Тағдырдан қайта-қайта жесем таяқ, Көремін талайымнан некен-саяқ. Оңаша оқшау кетіп ой толғаймын, Құлаққа кірмесін деп бөтен хаят. Көптің аузы қияңқы, пейілі оғаш, Жолап кетсең былғайтын күйелі ағаш, Саяқ кетсем, сайтандар сайраңдаған Үйірімен үркітер-үйіңе қаш. Үйге безсем, көңіл ит көше кезіп, Тереді неше секем, неше сезік. Үміттің үлбіреген нәзік гүлін Күдіктің көн табаны кетеді езіп. Көп жүрген жердің бәрі абыр-сабыр, Жоламас айқай-шуға иман-сабыр, Жолығар әулие де киесіне, Жер жұтса, елден безсе, тапса қабір. Содан ба екен, жаралған жаратқан хақ Жұп жуытпай, жап-жалғыз, о бастан тақ. Көппен жүрсең - көлгірлік көлі жұтар, Жақ болар жалғыздыққа болса ақиқат. Шындық тақ, өтірік жұп, айла егіз Айқұшақ аймаласқан фәнилік із. Бақиға басың жалқы аттанасың, Өзіне үқсас жаратқан озалда иеміз
Әбіш Кекілбайұлы (Арғымақ)
Қыпшақтардың ой-хой, құба жондары-ай,
Жер тарыпа тұлпарын айт, тұлпарын!
Шар айнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға-көк кілемге
Сүртіп мүйіз үлтанын.
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласүрған жүрегім
Шапшып-ақ тұр,
Оны қалай басамын.
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып көк жалынға
Нөкер болып артымда ақ шаң топтансын.
Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,
Шабайықшы шаң қоңдырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш ұрып бетіне.