Әбіш Кекілбайұлы (Танктер)
Тажал табан ну шалғынды жайпады,
Алда - майдан, алда - қаза, алда - мұң.
Шойын дене жердің тәнін жаншады
Сездіргендей қасіреттің салмағын.
Қара жердің таспа тіліп жонынан,
Бара жатыр бауырымен қамшы өріп.
Жатыр окоп қызыл қанға шомылған,
Жайрап қалды қанша ғұмыр... Қанша өлік?!
Жер - ананың рең кетіп жүзінен,
Қырғын соғыс қайғы отына ыстады. ...
Майдандағы танктердің ізінен
Маңдайларға талай - талай түсті әжім
Әбіш Кекілбайұлы (О табиғат өкпелімін өзіңе)
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Арамсаққа жалтыратып сөз бердің.
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Қызғаншаққа жалтыратып көз бердің.
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Арамсаққа жалтыратып сөз бердің.
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Қызғаншаққа жалтыратып көз бердің.
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Көрсеқызар болды неге көретін?
О, табиғат, өкпелімін өзіңе,
Өсекшіге неге құлақ бересің?
Олар келіп бүлдіреді заманды-
О, табиғат, өкпелімін өзіңе.
Дүниеге жаратады адамды,
Неге ғана қарамайсың көзіңе?
Әбіш Кекілбайұлы (Заманға айтпай маған айттың бар зәріңді ақын дос)
Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос,
Тепсінісіп шығатынға,- дедің бе екен,- тақым бос,
Тепсініскен бабаларың тентіресіп кеткен-ді,
Ойқастамай, ойласайық, одан да, бауырым, ақыл қос.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей жұмыр басты адаммын,
Сен сияқты мен де емгенмін аппақ сүтін анамның,
Сен сияқты мен де далмын ертеңін ойлап баламның,
Сен сияқты мен де аң-таңмын кей ісіне заманның,
Мен де өзіндей қырда туған қара борбай қазақпын,
Мен де өзіңнен кем тартқам жоқ кермек дәмін азаптың.
Сор тұзақтың торын әлі түгел сыпырып болғам жоқ,
Қуанғанмен туды ма деп қазақ үшін азат күн.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей басы қатқан пендемін,
Пенделікті мен де өзіндей әлі күнге жеңбедім.
Пенделіктен қамығамын құмға сіңіп, тәрік боп,
Кете ме деп өмір бойғы өзек үзген еңбегім.
Ей, бауырым, мен де өзіндей көп нәрсеге аң-таңмын,
Ашу буып әзер сиям кейде ішіне қаңқамның,
Аң-таң болып аңырғанды айдалаға лақтырып,
Кеткім де келер кесір дүниені біржолата талқан қып.
Талқандайық, ешкімге де керек болмаса бұл жарық,
Талқандайық, талқанына болар екен кім қарық?
Талқаны шыққан түл даланы талақайға салғанда
Болмаймыз ба бәрісібір сен ғарып та, мен ғарып.
Таусылмайды шамалы да бұл ыза мен бұл арман,
Орнағанша қу далада жайқала өскен ну орман,
Ол үшін тек балтаңды алып бәйтерекке кіжінбей,
Жөн шығар-ау қауғаңды ұстап өз шыбығыңды суарған
Достарыңызбен бөлісу: |