбекке қорықшылығын қайта өткізіп құтылсам» деп ойлап
жүрген.
Енді түу-у-у ылдидан келіп Қоқаң қорығынан тойға деп отындық ағаш алғалы
тұрған шофер баланың айтқан хабары жайсыз әсер етті. Қапелімде бытыраған ойын жинай
алмай қалды.
– Қызды жайшылықпен сұраған екен, әкесі көнетін болмапты. «Тексіз немеге
қызымды бермеймін», деп ашып айтыпты. Содан Құлшығаш қатты ашуланған. Саяны
олай айналдырды, былай айналдырды, ақыры уәде байласып, кеше кеште алып қашады
ғой.
– Қыз көнсе... кімнен қаштыңдар?
– Қорықтық... сосын қыз алып қашу қазір дәстүрге айналды емес пе.
– Қыз көнсе әкені сөзге тоқтатуға болмас па еді?
– Ойбай, шалды көндіреміз деп жүргенде, қызы құрғыр айнып қалатын болды.
– Зорлап көндіріп пе едіңдер?!
Шофер бала тершиін деді.
– Құлшығаш көнді деді ғой әйтеуір. Қызға: «Әкең келіскен. Бірақ «той жасап, ел
жиып аттандыруға қол қысқалық етеді. Өздерің бірдеңе ойластырыңдар», – деді», – деп
өтірікті суша сапырыпты.
Жаманеркек кеудесіне ауа жетпегендей тұншықты, тұрып кетті.
– Әйтсе де ақылды қыз екен, Құлшығаштікіне жеткенше жылап болмады, жүйкемді
босатты.
– Сөзіңнің бәрі былық, істерің де солай-ау деймін.
– Жаздық-жаңылдық деп әкесінің аяғына жығылсақ... тойға шақырсақ...
– Тойың бар болсын, бар болғыр!
– Ауыл әкімі қуанулы. Тойды дөңгелетеміз деп жатқан.
– Әктебің де құрып кетсін, ә!
Шофер бала қыз алып қашқанда қиыстыратын өлеңін боздата жөнелді. Тіксініп
қалды. Сөз қисынсыз, әр жерде аяғы бір-ақ тиетін ұйқассымағы бар. «Сан шымшысып
келеміз құдашамен ах– ха– хоу...»
... «Мақұлбектің қапасы қара бұлтқа теңесті-ау. Мінезі болаттай жан еді, енді бор
болып үгілетін шығар. Намысына берік жігіт – ең ақырғы қара нанын суға жібітіп жұртқа
тартса да жалғыз қызын ел жиып, той жасап аттандырар еді. Кең пейіліне қарқ қылар еді.
Жетім қыздай жерге қаратып кеткенін қарашы... Белін мың бүгіп, терін сан сүртіп мәпелеп
өсірген әке қадірін Саяның ұқпағаны ма... ұмытқаны ма... Қыз – опасыз деген осы ма...»
Былтыр тауда, Мүлкаманның отауында отырып айтқан сөзі Жаманеркектің есіне
түсті. Қарап отырып қара терге малшынды.
«Құлшығашқа тамаша қалыңдық бар. Өзі сұлу, өзі ақылды... уылжып тұр», – деп
көкіді-ау бұл қарап жүрмей.
Сол сөзі құлағында дамылсыз шыңылдады. Жаманеркек астыңғы ернін қатты
тістеп, еңсесі түсіп отырып қалды. Осы мезет ол өзін-өзі соншама жек көрді; баяғы
замандағы қылмыскердің басын қағып түсер балта болса... Мейлі, қолындағыдай өтпейтін
жетесізі-ақ төнсін... кауақ құрлы құны жоқ басын қиналмай астына тосар еді. Бұған
Жаманеркектің батылы жетеді.
«Жазған баланың обалына мен қалдым-ау», – деп қиналды. Ішінен ыңырсып,
ұяттан жүзі өртенді. Балта сабын қысып тұрған қолынан маңдайын көтерді. Сая
Далабайды сүйеді деп естіген. Қатынның қаңқу сөзі болмасын? Сонда қалай. Сая
бойжеткеннің сүйіспендігіне сына түскені ме»
Дәл жанында қорықтан отындық ағаш алғалы келген шофер бала қалқиып тұрған.
«Сан шымшысып келеміз құдашамен ах-ха-хоу!», – деп ыңылдағандай боп көрінді.
Жаманеркек атқып тұрды. Бар ызасы аузынан запыранша ағытылды.
Жаның барында қараңды батыр!
13
Қосүйеңкі ұлтанын жайлаған жүзге жуық шаңыраққа, ойға-қырға, жамағайын-
жекжатқа, алыс-жақын көз кергенге тойға шақырушы жөнелтілді. Шақырушы біткен
бермесіңді алар, бүйірден соғар жұлмыт жігіттер. Сыйлы кәрияларға барып, алдынан
арызын айтып, жақсы ниетке жаушы бола Нағанай тағайындалды. Жүйрік тілі, жырынды
қулығы сеп болар деп ойлады.
Жанашыр ағайындар «әу» десіп мәмілеге кеп уағадаласқанда, осы игілікті істің
басталуы әбестеу болғандығы, ет жақынның көңіліне дық салар қыз алып қашу деген
пәлеге кіріптар қып кеткендігі қатты ескерілген.
«Қателікті дер кезінде түзеткен ләзім», – деген Мүлкаман.
«Ағайын арасы ашыласып кетуі мүмкін», – деген мас күйінен әзер айығып басына
салқын су құйғызып отырған Құлшығаш.
Күйеу жігіт қызға барар жолда жүрек басар болсын деп бір жұтқан... Көп емес...
қыз үйіне әудем жер қалғанда кідіріп, еркін тілдесуге деп бір-бірден тағы жұтып алды. Ит
үріп, Сая сыртқа шыққан еді, әлгінде батқан күннің қызыл бояуы жұққан жол үстінде
ербиіп екеу тұрды. Таныды – ұзыны Құлшығаш, кепкасының күнқағары сынып
жапырылғаны – шофер бала. Қыз денесі ду ете түсті. Бірер аттап қайта кідірді, жүрегі
өрекпіп алқымына тығылды, көзінің шарасына жас толды.
Сая қазір бұрынғы еркін еркелігін ұмытып, ұяң, ішке сырды көп жасыратын тұйық
мінезге түскен. Доскей шалдың: «Далабай үйленетін болыпты» деген тікенектей хабарын
естігенде «Алматыға бармаймын» деп қалса да, кейін көп толқыған, ренішін ақылға
жеңдірген. Енді: «Далабай елге келсе – күллі өкпемді кешер едім... жалғыз ауыз сөзін
естісем!.. Мен де алысқа, арманға қанат қақсам...» деп ойлайтын. Далабай оралар деп
үміттенді.
Іштегі сырды ақтарып хат жазғысы кеп сан оқталды. Бірақ қыз ұяты қолын тұсай
берді. Әйтеуір, Саяға келгенде барлығы керісінше болады... сол жамбасынан тұрады.
Жылдар бойғы сағынған жүрекке шөге-шөге алтын түйіршігіне айналған махаббат
ұшқынын қазір қапа... реніш кірі басып, тат жеп жоюға бет алғандай. Далабайға деген
кіршіксіз ықыласы, әдемі сезімі жұтаңдап барады. Бұл мінезінен кейде қыздың өзі тіксініп
қорқатын. Қара жүрек болып қаламын ба деп уайымдайтын.
Өстіп жүргенде жерден шыққан жіктей болып Құлшығаш кездесті. Өзі машайық
қашырғандай мазаң-ақ. Сая әлдебір шаруамен орталыққа бара қалса, жолын аңдып
тұрғандай, өкпе тұстан ұшыраса кетеді. Содан дәл құлағының түбінде Сырдың сары
масасындай ызыңдап жүргені «Далабайды күшік күйеу қып қолына қондырған...»
«дөкейдің қызы»... «қауызын алған күріштей аппақ қалыңдық»... бипаздап айтқанда
майын тамызады. Бетін басып қаша жөнелгендей болады...
Әуелгіде Сая естімеген сыңай танытып жігітті жүре тыңдайтын. Уақыт өте төзімін
жеп бітірді, бұл түрімен тасты да кемірер. Жауап қататын болды...
Бекер өйтіпті, жүз жылытып тіл қатыспау керек екен. Арбауына қалай тез түскенін
аңғармай қалды.
Сая осыны ойлап есік алдында сілейіп тұрған...
...Құлшығашпен ең соңғы кездескенде болған мәслихатты еске алды. «Саяжан,
өлтіремісің енді?! Азып-тоздым. Ұйқы көрмеймін. Арманымсың! Алақаныма салып
өтемін!..» Тап осындай, бұрын естімеген, жан балқытар сөздер мол айтылған...
«Атама не демекпін?!» – деді Сая қыстығып (Сая әкесін ата деп атайтын).
«Кәриямен өзім тілдестім... Ол кісі: «осылай да осылай... өздерің біліңдер... той
жасауға қол қысқа...», – деген.
Саяны қапсыра құшып бетінен сүйген. Қыз қатты қысылды. Беймәлім тіршілікке
алғаш аяқ аттап отырған бейкүнә жан толқында қалған жаңқауықтай қалтырады.
«Қашан келейін?» – деді жігіт өлеусіреп.
Қыз үндей алған жоқ, ештеме айта алмас та еді. Буын-буынынан әл кетіп сытыла
жөнелуге әзір тұрған.
Жігіт босатар болмады, «тағы құшып сүймек пе?!»
«Ертең кешке келейін», – деп өзеуреді.
Сая еріксіз басын изеді... Бар болғаны осы.
Жеңгетайлар мұндай оқиғаны таза сайтан азғырған тіршілікке қосады.
Ақыл қосар Саяның жеңгесі де жоқ. Мінезі қатты әке, науқасты ана, ауданда,
интернатта оқып жүрген інісі, басқаны ойлар мақсат та болмапты. Осы Құлшығаш
мазалап біткенде анасына сыр қып сездірмек боп сан оқталған. Сан толқыған. «Мүмкін
Құлшығаш бүгін келмес. Ертең-ақ айтармын анама», деп кідіріп еді. Ащы ойлар өзегін
тіліп шыдатар болмады.
Бүгін тандырға нан жауып жатқан анасының қасына келген.
– Апа, ауданнан Сауранбай қашан келмек?
– Өзің емес пе есептеп жүрген. Экзамені біткен соң келеді де.
– Қызының біртүрлі сынық кейпіне көңіл тоқтатқан.
– Ініңді сағынып жүрсің-ау, байғұс... Бар, ана түйені сау!
Сая түйенің бауырына отырғанда да, желінін созып күрпілдеткенде де ойы алысты
шарлап жүрген. «Мүмкін Құлшығаш бүгін келмес. Шаруа қуып кідіре тұрар. Далабай
келер»...
Түйені сауып кеп үйге кірді. Масахана ішінде қорылдап ұйықтап жатқан әкесіне
көз салды. Анасы шайға шақырды.
– Апа, мен жоқ болсам үй шаруасына жарар ма ең?!
– Қайдағы жараған. Аяқ-қолым сырқырап жүр.
Шешесі аңқау сөйлегенін артынша сезді білем, баж етті.
– «Жоқ болғаны» несі? Әй-қар. Сен де қараңды батырып зытқалы жүрмісің?!
– Оқысам қайтеді, апа?!
– Күш қайда, қаражат қайда?! Әкеңнің жұмысбасты боп жүргені анау, сен кетсең
көзіміз ойылып отырып қалармыз. Жүр ғой осында жұрттың қыздары оқымай-ақ,
шоқымай-ақ. Былтыр Астанаға бара ғой дегенде өзің бүлінген, оқымаймын деген.
Сая кесесіне үңіліп ойланып отырып қалған.
Сөйтіп аңқау шеше қыздың жан пернесін баса алмай, оның нәзік жүрек түкпірінде
пайда болып келе жатқан соны бір әуендерді ұға алмай жасытып тынды. Жас жанды
тоқыратып, толқытып тастады. Содан әрі әңгіме өрбімеді. Шақылдақ шал оянды, тірлік
көбейді, көз байланды...
Намазшамның көлеңкесіндей сорайып, жаналғыштай боп Құлшығаш келді.
Қыз еріксіз қалқиып тұрған екеуге жақындаған. Құлшығаш ентелей түсіп Саяның
қолынан ұстай алғаны (Бұл кешегі қыз алып қашу оқиғасы болатын). Сая үркіп кетіп,
қолын тартып, кейін тайқымақшы еді. Құлшығаш: «Саяжан, енді өлсек те, тірілсек те
біргеміз. Көрген көзге масқара болмайық десең жүре қал. Мақаң үйден шығып қалса
шатақ сонда болар», – дегені.
Бұл сөз, неге екені беймағлұм, Саяның еркін сары майдай ерітіп әкетті. Әл-қуатын
құрдымға жіберді, тағдырын, таза арын жазмыш ырқына жіберіп, Құлшығаштың қарулы
қолында кете барды. Жасқа булығып жөнелді.
Жолда күйеу жігіт пен шофер бала сәл кідіріп бір-бірден тастап алған.
Құлшығаш үйге тақағанда шала мас еді. Табалдырықтан аттап, Саяны оң босағада
құрулы тұрған ақ шымылдық ішіне енгізді... қуаныштан тағы жұтыпты... ертенгі тойдың
қамымен тентірепті... жазған мас болып қалыпты. Қалыңдығынан бөлек түнеп шықты.
Енді таң бозынан тұрып, шытынап жарыла жаздаған басына салқын су құйып отыр.
Әлгінде Нағанайды кәрияларға шақырушы етіп жіберген. «Ақысына ат алсаң да
Мақаңды, Доскей жылқышыны тойға келетін ет!», – деген, жалпуыштап жөнелткен.
Ақыреттік сөзін айтып, айып-тонын атаған.
«Аман-есен той тарқаса, тезірек некелессем екен», – деп ойлады Құлшығаш.
Шекесін қос қолдап кеп сыға қысты...
Замандастың әлгі арызы жүйкесіне жеткен Нағанай үш дөңгелекті мотоцикліне
мініп, әуелі осы ауылдың шетіндегі, қайнар езуіндегі Мақұлбектің үйіне тартты.
Қорқақтап кірді. «Мінезі жаман» Мақұлбек көрінбейді. Жүрегінің жат дүрсілін
басты. Татар әйелі төсек тартып жатып қалыпты, күйіктен болар. Сұрап еді: «Ертемен
тұрып жоғалған», – деді. Нағанай босағада бүгежектеп сәл кідірді де, қора басында болар
деп үміттенді. Енді солай қарай зырлатты. Қора жөндеушілер кіл бозбала екен, ішінде
шалың жоқ, жігіттер де жаңалықты естіп үлгеріпті. Шуылдап кеп есепшіні кергіге салды.
– Той қашан?
– Бүгін кешке!
– Сая Құлшығашқа өз еркімен барып па?
– Әрине...
– Әттең, істің анығын білмеймін. Сәл арамдық сезілсе Құлшығаштың желкесін үзер
едім.
– Саямен тілдесіп, сұраған мақұл!..
– Қызынып қайтесіңдер! Қызды ықтиярсыз алып қашатын баяғы заман емес, өз
аяғымен келді... Мақаң қайда? – деп сұрады Нағанай.
– Білмейміз...
– Жігіттер қалай болғаны? Орталарыңдағы жалғыз үлкен кісіден бейхабар
жүрсіңдер. Тілге кеп қалдыңдар ма?..
– Ондай болмайды бізде... Мақаңды қатты сыйлаймыз. Сосын жасын да, сақалын
да былай қойғанда алтын адам ғой, мінезі қандай десеңші...
– Қайдан табуға болады енді, – деп, біраз тұрды.
– Келсе айталық, – десті жігіттер. Нағанай енді Қаратауға тартты.
Ақүйік өзенінің арнасында, өзінің ескі қыстауында жылқысын жайып, тіршілігін
істеп Доскей шал жүреді. Қосүйеңкіге сирек түседі. Біреу қазаланса, не айлық ақша
беретін кассир кідірсе, Далабайдан хат келмесе – ойға түсіп қайтады, ағайындардың
шаруасын сұрайды, бірер күн кідіріп, атына мініп тауға қайта асады. Санақтағы мал басы
түгел. Ұжым да жылқы түлігіне жаман түйліккен; етке айдады, қойға айырбастады,
соғымға таратты, жұмысшының ыстық ауқатына берді, әйтеуір Доскей: «Жылқыда береке
жоқ; тұяқ кетілген, айғыр арыған, байтал мінілген», – деп қынжылып жүреді. Сыр ашып
ағытылмайды, не болса да өз ішінде.
Нағанай жонға шыққанша шаңға қақалып, күнге пысынап, көзіне көлеңке құбыжық
елестеп келе жатқан. Алдынан салқын самал гулеп жүре берді. Жон. Қаратаудың кіре
беріс бұйраты, арғы жағы қара адыр. «Туған жердің самалы-ай» деп тамсанды. Қойнауды
күміс жыланша орап жатқан Ақүйік өзеніне қарады, қырқаларда қаптаған қой, өрісте
сиыр, жылқы көрінбейді, арғы жым шатқалға сіңіп кеткен болар. Өзен бойы түте-түте.
Бұрын белуардан шалғын болатын, жиектері қазір мал тезегінен көрінбейді, өзен суы да
мазасыз, жоңышқалықтар ақ өңез, арықтар қаңсып қалыпты. Досекең ат ерттеп жатыр
екен.
Сақалы тегіс ағарыпты, қақпақтай жауырыны қушиған секілді, жанары тереңдей
түскен. Ұсынған қолын бостекі ұстай салды.
– Ел-жұрт аманшылық па?
– Тегіс аман, Досеке! Шаруаңыз қалай, мал күйлі ме?
– Бәрі орнынша, балам. Үйге кірелік.
Үйге кірді. Сол, бұдан он жыл бұрынғы, тіпті он бес, жиырма жыл бұрынғы
мүліктер, көне сандық, ескі ер-тұрман, өзгермепті. Тыстан су алып Жаңыл кірді. Нағанай
лып етіп тұрып, қолын алды, бұл кісінің де алақаны тозған, егеудей, ығыр үй шаруасы қоя
ма?!
– Сіздерді тойға шақырып келдім, Досеке! Мақаңның қызын өзіміздің Құлшығаш
ұнатыпты, жас көңілдер жарасыпты, бүгін тойы...
Доскей ойланып қалды.
Нағанай қолындағы тостақ толы қымызды жұта алмай не деп қалар деп қылпылдап
отыр.
– Өзіңіз бас боп балаларға жөн керсетсеңіз... Шал сіріңкенің қорабын сындырып ап
тісін шұқыды.
Көзі жартылай жұмулы. Өзінің жігіт шағын, тұңғыш отау көтерген ыстық күндерін
есіне түсірді.
14
Доскей орта дәулеттің адамы болатын. Үйір жылқысын бағып, қырдан қылт етіп
көрінген түлкіге «қиқу–у» деп тазы қосқан, ақылға емес, тақымға сенген бозбала кезі.
Қызды-қыздымен еліріп жүргенде башпайы жара боп көкпаркеш атанды. Жұтта жылқысы
қырылды. Ақырында астында текежәуміті ғана қалды. Жілік майы үзілді, сіңірі созылды.
Хош. «Бүйте берсем, біреудің босағасына барып, жалға тұрармын, ата сүйегін сөйтіп
қорлармын!» деп, ойға келді. Белін буды, астындағы текежәумітті қыз көрсеткен құмай
келіншекке уәде қып, аш иттей бұралып жүріп өзі қалыңдық тапты. Ойласа, ол өзі бір
шағын хикая екен.
Бұларды күнгей қазақтары деп атайды емес пе? Өйткені Ақүйік өзені Қаратаудың
күнгей бетінде. Жылға, жыра біткеннің бәрі оңтүстік батысқа құлдырап құлайды. Бұл
Доскей жалпақ күнгейден көз тоқтатар таппағандай, теріскейдің, таудың күншығыс
бетіндегі қазақтардың қызына ынтыққан. Теріскейліктер бұлардан көрі қазақылау, темір
жол бойынан қашықта жатып, қыс Шу, Қарашеңгел қопасын сағаласа, көктем шыға
Қаратау адырына арқардай жайылып кететін қарабайыр малшы жұртқа айналады. Киіз үй
тігісі де, шерулеп көшісі де күнгейден өзгеше, жігіт Доскейге кызық керінетін. Қыз ұзатса
«жар-жар» айтады, қара көтерсе ат қояды ауылға. Үй тігерде шаңырақты бақанмен емес
уықпен көтереді, туырлық орнына тоқыма ақ ши тұта салады. «Мұнысы қалай?» – деп
сұраған. «Жаз самалы жанға дауа, іргеден жел еркін соғуы үшін жасалған», – деген.
Шындығында бұларың шетінен шаншу тиеді дегенді білмейді. «Көшкенде қыз-қырқынды
қайда жібересіңдер?» – деп сұраған. «Әй, қу бала, олар қол жетпес нар өркешінде, қызқом
ішінде», – деп түсіндірген. Шынында қыз-келіншек біткен нән нардың өркешін қаумалай
жасаған қызқом ішінде барады екен. Көш деп осыны айт, ығай мен сығай, басқы нардың
мойнына қоңырау ілген, сылдыр-сыңғыр етіп құлақ құрышын қандырады. Еркектері
қақтаған сүр ет секілді. Желкелерінен тұзы шығып жортып өтеді. Кіл көкпардың перілері
деп Доскей тамсанады. Талай рет осылармен қамшы қағысқан, білек созысқан. Сонда
тақымы ашып, қары қарысқаны болмаса күнгейліктер ауылына жалғыз борбай көкпар
апара алмайтын. Көк мылжасы шығып, қатындарға күлкі боп бос қайтатын. Уһ.
Бұл жолы Доскей жалғыз, көш қызықтап, әлгі бір қыз көрсетем деген құмай
келіншекті қом ішінен бағдарлап қойып, текежәумітін қан сорпа қып келе жатыр.
Ойда жоқта теріскей қазағы қатарласа кетті.
– Әй, құрдас, көкпарды аңсап келдің-ау! Тұра қал, көш қонарға іліксін, сонан соң
тартар табылар.
Күнгей қазағы Доскейде маза жоқ.
– Атым белсіз. Қажып келем... Теріскей қазағы қылп ете қалды.
– Әй, сен қу, қыз аңдып жүргеннен саумысың?! Атыңды аударып алып, арқаңнан
таспа тіліп...
Күнгей қазағы Доскей қызарақтай бастады.
– Әзілді қойсаңшы, тамыр. Жоқ іздеп жүрмін. Міністен айрылып әбігерім шықты.
Теріскей қазағы сенетін емес.
– Сонымен қоналқыда көкпар тартамыз ба? Кәне, құрдас, үлкен көкпар
жасамаймыз. Жәй бел суытар болсын. Қолды әкел!
Күнгей қазағы ат-тонын ала қашты.
– Жоқшыға қайдағы көкпар? Есің дұрыс па өзіңнің?
– Қазақ емес екенсің өзің! – деп теріскей қазағы атын тебініп қап, тасырлатып
шауып ала жөнелді. Жай кеткен жоқ, мінеп, мұқатып кетті. Сілімтік-ай десеңші. Ләм дей
алмады, осыдан қатын алар, қоңданар, көкпарды сонда көрсетер.
Көш қонарға тақалды. Қаратауға тырмысып шығып, қыр арқасына аяқ артты да,
көш бытырап, екі-үш үйден бөлініп, әр сайды, әр бұлақтың басын сағалай жөнелді.
Доскей діттеген топ алысқа ұзамады. Тал шыбықтай қызы, құмай келіншегі, шойын
қара шалы бар лекілдек түйелер Дөңгелек сазға беттеді. Бұл сонадайдан тізгін тартты. Екі-
үш үйлі орта шаруа ауыл сазға жетіп, қайрылып, түйелерді шегерді. Шойын шалдың
шаңқылдаған үні жиілей түсті. Қатындарға өзінше жарлық етіп жүргені бұл. Үш киіз
үйдің шаңырағы бірінен соң бірі көтеріліп жатты. Жіті қимыл, жылдам жүріс. Қоныс
шаруасы да аяқтала берді.
Енді Доскей атына шідер салып, сайдан шығып ауылға беттеді. Қамшысы
белбеуінде, қалпағын көзіне төндіре киген.
Сонадайдан сәлем берді. Шойын шалдың алақаны түрпідей екен, кемпірі «шүкір»
деп ернін жыбыр еткізді, тұскиізді тұта берді, тосын келген қонақты жаратпады. Құмай
келіншек Доскейге тура қарамай жүзін бұрып әкете берді, «не боп қалған түге?» Доскей
бір пәленің боларын білді, сезгені – қырыс қабақ, қиыс қимыл еді. Жүрегі де мұнша
өрекпімейтін. «Бұл үйдің әлгі тал шыбықтай бойжеткені қайда?» – деп, шошынды. «Көрші
үйлерге қолқабыс етіп жүрген болар» деп, – тағы жұбаныш табады.
Үйге кірді, малдасын құрып отырды. Ашымаған саумал қымыз келді. «Ішті бұзып
кететін болды», – деп ойлады Доскей.
Сусыннан соң шойын шал: «Ал?!» – деді. Көзге де, көңілге де суық сөз. «Қазақ
осылай да кісіден жөн сұрай ма?»
Бұл жоқ қарап жүргенін айтты.
Шойын шал селт етер емес, Доскейдің ішінде бөрі ұлыды. «Сезген, сезіп қойған
мына қақбас. Зілдене ме-ау!»
– Жоқшы сендей болмайды. Пиғылың арам, бала! Мана көкпаркеш жігіт айтқан!
жасырма, жас емеспіз!.. көргенбіз!..
Насыбайын атты. Кемпірі шалына жаман көзбен қарады. Белгілі. «Әшейінде
аузыңнан «әкеңнің аузы» – түспейді, жаман жылқышыны боқтап үйден қуып шықпай не
қып отыр омалып?! Алжиын десе өстеді», – деп шалына іштей ренжулі.
Доскей енді білді. «Қазақ тыныш жүре ме... Манағы көкпаркеш жігіт әдейі шалдың
арқасын қоздырып сыртынан өсек айтып, шатыстырып кеткен. Болмады. Бүлінген іс бұл».
Есік жаққа жалтақтай қараған, анадайдан соқтауылдай біреу жедел адымдап келеді екен.
– Жұрағатың қайда? Кімнің баласысың? – деді шойын шал.
– Күнгейдегі Қоңыратпыз.
– Қоңыраттың қайсысың?
Кемпірі шыдамай кетті білем, шалға дүрсе қоя берді.
– Жазған-ау, құдаласайын деп отырмысың? Желімдей жабыса қалдың ғой. Әне
көкпаркеш қайным келеді...
Шойын шал қаңылтырдай қабысып, қипақтап қалды.
– Ал?..
– Қоңыраттың Қырғызалысы. Саурықтың тұяғымын.
– Қай Саурық? Шабандоз Саурық па, әлде аштан өлген Саурық па?
– Шабандозы, – деді Доскей.
Шойын шал қопаң етіп, соңынан санын бір-ақ соқты.
– Өй, шының болғай! Ұқсап тұрсың. Манадан неге айтпадың? Ата даңқы жаман
ұлды он жыл асырар деген рас, ә. Саурық-екем-ай! Астындағы атын түсіп берген боз
тарланым! Кешегі жыланда аузыма су тамызған боздағым! Төс қағысқан дос едік!!!
Кемсеңдеп, қатты қапаланып, бүйіріне қарай жантая кетті.
– Аманкелдінің қолына қосылам деп Торғайға кетсем, қайтып үлгеріпті. От пен
оқтың арасынан аман келсем, ол тып-тыныш үйде жатып-ақ көз жұмған, тағдыр сөйтеді.
Ол кезде ши борбай бала едің. Әкеңнің басына уыс топырақ тастай алмай әлі күнге
армандамын. Сертіміз бар еді. Арыздаса алмай қалдым. Беу-беу...
Шал қатты қартайыпты. Белі бүгіліп отыр, үні қатқыл шығады. Кемпірі шыдай
алмады: «Бетім-ау», – деді де сыртқа сытыла жөнелді.
– Жігіттің пірі еді. Ондайды көре алмай келем...
– Құр қауқарымыз қалған...
– Қатын, әй! – деп айқай салды. Манағы аю бәйбішені түлкі қып қайқаңдатып,
қайта шақырып алды. Шақшиып отырып әмір берді дейсің.
– Қыз қорыған көкпаркеш ноқай қайда жүр? Мал алдыр. Шақыр осы үйдің қызын,
жігіт көзінен тыққыштамай. Мынау арманда кеткен досымның жалғыз тұяғы. Аярым жоқ.
Менің асарым да, жасарым да осындайда, ақыретке апарарым шамалы.
Доскей қайран, көріп отыр.
Шалдың арқасы ұстады, досының аруағын қайта тірілткісі келді, шағын ауылдың
шаңын қақты, итін қуды, ат алдырды. Мал сойылды. Қара қазан шермиіп кеп құмырысқа
бел жер ошаққа шөкті. Манағы әулекі көкпаркеште қауқар қалмаған, самайы тершіп,
құмай келіншегімен бірге бассирақ үйітуге кірісті. Шойын шал шөбі тықыр сайда
шерменде боп кісінеп тұрған Доскейдің текежәумітін алып кеп, үй жанындағы шалғынға
қоя берді. Қоқиып қырға шығып, арғы ойпаңдағы көрші ауылға айқай салды. «Әй,
Жаманбай, келе қал! Бүгін біздікінде той!» Дауысы жеті атырапқа кетті.
Жеті қырдың астынан жеті ауыл өре түрегеліп, шойын шалдың шағын үйіне
шуылдап жиналарын Доскей сезіп отыр. Теріскейліктер осындай болады. Пейілі кең, қолы
ашық, қонақсыз күні жоқ. Қонақ күту бұларға асыл арман, үлкен мұрат. Қонақ қыдыр боп
келіп, бауыр болып аттанады деген осы теріскейліктердің сөзі...
...Сол кезде күннін алқызыл шапағы қырқалардың қайқы төсінде ғана қалды. Ойпаң
күлгіндене, сосын, қарауыта берді. Майда самал соқты. Жиналған жұртқа шойын шалдың
айтқан сөзі әлі есінде.
– Мына жаман ақыретке мойнымда қарызы қалған досымның тұяғы. Қыз іздеп
қиянға келіпті. Шіреніп тұрып шырт түкірер байбатша да, құрықпен бөліп қуып алар
қалың мал да керек емес. Маған намыс, намысты қадірлеген қазақ керек. Жаңылжанды
осыған берем!
Мына сөз күллі теріскейді дүрліктірді, ағайын арасына ат шаптырды, даугер
кәриялардың басын даң қылды... Ақырында теріскей мен күнгейді құда қып тынды...
15
Нағанай желке тұсынан қылқылдап қояр емес, үгіттейді, жалынғандай болады,
қайтсе де шалды тойға алып кетпек.
– Мақұлбектің көңіл жықпас адамысыз... Доскей ойын бөліп, жалғыз ауыз сауал
берді.
– Осы іске Мақұлбек ықырар болып па? Нағанайдың аузына қапелімде сөз түспей
қалды.
Шал өзі жалғады.
– Екі жастың қосылуына разы болса – басын көтере жығылар қазағың Мақұлбек
емес пе. Қызын той жасап аттандырар еді. Күйеуден бе, қыздан ба, әйтеуір осы тіршілікте
бір асығыстық, ойланбастық бар секілді. Мен бара алмаспын, жоқ қарай шыққалы тұрмын.
Қол босаған соң әйел ылдиға түсіп, құтты болсын айтып қайтар. Шапанымызды,
шашуымызды сонда апарар. Нақ бүгін желпілдеудің жөнін таппай тұрмын...
Шақырушы жалғыз ауыз уәж айта алмады.
Зерен тостақ қымызды өңештен түйіле әрең өткізіп, тысқа шықты. Тарылдағына
отырып тартып жөнелді.
Жігіт алдында ақырғы асу қалды. Ол асуды ала ала ма, жоқ әлгіндей жүрегі
шайлығып, опынып, босқа қайта ма, өзі де білмейді. Зырлай берді.
Қосүйеңкінің басында отырған Мақұлбектің үйіне екінші мәрте соқты. Тарылдағын
алыстан өшіріп, ептеп басып, аулаға енді. Әйелінің жүрегі қысылып қап, ауданның мықты
дөктіріне жөнелтіпті, мұны көрші қатын айтты, «шал үйінде» деген.
– Ассалаумағалейкөөм! – деп табалдырықтан аттады.
Үнсіздік.
Мақұлбек шекесіне жасыл тысты көпшік қойып, іргеге қарап бүк түсіп жатыр екен.
Басын көтерді, Нағанай Мақұлбектің жүзіне қарай алмады, қол берді, тізесін бүкті.
– Мақа-а... тойға-а... шақырып... – деп шешенсіп келе жатыр еді, селк етті.
– Тәйт ары, жолға жарамағанда жөнге жарап сөз айтпақпысың! Баяғы пайғамбар
заманында тақуа пенде бір қызға қырындапты, кеш түсе көңілін айтып, көндіріпті. Нәпсісі
құрғыр шыдас бермей бара жатқан соң тақау жердегі мешітке кіріпті. Күнаға батып
жатқанда, таң атып қалыпты. Сол мезетте мешітке азаншы кеп кірген. Ол байғұс кіре бере
қақырып жіберген дейді. Сонда іште жатқан жігіт: «Әй, мешітті былғадың?!» – деп, айқай
салған екен. Сол сықылды, сен тақуа, мен азаншы болмай-ақ қоялық. Сенде уәж айтар
ауыз, менде бәтуа тыңдар құлақ жоқ қазір. Елдігіңді білдірер болсаң есі барың кел, – деп,
қайта қисайып жатып қалды.
Нағанай әлі жерге қарап отырған. Шалдың жүзі қандай, көзі қандай, аңғара алмады,
ілбіп тысқа шықты. Сүйретіліп мотоцикліне жетті...
Жақсы ниеттің жаушысы Нағанай ішінен ыңырсыған күйі жолы болмай, жүйкесі
тозып орталыққа қайта оралған. Жолай еңселі үйге бұрылды, бұл – Мүлкамандікі.
Үйде жалғыз Үрбала бар екен. Жүзі сынық.
– Ақ келіншек, сусының бар ма?
Үрбала ашыған көженің суын ұсынды.
– Байың қайда?
– Құлшығашқа қатын әперіп, өзі отасқандай қуанып жүр ғой. Басында болар...
Келіншектің бетінен түгі шығып тұрған. Нағанай әдейі шапқа түртті, тулата түскісі
келді.
– Байыңды біреу қағып әкетер, тойға жүр.
– Барсам барамын да...
Нағанайдың көзінше киінді, жақында ғана тіктірген, өңі сынбаған су жаңа көйлекті
киді. Тар киім мықыннан төмен түспей сәл әуреледі, ақ білегін көтеріп таранды,
бұрымына күміс шолпысын тақты. Бетіне опа жаққысы кеп бір ойланды, айна алдында аз
бөгелді де, қоя салды, аққұба жүзі онсыз да албырап тұрған.
Келіншек қимылына манадан жанары жасаурап қадалып отырған Нағанай қатты
күрсінді.
– Өзіңді он сұлу қызға да қимас ем! – деді.
16
Той. Ата қазақтың қашанғы ақ ниетінен туған ұлы дүрмегі, думан қызығы, күреске
түсіп орамал алар, білекті созып салым салар, сары даланың шаңын тулақша қағар әдемі
салты бұл. Жас нәресте шар етіп жерге түскеннен бастап тойшы жұртты табалдырықтан
ерте келеді-міс дейді.
Ұл болса – кіндік кесер, сүндетке отырғызар, атқа мінер, бәйгеге шабар, қалыңдық
айттырар, отау көтерер тойы; қыз болса – ұрын күтер, ұзатылар, шілдехана жасар –
тойына ұласып кете барады. Қарттықтың өзі ұлан-ғайыр ұзақ думан. Санап келгенде күллі
қазақтың салты боп сіңіп, дәстүрге айналған он жетіге жуық той түрі бар екен. Баршасы өз
сырымен, өз сипатымен, көңілде ұзақ қалар қызығымен сақталған. Адам өсіп, заман
ауысқан сайын дарақы, дау-дамай ғұрпы ұмытылып, сары алтындай асылы сақталып қала
берген.
Бұрын қыз ұзатар тойында барша думан біткен соң; «қыз сыңсыр», «жар-жар»
деген әнмен қосылып әуеге қалықтар әсем бір үрдіс бар болатын. Қазір, заман өте,
қыздарымыз сыңсымай сытылатынды шығарды, «жар-жар» айтпақ түгілі «жағдай осы»
деп жақынына сездірместен зымғайып қашып жоғалатын болды. Осы қос салт та
дарақылықтан емес, дарындылықтан, даңғойлықтан емес, сұлу сыпайыгершіліктен қалған
елес еді. Ескі көз жүзіктей тат баспай сұқ саусақта жылтыраған саф күміс еді.
Күміс те күйремес пе, көңіл де кірлемес пе деген ақиқат.
Бүгінгі той басқаша.
Екі шалдың да тойға келмесін естіген Құлшығаш пен Мүлкаман жер шұқылап
отырып қалды, күннің батуға тақалғанын, тойшылардың ағылып кеп жинала бастағанын
сезсе де тырп етер емес, өрекпіген көңіл басылып; кеңес сұрар, қол артар адам іздегендей
әредік маңына жалтақтай қарайды. Бірақ тойға жиналып жатқандар кілең жастар, солярка
сіңген шофер, қора жөндеуден қайтқандар, ерігіп жүрген әйелдер, «көкпар берер ме екен»
деп үмітпен келген жақын маңдағы қойшылар, бірер шал бар – олар ет жеп, бас мүжуден
артылар емес.
– Құлағым шулайды, – деді Құлшығаш.
– Тосын тірлік өстеді, – деді Мүлкаман.
– Тойды кейінге қалдырсақ қайтеді?
– Жұрт жиналды, мал сойылды, шөлмектердің тығыны ашылды...
– Ендеше жазғанын кезендіде көріп алармыз.
– Ендеше думандаттық.
– Әке-шешесінің жайын Саяға сездіре көрмейік. Қашан бояуы сіңгенше... Әйтпесе
қайта қашып кетеді, – деп жалынды Құлшығаш «жанашыр ағасына».
– Сая ахахудан өзге ештеңе сезбейтін болады, – деді жанашыр ағасы.
Сая шынында да біраз жәйіттен бейхабар еді. Қасында көршісінің ақ үрпек бірер
жас қызы отыр, сыртпен өзге қатынас шамалы. Кеше кештен, осы табалдырықтан
аттағалы бері көңіл-хошы жақсы емес, түнімен шымылдықты құшып, көз ілмей шықты.
Ойдың таусылар түрі жоқ, түбі көрінбейді. Әкесінің осы оқиғаны естігенде сақалын
талдап жұлып, жерге жалғыз елі шөгетіні... шешесінің аһ ұрып, жүрегінің ұстамасы ұстап
қалатыны... Сауранбай інісінің мүлде бейхабар екендігі... әрқайсысы ойлап кетсе ұзақ бір
дастан. Көкірекке жиналып мұзсеңгір болып қатып жатыр.
Бұл түнде Құлшығаш қайрыла алмады, мана көршінің әйелі: «Қуаныштан мас боп
қалыпты», – деп сыбырлап кеткен. Таң атты, қасына ақ үрпек қыздар қонақтады.
Күн еңкейе дабыр көбейген.
Думан дүбірін Сая қабырғаның арғы жағынан естілген шудан сезіп отырған еді.
Үйге Мүлкаманның келіншегі Үрбала кеп кірді. Үрпек қыздарды үркітіп жіберіп,
қалыңдықпен тақымдаса келіп жайғасты. Саяның ақ желек етегінен бастап жасыл шәлісін,
бозаң жүзін, мөп-мөлдір қарақатын сұқтана, сұғына сүзіп шықты.
– Сіңілім, неге сынық отырсың, – деді зілдей етіп. Сая жауап айта алмады.
– Құлаштай қайнымның етегін ұстаған қызда арман жоқ. Жігіттің пірі. Сен түгілі
өзіміз қызығамыз. Дәулеті басында, аға-жеңгесі қасында...
Сая «жеңгетайдың бұл қай уәжі екен?» деп, іштей толқып түсінбей отыра берді.
– Келіннің бетін кім бұрын ашса – сол ыстық. Меп сенің ең жақын жеңгеңмін.
Қолымнан айырып алар ешкім жок. Құлаштай алтын жігіт қой, келе, ендігісін өзің
жайғастыр деп өзіме тапсырды.
Сая «жеңгетайлыққа жарайтыны көрініп тұр» деп қана ойлаған.
Үрбала ішінен: «Құлшығашты құшағымнан суырып әкетер сен қар ма? Көрерміз.
Кезектінің кезі бүгін. Мына ақ төсектеріңнен қара шұбар жылан шығарсам, арғы жағында
жұғысып, адам боп кетулерің неғайбіл. Тіпті Құлшығаш сенен ажырасып кетпегеннің
өзінде, бір тізгін, берік тізгін менің қолымда қап, кіріптар болады ғой. Сен қар да алдымда
мәймөңкелеп өтерсің, әлі. Дүние кезек деген...», – деп зәрін төкті.
Тап осы мезетте Үрбаланың ойына адам айтқысыз қара пиғыл сумаңдап кіріп, сұм
жыландай арбасып, «Саяны шағуға мені жібер, мені жібер...» дегендей бас көтеріп
анталаса қалған. Ешбірін де қаскөй келіншек қуған жоқ. Қайта «жыландарды» алақанын
жайып аялай түсті.
Бұл адам ниетінің бұзылуы тұғын. Данте Альигеридің «Құдірет комедиясында»
бейнеленген дозақ отында көңірсіп күйетін сұм жалған елесі еді. Шекспирдің «Макбет»
трагедиясындағы «қолға қан жұқтырып кетер» екі дүниеге де опасыз, екі жұбайға да жан
азап тіршіліктер еді...
Той қызған. Күн елеусіз батты, тойшы жастар ауылды жаңғырта әнге қосылды.
Шеткі үйге жайғасқан жасы үлкен кәриялар қонақасы жеп, шайға қанған соң сетіней
бастаған, бәрібір Құлшығаш отауынан көтерілген тарғыл дауыс байыздатпас еді. Ауыл
әктептеріне сый көрсетіп, аяғының ұшымен жүрген Құлшығаштың кешке қарай бота
тірсегі майысып, көзі алара түсті, санасына ішімдік буы сіңді. Қатындар отырған бөлмені
Үрбала басқарып еді; сеңдей тоғыстырды; шашуын сыпырып ап, дастарқандарына уыс
кәмпиттен түйіп, дүркіретті дерсің, ортасына құрбақа тастағандай болды.
Жаңадан келген әйелдерге де әлгі құқай әзір; «көрімдігің қане?» деп жан алқымнан
алады, ол байғұс қалтасын қаққызып енді тізе бүге бергенде; «ірге тыңдарың қане?» деп
тағы түтеді. Сый-құрмет көріп самайы терши бастаса, ауылдың дәңгасар жігітіне
тақымдатады... қойшы... бас қаңғырып, даң болып, олар дағы тозған дәкедей ыдырайды.
Осылай, тойшы қатындардың қатары оңай сиреді.
Тұтаса шүйлігіп, шеп құра шүпірлесіп отырғандар әктептер, ауылдың сорпаға
шығар шүйделілері, желпініп қарта ойнауға кіріскен. Ұтылғаны – жер боп жасып, ұтқаны
– мәз-майрам боп күледі, маңына қоқилана қарайды.
Құлшығаш әлі сый көрсетіп отырған.
Бір мезетте тысқа беттеді, түзге отырып қайтуға қозғалды. Аулаға шыққан, айнала
тыншу, ошақтардың соңғы шоқтары көз қысып ойнайды. Алдынан қатындар тобын
шығарып сап қайтқан Үрбала ұшырасты. Кейпінде шаршағандық, кейісті, еркелей кеп тіл
қатты.
– Қашан дамылдатасың, қайным?
– Қырқын өткердің қырық біріне шыда.
– Қалындығың жанығып бітті ғой.
– Қонақтар тарқасын...
– Төсек жайғай берейін.
– Өзін біл, Үрбаш, – деп жеңгесінің аш мықынын қапсыра ұстап қатты қысып
қалды. Үрбала балқып жігіт қолына құлай берген, қарымды қар босатып жіберді.
Құлшығаш үйге сүңгіп кетті. Әлгі мезет, жігіт құшағынан кеудесінде алау тұтанып,
өшірер ем таппай, балқыған күйі қалып қойған сәт Үрбаланы жаман жасытты. Алдағы
күндері де тап осындай татымсыз, түксіз өте беретіндей сезілді. Тұла бойы қалшылдап
қатайып алды. Қалыңдық отырған үйге сан кіріп, сан шықты, төсек жайғады, шымылдық
түсірді.
– Құлшығаш қонақтар жанында, қалқимай, жатып дамылдай бер. Тойшылар таң ата
тарайтын секілді, – деді.
Әлдебір үрей, әлдебір беймазалық билеп отырған Саяны осылай жұбатты. Сая
азырақ тыным алмақ боп жастыққа қисайды. Осы іс басталғалы жаны жүдеп, дұрыстап
ұйықтай алмай қажыған қыз бірден балбырап жүре берді. Ақ төсек үстінде, бейкүнә
күйде, тәтті түске ілесіп, мұнарға малтып ұйқыға батты.
Үрбала үркер астында тұрған.
Ауыз үйден аяқ тықыры естілді, қалтасын қақтырып келе жатқан байғұс болды.
Шофер бала екен. Бұл мана, «әу» деп ойын басталғанда-ақ ұтылып, басы мәңгіп, қападан
ба, қажыды ма ұйықтап қалған пақыр еді. Енді бір шамада кісілердің артынан қалқиып
басын көтерген, қонақтар әлі карта ойнап отырған, бас жазарды жең астынан алып қағып
сап, тысқа беттеген. Үйіне жетіп дем алмақ еді.
Үрбаланы көрді.
– Жеңгей, той құтты болсын, – деді тәлтіректеп. – Қалыңдық қалай, еһе, еһе,
қайныңның ептілігіне риза шығарсың, Қаратаудың қаса сұлуын алдыңа телмірттім де
бердім. Еһе, еһе!
– Сол сұлуың ұйқысыз жатыр...
– Қойшы-ей?!
– Енді қайтсін! Күйеуі де, қайнысы да, алып қашып әкелгені болмаса тарса ұмытып
кетті. Уылжып екі түн күтті...
– Өй, онда мен барып умаждап дегендей, Құлшығашты жоқтатпай, әзілдеп шықсам
қайтеді? Ұят болмай ма?
– Несі ұят, қайным-ау! Бөтен кім бар. Мен қонақтар жаққа бара тұрамын.
Шофер бала тәлтіректеп ішке кірді, тастай қараңғы екен, төргі жақта төсек
ағараңдайды.
Тұла бойын уытты қызу билеп, жүрегі өрекпіп кетті. Бірер аттап шымылдыққа
жетті. Құлағын тосып еді, ақырын ғана тыныстап жатқан қыз демі білінді. Жігіт ойы сан-
саққа жүгірді. «Құшақтай алып, сүйсем... ашуланса... ойнап едім деймін де. Өзі де құрғыр
көз кұртын жейтін сұлу-ақ. Түсіңде көретін хор қызы секілді». Осы ой барша ақылын
жеңген шала ес жігіт ұйқыдағы Саяны құшақтай құлады.
Бұл кезде Үрбала қонақ үйге жеткен, ымдап Құлшығашты сыртқа шығарып алған.
– Құлаш-ау, әлгі шофер баламен келіншегіңнің арасы қалай еді?!
– Не дейді атаңанәлет?!
– Қайдан білейін. Қатындармен хайыр-қош айтысып қайтып келе жатсам, шофер
бала осы үйден шыға келгені.
– Жаңа рұқсат сұрап үйіне кеткен!
– Жігіттердің қылығы белгілі, әзілдеп жүре ме деп, жасырына қалғам. Ол мені
байқамай өте шығып... қалыңдық жатқан үйге қойып кеткені...
Құлшығаш жолынан Үрбаланы сілкіп жіберіп Сая жатқан үйге беттеді. Екі-ақ аттап
есікке жетті. Ашып жіберіп ішке кірген. Тастай қараңғыда, оң босағада құрылған
шымылдықты, жайылған төсекті анық байқады, төсек үстінде әлдекімдер алысып жатыр.
Жетіп барып, долы күшпен жұлып алды, дәл өзі... шофер бала: «Бір сүйейін деп
едім, кеше көр», – деп міңгірлейді. Құлшығаш қарсы алдында дірілдеп тұрған қара
көлеңкені әуелі бастан, сосын күллі салмағын сала сұрапыл күшпен іштен соқты. Көлеңке
сылқ түсті.
Төсек үстінде Сая булығып жылап жатты.
Құлшығаш төніп келді де, ештеме деген жоқ, бұрылып шығып жөнелді.
Тап шығар босағада ішке үңіле көзін сатып Үрбала тұр екен.
Қолынан шап беріп ұстап, дедектетіп есіктен былайрақ сүйрелеп әкетті. Үрбаланың
көзі шарасынан шығып қорыққан. Әлденені сыбырлап айтатын секілді. Құлшығашта оны
тыңдар ес жоқ еді. Келсаптай жұдырығын үйіріп өтті. Арғы жағын бағдарлай алмады.
Келіншектің естен тана ұйтқып құлап түскенін көрген жоқ.
Қайрылып, үй артына жүгірді. Қалқада тұрған қонақтың мотоциклін от алдырды да
мінді, көз көрмес жаққа, беталды тартып тұрды...
Үркер ауа бастаған.
Шығыстан бозаң сәуле, сосын жасқа да, кәріге де, жаманға да, адалға да ақ сәулесін
бірдей себетін шапағатшыл дала таңы білінді.
17
Мақұлбек таң бозынан тұрып, есегін ерттеп, ерге қоржын қыстырды, қоржында
жалғыз қақпан, келесі қақпанын қауынды ұрлап қоймайтын балаларға саламын деп
көршісі сұрап алған, жалғыз қақпанды жоғарырақ өрлеп барып адырдағы шұбырындыға
тастамақ. Сосын иығындағы көне қосауызбен қиядан кекілік көздемек. Әлгі адыры да,
кекілік көздер қиясы да Қаратаудың ылдиға түсе берер күнгей бетінде. Тау дейтін тау
емес, дала дейтін дала да емес, қолдың саласындай жоталар ғана. Есегін тебініп қап
жөнеле берді. Аңға да аңсары ауып тұрғаны шамалы.
Ойы алакүлік. «Әлгі қар қашып кетіпті!» деген әйелінің құлақты кескен ащы
даусын естігелі жалғыз елі пәсейіп, маңын сипалап отырып қалған. «Тағдыр пендесіне
өстіп те күледі екен-ау», деп ішінен налыған. Қызды соңынан қууды да, күйеу жігіт
руының шалдарына шағынуды да хош көрмеді. Уылжытып өсіріп, күннен, келеңкеден
қорынып сары майдай сақтап келгенде... қызығын көрсетер, мерейін өсірер деп
үміттенгенде... сол майды ит жалап кеткендей көрінді.
Қыз да сұқтану көп, сақтауы қиын сары май секілді.
Осы оймен есегін тебіне берді, адырға жеткенше әрқилы қиялды өткерді.
Салпаңқұлақпен аңға шығып, қорық қорыған күндерін аңсады.
Одан әрі де көкіректе тоң болып жатқан соғыс жылдарын ойлады...
Соғыс жылдары...
Қаршылдаған аязға қарамастан талай шақырым жер еңбектеп зеңбірек сүйрейтін.
Кірпікке сүңгі тұратын. Алдынан көк сүңгілер көрінетін. Зеңбірегін құрып жіберіп
күркілдетіп атушы еді, жапырушы еді. Олар атқан кезде шұқыр бар ма, ағаш бар ма,
баспаналап жата қалатын. Снаряд дәл төбеден айдаһардай ысқырып кеп жарылушы еді.
Жаңқа тастар торғайдай пырлап ұшатын. Әйтеуір, сол дүлейден әзер деп аман қалып
жүрді. Кейде әлгіде ғана жасырынған тасасынан шығып, маңына қарап, өлмегеніне
таңырқап: мен осы сайтан емеспін бе? деп ойлайтын.
Бір күні қашқан жауды сүркілге салып қуып, арттағы қолдан тым алыстап кетіпті.
Немістердің бекінісін алған. Жолдастары бекіністі қопарып жүрген. Бір кезде Шмидт
Галактионович деген жан досы айқай салды, қараса, жаудың азық қоймасын тауыпты.
Консервлер қисапсыз шашылып жатыр. Подвалдан үлкен бөшке ашылмаған неміс шарабы
шықты. Күллісі жиылып, кешеден бері қара ботқадан өзге ел қонбаған қарынға әуелі
консервілерді тоғытты, шарапты ашқан кезде, топырласып қалды. «Улап кеткен болар»
деді біреуі. «Аузы жабық бөшкені қалай уламақ», деді Шмидт Галактионович. Ешкім
батып, бел шешер емес. Жүректі жігіт еді, ортаға Шмидт Галактионович шықты, үлкен
қалбырды қолына алып:
«Ел үшін туған ер едім. Көріңдер. Мен ішейін, улансам дұрыстап көмерсіңдер», –
деді, сосын қылғытты кеп, қымызша сімірді. Мақұлбек бұрын ішкілік атаулыны татып
көрмесе де, қақаған аяздан, ашынған тәуекелден соң, «ішіп көрейінші, күна болмас» деп
тұрған.
Шмидт Галактионовичтың көзі қызарып тәлтіректей бастағаны. Қоршап тұрған
солдаттарды сыпыра боқтады кеп.
Бұлар жігіттің мас болғаны шығар деп ойлаған.
Бір мезетте Шмидт Галактионович төңкеріле құлады, Мақұлбек жетіп барып,
басын көтеріп еді, аузы ашылған күйі жан тапсырып жөнеліп кетіпті. Мақұлбек қатты
опынған, иесіз қалған неміс шарабының жақсы жолдасын қыршынынан қиып кеткеніне
күйіне де, құлай қайғырды... Жылдар өтті, сол бір оқиға көкіректе қалыпты, қазір кейбір
ауылдасының ішіп алып, аузына келгенін айтып, көзі қызарып жүргенін көрсе... Сол есіл
ерді, досы Шмидт Галактионовичты еске алады.
Азалана ойлайды. Шарап пен арақ атаулыны жақсылықтың жол тосары, жақсы
жігіттің жаман ақыры деп түсінеді содан.
Адырға келіп те қалыпты.
Қиялап жүріп еді, соқпақты кесіп өткен елеусіз ізді көрді, киіктің лағынікі тәрізді,
әрегірек барып, есектен түсті. Қоржынынан қақпанын алды. Әуелі жерді тоқпақтың
қырымен ұрып босатып алды, топырақты тырналап қазды, кішігірім табақ сиятындай
шұқанақ пайда болғанда, қақпанның басын соған қондырды. Жағын ашып тиек ағашпен
бекітті, тиектің ұшын кигіз түңдікшеге қыстырды. Енді серіппе темір өздігінен
ашылмайды. Түңдікшені әлдене басып кетсе болды, тиек ағытылып, қақпанның қос жағы
шарт етіп қыса қояды. Сосын шынжыр тоқпақ сүйретіледі, із тастайды, ақыры киік лағын
тоқтатып тынады. Міне, Мақұлбек қақпашының күллі құпиясы осы.
Қақпан бетін білінбейтіндей етіп жасырды, тоқпақты да сөйтті. Ізін өшіріп
жылжып жөнелді. Есегін арағырақ арқандап қойып, кекілік қарай шықты. Мылтығы көне,
құндақта бес патрон бар, барлығы да бытырамен оқталған. Тартып жіберсе қаптай ұшатын
кекіліктің кемі екі-үшеуі құлар деген үмітте.
«Құс екеш құс та қалмапты» деп ойлады ішінен.
Жыңғылды паналап жатты, осы маңды жайлаған аз ғана кекілік өрістен қайта
қоймаған секілді. Шаңқай түс болғанда шөлдеп, ауыздарын ашып, жылғадағы қақ суына
келетін... Аңдып отыр. Тышқан тысырлайды, көп ұзаған жоқ, жер бауырлай ұшқан үйір
кекілік сайға кеп қонды. Суға қанып ішіп қияға қайта көтерілер мезетті күтті. Әбден
тойған құс алғашқы бес-он минутта ұша алмай қалады, тек жорғалай береді. Міне осы кез
аңшыға бап.
Байқамай қалған екен, әлгі үйір құс мылтық қарауылы көзеген беттен қаптай
жорғалап кетіп барады, тұспалдап шүріппені басып жіберді, көк түтін бұрқ етті. Мылтығы
құрғыр көптен атылмай қаңсып қалыпты, иығын қатты тепті. Қысымнан шыдамай
шүріппе тартар жеріне сызаттап жарық түсті. Жүгіріп кекілік ұшқан жерге жеткен. Екеуі
қанатынан қайрылып парылдап жүр, қуып ұстап алды, дәл аяғының астында тағы біреу
жатыр, бастан тиіпті, мына біреуі... жалғыз атып төрт кекілік түсіру оңай олжа емес.
Мақұлбек өз қолына риза болды, көптен мылтық атпай тосырқап қалған шығар деп
қаупайлап көзеген...
Тағы да бой тасалап біраз күтті, жорғалаған аң, ұшкан құс көрінбейді, мылтықтың
ащы даусы төңіректі түгел шошытқан білем. Қарап жатып, Мақұлбек көңілін салқын мұң
жайлады, жанарына мөлтілдеп жас тұрды. Әлгіде ышқына ұшып, сары далаға безіп
жоғалған бишара кекіліктерді аяды, еңсесін көтеріп, жетімсіреп, жадау жатқан адырларға
қарады. Құлазып қалған.
«Кешіре көр» деді ішінен күбірлеп.
Әлгіде қияға құрған қақпанға қайтып барды, қурайға шаптырып, жинап алды.
Қоржынына салды. Қосауызды ер басына ілді.
Тыншу жатқан Қаратау жаққа көз жіберді, қатты сағыныпты, жүрегі сыздап
ауырды. Ақүйік өзенінің сағасына түсіп қорықты көріп қайтуға оқталды.
«Дидарласқанның өзі ғанибет, суын ұрттап, шөбін сипап, тасын тәуетіп қайтады да».
Есектің мимырт майда жүрісі ұйқы келтіреді. Бір заманда жүйріктің жалын құшып,
көкпар тартып құйғытып өткен жері еді бұл! Онда, көзінде жалын, қолында күш, көңілде
арын болатын. Онда, бас білмес асаудың жылқышы құрығынан сытылып шыққан
сәтіндей, бостандық атты арман дүниесіне қол созған мезетіндей, тек қана алдына
қарайтын еді. Көңілі де, көзі де алдында болатын. Енді ше... көңіл алда, өмір артта, мойын
бұрады кеп. Сәтті-сәтсіз қадамын өлшейді.
Зады жастық – алға ұмтылған атоймен тең.
Кәрілік – күңіренген, күй шерткен керуен ғана.
Достарыңызбен бөлісу: |