Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет2/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
Доскей
5
Доскей ішінен Алласын атап сабаудай саусағымен жағасын ұстады. Түймесі қолға 
ілікпеді, мана қашаған күрең сәурікке құрық салған мезетте үзілген, бос қарманды. Үйге 
кіріп келген Мүлкаманға көзінің астымен қарады. Жаңыл бәйбіше сабақтап отырған 
жуалдызын жаулығының шетіне түйреді-дағы, ширақ көтеріліп, төрге көрпеше салды, 
босағаға сырғып сары самаурынға жармасты. Мүлкаман малдас құрып отыра кетті, 
жанарын аударып-төңкеріп шаңырақ күлдіреуішіне, жаңа аяғынан жұлқып шешіп 
табалдырық түбіне ырғытып жіберген етігіне қарады. Ұлтаны баттасып жатыр. Мезгіл 
жауында болатын, тыста лайсаң. Енді етіне жабысып қалған шибарқыт шалбарының 
тізесін көтеріп, қонғалы келе жатқан кішкене қауырсынды үріп жіберді.
Қол басындай құс көпшікті қолтығына қысып қисая кетті. Доскей жігіттің үйге 
кіргелі қимыл қалпын жаратқан жоқ, кірпідей жиырылып отырған.Қатты тамсанып қалды.
– Жылқыны тағы санаймыз ба?

– Күнде санағаннан май шықпас. Қайын жұрт жаққа барамын, – деп, жігіт кіржің 
етті. Көзі күлдіреуіште, биіктегі жалбағай бұлтта.
– Тағы да кетті ме?
– Иә...
– Қатын алмадың, басыңа бәле алдың ғой. 
– Солай екен, Досеке. Қыз күнінде сызылған неме еді, аяғы бұлай боларын кім 
білген. Тірлік адамы. Бірде олай, бірде бұлай мінезге түсесің. Еркектің мінез көрсетсең 
болды, өстіп төркініне таяды, миым су болып бітті. 
– Қатыны қашақ Мүлкаман атанасың енді.
– Ұрыстым. Қорқыттым. Болмады.
– Ажырасып тын, өлмессің. Бір шашы ұзын табылар, етегінен ұстаған ұрығың жоқ. 
Итше ырылдасып өтемісің. 
– Ойбай, отағасы, болмайды. Құрғырдың төркіні әлгі ауданнан келе беретін 
дөкеймен ашына-жай. Шаңымды қағып, күлімді суырсын демесеңіз... Сосын заң бар, 
зәкүн бар. 
Доскей қатпарланып қалған керзі етігінің қонышын қос қолдап шірене тартып 
сыптай етіп жазып алды. Аяғын созып оң жамбасына шынтақтап жата кетті. 
– Ессіз де емес, тек әлгі өзіңіз айтқандай «еркектік мінез» көрсетсем болды...
– Әй, қайда жоғалып кеттің? – деп Доскей есік жаққа қарады. Әйелінің тыстағы 
ошақ жақтан үйге қарай жылдамдата жүрген аяқ дыбысы келді. – Мына қайысты 
қобдишаға салып қойшы.
Жаңыл бәйбішенің қолына жұрқаны ұстатты. Мана қашаған күрең сәурікті қуып 
жүргенде үзеңгісі кеткен. Соның бауынан үзілген қайыс еді. «Таспамен көктеп алғалы 
отыр еді, мына «жылаңқай» жетіп келді, кісіге тірлік істете ме бұлар».
– Бүйткен тірлігі құрысын. Кеше ұрсысқан әйеліңе бүгін барып жалынсаң, не 
қадірің қалмақ, қорлық қой. 
– Отағасы, осылай болды. Қабағына қараймын деп бүлдірдім.
Доскей мынаның сөзін жаратпай шытына қалды. Табалдырыққа қарады. Шырт 
еткізіп түкіріп жіберді. Насыбай атпағаны есіне түсті. Жан қалтасына жармасып 
шақшасын іздеді.
Мүлкаман да ойға шым батты. 
Осыдан екі күн бұрын... Екі күн емес– ау, әнеукүні Құлшығаш жүгермекке «жылу 
жинаймыз», «қатын алып береміз» деп ақылдасқалы бері әйелінің бұрынғы мінез қалпы 
жоқ. Қит етсе борандатып бітеді. 
Шайтан азғырып, келіншегі Үрбаламен арада болған соңғы шатақты есіне алды. 
Маңдай терісі тырысты... Күні бойғы лекілдек желістен тақымы ашып, мал санаудан жағы 
қарысып, аттан жаңа әлгіде түскен. Тізгінді қаңтара беріп еді, жүген шарт үзілді. Атқа: 
«Суымасаң әдірем қал» – деп отқа жібере салды. «Тізгін ұстаса қайтеді әлгі. Доскей 
шалдың кемпірін айт, бәйек боп асты-үстіне түседі. Білік деп, білім деп соны айт». 
Келіншегіне іштей қатты налып, күңкілдеп кеп үйіне кірді. «Келдің-ау, кеттің-ау, бұның 
жұмысы жоқ. Неге кергиді осы?!» Келіншегі сазарып оң босағада отыр екен. Кеше: 
«Құлшығаштың дүкеніне жібек көйлек түсіпті, ала кел», – деп басын қатырған. Тарса 
есінен шығып кетіпті. Біледі, сазарыс соның сызы. Бұл да ықтағысы келмеді, ала көзбен 
атып, төрге жалп етіп отыра кетті. «Етігімді тартып жіберші, әй!» – деді Мүлкаман. 
Келіншегінің: «Әй» деп айқайлама деп талай қысқаны есіне түсті. Іші қып ете қалды, 
үйренген ауызға дауа бар ма?! «Бастырмалатып жібермесе болмайды бұларды» деп 

ойлады. «Осы үйдің еркегі кім? Бір теуіп жалпитайын ба! Байың бүгін өлгендей сазарасың 
да отырасың!» Келіншегі қаймығар болмады, ернін шығарды, жүзін есік жаққа бұрып 
әкетті. Енді ашуы мылтық түтініндей бұрқ етті. Аяғынан шешіп алған сыңар етікпен 
жіберіп ұрды. Қатып қалған ақжем етік келіншектің білегіне тиді білем. Шаңқ ете қалды: 
қар түсе қайқаңнан түлкі қағатын, алдын орай қуған тазыдан қорынып қашқан қызыл 
түлкі бері салатын, сол сәтте, атпен бастырмалатып кеп қамшымен өріп өтер мезетте – 
қызыл түлкі тұра қап ыржың етіп айбар шегетін; келіншегінің мына кескіні соны 
елестетті. «Бүйткен еркектігің сенің... азаншы қораздай азынап... «әй» деме деп қанша 
қақсадым... байсыз кетсем де...» Бұл қызыл келіншектің сондағы шатағы. Жазған-ай. Шеке 
тамыры лып-лып соғып, құлағы шыңылдап жөнелді. 
Арғы жағы шым-шытырық шатпақ, айтпаса да болғандай. 
Мүлкаманнның ойы үзіліп кетті.
Тыстан екі иінінен енттіккен самаурын келді, дастарқан жайылып, бауырсақ 
төгілді. Кішкене табақшада шөп иісі шыққан әппақ жас май. «Мынау ешкінікі, сиырдікі 
сарғыш келеді», – деп ойлады Мүлкаман. Алыстан күн күркіреді, денесінен ток өткендей 
дір етті. Еңсесін көтеріп, малдас құрып отырды. Көзі босағада. Әлгінде үйге кіргенде 
табалдырық түбіне елеусіз тастай салған ат дорбада. Бұлтиып жатыр. Доскей: «біссіміл– 
лә– ә!» деп дастарқанға қол созды. Бұл да бір бауырсақты аузына апарды, қатып қалыпты, 
қыдырмашы қатындардан қалған бауырсақ секілді. Жаңыл пісірген нан қатпайтын, 
былпылдап тұратын. Мына бауырсақ бір-бір есекке мініп алып, жоқтан өзгені сылтау етіп 
ауыл қыдырудан жалықпайтын қатындардың қалдырғаны. Тісі қышыр етті. «Бытыра 
қосып пісіпген бе?!» босағадағы жығылып жатқан дорбасына қарады, ішінде жалғыз 
шөлмек бар-тұғын. Жол-жөнекей буын бекітіп, жүрек тоқтатарға деп салып алған. 
Тығынын ашып, жүз грамын тастап жібергісі келеді, мына шадыр көз шатақ шалдан 
сескенеді-тағы, қипыжық қақты. Алдына келген кесені айналдырып қойып, шалға қиыстап 
еді, кәрия уыс бауырсақты кесесіне тоғытып сұқ саусағымен түрткілеп жібітіп отыр екен.
– Шай алсайшы, мырзаға, – дейді Жаңыл бәйбіше.
– Жас байталдар құлындап болды, – деді Доскей.
– Тістен қалайын депсіз, ә? – деді Мүлкаман. 
Бір ауық үнсіздік басты. 
«Дорбасына жалтақтай береді. Ащы немесін жұтқысы келіп отыр ғой. Шалдан 
қаймығады. Сонысына шүкіршілік. Қазір кәріні кәрі, жасты жас демей тапап өтетін 
дікілдек жас қаншама. Мынау солардың ішіндегі естісі, қатыны кетіні не жетісіп жүр 
дейсің» деп ойлады Жаңыл. 
«Шайдан соң аттанам. Көсегенің көк жонын көктеп өтіп қайын жұртқа жетермін. 
Алдынан абалап ала ит, күйеу деп құлағын созғылауға құмар әне бір «ит» те қосыла 
шығады. Шалғайды далақпай, құлақты қалақтай қып үйге кірер. Қайын ене (жер 
жұтсайшы)... Қайын енеден құтылар күнге боз қасқа құдайы берер еді. Сөз жоқ мұны 
қуырдақ қып қуырады. Болмас, жанына Доскей шалды ерткені мақұл. Күнгейдің 
әлпештеген кәриясы. Көз көрсе жүз ұялар деген, түсіндірер, қайын енеге тоқтам болар... 
Қисық шалды қайтіп ертіп шығамын енді?!» деп ойлап отырған Мүлкаман.
Доскей шалды тану қиын. Жібіген бауырсақты бір-бірлеп алып, ортадағы майға 
шекесін ғана тигізіп, баппен шайнай түседі. Тыста күн күркіреді, ат кісінеді. 
Мүлкаман алдындағы бауырсақты ысырып тілге келді.
– Досеке, осы Далабайдан хабар бар ма? 
Оқуын тауысып, қызметке кірісіпті.

Ән шығарады дей ме?
– Ол да өнер көрінеді. Өнер жетпіс жеті атадан тұрады – дағы.
– Бәлі, ән – қыз-қырқынның ахахуы емес пе. Одан ұялмай нан тауып жегенше... 
Еһе-еһе... Домбыраға қосылып өзім де ыңылдай алам. Өнер деп малданып жүрген мен 
жоқ. Еһе!
Шал бір шекелеп ойланып қалды. 
– Бәрінен де баланы бағып-қағып рахатын көрмеген жаман екен. Келін жұмсамай 
көз жұмамыз ба? Ата мекенін ұмытып барады тағы... 
– Е, өзіңіз Астанаға неге көшпейсіз!
– Ата мекенді қиып қайда барам...
– Айдалада жын қуып жылқы баққанша; ширатпа шай ішіп, ақ құйрық нан жеп, 
желпініп, саяда жүрмейсіз бе! 
– Қартайғанда бабамның аруағын қорлап не болыпты, атай көрме!
– Мұнда Далабай келе қоймас. Не қылсын құйын кеулеген мекеніңді, қаңыраған 
молаларды, – деп, Мүлкаман салдырап кеп күлді. Даусы құлақты жеп тым ерсі шықты.
Шал су тиген қарақұрттай жиырыла қалды. «Осы жұрт көкімей жүрсе қайтеді?! 
Айдаладағы баланың құлағын шулатын кеңкілдегені несі» деп ойлады. «Ферма 
меңгерушісі болсаң қайтейін, Қатынына ие бола алмай жүріп. Қалаға көшпейсің бе дейді 
ғой.Ойланып сөйлесе қайтеді осы күнгі жастар. Мына мұндар балама кезіксе: айдала, қу 
мекиен, жападан-жалғыз, қара шалдың қасына барма», – деп үгіттеуден тайынбас», – деп, 
кесесін самаурын жаққа дөңгелетіп жіберді. Іштей қатты күйзелсе өстетін.
Түнеріп отырып шай ішті.
Мүлкаман болса дүниедегі жоқ пәлені айтып құлақты шулатып барады. «Мына 
жонға су шығарып астық саламыз», – дейді. Астапыралла! Қыр басына қалай су ағызбақ. 
«Ата мекен» деген ұмытылады дей ме? «Жағына жылан жұмыртқалар. Қара жерді қопара 
бергенде не жақсылық». Әркім өз алдына жеке қожалық мал өсірмейтін болады. Аштан 
қырыламыз ба? Етті де, сүтті де, майды да дүкеннен аламыз. Ұжым айлықты алты айда бір 
береді, ақшасы қайда оған?.. Әрі қолайлы, әрі тиімді, әрі сенімді дейді. Қайтіп... қалай... 
қашан... Тірі болсақ оны-дағы көрерміз, өлмесе пенде бәрін де көреді.
Доскей шалдың тамағынан суыған шай өтпей қалды. Кесесін төңкере салды, 
құлағы шулап, алыста, өзіне беймағлұм тірлік кешіп, беймағлұм өнердің жолын қуып 
жүрген жалғыз ұлы Далабайды ойлады, ата мекені, бабалары туралы сары уәйім ой 
теңізіне сүңгіді.
Бұл Қаратау өңірі, соның қырық қатпар қойнауынан құлдырап аққан Ақүйік өзені – 
қара шалдың ата мекені. Атасы Байтүгел, әкесі Саурық осы Ақүйіктің жақпар жырасына 
жылқысын жайып, жуан жотасында көкпар тартқан, сарқырама суына сәйгүлік 
суарған.Осы Орта жүз қоңыраттың тұқымын таратып, аруағын көтергелі отыз ата өтіпті, 
отызы да атына қарап емес, атаға қарап өскен шаруаның адамы. Барда – қарекеті атаның 
есімін өлтірмеуге арналыпты. Ат шапса – ата жолына... ас берсе – ата аруағына... қатын 
алса – ата тұқымына... кеудесінің желі, білегінің күші соған ғана бағышталған. Сол 
қазақтар қазір күнге күйген Қаратаудың бір-бір төбешігіне айналып, ардақ тұтар аруағы, 
қылыштай қылпыған намысы – бүгінгі ұрпақ бойында, өзіндей шалдардың мінезінде 
қалыпты. Жер барып айтпасын, солардың ешбірі сапырып өтер дәулетке, я болмаса 
көңілді көкке жеткізер шен-шекпенге де қызықпаған. Сүйенер серті,сенер пірі – атаның 
аруағы! – бар болғаны сол ғана. 

Қазір алпысты алқымдап, жетпістің қырқасына қол артқанда – босағасынан талай 
ұл-қыз өсіп, күллісі жұт пен жұқпалы дерттен опат болып, жер ортаға жетіп тұяқсыз өтем 
бе деп жетім көңілмен жүргенде – Далабайдың шар еткен даусы естілді. Дүйім жұртты 
дүрліктіріп көкпер берді. Әйтсе де, сол бабалары, олардың үлкен өмір жолындағы әрқилы 
тіршілігі – санасында жазудай сақталып қалыпты. Ойласа– ақ көз алдына қалқып шыға 
келеді. Бәрі де жазмыштың ісі деп түсінеді Доскей. «Әйтпесе, әлдеқашан дүниеден өткен 
бабалары жүрегін осынша қозғайды ма, ұмытылып неге қалмайды?»
Терең бір күрсінді, бұрылып қарап еді, өзінің алты қанат киіз үйі, жиюсыз 
дастарқан, Жаңыл шайын ұрттай түседі, төрде Мүлкаман қылжиып ұйықтап қалыпты. 
– Үйде де, түзде де қыры болмай жүрген байғұс шаршаған ғой, дамылдасын, – деді 
Жаңыл. Шалы ашу шығара ма деп қауіп қылғаны.
Ақ құманның қызылын таусуға асықты.
Тыстан күн гүр етті, жаңбыр сіркірей бастады. Доскей ішінен күбірлеп бата жасады 
да дастарқанның шетін қайырды. Белін қолымен ұстап көтеріле берді. Аяғы құрысып 
қалыпты, ақсаңдап барып еңсесін түзеп кетті.
Үйден шыға даланың жауын иісті ақшылтым ауасы көкірегін ашып жіберді. Атына 
жетті. Қасқасы енді ғана аузына іліккен көк шөпке тісін басып қадалып қалыпты. 
Тартпасын босатып, ерін алды. Бұлт арты қалың жатыр, ерді алмаса – су өтіп, ат арқасы 
ісінеді.
«Жас құлындар қырғын суға килікпесе екен. Мұндайда таудың жылға сайы 
құтырады. Жаңбыр сар етіп құйылса-ақ сайлар лықылдап қызыл суға толады. Жосыған 
жылқы соған киліксе, жас құлынның опат болғаны. Тәуекел, үйір басы Торыалаяқ айғырға 
сенеді, жауында атты да, өзін де қинау бекершілік. Тағы кеш түсіп келеді.
Доскейдің көзі Мүлкаманның қазықта қаңтарулы атына түсті.
«Мына байғұсты аштан қатыра ма-ау?» деп ішінен күбірлеп қақиып қалған бестіге 
бұрылды. Қарны қабысып, ілмиіп кеткен. «Асқазанында құрты бар-ау пақырдың, көп 
жортыстан мұнша бүгілмейтін» деп ойлады. Келе жалын мытыды, терлік астына қолын 
жүгіртті, тері кепкен. Отқа жіберуге болады; ерін сыпырып ап, аяғын тұсады да қазық 
басынан арағырақ айдап жіберді. Аш ат жерге бас салмады, секеңдеп өзінің қасқа мінісіне 
жетіп барды. Қасақана иіскесе қалды.
«Өй, жаманды қара, шіңкілдеуін», – деп кейіді мүлкаманның мініс атына. «Айғыр 
ғой мынау. Аштан өлейін деп тұрып айғырлықты қайтеді?» Барып, жасқап, шіңкілдескен 
екі жылқыны айырып жіберді.
Бұл кезде жаңбыр күшейе түскен болатын. Желкесінен сорғалап су құйылды. Үй 
жақта отын-суын ыққа тасып зыр жүгіріп Жаңыл жүр. Іштен атқып жігіт шықты, 
ажырайып аспанға бір, атына бір қарады. Доскейге туралап салып келеді.
– Құдай ұрғанда көзім ілініп кетіпті. Кеш боп қалды-ау.
– Атыңды отқа жібердім.
– Досеке-ау, не қылғаныңыз енді. Қайын жұртқа қайтіп жеттім?! Аштан өлер дейсіз 
бе, әдейі істейсіз бе?!
– Енді кеште қайда барасың? Жол жайсыз, ат белсіз.
– Қырсық айналдырғанда өстеді.
– Ертең– ақ жетерсің.
– Бүгін бесінші күн, хабар алғаным жоқ. Жас неме не ойлайды тағы?..
– Өзің білесің де, – деді Доскей. «Әй, заман-ай» демек еді, бірақ айтпады. 
«Әйелқұмарын күшіктің» деп ойлады. Оны да сездіре алмады. Өзі өмірінде әйелге тән 

жылы сөз айтып көрмепті. «Ғашықтық, махаббат» деген ұғым әйелдердің шығарғаны деп 
түсінеді.
– Енді қайттім? Қосылып аттанып кетсек, ел жата жетіп бармаймыз ба, Досеке? 
Қол ұшын беріңіз, ер мойнында...
– Өздерің-ақ жарасыңдар. Бала-шағаның тірлігіне жүгіріп басымды кішірейте 
алмаймын.
– Әлгі құдағимен қағысып, қалжыңдасып дегендей...
– Оныкі қайбір жетіскендік. «Әнші жоқ жерде бақсы жырау» дегендей байы 
болмағасын көсемсіп жүргені-дағы. Енді мына ақ сақалыммиен сол еріккен қатынмен 
айтысқаным қалып па, баламысың деген...
– Мені шыдатпайды түге, жер-жебіріме жетеді.
– Шіркін-ай, – деп Доскей шал бұрылып үйге беттеді. Соңынан амалсыз Мүлкаман 
ерді. Қатты қапаланып келеді. «Бесінші күн... Үрбаладан әлі хабар алғаным жоқ, ұйықтап 
қалып менікі қай жетіскендік? Қиқар шал баруға көнетін емес. Жаңбыр да желкені қиып 
барады».
Тезірек басып киіз үйге келіп кірді. Іште қараңғы, Жаңыл ондық шамның 
шынысын тазалап тұр: шам жанды, есік жабылды, түндік түсірілді, жөтеліп қойып жаңбыр 
үйді айналды.
Бұлар жылы тонға оранып бұйығы ойға берілді.
– Ассаламағаләйкөөм! Кім бар-ау бұл үйде? Жаңылжан қайдасың? – деген дауыс 
шықты тыстан. «Сұм-ай селк еткізгенін қарашы. Емешегі езіліп бара жатқан кім түге?» – 
деп ойлады Доскей.
– Жаңылжан, бармысың? – деп тағы созылды әлгі дауыс.
Доскей шал шаңқ ете қалды.
– Кімсің-ей, өлімсіреп тұрған?!
Тысырлаған тамшы арасынан есектің майда дүсірі естілді. Әлдене дүңк етті. 
Көліктен түсіп жатқан секілді.
– Жаңылжан-ау, шығып кетші...
Доскей шал шақшиып барады. Жаңыл жалығын бүркене сап сыртқа сытыла 
жөнелді.
Артынша жарма есік ішке қарай ашылды да үсті малмандай су, қоңқақ мұрын 
қорықшы Мақұлбек, мына Доскейдің замандасы кіріп келді. Мүлкаман күлкіден жарыла 
жаздап ішін басып жантайып қалыпты. Жаңыл кейуана көзіндегі нұрын жасыра алмай, 
жаулығының ұшымен жанарын сүрте береді. Томырық Доскей морт сынды, қызараңдап, 
орнынан бір тізерлеп тұрып қол беріп сәлемдесті, ауылдасын төрге өткізді.
– Жер ортаға келсең де әзілің таусылмайды, не қылған адамсың түге? – деп жеңіл 
қағытып кейіген болады.
Мақұлбек бүлк етер емес.
– Жаңылжанның дидарын апта көрмесем отыра алмаймын, ақ маралдай керілтіп 
осы отауға түсіргенде – алғаш бетін ашқан өзім емес пе ем!? Ұмытады деймісің. Мына 
жаман шал қартайғанда қызғаншақ болайын депті-ей!
Күлкі, қалжың аралаған үй-іші желпініп қалды.
Мақұлбектің жүрген жер осы, әдемі әзіл, әуезді әңгіме, жұрт сонысы үшін жақсы 
көреді.
– «Келіп кетсін, ақылдасар шаруа бар» деген сәлеміңіз жонға кеш жетіп... бейуақта, 
жаңбырлатып үлгіргенім осы, – деді жайғасып жатып.

Доскей тіксініп қалды. 
– Шынымен-ақ, Қоқаң қорығын тастағаның ба?!
– Өзімді тамыры терең қара ағаштай сезінуші ем... Әнеукүнгі «жаналғыш 
жиналыста» мына Мүлкаман сол тамырымнан жұлып алып лақтырып жіберген жоқ па.
...Жаңыл ас қамымен үй жанындағы күркеге кетті. Тыста теке тұяқ теспе жаңбыр 
ойнақтап жүрген.
Кәриялар қоңыр кеңеске кірісті.
Мүлкаман жер шұқылап отыр, кеңес төркінін түсініп отыр. Бұл – әнеукүнгі 
Құлшығаш дүкеншінің қарызы туралы кеңес еді. Осыдан бір жеті бұрын өзі келіп 
«жанашыр ағайындардың» өтінішін шалдың алдына жайып салған, таусыла сөйлеген. 
Сонда Доскей қатты кейіген. «Сол итіңді соттан бұрын да бір құтқарып едік. Дүкен ұстау 
әкесінің аманаты емес шығар. Босатып, құтылсаңшы», – деген. Ақырында болмаған соң: 
«Көші-қонға қабаттасқан қиын шаруа көрінді, ойласайық...», – деп емексіткен. Сол ойласу 
осы. Қисыны келер іс өстеді. Шалдар бас қосты дегенше шешілмейтін шаруа кем». 
Мүлкаманның іші жылыды, ін баққан мысықша мөлиді. 
Шалдар – сары даланың тірі құйыны, кәрі Қаратаудың көзі бітелмес бұлағы. Бұлар 
туралы ойлау келер ұрпаққа ғибрат. Үлкендікті ұғу арқылы ғұмыр дәмін, пендешілік пен 
ұлылықтың айырым белгісін төбедегі күндей қызық дәуреннің бір кезде қызарып барып 
батарын, жар сүюдің қадірін, кең даланың кеудені қысып кеп шер, мұң болып ағытылар 
сарынын тереңірек түсінесің. Қарттық – қазақтың ең ізгі, ең қызық қасиеті, бел көтерер 
қаһармандығы, төбесіне ұстар адамгершілігі. Бұларсыз осы Қаратауды жайлап жатқан 
жұрттың шаруасы біткен емес. Ең арғысы бұл тарамыс қолдарсыз о дүниеге аттанар 
адамның жамбасы сызға тимейді. 
Бұл – Мүлкаманнның анық ұққаны. Мүлкаман бала кезінде тентек еді. Талай 
шалдың атын үркіткен, таяғын ұрлаған, намаз оқып тұрғанда алдын кесіп өткен, жоқ 
қарағанға теріс жол сілтеген, қойшы, әйтеуір көп шатақтасқан. Ойлап қараса соның бәрі 
шикілік екен. Мұғалімін заржақ етіп қақсатып жүріп мектеп бітірді. Астананың көгілдір 
көшесінде алшаңдап басып жүріп жоғарғы оқуды тауысты, нешеме қызға қырындады.
Әлі есінде. 
Ауыл шаруашылық университетінің қауғабас деканы: «Пәленше-е-о-о-ов!» деп, 
ортаға шақырып алған, қолын қысқан. Сондағы айтқаны: «Бақандай бес жыл оқытып 
басыңа білім құйдық. Тегін оқыттық. Ортан қолдай маман болдың. Енді мұртыңды балта 
шаппайды. Бар да түтіні шұбалған тыныш ауылды серпілт, дүрліктір, ескілікпен күрес, 
шалдардың шатағын тыңдама, тәуелсіздік тіреуі бол! Топалаңға жол берме. Үлкен сенім 
артамыз», – деген. Алақандай көкшіл дипломды ұстатқан, бармақтай институт значогын 
костюмының омырауына тесіп тұрып қадаған. Содан бұл қатты қарқынмен 
қайырылмастай шалғайдағы қараңғы ауылға тартты. 
Қырсыққанда тағы да алдынан баяғы қара шалдар шықты, қолдарында тымағы, 
белдерінде қамшысы, керзі етіктері қара жерді дүрсілдете басады.
«Сәлеметсіздер ме–е–е?» – деп мына шетте кісімсіп қыдиып тұр еді.
– Өй, жаман неме! Адам болғанда өстіп бола ма? Қол беріп сәлемдес түге! – деп 
осы Мақұлбек жұрттың көзінше жер қылғаны бар. 
Өзінің әлі де шикілеу екенін Мүлкаман сонда түсінген. 
Мүлкаман сөйтіп еңбекке араласты, ең әуелі малшының төбесіне зығыр екті. 
Көрсеткіші жаман шопан сұмдық қысым жасады. Қойдың қоңдысын бір бөлек, көтеремін 
бір бөлек жайғызып бақты, шалдар тыртысып бақты. Сонау бір жыл «жастар өндірістен 

орнын тапсын!» деген ұран құлағына сіңіп, қызды-қыздымен кеп қолға ақ таяқ ұстаған 
өндірдей жастар азая бастапты. «Жассың, сөйте тұрып еңбектен қашасың» деп ұялтып 
көрген еді. Қыры кеткен тірлік болды. Әлгілер: «Төбесінен тамшы ақпайтын үйге кіргіз. 
Айына бір кинә келтір! Поштакеш шалдың орнына вертолет шақырт!.. Қане жасаған 
жағдайың», – деп тіресті. Осының біреуін де жасата алмады, сөзінің пәтуасы кетті, жастар 
қалаға қашты. Тағы да еңбектің ең ауырында, бейнеті зор, тері сор қойшылық кәсіпте қара 
шалдар қалды. 
– Қой қораны өзіміз-ақ жөндейміз де, кинәңнің керегі жоқ, шырағым. Онан да 
білдей мәшинені шөп тасуға пайдалан, – деп шалдар кеңес берді.
Солардың дегені болды. Ақпан сықырлап арқаны қысқанда киноның мәшинесімен 
селбелеп тасып үлгірген мая шөп етекті жапты. Көне қора тағы бір қысты күркілдек 
науқастай сызбалап артқа салды.
Көктеммен ілесе қоздаған қойға қырғидай тиетін желінсау деген ауру келді. Дәріні 
көптеп алдырып, укол салдырады, аузын шайдырады, болмады, қоздаған қойдың желіні 
тас боп қатып қалды. Қозылар уызға жарымай жүдеп кетті. Мүлкаман далақпай болып 
қырға шапты, ойға шапты, ақыры барып бір шалдан ақыл сұрады. 
– Күн ыси қойларды салдырамаға жайғыз. Тасқа жатқыз. Сонда тас қызуы желінге 
ұрып, қатып қалған үрпідегі уызды ерітеді. Жас қозыларды қосып жайса кешке қарай 
шырпы сүтін сауып алса, желін дерті кетеді. Саулықтар сауығады. Бар пәле қозыны 
енесінен ерте айырғанда, – деп жеріне жеткізе түсіндіріп берді жарықтық. 
Бажайлап ойлап қараса жөн сөз. Университеттен ала келегн жуан кітаптағы 
көрсетілген қой жаюдың қайдағы қатып қалған графаларын амалсыз бұзғызуға тура келді. 
Қойы құрғыр ережемен жайылмайды екен.
Мүлкаман өзінің әлі пісіп жетілмеген маман екендігін мықтап түсінді. Ауыл ішінде 
кішірейіп, пәсейіп жүрді.
Ойын бөлді.
Доскей мен Мақұлбектің күңгірлеген қоңыр кеңесіне құлақ салды. Әңгіме аңысы 
манағы «Құлшығаш қарызынан» мүлде алыстап кетіпті.
Қорық жайын сөз қып отыр.
– Жоқ қарай барғанда көрдім. Баяғы сыңсып тұрған Атабай, Қарынжарық 
қорықтары аяқ асты болып, талапайға түскен, төрт түлік мал түтіп жатыр. Осының бәрі 
қорыққа деген жанашыр көздің жоқтығынан.
– Марқұм әкеміз әр ағашты тамырынан тартқандай болып өсіріп еді.
– Обал-ақ!
– Өкіметтің лесхоз дегені Қызылқұмда сексеуіл егіп жүр деп есітемін. Кісі 
күлерлік. Сонда қалай – шөлді нуға, нуды шөлге айналдырмақ па бұл үкімет, – дейді 
Мақұлбек.
– Аң да ауып кеткен білем. Қаратауда молда торғайдан өзге мақұлық қалмапты, – 
дейді Доскей.
– Ата жерден кім қашсын, атып түгескен-дағы.
– Бізді ылдиға көшірсе, Қоқаң қорығы да жер бетінен ғайып болады.
– Сол бізді апармақ Қосүйеңкі дегені құйын жортқан қу дала ғой. Ондағы бес-алты 
үй Қарабай бетіне қараған жалғыз бұлақ қайсымызға жетеді деп күйінемін.
– Егін салар су жоқ, не орып алар шөбі жоқ.
– Қоныс болмайды тегі, – деді Мақұлбек.
– Қаратау ішін мал жаяр, шөп жиярды етпекші, – деді Доскей.

– Ел кеткен соң суат суалар, қорық құрыр, – деп күрсінді Мақұлбек. Жылап отыр 
ма деп ойлады серігі, еңсесі түсіп кетіпті.
Әңгімеге Мүлкаман араласты.
– Шошынар ештеңе жоқ. Таудағы елді ылдиға түсіру туралы ұсынысқа өзім қол 
көтергем. Біріншіден – елдің басы бірігеді, аудан орталығына жақындаймыз. Екіншіден – 
ауылға мәдениет келеді; электр жүргізіледі, монша салынады. Так что, жақсы заманға 
әудем жер қалады. Үшіншіден – тау іші босап, жайлау кеңиді.
Екі шал құптаған жоқ, қырыс қалды.
– Тауға әлгі айтқан «мәдениетің» қол емес пе? Қазір мына Ақүйік өзенінің екі езуі 
түгел қорық, бау, бақша, бал құрақ, бірер жылдан соң шалғын орнында шаң ғана қалады. – 
Ақылға салмай істеген тірлік болды бұл.
– Басшылар біліп істейді, – деді Мүлкаман.
– Таудан ел кетсе де мен кетпеймін, – деді Доскей нығыздап.
– Мектеп пен дүкенді көшірсе күніміз не болар? Боспай қайтеміз сонда, – деді 
Мақұлбек көңілі босап.
Үшеуі де үнсіз қалды. Ас тәбетсіз желінді.
Сорпа тұсында Далабайдың есімі тілге тиек болды. Жаңыл жаулығының ұшымен 
көзінің қиығын сүртті. Сорпа ішіліп, дастарқан жиыла Мақұлбек қысқа қайырып бата 
жасамақшы еді, Доскей тоқтатты.
– Аруақтарға тілек айтып жіберші, – деді.
Мақұлбек тамағын кенеп алып бар білетін аяттың тізбегін ағыта жөнелді. Тілі 
икемге әзер келеді. Шала оқыған қазақ өстеді. Құран аяғын мүлде көмескілеп, ыңылдап, 
ақырында ішінен оқып тауысты. Ұмытып қалды білем. Бірауықта үнін қайта жалғап, 
құлқуалласын үш қайталап қол жайды. Отырғандар қосылып жүздерін сипады. Сәнін 
түзеп, мақамға салып жатар жады нешік, аруақ риза болса болғаны. Құран аятын оқып 
осындай қатты толқығанда аталарын еске алушы еді. Еске алу – әркімде әртүрлі, әркім өзі 
шыққан шошағына қарап әуре.
Дастарқан жиылды.
Мақұлбек орнынан көтеріліп, хош айтысып, сыртқа шықты. Жауын басылған, ауа 
шайдай ашық. Ай жез қаңылтыр секілді, аспан іргесіне ілініп қалған. Жұлдыздар 
қазандағы ет көпіршігіндей шымырлап қайнап жатыр. Мақұлбекті аттандыра шыққан 
Доскей мына табиғаттың тыншу тынысына, момақан мінезіне таңдана қарады. Есекке 
мықшыңдап мініп жатқан Мақұлбектің қолтығынан демеп жіберді.
– Салпаңқұлақты неге мінбегенсің?
– Тасырқап қалыпты жануар.
– Келгенің жақсы болды, сөзді пісірдік.
– Құлшығаш баланы қарыздан құтқаруға келесі сәрсенбіге жиналамыз, жылу 
жинаймыз әр үйден.
Иә, біздікінде бас қосамыз. 
Барша түтінге уәдені жеткіземін Досеке.
Мақұлбек есегін тебініп қалды, кішкентай хайуан тыпың қағып ала жөнелді. 
Түннің қою көгілдір тұңғиығына тастаған тастай батып жоғалды.
Доскей мына тұста, сай жаққа барып, жатар алдындағы шағын шаруасын 
тындырып келе жатқан Мүлкаманы тосып қалған.
Мүлкаманның көзіне Доскей аруақтай боп көрінді; қырын тұрған. Ақ дамбал, ақ 
көйлекті, шашын ұстарамен қырғыз. Үлкен басы ай сәулесіне шағылыса жылтырайды. 

Мұрыны едәуір қомақты көлеңке түсіреді. Сосынғы ат жақ, тұтас қалың қара қас, шекедегі 
бармақтай буылтық, күллісі аса сұсты көрінді. Қиссадан оқып білген батырдай елестеді. 
Состиып тұрып қалғаны.
– Сіз осы нешедесіз, Досеке?
– Тәйірі. Биыл қай жыл? – деп кәрия сауал қойды.
Қазақша жылан жылы, – деді Мүлкаман. 
– Жылқы жылы дүниеге келіппін. Арада бес мүшел. Алпыстың тоғызындамын.
Бұлар жабық арасынан жарығы жылтыраған үйге бұрылды.
6
Шөлдеп келдім тау басынан,
Терең құдық қауғасынан
су әперші сұлу қыз.
Ұзақ тұрсам сөз ереді,
Үнсіз ернің кезереді,
сусадың ба сұлу қыз?
Астымдағы сәйгүлігім,
Қыз мінуге жәйлі бүгін;
қысқартайын жолыңды...
Бұл Жаманеркектің өзі шығарған өлеңі. Қолдан шапқан кішкентай жиде 
домбырасын кеудесіне көлденең сұлатып, төр алдында ұзыннан сұлап жатыр. Жіңішке 
ішек шіңіліне жуан даусын қосқалы қашан; саудыраған таяқ әлпетті саусақтары алақандай 
шанақты сындыра жаздап сабайды, құлқын сәріден осы, қазір күн арқан бойы көтеріліп 
үлгерді.
«Сені алып бара жатқан қайдағы махаббат қағынғыр» деп, келіншегі күңкілдеп еді, 
құлақ аспады. Сарсаң үннен балалар де безер боп, шошып оянып, далаға сытыла қашты.
Тыстан ат дүбірі естілді.
– Кім бар– ау!
Доскей жылқышының даусы; Жаманекек сүйретіліп тұрып барып қол беріп 
сәлемдесті.
– Мал-жаныңыз аман ба, Досеке?
– Көзің үңірейіп кетіпті ғой.
«Ішкенсің-ау» деп ойлады ішінен.
– Тымауратып жүргенім... Аттан түсіңіз.
– Асығыспын, жоқ қарап барамын. Көп жаса келін, – деді Доскей үй жанынан 
бұлаң етіп шыға беріп иіліп сәлем берген Жаманеркектің келіншегіне. – Шаруа айта 
келдім. Астанадан Далабайдан хат келген. Үйленемін деп жазыпты. Ел дүрлігіп ылдиға 
көшіп жатқанда жағадан алғандай болды. 
– Досеке-ау, той бар десеңші. Қашан түсірмек? – деп Жаманеркек шалдың сөзін 
киіп кетті. Қауқылдаған мінезі осы.
– О жағын айтпапты. Астанада кішігірім той жасамақ сыңайлары. Бізді 
шақырыпты. Мен қайдан барайын. Балам бір шүйке бас алады екен деп айдаладағы қиянға 
кәрі сүйекті қайтіп сүйретем. Опалы неме болса келер, келмесе қояр (үнінен қалың мұң 
сезілді), – деп кідіріп қалды.
– Шешесін жіберемін. Соған қаражат керек тәрізді. Сені Түркістанға мал айдайды 
деп естідім. Сауын сиырымызды бұзауымен сатып берсейші. 
Жаманеркек оқыс ойланып қалды.

– Қазір малдың көбейген кезі... Базаршылап көп жата алмаймын...
Доскей үнсіз, қатты қиналған сыңай байқатқан, екі айтар сөзі жоқ кісі Жаманеркек 
бұлтара бастаса – шарт ашуланғалы тұр.
– Өткеніне берейін бе, Досеке?
– Шырағым, бұл байығанның әлегі емес. Әйтпесе бұл уақытта есі бар кісі сауын 
сиыр сата ма; қиналғанның, қарайғанның кері. Азаматтығым ғой деп түсінсең, ақыретте 
сауабы тиер, дұрыс бағасына сатып бер. Алдыңнан өтіп айтарым осы-ақ.
– Жарайды, Досеке. Бірақ айтқаным айтқан – болмай бара жатса қайтып айдап келе 
алмаймын, сұрағанына беремін.
Шал шарасы таусылған сыңай байқатты.
– Ел ылдиға көшкелі жатыр. Тездетерсің. 
– Бейсенбіге шығамын. Малды базарға қинамай жеткізген ләзім.
– Өзім үйде бола алмаспын. Жолай біздікіне соғып сиырды малыңа қосып аларсың. 
Ал мен жүремін. Жолың болсын. Әйтеуір қолыңа қаратпа бізді.
Доскей атын бұрып алып өзенді аяқтап кетті. Қасқаны жылдамдата жүргізді, күн 
көтерілмей, жонға жетіп алғаны мақұл, сосын арғы жағы Егізқараға дейін біраз жер. Бұл 
сүркіл баяғы қашаған сәуріктің әлегі. Айғыр қуып үйірден шығарып жіберген, саяқ басы 
жайылып жүр еді, тақауда, ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Ақүйік өзенінің қалтарыс, қуысы 
қалмады – түгел сүзді, ұшып кеткендей. Қасқыр жеп қойды ма деп тағы қауіп қылады.
«Әнеукүні жиналыста «санақ болады» деп алқымнан алды емес пе? Баққан соң 
малдың басы аман болғаны да жөн. Әуелі өз абыройы, сосын ел абыройы ойлағаны».
Дәл осы абырой үшін аттан түспегелі қанша заман. Кешегі қанды балақ соғысқа да 
жібермей бронмен қалдырып, осы ұжымның күллі малын мойнына артты. Майдандағылар 
қан кешсе – бұл қыста қарға батты, көктемде қарғынға ақты, жазда аптап қарыды, майдан 
деген дозағыңнан ешбір кемдігі болған жоқ. Алысты, арпалысты. Мал да қырылды, жан да 
қырылды, бірақ әлгі айтқан елдің етегін жапты, абыройын табанға түсірмеді. Ұжым 
қабырғасы қайысса-дағы қалт-қалт етіп құламай қалды, бірден-бірге селбелесті, септігі 
тиді, соғыс біте шаруа қауымы да еңсесін тіктеп алды. 
Бірде осы Доскей қатты жүдеген, көктем аласапыранында батпаққа түскен керзі 
етіктей сусоқты болған, жо–о–о, бейнеттен емес.
Майданнан күнара бір қара қағаз келеді уылжып отырған әйелдердің біріне қара 
жабады, күндізін түн етеді. Жұмыс жасап, құлшынып жүрген байғұстар күйіктен күйреп 
отырып қалады. Бала біткен аш, қол ұшын берер еркек кіндік – пәленше, төленше, деп 
саусақпен санарлық қана.
Жұмысқа шықпай қалған Дүрия есімді келіншек болды, қазіргі дүкенші 
Құлшығаштың туған жеңгесі. Еркекпен бірдей қайрат көрсетіп бел шешпей жүретін 
қарулы, қасқыр әйел еді. Әлгі құрып қалғыр қара қағаз белден ұрған сойылдай тиіп 
отырғызып кеткені. Қасқыр келіншек бір пәсте үйкүшік қанденге айналды.
Бірде Доскей шаруа-жайын білгелі үйіне бас сұқты.
« – Дүрия, қайратты едің ғой».
« – Қайнаға, үмітсіз сайтан деген, үмітімнен айрылдым, енді қайт дейсіз».
« – Дүрия, жассың, тіріні тірлік жұбатар».
« – Қайнаға, қара жамылғалы ай болса да ішімде жанған жалын басылар емес. 
Қайта өршіп өртеп барады».
« – Не дейді тәңір алғыр, шамыңды жақшы».
« – Кәрәсін таусылған».

« – Отының қайда, сіріңкем бар, тұтатып жіберейін».
« – Су болып қалған».
« – Тұрсаңшы, ауырып жатырсың ба?»
« – Бөлменің іші азынап кетті, қайнаға».
« – Өзіңе суық тиген-ау шамасы, шекеңді ұстайыншы, күйіп тұр ғой!»
« – Қайнаға, үстіңіз малмандай, шешініп төсекке кіре қойыңыз!».
« – Шешіп іліп қояйын, төсегіңнен тұра көрме».
« – Қайнаға, нешедесіз?!»
« – Тәңір алғыр-ай, тұла бойың, қолың от болып кетіпті, Дүрия»
« – Қайнаға...»
Төбеден аққан тамшы тырс-тырс етеді. «Жауын басылды-ау шамасы» деп ойлаған, 
үй іші жарық тартып жылынғандай сезілген. Алдамшы көрініс екен. Тұрып терезеден 
қараған Доскей сабалап тұрған жаңбыр сарынын естіді. Ілулі тұрған су плащын алып, 
киіне бастады, зілдей ауыр, еңсені езеді.
– Қайнаға, енді қайтемін?..
– Дүрия, біздікіне жүр. Жылы жерде тәуір боп кетерсің. Мұнда жатып ауырып 
қаласың... 
Келіншекті белінен қапсыра құшақтап көтеріп атына мінгізді, өзі жаяулап, ауыл 
шетіндегі жарығы жылтыраған үйіне алып келді. Тағы да келіншектің белінен қапсыра 
құшақтап аттан түсіріп алды...
Бұл көкең не қилы шытырман шақы басынан өткерген.
Соғыстың сусоқты күндері, содан соңғы жаймашуақ, жылымығы мол қалпына 
келтіру кезеңі, берідегі жұмыс соңына сүмеңдеп түсіп, дүниені ұмытқан елуінші жылдар, 
бәрі есінде. Белес-белес болып көңілде сағымша сайрап жатыр.
Астындағы қасқа сүрініп барып еңсесін жиып әкетті, өткенді еске түсіріп келе 
жатып біраз жер жүріпті. Жонға ілігіп қалған.
«Таға қақтыру керек-ау, тасырқап жүр, қайтсін, жортуыл көп, аптасына Қаратау 
қойнын бір аралап шығады» деп көлігіне мүсіркей қарады.
Жылқышы болу оңай қарекет емес. Оған қайыс тақым, қамшы бел адам шыдайды. 
Ертеден қара кешке әр қырға жортып шығып жылқы қарау, оны, тауып алып, дүркірете 
қуып, бетін бозға жіберу, сосынғы күн сайынғы, айлар, жылдар бойғы диірмен тасындай 
айналып келе беретін осы сүркіл бейнет болаттай қатты төзімді күйретіп ұнтақтап жеп 
қояды. Жігерді қашайды. Әуелде: «жылқышы болу жанның рақаты, қымыз ішіп, таңдаған 
сәйгүлікке мініп, қыз аңдып, ахахумен өтесің; жылқы – соңында сүмеңдеп жүріп жаятын 
қой емес» деп, еліріп келген талай жастар құйымшағы ойылып көп ұзамай кирелеңдеп 
тайып тұрады.
Жылқышыға – шу асауға бұғалық тастап, бір орында шыр көбелек айналдырар 
айла қажет; оған ешкім бас-білгі ат ұстап берген емес. Жылқышыға желмен жарысар 
көзжұмбай тәуекел керек; оның қашаған қаса байталды кім көрінген қуып жетіп қайтара 
салмайды. Жылқышы асау биенің шабына жақындап сауынға үйрете біледі, ішті айдар көк 
сүтті сары қымызға айналдырар бапкерлігі тағы жетеді. Міне, осының күллісі Доскей 
бойына қашаннан әдет боп, мінез боп сіңген.
Күн көтеріліп тау бауырларын мол жылыта бастады. Жусан арасынан торғайлар 
дамылсыз шырқап шығып, әндетіп ұшады. Әр тұста қаптай жайылған қоралы мал, 
соңынан қойшы ілеседі. Сай бойынан көк түтін көтерілді. Тұнық ауада ұзақ қалқып тұрып, 
көз ұшындағыны қол бұлғап шақырғандай болады. Сол түтінге қарай түссең меймандос 

ошақтың иесі – әжейдің көгілдір көйлегі ме деп қаласың. Жанарыңды сәл жұмсаң – әдемі 
елес көкіректі кернейді. Қайта ашасың; Қайта бояу қалыңдай түскен, сұлу көрініс көз 
құртын суыра жейді. Қарап тұрып көңілің көншиді, мейманаң тасиды.
– Иә-ә, – деді Доскей!
Рақатқа бөленген көңілін сыртқа шығара алмай қиналғаны еді. Қасқаны елең 
еткізіп ыңылдап жіберді, әнге қашаннан шорқақ, тұрпайылау үні әдемі көріністі, сол 
сұлулықты бұзып жіберердей. Жым болып қоя қойды.
Туған жердің осы аяулы бедеріне іңкарлана үңілді.
Адам ата шыр етіп, жерге түскеннен бастап күн нұрын сіңіреді, сол нұрдай дүниені 
елеске жориды,есейеді; әр нәрсеге үміттенеді – бұл да елес, армандайды – ертеңнің елесін 
аңсағаны бұл. Сол аңсаумен отызды омырып жеп, қырыққа қол салады; атын шығарғысы 
келеді, байығысы, ортаға беделді болғысы келеді – күллісі алтын уақыт, қыруар қайратты 
құрыдымға жібереді. Енді қырқылжың бола бастайды – жанның шуақты қажет қылатын 
кезі осы. Әуезді әңгімені, мол дастарқанды, үйдің тыншуы мен көлеңкесін іздейді. 
Қарттың ызғырық сүймейтіні содан, бұл Доскейдің сезіп білгені. Елестің қалыңын 
өткеріп, сағымдай бұлдыраған арманға жете алмай, «пәлі– ай, өстіп жүріп өмірді де 
өткізіп алдық», дейтін шаққа келгені осы.
Доскей жонға да ілікті.
Жауырыны күдірейіп жатқан адырдың адырдың қыр арқасында қараша үй 
шошаяды, тым шағын екен, керегесі бес қанаттан аспас. Бұл Мақұлбектің қосыны; 
қорықтан босатқан күннің ертеңіне, жалғыз інгеніне жүгін артып, тірсегі майысқан жас 
ботасын соңынан ілестіріп жонға көшіп кеткен деп естіген. Мүлкаманға көңілі қатты 
қалыпты, «ақшасы мол» деп берген жұмысына қайырылып қарамады. Әнеукүнгі 
жиналыстан соң-ақ өзімен-өзі, жұрт көзінен безіп, ешкіммен сыр ашып сөйлеспейтін 
томаға-тұйық мінезге түсті. Енді міне, айдалада, жөн төсіне шөлтары, шөлқарбыз салып, 
қарекет қып отыр. Соларды өсіріп, пісіріп, қазан қып, ылдиға қара күзде барып ірге 
көтермекші.
«Мақұлбегің қолы қарап отырмайтын қазақтың нақ өзі. Шаруасына ұқыпты. 
Диқаншылыққа ебі мол. Бұрын да осы адырдың төсін талай арық қазған. Сонда бұл: 
«Шөлге тары салмай-ақ, Қоқаң бойына кетпен ұрмайсың ба...» деп азғырып көрген. 
Ондағы Доскей ойы – қарымы мол жанға өзі де қанаттаса кәсіп қылып, диқангершылығын 
үйрену еді. Қисық кісі көнбеді. «Қоқаң бойынан дақыл алдыра ма бұл ауылдың балалары? 
Кілең ұры. Сосын шөлге салған дақылдың бейнеті аз болады, жауын суымен қоректенеді. 
Қауын-қарбызы шырынды келеді», – деп осында көшті.
Сол Мақұлбегің осы, қияға қараша үйін тігіпті, өзі інгеннің бауырына бір тізерлеп 
түйе сауып жатыр.
Доскей атын қаңтарып, шабаланып келген қаншықты жасқап жіберіп, тақап келді. 
Дауыстап сәлемдесті. Мақұлбек жалт бұрылып: Ә, Досекеңбісің, – деп белін жазды. 
Шелегінің ернеуі сүт. Доскейге білегін ұсынып, алақанын алжапқышқа сүртті. Қазықтан 
беліне тоқым таңған ботаны босатты-дағы қонақты үйіне бастады. Тысқа жүгіре шыққан 
қызы Саяға сүт толы шелекті берді.
– Ойдағы ел аман ба?
– Ойдағы ел шаңы аспанға шығып көше бастады.
–Қонаққа көпшік таста! – деп дауыстады қызына. – Сусап келген шығар, қымыран 
сапыр.
– Бәйбішең көрінбейді, отағасы?

– Науқастанып ауданға кеткені! Лөктірдің күштісі со жақта көрінеді.
– Тәуір боп кетер...
– Балаларға қалқиып жүргені демеу.
– Қауыныңыз қалай?
– Гүлдеп жатыр, жауын қалың ғой биыл. Тарыға торғай тыныштық бермей 
тұрғаны. Балалар да бақыра-бақыра дауыстан қалды.
Доскей Сая ұсынған зерен толы қымыранда алған, бапты ашытылған, салқын екен, 
сіміріп салды.
– Жол болсын?!
– Жоқ қарап шықтым. Маңдайында төбелі бар күрең сәурік көзіңе түспеді ме?
Мақұлбек қолындағы шүпілдеген тостақты ұстап әлі отырған. 
– Көре алмадым. Сәуірік жонға тоқтамайды. Мына ойда Талап аулының үйір 
жылқысы жатыр. Сол жаққа сарындап кеткен болар.
– Өзім де солай ойлаймын. Түс ауа түсем.
– Далабай елге келмей ме?
– Қызметке тақауда кірісіпті, үйленетін секілді.
Шалдарға қырын отырған Сая мына сөзді естігенде, балбал тасша қатты да қалды; 
екі қасының арасы түйіліп, жанарына мөлтілдеп жас тығылды. Бетін бұрып әкетті. Екі 
кәрия бойжеткен құбылсын байқамады.
Мақұлбек дастарқаннан басын көтерді. 
– Қазақтың қызы дей ме?
– Оншасын білмедім. Хатта айтпапты.
– Біздің Саяның оқуға түссем деген талабы бар. Үлкен қалада танысы жоқ. 
Далабайға жіберсек қол ұшын беріп көмектесер ме екен.
– Тақауда әйел жүреді, қосып жібер.
– Жөні келгенін қарашы. Уайым болып жүргені. Қалада танысың болмаса – оқуға 
түсу бекершілік көрінеді.
– Далабай ешқандай сүйеусіз оқыды.
– Қазіргі оқу ол кездегідей емес, қиындап кеткен-ау. Әрі қыз баланың жолы 
жіңішке.
– Көмектеседі қосып жібер.
Сая қымыран сапырғанын қоя салып сыртқа ата жөнелді.
«Көзі жылтырап бой жетіп қалыпты-ау» деп ойлады Доскей. «Әлгі келін осындай 
қазақтың қара қызы болса ғой. Ата-ананың қадірін түсінер еді. Қыдыр келер отау боп 
кетер еді. Балама сен деп сөйлеп, орысшалап, миын ашытып жібермесе жарар. Уә, 
жаратқан, перзентті иық тесіліп өсіріп келгенде жүзбе-жүз отырып тілдесуге де зар 
қылдың-ау. Іштегі қиялды хатқа қалай түсірерсің. Жас неме шалыс басса неғыласың? 
Күйік қой бір...»
– Дегенмен бақыттысың, Доскей, Далабай сенің атынды шығаратын бала. Біздің 
әлгі жаман Сауранбай есіріктеу, ерке қып өсіріп, енді тия алмай қойдық, қалаға барса 
түзеліп кетер деп ойлаймыз.
– Мызғып алайын, – деп Доскей көпшікке қисайды. Сол сәтте тыстағы бота боздап 
қоя берді, үні дірілдеп, жіңішке шығады. Сай-сүйекті сырқыратар сазы мұңлы. «Бұл пақыр 
неге боздайды?» деп сұрағысы келген, бірақ ерінді, жанарының ернеуін ұйқы қусырып, 
тұңғиыққа батырып әкетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет