Жолдас Ұлдана
ҚАЗАҚ НЕГЕ "ҮЙДІ АЙНАЛМА" ДЕП АЙТҚАН?
Үлкендердің «Үйді айналма», «адамды айналма», «үстелді айналып жүгірме» деп тыйым салып жататынын жиі естіп өстік қой, солай ма?
Әсіресе, балаларға «үйді айналма» деп жекіп, тоқтатып отыратын ата-апаларымыздың бейнесі әлі көз алдымызда.
Сөйтсек, бұл тыйымның астарында үлкен мән бар екен. Бүкіл өмір салты, әдеп, дәстүрі шариғаттан бастау алатын қазақ осы арқылы жер бетінде қағбадан басқа еш жерді айналуға болмайтынын ескерткен екен.
Негізі тәу етіп айналу – құлшылықтың нышаны. Мысалы, үнді халықтарында ерлі-зайыптылар некелескен соң қол ұстасып отты айналу рәсімін жасайды. Бұл - отқа табынушылық, яғни зороастризмнің белгісі.
Жер бетінде тек Қағбаны ғана айналуға рұқсат етіледі.
Себебі, Алла Құранда:
«... олар ежелгі үйді (Қағбаны) тауап етсін» («Хаж» сүресі, 29-аят);
«Ақиқатында, адамдарға ең алғаш салынған – Бәккедегі үй. (Меккедегі Қағба) Ол әлемдер үшін құт-береке әрі тура жол. Онда анық белгілер – Ибраһимнің орны бар. Кім оған кірсе, аман болады. Алла адамдарға Үйге қажылық жасауды, Қағбаға баруды шамасы келетіндер үшін міндеттеді», - деген. («Әли Имран» сүресі, 96,97-аяттар)
Сондықтан мұсылман ғалымдары Қағбадан басқа орынды тауап етуге тыйым салып, «Қағбаны тауап еткендей басқа үйді айналу дұрыс емес. Тіпті оның діннен шығып кету қаупі бар», - деген. («Хашия ат-Тахтауи», 3/22)
Ханафи мәзһабының ғалымы Мулла Әли: «Кез-келген жер айналып тауап етілмейді. Өйткені, тауап – қасиетті Қағбаға ғана тән ғибадат. Пайғамбарлардың, әулиелердің қабірін айналуға тыйым салынады. Кейбір адамдардың өздерін машайық, ғалым көрсетіп, мұндай іс-әрекеттерге баруы басқаларға ғибрат болмауы тиіс», – деген.
«Құдыққа түкірме, ыдысқа түкірме, көкке қарап түкірме, көк шөпті жұлма», деген де қағида бар. Құдық суын былғасаң, елге кесел келтіресің, ыдыс-ты былғайсың, көкке түкірсең түкірігің төбеңнен түседі, көк шөпті жұлу да көрегендік еместігін еске салады. Халық арасында «көктей жұлын» деген ауыр сөз бар.
Достарыңызбен бөлісу: |