Жанрлық бастауын қазақ фольклорындағы сонау есте жоқ ескі замандардағы
мифтер мен аңыздардан, ертегілерден алатын қазақ повесінің ұлттық жазба
әдебиетіміздегі алғашқы нұсқаларына Әкірам Ғалимовтың Бейшара қыз (1912),
Тайыр Жомартбаевтың Қыз көрелік (1912), Бейімбет Майлиннің Шұғаның
белгісі (1915) т.б. секілді әдеби туындылар жатады. Міне, содан бері жүз
жылға, яғни бір ғасырға жуық уақыт өтті. Осы мезгілде қазақ повесі жанр
ретінде біршама ұзақ даму жолынан өтті: оның көркемдік тұрғыдан кемелденіп,
биікке самғаған кездері де (1920-1930,1960-1990 жылдар), коммунистік,
большевиктік идеология мен цензураның, И.В.Сталин орнатқан жеке адамға
табынушылық дәуірінің қатаң қыспағына ұшырап, тоқыраған тұстары (1930 -1960
жылдар) да болды. Бұл мезгіл аралығында осы жанрды жасаушы көркемсөз
шеберлерінің бірнеше ұрпағы ауысты. Олар кезінде қазақ прозасын, оның бір
жанрлық түрі болып табылатын қазақ повестерін жаңа тақырыптық, идеялық,
көркемдік ізденістермен байытты, өздерінің шығармашылық шеберліктерін
ұлттық, шығыстық көркемсөздің тәжірибелерімен ғана шектеп қоймай, орыс,
батыс әдебиеттерінің поэтикалық өрнектерін кеңінен пайдаланды, сүйтіп
мазмұны ұлттық болғанмен көркемдік пішімі жалпы адамзаттық синтез жасады.
Аталған еңбекте біз шамамыз жеткенше осы көркемдік ізденістердің табиғатын
аша отырып, қазақ повесінің бір ғасырлық даму жолының эволюциясын нақты
жазушылардың нақтылы шығармалары арқылы жан-жақты талдаудан өткіздік.
Әрине, қазақ повестері қазақ әдебиеттану ғылымында бұған дейін де әр
қырынан біршама зерттелген тақырып болатын.
Мысалы, Н.Ғабдуллин (4;5), С.Қирабаев (6;7), З.Қабдолов (8), Т.Кәкішев (9),
Р.Бердібаев (10), Ш.Елеукенов (11), Р. Нұрғали (12; 13), Г.К.Бельгер (14),
З.С.Кедрина (15), З.Серікқалиев(16), Б.Наурызбаев(17) С.Әшімбаев(18; 19),
Қ.Әбдезұлы(20; 21), Ж.Дәдебаев(22; 23), З.Бисенғали(24), Б.Майтанов(25),
Б.Сарбалаев(26), Т.Жұртбаев(27), А.Мұсаев(28), А.Ісімақова(29),
Р.Тұрысбек(30), Г.Пірәлиева(31), т.б. секілді көрнекті әдебиеттанушы
ғалымдар мен әдебиет сыншыларының еңбектерінде жекелеген жазушылардың
повестері көркем тіл, композиция, сюжет, стильдік ерекшеліктер тұрғысынан
талданса, академик С.Қасқабасовтың еңбектерінде (32;33) қазақ повестерінің
архетиптері болып табылатын халық прозасының әфсана, ауызекі әңгіме,
мифтер, ертегілер, аңыздар секілді жанрларының идеялық, көркемдік табиғаты
ашылады. Алайда жоғарыда аттары аталған еңбектерде қазақ повесі жанр
ретінде жеке алынып қарастырылмайды, олар жалпы қазақ прозасының даму,
өркендеу аясында алып зерттеледі.
Сонымен қатар қазақ повесін зерттеулерінің негізгі, басты объектісі
етіп қарастырған ғалымдар да бар. Мәселен, Ә.Әзиев, А.Нағметов, Г.Ержанова,
М.Әдібаев, Ш.Уәлиханов, Д.Неталиева, Н. Халикова секілді
әдебиеттанушылардың еңбектерінде (34) бұл жанр арнайы зерттеу объектісі
ретінде қарастырылып, алынып отырған тақырыбына сай талданады. Мәселен,
филология ғылымдарының кандидаты Ә.Әзиевтің Қазақ повесі деген еңбегі осы
жанрдың 1914-1940 жылдар аралығындағы даму кезеңін қамтыса, А.Нағметов өз
зерттеуіне 1960-1970 жылдарда жарық көрген қазақ повестерін арқау еткен. Ал
Ш.Уәлиханов негізінен С.Мұратбеков, М.Әдібаев М.Әуезов, Д.Неталиева
Д.Исабеков повестеріне тоқталса, Н.Халикова қазіргі қазақ прозасындағы
кейіпкерлерді даралау, Г.Ержанова 1970-1980 жылдары жарық көрген қазақ
повестеріндегі психологизм мәселелерін сөз етеді. Біз бұдан күні бүгінге
дейін қазақ повесінің генезисінен, яғни шығу тегінен бастап бүгінгі ХХІ
ғасырға дейінгі жүз жылдық даму жолын тұтастай алып, жан-жақты зерттеген
еңбектің жоқ екенін көреміз.