ӘБУРАЙХАН БИРУНИ
ируни және оның заманы
Туысқан өзбек халқының данышпан перзенті - астроном, математик, географ, геолог, философ, филолог, тарихшы және этнограф, дәрігер және ақын Әбурайхан Мұхаммед ибн Ахмед Бируни 973-жылы 4 қазанда ежелгі Хорезмнің астанасы болған Қият қаласының іргесіндегі ауылдардың бірінде туған. Қазір Қияттың орнында Шаббаз қаласы бар, ол Қарақалпақ автономиялы республикасына қарайтын ауданның орталығы. Бируни туралы әңгімелер мен аңыздар, мың жыл өткеніне қарамастан, Шаббаз төңірегіндегі ауылдарда осы күнге дейін сақталған.
Қият кейбір тарихи документтерде Хорезм қаласы деп те айтылады. Ол Отырар мен Сауран сияқты Орта Азияның Қазақстан даласына қараған «терезелерінің» бірі еді.
Ерте кезде Қият ірі мәдениет орталығы болған, онда өз заманына сай мектептер мен кітапхана жұмыс істеген.
Хорезмдіктер Қазақстан қыпшақтарымен, Волга булгарларымен, Сібір, Қытай, Үндістан елдерімен қарым-қатынастар жасап тұрған, шет жерлерде жұлдыздар бойынша жол таба білген. «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» дастанында айтылатын батыр Сайымұлы Қараман осы Қияттан шыққан делінеді. Қияттықтар мен қыпшақтардың ертедегі достық қарым-қатынастары Қараманның Қобыландыға айтқан:
«Жылы бірге - жылдасым,
Мұңы бірге - мұңдасым,
Сыры бірге - сырласым,
Жасы бірге - құрдасым»
деген сөздерінен де аңғарылады.
Ғылыми еңбектеріне қарағанда Бирунидің да ежелгі Қазақстанның жерлерін жақсы білгендігі көрінеді. Ол өзінің «Ел қоныстанған жерлердің шекараларын баяндау және олардың ара қашықтықтарын анықтау» деген кітабында Арал, Каспий теңіздерін, Сырдария өзенін, Отырар, Сауран қалаларын тағы басқа жерлерді айтады, өзі жасаған географиялық картасында «Орыс жерін», «Славян жерін», «Варяг жерін», «Түркі тайпаларын» көрсетеді.
Әбурайхан ибн Ахмед - еңбекші халыктың бел баласы, өмір тепкісін көп көрген дәулетсіз адамдардың жұрағаты. «Бируни» оның нақты фамилиясы емес, ныспысы, ел ішіне таралған лақап аты. Ежелгі хорезм тілінде «бирун» - «қала сыртындағы ауыл» деген сөз. Бұл сөз арқылы ғалым өзінің атақсыз атадан, елеусіз жерден, тобыфлар арасынан шыққанын көрсеткен. Ғалымның әкесі - Ахмед, өз аты - Мұхаммед, Әбурайхан - қосалқы аты. Арабша «Әбу» - «әкесі» деген сөз. Сонда «Әбурайхан» - Райханның әкесі. Демек, Бирунидің Райхан деген баласы болған. Ертеде Шығыс елдерінде адамды «пәленнің әкесі» деп те айтқан. Мұндай, баласы арқылы айтылғап есімді күния дейді. Әуелде күния болғанымен, кейінгі кезде Әбурайхан ғалымның нақты өз есімі ретінде қолданылып кеткен. Күния құрметті немесе жасы үлкен адамның атын атамау салтынан шыққан.
Бируни ата-анадан жастай жетім қалып, балалық шағын жоқшылықта өткізген. Бақытсыздық пен жетімдік шырмауымда өткен өкінішті өмірін ол мына бір өлеңінде аңғартқан:
«Тегімді менің сұрама,
Атама сәлем бергем жок.
Ол түгіл туған әкемді
Өз көзіммен көргем жоқ».
Жасынан ақылды және дарынды болып өскен Бируни ауыл арасындағы хат білетіндерден үйренігі сауатын ашады да, өз бетімен Хорезмидің, Фарабидін, Жауһаридің, Қараджидің, Ферғанидің тағы басқа білімпаздардың кітаптарын оқиды. Ескілікті аңыздар мен жырларды, нақыл сөздерді ықыласпен тыңдап, ойына түйе береді. Керуеншілерге «бақыршы бала» болып ілесіп, Орта Азия мен солтүстік Иранның әр түрлі қалаларына барады. Осылайша жүріп білімін көтереді, өмір соқпақтарын көреді. Кейінірек Әбунасыр Мансұр нбн Ирак (1020 жылы шамасында өлген) деген ғалыммен кездесіп, екі жылдай содан оқиды. Әбунасыр белгілі грек ғалымы Менелайдың еңбектерін араб тіліне аударған математик болатын.
Оқып, көңіліне тоқығаны көп Бируни жиырма жасында көрнекті ғалым болып қалыптасады. Өз бетімен ғылыми кітаптар жаза бастайды. Дін мәселелері жөнінде ол қарматтар жағында болады. Қарматтар - сырттай ислам дінінің ережелерін қабылдап, іс жүзінде оған қарсы шыққан адамдар, бұлардың көпшілігі шаруалар мен құлдар еді. IX ғасырдың екінші жартысы мен X ғасырдың алғашқы жартысында қарматтар ағымы Орта Азия мен Иранның әлеуметтік өмірінен елеулі орын алған еді.
Ішінара болса да «дінсіздерді» қолдағандығы сезіліп қалғандықтан, Бируни Хорезмде тұра алмайды. Ол 995 жылы өз елінен кетуге мәжбүр болып, өмірінің ұзақ жылдарын шетте өткізеді.
Туған жерінен қуылған ғалым Бируни Каспий теңізінің оңтүстік жағалауындағы қалаларға келеді. Кәбус ибн Уәшімгір (976-1012) деген әкімнің қол астында қызмет істейді. Осында жүргенде, 1000-жылы, 27 жасында «Өткен буындардың ескерткіштері» атты өшпес еңбегін жазады.
Бируни Кәбус сарайында да көп паналай алмайды, одан кетіп Рей қаласында тұрады. 1010-жылы Хорезм мемлекетінің жаңа астанасы Үргенішке (бұл қала қазір Қөне Үргеніш деп аталады, оны 1221-жылы монголдар қиратып кеткен) келеді. Үргеніште Бируниді Хорезмнің әкімі Мамун ибн Мамуи қызметке алады.
Мамун Үргенішке белгілі ғалымдарды жинаған болатын. Бұл ғалымдардың коллективі өз заманының академиясы сияқты еді. Осы коллективті баскару Бируниге тапсырылады. Бируни Мамунның сарапшыларының бірі болады. Мұнда Әбу Әли ибн Сина, Әбусахиль Мәссих, Әбілхасан ибн әл-Хұммар, ибн Мүскәуайх және Бирунидің жоғарыда айтылған ұстазы Әбунасыр ибн Ирак қызмет істейді.
Алайда ғалым Бируни Үргеніште жемісті еңбек ете алмайды, ғылыммен шұғылдануға мүмкіншілігі болмайды. Оған саясат мәселелерімен айналысуға тура келеді. Бүкіл Хорезм мемлекетіне төнген соғыс каупі, корғаныстың саяси және дипломатиялық жұмыстары Бирунидің басқаруын талап етеді. Бұл қауіп - Ғазна сұлтанының шойын шоқпары еді. Бируни мен Мамунның жүргізген байсалды саясаты Ғазна шапқыншылығын он жылдай кейінге қалдырады.
Бирунидің өміріне тікелей қатынасы болғандықтан, ғазнауилардың шапқыншылығына тоқталып өтейік.
Ауғанстанда, Кәбіл мен Қандағар қалаларының аралығында Ғазна деген көл мен өзен бар. Осы өзеннің жағасына X ғасырда қала салынып, Ғазна қаласы деп аталған. Ауғанстан мен Иранды билеген түркі сұлтандары Ғазнаны өздерінің астанасы еткен, мемлекетін Ғазна мемлекеті деп атаған. Тарихта Ғазна сұлтандарын ғазнауилар дейді. Бұлар 962-1044 жылдар аралығында дәурен сүрген.
Ғазна мемлекетін біріктірген Орта Азиядан шыққан түркі Алыптегін деген адам. Ол әуелде Хорасан әкімінің бәндесі - құл базарынан сатып алып, нөкерлеріне қосқан әскері болатын. Бертін барымталарда көзге түсіп, сипасалар-нөкербасы қызметіне жоғарылатылады. 961-жылы әкім Әбділ-Мәлік өлгеннен кейін өкімет билігі Алыптегіннің қолына көшеді. Ол 962-жылы Ғазнаны басып алып, Иранды Ауғанстанға қосып, өзін Ғазнаның сұлтаны деп жариялайды. Алыптегіннен кейін оның саясатын Сәбіктегін (977-997) жүргізеді. Бұл да әуелде бәнде түркі еді. Сәбіктегін Орта Азияныд оңтүстік аудандарын басып алады. Ғазнаның күшейген заманы - Сәбіктегіннің баласы Махмұд сұлтанның (998-1030) тұсы. Хорезмнің тынышын алған осы Махмұд болатын.
Махмұд айлакер, соғысқұмар, қанішер болған. Діндарсып, мұсылманшылықты желек еткен. Мешіт пен медрессе салдырып, оларды алтынмен әшекейлеткен. Ғазнаны сырлы дуалдармен қоршатып, сыртынан ор қаздырып, бекініске айналдырған. «Қобыланды батырда» айтылатын «Қазанның сырлы қаласы» осы Ғазна болуға тиіс.
Махмұд дінді нығайтуды сылтау етіп, көрші елдерге көптеген қанды жорықтар жасайды, оларды «ғазауат» - «дін үшін соғыс» деп жариялайды. Орта Азияға бес-алты рет келіп, қияттықтар мен көшпелі қыпшақтарды шауып кетеді, ал іргесіндегі Үндістанның оңтүстік-батыс облыстарына 17 рет ойран салады. Махмұд бұл елдердің жерін басып алмайды, мал-мүліктерін, асыл бұйымдарын тонап алады, адамдарын айдап әкетіп, құлдыққа сатқызып отырады. XI ғасырда өмір сүрген парсы тарихшысы Гардизидің келтірген бір мағлұматы бойынша Махмұд 1018 жылы Үндістанның Қанауджа облысынан 350 піл, 53 мың құл, жалпы құны 20 миллион дирхем алтын мен күміс алып қайтқан (дирхем - күміс ақша, алтын есебімен 25 тиын). Ғазнаның мешітіндегі алтындар осылай жиналған. Бағдат халифы Қадыр Махмұдқа «ямин әд-дәула уә әмин әл-миллә» - «мемлекеттің оң қолы, діни қауымның сенген адамы» деген атақ береді. Әрине, «ол-жадан» халифқа да «сыбаға» жіберіліп тұрғандығында сөз жок.
Ғазнауилардың жорықтары көптеген халықтардың тарихында өзінің қанды іздерін қалдырған, әр түрлі ертегілер мен аңыздар тудырған. Осылардың біреуін келтірейік.
«Бір күні Махмұд сұлтан өзінің Қожа Хасан деген уәзірімен ит жүгіртіп, құс салып келе жатады. Олар шықылықтап отырған екі үкіні көреді. Сұлтан уәзірінен: «Бұлар не деп отыр?» - деп сұрайды. Сонда уәзір былай дейді: «Үкінің бірінің үлы, екіншісінің қызы бар екен. Сол жөнінде сөйлесіп отыр, құда болмақшы. Қызы бар үкі қалың малға түтіні сөніп, шаңырағы ортасына түскен он мың үй сұрады. Ұлы бар үкі қуанып қалды, ол: «ой, тәйір-ай, сол ма, Махмұд сұлтан аман болса, он мың түгіл жүз мың шаңырақ ортасына түсіп, адыра қалар» деді, содан кейін бата қылысып, қол алысты». «Әд-дәуланың» сиқы шынында да осындай еді.
Махмұд Хорезмді соғыссыз қаратып алуды көздейді. Осы мақсатпен ол 1007 жылы Мамунның ағасы Әлиге қарындасын береді, 1015 жылы Мамунның өзіне қызын береді. Алайда Мамун Хорезмнің тәуелсіздігін жойғысы келмейді. Оған Бирунидің айтарлықтай ықпалы болады. Осы кезде тахқа таласқан шонжарлар Мамунды өлтіреді. «Күйеу баламды өлтірді» деген сылтаумен Махмұд бүкіл Хорезмді астан-кестен етеді. Бірақ көзі тірісінде Мамун өз сарайындағы ғалымдарға былай деген екен: «Махмұд сендерді Ғазнаға жібер деп жатыр, Менде оның жарлығын өзгертерлік дәрмен қалмады. Өз қолымнан сендерді ұстап бергім келмейді. Сондықтан Ғазнаға баруды қаламайтындарың өз жолдарыңды табыңдар». Ибн Сина, Мәссих тағы басқалар Хорезмнен қашып, ел кезіп кетеді. Кейін Махмұд Ибн Синаны 15 жыл іздетеді, бірақ қолына түсіре алмайды. Хорезмнен кетпеген Бируни, әл-Хұммар, ибн Ирак қолға түседі. Бұларды Махмұдтың жендеттері тұтқындап, Ғазнаға айдап әкетеді. Бирунидің қалған өмірі негізінен алғанда осы Ғазнада өтеді.
Газнаға тұтқындап әкелгенімен, Бируниді өлтіруге немесе құлдыққа сатқызуға Махмұдтың батылы бармайды, тек алты ай түрмеде отырғызып шығарады. Ғалымды қолдаушылар көп болады. Екінші жағынан Махмуд Бируниді өз мақсатына пайдалануды көздейді.
Алтынмен аптатып, күміспен күптетіп мешіт салдырған, Үндістаннан Кавказға, Арал теңізінен Үңді мұхитына дейінгі жерлерді қанға бояған сұлтан өзінің зұлымдықтарын дәріптейтін, оны келешек ұрпақтарға «үлгі» етіп тарихта қалдыратын кітаптар жаздыруды ойлайды. Ал Махмұдты сарайындағы ақын Үнсури мен тарихшы Утбидің жазғандары қанағаттандырмайды. Бұл үшін Махмұд данышпан ақып Әбілқасым Фердаусиді шақыртып алып, «патшаға лайықты» кітап жазуды тапсырады. Дүние жүзіне әйгілі «Шаһнама» дастаны осылай туады. Бірақ онда ертедегі батырлардың ерліктері, ескілікті аңыздар, достық пен махаббат, әділеттік пен адамгершілік жырланады, Махмұдты мадақтайтын бір ауыз да шіең болмайды. «Шаһнаманы» баяндау бұл мақаланың мақсаты емес. Ол жөнінде айта кетерлік қысқаша мағлұматтар төмендегідей. Парсыша «шаһ» - «патша», «нәма» - «кітап». Шығарманың аты «Патшалар кітабы» болады. Онда ежелгі Иран мен Тұранның көптеген патшалары мен батырлары айтылады. Көлем жағынан алғанда Фердаусидің дастанын «кітаптар, патшасы» деуге де болады, ол 135 мың жолдық өлеңнен құралған. Фердаусиге дейін мұндай үлкен дастан жазған ақын тарихта болған емес. Ақын өшпес кітабын 30 жыл жазып, Махмұдқа ұсынған. «Шаһнамаға» көңілі толмаған сұлтан, авторды мазақ етіп, болмашы «сыйлық» жіберген. Фердауси «сыйлықтан» бас тартқан. Оған ашуланған Махмұд ақынды асау пілге тепкілетіп өлтірмек болған. Фердауси қартайған шағында бірнеше жыл қашып жүріп, өз ауылында өлген. Көпшіліктің зиратына көмуге рұқсат етілмегендіктен, оның денесі өз бақшасында жерленген.
Махмұдтың үмітін Бируни де ақтамайды, ол да сұлтанды мақтайтын кітап жазбайды. Мүмкіндігі болған кезде өзінің ғылымымен шұғылдана береді. Тұрмысы нашарлап, мұқтаждық құрсауына түскен ғалымды дүниеге қызықтырып өзіне жақындатып алмақшы болған Махмұд Бируни үшін пілге артып, алтын мен күмістен сыйлық жібереді. Бірақ Бируни сыйлықты алмайды. Ол былай деп жазады: «Күмістің кететінін, ғылымның қалатынын жұрттың бәрі біледі. Мен ақыл парасатынан тая алмаймын, аз күндік, алдамыш жылтыр тасқа даңғыл жолынан аумайтын мәңгілік білімімді ешқашан да сата алмаймын».
Хорезмнің халқын қойдай қырып, қозыдай шулатқан, қыздары мен жігіттерін Дербенттің базарында 3 дирхемнен сатқызған, өзін Ғазнаға еріксіз айдап әкелген зұлым Махмұдтың қанды қолынан Бируни сияқты ұлы ғалым сыйлық алуға тиіс емес еді. Ондай сыйлықты алу - Отанын сату, Отанына опасыздық етумен бірдей болатын.
Бируниді айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізе алмаған сұлтан қатты ызаланады. Ақыры бір күні оны биік үйдің төбесінен лақтыртып өлтіруге әмір етеді. Бірақ үй төбесінен құлағанда Бируни тірі қалады да, тек қана шынашағының буыны шығып кетеді, өйткені жақсы ниеттегі, тілеулес адамдар оның түсетін жеріне дереу жас шөп, мақта, көрпе-жастық үйіп тастайды. Уәзірлер сұлтанға: «Ажалы жоқ екен, Бируни тірі қалды, бірақ мертікті» деп барады. Осыдан кейін «тағдыр», «ажал» дегендерге қатты сенетін топас Махмұдтың амалы таусылады.
Бируни ғазнауилардың қолында 30 жыл болады. Ол еліне барса, қалған халықты ұйымдастырып бүлік шығарады деген қауіппен Хорезмге қайтарылмайды, жер аударылған адам есебінде ұсталады. Сұлтаннан рұқсат алып, бес-алты жыл Үндістанда тұрады. Ғазнаның тыңшылары оны әрдайым бақылап, аңдып жүреді. Академик В. В. Бартольдтің келтірген бір дерегіне қарағанда Махмұд өзінің туған баласы Масғұтты да тыңшыларға аңдытып қойған. Масғұт анда-санда Бирунимен әңгімелесіп, оның әр түрлі мәселелер жөніндегі пікірлерін біліп отырады екен.
Айдалуда болса да, Бирунидің Ғазнада және Үндістанда тұрған жылдары жемісті болады. Ол осы кезде көптеген ғылыми еңбектер жазып тастайды. Ғалым елуге келгенде Үндістанның ғылыми және әдеби тілі болған санскрит тілін үйренеді (оған дейін хорезм, парсы, араб, еврей, грек тілдерін білген). Үнді ғалымдары Бируниге зор құрмет көрсетіп, құшақ жая қарсы алады. Бұған бір жағынан Бирунидің жеке басының адамгершілігі себеп болса, екінші жағынан Ғазнаның тұтқыны екендігі себеп болады. Махмұд үнділерді жыл сайын шауып, олардың да титығына жеткен болатын, сондықтан оның жәбірлеген адамдары үнділердің мұңдасы болып есептелетін.
Үндістан - мәдениеті өте ерте заманда басталған ел. Оның өз тұсында озық ғылымы, әсіресе астрономиясы мен математикасы болатын. Ежелгі Үндістанның Ариабхатта, Варахамихира, Павлис, Брамагупта және тағы басқа да ғалымдары математика мен астрономияда өздерінің өшпес іздерін қалдырған. Қазіргі қолданылып жүрген цифрлар мен шахмат ойынын үнділер шығарған. Бируни үнді ғылымының үздік табыстарын меңгереді, халқының тарихын, әдет-ғұрыптарын, календарын зерттейді. Мұның нәтижесінде «Үндістан» атты әйгілі кітап жазады. Орта Азияның, араб елдерінің, Европаның ғалымдары үнді мәдениетінің табыстарымен Бируни еңбектері арқылы танысады. Екінші жағынан Бируни үнді ғалымдарын гректер мен арабтардың ғылымымен қаруландырады: ол Евклидтің «Негіздерін», Птолемейдің «Альмагестін» және өзінің астролябия жөніндегі кітабын санскрит тіліне аударып береді. Соның арқасында үнділер геометрия мен астрономияның дүние жүзілік кең жолына шығады.
Кейбір буржуазиялық оқымыстылар (А. Мюллер, С. Броккельман, А. Крымский т. б.) Махмұдты дәріптеп, Фердауси мен Бирунидің тарихи ролін төмендетуге тырысады. Олардың баяндауынша, Махмұд сауатты болған, араб және парсы тілдерін білген, «ислам қылышын шапқан», төңірегіне ақындар мен ғалымдарды жинаған тәуір адам. Махмұд Фердаусиге Тұран батырларын дәрменсіз етіп көрсетіп, Иран батырларын асыра жырлағандығы үшін наразы болған-мыс. Бұлай баяндау тарихи шындықты бұрмалау болып табылады. Махмұд сұлтан ешуақытта Тұран елінің намысын жыртқан емес, қайта оны қанға бояған. Өзінің ана тілі - ескі түркі тілін де ұмытқан. Ол Бируниді Ғазнаға қамқорлық жасап, «ғылыми зерттеулер жүргізуіне жағдай туғызу үшін» айдап апарған жоқ. Бируни Үндістанда тұрғанда Махмұдтың «барлаушысы немесе тыңшысы» болған жоқ. Бұлардың бәрі сандырақ. Фердауси мен Бирунидің өз заманының ұлы азаматтары болғандығын, ал Махмұдтың хан тағына мінген қарақшы екендігін тарихи документтер, әсіресе иран тарихшысы Әбілфазыл Бейхаки (1077 жылы өлген) мен XIII ғасырдың басында өмір сүрген араб саяхатшысы Яқут Хомавидің еңбектері толық дәлелдейді. Бейхаки Масғұт сұлтанның хатшысы болған, ол ғазнауилар жайында 30 кітап жазып қалдырған.
1030 жылы Махмұд өледі. Ол орнына баласы Масғұтты қалдырмай, өзі сияқты бір жексұрынды тағайындап кетеді. Одан тахты Масғұт тартып алады. Масғұт тұсында Бирунидің тұрмысы едәуір жақсарып, еңсесі көтеріледі. Ол 1034 жылы Хорезмдегі еліне келіп қайтады. Масғұттың көрсеткен қамқорлығына жауап ретінде ғалым «Масғұт таблицалары» атты көлемді еңбек жазып шығарады. Алайда Масғұт он-ақ жыл сұлтан болады, оны 1041 жылы өзінің інісі өлтіреді. Осы қарбалас кезінде Түрікменстанды мекендеген шапқыншылар - сәлжүк түріктері Ғазна әскерлерін талқандап, Үндістаннан Орта Шығысқа дейінгі елдерді басып алады. Сәлжүктердің ұлан-байтақ мемлекеті құрылады, Ғазна мемлекеті 1044 жылдан бастап Азияның саяси картасынан сызылып қалады. Ғазна қаласы тұрған Сүлеймен тауларының бөктерлері сәлжуктерге бағынған ұсақ облыстардың біріне айналады. 1048 жылғы 13 Декабрьде, Масғұттың баласы Маудуттың сарайында, данышпан ғалым және ойшыл Әбурайхан Бируни дүние салады. Оның сүйегі сол Ғазна қаласында зор құрметпен жерленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |