4
Қоғам және руханият: жазушы еңбегі және тақырып өзегі
Уақыт және қаламгер: қазіргі кезең және заман шындығы
Жұмалиев “Әдебиет теориясы” тек мен түр мәні
Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938) еңбегінің алғашқысы негізінен В.Виноградовтың «Әдебиет теориясы» кітабының сүлбесінде жазылған. Және орыс әдебиеттану ғылымындағы Л.И. Тимофеевтің, Л.В.Щепиловтың, Г.А.Абромовичтің әдебиет теориясына арнап жазған оқулықтарын зерделеген.
А.Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» кітабында «Сөз өнерінің ғылымы» жайында: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға; 2) қиялға; 3) көңілге;», - дейді. Осы ұстанымды Қ.Жұмалиев те дұрыс деп санап, өз сөзімен тарқатып, сол ойды қайталап: «Көркем әдебиеттің образ жасаудағы құралы – сөз. Тіл қорынан сөздердің ең керектісін таңдап, талдап ала білудің және олардың сөйлемнің құрамында шебер қиюластырудың арқасында жазушылар адам ойының түюі мен сезім түйсігінің әр алуан құбылысын суреттеп бере алады», - дейді.
Ғалым әдебиет теориясы мәселелерін сегіз тарауға бөліп қарастырады. Әдебиет теориясына қатысты ойларын шегендегенде қазақ әдебиетінің мол қорын пайдаланған. Әсіресе, Махамбет, Абай, Ыбырай шығармаларынан мысал ретінде мәтіндерді молынан келтірген. Қ.Жұмалиев әдебиет халықтық деген ұғымды талдауда да Махамбет, Абай, Ыбырай туындыларын таңдап алыпты. Ал шығарманың поэтикалық категориялары туралы сөз қозғағанда «Суреттілік (образдылық), типтік бейне, шындық және суреттілік, әдебиеттің тарихилығы, әдебиеттің халықтығы, көркем әдебиеттің қоғамдық мәні, тақырып және идея, образ-тип, композиция және сюжет, портрет кеңестік әдебиеттанудың таным тұрғысынан жазылған.
Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясы» еңбегінің «Әдебиеттегі метод – әдеби стиль» тарауында, әдебиеттің тектері мен түрлеріне эпос – әңгіме, лирика – өлең, драма – қимыл деп ат беруде де А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуіндегі негізгі ойларды басшылыққа алған. Ал «Әдебиет теориясы» еңбегінің «Әдебиеттегі методтар – классицизм, романтизм, реализм, социалистік реализм» деген тарауы кеңестік қоғам талабын ескере отырып жазылған.
Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясы» оқулығында образ, образдылық, яғни көркем бейне жасау, типтік образ жасау талаптары, көркемдік деталь, шындық және оны сипаттау, көркем шығармадағы сюжет пен композиция, әдебиеттің халықтығы, таптығы, көркем әдебиеттің қоғамдық мәні деген әдебиеттану ғылымындағы мәселелерге кеңестік саясат тұрғысынан баға беріп, тұжырым жасаған.
Қ.Жұмалиев «Әдебиет теориясында» мінездеуге былай деп сипат береді: «Жазушы шығармаға қатысушылардың сыртқы портретімен қатар ішкі портретін – мінезін, құлқын, наным-сенімін, дүниеге көзқарасын суреттейді. Әдебиетте мұны «мінездеу» деп, А.Байтұрсынұлының мінездеу туралы айтқан ұстанымын қайталайды. Әдеби шығармадағы кейіпкердің жан дүниесін, болмысын жан-жақты бейнелеуде пейзаждың көркемдік қызметі ерекше пейзажды, баяндауды, эпилог туралы Қ.Жұмалиев пікірлері кеңестік ұстанымға бағына, заман талабын ескере жазылған.
Әдеби тілдің бейнелілігін арттыратын тәсілдің бірі – троп туралы Қ.Жұмалиев: «Әдебиет теориясы» оқулығында: «Тілімізде жоғарғы айтылғандар тәрізді, өз мағынасында қолданылатын сөздермен қатар, ауыспалы мағынасында қолданылатын сөздер де аз емес. Олар, әсіресе, көркем әдебиетте көбірек кездеседі. Көркем тілдің басқа түрлерінен ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздердің негізгі ерекшелігі астарлылығында. Бір нәрсені айтып, екінші мағына ұқтыруында» - деп анықтама береді. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінде шығарма тілінің көркемдігі туралы мынандай қисын айтады: «Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз; әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз. Ақын тілімен сөйлегенде, сөзге айрықша өң берілгендіктен лебіз көрнекі болып шығады. Әншейін тілмен сөйлегенде сөзге өзгеше өң берілмегендіктен лебіз сида, жалаңаш болып шығады. Сондықтан алдыңғысы көрнекі лебізделіп, соңғысы жалаң не көсе лебіз делініп айтылад», - деп тұжырым жасайды.
. Қ. Жұмалиевтің “Әдебиет теориясы” (1938, 1964, 1969) атты еңбегі негізінен орта мектептер мен жоғары оқу орнына арналды. Сондай-ақ, Е. Ысмайыловтың “Әдебиет тееориясының мәселелері” (1940) атты орта мектепке арналған оқулығы жазылды. 1970 ж. З. Қабдоловтың “Әдебиет теориясының негіздері” атты еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек толықтырылып “Сөз өнері” деген атпен 2 рет (1976, 1982) қайта басылып шықты. Ол еліміздегі жоғары оқу орындарында 30 жылға жуық Ә. т-ның бірден-бір оқулығы ретінде қызмет етіп келеді. З. Ахметовтың “Қазақ өлеңінің құрылысы” (1970), “Өлең сөздің теориясы” (1973) атты еңбектері — осы салада соны пайымдауларымен көрінген құнды ғыл. зерттеулер. Ә. т-ның басты ғылыми ұғымдары мен терминдері жүйеленіп берілген “Әдебиеттану. Терминдер сөздігі” (1997, 1998) жарық көрді.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |