Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 141
су жаңа қара перде жабылған қағба көрінді. Жұрт қағбаның дəл қасына
кеп тоқтады. Əлде-кім бірдеңені дар-дар айырып жұртқа үлестіріп беріп
жатты. Ол тəбəрікке жыртылып жатқан қағбаның бұрынғы шымылдығы
екен. Анадайда қади уағыз айтатын мəрмəр мінбар ағараңдайды.
Зəмзəмнің құдығының үстіне шағын күмбез орнатылыпты. Ол да жапа-
тармағай қол жайып жатқан жұртпен бірге дұға қылды. Сосын қағбаның
қара тасының қасына барып тұрды. Қара тастың үстіңгі беті жұрттың
ерні мен қолының табынан жып-жылмағай боп жылтырап қалыпты: ал
астыңғы беті қаралтым, қызғылт дақтары мол, тарғыл-тарғыл. Өзгелер
еріндерін апарғанда былқ етпестен жатқан қара тас бұл еңкейе бергенде,
бір қапталға қарай жылысып кетті. Қолын ұмсынып көріп еді, о да
жетпеді. Көк желкесінде итермелеп тұрған көп тобыр оны қара тастың
қасынан ысырып, ығыстырып əкетті. Ол үрдіс бойынша екі иығын жоғары-
төмен қиқақтатып, бүлкілдей жүгіріп, қағбаны үш рет айналып шықты.
Əр айналып шыққан сайын қара тасқа еңкейеді, ол бұдан қашқақтап,
əрмен жылысып кетеді. Енді жүрісін баяулатып, жай аяңмен қағбаны тағы
да төрт рет айналып шықты. Əр айналып шыққан сайын қара тасқа
иілгенмен, ол бəрібір маңайлатпай қойды. Өзге жұрт аузы жетпесе,
қолдарын тигізіп жатыр. Бұл дегенде қара тас ойнақшып орнында
тұрмайды.
Ол енді жұртпен бірге ауланың ішіндегі қағбаны салған Ыбырайым
пайғамбардың қабіріне барып тағзым етті. Зəмзəмнің құдығынан су тартып
ішті. Киелі құдықтың суы бір түрлі алғаулы екен. Ішкен сайын өңешін шоқ
боп қарып жатқандай.
Жұрт қағбаның ауласынан шығып, анадай жерде бір-біріне қапталдаса
сұлап жатқан егіз тау Саф пен Мəруға қарай бүлкілдей жөнелді. Бұ да
еріп келеді. Көз алдынан маңына бұл жоласа болды, сырғанақтап бір
орнында тұрмаған қара тас кетпей қойды. Иығына алғаш ихрам ораған
күннен бастап, қажыға келген кісіге шартты кəденің бəрін істеді;
Ғүсылын да, намазын да қаза жіберіп көрген жоқ; тырнағын бояттырып,
өне бойын ібіліс ластықты қуып шығады дейтұғын киелі маймен
сылаттырды; үмраны уақтылы атқарып, ишарға ақ түйе атады. Қағбаның
ауласына жерленген жұзден астам пайғамбардың қабірінің қай-қайсысын
да атаусыз қалдырмай, бастарына садақа байлаған-ды. Иығында иһрам
барда қан төккен, жеміс жеген, айнаға қараған, көңіліне қара не күнə
қашқан жері жоқ; өңі түгіл түсінде жанына ұрғашы жолап көрген емес.
Сөйте тұра қажы атанып, басына сəлде орайтын шақта киелі қара тас
қақпайлап мұны маңына жолатпай қойды. Ол мынандай ауыр жазаға қай
пиғылынан тап болғанын біле алмады. Қасиетті Меке топырағын аттап,
үмра мен хажының барша жол-жорасын түгел атқарған, ңағбаның қара
тасын сүйген мұсылманның қай күнəсі де кешіріледі дейтіндері қайда?
Зəмзəмнің суы көкірегін сілтідей жидітіп бара жатқаны несі?
Ол алдында бұрқ-бұрқ шаң көтеріп бүлкілдеп бара жатқандардың
соңынан қызыл танау боп салып ұрып келеді. Тамағы құрғап, тынысы