Материалдық мәдениеті: Қазақтардың XVІІІ-XІX ғасырлардағы материалдық мәдениетінің күйі қоғамның экономикалық даму деңгейі мен анықталды. Оның даму барысына көшпелі қазақтар экономикасының дамуындағы басты фактор ретінде көшпелі мал шаруашылығы әсер етті. Бұл жағынан алғанда егіншілік, сауда саттық, көрші халықтардың ықпалының маңыздылығы да аз болған жоқ.
Отырықшы халықтар өмірінде жер шаруашылығы үлкен рөл атқарса, көшпелі халықтарда мал шаруашылығы маңызды болды. Қазақ көшпенділерінің салт-дәстүрі, діни-наным сенімі, тұрмысы көшпенділік өмірмен тікелей байланысып жатты. Көшіп-қону мал өсірушілерге маусымдық жақсы жайылымдарды пайдаланып отыруға мүмкіндік берді. Көшіп-қону көбінесе меридиан (оңтүстіктен солтүстікке) бағытымен жүрді. Ірі рулар мен олардың бөлімшелерінің қоныстары негізінен бір территорияда болды. Әрбір рудың өзінің көш жолдары болды. Қазақтың мал шаруашылығының өріс, қоныстары жылдың төрт маусымына қарай қыстау, көктеу, жайлау және күзеу деп төртке бөлінді. Жаздық жайылым қазақтардың ортақ пайдалануында болып келсе, көктеумен күзеу бір орында болды. Қыстауда малшылар құйма кесектен қаланған үйлерде қыстады, жылдың басқа мезгілдерінде киіз үйлерде тұрды.
Киіз үй – көктем, жаз және күз мезгілдерінде қоныстан-қонысқа көшіп жүру жағдайына қолайлы құрама үй. Оның қабырғасы айқыш сағанақтардан көктелген керегеден тұрғызылды. Кереге жиналмалы болып бөлек-бөлек қанаттан жасалды. Ал керегеден жоғары сидам жіңішке ағаштан жұмырлап жасалып, қарны иілген уықтардан қаусырыла күмбез шығарылды. Уықтардың аяғы дөңгелене жайылған керегенің аша басына айқастыра байланып, ұшы (қаламшасы) шаңырақтың көзіне шаншылды. Шаңырақ - үй күмбезінің төбесі әрі терезесі. Үй ағашының сыртынан арнаулы киіздер, қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түңлік жабылды. Үйдің ортасында ошағы, оң жағында төсек, оның тұсында тұскиіз ұсталып, төсекті қоршап шымылдық тартылады. Үйдің төріне жүкаяқ қойылып, оның үстіне көрпе-жастық жиналады. Үйдің сол жағына кебеже, қазан-аяқ, саба сияқты ыдыстар қойылып, ол шимен қоршалған.
Көшпелі мал шаруашылығына күрделі еңбек құралдары керек болған жоқ. Жылқы ұстау үшін құрық, арқан пайдаланылды, қайыстан немесе жылқының жал-құйрығынан тұсаумен шідер жасалды, құлын мен бота байлауға жуан арқан мен ноқта пайдаланылса, мал суғаруға науа мен қауға пайдаланылды. XVІІІ ғасырдың аяғында қазақ даласына орыстардың қыста шөп дайындауға арналған шалғылары біртіндеп тарала берді. Ал, XІX ғасырдың орта шенінде шалғымен қоса темір айырда кеңінен қолданыла бастады.
Қазақстанда суармалы егіншіліктің ежелгі ошақтары ертеден болып келген. Осыған байланысты қазақтарда егіншілік құралдарының қарапайым түрлері болды. Мәселен, тісағаш, егін оратын орақ, ағаш күрек, сыпыртқы егіншілік құралдарына жатқызылды. Егісті суғару үшін суды көтеріп шығаратын әр түрлі құралдар – атпа, шығыр, сондай-ақ кетпендер мен күректер пайдаланылды. Оларды жергілікті ұсталар өздері дайындап отырды.
Салт атқа арналған әбзелдерді қоспағанда қазақтың мал шаруашылығына және егіншілікке байланысты негізгі еңбек құралдары Қазақстанның бүкіл аумағында бір-бірімен ұқсас болды. Қазақтың ат-тұрман әбзелінің ішіндегі ердің сыртқы түрі мен дайындау тәсілінде жергілікті ерекшеліктер байқалады. Ердің ең көп таралған түрі - қайыңнан шауып жасалған, алдыңғы қанаты кең “қазақ ері” болып табылады. Оңтүстік Қазақстанда ердің “құранды ер” дейтін түрі таралған. Ер-тұрман әбзелдерін жасау, негізінен, ершілердің ісі болған. Олар тек қана ердің өзін емес, сонымен бірге бүкіл ат әбзелдерінің бәрін - тоқым, құйысқан, өмілдірік, жүген, айыл, үзеңгі, таралғы, қамшы және т.б. жасап, оларды әсемдеп, көркемдеп отырған. Сондай-ақ қайыстан ат-тұрман әбзелдерін өретін шеберлерді “өрімші” деп атаған.
Қазақтардағы көшпелі тұрмысқа бейім шаруашылықтың үстемдігі алуан түрлі қолөнерінің - тоқымашылықтың, киіз басудың, ағаш, металл, тері, сүйек және мүйіз өңдеудің дамуына себепші болды. Тоқымашылықпен және киізбасумен көбіне әйелдер айналысты, олар негізінен алғанда үйге керек-жарақтардың тоқымашылық пен ісмерлікке қатысты заттарын: кілемдер, алашалар, шекпендер, киіз үй ішіндегі алуан түрлі басқұрлар, бау-шулар, текеметтер, сырмақтар, аяққаптар және т.б. дайындады.
Қыстаулардағы отырықшылыққа бейімделген тұрғын үйлердің дамуы, үй-жайлар санының көбеюі және орыс мәдениетінің ықпалы тұрғын үйлердегі керек-жарақтардың едәуір өзгерісіне әкеп соқты. Дәстүрлі үй бұйымдарының орнына әйнектелген ыдыс қоятын шағын шкафтар, жақтаулы ағаш кереуеттер, іші құлыпталатын әртүрлі сандықтар пайда болды.
Қазақтардың ұлттық киімінде этнографиялық белгілері сақталып қалғанымен, олардың да пішіні мен түрлеріне өзгерістер енді. Ер адамдар бітеу пішілген, кеудесінде тік өңір қақпағы бар, жалпақ қайырма жағалы, етегі біршама ұзын көйлек киетін болды. Ер адамдардың көп таралған сыртқы киімінің түрі шапан болды. Ол көбінесе фабрикалық маталардан тігілді. Ауқатты қазақтар түрлі-түсті бұқара жібегінен, барқыттан қымбат матамен әдіптеп тігілген шапан киді. Қазақтар әдемі “мәуіті шапан” мен“ мәуіті шекпен”де дайындады. Олардың қос шабуынан өрнек салынды. Шабудың төменгі жағынан тілік қалдырылып, жұқа түйе жүннің тоқымасынан тігілді. Қазақстанның барлық облыстарында қазақтардың кеңінен қолданылған қысқы сырт киімінің ежелгі түрлерінің бірі – күпі көктемде қырқылған түйе немесе қой жүнінен дайындалды. Сырт киетін қысқы киімнің қадірлісі аң және үй жануарларының терісінен тігілген ішіктер болды. Қазақтардың көбінің қолы жететін және кең таралған қысқы киім түрі қой терісінен өңделіп, жүні ішіне қаратып тігілген тон болды. Енді аяқ киім түрлеріне келетін болсақ, қазақтардың негізгі аяқ киімі былғары етік, кебісті мәсілер болды. XVІІІ ғасырда қазақтардың жазда киетін өкшесі биік, тұмсығы қайқы етіктері XІX ғасырдың екінші жартысында жоғала бастады. Барлық жастағы ер адамдар қыс кезінде негізінен ішінде киіз байпағы бар ұзын қонышты саптама етік киді. Неғұрлым ауқаттылары жаз кезінде былғары кебісі бар мәсі киіп жүрді. Бұл аяқ киімдердің барлығы оң және сол аяқ деп бөлінбей бірдей тігілетін. Бас киім түрлеріне келетін болсақ, ересек ер адамдардың барлығы шаштарын алдырып, басына тақия, тебетей киді. Бұның сыртынан тігілген терісіне сәйкес сусар, пұшпақ және елтірі деп аталатын бөріктер киді. Әйелдердің киімдері жас ерекшеліктеріне сәйкес бір-бірінен біршама ерекше болды. Қазақ әйелдері ерекше сәнді киініп, киімдерінің сыртынан тағатын кемер белдіктерін күміспен күптеп, алтынмен аптап, қымбат бағалы тастар мен әшекейлеп отырды. Әйелдердің жасы мен отбасындағы жағдайына байланысты бас киімдері де ерекше болды. Мәселен, жас қыздар шет-шетіне моншақтан немесе бағалы металдан шекелік тағылған, бай нақышты үкілі тебетей - “қасаба” киді. Ұзатылған қыздың бас киімі сәукеле бір жылдан соң ақ мақта-матадан дайындалған кимешекпен ауыстырылатын еді.
Мал шаруашылығына негізделген қазақтардың тұрмысы олардың ішетін тамақтары мен ыдыс-аяқтарынан айқын көрінеді. Негізгі тамақтары ет-сүт өнімдері болды. Қазақтар ыдыс пен керек-жарақтарды көбінесе сынбайтын материалдардан: ағаштан, теріден, киізден және шұғадан жасаған. Олар: торсық, саба, күбі, қазан, таба, ожау, астау, ағаш табақтар, мес, мал сауға арналған көнек және т.б. Көшкен кездерінде ыдыс-аяқты сыртқы беті түрлі-түсті құрақтармен өрнектелген арнаулы киіз қаптарда (аяққаптарда) сақтаған. Сусымалы мал өнімдері үшін тоқыма қаптар дайындаған. Сүрет пен сары майды ағаштан жасалған кебежелерде сақтаған.
Сөйтіп, XVІІІ ғасырдың аяғы мен XІX ғасырда қазақтардың рухани және материалдық мәдениетінде көшпелі және жартылай көшпелі тұрмыс-салтына байланысты дәстүрлі ерекшеліктер сақталып қалды.
Сонымен, қорыта айтқанда, 1867-1868 жж. әкімшілік реформасы Ресейдің қазақ жеріндегі саяси-әкімшілік, әлеуметтік-экономикалық үстемдігін нығайту болса, ал қоныс аударушы орыс шаруаларын жаңа елдерде өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне айналдыра отырып, қазақтардың рухани және мәдени дамуына ықпал жасау арқылы оларды орыстандыру, шоқындыру негізінде империяның тұтастығын күшейтуді көздеді.