Дүниетанымды қалыптастыру – жеке тұЛҒаны дамыту тірегі



Дата15.12.2023
өлшемі62,5 Kb.
#138479
Байланысты:
9 апта дәріс




Тақырыбы: ДҮНИЕТАНЫМДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ДАМЫТУ ТІРЕГІ
1 Дүниетаным, оның негізгі құрамдас бөліктері
2 Әр жас кезеңінде дүниетанымды қалыптастыру ерекшеліктері
3 Оқушылардың дүниетанымдарын қалыптастырудың жолдары мен құралдары
Дүниетаным, оның негізгі құрамдас бөліктері. 
Дүниетаным дегеніміз объективті дүниеге және ондағы адамның алатын орнына, адамның өзін қоршаған шындыққа және өзіне қатынасы туралы көзқарастар жүйесі, сонымен қатар осы көзқарастарға тәуелді адамдардың өмірлік позициясын, олардың сенімдері, мұраттары, таным және іс-әрекет принциптері, құндылық бағдарлары.
Дүниетаным қоғамдық және жеке адам санасының негізі болып табылады. Дүниетанымды қалыптастыру – тек жеке тұлғаның ғана емес, сонымен қатар белгілі бір әлеуметтік топтың, қоғамдық таптың жетілуінің елеулі көрсеткіші. Дүниетаным қоғамдық сананың жалпы және жоғарғы түрі болып табылады. Оның филисофиялық, ғылыми, саяси, адамгершілік және эстетикалық көзқарастары үлкен рол атқарады.
Философиялық көзқарастар мен сенімдер бүкіл дүниетаным жүйесінің негізін құрайды. Философия ғылыми деректер мен тәжірибе жиынтығын теориялық тұрғыда ұғындырады және шындық бейнесін объективті және тарихи тұрғыда айқындауға ұмтылады.
Ғылыми білім дүниетаным жүйесіне ене отырып, адамды қоршаған әлеуметтік және табиғи орта шындығына бағыттау мақсатында қызмет етеді.
Адамгершілік қағидалар мен өлшемдер адамдардың мінез-құлқы мен өзара қарым-қатынасын реттеуге және эстетикалық көзқарастармен бірге қоршаған ортаға қарым-қатынасын анықтауға, іс-әрекет түрлеріне, мақсаттары мен нәтижелеріне қызмет етеді.
Яғни, білім, тәжірибе және көңіл-күй адамның қоғамдық тұрмыс-тіршілік ерекшеліктерін бейнелейді, тұлғаның дүниетанымдылығы мен бүкіл өмірлік іс-әрекет бағытын анықтайды. Дүниетанымның психологиялық құрылымы танымдық, эмоционалдық және еріктік сияқты құрамаларды қамтиды.
Сонымен, дүниетаным дегеніміз дүниеге деген нақты тарихи маңызы бар көзқарастың, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарына, өмірдің әлеуметтік-экономикалық құрылысына, адамның белсенді өмір көзқарасын анықтайтын қоғамдық-саяси қатынастар жүйесінің ғылыми негізделген сенімдердің бірлігі, яғни әлемге деген ғылыми, философиялық, әлеуметтік-саяси, адамгершіліктік, эстетикалық көзқарастардың біртұтас жүйесі.
Педагогикалық ғылыми еңбектерде дүниетанымның төрт құрамдас бөлігі көрсетіліп жүр. Олар: ғылыми білім жүйесі, көзқарас, сенім, адам мұраты.
Білім – объективтік дүниені бейнелейтін адам баласының мол тәжірибесі. Білім арқылы табиғаттың және қоғам құбылыстарының объективтік жақтарын зерттейді, түсінеді, ұғады. Ол ғылыми білім қалыптасудың және дүниетаным дамуының үлкен тірегі. Осының нәтижесінде білім әр адамның көзқарасына, сеніміне айналады.
Көзқарас – жеке адамның табиғи және әлеуметтік құбылыстарды байымдауы, ой тұжырымы, яғни адамның қол жеткізген идеялары, білімдері, теориялық тұжырымдар мен болжамдары. Олар табиғат пен қоғам құбылыстарын түсіндіріп, адамның мінез-құлық, іс-әрекет пен қатынастардың бағыт-бағдары қызметін атқарады. Мысалы, адамзаттың пайда болу тарихын түсіндіруде әр түрлі көзқарастар бар. Материалистер мұндай проблеманы ғылыми дүниетаным тұрғысынан дәлелдесе, дін ілімі өкілдері тәңірдің қалауымен деп тұжырымдайды.
Сенім – терең, тиянақты ойланып айтылатын идеялардың жиынтығы. Сенім көзқарастардың мейілінше жоғарғы күйі. Сенім жеке адамның өмірлік позициясының беріктігін анықтайды, ол реттеушілік қызмет атқара отырып, жеке тұлғаның тұтас рухани, құндылық бағытарын, мақсат-мүдделерін, тілек-қажеттілігін, сезім мен қылықтарын анықтайды. Әр түрлі идея адам сенімінің негізі, шындықты терең тануы болып табылады.
Адам мұраты – жете түсінудің жоғары кемелі, адам баласының жоғары мұрат-мақсаттары, өмірге ұмтылушылығы, талаптанушылығы. Мұрат айналадағы өмірді жетілдіруде және қоғамның әлеуметтік-экономикалық үдеуін дамытуда адамның сезімін оятады.
Жампеисова К.К., Бейсенбаева А.А. ( Педагогика, Алматы: 2005 ж.) дүниетанымның құрамдас бөліктерін төмендегідей сызбада көрсетеді.
Сызба. Дүниетанымның құрылымы.

Дүниетанымның қалыптасуы ұзақ және күрделі процесс, оның нәтижесінде жеке көзқарастар және сенім жүйесі дамиды, қалыптасады, олар жеке адамның әрекет жасауына басшылық болады. Дүниетаным қалыптасу процесіне әр түрлі факторлар, мысалы, әлеуметтік және микроорта, тәрбие, жаппай ақпарат құралдары т.б. әсер етеді.


Жеке адамның өмірге, табиғатқа көзқарасының қалыптасу процесі дүниетаным құрамдас бөліктерін игеруден, яғни білімнің, ғылымның негіздерін, мінез-құлықтың негізгі нормаларын білу, оларды сақтай білуден басталады.

Әр жас кезеңінде дүниетанымды қалыптастыру ерекшеліктері. 


Мектепте оқушылардың ғылыми дүниетанымы қалыптасады. Оқушылардың дүниетанымы ғылыми-философиялық білімдерді, заманына сай ғылыми жетістіктерді, болмысты танудың жүйелі әдістерін игеру нәтижесінде қалыптасады.
Ғылыми дүниетаным дүниенің ғылыми бейнесіне, ғылыми талдаулар негізінде жасалған қорытындылар мен негіздеулерге және табиғи және қоғамдық құбылыстардың дамуын сипаттайтын, себеп-салдарын теориялық ұғынуларына сүйенеді. Ғылыми дүниетаным негіздеріне дүниені түсіну, дүние туралы белгілі ғылымдардың жиынтығы, сыртқы қоршаған ақиқат дүниеге бағдары, қоғамдық қатынастар жүйесіндегі өз өмірінің маңыздылығын түсінуі, өз өмірін саналы құруға деген терең әлеуметтік қажеттілігі жатады. Дүниетанымдық білімді оқушылар дене, ақыл-ой күшінің дамуына, білім деңгейіне сәйкес бірте-бірте игереді.
Оқыту мен тәрбиенің әр бір кезеңінде дүниетанымдық білімнің мазмұны, тереңдігі және оларды оқушыларға түсіндіру мемлекеттік оқу және тәрбие бағдарламаларында қарастырылған. Оларда оқушылардың жас ерекшеліктері және күрделі дүниетанымдық ұғымды игеру қабілеттері еске алынған.
Бастауыш сынып оқушылары дүние, табиғаттың құбылыстары, біздің еліміздегі, шетелдегі қоғамдық және саяси өмір туралы, адамның табиғатпен өзара әрекеттесуі, қоғам өміріндегі оның іс-әрекеті туралы ғылыми білімнің бастапқы негіздерін игереді. Оқыту және тәрбие барысында Отан, халық туралы, адамдардың дүние жүзі халықтарының бейбітшілік және бақыты үшін күресі туралы оқушылардың түсінігі қалыптасады.
5-8-сынып оқушыларының ғылыми дүниетанымы жаратылыстану, математика, физика және гуманитарлық пәндерді оқу барысында дамиды, сонымен бірге олардың көзқарасы қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек туралы қалыптасады, құқықтық санасы, азаматтық жауапкершілігі тәрбиеленеді. Дүниетанымның қалыптасуы оқытудың өмірмен тығыз байланысы, оқушыларды іс-әрекетіне тарту негізінде жүреді.
Оқушылардың өмірлік жағдайлары, әлеуметтік тұрмысы, адамгершілік қалпы олардың практикалық іс-әрекетіне үлкен ықпал жасайды. Өйткені осы ортада әр оқушы өмір сүріп, тіршілік етеді. Бұлардың бәрі оқушылардың еңбегін, қоғамдық пайдалы іс-әрекеттерін дұрыс ұйымдастыруды талап етеді. Осындай тиімді істердің барысында олардың өмірлік тәжірибесі артады, іскерлігі және дағдысы дамиды.
Жоғары сынып оқушыларының табиғат және қоғам туралы ғылыми білім шеңбері кеңейеді, тереңдейді, диалектикалық ойлай білуі, табиғат пен қоғам дамуының заңдылықтарын дәлелдеп, түсіндіре білуі қалыптасады. Олар жинақталған адамгершіліктік идеяға төселу үшін өздерінше жете түсінуге, шындықты іздеуге, өздеріне және басқа адамдарға жоғары талап қоюға, барлық істе әділетті, адал болуға тырысады.
Дүниетанымды қалыптастыруда түрлі проблемаларды (саяси, әдеби, ғылыми т.б.) байымдау, талдау және оларға қорытынды жасауға саяси-идеялық, ғылыми-техникалық бағыттылықты басшылыққа алуды оқушыларға үйрету қажет.
Жеке адамның дамуында және мінез-құлқында дүниетанымның ролі зор. Сондықтан ғылыми дүниетанымның қалыптасуы тұтас педагогикалық процестің барлық салаларына енуі керек. Оқыту және тәрбие жұмыстарының әр түрлі құралдарын, әдістері мен тәсілдерін жинақы пайдаланудың нәтижесінде оқушылардың ғылыми көзқарастары, сенімі және мұраты қалыптасуы табысты болады.
Оқушылардың дүниетанымдарын қалыптастырудың жолдары мен құралдары. 
Дүниетанымды қалыптастыру өткінші процесс емес. Ол адам өмірін түгел қамтиды. Оқушының жалпы дамуында бұл үрдіс тұрақты және үздіксіз өзгерістерге ұшырайды. Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру оларды осы заманғы ғылыми біліммен қаруландыруға сүйенеді, яғни оқушылардың ғылыми дүниетанымы тұтас педагогикалық процесте қалыптасады. Бұған мектепте оқитын барлық пәндердің қатынасы бар.
Ғылыми білімдерді меңгеру және оларды тәжірибеде пайдалану, бұрынғы кездегі мәдени мұралармен, қазіргі ғылым негіздерімен оқушыларды қаруландыру дүниетанымдық білімдерді терең сенімге айналдыру құралы болып, ол оқушылардың іс-әрекет және мінез-құлық принципіне айналады, қоғамдық бағыттарын анықтайды, іс-әрекетке дайындығын және өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Мұны Жампеисова К.К., Бейсенбаева А.А. ( Педагогика, Алматы: 2005 ж.) төмендегідей сызбада көрсетеді.

Сызба. Оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру процесі.




Мектепте оқытылатын жаратылыстану, математика ғылымдары табиғаттың құбылыстары мен процестері және заңдылықтары туралы ұғым жүйесін қалыптастырады. Химия, физика заңдарын білу және сол пәндер бойынша тәжірибе жасау оқушылардың дүниенің пайда болуы мен дамуы туралы түсінігін, дүниетанымдылық көзқарасын және сенімін нығайтады. Оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруда гуманитарлық ғылымдардың алатын орны ерекше. Тарих, әдебиет сабақтарында қоғамның дамуы туралы шәкірттердің диалектикалық-материалистік көзқарастары қалыптасады. Олар адам өмірінің мәніне, мұрат, мінез-құлықтың бағыттылығын, іс-әрекет мақсатын анықтауды түсінеді.


Тарих пәні - қоғам дамуының заңдылықтарын түсінуге мүмкіндік берсе, әдебиет - адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, жаңа өмірге, еңбекке жастардың дұрыс көзқарасын тәрбиелейді.
Сонымен, мектептегі оқыту - оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың маңызды құралдарының бірі.
Оқыту үрдісінде дүниетанымды қалыптастыруда бірқатар психологиялық, педагогикалық шарттар жүзеге асырылуы керек:
- мұғалімнің ғылыми дүниетаным негіздерін қалыптастыру іс-әрекеті кезеңдерінің нақты жоспарлануы;
- табиғат пен қоғамдық өмірдің танылуға тиісті құбылыстарына оқушылардың жеке қатынасын қалыптастыру. Дүниетаным идеяларын меңгерудегі оқушылардың белсенді және орынды қатынасы, оның ақиқат екендігіне сенімін қалыптастырады;
- алған білімді меңгеру, қолдану және үздіксіз бекітудің бірлігі. Білім тек саналы ойлау жұмысының нәтижесінде алынып, тәжірибеде тексеріліп, іс-әрекеттің жетекші идеясына айналса ғана дүниетаным сипатын алады;
- адамгершілікті көзқарастарды қалыптастыру, тереңдету мен бекіту. Бұл оқушыны қоршаған орта, қоғамдық-саяси белсенділікке, өз бетіндік іс-әрекетке және жауапкершілікке итермелейтіндей жағдайға қоюды талап етеді;
- мұғалім ғылыми дүниетаным иесі және оны жүзеге асырушы. Жалпы оқушының дүниетанудағы жәрдемшісі – мұғалім. Ол рухани жан дүниесі бай, идеялық, психологиялық және әдістемелік даярлығы бар, ой-өрісі кең және берік көзқарасты адам болуы керек.
Әр түрлі сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастырудың, дамытудың қажетті құралы. Мұндай тәрбие жұмыстары арқылы мектеп оқушыларының қоғамдық өмірге ынтасы тәрбиеленеді, саяси және мәдени ой-өрісі кеңейеді, олардың еңбекке, мамандық таңдауға көзқарастары қалыптасады.
Мектеп, отбасы және өндірісте оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегінің, олардың қоғамдағы өз ролін түсінуі, өзінің алатын орнын білуінің маңызы зор. Еңбек процесінде оқушылар әр түрлі ұжымдармен, жеке адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы білім және практикалық дағдыны игереді, қоғамдық қатынастар тәжірибесін иемденеді. Осының нәтижесінде оқушылардың адамгершілік көзқарасы, сенімі мен сезімі дамиды.
Сонымен, оқу мен еңбек, қоғамдық іс-әрекет оқушыларды әлеуметтік, жан-жақты ақпаратпен, саяси қарым-қатынас тәжірибесімен қаруландырады. Ол оқушының ішкі жан-дүниесіне, жеке тұлғаның белсенді жасампаздық қажеттілігін дамытады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет