«Малды ұрма, теппе» Малмен тіршілігі біте қайнасқан қазақ халқы үшін төрт түлік малдың киесі болады. «Малды теппе құлындайды биесі, Тәубе қылар үй иесі, малдың бар ғой киесі. Пенделердің сөккенін, мал жібермес теп-тегін. Айуанды тепкенің-ырысыңды төккенің» деген жолдардан қазақтың күнкөріс көзіне айналдырып отырған төрт түлік малды ерекше қастерлейтінін көруге болады. Сонымен қатар, малға қатысты заттарды да елеусіз қалдырмаған. Мал әбзелдерін лас жерге, аяқ астына тастамайды. Оларды арнайы орынға іліп қояды. Мал ұстайтын құралдарды (құрық, бұғалық т.б.) аттамайды, аяқ тигізіп, теппейді. Өйткені мал ұстайтын құралдарды да киелі деп санаған. Онсыз мал басы кемиді деп ырымдаған. Қазақтың салт-дәстүрлерінен, ұстанымдарынан келіп шығатын ырым-тыйымдар өте көп. Қазір біз кейбіріне аса мән бермегенімізбен тыйым салынған нәрсені істемегеннің ешқандай зардабы жоқ. Бізден бұрын өмір сүрген, көрегенділігі мол ата-бабамыздың жүріп өткен жолымен жүрсек, солардың бізге қалдырып кеткен ұстанымдарымен өмір сүрсек, ешқашан адамдықтан айнымаған болар едік. Малға дауыс көтеріп ұрсуға, балағаттап, тіл тигізуге болмайды - иесі өкпелейді. Малды аяқпен тебуге, ал атты бастан ауыздықпен ұруға болмайды. Иесі өкпелейді. Малға «кет!» деп дауыс көтеріп зекімейді.
Түнде мал санамайды және ешкімге мал бермейді. Малдың берекесі кетеді деген ырым тиымдарда бар.
Мухаметжан Аида Табалдырықты баспа, босағада тұрма!
Қазақстың әр сөзі ақыл, тұнған даналық. Әр тыйымы мен ырымы да бекерге емес. «Отбасы хрестоматиясы» кітабында халқымыздың ырым-тыйымдары кеңінен түсіндірілген. Соның бірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Адам ата Қағбаның іргесін қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбада құлшылық жасап, ескірген жерін жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті.
Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Оған дейін Адамның ұрпағы ағаштан салынған лашықтарда өмір сүрген екен.
Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бірінші болып қонаққа келген Құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шиш:
— Қалаған жеріңнен қоныс ал! — дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты.
Артынша Шиштің үйіне Бақыт келіп бас сұғады. Ол төрден орын беруін сұрайды. Шиш рұқсат береді. Бақыт төрге жайғасады. Қазақта құрметті қонағын төрге отырғызып, бата сұрау осы ырымнан қалған екен деседі.
Бақыттың соңынан Береке кіреді. Ол Шиштің дастарқанынан орын алыпты. «Дастарханда береке бар» деген түсінік осыдан қалыпты.
Көп ұзамай ынтымақ келіп, пайғамбардың қонысынан жай сұрайды. Ол босағаға орналасады. Қазақта «босағаң мықты болсын» деген сөз «ынтымағың мықты болсын» деген тілек екен. Ал «босағада тұрма» дейтіні «ынтымақты бұзасың» деген ырымы деседі.
Шиш ізгі амал, қасиеттерді орналастырып жатқанда үйдің бір саңылауынан жын-перілер жасырынып келіп, үйдің бұрыштарына тығылады.
Кім бұрышқа отырса, соның арқасына мініп, кеудесін басады екен. Қазақта «қара басты», «еңсені езді» деген тіркестер осыған орай айтылған деседі. Ырым білетін есті кісілер жастарға «бұрышқа отырма» деп тәрбиелейді екен. Үйдің ішін адыраспан не аршамен аластағанда жын-перілер жоғалады деген де түсінік бар.