Классицизм ( латынша сlassіcus – ең үлгілі) – 17 – 19 ғасырлардың басында әдебиет пен өнерде өріс алған көркемдік бағыт. Әдебиеттегі Классицизм Ежелгі Грек пен Ежелгі Римнің классиклық әдеби шығармаларын үлгі тұтты. Классицизмге тән негізгі ерекшелік – көркем шығарманың құрылысын бір тәртіпке бағындыру. Мысалы, драмалық шығармаларды “үш бірлікті” сақтай отырып жазу талап етілді: уақыт бірлігі (оқиға бір тәулік – 24 сағат ішінде ғана өтуі керек), орын бірлігі (оқиға тек бір орында ғана өтуі керек), оқиға бірлігі (оқиға бірінен-бірі туындап, бір ізбен дамып отыратын бір ғана сюжеттік желіге құрылуы шарт).
Классицизм ХУІІ ғасырда Италия әдебиетінде туып, француз әдебиетінде кең қанат жайған ағым. Классицизм теориясының негізінде мәңгілік туралы ілім, әдемілік идеалының кемелдігі туралы түсінік жатыр. ХІХ ғасырда Стендаль «Расин және Шекспир» атты памфлетінде классицизмнің принциптерін терістей отырып, осы ілімді керіге шығарады. Ол әдемілік ұғымының қатыстылығын, өзгермелілігін, тарихилығын дәлелдейді Әдеби жанрлардың да қатаң деңгейленуі (эпопея, трагедия, комедия және т.б.) осы ілімнен туындады. Әрбір жанрдың нақты шекаралары, оның ерекшеліктері көрсетіліп, әрбір жанрға тиесілі тілі мен кейіпкерлері бекітілді (трагедия үшін – биік патетикалық тіл, асқақ сезімдер, батыр тұлғалар; комедия үшін – төмендетілген тірліктегі персонаждар, ауызекі сөйлеу тілі т.б.), себебі классицистердің пікірінше, әрбір жанрдың үлгілі шығармалары әу-баста дүниеге келіп қойған, ал жаңа кезеңдердің еншісі тек (біржола) табылған кемел идеалдардың ізімен жүру.
Классицистер өмір құбылыстарының өткінші, кездейсоқ, дара сипатына қарағанда «мәңгілік», әмбебап, абсолютті жақтарын сипаттауға ұмтылды. Классицистер көркем образ дерексіз схема түрінде емес, шынайы тірі жан ретінде көрінуі үшін даралық, кездейсоқтық сипат керек екенін түсіне бермеді.Сонымен классицизм теориясындағы мәнді бір элемент өнердің тәрбиелік мәні туралы ілім.
Француз классицистерінің теоретигі Н.Буало болды. Буало француз классицизмі қалыптасып, өз жемісін беріп жатқан уақытта әдеби сахнаға шықты. Ол негізінен ақындардың тәжірибелерін жалпылап, қорытындысын шығарып берді. Классицизм теориясы, оның жетістіктері мен кемшіліктері Буало атымен тығыз байланысты. Н.Буалоның классицизм теориясы жөнінде жазылған еңбегі «Поэтикалық өнер» деп аталды. Буало авторларға «дарын» дегеннің түсіндірмесінен бастайды да, тым алшаққа кетіп трагедияны «қайғыға толы жүздеген өліктермен» толтыра бермеуге, ештеңеге қажеті жоқ майда-шүйдені суреттей бермеуге, тым асқақтап аспанға көтеріліп кетпеуге, тым төмендеп, былғаныш лайсаңға түсіп кетпеуге» кеңес береді.Яғни жазушыларды салмақтылыққа, ұстамдылыққа, мазмұндылыққа, әр нәрсенің шегін, өлшемін сезіне алуға шақырады.
Достарыңызбен бөлісу: |