2-бөлім 1-бөлім жəне 3-сыныпта меңгерілген білімге негізделеді. Оқушылар мəтін түрлерін ажырата алады. Берілген мəтінмен жұмыс барысында тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары қалыптасқан.
Мəнмəтін
Көркем мінез, жылы жүрек, тəтті тіл, жарасымды қарым-қатынас, мейірімділік, қайырымдылық, еңбек, жомарттықты дəріптейтін мəтіндер арқылы оқушылардың бойына адами құндылықтарды дарыту көзделеді. Өзгенің пікірін тыңдау, өз пікірін дəлелдеу барысында əдептілікке тəрбиелеу үдерісі жүзеге асырылады.
Оқушылардың сауаттылығын арттыруға, көркем жазу, түсініп оқу дағдыларын қалыптастыруға жəне сөйлеу мəдениетін дамытуға мəн беріледі.
Қысқаша шолу
Бұл бөлімде оқушыларға адами құндылықтар тақырыбына қатысты мəтіндер беріліп, олардың тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Диалог құрастыруға төселеді жəне эссе жазуға үйренеді. Берілген лексикалық тақырып аясында жай жəне құрмалас сөйлемнің айырмашылығын біледі. Құрмалас сөйлемнің тыныс белгісін қоюға, оны сызба бойынша құрауға жаттығады. Берілген тақырып жəне тірек сөздер арқылы əңгімелеу, пайымдау элементтері бар мəтін құрап жазады.
4.1.1.1 – тыңдаған материал бойынша негізгі тұсын белгілеп алу жəне солардың негізінде мəтіннің мазмұнын айту.
(МК), (Ұ)Тыңдау арқылы мысал кейіпкерлерінің іс-əрекетін сипаттайтын сөздерді белгілеп алу.
Жекпе-жек
Ол – кішкентай бала. Біздің ауылға қаладан келді.
Жергілікті бала – Кəрім – есер, тентек. Əлі жеткенге тиісіп, зорлықсыз жүрмейді. Балалар одан қорқады.
Қылығын айтпайды. Қорқақтық көрсетіп үндемейді. Кішкентай бала қорықпай, оны батыл əшкереледі:
– Мен қорықпадым. Көпшілік бір тентекке соққы бере алады ғой. Мені оған сабатып қоя ма? – деді ол. Тентек жеңілді. Кішкентай бала дұрыс істеді. Сол бір тентек баланың шын досы да əлгі кішкентай бала болатынына мен күманданбаймын. Қауіпке тура қарай алған батыл адам достықты да қадірлей біледі.
Мұқан Иманжанов
Мұғалім оқушылардың мысал кейіпкерлері – кішкентай бала мен Кəрімнің іс-əрекетін сипаттайтын сөздер мен сөз тіркестерін белгілеп алуларына басшылық жасайды.
Мысалы:
Кəрім: есер, тентек.
Кішкентай бала: батыл, қорықпайды.
(Ж) Белгілеп алған сөздердің көмегімен мəтіннің мазмұнын айту.
Мұғалім анықталған сөздердің қолданылуын қадағалайды.
Салыстыра сипаттауда «ал» көмекші сөзі қолданылады. Мысалы, Кəрім – есер, тентек, ал кішкентай бала – батыл, өжет.
(Т) Берілген мəтіннің кімге қаратып айтылғанын анықтау. Өз ойын дəлелдеу.
Өзінен əлсіз адамдарды қорқытып, зорлық көрсетпеу керек. Ал түсініспеушілік болып қалған жағдайда, «кешіріңіз» немесе «ғафу етіңіз», «кінə менен болды»,
«түсінбеушілік болды» деген сөздермен кешірім сұраған жөн. Бұл əдептілікті білдіреді.
Мұғалім бағытталған оқу арқылы мəтіндегі негізгі ой кімге қаратып айтылғанын оқушылардың өздеріне тапқызады. Мұндай шешімге келу себептерін дəлелдейді.
1.2 Мəтіннің мазмұнын болжау.
4.2.4.1 – мəтіннің тақырыбы мен мазмұнының өзара сəйкестігін анықтау жəне ондағы негізгі ойды тұжырымдау.
(Ұ) Ə. Табылдының «Əдепті қыз» əңгімесін оқу. Əңгіменің тақырыбы мен мазмұнындағы сəйкестікті табу. Əңгіме аты негізгі ойдың қысқаша атауы екендігін дəлелдеу.
Мұғалім оқушылардың түсініп оқуын жүзеге асырады. Əңгіменің не?/кім? туралы екендігін анықтата отырып, мəтін аты тақырыптың қысқаша атауы еместігіне назар аудартады. «Əдепті қыз» негізгі ойдың қысқаша атауы екендігі танытылады.
3.1 Мəтін түрлеріне сəйкес мəтін құрап жазу.
4.3.1.1* – берілген тақырып бойынша əңгімелеу, сипаттау жəне пайымдау элементтері бар мəтін құрап жазу.
(МК), (Ж), (Қ)
«Кешіріңіз», «ғафу етіңіз», «кінə менен болды», «түсінбеушілік болды» деген сөздерді қатыстырып, диалог құрау жəне жазу.
Мұғалім оқушылардың жұппен өтіну əдеп сөздерін қолданып, диалог құрап жазуына басшылық жасайды.
3.6
Каллиграфиялық нормаларды сақтау.
4.3.6.1 – каллиграфиялық нормаларды сақтау жəне жазу техникасын жетілдіру.